Akikat.kz - рухани танымдық, ғылыми портал

http://akikat.kz

Басты бет > Мақалалар > Сүннет жолы > Хазірет Мұхаммедтің пайғамбарлыққа дейінгі жағдайы

Хазірет Мұхаммедтің пайғамбарлыққа дейінгі жағдайы

2015-09-02 2230

Пайғамбарымыздың (салаллаһу алейхи уа сәлләм) пайғамбарлыққа дейінгі жағдайын қарастырмас бұрын пайғамбарлардың пайғамбар болуынан бұрынғы жағдайларына қатысты жалпы шолу жасаудың үлкен пайдасы бар деп ойлаймыз.


Пайғамбарлардың исметі*

Пайғамбарлар (алейхимуссалам) уәһиден кейін де, одан бұрын да күпірлік пен ширк күнәсынан пәк. Бұл жөнінде суннит [1], мүтезилит [2] және шиит [3]бағыттарының ортақ келісімі/иджмасы [4] бар.


Пайғамбарлардың балалық, жастық және ер жеткен кездері пайғамбарлық кезеңдерінің әдетте баспалдақтары іспеттес. Өйткені, халықты Хақ Тағалаға үндеген адамдардың пайғамбарлық миссиясынан кейін болғандығы секілді одан бұрындары да халыққа наным-сенім ұялату үшін тап-таза, пәк болуы қажет.


Пайғамбарлық миссияның қажет еткен сыпаттар тұрғысынан тақырыпқа назар аударған Нұреддин Сабуни былай дейді: "Пайғамбарды пайғамбарлық миссияға лайық деп тапқан сыпаттардың бірі - өз ғасырында өмір сүрген адамдардың ең ақылдысы болуы, екіншіден, керемет мінез-құлыққа ие болуы [5]. Мысалы үшін Құран Кәрімде «қайырлылар арасынан таңдалып алынған» (Саад, 38/47) деген атаумен олардың бұл көріністері назарымызға ұсынылады. Демек, пайғамбарлар істің басында-ақ адамдардың ішіндегі ең қайырлылары. Алайда, ең қайырлылардың барлығы пайғамбар емес, пайғамбарлар солардың арасындағы ең данышпандарынан таңдалады.  
Базбір Қалям* ғалымдары Құранда пайғамбарларға қатысты айтылған кейбір сөздерге нақты түсініктеме табылмаған жағдайда оны пайғамбарлық миссиядан бұрын орын алғандығына аудара салғанды жөн санайды. Ертедегі Матуриди қалямшыларынан бірі - Фахр уль-Ислам Әбу Йүср әл-Пездеви  (ө.1101) бұл көзқарастың дұрыс еместігіне назар аудара отырып, пайғамбар - пайғамбар болып жаратылады [6] дейді. "Фыкх-ы Әкбар" түсіндірушілері де қорғанудың пайғамбарлар үшін пайғамбар болудан бұрын да, кейін де тұрақты болғандығын айтады [7].  

Біз екінші көзқарастың орынды екендігіне сенімдіміз. Өйткені, олар сол дәуірде пайғамбар болмаса да пайғамбарлыққа үміткер еді, осы беделмен-ақ ерекше қамқорлыққа алынды. Қисынға салсақ бұл солай болуы керек. Өйткені, кейін үмметтерінің алдына жолбасшы ретінде шығатын бұл кісілердің өткен өмірлерінде де қате нәрселер болмауы керек, адамдар сенімсіздікке ұрынбай еш бұратартпастан, қарсы шықпастан олардың соңына еріп, бағынулары тиіс.  

Мысалы, пұтқа табынушы әкенің ошағында өскеніне қарамастан кішкене кезінен бері Хазірет Ибраһим (а.с.) әкесіне, яки өзі өмір сүріп отырған еш нәрсені мойындамайтын қыңыр қоғамға қарсы тәухид сеніммен жүргізген орасан күресі, пайғамбарлардың ортасы қандай болғандығына қарамастан, оларды Алла Тағала ерекше қамқорлыққа алып, қорғаштағандығын көрсетеді. Сондай-ақ, Алла Хазірет Мұсаны Перғауын сарайына орналастырған еді. Алайда, оның тәрбиесін анасына да, перғауынға да сеніп тапсырған емес, санасы мен жүрегін жат ойлар тұмшаламасын деп - "(Әй, сүйікті Мұса) және менің бақылауымда өсіп жетілуің үшін саған өз атымнан бір сүйіспеншілік қалдырдым" (Таха, 20/39) аятының күәлігімен тәрбиесін Алланың өзі ерекше бақылауға алған.  Алла Тағала осылайша бізге перғауын ошағы секілді жағымсыз жердің өзінде болашақта пайғамбар етіп жіберетін құлын күпірлік пен күнәдан алшақ ұстап, қорғаштағанын көрсетеді.


