Akikat.kz - рухани танымдық, ғылыми портал

http://akikat.kz

Басты бет > Мақалалар > Адам және ғалам > Мегаломания – ұлықтық маниясы

Мегаломания – ұлықтық маниясы

2015-10-05 2540

Мегаломания – қоғамдағы мәселелерді шешілмес қылған психологиялық проблемалардың бірі. Өзін өз дәрежесінен жоғары санау деген мағынаны білдіретін мегаломания – нарциссизмде (өзін-өзі жақсы көру, өз мүддесін басқалардан жоғары қоюмен сипатталатын мінез-құлық ерекшелігі) көрінетін бір сипат.

 

Бұл сипатпен ерекшеленетін адамдар өзін қатты ұнатып, басқалардан жоғары санайды. Өзгелердің ой-пікірлерімен санасқысы келмейді. Кісілік келбетіне жасалған сын мен түзетулерді көтере алмайды. Міне осылайша асыра сілтеушілікке барып ұрынады. Өзін адамдардың бәрінен артық көріп, үлкен істер атқара алатындай маңғазданып жүреді. Бұлар әрдайым тәкәппар келеді, белгіленген ережелер мен заңдарға бағынбайды. Сол секілді үстемдігін, тәкәппарлығын басқалар да мойындап, қабылдауға тиіс деп есептейді. Ойы  қабылданбаған жағдайда салы суға кетіп, депрессияға ұшырап күйзеледі. Қасындағылардан үнемі өзін қошеметтеп, қолпаштауды күтеді. Осылайша  менмендікке салынып, дүниедегі барлық нәрсе менің игілігім үшін жаратылған деп ойлайды.

 

Нарцисстік сипаттар адам өмірінің әр кезеңінде жағымсыз бір қасиет ретінде қарауымызға бола бермейді. Айталық, менмендік адамның сәби шағында әдеттегі бір қажетті қасиет ретінде қарастырылады. Сәбидің қалаулары кедергісіз орындалуы үшін бұл ерекшелік керек. Мысалы: қарны ашқанда емшек сұрау немесе астын бүлдіргенде мазасызданып жылау арқылы анасының назарын өзіне аударады.

 

Ал есейген шақтағы менмендік және бұның аясында дамыған мегаломания, өзін төмен санаудың нәтижесінде пайда болады. Сонымен қатар, ішкі қозғаушы сезімдердің дұрыс іске аспауынан туындайды. Өзін төмен санау үстемдік сезімдерімен орын алмастырудың адам табиғатына үлкен әсері бар. Бұлардың бір бөлігін жастайынан айналасындағылардан теперіш көріп өскендер құрайды. Кемсіту мен езгіде өскен жандар кейін өзін аса ардақты санай бастайды. Мысалы: «мен енді елеусіз бір пенде емеспін, керсінше, бәрінен маңыздымын» деген қиял туады. Осы жерде мынаны да айта кетсек артық болмас: егер адамның ішкі сезімдері, психикасы қате жұмыс жасап, ол адамға «мен»  ұғымының дұрыс пайдалану тәсілі үйретілмесе нарциссизмнің пайда болуы сөзсіз. «Мен» деген ұғымды дұрыс қолдану – адамның өзі туралы дұрыс тұжырым жасауы. Яғни өзінің әлсіз, кіріптарлыққа толы мұқтаждығына қарап әлсіздік пен кемшіліктен ада Құдіреттіні іздеп, табуға тиіс. Өнбойындағы сұлулыққа қарап, осы көркемдікті берген Көркемдердің Көркемін табуға тырысу.

 

Енді бұл мәселеде дініміз не дейді екен, соған бір назар аударып көрелік. Діни кітаптарда «әнә» сөзі көп кездеседі. Бұның мағынасы «мен» және «өзім» дегенді білдіреді. Егер бұл «мен» ұғымын дұрыс қолдана білсек Жаратушыны танытатын кілтке айналады. Адам бұл ұғымды түсінуі үшін алдымен өзінің шынайы болмысын тануы керек. Мүмкіндіктерінің шектеулі әрі әлсіз екенін біле отырып, кемшіліктеріне көз жеткізіп, кез-келген уақытта өмірден өтуі мүмкін тіршілік иесі екенін мойындау қажет. Одан кейін ғана шексіз, аса құдіретті, мәңгі біреуді, яғни Жаратушыны іздей бастау. Осы кезде ғана «мен» ұғымы Жаратушыны танып, Оны түсінуге апаратын жол бастаушыға айналады. Әйтпесе «мен» ұғымы менмендікке итермелеп, тәкәппарлықпен өзгелерге мұрынын шүйіре қарататын жағымсыз құралға және өзін жұтып кететін иірімге айналады.

