Akikat.kz - рухани танымдық, ғылыми портал

http://akikat.kz

Басты бет > Мақалалар > Өмірбаян > Имам Матуриди

Имам Матуриди

2015-10-05 2649

“Ханафи” мектебінде ер жетіп білім алған, оны терең меңгеріп ары қарай дамытқан имам Матуриди рахимаһулла, “Аһлу сунна уа жамағаттың” көрнекті екі имамының бірі болған. Ол тарихта әртүрлі дін, сенім және әрқилы идиологиялармен қоса, сан алуан мәдениеттердің бесігі болған Мауаранннаһр аймағында өмір сүрген. Оның өмір сүрген кезеңі;

Ислам әлемінде тыңнан ашылған жаңалықтармен түрлі дамулардың кең етек алған уақыты болатын. Әртүрлі діндегі, сенімдегі, философиядағы және саясаттағы түсінігі бар адамдардың бірінен соң бірі шығумен, діндер мен ағымдар арасында сыйластық деңгей бұзылып пікір таластар кең етек алған шақ еді. Ислам дінінің негіздеріне іштен және сырттан шабуылдар көбейе бастаған қиын қыстау болатын.

 

Осындай қым-қуыт дүлей заманда ержеткен имам Матуриди ауызша және қолға алған еңбектерімен Ислам сеніміне қарсы шыққан діндермен философия жетегінде кеткен ағымдардың қөзқарас және пікірлерін зерттеп саналы түрде жауаптар қайтарған. Сондай ақ, Ислам дінінің негіздерін дұрыс түсінуге жетелейтін жүйелер қойып олардың кең таралуына үлкен үлес қосқан.

 

Сондай ақ, имам Матуриди өз заманының орта жолда болған имамы. Бұны айтудағы себебіміз: имам Матуриди ақылға негізделген тіпті нақылды [Құран мен сүннет] кейінге қойып, “Дінді ақылмен түсінеміз, ақылға қайшы келген нақылды жорамалдаймыз” – дейтін Муғтазила ағымымен, “Тек нақылды негізге аламыз, дінді түсінуге ақылдың не керегі бар”- деген Салафия ағымының ортасын ұстаған.

Бұл мақаламызда имам Матуридидың өмірі қысқаша баяндалып қалдырған еңбектерін таныстыру көзделеді.

 

Дүниеге келуі: Көптеген тарих кітаптарында имам Матуридидың Самарқанд қаласында 945 ж. дүниеден өткені айтылады. Алайда қай жылы дүниеге келгеніне нақты дерек жоқ[1]. Дегенмен, тариқшылар имам Матуридидың ұстаздарының өмір сүрген уақытына қарай отырып: “Алғашқы ұстаздарының бірі Нусайр ибн Ияхиа әл-Балхи 882 ж. дүниеден өткен. Ал имам Матуриди шамамен 20 жасында білім алған болса, 863 ж. дүниеге келген” – деген болжам айтуда.

 

Кіндік қаны тамған жері: Имам “Матуриди” деген атпен танымал. “Матуриди” қазіргі Өзбекстан мемлекетінің Самарқанд қаласының “Матурид” деген ауылы. Сондй ақ, Имам Матуриди Самарқанд қаласына тиесілі делініп “Самарқанди” деп те аталады.

Имам Матуридидың шәкірттері оны түрлі лақаптармен атаған: “Имаму Һуда” [Һидаят имамы], “Аламу Һуда” [Һидаят шырағы], “Имаму Мутакаллимин” [Ақида саласының ұлы имамы], “Мусаххиху Ақайд муслимин” [Мұсылмандардың ақидасына енген қателерді түзетуші][2] т.б.  

Тегі: Имам Матуридидың тегі тұрғысында екі түрлі  көзқарас бар:

1. Толық аты-жөні: Мухаммад ибн Мухаммад ибн Махмуд әл-Ансари, Матуриди, Самарқанди. Куниясы[3]: Абу Мансур.

Бұл көзқарас бойынша имам Матуридидың түпкі атасы, Абу Аюб Халид ибн Зайд әл-Ансариға барып тоқтайды. Абу Аюб әл-Ансари р.а. Пайғамбарымыз саллалаһу алейһи уа сәлләм Мадинаға хижрет етіп барғанда алғаш үйіне түскен сахаба[4].

