Akikat.kz - рухани танымдық, ғылыми портал

http://akikat.kz

Басты бет > Мақалалар > Көркем мінез > Риядан қорғану жолдары

Риядан қорғану жолдары

2015-09-14 4349

Діннің негізі Алла Тағаланың бар және бір екендігін, Құдіретті күш иесі екендігін мойындап, іс-әрекеттерді оның разылығына лайықты түрде жасауға тырысу. Яғни жақсы адам болуға және Аллаға жақсы құл болуға әрекет ету. Өйткені шынайы құлдық барлық істе ықылас пен қалдықсыздықты талап етеді. Ендеше ықылас дегеніміз не өзі? Өзінің бар болуымен барлық істеріміздің мазмұнын айқындаған ықылас - жасандылықтан, риядан, ширктен бойды аулақ салу. Барлық істі Алла үшін, тек қана оның разылығы үшін жасау. Барлық ғибадаттарымыз бен амалдарымыздың негізгі өлшемі ретінде тек қана Алланың разылығын басты мақсат тұту ықылас делінеді.


Бүкіл істің бастауы ниетке байланысты екендігі белгілі. Өйткені ниет қандай да бір жасалынатын істің басты шарты немесе мақсаты және ықыластың негізгі қайнар көзі болып табылады. Ал ықыласқа қарама- қарсы нәрсе істеріміз бен ғибадатымызды адамдарға көрсету, таңқалдыру, мақтану үшін жасау мағынасына келетін рия бүгінгі күнімізде адамдар арасында кең таралған рухани аурулардың біріне жатады. Қазіргі кезде рияшылдықтың етек алып кеткені соншалық, адамдар рияның не екенін ажырата алмай қалады. Біз бұл мақалада рия туралы, рияның зияны мен одан қорғану жолдары туралы ой бөлісетін боламыз.

 

1. Рия туралы түсінік

Рияның мағынасы:

а) Сөздікте: Алла разылығы үшін орындалу керек болған амалдарды басқалар көрсе екен, ұнатса екен деген ниетпен жасау, адамдарға көрсету, мақтану. Мұндай әрекетке жиі бой алдыратын адамды рияшыл немесе екіжүзді дейді. Яғни ақырет амалдарын істеп, адамдарға өзін ахирет жолында екенін көрсету арқылы дүниелік мақсаттарына қол жеткізу, дүниелік табыс үшін дінді құрал ету деген сөз.

 

ә) Терминдік мағынасы: Сопылық жолда болған атақты ғалымдардың бірі Харис Әл - Мухасиби рияны былай суреттейді: «Рия – құлдың Аллаға мойынсұнып құлшылық жасап жатқанында басқа құлдарға ұнағысы келуі». Басқаша айтқанда рия құлдың құлшылық жасаған кезде Алладан басқаға көңіл қоюы. Сондықтан рия, Алла Тағалаға құлшылық жасап жатқан болып көрінсе де, негізінде Алланың жаратқан құлдарының мақтауы мен марапатына ие болуды көздеу. Ғибадаттарын әдейі көрсетіп, адамдарға жақсы көріну.

 

Имам Ғазалидің айтуы бойынша рияның төрт дәрежесі бар:

Біріншісі, рияның ең ауыр түрі. Рия үшін жасалынған ғибадатта титтей де сауап болмайды. Адамдардың жанында намазын дәретсіз оқып, жалғыз қалған кезінде мүлде оқымайтын адам секілді. Намазын адамдарға көрсету үшін ғана оқиды, сондықтан мұндай құлшылықтың ешқандай мән-мағынасы жоқ.

 

Екіншісі, құлшылығын Алланың разылығы үшін деп ниет етіп болғанымен тек көрсету үшін жасайды. Алла разылығы үшін деген ниеті әлсіз болғандықтан, басқалардың жанында құлшылығын жасап, жалғыз қалғанда жасағысы келмейді немесе жасамайды. Рияның мұндай түрінде, ғибадаттан сауап алу үшін емес, өзін көрсету үшін жасайды.

 

Үшіншісі, сауап табу ниеті мен оны адамдарға көрсету мақсатының қатар келуі. Яғни, екеуінің бірі болмаған жағдайда адам амалды жасауға ұмтылмас еді. Сауап табу ниеті мен көзбояушылық мақсаты қосақталып келгендіктен ғана амалға құлшыныс пайда болып отыр. Демек, бұл адам қандай мөлшерде сауапты іс жасаса, сондай көлемде күнәға батады. Мұндай жағдайдағы адамның амалында күнә да, сауап та жоқ деген сөз немесе жасаған амалы үшін сауапқа кенелгеніндей, риясы үшін күнәһар болып шығады.   