 

Нарциссизм және оның бір бөлігін құрайтын өзін жоғары санау комплексі қандай проблемаларға соқтыруы мүмкін? Ең алдымен адамның психикасын бұзады. Тіршілік ағысының теріс кетуі немесе қалауына қайшы келуі оған кері әсерін тигізіп, сағы сынады. Мысалы: жастың ұлғайуынан пайда болған адамның физикалық бітімінің өзгеріске ұшырауы, яғни, қозғалысының ауыр тартып, зейінінің әлсіреуі аталмыш жандарды депрессияға ұшыратады. Сын-пікірлерді көтере алмауымен қоймай, жай ғана ескертулерге де өкпесі қара қазандай болады. Бұндай адамдар тартымсыз және жалғыздықтың табалдырығын аттағалы тұрған сормаңдайлар.

 

Өзін жоғары санау сезімі адамның дүниемен үйлесімін бұзып, көптеген әлеуметтік проблемаларды тудырады. Осы сезімнің шырмауындағы пенделер «бәрін білемін», «шешілмес түйінді шешемін», «бәрінен жоғары менмін» деген қате түсініктерімен қоғамдағы адамдармен қарым-қатынасыда келеңсіздіктерге ұшырап, қауіпті әрекеттерге баруы мүмкін. Тарих бұған куә. Гитлер ұлтшылдық ұғымын тудырып милиондаған адамның өліміне себеп болған. Оның үстемдік сезімі басқалардың қанын төгуге алып барды. Әр дәуірден нарцисстік үстемдікке беріліп адамдарды қанға бөктірген пенделерді көруге болады. Перғауындар, Намрұттар, Нацисттер т.б толып жатыр. 

 

Нарцисс кісілермен қарым-қатынас жасағанда өте абай болуымыз керек. Оларды асыра мақтауға, алдарында кішіпейлдік танытып, төменшіктей беруге болмайды. Әйтпесе олардың қате пікірлері мен жағымсыз қылықтарын одан әрі күшейте түсеміз. Керісінше оның іс-әрекетін қолдамағанымызды қалайда сездіруге тиіспіз. Бірақ бұл әрекетке барарда сынап-мінеуден аулақ болған жөн, әйтпесе оларды өзімізден қашырып алуымыз мүмкін.

 

Өзін ардақты санау сезімі тек менменшіл кісілерге ғана тән бе, әлде басқа жандардан да табыла ма? Әлбетте әр адамда өзін ардақты санау сезімі болады. Бірақ бұл сезім дұрыс қанағаттандырылып, тура қолданылуы шарт. Дінімізде адамның шынайы бағасы қандай және ол бағаны кім беретіндігі нақты айтылған. «Алланың алдындағы ең ардақтыларың – ең тақуаларың» (Алладан қорқып, харамдардан тыйылғандарың)[1] делінеді, әрбір пенде адамдар алдында емес Алланың назарында ардақты болуға тырысуы керек. Бұл мәселеде ең жақсы мысалдарды пайғамбарлардың өмірінен көруге болады. Олар адамдар тарапынан жапа шеккен, қорланған, азапталған. Сонда да олар Алла разылығы үшін тірлік етіп, адамдардың ең ардақтыларына айналды. Алланың абзал көргендерін төмендету ешкімнің қолынан келмейді және келмеген.

 

Әр адамда жеткен жетістіктері және қолындағы дүние мүлкімен масаттанатын сезімдер болады. Адамның бойындағы бұл сезім оның табысқа жетуіне түрткі күш болып саналады. Алайда адам тереңірек ойланса қолындағының шынайы иесі емес екенін түсінеді. Біріншіден, болмыс бітімінде өз қолтаңбасы жоқ. Денедегі құбылыстарға сөзі өтпейді. Бойын, түсін, көзін, генін өзі бекітпеген. Сол секілді ақыл және қабілет потенциалын тағайындау оның құзырында емес. Бұлар адамға аманат ретінде қолдануға берілген. Белгілі уақыттан кейін одан қайтадан алынады. Пенде ие болған жақсы нәрселердің бәрін өзінікі емес Жаратушыдан келген силық екенін білу керек. Игілігіне жарату үшін уақытша қолданып жүргенін сезінуі тиіс. Әйтпесе, аталмыш сыйлықтарды иеленіп, бұлардың бәрі өз бойынан туындап жатыр деген қате түсінікке ұрынады. Осылайша үстемдік комплексіне көңілінің бір түпкірінен орын дайындай бастайды. Осындай қадамға бармау үшін бұл нығметтерді берген Жаратушыға шүкіршілік ету дінімізде көп айтылған.

