Akikat.kz - рухани танымдық, ғылыми портал

http://akikat.kz

Басты бет > Мақалалар > Өмірбаян > Абу Ханифаның озық шәкірттері

Абу Ханифаның озық шәкірттері

2015-09-25 2210

Имам Ағзам Абу Ханифаның көрнекті шәкірті, Ханафи мазһабының үлкен мужтаһид ғалымы Абу Юсуф Яаъқуб ибн Ибраһим рахимаһулла 731 ж. Куфа қаласында дүниеге келген. Халық арасында Абу Юсуф деген куниясымен[1] танылған. Толық аты-жөні; Имам  Аби Юусуф Қады Яаъқуб ибн Ибраһим ибн Хабиб ибн Хунайс ибн Саъд ибн Бухайр ибн Муғауия әл-Ансари[2]. Абу Юсуфтың шығу тегі араб. Олай дейтініміз оның арғы атасы сахаба Саъд ибн Бухайрға барып тіреледі. Саъд ибн Бухайр “Ұхыд” соғысына қатысу үшін Пйғамбарымыздан саллалаһу алейһи уа сәлләм рұқсат сұрағанда, жас болғандықтан соғысқа қатыстырмаған, бірақ, “Хандақ” шайқасына қатысқан сахаба екені айтылады[3].

 

Дүниеге келуі: Абу Юсуф 731 жылы Куфа қаласында дүниеге келген. Білімге құштар бала жас кезінен оқуға ден қояды. Алайда,  есейген шағында тұрмыстың қажеттілігімен жұмысқа көбірек жегіледі. Осылайша ілімнен алыстап сырт қала жаздағанын былай деп түсіндіреді: “Кедей отбасында туып өссем де, ұстаз Абу Ханифаның дәрісіне жиі барып, хадис және фиқһ сабағын алып жүретінмін. Бір күні шәкірттермен бірге отырғанымда әкем келіп: “Балам Абу Ханифаның қасында отыра беріп уақытыңды өткізесің бе? Ол бізге қарағанда бақуатты, ал сен жұмыс істеп ақша табуың керек”, – деді. Мен әкемнің айтқанын екі етпей жұмысқа мойын бұрып, сабаққа бармадым. Күндердің бірінде қайта оралғанымда ұстазым Абу Ханифа: “Балам – ау, қайда жүрсің?” – деді. Сөйтіп қолыма 100 дирһам беріп былай деді: “Сен сабақтан қалушы болма, егер мына ақша таусылса маған айт”. Содан  бастап сабақтан қалмайтын болдым”[4].

 

Ұстаздары: Абу Юсуф фиқһ саласынан ұстазы Абу Ханифадан үйренді. Абу Ханифаның алдына барғанға дейін өзге ұстаздардан да тәлім алған, олар: Ибн Аби Лайла, Һишам ибн Уруа, Яхиа ибн Саид, Аъмаш, Язид ибн Аби Зияд, Ата ибн Саиб, Убайдулла, Ибн Амр Аби Исхақ Шайбани қатарлы ғұламалар еді.[5]

 

Шәкірттері: Имам Абу Юсуф ұстазы Абу Ханифа өмірден өткеннен кейін Бағдатқа қазы болады. Ғалымның біліміне құрметпен қараған Халифа Харун Рашид Абу Юсуфқа “қазылардың қазысы” деген атақ  берген. Ол қазылық міндетімен бірге шәкірт тәрбиелеген және құнды шариғи еңбектер жазған. Абу Юсуфтың шәкірттерінен бірнешеуін айтатын болсақ: Бишр ибн Уалид, Ибн Самаъа, Яхиа ибн Мағин, Али ибн Жағд, Ахмад ибн Ханбал, Мухаммад ибн Хасан Шайбани деуге болады[6].

 

Ілімдегі дәрежесі: Ислам ғұламасы ретінде Абу Юсуф туралы сол замандағы көрнекті дін адамдарының айтқандары недәуір. Солардың бірі Мұхаммад ибн Хасан өз ойын  былай жеткізеді: “Бір күні Абу Юсуф қатты ауырып қалды. Оны естіген Абу Ханифамен бірге көңілін сұрап үйіне бардық. Абу Юсуфпен әңімелесіп біраз отырғаннан кейін, шығып бара жатып саусағымен жерді нұсқап: “Жердің бетінде  ең білімді адам”[7] – деді.

