Akikat.kz - рухани танымдық, ғылыми портал

http://akikat.kz

Басты бет > Мақалалар > Адам және ғалам > Тіршілік иелерінің өзара көмегі

Тіршілік иелерінің өзара көмегі

2015-09-18 2295

Ең әлсіз және кішкентай тіршілік иелерінен ең жабайы жан-жануарларға дейін бүкіл табиғатта өзара көмек пен бірбірін қолдау мысалдарын көруге болады. Көп жасушалы организмдерде дене мүшелері, ағзалары, тіпті бүкіл жасушалары үнемі өзара септесіп, көмектесіп тұрады. Жасушалардың ішіндегі элементтер арасында да, өзара үздіксіз көмектесу мен селбестік болатындықтан, ұлпаларда жасуша көбеюлері белгілі тәртіппен жүзеге асады. Ұлпаның қатерлі ісікке қарсы күресінде осы өзара ынтымақ маңызды. Кейбір құмырсқа түрлерінде жұмысшы құмырсқалар аналық пен колонияларға қызмет ету үшін өзінің көбею қабілетін жояды. Ұрғашы арыстандардың ұяластары арасында өзінен тумаған күшіктерді емізуі де осының тағы бір мысалы. Жасушадан жыртқыш жануарларға дейін болысу мен өзара көмек механизмі жұмыс істейтін мына дүниеде адам қоғамдық өмірде ішіп-жем мен баспана, жерін қорғау мен қауіпсіздік секілді көптеген салада бір-біріне жәрдемдесіп жаратылысқа сай қоғамдық сана арқылы іс қылады.

 

Адамның кемелге келіп толысуының бір жолы өзара көмек пен ынтымақтасуда тұрғанда, ол қалайша өзімшілдік әрекетке баруы мүмкін?

Сынақтың сыры үшін адам болмысына енгізілген Хазірет Адамның ұлдары Абыл мен Қабылдан бері жалғасып келе жатқан бәсеке мен өзімшілдік көптеген оқымыстылар тарапынан зерттеліп, талқыланған және бұл мәселе Дарвиннің «табиғи екшеу» механизмі арқылы түсіндірілмекші болған. Табиғи екшеу қорек пен мүмкіндік шектеулі жерде сансыз тіршілік иесі басын бәйгеге тіккен кезде орын алады және кей мақұлықтың қорек табуда неліктен сәтсіздікке ұрынатынын түсіндіреді. Жануарлар әлемінде ақыл, сана және ождан болмайтындықтан, олар өздеріне берілген Илаһи түйсікпен қорегін табу және ұстау үшін жанталасады. Ризығын іздеу жолында бәсекеге түсетін тіршілік иелерінің осы күйіне табиғи екшеу деп анықтама беріледі. Сенім мен құндылықтар тұрғысынан бұл жайды жарыс, бәсеке, әрі өзара көмек ретінде де атауға болады. Шектеулі мүмкіндік дегенде, әр бір тіршілік иесі өз басын сақтауды алғы орынға шығарады және бірінші болу жолында олар үшін бәрі заңды саналады. Қалай дегенде де, «бәсекеге түсу яки жарысу, ұтып шығу немесе жеңіске жету» – бүкіл тіршілік иесінің өмір сүру механизмі ретінде берілген Илаһи түйсік.

 

Ойын теориясы және өзара көмек механизмі

Зерттеуші Мартин А. Новак тіршілік иелері арасындағы шектеулі мүмкіндікті күрес пен бәсеке немесе жарыс пен өзара көмек мәселесін айқындауда ойын теориясы моделін қолданады. Еңбектері иерархиялық жүйенің төменгі қабаттарында жеке бас үшін күрестің көбіне алдыңғы орында болатынын, ал құрылымның жоғарғы қабаттарында яғни топтық, қауымдық қабаттарында болса, өзара көмек, ынтымақтасу және болысу көбіне негізгі орынға шығатынын көрсетеді.

 

Мысал үшін, ұрықтану мәселесінде спермалар арасында өзара көмек емес, күрес және бірінші жету жолында бәсеке бар. Алайда, ұрықтық жасуша (алғашқы жасуша) пайда болған соң, эмбриондық даму кезеңдерінде өзара көмек пен ынтымақтасу басым. Зерттеуші Мартин А. Новак зерттеу жұмысының нәтижелеріне баға берерде: «Өмір тек тірі қалу үшін күрес емес. Сонымен қатар, тіршілік үшін мықтап табан тіреу. Адамнан басқа еш бір тіршілік иесінің арасында ынтымақтасудың мұндай жоғары дәрежесі кездеспейді. Адамзаттың өткендегі жетістігінің кілті бірінің екіншісіне жәрдемдесуінде» деп атап өтеді.