 

Кез-келген  адамда үстемдік сезімі қылаң көрсетіп қалуы мүмкін. Бұны білетін жаратушымыз Алла: «Жер бетінде кердеңдеп жүрме! Сен қанша тәкәппарлансаң да жерді тесіп, таулармен бой теңестіре алмайсың. Бұлар Раббыңның алдында жағымсыз жат қылықтар болып табылады»[2] аяттары арқылы ескерту жасап, ықыласпен ой жүгіртуге шақырады. Бұл әлемде материялдық тұрғыдан адамның құны аса маңызды емес. Адамға берілген білім теңізінің бір тамшысын да құрай алмайды. Дене бітімі жағынан қарасақ құс екеш құс секілді ұша алмайды, жылдамдығына қарасақ қабланға да жете алмайды. Қажеттіліктері шексіз, біреудің қолдап қорғауына мұқтаж әлсіз тіршілік иесі. Бұған қарамастан бүкіл жаратылыс оған қызмет етеді, баспана болып, бағып қағады. Шарасыз қалғанда дұғаларына жауап беріліп, ойламаған жерден жарылқау табады. Пендеге қалғаны тек иелігіне берілген нығметтердің шынайы иесін танып, бұйырған нәсіпті дұрыс пайдалану. Өзіне берілген әр нәрсенің есебін беретінін сезінуі керек. «Сол күні міндетті түрде нығметтерден сұраласыңдар»[3] аятын еш  уақытта ұмытпауға тиіспіз.

 

Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) үстемдік пен тәкәппарлықтан қашық болған. Бұған байланысты көптеген мысалдар келтіруге болады.  Бір күні біреу Пайғамбарымызға (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) келіп, алдына жақындағанда айбынынан именіп дірілдей бастайды. Сүйікті Елшіміз (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) оған «Қорықпа, Мен патша емеспін, жай ғана Құрайш тайпасынан шыққан, қақталған ет жеп өскен бір ананың баласымын»[4]- деп жұбату айтқан. Тағы бірде «уа Алла Елшісі, сіз отырыңыз, біз бәрін жасаймыз»-деген сахабаларына «Егер қаласам, бар жағдайымды  жасайтындарыңды білемін, бірақ мен сендерден ерекшеленгім келмейді. Себебі Алла өз құлының сахабалардан ерекшеленгенін қаламайды»[5]- деген еді. Осылайша, Пайғамбарымыз үстемдік, тәкәппарлық, өзін жоғары санау сынды сезімдердің дұрыс емес екендігін өз өмір жолында бізге көрсеткен. Онсызда Алла Елшісі (саллаһу алайһи уә сәлләм) Жаратушысынан «Құл Пайғамбар» болуды қалаған болатын.

 

Бұл мәселенің бала тәрбиесіне байланысты жақтарын қарастырып көрелік. Мінез-құлық пен тұлғалық жетілу кезеңінде діни құндылықтарымыздың әсері мол. Ислами тәрбиедегі түсінік бойынша бала ата-анаға берілген аманат. Оны ең жақсы тәрбиемен жетілдіруге міндетті. Дініміз шектен шықпауды үйретеді. Сонымен қатар кішісініп келемеждеуге немесе асыра мақтауға, қалағанының бәрін орындауға, шектен тыс еркелетуге болмайды. Балаға Алланың қалауы үйретіліп, баланың еркеліктері мен талап-тілектері қадағаланып, салмақты жүріс-тұрыс насихатталу керек. Әсіресе баланың алдына қолы жетпейтін немесе ғибадатқа қайшы мақсаттар қойып, үстемдік, менмендік секілді сезімдерін оятпау керек. Осылайша жастайынан мінезі мен кісілік тұлғасын дұрыс қалыптастыратын орта құру абзал. Ораза тұту – нәпсі қалауларын жүгендеп, менмендіктің төбесіне әңгір таяқ орнатын, тұлға болып жетілуін бір жүйеге салатын құлшылықтың түрі екенін естен шығармайық. Ораза ұстау арқылы тәкәппарлық пен үстемдік сезімдер басылу мүмкін.

 

Қорытындылай келе, балаларға жастайынан дұрыстап көңіл бөлу, өзін бағалау сезімін дұрыс қолға алып, бұл мәселеде дұрыс ойлауды үйрету, ағылған нығметтердің арасында шолжаңдап кетпеу үшін оны берген Алланы еске алу, өзін басқалардан үстем санауға қарсы Пайғамбарымыздың өмірінен үлгі алып, бойын түзеу, ораза ғибадатын насихаттау, нарциссизм мен мегаломанияның алдын алу және осындай әлсіздіктері болған адамдарды тәрбиелеу – дініміз мән берген мәселелердің бірі.

 www.akikat.kz

 


[1] Хұжырат сүресі 13

[2] Исра  38

[3] Тәкәсүр сүресі 8

[4] Ибн Мәжә

[5] Ахмад ибн Мұхаммед Қасталани, әл-Мәуәһиб әл-Ләдуния



Оқи отырыңыз