Мұны жасаған Алла әлбетте өзге пайғамбарларды да, айрықша, "соңғы пайғамбар" болған пайғамбарымызды пайғамбарлық миссиясынан бұрын мүмкін болған күнә қатерлеріне қарсы ерекше қорғауға алады.


Пайғамбарымыздың уаһиге лайық болғанға дейінгі халі

Ұлы Аллаһ бүкіл әлемге аса мейірімді етіп жіберген нағыз хас және таңдаулы құлы – Хазірет Мұхаммедті (салаллаһу алейхи уа сәлләм) пайғамбарлығынан бұрын да қолдап қорғаштаған және оның сауатсыздық шырмауына түсуіне мүлде мүмкіндік бермеген. Осы мәселені бірнеше бағытта қарастырып көрейік.

Тарихтың куәгері

Пайғамбарлығынан бұрынғы өмірінде де Оның (салаллаһу алейхи уа сәлләм) ширкті немесе Алланы мойындамауды еске салатын адасушылық әрекетіне тарих куә емес. Дереккөздерімізде бұған қарсы келетін ешқандай дәлел жоқ. Керісінше, Бухари мен Мүслімнің "Сахихтарынан" бастау алатын сенімді деректеріміз Хазірет Пайғамбардың (салаллаһу алейхи уа сәлләм) уаһиге лайық болғанға дейін де Нұр тауында орналасқан Хира үңгірінде белгілі уақыт шамасында Алла Тағаламен қылуетте тақуалық жолға (тәханнүс*) түскендігін айтады [8]. Осы жерде Ибн Хишамның «тәханнүс» сөзіне қатысты жасаған түсіндірмесі өте маңызды. Өйткені, бұл түсіндірме Хазірет Пайғамбардың Хазірет Ибраһимнің әкелген дініне, діни тұрғыда ғибадат еткендігін айтқан көзқарасын алға шығарады. Ибн Хашим араб тілінде кең тараған дәстүр бойынша  ث әрпінің орнына ف әрпінің қолданылғандығын, жоғарыдағы сөздің осындай қолданыс негізінде жасалғандығын, яғни «тәханнүс» сөзі «тәханнүф» сөзі қолданылғандығы айтылады [9]. Теханнүф дегеніміз Ханифтікке*, яғни Хазірет Ибраһимнің дініне сену дегенді білдіреді [10]. Негізінде әйгілі ханифтер - Зеид ибн Амр мен Әбу Зер  әль-Ғифаридің жаһилия дәуірінде де тек қана Аллаға сәжде еткендіктері белгілі [11]. Мысалы үшін Мүслимнің "Сахихінде" кездесетін бір рияуатта Хазірет Әбу Зердің пайғамбарлық миссиясынан бұрын да намаз қылғандығы ашық түрде айтылады (Мүслим, Федаил ус-Сахабе 132).  Сонда Ханифтердің жолы осы болса, Ханиф деген кезде еске алғаш түсетін Кісінің (салаллаһу алейхи уа сәлләм) өзге Ханифтерден өзгеше бағыт ұстануы мүмкін бе?


Алла Расулының пайғамбарлық миссиядан бұрын да сана мен жүрек әлемі тұп-тұнық және тап-таза Ханиф еді. Сондай-ақ, Алиүл Қари, Фахруддин Рази де бұл мәселені қолдай отырып, бізге оны мына сөздермен жеткізеді: «Шындық мынау, Хазірет Мұхаммед (салаллаһу алейхи уа сәлләм) Хазірет Ибраһим (алейһиссәләм) және өзге пайғамбарлардың шариғатынан құпия уаһи және сенімді зерттеулер арқылы өзіне ғана көрінетін Хақпен амал ететін» [12].