 

Төртіншісі, оның амалын адамдардың көруі, ғибадатқа деген құлшынысын күшейтеді. Ондай адам өзгелер көрмесе де құлшылығын жалғастыра береді. Егер бұл құлшылығын басқалардың көруін қалағанда оны жасамаушы еді. Сол себепті оның сауабын жоққа шығара алмасақ та, кемитіні анық. Яғни, жасаған күнәсінің мөлшеріндей жазаға тартылады немесе ізгі амалының мөлшеріндей сауапқа ие болады. Анығын Алла біледі.  

 

2. Құранда рия туралы не айтылған?

Ықылас ғибадат мақсатымен айтылған әрбір сөз бен жасалынған істердің тек қана Алла разылығы үшін болуы керек. Ал ықылассыз жасалған ешбір ғибадат Алла назарында қабыл болмайды. Діннің рухы – ықылас, яғни ғибадаттың тек қана Алла разылығы үшін жасалынуы шарт, басқаша бір мақсат үшін жасалынған ғибадатта ықылас болмайды. Ықыласпен атқарылмаған құлшылықтың мұсылманға еш пайдасы жоқ. Ықыластың антонимі болған рия харам және кіші ширкке (Аллаға серік қосу) жатады.

 

Алла Тағала «Кәһф» сүресінің 110-аятында, «Ендеше, кімде кім Раббысымен қауышуды үміт етіп, қаласа, игі істер істесін һәм Раббысына жасаған құлшылығында оған ешкімді (және еш нәрсені) серік етіп қоспасын», – деп бұйырады.


Бұл аятта құлдың Раббына құлшылығында Аллаға ортақ қосудың мағынасыздығы көрсетіліп, ғибадатта Алла разылығы емес, ықылас пен шынайылықтың болмауы; Рия, көзбояушылық секілді сезімдердің қайта керексіз екендігіне кесім айтылған.

 

Алла Тағала ықыласты мүмин құлдарының амалдары туралы айтқан кезде Олар: «Біз сендерді тек Алла разылығы үшін тамақтандырудамыз. Бұл жақсылығымыз үшін сендерден ешқандай қарымта да, алғыс та күтпейміз». «Инсан» сүресі, 9-аят.


Табиғиндерден шыққан мықты құран тәпсіршілерінің бірі Мужахид бұл аятты талдаған кезде: «Садық құлдар бұл сөзді тілдерімен емес, жүректерімен айтады. Сондықтан Алла Тағала олардың бұл халін басқаларға үлгі болсын деп баяндауда. Олар жүректерінде Алланың жаратқандарының мақтауы мен жасаған істерінің қарымын күту сезімін алып тастағандары үшін, Алла Тағала олардан разы болған», – деген.

 


 Рия – кәпір мен мұнафиқтың сипаты

Рия ұғымы құранда кәпір және мунафиқтың (екіжүздінің) қасиеті ретінде баяндалады:

«Уа, иман еткендер! Мал-пұлын (қайырымдылық мақсатта) ел-жұрт көрсін деген ниетпен жұмсайтын, Аллаға һәм ақирет күніне сенбейтін адамға ұқсап, берген садақаларыңды міндетсіну немесе (садақа алған жандарды) ренжітетіндей әрекеттерге бару арқылы зая қылмаңдар. Ондай адамның мысалы бейне бір бетіне аз ғана топырақ жұққан жып-жылтыр тасқа ұқсайды. Нөсер жауыннан кейін топырағы шайылып, жалтыраған қап-қатты тас екені білініп қалады. Ондайлар (о дүниеге барғанда ел-жұртқа көз қылып) жасаған қайырымдылықтары үшін (сауап тұрғысынан) еш нәрсеге қол жеткізе алмайды. Алла кәпір қауымды тура жолға салмайды һәм әсте оңғармайды». (Бақара сүресі, 264- аят).

 

«Мал-мүлкін риямен ел-жұртқа көз қылып көрсету үшін жұмсап, Аллаға һәм ақирет күніне иланбайтындарды да Алла жақсы көрмейді. Кімде-кім шайтанды жақын жолдас тұтса, ол қандай жаман жолдас еді десеңші!» (Ниса сүресі, 38-аят).


