Akikat.kz - рухани танымдық, ғылыми портал

http://akikat.kz

Басты бет > Мақалалар > Өмірбаян > Абу Ханифа

Абу Ханифа

2015-09-09 2861

Абу Ханифа рахимаһулла Нұғман ибн Сәбит әл-Куфи фақиһ, ғалым кісі болған. “Аһли сунна уал- жамағаның” үлкен имамы, Ханафи мазхабының негізін салушы бай білімімен және көркем мінезімен танымал болған. Тіпті Имам Шафиғи ол қақында былай деген: “Кімде-кім фиқһ іліміне кірісуді қаласа, онда ол Абу Ханифаға міндетті түрде аялдау керек екенін ұмытпасын[1]. Абу Ханифа табиғиндардан есептеледі. Себебі бірнеше сахабаның көзін көрген, мысалы: Әнас ибн Мәлік сияқты. Сондай ақ, Абу Ханифа тақуалығымен, көп құлшылық жасауымен, байсалды мінезімен және үлкен ықыласымен танымал болған[2].

 

Дүниеге келуі: Көпшілік ғалымдардың айтуынша Абу Ханифа 699 жылы [80 хижри] Куфа қаласында дүниеге келген[3]. Әкесінің есімі Сәбит ибн Зута ибн Маһ. Бізге белгілі болғандай Парсы ұлтынан шыққан[4]. Деседе Араб екенінде айтқандар жоқ емес[5].

 

Өскен ортасы: Абу Ханифа Куфа қаласында бақуатты отбасында дүниеге келіп сонда өсті. Әкесінің немен айналысқаны жайлы нақты мағлұмат жоқ, бірақ Абу Ханифаның өміріне қарасақ оныңда саудагер болғаны анықталуда. Сондай ақ, әкесі Сәбит жақсы , тақуа мұсылман болған[6]. Көптеген ғалымдардан келген риуаяттарда Али р.а. әкесі Сәбитке  және оның ұрпақтарына береке тілеп дұға жасағаны белгілі[7].

 

Куфа қаласы Ирактың үлкен қалаларынан саналатын. Онда көптеген мәдениетермен діндер болатын. Исламнан бұрында білім алқаларымен мектептер болатын. Ол оқу орындарында ежелгі Грек философиясымен Парсы әдебиетінің шығармалары үйретілетін. Ислам діні келгеннен кейін осы аталмыш мәдениеттер аралас-құралас болды. Дін аралық диалогтармен диспуттар болатын тіпті кейде келіспеушіліктерде орын алатын. Сондай ақ, ислам дінінің келуімен Шиғалар, Муғтазилалар сондай ақ, бастапқыда Харижиттерде болатын.

 

Сонымен қатар Ислам дінінің келуімн медреселер ашылып, діни білім керемет жүйеде беріле бастады. Сахабаның көзін көрген ғалым табиғиндер көп болатын[8].

 

Абу Ханифа осындай қоғамның арасында көзін ашты. Жастайынан Құран жаттап түрлі ілімдерді ала бастады, бірақ әкесінен мирас болып қалған сауда-саттық саласын да тастамады. Есейген сайын білім мәжілістеріне сирек баратын болды. Жас Абу Ханифаның зеректігін білетін ұстаздары білім мәжілістерінен айрылмауын насихат еткен. Бұны Абу Ханифа былай жеткізеді: “Бір күні әдеттегідей базарға баражатқанымда Имам Шаъби шақырып алды да, былай деді.

-         “Қай мәжіліске бара жатырсың? – деді.

-         Мен; “Базарға” – деп жауап бердім. 

-         Базар емес білім мәжілісін айтамын – деді.

-         Мен; “Білім мәжілістеріне сирек барамын” – деп жауап қаттым.

-         “Ілімге бет бұр! Білім мәжілістерінен айрылма! Мен сенің бойыңнан зеректікпен ықыласты байқағаннан айтып тұрмын” – деді.