Бедиуззаман Саид Нурси де «Хазірет Пайғамбар (салаллаһу алейхи уа сәлләм) пайғамбарлық миссиясынан бұрын қалай ғибадат ететін?" деген сұраққа «Хазірет Ибраһимнің (алейһиссәләм) Арабстанда көп перде артында болып жатқан "бакийе-и дини" (Хазірет Ибраһимнің дінінен қалған негіздер) арқылы»  деп жауап берген және артынша былай айтқан: «Алайда парыз және мәжбүрлік түрде емес, бәлкім (дұрысы) өз ықтиярымен және құптау түрде ғибадат ететін" [13].


Санасы қорғалғандығы секілді Алла Расулы жүрегінің күнәлармен жаралануы жағдайлардан  да ерекше қамқорлықпен қорғалды. Ол (салаллаһу алейхи уа сәлләм) өзі айтқандай өмірінде екі-ақ рет тойға баруға ниеттенген, екі жағдайда да Аллаһ оған ұйқы жіберді және ол жолда ұйықтап қалған [14]. Алла Расулы сол тойларға барғанында көздері харам нәрселерді көріп қоюы мүмкін еді. Демек, Алла Оны мүмкін болған күнә шегіне жуытпай қорғаштаған. Алайда, бұл оқиғалар болған кезде Ол әлі пайғамбарлық миссияға жіберілмеген-ді. Осы бағытта қарастырылуы қажет тағы бір оқиға былайша өрбіген еді. Хазірет Пайғамбар әлі бала еді. Кағбаны жөндеуге көмектесіп жүрген еді. Ағаларына тас пен қыш кірпішті арқалап, тасып жүргенінде бұл тастар мен қыш кірпіштер жалаңаш иығына қатты бататын. Мұны байқаған ағасы Хазірет Аббас тасты тікелей иығына қоймауы үшін етегін көтеріп, жаурынына төсеуіне кеңес берді. Ол солай істеді. (Ол дәуірде бұл әркімнің дұрыс деп тапқан әрекеті болатын).  Оқиғаның жалғасы Имам Мүслимнің Сахихінде Жабир ибн Абдуллаһтан ауыздан ауызға тарап жеткен екі рияуат бойынша былайша түсіндіріледі: біріншісі, "... Алайда ол жерге отыра кетті, көздері аспанға қадалып қалыпты, содан орнынан тұрып, кимімді бер, кимімді! - деп айғай салды, ағасы кимін үстіне байлай салды" деп бітеді, ал, екіншісі "...Ол айтқаннан кейін Расалаллаһ кимін жайып, иығына қойды. Алайда (дәл солай істеген соң) өз-өзінен есінен танып қалды, сол күннен соң екінші рет мұндай жағдайда көзге түспеді" [15] деп бітеді.


Бұл оқиғалар бізге анық түрде мына нәрсені ұқтырады: Кішкене бала болса да  Ол Алланың ерекше тәрбиесімен өсіп жатты және Алла Оны бала кезінде-ақ күнәдан қорғаштайтын [16]. Ол осылайша балтырынын ашылып қалуын ұятқа төзе алмаған.


Парасатты ақылдың белгісі

Баршаға мәлім, аяқ-қолға жұғатын материалдық кір болатындығы сияқты, рухани кір де болады. Осы тұрғыдан алғанда, адасушылық және олардан көрініс тапқан харам нәрселер де сана мен жүректі шырмаған рухани кір болып табылады. Мәселені осы  жерде мына бір арнаға бұруды жөн санадық: Аяттан алынған «даллә» сөзін жағымсыз мағынасында (яғни ширк мағынасында)  қолға алар болсақ, бұл бізді пайғамбарлықтан бұрын "Алла Расулының (құдай сақтасын) жүрегі де санасы да кірленген біреу екендігі" қиялына жетелейді. Ал бұл барып тұрған қонымсыз мойындалмас жат түсінік. Өйткені, адамзатты душар болған кірден тазалау үшін (Ал-и имран, 3/164; Жұм’а, 62/2), сол күнге дейін кір-қожалақ өмір сүрген біреудің тағайындалатындығын ойлаудың өзі илаһи хикметпен еш келіспейді.  

