Akikat.kz - рухани танымдық, ғылыми портал

http://akikat.kz

Басты бет > Мақалалар > Көркем мінез > Исар

Исар

2015-09-09 3611

Исар – Хақ тағала жолында болу және Оған иман келтірген өзге де жандар үшін жанын пида етуден таймайтындай мәрттік қасиеттің шыңы болып саналады. Исар – адамның өз қамынан бұрын өзгелерді ойлауы дегенді білдіретін исламдағы моральдық ұғым. Исламдағы ахлақ (этика, мораль) ілімі өкілдерінің пікірінше исар ­– адамның қоғамдық мүддені жеке мүддесінен жоғары көруі дегенге саяды. Ал енді Исламдағы сопылық ілімі өкілдерінің пікірінше исар, шынайы «тәфани»[1] түсінігімен адамның өз бойындағы өзімшілдік түсінікке түгелдей қарсы шығып, өз рақатынан бұрын өзгелердің бақыты үшін өмір сүруді бақыт санайтын моральдық қасиет ретінде сипатталады.[2]  

 

Исар – Аллаһ тағала адам баласына нәсіп еткен дүниелік рақат пен ләззаттың басқаларға да нәсіп болуын шынайы түрде қалау, осы мақсатта түрлі ұйымдасқан шараларға атсалысу, осындай шараларға ерікті түрде қатысуға деген құлшыныс, түсінік дегенге саяды. Исарды – басқалардың игілігі үшін өмір сүруге деген бейімділік немесе құштарлық ретінде де сипаттауға болады. Сонымен қатар, исар – ел қамын өз қамынан артық көру, қара басының рақатын ұмытып, өзгелердің бақыты үшін өмір сүруден шынайы ләззат табатын түсінік-танымның атауы болып табылады. Исар – бірінші кезекте өзгелерге пайдасын тигізу, екінші кезекте өзгелерге көмек қолын ұсыну, осы мақсатта бүкіл әрекеттерін шынайы түрде Аллаһ тағала разылығы үшін жасау, үшінші кезекте қайырымды әрекеттерін қандайда бір материалдық және рухани пиғылдан ада күйде шынайы түрде жасау дегенге саяды.

 

Исар мен адамдағы көңіл тоқтығы, барша жанға деген мейірім мен жылулық қаншалықты бір-біріне етене жақын ұғымдар болса, исар мен тәкәппарлық, астамшылдық және өзімшіл сана-сезім де соншалықты бір-бірінен алыс ұғымдар.

 

Исардың мәртебелері 

Исардың өз ішінде бірнеше мәртебесі болады. Рухани, нәпсілік, тәндік, материалдық, жеке адамға тән және қоғамдық деңгейде исар мәртебелері бар. Исардың әрбір мәртебесі мен сатысында Аллаһ тағаланың разылығы басты мақсат-мұрат болуы оның негізгі шарты болып саналады.

 

Исардың бірінші мәртебесінде адам өзіне зиян келмейтіндей деңгейде өзін емес, өзгені тойдырып, өзгені киіндіріп, өзінен бұрын өзгенің шөлін қандырады. Алайда, бұл мәртебеде кісі жүрегі мен уақытын Аллаһ тағалаға арнай отырып, өзге бір жанға рақат беретін нәрселерге арнамауы шарт. Өйткені, бұл әрекет адамның парқына бармастан әзәзілге көмектесуіне жол ашуы да ғажап емес.

 

Исардың екінші мәртебесінде кісі адамдардың ризашылығын емес, Аллаһ тағала разы болатын қандайда бір әрекетті жағдай қаншалықты ауыр болғанына қарамай жасай білуі, басқалай айтқанда Аллаһ тағаланың разылығын адамдардың ризашылығынан жоғары көруі болып табылады.