Осы сөз жүрегіме жетіп ілім жолына түстім. Алла Тағала Имам Шаъбидың себебімен білім жолында көптеген жетістікке жеткізді” – дейді[9].

Осылайша Абу Ханифа ілім жолына толықтай өзін арнап көптеген ұстаздардан білім алып өзіде көптеген шәкірттер тәрбиелейді.

 

Ұстаздары: Біздерге жеткен риуаяттарда Абу Ханифаның ұстаздарының саны 4000-ға жуық болғаны айтылады. Солардың ішінде 7 сахаба, 73 табиғин қалғандары атбауъ табиғандер[10]. Бұған танғалудың еш керегі жоқ себебі; Абу Ханифа 55 рет қажылыққа барғаны белгілі, ал қажылық маусымында Мекке ислам жағрафиясының түкпір-түкпірінен келген ғалымдармен толып-таситын[11].

 

Абу Ханифаның ұзақ уақыт қасынан қалмай жүрген ұстазы Хаммад ибн Аби Сулайман болатын. Ол сенімді, табиғин ғалымдарынан болатын. Хамматтан Абу Ханифа діни үкімдерге қатысты 1000 хадис риуаят еткен. Хаскафидың жинауымен бұлардың үште бірін “Муснад Аби Ханифа” атты кітаптан көре аласыз. 

 

Абу Ханифа Хаммад ұстазынан айрылып бөлек білім алқасын басқарғысы келгенін, бірақ кейіннен қайтып ұстазының білім алқсына оралғанын былай жеткізеді[12]: “Басра қаласына келіп білім алқасын басқара бастадым, сонда маған жауабын білмейтін сұрақтар келді. Сол кезде өзіме; ұстазым Хамматтың қасынан өле-өлгенше айрылмайтыныма сөз бердім. Осылайша ұстазым дүние салғанша қасында 18 жыл шәкірт болдым”[13]. Абу Ханифаның 40 жасына келгенде ұстазының орнына отырғанын негізге алатын болсақ 22 жасында ұстазы Хамматтың мәжілісіне бастағаны белгілі болады[14].

 

Шәкірттері: Абу Ханифаның көптеген шәкірттері болған. Солардың кейбіреулерін айтатын болсақ: Абу Юсуф Яаъқуб ибн Ибраһим, Мухаммад ибн Хасан Шайбани, Зуфар ибн Һузайл, Ибраһим ибн Таһмат Хорасан ғалымы, Хаса ибн Зияд әл-Лулу, Хафс ибн Абдурахман Қади, Абдулла ибн Мубарак т.б[15]. Келесі мақаламызда Абу Ханифаның бірнеше шәкірттеріне кеңірек тоқталамыз.

 

Ілімдегі дәрежесі/діндарлығы/ғұламалардың ол кісі жайлы пікірлері: Имам Жалалуддин Суюути былай дейді: Абу Нуғаймның “Хилия” атты еңбегінде Абу Хурайрадан жеткізген хадисінде Пайғамбарымыз саллалаһу алайһи уа саллам парсыдан шығатын ғалыммен сүйіншілеген, яғни Абу Ханифамен сүйіншілеген: “Егер ілім шолпан жұлдызда болса парсы ұлдары оған барар еді”[16].

 

Имам Шафиғидің ұстазы Уакиъ өз сөзінде: “Абу Ханифа өте аманатқа берік және Алла ризалығын бүкіл нәрседен жоғары қоятын. Егер оған “бір істі жаса немесе басың кетеді” десе де Алла ризалығы жоқ істі жасамайтын”[17].

 

Имам Шафиғи куәгер болған бір оқиғаны былай жеткізеді: “Бірде Имам Мәлік Абу Ханифа жайлы былай деп сұралды;

-         Абу Ханифаның өзгелермен бір мәселеде пікірталасқа түскенін көрдіңізбе? – деп сұрады.