Тағы бір танымал ислам ғұламасы имам Ахмад ибн Ханбал былай деген: “Ең алғаш хадис ілімін үйрене бастағанда Абу Юсуфқа жүгіндім. Өйткені ол ұстазы Абу Ханифа және досы Мухаммадқа қарағанда хадис ғалымдарына жақын болатын”.

 

“Абу Юсуф: Имам Ағмаш бір мәселе жөнінде маған сұрақ қойды. Мен жауап беріп едім;

- Сен бұл мәселенің жауабын қайдан алдың? – деді.

- Сіздің айтқан хадисіңізден – дедім. Сол кезде ол:

- Уа Яақуб! Мен ол хадисты сенің әкең мен шешең үйленбей тұрған кезден білемін, бірақ оның мағынасын енді түсіндім”[8], – дегенді жазып қалдырыпты Бишр ибн Уалид.

 

Ахмад ибн Аммар ибн Аби Мәлік әкесінен естігенін әңгімелеп отырып: Әкем маған: “Абу Ханифаның фиқһ ілімінде Абу Юсуфтан асқан шәкірті жоқ. Егер Абу Юусуф болмағанда Абу Ханифаның да ибн Аби Ләйләнің да аты шықпайтын еді деп айтқан”, – дейді[9].

Ибн Самаъа; “Абу Юусуфтың күнделікті нәпіл намазының өзі 200 ракағаттан тұратын” – дейді[10].

 

Абу Юсуфтың ілім үйрену және үйретуге деген құштарлығы: Абу Юсуфтың шәкірті Қады Ибраһим ибн Жаррах өмірде болған бір оқиғаны былайынша баяндайды: “Ұстазым Абу Юсуф қартайған шағында сырқатқа ұшырады. Оны іздеп үйіне бардым, ес-түссіз жатыр екен. Сәлдең соң есін жиа бастады. Мені көріп:

- Бір мәселені сенен сұрайын, – деді.

- Мына қалде жатып, өзіңізді қинап қайтесіз? – дедім.

- Онда тұрған не бар, Бәлкім жауабымыздан  біреу пайдаланар – деді. Артынша сұрағын қойды.

- Қажылық кезіндегі “Жамаратта” тасты жаяу барып лақтырған абзал ма? Әлде көліктің үстінде тұрып лақтырған абзал ма? – деді.

- Көлік үстінде, – деп жауап бердім.

- Қателестің, – деді.

- Онда жаяу,

- Тағыда тура таппадың, – деді.

- Алла разылығы үшін, жауабын өзіңіз айтыңыз!

- “Жамаратта” дұға үшін кідіретін болса жаяу барғаны дұрыс, ал кідірмейтін болса, онда көліктің үстінде тұрып ақ лақтырғаны абзал – деді.

Біраз отырғаннан кейін орнымнан тұрдым. Мен есікке жетпей үй ішінен жылаған дауыс естілді. Сөйтсем ұстазым Абу Юсуф көз жұмыпты”[11].

 

Еңбектері және олардың артықшылықтары: Имам Абу Юсуф ханафи мазхабында алғаш фиқһ саласында еңбек жазған ғалым. Оның еңбектерінің бірнешеуін айтатын болсақ: Ибн Надимның айтқан: Намаз, Зекет, Ораза, Мирас мәселелерін қаузайтын фиқһ кітаптары.

 

“Ихтилаф амсар”, “Китаб радд ала Мәлік ибн Анас”, “Китаб хараж”, сондай-ақ, Яхиа ибн Халитке жазған  “Китаб жауамиъ”.

 

Аталған “Жауамиъ” 40 бабтан тұрады. Бұған қоса Ибн Надим тарапынан айтылмаған кітаптары да бар. Бұлар: “Әсар”, “Ихтилаф Аби Ханифа уа Ибн Аби Лайла”, “Радд ала саир Аузағи” болатын[12].  

