Akikat.kz - рухани танымдық, ғылыми портал

http://akikat.kz

Басты бет > Мақалалар > Дін мен дәстүр > Сүндеттеу салты

Сүндеттеу салты

2015-09-17 2956

Дініміз Исламда ұлттық дәстүрдің өзіндік орны бар. Шариғаттың негіздеріне қайшы келмеген дәстүрлерге дініміз оң қабақпен қарайды. Тіпті Әбу Ханифа мәзһабындағы үкім берудегі жеті негіздің бірі осы ‒ ғұрып. Яғни, кейде халықтың өмірлік тәжірибесінен туындап, сан ғасырдан бері ұстанып келе жатқан белгілі бір дәстүрі үкім ретінде қабылданады.


Бұл мақаламыз ұлттық дәстүрлеріміздің бірі – сүндетке отырғызу салтына арналады. Баланы сүндетке отырғызу жалпы мұсылман қауымы үшін ортақ рәсім екені белгілі. Соның ішінде қазақ халқында бұл дәстүрдің орны ерекше. Атам қазақ баласы жеті жасқа толған шағында оны сүндеттеуді өзіне міндет санаған. Әбу Һурайра жеткізген бір хадис шәріпте Алла елшісі (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) былай дейді: «Адам табиғатына бес нәрсе тән. Сүндеттеу, шат пен қолтықтағы түкті тазарту, тырнақ алу және мұртты басу (қысқарту)». (Бухари, Муслим) Имам Мәліктің «Муаттасында» Сағид ибн Мусәйиәбтан мынадай хадис келеді: «Ең алғаш қонақ күткен адам Ибраһим (а.с.) пайғамбар, ең алғаш сүндеттеліп, мұртын басқан адам да Ибраһим (а.с.) болатын...». Біздің тілімізде бұл рәсімнің «сүндет» аталып кетуі де мән берерлік жағдай. Оның негізгі себебі ата-бабамыз сүннет сөзінің салмағын жақсы түсінген. Бұл берісі Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (саллаллаһу алейһи уә сәлләм), арысы Ибраһим алейһис сәләмнан қалған сүннет болғандықтан, жалпылама сүндет (сүннет) деп атаған болуы керек. Ал араб тілінде бұған خِتَانٌ – «хитән» делінеді. Медицина тілінде «циркумцизия» (лат.Circumcisio) деп аталады. Жалпы сүндет – ер баланың жыныс мүшесіндегі тері бөлшегін кесу арқылы жасалатын ғұрып.


Салтымызда сүндетке отырғызылатын баланы ата-анасы алдымен психологиялық тұрғыдан дайындайды. Оны «Сен енді нағыз жігіт болдың!» деп жігерлендіреді. «Бір, екі, үш, төрт, бес, шүметайымның басын кес» деген секілді тақпақ үйретіп қояды. Осындай әңгімелерге әбден бойы үйренген бала осы күнді асыға күтіп, іштей дайын болып жүрері сөзсіз. Бұл ер баланың өміріндегі алғашқы асу, әуелгі сынақ десек те болады. Сүндеттеу рәсімін ер жігітке тән төзімділікпен өткерген жас баланың бойында шынында да «Мен азаматпын!» деген мақтаның сезім пайда болады екен. Мұндайда әркім шама шарқынша ел-жұртты жинап, думан жасайды. Баласын атқа мінгізіп, әдемі киімдер кигізіп «Ашамайлы атқа міндің, Мұсылмандық таққа міндің» деп мерейін көтереді. Бала үшін бұл үлкен мерекеге айналады. Бұрынғы кезде сүндеттелген балаға арнап кең әрі ұзын «сүндетжейде» тігетін болған. Ал қазіргі таңда көріп жүргеніміздей сүндеттелген балаға үлкен адамның жейдесін кигізіп қойып жүр.


Қазақта бала үшін нағашы жұртының орны бөлек. Баланың өзінің нағашы жұртынан алатын үлесі болады. Бұл жазылмаған заңдылық саналады. Нағашы жұрт жиеніне қырық серкеш немесе қырық шұбар тай атап жатады. Бала сүндеттелген кезде осы алашақ үлесінің бір бөлігін нағашылары алып келеді. Сөйтіп бала сүндет тойында үлкен сыйға, марапатқа ие болады.