-         Сонда Имам Мәлік: Иә көрдім. Оның дәлелінің қуаттылығы соншалық біреу мына бөрене тастан десе, егер ол алтыннан десе, Ол сөзсіз алтыннан екеніне бәрін сендіретін еді” – деді”[18].

 

Имам Шафиға Абу Ханифа жайлы былай баяндайды: “Кімде-кім хадис үйренемін десе онда Имам Мәлікке барсын! Кімде-кім пікірталаста жеңемін десе Абу Ханифадан тәлім алсын, ал кімде-кім тәпсір ілімін қаласа онда Муқатил ибн Сулайманнан алсын!”[19].

 

Имам Ахмад Ханбал былай дейді: “Абу Ханифаға білімде, тақуалықта және әрдайым ақыретті ойлауда ешкім жете алмайды. Қазы бол деп қанша дүре соғылса да қабылдамады. Алла Тағала мйріміне алсын!”[20].

 

Яхиа ибн Наср былай дейді: “Абу Ханифа Рамазан айында Құран Кәрімді 60 мәрте хатым жасайтын”[21]. Абдулла ибн Мубарак: “Куфаға алғаш келгенімде ең тақуа адам кім деп сұрағанымда, барлығы Абу Ханифа деп жауап берді”[22] – дейді. Иазид ибн Харун: “Мыңдаған ұстаздан тәлім алдым солардың ішінде Абу Ханифадан асқан тақуа адам көрмедім, сондай ақ, араларындағы ең көп хадис білетініде сол болатын”[23]. Яхиа ибн Абдулхамид Хамани әкесінің аузынан естігенді сөзді былай баяндайды: “Мен Абу Ханифаның қасында 6 ай жүрдім, сонда таң намазын әрдайым құптан намазының дәретімен оқығанын көрдім және күн сайын таңға жуық Құранды хатым ететін”[24] - деген.

 

Артта қалдырған еңбектері және олардың артықшылықтары: Абу Ханифаның ғасыры тадуин[25] ғасыры болмағандықтан өзге ғалымдар сияқты көп кітап жазбаған. Күнделікті ісі - таңға дейін құлшылық, таң намазынан духа уақытына дейін білім мәжілісінде тәлім үйрету. Духа уақытында өз жұмыстарымен сыртқа шығатын. Бесінмен аср намазының арасында көзін іліп алып аср намазынан кейін қайта білім мәжілісіне оралатын. Осылайша ел-елден келген шәкірттерге білім, ілім үйретіп оларды тәрбиелейтін. Сол себепті өз дәрежесін лайықты түрде көрсететін еңбек жазбаған[26].

 

Абу Ханифадан біздерге мына еңбектері жеткен: “Фиқһу акбар және Фиқһу абсат”, “Алим уа Мутаъллим”,  “Рисала” - тәпсірші ғалым Муқатил ибн Сулайманға жіберілген хаты және екінші “Рисала” Басра фақиһы Осман ибн Баттиге жіберген хаты. “Уасия[27] шәкірттеріне арнап өсиет стилінде жазылған Ақидаға байланысты мәселелер жинағы[28].

 

Фиқһу акбар” – бірнеше параққа жазылған Ақида мәселелерін қамтыған шағын кітапша Үндістанның Хайдарабад қаласында алғаш басылған. Бұл кітап бірнеше адамнан бізге жеткен, солардың ішінде Абу Ханифаның ұлы Хаммад ибн Аби Ханифадан. Сондай ақ, бұл кітаптың бірнеше шархы [түсіндірме] бар мысал айтар болсақ; Али Қаридың[29]. “Фиқһу акбардың” Абу Мутиъ Балхиден жеткен риуаяты “Фиқһу абсат”- деп аталады. Фиқһу абсаттың да  бірнеше шархы бар; Абу Лайс Самарқандидың және Ата ибн Али Жузжанидың[30] еңбектерін көрсетер едік.