 

- “Харажды”  Абу Юсуф халифа Харун Рашитке сыйлаған еңбек. Онда: Құранмен сүннетті негіз ете отырып мемлекет қаржысына байланысты түрлі мәселелер қарастырылған. Бұл ислам тарихында алғашқы экономика кітабы болып есептеледі.

 

- “Әсар” атты кітапта Абу Ханифаның риуаят еткен хадистеріне қоса сахабалардың мәселелерге берген пәтуалары, кейбір табиғиндердің пікірлері, Абу Ханифаның көзқарастары жиналған. “Әсар” фиқһ ілімі бойынша жүйеленген.

 

- “Ихтилаф Аби Ханифа уа Ибн Аби Лайла”. Абу Юсуф аталған екі ұстазының келіспейтін мәселелерін көрсеткен. Нәтижеде үлкен ұстазы Абу Ханифаның пікірінің басым екенін айтады. Кейін, бұл кітапты Мухаммад ибн Хасан Шайбани толықтырып кейбір мәселелерді өз тарапынан енгізіп өңдеп жеткізген[13].

 

Дүниеден өтуі: Абу Юсуф 798 жылы Бағдат қаласында дүниеден өтті. Пайғамбарымыздан саллалаһу алейһи уа сәлләм жеткен хадисте: “Екі түрлі адамға ғана қызғанышпен қарауға болады: Алланың берген байлығын түгесілгенше Хақ жолында жұмсаған жомартқа және Алланың бойына дарытқан даналығымен  [адамдар арасында туындаған дауларды оңтайлы шешуде] билік айтып, әрі өзгелерге үйреткен данышпанға”[14] – деген. Абу Юсуфтың өміріне қарап отырсақ, Пайғамбарымыздың саллалаһу алайһи уа сллам осы хадисте айтқанындай оның ғұмыры шынайы мұсылманға тән сипатпен өткенін көруге болады.

 

Мухаммад ибн Хасан Шайбани

Мухаммад ибн Хасан Шайбани да рахимаһулла Абу Ханифаның көрнекті шәкірттерінің бірі. Ол Фиқһ және хадис ғылымы бойынша биік дәрежеге жеткен. Ханафи мазхабының әлемге кең жайылуына оның үлесі зор. Абу Ханифа дүниеден өткенде имам Мухаммад небәрі 18 жаста ғана болған. «Ханафи мазхабын» ары қарай Абу Юсуфтан үйрену арқылы тереңдейді[15].

 

Дүниеге келуі: Мухаммад ибн Хасан 750 жылы Уасыт қаласында дүниеге келіп өмірі Куфа қаласында өтеді. Толық аты жөні Мухаммад ибн Хасан ибн Фарқад Шайбани. Әкесі Шам өлкесінің Хуруста деген жерінде туған. Кейін Ирак аумағына келеді. Умауия халифатының дәуірінде Куфаға көшіп келгені туралы деректер айтылады[16].

 

Ұстаздары: Имам Мухаммад ұстазы Абу Ханифа дүниеден өткеннен кейін, оның шәкірті Имам Абу Юсуфтан тәлім алуды жалғастырады. Сонымен қатар, Шам қаласындағы  белгілі ұстаздар имам Аузағи және Саури секілді ғалымдардан тәлім-тәрбие алады. Артынша Хижаз аймағында 3 жыл имам Мәлікке шәкірт болып, хадис және хадис білімін жетік меңгерді. Ұстазы Абу Юсуф сияқты “қазылардың қазысы” болмаса да, ілімде және әдебиетте жоғары дәрежеге жетеді. Қатарластарымен салыстырғанда имам Мұхаммедтің келбетті және ірі денелі болғаны айтылады. Бұны имам Шафиғидың екі сөзінен байқаймыз: “Мухаммад ибн Хасан келбетімен көз құмарымызды қандырғандай, іліміменде жүрегіміздің шөлін басатын”, - десе тағыда: “Мухаммад ибн Хасан әдебиетте биіктегені соншалық,  ол сөйлеп кеткенде тыңдаған адам “Құран Мухаммад ибн Хасанның тілінде түскен-ау” деп ойлап қалатын”[17] - деген.