        

Мартин А. Новак пен әріптестері ойын теориясында өзара көмекті айқын көрсетер мәжбүрлі жандар дилеммасы аталатын механизмнің тіршілік иелері арасында да жүзеге асатынын дәлелдейді. Мәжбүрлі жандар дилеммасы атты парадокс құндылықтар жүйесі ретінде, табиғаттағы аман қалу және ұрпағын жалғастыру күресін талас, әрі бәсеке ұғымдары арқылы түсіндірмек болатын биологтарды әбден шатастырды. Дилемманың айқындалған ойын шарттары былайша: Екі адам бір қылмыс жасау үшін келісіп, астыртын әрекетке көшеді. Ал сосын істеген қылмыстарына орай ұсталып, бөлек камераларда жауапқа тартылады және екеуінен екі бөлек түсініктеме алынады. Мұндай кезде төрт түрлі нәтижеге баруға болады. Екі қылмыскер бірдей бір-біріне жауып, бірін бірі кінәлайды немесе екеуі бірдей үндемей, өз сөздерінен айнымайды. Екінші жағдайда болса, бірі екіншісіне жала жауып, екіншісі ештеңе айтпайды. Бірінші жағдайда екі қылмыскер де қылмысты байқамай мойындап үш-үш жылдан түрмеге қамалады. Екінші жағдайда екеуі де екі жылға сотталады. Соңғысында болса, сатып кеткен кісі бар болғаны бір жылға сотталып, жанындағы серігі үндемегендігі үшін төрт жылға бас бостандығынан айырылатын жазаға тартылады. Бұл жағдай жеке адамның өзімшіл әрекетінің арқасында өз пайдасына қарай құбылуы ретінде танылады.

 

Бұл ойындағы болуы мүмкін жайдың қайсысы болса да бұлардың үдеу және кему үлгісінде бірін бірі қайталайтын циклдер құрайтындығы айқындалған. Бұл цикл үлгісі қоғамды құрайтын жеке тұлғалардың аман қалу стратегияларын көрсететін болды. Компьютер арқылы жасалатын модельдеу жұмыстарында (симуляция) көмек көрсетудің орнына бәсекеге және өзімшілдікке бейім механизмдер мен жағдайлар түсіндіріледі. Симуляцияда бәсекеге түскендер мен өзара көмек көрсеткендердің қандай да бір ыдырауға ұшыраған топта ойында ұтып шыққандар әр циклдің (ойынның) соңында бұдан кейінгі турға қатысатын жаңа тұлғаны қалыптастырады. Өзімшілдікке бейім тұлғалар мінез қайшылығының арқасында стратегияларын өзгерткенменен, жаңа тұлғалар көбіне ата-аналарының стратегияларын ұстанады. Модельдеу осы үлгімен ілгерілеген сайын бірнеше ұрпақтан соң ойынның әр кезеңінде арадағы әр бір тұлғаның ұстанымын өзгертіп бәсекелестерге қосылатындығы мәлім болған. Біраз уақыт өткен соң тағы жаңа бір стратегия қалыптасады; ойыншылар өзара көмекке кіріседі және қарсыластарына айна қатесіз кегіне кекпен жауап береді. Бұл өзгеріс те жылдамдықпен көмектесетіндердің басым күшке ие қауым қалыптастыратыны мәлім болған. Кейінгі буындарда өзара көмек тұлғалар арасында кең етек жайып, тіпті кейде бір тұлғаның қатесіне топ ішіндегі басқа тұлғалар назар аудармауы да мүмкін екен.

 

Қан сорғыш жарқанаттардың жады жақсы дамыған, өздеріне көмектескен екінші бірін ұмытпайды. Бір жарқанат қоректену үшін қажетті құрбандығын ұстай алмай ұясына қайтып келетін болса, басқа бір жарқанат өз жемінен оған бөліп береді. Көмек алған жарқанат өзіне көрсетілген бұл жақсылықты жауапсыз қалдырмай, әлгі жарқанатқа мұқтаж кезінде жәрдемдесіп қарызын қайтарады. Қан сорғыш жарқанаттар арасында байқалатын бұл ынтымақтастық мысалы ойын теориясы моделінде «тікелей алыс-беріс» аталған механизм арқылы түсіндіріледі.

 

Табиғатта маймылдарда кездесетін өзара көмек механизмі болса, «жанама алыс-беріс» деп аталады. Топтағы күшті тұлғаның күші мен дәрежесін пайдалану үлгісін көрсететін бұл механизмде тұлғалардың бір-бірінің пайдасын қорғау орын алады.