 

2. Түрік ғалымы Бекир Топалоглы[5] өз зерттеулерінде: “Имам Матуридидың түбі түрік болған. Ал есімінің артына қосылып жазылған “әл-Ансари” сөзі, Матуридидың “Китабу таухид” атты еңбегінің бір бұрышына белгісіз біреу тарапынан жазылған сөз. Бұл сөзге негізделу нақты дерекке жатпайды. “әл-Ансари” [көмектесуші] сөзі “Ақида” саласында “Аһли сунна уа жамағатқа” аянбай қызмет еткені үшін берілген атақ”[6] - деуде.

 

Өскен ортасы: Аббаси халифалығының шығысы болған Мауараннаһр төңірегі шариғат ілімдеріне қоса сан-алуан ілімдердің ошағы болған. Сондай ақ, ағымдардың да шоғырланған аймағы еді. Ескі пәлсапаның әсерінен шыға алмаған баз бір адамдар әрқилы пікірлерімен танылып, араларында сансыз пікірталастар орын алатын. Осындай ортада ер жетіп өскен имам Матуриди сол заманның әдеттері бойынша тәлім жолын жастайынан Құран жаттаумен бастаған. Өсе келе қоршаған ортасында болып жатқан “Муғтазила”, “Шиға” т.б. ағымдардың алып қашпа пікірлерімен танысты. Бұл ағымдармен көптеген сөз-таластарға түсіп, соларға қарсы кітаптар жазады. Аталмыш ағымдар Мауараннаһр төңірегіне қарағанда Бағдат қаласында едәуір ықпалды  болатын. Себебі “Муғтазила” ағымы өз ошағын Бағдатқа құрған. Сол себепті Абу Мансур Матуридидың бірнеше рет Бағдатқа барып-қайтқаны да деректерде айтылады[7].

 

Ұстаздары: Имам Матуридидың ұстаздары “Ханафи” мектебінде ер жеткен тұлғалар болатын. Яғни, Абу Ханифа және Абу Юсуфпен Мухаммадтан тікелей тәлім алған немесе олардың шәкірттерінен білім алған кісілер. Олар: Абу Бакр Ахмад ибн Исхақ әл-Жузжани. Имам Матуридидың ұстазы Абу Бакр Жузжани ілімде озық болған кісі. Еңбектері: “Фуруқ”, “Тамиз”, “Тауба”. Абу Бакр Жузжанидың ұстазы Абу Сулайман Жузжани Имам Абу Юсуфпен Мухаммадтан тікелей дәріс алған кісі.

Абу Наср Ахмад ибн Иади. Самарқанд қаласының фақиһы, ілімде және тақуалықта биікте болған кісі. Заманының адасқан топтарымен көп күрескен, сондай ақ, артында имам Матуриди сияқты қырық шақты озық шәкірт қалдырған ұлы тұлға[8].

Мухаммад ибн Муқатил Рази. Рей қаласының қазысы, Абу Ханифаның шәкірті Абу Муқатил Хафс Самарқандиден тікелеу сабақ алған ғалым кісі[9].

Нусайр ибн Ияхиа әл-Балхи. Имам Матурудидың алғашқы ұстазы болған. 882 ж. дүниеден өткен.

 

Шәкірттері: Имам Матуридиден тәлім алған тарихта аты қалған мықты шәкірттері өте көп. Солардан бірнешеуі: Исхақ ибн Мухаммад ибн Исмайл ибн Ибраһим ибн Зайд, Қады Хакім Самарқанди. Қады Хакім Самарқанди болса ұзақ уақыт Самарқад қаласының қазысы болған. Хикметке толы насихаттар көп айтатын болғандықтан “Хакім” деген лақап ат берілген. 952 ж. дүние салған.

Абу Абдурахман ибн Аби Лайс Бухари. Исхақ ибн Мухаммад, бұл кісі Қады Хакім Самарқандидың досы болған.

Абу Ахмад Иади X ғасырдың басында өмір сүрген. Сол ғасырдың ең танымал болған “Дару жузжание” деген мектепте имам Матуридиден Ақида, Фиқһ және  мазхабтар тарихы жөнінде тәлім алған. Имаи Иади имам Матурудидың ұстазы Абу Наср Ахмад ибн Иадидың ұлы.