 

Шәкірттері: Имам Мұхаммедтің білім алқасына келетін адамдардың мөлшері, ұстаздары Абу Ханифа мен Абу Юсуфтың мәжілісімен салыстырғанда әлде қайда көп болған. Ол Ирак фиқһын Абу Юсуфтан,  ал Хижаз  фиқһын имам Мәліктен, сондай ақ, Шам фиқһын имам Аузағидан ала отырып, жан-жақтылы кемелденген. Қазылық қызметін әділ атқарып тәжірибе мен үйренген білімін ұштастыруда өте көрегендік танытқан ұстаз еді. Ол шәкірттер тәрбиелеген. Таңдаулылары: Имам Шафиғи, Абу Убайд Қасым ибн Салам, Һишам ибн Убайдулла Рази, Али ибн Муслим Туси, Амр ибн Аби Амр, Яхиа ибн Муъин, Мухаммад ибн Самаъа, Яхиа ибн Салих Ухази т.б.

 

Ғұламалардың ол кісі жайлы пікірлері

Имам Шафиғи имам Мұхаммадтың білгірлігін былай баяндайды: “Мухаммад ибн Хасан берген білімнің көптігі соншалықты, жазған кітаптарымның өзі бір түйеге жүк боларлықтай еді. Кіммен сөз талқысына түссем де қарсы келгендер тоқырап қалатын, сондай кезде тек қана имам Мухаммад өзіне сенімді, қалпымен отыра беретін”. “Мұхаммедтей көрсе көз тойдырар, тыңдаса құлақ құршын қандырар ақылды адамды көрмедім” - деген[18]. Тағы бір дерек бойынша, Ахмад ибн Аби Сурайж Разидан жеткен хабарда былай дейді: “Имам Шафиғидың былай деп айтқанын естідім: Мухаммад ибн Хасанның ілімін жазамын деп қағазға кәдімгідей 60 динар жұмсадым. Сосын жазғаныма көз тоқтатып ой жүгірттім. Баяндалған әр мәселенің қасына бір хадис қойып қарап көріп едім, ешбір қайшылық байқалмады”[19] – деген.

 

Ғалым Ибраһим Хараби былай жазыпты: “Ахмад ибн Ханбалдың сөздеріне таңқалып:

- Бұл мәселнің жауабын қайдан білдің? – деп сұрадым.

- Имам Мухаммадтың кітабынан, – деп жауап берді ол”[20]десе, енді бір деректе Таһауи Ахмад, ибн Аби Имранның былай дегенін жеткізеді:

“Имам Мухаммад әр күні Құранның үштен бірін оқып отыратын”[21].

 

Хатиб Бағдади өзінің “Тарих Бағдади” атты кітабында мына оқиғаны жеткізеді: “Бір күні бір топ адамдар отырғанда халифа Харун Рашид келіп қалады. Оны көрген Мұхаммедтен басқа адамдар орындарынан тұрады. Халифа Рашид Мұхаммедтен “сен неге орныңнан тұрмадың?” – деп сұрағанда ол былай деп жауап беріпті - Өзіңіз тағайындаған дәрежеден түсіп, қызметшілердің қатарына төмендегім келмеді”[22].

 

Еңбектері және олардың артықшылықтары: Имам Мухаммадтың кітаптары ханафи мазхабының негізгі тірегі. Имам Мухаммад соңғы буынға көптеген еңбектер қалдырған. Оның ішінде өзі жазғанымен қоса, ұстаздарының пікірлерін жинастырғандары да бар. Имам Мухаммадтан жеткен кітаптарды ғалымдар екі топқа бөліп қарастырған:

I. “Заһир риуая”[23] деген есіммен танылған 6 кітап. Олар: “Мабсут”, “Зиядат”, “Жамиъу сағир”, “Сайру сағир”, “Сайру кабир”, “Жамиъу кабир”. Бұл 6 кітап имам Мухаммадтан сенімді жолдармен келген, мутауатир немесе машһур еңбектерден саналады[24]. Бұларға қоса тізбегі үзілмей жеткен мынандай кітаптары бар:

1. “Асар” – ханафи мазхабының фиқһ саласында қолданған көптеген дәлелдерді қамтитын кітап.

2. “Китаб радд ала аһли мәдина”. Оны имам Шафиғи өзінің “Умм” атты еңбегінде имам Мухаммедтен риуаят еткенін анық айтқан.