Заман жылжыған сайын құрал-саймандардың өзгергені секілді, сүндеттеу тәсілдері де уақыт талабына сай өзгеріп отырған. Сүндеттеу тәсілдерінің ең негізгілері мыналар:


1. Хирургиялық әдіс. Мұны «классикалық әдіс» деп те атауға болады.


2. Дәстүрлі әдіс: бұл сүндеттеудің бұрыннан кең тараған түрі. Мұны бәріміз білеміз. Аузы дуалы, сәлдесі даңғарадай молда келетін де, жасы беске толған баланы жатқызып қойып, әңгімеге айналдыратын. Шалдарға «әпшу» атқызатын жерін ұзақ уқалап отырып, жансыздандырады. Сөйтіп бала әңгімеге айналды-ау дегенде, ұстарамен дөңгелете қырт еткізеді. Сосын кескен жерге күл сеуіп, кесе төңкере салатын.


3. Арнайы құрал пайдалану; сүндетке отырғызуға медицина мамандары араласқалы бері оған «Gomco Clamp» пен «PlastiBell» (қоңырау) секілді арнайы құралдар ойлап табылды. Алайда, балаға бір апта көлемінде тағылып, ұшын байлап, терінің өз бетінше түсіп қалуын қамтамасыз ететін бұл қыстырма құралдар аса тиімді деп есептелмеуде.


4. Сүндеттеудің тағы бір әдісі – электр құралын пайдалану арқылы косметикалық әсермен қанатпай жасалатын тәсіл. Бұл баланың жанын қинамайтын жеңіл тәсіл. Сол себепті болса керек қазіргі таңда көптеген ата-аналар сүндеттеудің осы тәсіліне жүгініп жүр.  


Сүндеттеуге алғашында еврейлер мен мұсылмандарға ғана тән діни міндет деп қараған батыс елдерінің соңғы кездері пікірі өзгеруде. Олар сүндеттеуді гигиеналық тазалықта рөлі үлкен екендігін мойындай бастады. Көптеген медициналық зерттеу жұмыстары сүндеттеудің мынандай пайдалары бар екенін дәлелдеді:


· Сүндеттелмегендерге қарағанда, сүндеттелген ерлер жыныстық қатерлі ісікке (рак) анағұрлым аз шалдығады;


· Ері сүндеттелмеген әйелдерде жатыр мойыншағының қатерлі ісікке шалдығу қаупі алты есе жоғары;


· Жыныстық жұқпалы ауруларды жұқтыру қаупі сүндеттелмегендерде сегіз есе жоғары; зерттеуші ғалымдар бұған қызықты дәлелдер келтірген. Айталық, балалардың небәрі он немесе отыз пайызы сүндеттелетін Кения, Замбия сияқты елдерде жыныстық жұқпалы ауруға шалдыққандар жергілікті тұрғындардың төрт те бірін құраған. Ал, Бенин және Камерун секілді шамамен әр бала сүндеттелетін Африка елдерінде жұқпалы ауруларға шалдыққандар тұтас алғанда алты ақ пайыздан аспаған. Австриялық зерттеуші ғалымдар тіптен үлкен жаңалық ашты. Олар «СПИД ке шалдыққан ер кісілердің басым көпшілігінің сүндеттелмегендер» екендігін дәлелдеді. Өйткені, СПИД вирусы ең әуелі жыныс мүшесінің ұш қабатын зақымдайтын көрінеді. Егер ол тұс микрозақым алса, қабыну қаупі өте тез жүріледі екен.


· Гигиеналық тұрғыдан бактериялогиялық, стафилокк (іріңді микроб), гонорей (жыныстық жіңішке ауруы) микробтарынан таза болу тұрғысынан сүндет жасату аса керекті. Оған қоса, смегмалардың (қорғаушы ақ түйіршектер) қабынып, жараға айналмауында үлкен рөл ойнайды.


· Сүндет фимоз (жыныс үрпісінің жиырылып ашылмай қалуы), парафимоз, баланит, баланопостит кеселдерінің алдын алады.


Иә, астарында көптеген игіліктер жасырылған пайғамбар сүннетін өмірлік жолбасшы еткен қазақ халқы баланы сүндетке отырғызуды өздері үшін бұлжымас қағида етіп алған. Нәтижеде сүндеттеу салты ұлттық дәстүрлеріміздің айнымас бөлшегіне айналды. 


www.akikat.kz 



Оқи отырыңыз