Абдукарим ибн Муса ибн Иса Абу Мухаммад Фақиһ Баздауи Насафи. “Усулу дин” кітабының авторы Мухаммад ибн Мухаммад ибн Хусейн Абдукарим Баздауидың атасы[10].

 

Білімдегі орны: Имам Матуридидің ғылымдағы үлкен орнын білдіретін ғалымдардың пікірлері өте көп. Жоғарыда айтып өткен имам Матуридидың лақап есімдеріде осыны меңзейді. [Имаму һуда, Имаму мутакаллимин т.б.] Солардан бірнешеуін айтар болсақ:

Имам Тафтазани: “Аһлу сунна ғалымдарының Ақидада ұстанатын екі жолы бар. Ирак, Шам (Дамаск) және Хорасан аймағында; Имам Абу Хасан әл-Ашғари  жолын негізге алған Ашғари мазхабы. Ал Мауараннаһр төңірегінде “Имаму Һуда” деген атпен танылған  Абу Мансур Матуридидың жолындағы Матуридия мазхабы”[11] - деген.

 

Имам Кафауи бір сөзінде: “Имам Матуриди, “Кәләм ілімінің” имамы, мұсылмандардың ақидасына енген қателерді түзетуші. Оған Алла Тағала тура жолда қызмет етуді нәсіп еткен, құнды еңбектердің авторы, сондай ақ, адасқан ағымдардың керітартпа пікірлерін жоққа шығарушы ғалым”[12] – дейді.

 

“Мифтаху сағада” атты еңбекте: “Аһлу сунна уа жамағаттың “Ақида” саласындағы имамдары екеу: біріншсі Ханафи мазһабын ұстанған Абу Мансур Матуриди, Имаму һуда... екіншісі Шафиғи мазхабын ұстанған Абу Хасан әл-Ашғари Басри”[13] – делінген.

Имам Забиди “Ихья улүмуд-динге”[14] жазған шархында имам Матуриди тұрғысында мына сөздерді айтқан: “Дінде үлкен орны бар.  Сондай ақ, Ақида саласындағы еңбегі ерекше. Муғтазила және сол сияқты адасқан ағымдардың жасырған жаман ойларын әшкере еткен ғалым”[15].

 

Имам Абу Муъин Насафи өзінің “Табсира” атты еңбегінде мына сөздерді келтіре кеткен: “Имам Матуруди тек “Ақида” саласын емес, көптеген пәндерді жан-жақты меңгерген кісі болатын. Сондай ақ, ұстазы  Абу Наср Иади Ол келмей сабағын бастамайтын. Оны көргендер таңқалғанынан мына аятты еріксіз оқитын;[16]Раббың қалағанын жаратады және (құлдары үшін қалаған жолды) таңдайды”[17]- деген.

 

Қалдырған еңбектері және олардың артықшылықтары: Имам Матуридидың соңына қалдырған еңбектерін немесе Имам Матурудиге телінген кітаптарды үш топқа бөліп қарастыруға болады.

I. Ақида және мазхабтар тарихы.

II. Тәпсір және Құран ілімі.

III. Усулу фиқһ.

 

IАқида және мазхабтар тарихы

1. “Китабу таухид”. Бұл кітап имам Матурудидың “Ақида” салсында қалдырған құнды дүниесі болып саналады. Бұл шығарма “Матуриди ақидасын” ұстанатын немесе “Матуриди мазхабының” негізгі кітабы. Имам Матуруди “Китабу таухидты” Абу Ханифаның “Ақида” іліміне байланысты артта қалдырған еңбектерін негізге ала отырып жазған. Сондай ақ, кітапта түрлі ағымдардың қате пікірлеріне жауаптар берген арнайы бөлім бар. Кітаптың толық аты: “Китабу таухид уа исбату сифат”.

Аталмыш еңбек Фатһулла Хулайф тарапынан өңделіп бірнеше рет басылып шықты. 1970 ж. Бейрутта, 1972 ж. Ыстамбулда, 1982 ж. қайта Бейрутта, ең соңғы рет Каир қаласының “Жамиятул мысрия” баспасында жарық көрді.

Қазіргі таңда “Китабу таухидтың” жалғыз қолжазба нұсқасы [3651] нөмірімен Кембридж университетінің кітапханасында сақтаулы[18].

 

2. “Китабу мақалат”. М. Абу Заһра бұл кітаптың толық атын: “Китабу мақалат фи калам”[19] – деп берген. Кітаптың мазмұны, түрлі ағымдарға жауаб ретінде жазылған мақалалар жиынтығынан тұрады.