«Расында, екіжүзділер (сырттай мұсылман болып көрініп) өздерінше Алланы алдаймыз деп ойлайды, алайда, Алла олардың (сазайын бірден бермей, ақиретте оңдырмай жазалау арқылы) өздерін алдап соғады. Олар намазға тұрғанда кежегесі кейін тартып, еріншектеп әрең тұрады һәм құлшылықты мүміндерге көз қылып жасайды. Сондай-ақ Алланы өте аз еске алады». (Ниса сүресі, 142- аят).


Жоғарыдағы аятта айтылғаныдай кәпірлер мен мұнафиқтар көзбояушылыққа құмар. Өйткені, олар жасаған істерін адамдарға көрсету үшін жасайды. Сол арқылы абырой бедел жинағысы келеді. Мысалы кәпірлер мал-мүлкін көрсету үшін жұмсаса, мұнафиқтар да намазды діннің негізгі әмірі болғандығы үшін емес, көрсету үшін жалқауланып барып оқиды.

 

Тағы басқа бір аятта «Жорыққа аттанғанда шаһардан (немесе ауылдан бір өзі бәрін қырып-жоятындай болып) маңғазданып, ел-жұртқа көз қылып шыққандар мен ел-жұртты Алланың жолынан қақпайлайтындар секілді болмаңдар. Алла олардың не істеп, не қойып жүргендерін шексіз ілімімен толық білуші һәм шексіз құдіретімен толық бақылауында ұстаушы». (Әнфал сүресі, 47-аят).

 

Бұл аятта да жұртынан көкіректеніп, көзбояушылық үшін жорыққа шыққан және адамдарды Алланың жолынан қайтарған мүшріктер мысалға келтіріліп, мүминдерге ескерту жасалынуда және олар секілді болмаулары туралы айтылуда. Өйткені мүминдер – Алла Тағалаға сеніп иман еткен және оған сүйеніп әрекет еткен адамдар. Олар жақсы көрсе, бір-бірін тек Алла үшін жақсы көреді және жасандылықтан бойларын аулақ салады.

 

Сол секілді «Ма‘ун» сүресінің 4–7 аяттарында рия мұнафықтардың жаман қасиеттерінің бірі ретінде баяндалады:

«(Ақиретке тиісінше сенбей) ықылассыз намаз оқитындардың жағдайы қандай өкінішті! Олар намаздарында ғапыл, сондай­ақ құлшылықтарын ел­жұртқа көз қылып, көрсету ниетімен орындайды. Олар (қоғамдағы садақа, зекет және өзге де әлеуметтік жәрдем түрлерін қамтитын) қайырымдылық істеріне теріс қарайды».


Яғни олар Аллаға сенген күйде намаз оқудың орнына, өзгелерге көрсетуді ғана көздеп оқиды. Осылай еткендіктен олардың намазы ғапыл. Ғапыл намаз шынайы намаз болып саналмайды. Өйткені адамдардын намаздың сыртқы формасы ғана емес, шынайылық та  талап етіледі. Ал, олар болса көзбояушылықпен намаз оқығандықтан намаз олардың жүректеріне ешбір әсер көрсетпейді. Әрі өзгелердің зекет беруіне, бауырларына көмектесуіне, жан жылуын өткізуіне кедергі келтіреді. Алланың құлдарының қайырлы амал жасауына бөгет болады. Егер шынайылықпен намаз оқығанда адамдардың қайырлы істеріне тосқауыл болмас еді. Сондықтанда пенденің істеген ісімен жасаған ғибадаты Алла тарапынан қабыл болуы үшін, жалған жасанды амалдан барынша аулақ болып, ықыласпен, шынайылықпен істеуі абзал.

 

Атақты имам Фахруддин Рази бұл аяттардың тәпсірін жасаған кезде рияшыл мен мұнафиқтың арасындағы айырмашылықты былай суреттейді:

«Мұнафиқ – иман еткен болып көрініп, ішінде күпірлікті сақтаған кісі. Ал рияшыл болса, адамдар оның діндар екеніне сенсін деп, ол өзін  «тақуа» көрсетеді. Мұнафық, жалғыз қалған кезде намаз оқымайды, ал рияшыл адамдар көрсін деп намазды ең жақсы түрде оқитындар».