3. “Интисаф ли аһли мадина”[25].

 

II. “Кайсаният”, “Журжаният”, “Руқият”, “Зиядату зиядат”. Бұлар алашқы 6 кітап сияқты имам Мухаммадқа сенімді жолдармен жетпегендіктен “Заһир риуаяға” қосылмайды. Дейтұрғанмен, ислам ғалымдары оларды мүлдем жоққа шығармаған[26].

“Заһир риуая” Ханафи мазхабының негізгі тірегі болғандықтан қысқаша тоқталайық:

1. “Мабсут”. Бұл кітап “Асл” деген атпен де танымал. Имам Мухаммдтың ең ауқымды кітабы. Еңбек имам Абу Ханифаның берген пәтуаларын, имам Абу Юсуф пен Мухаммадтың түрлі көзқарастарын қамтиды. Сұраққа жауаптары және дәлелдері бірге көрсетіледі.

Ол ғалымдарға бірнеше жолмен жеткен: Ахмад ибн Хафс сияқты шәкірттер имам Мухамадтан тікелей риуаят еткен. Солардың ішінде Ибн Абидинның айтуынша ең сенімдісі Абу Суләйман Жузжанидың риуаяты екені қадағаланады[27].

2. “Жамиъу сағир”. Бұл кітапты имам Мухаммад екінші ұстазы Абу Юсуфтан риуаят еткен. Әр тақырып “Мухаммад Яқуптан, Яқуп Абу Ханифадан”деген сөзбен басталады. “Жамиъу сағир” “Мабсуттың” жазылуы сияқты бабтарға бөлінбеген. Абу Юсуф “Хараж” атты кітабының кіріспесінде: “Мухаммад ибн Хасан фиқһ саласында бір кітап жазды. Кітабын “Жамуъу сағир” - деп атады. Оны 40 фиқһ кітабынан іріктеп, жинақтап құрастырды. Алайда “Мабсуттағыдай” бабтарға бөлмеді. Кейінірек қазы имам Абу Заһир Даббас оқушыларға, мұғалімдерге оңай болсын деп бабтарға бөліп реттеді. Еңбекті Мухаммадтың шәкірті фақиһ ибн Абдулла ибн Махмуд ұстазынан риуаят етеді”[28].

3. “Жамиъу кабирды” имам Мухаммад екі рет жазған. Алғашқысын шәкірттері Абу Хафс әл-Кабир, Абу Сулайман Жузжани, Һишам ибн Убайдулла Рази, Мухаммад ибн Самаъа секілді ғалымдар жеткізеді. Кейін Имам Мухаммад кітапты қайта қолға алып, ондағы кейбір мазмұнды толықтырып, өңдеп, қалыпқа келтіріп, шәкірттеріне жаңасын ұсынды. Жамиъу кабирге көптеген фақиһ ғалымдары түсіндірме жазған. Олар: Ахмад ибн Мухаммад Тахауи, Абу Хасан Куфи, Абу Амр Ахмад ибн Мухаммад Табари, Абу Бакр Жассас Рази, Алауддин Мухаммад Самарқанди, Қадыхан, Бурһануддин Марғынани, Шамсул Аймма Сарахси т.б.

4. “Сайру сағир, Сайру кабир”. Бұл екі кітап соғыс кезіндегі жағдайға арналған. Соғыста түскен тұтқындар мәселесі, олжа бөлісу мәселесі т.б. ережелерді қамтиды.

5. “Зиядат”. “Заһир риуая” кітаптарының алтыншысы. Оның ішінен алғашқы 5 кітапта айтылмаған фиқһ мәселелерін кездестіруге болады[29].

Имам Мухаммадтың “Заһир риуая” атымен танылған жазбасы ханафи мазхабын ұстанушылардың фиқһ ғылымындағы неізгі тірегі. Сондықтан Ханафи ғалымдары қатты көңіл бөлген. Тіпті бұлардағы қайталанып келген мәселелерді іріктеп алып, дәлелдермен бір кітапқа жинағандар болды. Солардың ішінде Хәкім Шаһид деген атпен  танылған Абу Фадл Мухаммад ибн Мухаммад әл-Марузидың “Кәфи” атты шығармасын алға тартуға болады. “Кәфи” кітабінің өзіне ғана имам Сарахси 30 томдық түсіндірме еңбегін жазған. Оған “Мабсут” есімін берген[30].