Әлемнің түсін өзгертетін нұрмен жіберілген адамның сол күнге дейін адасушылықтың түнегінде тұншыққан дегенді ойлау, өзгенің емес, бұл тек ақылынан алжасқандардың пікірі. Дін ілімі мен фыкыхтың (мұсылман кодексі) имамы Әбу Ханифа сол күнге дейін ширк түнегінде қалу былай тұрсын Алла Расулының «өмірінде көзді ашып жұмған белгілі бір мезеттің өзінде (тарфәтә айн) ширкте болмағандығын» ашық түрде айтады [17]. Желаледдин ес-Суюти «Эд-Дуррул Менсур» атты еңбегінде Хазірет Әлиден (радияллахуанһ) жеткен мына бір риуайаттан сөз етеді: Хазірет Пайғамбарға «өміріңізде пұтқа табынып көрдіңіз бе?»,- деп сұрағанда, «жоқ»,- деп жауап берді. Одан соң «өміріңізде шарап ішіп көрдіңіз бе?» деген сұраққа да «жоқ» деп жауап қайырады, сөйтіп, былай деп әмір етті: «Мен иман мен кітаптың (әліптеудің) не екендігін білмей тұрған кездің өзінде әркез олар арқылы өтетін жолдың күпірлік екендігін білдім». (Суюти, эд-Дуррул Менсур, Дар ул-Фикр, Бейрут 1993, VII, 364).  Осы жерде Нуреддин ес-Сабунидің мына бір пікірін келтіре кету де жөн: «Хазірет Пайғамбардың (салаллаһу алейхи уа сәлләм) кез келген уақыт бөлігінде бір мезет болса да Құдайдан, тура жолдан тайып кетуі мүмкін емес, өйткені, олай болған жағдайда пайғамбарлық миссияны орындауға лайық болмас еді» [18].


Қалай десек те, болашақтың белгілі әскери атқамінерлері әскери мектепте оқып жүрген кездерінде-ақ оның жеке іс парағы мұқият сақталады және оңды-солды жоқ боп кетуі ерекше бақыланады, иә, қырық жылдан соң белгілі бір мақсатқа жеткен адам осы қырық жыл бойы қызыл түске боянды ма, көк түске ме, қызғылт сарыға ма, жоқ әлде күлгін түске боянды ма, оның бүкіл жүріс-тұрысы, іс-әрекеттері бақылауға алынады, сол сияқты Ұлы жаратушы иеміз де адамзатты дұрыс жолға бастайтын басқармасын сонау бала кезінен бастап-ақ осылайша бақылауға алып, оны сақтайды [19].


Духа сүресінде мағынасы қате қабылданған аят және оның дұрыс түсініктемесі
Бұрында беделі жоқ кейбір төтенше және әлсіз амалдардың соңғы кезде қайсібір кісілердің атсалысуымен қайтадан жанданып, теріс әңгімелер туғызып жүргеніне куә болып жүрміз. Таберидің тәпсірі арқылы ашық түрде айтылып жүрген мәселе мынау: Өзіне уаһи келгеннен бұрынғы кезеңде Алла Расулы "құдай сақтасын" ширк ішінде болыпты. Негізінде мұндай келіссіз және әдепсіз пікірлер туралы сөзді созып жібергенімізді байқап отырмыз. Алайда, Алла Расулының (салаллаһу алейхи уа сәлләм)  рухынан кешірім сұрай отырып, Таберидің түсініктемесінде орын алған сөздерден не ұғу керек деген мәселені қысқаша қарастырмақпыз. Таберидің  «уә уәджәдәкә далля» бөлігіне байланысты берген мағына мынау: "(Алла) сені бүгінгі жағдайыңнан бөлек өзге халде көрді". Бұған қоса, тәпсіршіміз осы аяттың мынадай мағынаны да үстейтіндігін айтып жүргендердің бар екендігін ілгері тартады: "Раббың сені адасқан тайпаның ішінен тапты және саған дұрыс жолды көрсетті". Осы екі сөйлемдік түсініктемеге қоса Табери Суддиге сілтеме жасай отырып, ауыздан ауызға тараған бір сөзге орын береді. Ол сөз мынау: «Нәби (елші), қырық жыл тайпаның әмірі бойынша болды" [20].  

Енді мәтіндегі сөйлемдерді бөліп-бөліп қарастырайқ:


1- Бұл аятқа қатысты Таберидің өз түсініктемесі деп саналатын «(Алла) сені бүгінгі жағдайыңнан бөлек өзге халде көрді» деген сөйлемге зер салайық. Бұл сөйлемнен жаза басқан айыптаушының пікірлерін қолдайтын мағына шықпайды.