 

3. Рия туралы айтылған хадистер 

Көптеген хадисте рияның жеккөрінішті екендігі және рияға бой алдырғандардың соңы жақсылық болмайтындығы туралы айтылады. Хадистердің бірінде Пайғамбарымыз Мұхаммедке (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) бір адам келіп: «Уа, Алланың Елшісі, біздің құтқарылуымыз неге байланысты?» деп сұраған кезде, Алла Елшісі (саллаллаһу алейһи уә сәлләм):  «Алланың әмірлерін адамдар ұнатсын деп жасамауға байланысты», – деп жауап береді. Әлгі адам: «Амалдар арқылы қалай құтқарылуға болады?» – деп сұрайды. Сонда Алла Елшісі оған рияны тәрк етуді бұйырады.

 

Жасалған амалдың Алла тарапынан қабыл болып, адамға сауап жазылуы амалды ықыласпен жасауға байланысты. Әйтпесе өткінші өмірдің қызығын мақсат етіп амал еткен адамның амалы босқа желге ұшып кететіндігі туралы тағы бір хадисте:

 «Құлдың амалдары Алла Тағалаға ұсынылған кезде Ол періштелерге: «Бұл құлым өзінің амалдарында мені еске алмаған. Мені разы ету үшін жасамаған. Оны жаһаннамға тастаңдар» делінеді» деп айтылады.

 

Абдуллаһ ибн Амр ибн Ас (р.а.) Пайғамбарымыздың (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) былай деп айтқандығын жеткізеді: «Кімде-кім амалын риямен жасаса, Аллла Тағала оған солай қарайды»

 

Әбу Һурайра (р.а.) Пайғамбарымыздан (с.а.с.): «Қиямет күні ең бірінші сұраққа түсетіндер – Құран оқушы, Алла жолында күресуші және өз мүлкін құрбан етіп, садақа жасаушы.

 

Алдымен білім іздеп, Құран оқушы адамды алып келіп, оған берілген нығметті көрсетіп, оның жасаған істері жайында сұрайды. Ол: «Мен Құран оқып, оны басқаға үйреттім», – дейді. Сонда оған: «Сен жалған сөйлейсің. Сен ол істі тек «қари» (яғни «оқымысты») деп айту үшін жасадың. Ол айтылды», – делінеді де, оны отқа қарай бетімен апарады.


Одан кейін Алла жолында күресушіні алып келіп, оған берілген нығметті көрсетеді де, одан амалы жөнінде сұрайды. Сонда ол: «Мен жауыммен Сенің жолыңда күрестім, Сен үшін, я, Жаратушым!» – дейді. Оған: «Сен жалған айттың. Сен «батыр» деп аталу үшін күрестің. Ол айтылды», – делінеді де, оны да отқа қарай бетімен апарады.


Сосын мал-мүлкін құрбан етіп, садақа таратқан үшінші адамды алып келіп, оған берілген нығметті көрсетіп, оның амалы жайында сұрайды. Сонда ол: «Мен садақа бердім», – дейді. Сонда оған: «Сен жалған айттың. Сен бұны «мені жомарт» десе екен деп атқардың, ал ол айтылды», – делінеді де, оны бетімен отқа тастауды бұйырады», – деген хадисті келтіреді.


Бұл хадистерде ашық айтылғанындай адам баласы қандай амал жасаса да тек қана Алла разылығы үшін жасауы тиіс. Алланың разылығына ие болу үшін жасалынбай, тек қана өзін көрсету үшін жасалынған амалдардың ешқайсысы қабыл болмайды және сауабының да болуы мүмкін емес. Демек рия амалдың босқа кетуінің басты себебі. Сондықтан Алла Елшісі (саллаллаһу алейһи уә сәлләм):  «Қыша дәніндей болса да рия араласқан амал қабыл болмайды», – деп ескерткен.


Хазірет Омар (р.а.) Муаз ибн Жәбәлдің (р.а.) жылап отырғанын көріп, себебін сұрайды. Сонда ол Пайғамбарымыздың (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) жерленген қабірін көрсетіп, «Мына қабір иесінің «Рияның азы да ширкке[1] жатады» деген сөзі есіме түсіп жылап отырмын», – дейді. Басқа бір хадисте Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) былай деп айтқан еді: «Сендер үшін ең қатты қорқатын нәрсем, ол – кіші ширк». Сонда адамдар одан: «Ол не?» – деп сұрайды. Алла елшісі: «әр-Рия»,- деп жауап береді. Яғни, ғибадатты басқаларға көрсету үшін жасау.