3. “Китабу усул” [Усулу дин]. Ақида кітабы. Толық аты “Китабу усул фи усули дин”[20] – деп те айтылады. Берлин кітапханасында түп нұсқасы сақтаулы деген дерек бар[21].

4. “Радд ала усул Қарамита”. “Қарамита” ағымына жауап ретінде жазылған кітап.

5. “Радду усули хамса ли Абу Мухаммад әл-Баһили”.

6. “Радду тахзиби жадал ли Каъби”.

7. “Раддау китаби имама ли баъд Рауафид”.

8. “Баян уаһми Муғтазила”.

9. “Радду уаъид фуссақ ли Каъби”.

10. “Радду ауайл адилла ли Каъби”[22].

 

II. Тәпсір және Құран ілімі

1. “Тауилату аһли сунна”. “Китабу тауилат” деген атпенде танылады[23]. “Тауилату аһли сунна” Құран Кәрімге толықтай жазылған тәпсір кітап. Имам Матуриуди бұл еңбекті Ақида, Усулу фиқһ және Фиқһ негізде жазған. Сондай ақ, реті келгенде фиқһ саласында имам Шафиғиге келіспейтін жерлерін кеңірек баяндаған[24]. Еңбекті профессор Ибраһим Иуадайн мен Сайд Иуадайн өңдеп Каир қаласында 1000 ж. жарық көрді. Соңғы рет профессор Мужди Басаллум тарапынан қайта өңделіп Бейрут қаласында “Кутубу илмия” баспасы 2005 ж. басылып шықты.

2. “Рисала фи ма ла иажузу уақфу алйһи фи Құран”. Жалғыз параққа жазылған жазба. Мазмұны: “Бисмилламен” басталып имам Матурудидың жазғанына байланысты бір екі сөзден кейін, Құран Кәрімде әдейі тоқтауға болмайтын 52 жерді айтып, сондай ақ, тоқтағандардың үкімін баяндайтын рисала [хат][25].

 

III. Усулу фиқһ (фиқһ әдіснамасы)

Тарихшылар имам Матуридиге тағы екі “Усулу фиқһ” кітабын тиесілі деп қарайды.

1. “Китабу жадал”.

2. “Мә’хазу шариға”[26]. “Усулу фиқһ” кітабы. Бұл кітап бүгінгі күнге дейін жетпеген, алайда Ханафи мазхабының “Усул” ғалымдары бұл кітаптан пайдаланғандарын өз еңбектерінде айта кеткен[27].

Жоғарыда аталып өткен еңбектердің біздерге екеуі ғана жеткен. Олар: “Китабу таухид” және “Тауилату аһли сунна”. Бұл қолымыздағы еңбектерден имам Матуридидың терең әрі жан-жақты ілімін байқай аламыз.

Дүниеден өтуі: Имам Матуриди 944[28] ж. немесе 948[29] ж. жылы жүниеден өткен деген екіұшты пікір бар. Алайда жоғарыда айтқанымыздай, имам Матуриди көптеген тарихшылырдың зерттеуі бойынша 945 ж. қазіргі Өзбекстан мемлекетінің Самарқанд қаласында дүниеден өткен. Сүйегі сонда жерленген[30]. Қазіргі таңда басында күмбезделіп қойылған кесенесі бар.

Қорытынды: Мазхабымызда имам ағзам Абу Ханифаның қойған жүйесін білу қандай маңызды болса, имам Матуридидің “Ақида” саласында негізге алған қағидаларын білу де соншалықты маңызды. Қателіктерге ұрынбай орта жолды ұстануда оның айтқандары әр мұсылманға айна болып саналады.

www.akikat.kz

 


[1] Көптеген үлкен ғалымдардың дүниеге келгені жайлы нақты деректердің болмауы: Қандайда бір ғалым дүниеге келген уақытта ғалым болып туылмай кейіннен әуелі Алла, сосын өз еңбегімен сол дәрежеге қол жеткізгендіктен тарихшылар жазбаған, жазбақ түгіл ондай адамның дүниеге келгенінен бейхабар болған.

[2] «әл-Жауаһир мудия» Абу Уафа әл-Қураши. 2 том. 130-131 бет. «Тажу таражим» Қутлубуға. 59 бет. «Итхафу сада» Забиди. 2 том. 5 бет. «Фауайд баһия» Лакнауи. 195 бет.