 

Бұларға қоса Абу Ханифаның “Китабу радд ала қадария” атты кітабы бар. Бұл кітап “Қадари” ағымын жауап ретінде жазылған[31].

 

Сонымен қатар, Абу Ханифаның хадис жинағы бар. Тіпті бір сандық хадис жазбасы болғанын былай айтады: Яхиа ибн Наср ибн Хажиб былай дейді: Абу Ханифаның былай дегенін естідім: “Менде бір сандық хадис бар, бірақ реті келгенде пайдалануға тиімдісін ғана шығарамын”[32] – деген. Абу Ханифаның хадис жазғанынан қарағанда оны түсініп одан шығатын үкімдермен шұғылданғанын көруге болады.

 

Абу Ханифаның жинаған хадистері кейінірек 17 муснат кітап болып жарық көрді. Ең алғашқы болып фиқһ бабтарымен хадис жинаған Абу Ханифа[33]. Бұл аталмыш хадис жинағын шәкірттері жинаған, яғни ұстазының риуаят еткен хадистерін жазып кітап ретінде қалыптастырған[34].

 

Ханафи мазхабының негізделген тіректері: Абу Ханифадан жеткен бір хабарда былай делінген: “Үкім шығарарда Алланың кітабына қараймын егер одан таппасам Пайғамбарымыздың саллалаһу алайһи уа саллам сүннетінен қараймын. Ал егер екеуіненде таппасам қалаған сахабаның пікіріне жүгінемін, бірақ сахабаның сөзінен шығып өзгелердің [табиғиндер] пікірін негізге алмаймын. Ал Ибраһим, Шағби, Ибн Сирин, Хасан, Ата, және Саъид ибн Мусаййабқа келсек [есімі аталғандар табиғиндер] олар ижтиһад жасағандай менде ижтиһад жасаймын”[35] – деген. Бұл айтылғандарды жеке-жеке алсақ Ханафи мазхабының үкім шығаруда негізделген тіректері мыналар: 1. Құран Кәрім. 2. Сүннет [хадис]. 3. Ижмаъ. 4. Қияс. 5. Истихсан. 6. Ғұрып, Әдет. Бұл тұрғыда Имам Муртада Забиди “Уъқуд жауаһир ханафия фи адиллати мазхаб имам аби ханифа” атты еңбек жазған[36].

 

Дүниеден өтуі: Абу Ханифа 767 жылы [150 х.] Бағдат қаласында дүние салды. Жаназа намазына 50 000-ға жуық адам қатысты. Ибн Касирдың айтуынша адамның көптігінен 6 мәрте жаназа намазы оқылды дейді. 987 жылы [375 х.] қабірінің қасына “Абу Ханифа” мешіті тұрғызылды[37].

 

      Қорытынды: Бұл шағын мақаламызда Абу Ханифаның өмірге келгенінен қайтқанына дейінгі қысқаша өмірбаяндық мағлұматтар қамтылды. Негізінде бұл көрнекті Ислам ғұламасы туралы жазылған еңбектер өте көп. Мақаланың келесі бөлімінде оның мыңдаған шәкірттерінен бірнешеуін көпшіліктің назарына ұсынамыз.

www.akikat.kz

 




[1] “Табииду сахифа” Имам Суюти. 28 бет.

 

[2] «Абу Ханифа хаятуһу уа асруһу-ароуһу eа фиқһуһу» Имам Мухаммад Абу Заһра. Фикр араби баспасы. 14-25 бет.

 

[3]  «Абу Ханифа хаятуһу уа асруһу-ароуһу eа фиқһуһу» Имам Мухаммад Абу Заһра. 14 бет.

 

[4] «Тарих Бағдад» Хатиб Бағдади. Рисала баспасы, Бейрут 1956. [Абу Ханифа бөлімі].

 

[5]  «Мазаһиб уа адиян фи ирак» Рашид.67 бет.

 

[6]  “Абу Ханифа” Мухаммад Абу Заһра. 20 бет.