Мәселе мынада: Хазірет Пайғамбардың пайғамбарлықтан бұрынғы көрегендігі, білімі және иманымен пайғамбарлықтан кейінгі көрегендігі, білімі және иманы арасында үлкен айырмашылық бар. Өйткені, Алла Расулы уәһилік дәрежесінен соң бұл үш бағытта да алыс көкжиекке (мәртебеге) жеткен еді.  

2- «Раббың сені адасқан тайпаның ішінен тапты және саған дұрыс жолды көрсетті» деген сөйлемге келер болсақ: бұл түсінік берушінің болмашы (екінші) дәрежедегі жазуымен аударған сөйлемі. Негізінде, ерекше мән беріп, жақсы ниетпен зер салсаңыз, бұл сөйлемнің де алғашқы сөйлемнен ешқандай айырмашылығы жоқ екендігі байқалады. Өйткені, Пайғамбарымыз адасушы тайпа ішінде пайда болды және уәһи түскенге дейін де хақ діннің егжей-тегжейлі мәселелерінен хабарсыз еді.  Алла Оған түсірген кітап арқылы білмегендерін үйретіп, қай жолмен жүру керектігін көрсетті.  

3- Түсініктемеде Суддиге сілтеме жасалып «Нәби» қырық жыл тайпасының әмірі бойынша болды» деген сөйлемге келер болсақ: Ең алдымен, осы тұста, Таберидің әдісіне қатысты бір мәселені еске салуды жөн деп санаймыз. Мамандар біледі, Табери өзінің тәпсірінде қарастырған тақырыпқа байланысты жақыннан немесе алыстан қатысы бар қандайда бір мәлімет болса соның барлығын тізбектеп шыққан. Бұл дегеніңіз Таберидің бұларды сол қалпында қабылдады деген сөз емес. Көп жағдайда оларды сын тезіне де алмайды. Дәл сондай-ақ бұл жерде де дәлелге де, мәтінге де сын айтпаған. Ол мәлімет бойынша мұндай сөздің бар екендігін еске салумен шектеледі. Сөйлемнің білдіретін мазмұнының сынына келер болсақ: егер Судди өзіне сілтеме жасалған бұл сөз арқылы "Алла Расулы пайғамбарлық миссиясынан бұрын өз тайпасының арасында өздігінше жалғасын тапқан бірнеше діни (тәухидтік) негіздерге арқа сүйей өмір сүрді" дегенге саятын мағынада ойласа, онда бұған "иә" дейміз. Алайда, бұл сөзбен «Хазірет Пайғамбар - пайғамбарлықтан бұрын қырық жыл бойы өз тайпасында үстемдік құрған ширк түсінігімен өмір сүрді" деген мағынада жұмсалғандығына ишарат етер болса, онда бұған «иә» деудің мүмкін еместігі айдан анық. Замахшари: «Мұндай пікірде болса Аллаға сиынамыз», - дейді де мына бір нәрсені қоса кетеді: бұл мүмкін емес, өйткені пайғамбарлар ширк пен мойындамау былай тұрсын, пайғамбарлық миссиясынан кейін де, бұрын да үлкен күнәлар сияқты жағдайына нұқсан келтіретін кішкене күнәлардан да қорғашталған". Ол мұның мүмкін еместігіне Хазірет Юсуфтің аузынан шыққан: «(Мен) ата-бабаларым Ибраһим, Ысқақ және Жақыптың дініне сендім, соған бағындым. Аллаға серік қосу бізге жараспайды» (Юсуф сүресі, 12/38) деген аятты дәлел ретінде келтіреді. Әсіресе, Замахшари «Бір пайғамбардың өткен өмірінде ширктің немесе күпірліктін болуы, оған кәпір аудитория алдында кемшілік ретінде жеткілікті» деген нәрсені еске салып қояды [21]. Замахшари осы жерде өте маңызды бір мәселеге назар аудартады. Өйткені, мұндай жағдайда Хаққа мойынұсынбайтын қоғам оның өткенін бетіне басу және оны келемежге айналдыру мүмкіндігіне ие болуы ғажап емес. Сондықтан да Алла ұлы пайғамбардың өмірінде (мойынұсынбаушылардың тісін қайрайтын) екіжүзділікке және жалғандыққа мүмкіндік бермеген еді.  

Осы жерге дейін ұсынған мәліметтер негізінде Духа сүресінің жетінші аятына қандай мағына үстелуі керек деген мәселені жинақтайтын болсақ: мұндағы «даллә» сөзінің «жоғалу» және «хабарсыз/мәліметсіз болу» деген мағыналарын алға тарта отырып, мүмкін-ау деген екі тәпсір туралы сөз қозғамақшымыз.  