[3] Есім және лақаптан басқа ат қою. Арабтарда кең таралған, мыс: Абу Хасан, Абу Юсуф т.б.

[4] «әл-Ансаб»  Самъани. 498 бет . Хайдарабад 1962. «Итхафу сада» Мухаммад ибн Мухаммад Забиди.

[5] Профессор, доктор Бекир Топалоглы имам Матурудидың «Китабу таухид» кітабын түрік тіліне аударған кісі.

[6] Толығырақ қараңыз! Имам Матурудидың «Китабу таухид» аудармасы. Бекир Топалоглы. 19 бет. «Исам» баспасы 2002.

[7] “Мухадарату тарихил-улама әл-исламия” Мухаммад әл-Худари. 311 бет. “Тариху мазахиб исламия” Абу Заһра. 164 бет.

[8] “Жауаһир мудия фи Табақат ханафия” Ибн Аби Уафа Қураши Ханафи. 1 том. 177 бет.

[9] “Тауилат аһли сунна” кіріспесі. 1 том. 81-82 бет.  “Кутуб илмия” баспасы, Бейрут.

[10] “Тауилат аһли сунна” кіріспесі. 1 том. 84 бет.  “Кутуб илмия” баспасы, Бейрут. “Китаб таухид” кіріспесі. өңдеген Фатхулла Хулайф. 6 бет. “Жамиъат мысрия” баспасы. Александрия.

[11] “Раудату баһия”. Жамалуддин Макки, Зайнуддин Жабаъи. 403 бет. “Харидату баһия”Имам Дардир. 102 бет.

[12] “Тауилат аһли сунна” кіріспесі. 1 том. 92 бет.  “Кутуб илмия” баспасы, Бейрут.

[13] “Мифтаху сағада” Таш Кубра Задаһ. 2 том. 151 бет.

[14] “Ихия улумуд-дин” Имам Абу Хамид Ғаззалидің бірнеше томдық құнды еңбегі.

[15] “Итхафу сдати муттақин” Забиди. 2 том. 5 бет.

[16] “Тапстрату адилла” имам Насафи. 392 бет.

[17]  “Қасас сүресі” 68 - аят.

[18] Имам Матурудидың «Китабу таухид» аудармасы. Бекир Топалоглы. 26 бет. «Исам» баспасы 2002.

[19] “Мазахибу исламия” Абу Заһра. 291 бет.

[20] “Мазахибу исламия” Абу Заһра. 291 бет.

[21] Имам Матурудидың «Китабу таухид» аудармасы. Бекир Топалоглы. 27 бет. «Исам» баспасы 2002.

[22] «Китабу таухид» өңдеген Фатхулла Хулайф. 15 бет. “Жамиъат мысрия” баспасы. Александрия. Имам Матурудидың «Китабу таухид» аудармасы. Бекир Топалоглы. 29 бет. «Исам» баспасы 2002.

[23] “Кашфу зунун” Хажи Халифа. 2 том. 335 бет.

[24] «Китабу таухид» өңдеген Фатхулла Хулайф. 15 бет. “Жамиъат мысрия” баспасы. Александрия. Имам Матурудидың «Китабу таухид» аудармасы. Бекир Топалоглы. 31 бет. «Исам» баспасы 2002.

[25] Имам Матурудидың «Китабу таухид» аудармасы. Бекир Топалоглы. 30 бет. «Исам» баспасы 2002.

[26] Имам Насафи “Табсира” атты еңбегінде кітапты осы есіммен атаған.

[27] «Китабу таухид» өңдеген Фатхулла Хулайф. 15 бет. “Жамиъат мысрия” баспасы. Александрия. Имам Матурудидың «Китабу таухид» аудармасы. Бекир Топалоглы. 30 бет. «Исам» баспасы 2002.

[28] “Кашфу зунун” Хажи Халифа. 2 том. 406 бет.

[29] “Жауаһир мудия фи Табақат ханафия” Ибн Аби Уафа Қураши Ханафи. 22 бет.

[30] «Диуан ислам» Мухаммад Абдурахман Шауддин Абу Маъали. 3 том. 173 бет. «Тажу таражм» Ибн Қутлубуға 250 бет.



Оқи отырыңыз