 

         Исардың үшінші мәртебесінде кісі өз бойындағы исардан туындаған көркем қасиеттерді нәпсі мен мендік санадан туындайтын кез-келген жымысқы пиғылдан аулақ ұстайды. Кісі өз бойындағы исар халін өз жетістігі емес, тікелей Аллаһ тағала нәсіп еткен көркем қасиет ретінде пайымдап, бағалайды. Өйткені, кісі осынау ізгілікті бойына дарытып, көркем амал жасауға деген ерік-жігер мен көркем мінезді нәсіп еткен Аллаһ тағала екенін тереңнен пайымдай алатын дәрежеге жетеді. Бұл мәртебе нәбилердің[3] (аләйхимуссәләм) мәртебесі болып саналады.

 

Осынау мәртебенің тағы бір саты жоғарысында Аллаһ расулдарының, олардың да жоғарысында «Улул-азм» пайғамбарлардың[4], ең шырқау биікте болса ардақты пайғамбарымыздың (саллалаһу аләйхи-саллам) исар мәртебесі бар.

 

Құран-Кәрімнің аяттарында Исар ұғымы 

Ардақты пайғамбарымыз (саллаллаху әләйһи уәссалам) және оның сахабаларының бойындағы исар, яғни өзгелерді өзінен артық көре білгендігі Құран Кәрімде мынадай бір мысалмен баяндалады: «Өздері де мұқтаж болып отырғанына қарамастан азықтарын тек Аллаһ тағаланың разылығы үшін кедейге, жетімге және тұтқынға тарту етеді. Сосын былай дейді: «Біз сендерге тек Аллаһ тағаланың разылығы үшін ғана беріп отырмыз, сендерден осының қарымын күтпейміз, осы үшін алғыс айтылғанын да қаламаймыз. Біз (қайғыдан) адамдардың қабағы қарс түйілетін сол бір күндегі Раббымыздың азабынан қорқамыз». Аллаһ тағала оларды сол бір күннің азабынан қорғайды, олардың жүздеріне нұр, көңілдеріне кеңдік береді» («Инсан» сүресі, 8-11 аят).

 

Исар – тек молшылықта ғана емес, таршылық кезінде де орындалуға тиісті ахлақ[5] қағидасы. Бұл қағида қателік орын алғанда дереу ашуланбау, қате-кемшілікті дереу кешіре білу сынды ерекшелікті қамтитын ахлақ қағидасы екендігі Құран Кәрімнің мына бір аятында баяндалады: «Сол бір тақуа жандар молшылықта да, таршылықта да Аллаһ тағала үшін жұмсайды, өкпелерін ішке жұтып, адамдарды кешіреді. Аллаһ тағала да көркем әрекет жасағандарды жақсы көреді» («Али-имран» сүресі, 134 аят).

 

Аллаһ тағала Тәкәддас[6] Әнсарлық[7] сахабаларды сараңдықтан бойларын аулақ ұстап, әсіресе таршылық кезде исар ахлақын паш ете білген қайырымды әрекеттерін Құран Кәрімде былайша мақтайды: «Бұрыннан Мәдинада тұратын және көңілдеріне иманды орнықтырған жандар өздеріне көшіп келгендерді жақсы көреді және оларға берген дүниелері үшін іштей ешбір алаңдаушылық сезінбейді. Өздері мұқтаж жағдайда болса да оларды өздерінен артық көреді. Кімде-кім өз нәпсісінің сараңдығынан қорғанса нағыз құтылушылар міне солар болып табылады («Хашир» сүресі, 9 аят).

 

Расында да, осындай абзал жандар дүниенің болмашы қызықшылығынан жүректерін пәк ұстау үшін ізгі қасиет пен исар рухына ие болу арқылы қол жеткізе алатынын тереңнен пайымдайды. Олар адамдарды шынайы сүйіспеншілікпен жақсы көруді, дүниелік қызықтан жанкештілікпен бас тартуды, қайырымдылықты ең жоғары ахлақ ретінде бағалайды. Өздері мұқтаж бола отырып алдымен бауырларын ойлауы Аллаһ тағалаға күшті иман келтіріп, Раббыларына шексіз «хүснү-зан»[8] арқылы тәуекел ете білгендіктері үшін айтылған. Дүниеден ақыретті артық көрудің адамды қаншалықты рухани игілікке кенелтетінін Құран Кәрім біздерге былайша баяндайды: «Ендігі жерде кімде-кім шектен шығып, азғындайтын болса, ақыретті ұмытып, дүние өмірінің рақатына ден қойса оның баратын жері – жаһаннам! Ал енді, кімде-кім Раббысына есеп беруден қорқатын болса және өзін нәпсісінен және нәпсіқұмарлыққа салынудан тізгіндеп шектейтін болса оның баратын жері – жәннат болмақ!» («Назират» сүресі, 37-41 аят).