Алғашқысы: бұл ұстаным соншалықты көп тарамаған. Фахруддин Рази секілді кейбір мүфәссирлердің (тәпсіршілердің) бағытының бірі. Онда былай делінген: «Арабтар шөлді далада жалғыз өсіп, жоғалып кеткен ағашты «даллә» деп атайды. Осыған сәйкес Алла Тағала «ол мекендер - сені санамағанда, ішінде Аллаға иман және марифетуллаһ* жемісі өсетін ағашы жоқ шөл секілді. Сондықтан сен осы мешеулік шөлінде өсіп тұрған жалғыз ағаш секілдісің. Мен сені осылайша жалғыз, әдетте жоғалған ретінде таптым және сен арқылы адамдарды тура жолға (хидаятқа) түсірдім» деп мұрат етілген [22].


Екіншісі: «бұл етістіктің «жоғалу» мағынасын қарастыра келе мына бір мағынасы да тәпсірде орын алған: «Алла Пайғамбарымызды бала кезінде ағасымен ілесе Шам (Дамаск) жолына шыққанда кеш қарая жолдан адасып, жоғалып кеткенінде әйтеуір адаспай табатын жолға салып жібереді» [23].


Тәпсіршілер мен қалям ғалымдарының басым көпшілігі бұл аятты осыған қатысты етістіктің «хабарсыз (мәліметсіз) болу және жоқ болу» мағыналары арқылы қарастырып түсіндірген [24]. Қазір Хамди Язырдың ұлы ойшылдардың (жумхур-у улема) көзқарастарын қысқаша қорытындылайтын тамаша түсіндірмелеріне ішінара жеңілдетілген түрде орын беруді жөн санадық:


«Пайғамбарымыз Алланың бір екендігіне сеніп өскен, ешқандай пұтқа табынбаған. Аһлақы таза, ешқандай жаман іс-әрекет жасамаған. Қай жағынан алып қарамаңыз өте сенімді ретінде танылған. Сондықтан ширктік адасушылық болсын, құмарлық пен ынтықтық амалдарындағы адасушылық болсын Оның рақымды (мейірбан) болмысынан аулақ болатын. Ұлы Алла Оны о бастан-ақ әлгіндей бұзық ой мен бұрмалаулардан алыс қылып, Оған берік назар (көзқарас пен ой-пікір) сыйлаған... Ол пайғамбарлық миссиясынан бұрын да өз тайпасының, араб мүшриктерінің (пұтқа табынушылар, политеист) діндеріндегі теріс әрекеттерді байқаған. Өз ортасындағы иудаизм мен христиандық секілді екі діннің теріс бағытқа бой алдырғанын да сезді. Алайда, бағытталатын таза жолдың және жалаң оймен түйсініп, толық қабылдау мүмкін емес Хақ діннің қандай болатындығын анықтауда және әлемді құрсаған дағдарыстан құтылып, Аллаға жету жолын белгілеуде абдырап қалған еді. Кітап оқуды білмейді, күллі әлемге рух шашатын иман және Исламның егжей-тегжейлі рүкүнлерінен «...Шүбәсіз сен бұрындары бұдан хабарсыз едің» (Юсуф сүресі, 12/3); «Сен бұған дейін кітап оқи алмайтын, жазу жаза алмайтын едің...» (Анкебут сүресі, 29/48); «Қалай дегенменде сен кітаптың не екенін, иманның не екенін білмейтін едің» (Шура сүресі, 42/52)  секілді баяндауларда айтылып кеткеніндей, шын мәнінде хабарсыз болатын. Міне осы жерде «уә уәджәдәкә далля» деп әмір етілуі пайғамбарлықтан бұрын және бала кезіндегі «далал» (хабарсыз болу және таңдану) халіне ишара етіп тұр. Яғни, сен пайғамбарлықтан бұрын санаң шығар жолын таба алмаған ақиқаттар мен шариғат ережесінен хабарсыз, жол іздеп, таңырқау күй кешіп жүргеніңде Раббың сені тауып «фәхәдә» хидаят (тура жол) бұйырды емес пе? Саған түсірген уәһи мен жіберген кітап арқылы білмегендеріңді үйретіп, саған тура жолды көрсетті емес пе?» [25].