 

Тағы басқа бір өзара көмек түрі зайлы саңырауқұлақтарда ұшырасады. Зайлы саңырауқұлақтар колониясы өзара көмектесетін тұлғалар тең көбейетін, ал бәсекелестердің қалай болса солай көбею үлгісін танытатын қауымға ұқсайды. Қоректенуге қолайлы жерде колония құрайтын зайлы саңырауқұлақтар ол жердегі қоректі алу үшін керекті ферменттерді бөліп шығаруда ынтымақтаса әрекет етеді. Бұл колониялардың ішінде әлсіз және қорыту метаболизмін қолдана алмайтын саңырауқұлақтар да болады. Өз қажеттілігін өтей алмайтын саңырауқұлақтар басқа саңырауқұлақтың қорытқан қорегімен азықтанады. Біраз уақыт өткен соң колония қартайғанда тірі қалғандарының зиян көрген саңырауқұлақ екендігі және тұқымын жалғастырып жатқандығы анықталған. Бұл әлсіз, әрі көмекке мұқтаж бәсекелестердің уақыт өте келе өзіне көмек көрсеткендерден басым түскендігін көрсетеді. Бұған керісінше бір механизмде бәсекелестер мен өзара көмек көрсететіндер өз араларында топ құрайтын қауымда болса, көмек берген тұлғаның жетістікке жететіндігі белгілі болған.

 

Адамдарда кездесетін көмек көрсетудің бір түрі болса, «Суға кетіп бара жатқан екі туған бауырларымды құтқарайын ба, әлде сегіз бөлемді құтқарайын ба?»,- деген сауалға адамдардың көпшілігінің «Бауырымды құтқаруға тырысамын»,- деген жауабы арқылы түсіндіріледі. Генетикалық болмысымызда берілген және мәдени элементтермен қолдау тапқан «өзіне ұқсастарды қорғаштап өз тұрақтылығын қамтамасыз ету» механизмін биолог J.B.S. Haldane «туған бауырын таңдау» теориясы деп атайды. Өйткені, «Бауырларым мен менің арамда 50% шамасында ДНК ұқсастығы бар, ал бөлемен ең ұқсас дегенімен арамыздағы ұқсастық бар болғаны 12,5 %».

 

Қорыта айтар болсақ, өзінің микро немесе макро әлемінің ішінде болмыс жүйесін жойып алмау үшін мақұлықтарға өзгеше қабілет, аман қалу және ұрпақ жалғастыру механизмдері берілген. Тіршілік иелерінің ахуалында болатын бұл болысу және ынтымақтасып селбесу мысалдарының сана мен ақыл иесі адамға да айтары сол. Шексіз қайырым, шапағат иесі Алла да жаратылыс заңы тіршілік, болмыстың жалғасуы үшін ынтымақтасуды, бір-біріне көмектесуді бұйырады:

 

«Сендерге не болған, (азаптан құтылу үшін) неліктен бір-біріңе қолұшын бермейсіңдер?!» (Саффәәт сүресі, 25 аят),

 

«Барлығың да Алланың желісіне (дініне) мықтап жармасыңдар және өзара бөлінбеңдер» (Әли-Имран сүресі, 103 аят),

 

«Расында, Алла әділдікті, Алланы көріп тұрғандай, ең болмаса, Алланың өздерін үнемі көріп, бақылап тұратынын сезіне отырып (қаперлерінде ұстап) игі істер істеуді және туған-туысқа қолұшын беріп, қарайласуды бұйырады» (Нахыл сүресі, 90 аят).

 

Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) «Мұсылман мұсылманның бауыры. Оған азап көрсетпейді, оны жауына ұстап бермейді. Кім (мүмін) бауырының бір қажетін өтесе, Алла оның мұқтажын қайтарады» (Бухари, Мезалим, 3) ,- деген қасиетті хадисінде ғаламдағы өзара көмек пен ынтымақтасудың адамдар арасында да болуы керектігін атап көрсетеді.

www.akikat.kz

 


Пайдаланған әдебиеттер 

·  Әли-Имран сүресі, 103 аят

· Аср Сүресі

· Бухари, Иман, 7.

· Бухари, Мезалим, 3.

· Мартин А. Новак, Why We Help: The Evolution of Cooperation, Scientific American, July, 2012. 

· Мүслим, Бирр, Иман, 71-72.

· Нахыл сүресі, 90 аят.

· Мартин А. Новак, Five Rules for the Evolution of Cooperation. Science, Vol. 314, pages: 1560-1563; December 8, 2006.

· Саффәәт сүресі, 25 аят.

· Мартин А. Новак, Highfield R. Super Cooperators: Altruism, Evolution, and Why We Need Each Other to Succeed. Free Press, 2012.

 



Оқи отырыңыз