«Амалына ширк қосқан адамға қиямет күні: «Дүниеде кім үшін істедін, соған бар. Саған берер сауабы бар ма екен» –деп айтылады тағы бір хадисте.

Шәддад ибн Әус:«Пайғамбарымыздың «Үмбетім үшін екі нәрседен қорқамын – Аллаға серік қосу және жасырын шәхуәт»,- деп айтқан сөзіне

- Уа Алланың Елшісі! Сеннен кейін үмбет Аллаға серік қоса ма?,- деп сұралған

- Иә, бірақ үмбетімнің қайтадан күнге, айға немесе пұттарға табынады деген сөз емес. Алайда олар амалдарында рияшылдық жасайды», – деп айтты», – деген  

     

Алла Елшісі (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) мұсылмандар үшін ең қатты қорыққан нәрсесінің рия екендігін атап өтіп, ислам үмбеті үшін аса қорқынышты қауіп екендігін ескертіп кеткен.

     

Хадистерде рия кейде ширк, кейде кіші ширк, кейде жасырын ширк ретінде білдіріледі. Яғни, амал еткен кезде Алла Тағалаға біреуді ортақ ету мағынасына келеді. Сонымен бірге жақсы істерді естілсін әрі көрілсін деп жасау Алла назарында сорақы әрі жеккөрінішті іс екендігі ашық айтылады. Өзін көрсету үшін құран хафизы болу, ғалым екен десін деп ғылыммен шұғылдану, басқалар жомарт екендігімді білсін деп садақа беру, нағыз батыр екен деп ойласын деп соғысқа қатысу нағыз абыройсыздықтың белгісі. Амалдарын әдейі көрсету үшін жасағандар жаһаннам отының азабына ұшырайтындығы туралы айтылады. Имам Тирмизиден жеткен хадистің бірінде: Алла Елшісі (с.а.с.) «Алла разылығынан басқа мақсаттармен ілім үйренген немесе ілімін дүниелік пайдалар үшін құрал еткен адам жаһаннамдағы баратын жеріне дайындалсын!» – деген.

 

4. Рияның пайда болу себептері

Адамды рия жасауға алып баратын себептер мен жағдайларды біліп, олардан аулақ болу өте маңызды.


Рия жасауға түрткі болатын түрлі себептер бар. Оларды былай тізбектеуге болады:

1. Иманның әлсіздігі.

2. Мақтаншақтық.

3. Абыройлы болуға құмарту.

4. Басқаларды көреалмаушылық.

 

1) Иманның әлсіздігі

Рияның пайда болудағы ең басты себебі – иман әлсіздігі. Барлық қалауына қол жеткізетін, бойындағы қорқыныштарын сейілте алатын тек қана Алла Тағалаға сену екендігін жүрегіне сіңіре алмаған, материалдық себептер мен адамдарға аса мән беріп, Алланы ұмытып, жаратылыстан медет тілеп, одан бір нәрселер күтетін иманы әлсіз адамдар рияға түсуге бейім келеді. Ал шынайы иман иелері болса, ең құдіретті күшке ие Алла деген сезіммен амалды Алланың разылығы үшін жасайтын болғандықтан, адамдардың қолдап, мақтап - қолпаштауына көңіл де аудармайды. Өйткені олар Алла Тағала өзіне бір жақсылықтың болуын қаласа, жер бетіндегі барлық адам баласы оған қарсы шықса да кедергі бола алмайтынын және Алла Тағала басына бір жамандықтың келуін қаласа, барлық адам мұны тоқтатуға немесе жоқ етуге тырысса да ештеңеге қол жеткізе алмайтынын өте жақсы біледі. Жүрегінде Аллаға сенімі мықты адам ешкімнен мақтау, марапаттау күтпейді. Істеген ісі үшін атақ, абырой, даңққа кенелуді ойламайды. Істі алғаш бастаған кезде қандай шынайы болса, үлкен жетістікке жеткен кезде де сол шынайылығынан айрылмайды.