 

Исардың керісіншесі еш уайым-қайғысыз, үнемі өзгелерді аяқтан шылып, іштей ірітумен болатын адам немесе қауымдардың жетім мен жоқ-жітікті еш қаперге алмайтыны Құран Кәрімнің мына бір аятында баяндалады: «Кедейді (өзі тойдыруы былай тұрсын өзгелердің де кедейлерді) тойдыруына мүмкіндік те жасамайтын еді» («Хакка» сүресі, 36 аят).

 

Хадистерде Исар ұғымы

Әбу Саиди-Худри (р.а.) былай деп баяндайды: «Әнсардан (р.анһум) кейбір кісілер Аллаһ расулынан (саллаллаху аләйху уәссалам) бір нәрселер сұрады. Пайғамбарымыз (саллаллаху аләйху уәссалам) сұрағанын берді. Сонан соң тағы да бірдеме сұрады. Ол (саллаллаху аләйху уәссалам) тағы да сұрағанын берді. Сонан соң тағы да сұрады. Ол (саллаллаху аләйху уәссалам) сұрағанын тағы да берді. Аллаһ елшісінің қасында тұрғандар аң-таң болды. Осыдан кейін пайғамбарымыз былай деді: «Қолымда мал-мүлік болса бұны сендерден жасырып, өзім үшін ешқашан жинамаймын. Сондықтан да, кімде-кім иффәтпен (көңіл тоқтығымен) әрекет етіп, алақан жаймайтын болса, Аллаһ тағала оны ешкімге мұқтаж етпейді. Кімде-кім истиғна (қанағат) ететін болса, Аллаһ оны «ғани» (көңіл байлығы) етеді. Кімде-кім сабырлы болуға күш салса Аллаһ тағала оған сабыр береді. Ешбір жанға сабырдан әлдеқайда қайырлы, одан әлдеқайда мол игілік берілген емес» (Бухари, Зекет 50, Рикак 20; Мүслим, Зекет 124; Әбу Дауд, Зекет 28).

 

Пайғамбарымыз (саллаллаху аләйху уәссалам) өзіне келген сыйлықтарды өзі мұқтаж бола тұра өзі үшін алмайтын, оларды міндетті түрде біреуге сыйлап жіберетін. Халид бин Сайд әл-Астың риуаяты бойынша Аллаһ расулына (саллаллаху аләйху уәссалам) оюланған кішкене бір киіз шапан келеді. Пайғамбарымыз (саллаллаху аләйху уәссалам) қасында тұрған сахабаларына: «Осы шапанды кімге берген жөн?» деп сұрады. Сол жерде тұрғандар арасынан ешкім жауап қатпады. Содан кейін пайғамбарымыз «Маған Үммү-Халидті алып келіңдер» деді. Үммү-Халид қасына келгесін пайғамбарымыз шапанды оның үстіне жапты. Аллаһ расулы «Үстіңде тозсын, сонан соң орнына жаңасын алу нәсіп болсын» деп, екі рет дұға жасады. Шапанның үстінде өрілген сары, қызыл оюларға қарап тұрып, оның әдемі екеніне назар аударғысы келіп «Уа, Үммү-Халид сәнәху, сәнәху» деді. «Сәнәху» сөзі Хабаш тілінде «әдемі» дегенді білдіретін» (Бухари, Жиһад 188; Либас 22-32; Әдеп 17; Ахмад бин Ханбәл, VI/365).