Алла Расулының пайғамбарлық миссиясынан бұрын адамзатты құтқаруы үшін Нұр тауында уайымдауы, күйзелуі осындай ойдан (идеалдан) туындаған еді. Оның мақсаты, идеалы бар еді - мына адамдарды осы батпақтан міндетті түрде құтқарылуы. Қалай дегенменде Оның шегі осы жерде бітті. Адамзатты құтқару тәсілі Оған және Оның ой-пікіріне қатысты емес еді. Ол тәсіл тікелей уәһи жолы арқылы Алла Тағаладан келетін еді [26].


Осы айтылғандар төңірегінде қарастырылуы орынды деп санайтын тағы бір мәселе бар: Кейбірі осы аяттағы "иман деген не екенін білмейтін едің" деген сөзді Пайғамбарымыздың пайғамбарлықтан бұрын иманмен таныс емес болатын дегенге дәлел ретінде көрсетіп жүр және мұны объективті ыждағат (!) ретінде көргісі келеді. Қалай десек те, "дәлел" деп жабысып жүрген бұл сөз «кітап дегеннің не екенін білмейтін едің» деген сөйлемнен соң қолданылып тұр. Осы арқылы Алла пайғамбарына мынаны есіне салады: «Ей, Пайғамбар, сен түсірген кітабым арқылы шын мәнінде біліп дәмін татқан мұншалықты терең иманды және оған қатысты егжей-тегжейлі мәселелерді бұған дейін білмейтін едің». Оның үстіне пайғамбарлардың пайғамбарлықтан бұрынғы және кейінгі өмірлерінде иман күші пен амал тереңдігі тұрғысынан маңызды айырмашылықтың болатындығы, болу керектігі мәселесінде ғұламалар арасында ешқандай қайшылықтар туындаған емес. Егер сөз орынды болса, бұл айырмашылық - жас өркеннің қауыз ашуы мен бұтақ салып, жапырағы мен гүлін ашқан ағаш арасындағы айырмашылық секілді.


Хазірет Пайғамбардың (салаллаһу алейхи уа сәлләм)  бұл аятқа қандай себеппен араласқандығын жақсылап түсіну үшін тақырыпқа біртұтас көзқараспен қарау керек. Риуаяттарға сенер болсақ, Хазірет Пайғамбарға (салаллаһу алейхи уа сәлләм)  келген уәһи белгілі бір уақытта тоқтатылған, Жәбірәйіл (а.с.) де осы уақыт шамасында көрінбеген, сол кезде мүшриктердің кейбірі «Раббы Мұхаммедке ренжіді, Оны тастап кетті» деген тұжырымда болған [27].  Расул-ы Акрамды ренжіту, Оны торықтыру және алған бетінен тайдыру үшін мүшриктердің «Раббы Оны тәрк етті» дегені сол екен Жанаб-ы Аллаһ "(Ей, Расулым!) Раббың сені тәрк етпеді және саған ренжіген жоқ" (Духа, 93/3) деген мағынадағы аятын түсіреді. Мінеки, Алла мұндай нәрсенің болмағандығын әрі болмайтындығын сол күнге дейін аса бір мейірім және қамқорлықпен Оны қалайша қоршап, қорғап отырғанын мысалдар арқылы еске салып, білдіріп отырған. Осы сөйлем арқылы «Сені жетім кезіңде тауып алып, бақты емес пе? Сенің адамзатты құтқару жолында не істейтініңді білмей абдырап қалғаныңда (таңырқау күй) жол кезуші ретінде көріп, саған жүруің қажет дұрыс жолды көрсетті емес пе? Сені мұқтаж деп тауып, қажеттіліктеріңді өтеді емес пе?..» - деп бұйырған [28].





Сілтемелер
1. Пездеви, Эхл-и сүннет акаиди, б. 248 б; Сабуни, ел-Бидайе, б. 53; Рази, Китабул-Ербаин фи Усулиддин, Дарул-жейл, Бейрут  2004, б. 323; Тафтазани, Шерхул-акаид (Кестелли шерхи ичинде) Салах Билижи кит., Истанбул, б. 170. Деввани, Желал, 82.
2. Абдулжеббар Кади, ел-Мугни, XV, 303; ел-Хаят, ел-Интисар, б. 71-72.

3. Хылли, Ибн Мутаххар, Энварул-мелекут, Таһран 1338, б. 195.