 

[7]  “Абу Ханифа” Мухаммад Абу Заһра. 21 бет.

 

[8]  “Абу Ханифа” Мухаммад Абу Заһра. 21-22 бет.

 

[9]  “Абу Ханифа” Мухаммад Абу Заһра. 22 бет.

 

[10] Сахабалардың артынан ергендер “Табиғиндер”, Табиғиндердің артынан ергендер “Атбауъ табиғиндер.

 

[11] “Абу Ханифа” Мухаммад Абу Заһра. 30-31 бет.

 

[12] “Абу Ханифа” Мухаммад Абу Заһра. 29-30 бет. “Табииду сахифа” Имам Суюти. 24 бет. “Сияр аълам нубала” Имам Заһаби. 398 бет.

 

[13] “Абу Ханифа” Мухаммад Абу Заһра. 30 бет. “Табииду сахифа” Имам Суюти. 24 бет. “Таһзиб кәмәл” Муззи. 29 том, 427 бет.

 

[14] “Абу Ханифа” Мухаммад Абу Заһра. 30-31 бет.

 

[15] “Сияр аълам нубала” Имам Заһаби. 393-394 бет. “Табақату фуқаһа” Абу Исхақ Ширази. Раид араби баспасы. Бейрут 1970. 134 бет.

 

[16] “Сахих муслим” Фадаил сахаба. “Баб фадл фарис” 2546.

 

[17] “Абу Ханифа Нұғман” Уаһби Сулайман Ғауижи. Мактабату мәлик фаһд уатания 2002. 5 бет.

 

[18] ”Маназил аиммату арбаъ” Абу Закария. 173 бет. “Манақиб имам аби Ханифа уа сахибайһи” Имам Заһаби. 30-31 бет.

 

[19] ”Маназил аиммату арбаъ” Абу Закария. 173 бет.

 

[20] “Абу Ханифа Нұғман” Уаһби Сулайман Ғауижи. 5 бет.

 

[21] “Манақиб имам аби Ханифа уа сахибайһи” Имам Заһаби. 23 бет.

 

[22] “Табииду сахифа” Имам Суюти. 29 бет.

 

[23] ”Маназил аиммату арбаъ” Абу Закария. 170 бет.

 

[24] “Сияр аълам нубала” Имам Заһаби. 400 бет. “Манақиб имам аби Ханифа уа сахибайһи” Имам Заһаби. 21 бет.

 

[25] Жинаған ілімдерін қағаз бетіне түсіру немесе кітап етіп жазу.

 

[26] “Абу Ханифа Нұғман” Уаһби Сулайман Ғауижи. 289 бет.

 

[27]Уасияға” - Акмалуддин Бабартидың шархы бар. “Фатх” баспасында басылған. Иордания.

 

[28] “Абу Ханифа Нұғман” Уаһби Сулайман Ғауижи. 290 бет.

 

[29]  Алғаш жарық көруі 1998 ж. Бейрутта “Башайр исламия” баспасында.

 

[30] “Абу Ханифа” Мухаммад Абу Заһра. 148 бет.

 

[31] “Абу Ханифа” Мухаммад Абу Заһра. 148 бет.

 

[32] “Абу Ханифа Нұғман” Уаһби Сулайман Ғауижи. 166-171 бет.

 

[33] “Абу Ханифа Нұғман” Уаһби Сулайман Ғауижи. 166-171 бет.

 

[34] “Абу Ханифа” Мухаммад Абу Заһра. 169 бет.

 

[35] “Абу Ханифа Нұғман” Уаһби Сулайман Ғауижи. 130 бет.

 

[36] “Абу Ханифа Нұғман” Уаһби Сулайман Ғауижи. 133 бет.

 

[37] “Абу Ханифа” Мухаммад Абу Заһра. 59 бет. “Манақиб имам аби Ханифа уа сахибайһи” Имам Заһаби. 48 бет.

 



Оқи отырыңыз