 

Өзгелерді киіндіруде осыншалықты деңгейде исар қасиетін бойына тұндырған пайғамбарымыз (саллаллаху алайхи уәссалам) өзгелерді тойдыруда тіптен алабөтен болатын. Пайғамбарымыздың (саллаллаху аләйху уәссалам) үйіндегі тамақты өзінен және отбасынан бұрын дереу өзгелерге таратып жіберетін. Хазірет Айша (р.а.) анамыз былай дейді: «Хазірет пайғамбар бірде қой сойып, етінің кедей-кепшіктерге таратылуын тапсырды. Содан бір күні «Әлгі еттен бірдеме қалды ма?» - деп сұрады. Біз «Бір парша сүйектен басқа ештеме қалмады» дедік. Содан кейін Хазірет пайғамбар (Аллаһ разылығы үшін қайырымдылық жасаудың, яғни, исардың шыңы саналатын мына сөзді айтқан еді): «Ендеше бір парша сүйектен басқа ол қойдың барлығы біздікі болды десеңші» деген еді (Тирмизи, Қиямет 33).

   

Жан және исар

Исардың өзге бір түрі адамның өмірін пида ету арқылы жүзеге асады. Мұндай деңгейде адам өзгелер үшін өз рақатын, тыныштығын, тіптен өмірін пида етеді. Өзгелердің игілігі үшін шахит болуға да бел байлайды. Елдің тыныштығы, бақыты және мамыражай өмірі үшін әскер мен қауіпсіздік саласының қызметкерлері қажет кезде жанын да пида етеді. Мұндай жандар Аллаһ тағаланың оларға жасайтын ұлы сыйын (сол үшін олар «шахит» деп аталады) көргендіктен дүниеге он рет қайта қайта келіп, он рет осынау жанкештілікті қайталап жасауды қалайды(Бухари, Жихад 21).

 

 «Таха» сүресіндегі бір аятта берік имандарының арқасында Перғауынның зұлымдығы мен озбырлығынан еш қаймықпаған сиқыршылардың Аллаһ тағалаға деген сүйіспеншілігі, Оған деген шынайы берілгендіктері, иманның қарымы ретінде ешбір дүние қызығына алданбағандықтары, дін мен иман жолында өмірін пида етуден тайсалмайтын қайсарлықтары жарқын бір мысал ретінде баяндалады. Олар: «Мүмкін емес, бізге жеткен осыншама дәлелдер мен бізді Жаратушы тұрғанда саған бет бұра алмаймыз. Не істегің келсе соны істе. Сенің үкімің тек қана осы дүниеде ғана жүреді. Біз Раббымызға иман келтірдік. Ол күнәларымызды кешіреді деген үміттеміз. Аллаһ тағала әлбетте әлдеқайда қайырлы және Оның беретін нығметтері таусылмас мәңгі» деген болатын («Таха» сүресі, 72-73 аят).

 

Осындай жоғары деңгейдегі исар сахабалар арасында да болды. Мұның жарқын мысалы Йәрмук соғысында орын алды. Осы соғыста Харис бин Хишам, Икрима бин Әбу Жәхил және Айяш бин Әбу Рабиа ауыр жарақат алады. Харис бин Хишам ауыр жараланып жатып қатты сусап, сонда жүрген бір кісіден су сұрайды. Әскерлердің бірі оған су апарады, алайда, сол тұста Икриманың да су сұраған дауысын естіп, «Бұл суды Икримаға апар» дейді. Икрима суды алып жатып, бұл жолы Айяштың сусыраған халін байқап, өзіне әкелінген суды ішпей «Суды Айяшқа апарып бер» дейді. Алайда, су Айяшқа жеткенде Айяш шахит болып кетеді, осыдан кейін су тасып жүрген кісі қайтадан Икримаға жүгіреді. Алайда, осы кезде Икрима да шахит болған екен. Осыны көріп ол суын ала Хариске қарай жүгіреді, ол барғанда Харисте шахит болып кеткен еді (Кәнзул-уммал, V/310; Хаким, Мустадрәк, III/242).