4. Иджма - дін адамдарының діни мәселелерде ортақ пікірге келуі.
5. Сабуни, ел-Бидайе, б. 114.
6. Пездеви, Эхл-и сүннет акаиди, б. 245.
7. Қрң. Алийул кари, Шерхул фыкхил-Экбер, б. 51; Магнисави, Эбул-Мунтеха, Шерхул фыкхи-Экбер, Дарун- нил, Истанбул. 2007, б. 38; Беяди, Ишаратул-мерам ан Ибаратил-Имам, б. 327.
8. Қрң. Бухари, Бедул-вахи 3; Мүслим, Иман 252. Ахмед ибн Ханбелдің Мүснедин деген еңбегінде бұл мәселе қарастырылған. Ибн Ханбал рауаятта кездесетін "теханнүс" сөзінің мағынасы "кешқұрым уақыттағы ғибадат" дегенді білдіреді дейді. Қрң. Ибн Ханбал, Мүснәд, VI, 233.
9. Ибн Хишам, Әбу Мұхаммед Әбдүлмәлік, ес-Сиретун-Небевийе, (Мұстафа ес-Сака, Ибраһим ел-Энбари, Әбдүлхафиз еш-Шелеби), Дару ибн Кесир, Димашқ 2005, б. 215.
10. Аскалани, Фетхул Бари, I/34.
11. Ибн Хабиб, Әбу Жафер Мухаммед, ел-Мухаббер, Дарул афакил жедиде, Басылған жері кқрсетілмеген,1361, б. 171-172.
12. Алийул кари, Шерхул фыкхи-Экбер, б. 54.
13. Нурси, Мектубат, Шаһдамар баспасы, Стамбұл 2006, б. 411.
14. Бәйһақи, Ахмед б. Хүсейн, Делаилун нубувве, Дарул кутубил Илмийе, Бейрут 1985, II, 33-34.
15. Мүслим, Хаиз 240. Сондай-ақ осыған ұқсас сөздермен Бухари де осы оқиғаны жеткізеді. Қрң. Бухари, Қажы 42.
16. Өйткені Хазірет Пайғамбар бір күні тізенің үстінгі тұсын жауып жүру қызметіне тағайындалады; адамзат Одан қарапайымдылық пен әдеп дәрсін үйренетін болады.

17. Магнисави, Шерхул фыкхил-Экбер, б. 41.
18. Сабуни, ел-Мунтека мин исметил-Енбия, б. 274.
19. Гүлен М.Ф., Сонсуз нур, I, 466.
20. Табари, Ибн Жерир, Тефсир-ут Табери, ел-Мектебетуш-Шамиле (ел-Исдарус-сани) , XXIV, 488.
21. Замахшари, ел-Кешшаф, IV, 756.
22. Рази, Мефатих ул-Гаиб, XXIII, 217. Әсіресе қрң. Мевдуди, Тефхимул Құран, VII, 151.
23. Мысалы қрң. Ибн Кесир, Тефсирул-Құрани Азим, Кахраман бас., Стамбұл. 1985, VIII, 448.
24. Қрң. Матуриди, Тевилат, X, 560-561; Рази, Мефатих ул-Гаиб, XXIII, 217; Замахшари, ел-Кешшаф, IV, 756; Тафтазани, Шерхул макасыд, V, 58.
25. Языр, Хак дини Куран дили, VIII, 5900.
26. Гүлен М.Ф., Сонсуз нур, I, 459.
27. Қрң. Бухари, Тефсир ул-Құран ( 93) 1.
28. Осы етістіктің "жоғалу" мағынасын қолдана отырып, бұл аятқа мына мағынаны да үстеуге болады: "Раббың сені (сол надан адамдардың арасынан) жоғалтып жіберді/жалғыз қалған жеріңнен тауып алды да тұптура жолға салды емес пе?.." (Духа, 93/7 )


 * Исмет – күнәсіздік

* Кәләм ілімі – сенім, ақидаға байланысты мәселелерді Кұран және хадистерге сүйене отырып дәлелдеп түсіндіретін ілім (ауд.)

* Тәханнус – ғибадат ету

* Ханиф  - Исламнан бұрын Хазірет Ибрахимнің дініне сенгендердің сипаты

* Марифәтуллаһ – ілімнің адам табиғатына сінуі, айналада Алланың сипат және есімдерінің шағылыстарын тамашалау, Алланың құзырын сезіну



Оқи отырыңыз