 

Дүниеден өтуі: Имам Мухаммад халифа Рашидпен Хорасан аймағына  сапарға шыққан жолында Рей қаласында 805 жылы дүниеден өтеді[31].

 

Қорытынды:  Ислам тарихына көз жүгіртетін болсақ Құранмен хадисты түсіндіру жолында мыңдаған ғалымдардың тер төккенін көруге болады. Солардың шоғырында Абу Ханифаны, оның шәкірттері Абу Юсуф пен Мухаммад ибн Хасан секілді ғалымдарды атап өтер едік. Осылайша, әр дәуірдегі мұсылмандарға ғалымдардың шұғылалы еңбегі жарығын түсіріп келді.

 

www.akikat.kz

 


[1] Есім және лақаптан басқа ат қою. Арабтарда кең таралған, мыс: Абу Хасан, Абу Юсуф т.б.

[2] «Манақиб имам Аби Ханифа уа сахибайһи Аби Юусуф уа Мухаммад ибн Хасан» Имам Заһаби. 57 бет.

[3] «Манақиб имам Аби Ханифа” Заһаби. 37 б.

[4] Хатиб Бағдади бұл оқиғада әкесі емес анасы болғанын айтады. Заһаби. 62 б.

[5] «Манақиб имам Аби Ханифа» Заһаби. 58 б.

[6] «Манақиб имам Аби Ханифа» Заһаби. 61 б.

[7] «Манақиб имам аби Ханифа» Заһаби. 62 б.

[8] «Манақиб имам аби Ханифа» Заһаби. 64 б.

[9] Имам Заһаби бұл сөзде асыра сілтеушілік бар деуде, артынан Абу Юусуфтың мына сөзін беруде: “Абу Ханифадан асқан фақиһ көрмедім сондай ақ, ибн Аби Лайладан асқан қазы көрмедім”.

[10] “Сиар аълам нубала” Заһаби. 530 б.

[11] “Қимату заман инда ғулама” Абдулфаттах Абу Ғудда. 15 б.

[12] «Абу Ханифа хаятуһу уа асруһу – арауһу уа фқһуһу» Мухаммад Абу Заһра. 174 б. Фикр араби баспасы1997.

[13] «Абу Ханифа» Абу Заһра. 178 б.

[14] Бухари ілім бабы 15.

[15] «Абу Ханифа хаятуһу уа асруһу – арауһу уа фқһуһу» Мухаммад Абу Заһра. 182 – б.

[16] «Абу Ханифа» Абу Заһра. 179 – б.

[17] «Абу Ханифа» Абу Заһра. 179 – б.

[18] “Манақиб имам Абу Ханифа уа сахибайһи Аби Юсуф уа Мухаммад ибн Хасан ” Имам Заһаби. 81 - б.

[19] «Манақиб имам Абу Ханифа» Имам Заһаби. 81 – б.

[20] «Манақиб имам Абу Ханифа» Имам Заһаби. 82 - б.

[21] «Манақиб имам Абу Ханифа» Имам Заһаби. 94 - б.

[22] “Тарих Бағдади” Хатиб Бағдади 2 – том, 173 – б.

[23] “Заһир риуая” - Имам Мухаммадтан сенімді, сахих жолмен жеткен 6 фиқһ кітабы.

[24] “Расму муфти” Ибн Абидин - 16. «Абу Ханифа» Абу Заһра. 184 - б.

[25] «Абу Ханифа» Абу Заһра. 184 - б.

[26] «Абу Ханифа» Абу Заһра. 184 - б.

[27] «Абу Ханифа» Абу Заһра. 185 - б. “Расму муфти” Ибн Абидин. 17 - б.

[28] «Абу Ханифа» Абу Заһра. 186 – б.

[29] «Абу Ханифа» Абу Заһра. 190 – б.

[30] «Абу Ханифа» Абу Заһра. 191 – б.

[31] «Абу Ханифа» Абу Заһра. 182 – б.



Оқи отырыңыз