 

Хазірет Әбубәкір айтқан деп айтылатын бір риуаятта оның мүминдердің жаһаннамға кетпеуі үшін Аллаһ тағаладан өз тәнін жаһаннамда үлкейтуін, осылайша тозақта ешбір мүминге орын қалмай олардың орнына өзінің азап тартуын қалағаны исардың жанды пида етіп жасалуы тұрғысынан ең жарқын мысалы болып табылады.

 

Өткен ғасырда Бәдиүззаман Сайд Нұрси Хазіреттің «Халқымның иманын амандықта көретін болсам жаһаннам жалыны арасында жануға разымын. Өйткені, тәнім жанып жатқанда көңілім жаннаттай жайлы болады» деген сөзі де жан арқылы жасалатын исардың өзге бір жарқын мысалы. Осы тұсқа дейінгі ойымызды қорыта айтар болсақ, исар – адамның өз ерік-күшімен таңдау жасайтын өмір сүру салты. Осынау ізгі қасиетті бойына дарытқан жан молшылықты емес, жоқшылықты, қарапайым өмірді саналы түрде таңдайды. Риуаяттарда пайғамбарымыздың (саллаллаху алайхи уәссалам) жеңістерінен кейін кіріс көзінің артып, молшылыққа кенелгеніне қарамастан өмір сүру салтын еш өзгертпестен үш күн қатарынан бидайдан жасалған нанды тоя жемегендігі, ас үйінде талай күн қатарынан от жағылмай, ыстық ас піспей тым қарапайым өмір салтынан ажырамағандығы айтылады.

 

Пайғамбарымыз (саллаллаху алайхи уәссалам) бүкіл өмірінде саналы түрде исар халімен қарапайым, тақуа ғұмыр кешті. Қолына не түссе де бірін қалдырмай барлығын өзгелердің игілігі үшін жұмсады. Исар - адамның мақам-мансап, мал-мүлік, дүниелік немесе діни, кез‑келген рақаттан бас тартып, Аллаһ тағаланың разылығын ғана мақсат-мұрат етіп өмір сүруі болып табылады. Мұндай хал қол жетпес арман емес, әр адамның күші жететін, үйреніп, икемделе алатын, сонымен бірге өмірде тікелей іске асыруға болатын аса жоғары моральдық ізгі қасиет. Аллаһ тағала (жәллә жәләлуху) қалаған құлын осынау ұлы қасиетке қарай бағыттайды. Мұндай кісі мүмкіндігі жеткенше Аллаһ тағала нәсіп еткен осынау ұлы ақиқатты тікелей өз өмірінде жүзеге асырумен бірге өзгелерге де осыны ұғындыруға күш салмақ. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, пайғамбарымыз (саллаллаху алайхи уәссалам) бізге осынау ұлы ақиқатты паш етті, үйретті және ең бастысы осы қасиеттің ең керемет үлгі-өнегесін өз ғұмырымен көрсетті.

 

 

 


 

[1] Тәфәни - адамның жолдасының көркем мінезіне сүйсінуі, бір-бірі үшін шынайы берілуі дегенді білдіретін Исламдағы моральдық қасиеттің атауы

 

 

[2] Фетхуллах Гүлен, Кальбин зумрут тепелери, 2/225

 

 

[3] Нәби – Аллаһ тағаланың елшілері

 

 

[4] Улул-азм пайғамбарлар – мәртебе бойынша ең үлкен бес пайғамбар. Бұлар: Нұх, Мұса, Ибраһим, Иса және Мұхаммед пайғамбарлар (саллаллаху әләйһи уәссалам). 

 

 

[5] Ахлак – Ислами моральдық ілім атауы

 

 

[6]Тәкәддас – Аллаһ тағаланың аты аталғанда «кемшілік және нұқсандықтан пәк» деген мағынаны білдіретін сипаттамасы болып табылады.

 

 

[7] Әнсар – Меккеден көшіп барған Мухажир (көшіп барушы) сахабаларды бауырға басқан Мәдиналық сахабалардың аты.

 

 

[8] Хүснү-зан – бір нәрсе туралы тек жақсы ойда болу, тек жақсылық ойлау дегенді білдіретін қасиет

 

 



Оқи отырыңыз