 

 2) Мақтаншақтық

Адамның жаратылысы қашанда мақтауды, басқалардың мадақтағанын, көкке көтеріп қолпаштағанын жақсы көреді. Жаман атқа қалудан қашады, төменшіктеуден қорқады, сондықтан елеусіз болып қалмау үшін рияға жол береді. Құлшылығын Алла разылығы үшін жасаса да, басқаларға да өзін сүйкімді көрсету үшін рияға жол береді. Бір өкініштісі, оны басқалар ұнатып, мадақтағанымен, жасына жас қосылмайды, ризығы артпайды. Басына түсетін ауыртпашылықтар жеңілдемейді, Алланың қалауымен тағдырына жазылған сынақтардан қашып құтыла алмайды.


Рияшыл кісі өзін адамдарға ұнау, жақсы көріну арқылы материалдық пайда көздейді не атақ-абыройға қол жеткізгісі келеді. Негізінде дүниелік нәрселерді, атақ- абыройды басты мақсаты ету түкке тұрғысыз. Таза жүректер мұндай өткінші нәрселердің артынан әсте жүгірмейді. Мүминнің өзін айналасындағы адамдарға жақсы көрсету үшін рия жасауына оның еш мұқтаждығы жоқ. Өйткені, адамды басқаларға тартымды көрсететін тек қана Алла Тағала. Өмірінің әрбір сәтін Алланың разылығын алу үшін тиімді қолданған мүминді, әрине барлық адамдар жүрекпен жақсы көріп қабылдайды, қолдау жасайды. Көркем мінезді, шынайы, әділ әрі адал, сырты мен іші бірдей болған адамды жақсы көру мүминдердің жаратылысында бар. Сол үшін де Алла разылығын алу жолында тырысып әрекет ету, мүминдердің де разылығына бөленуге өздігінен жол ашады. Бірақ тек қана адамдардың разылығына бөленуді мақсат етіп жасалынған істе Алланың разылығы мүлде болмайды.

 

3) Абыройлы болуға құмарту

Пенделік абыройдан айырылып қалудан қорқу – құлдың өзінің кемшіліктерінің барына сенбеуі және жақсы іс жасаса да басқалар «бәрібір жаман ойда болады» деген күдікте болуы. Бәрімізге белгілі, көпшіліктің ішінде жаман аты шығып, абыройынан айрылған адамның сөзіне ешкім сенбейді, оның куәгерлігі де қабыл болмайды. Ешкім онымен бірге жүргісі келмейді, араласқысы келмейді. Мұндай адамның сәлемі алынбайды, талап-тілектері жауапсыз қалып жатады. Оған ешкім аманатты сеніп тапсырмайды. Қауымнан шеттетіліп қағыс қалады. Кейбір адамдар осындай жағдайға душар болмас үшін сөздері мен әрекеттеріне рияны араластырады. Басқалардың алдында «беделсіз болмайын», – деп өзін жақсы етіп көрсеткісі келеді. Болмысындағы жоқ қасиеттерді жасанды мінезімен бар етіп көрсетуге тырысады.

 

4) Басқаларды көреалмау

Күмәнсіз адам баласы өзін үкім етілгеннен (тағдыр) артығына қол жеткізе алмайды. Егер қандай да бір нәрсеге қол жеткізген болса, оның өзі Алланың үкімімен жүзеге асып жатады. Егер жаратушысына ықыласпен ғибадат жасағанында, қол жеткізгісі келгеннің барлығына қол жеткізер еді. Басқаша айтқанда басқаларға берілген мүмкіндіктерге көз тігудің еш пайдасы жоқ. Өйткені Алла Тағала құлы үшін қайсысының жақсы және ненің қайырлы екендігін білгендігі үшін, әркімге әрқалай мүмкіндіктер беретінін ұмытпаған жөн. Сондықтан құл қандай жағдай да болса да, Алла Тағаланың өзіне жазғанына разы болуы керек және халіне шүкір етуі тиіс.Егер құл Алланың өзіне берген нығметіне қаншалықты шүкір етер болса, Алла Тағала оның нығметін одан сайын арттыра түседі. Құран кәрімде бұл жағдай: «Егер шүкіршілік етсеңдер, нығметімді сөзсіз арттырамын. Ал егер жақсылықтың қадірін білмесеңдер, онда азабым, расында да, тым қатты» (Ибраһим сүресі, 7-аят), – деп баяндалады.

www.akikat.kz





[1] Ширк – Аллаға серік қосу





Оқи отырыңыз