Akikat.kz - рухани танымдық, ғылыми портал

http://akikat.kz

Басты бет > Мақалалар > Өмірбаян > Ибн Мәжа

Ибн Мәжа

2015-08-26 2689

Мәжаның ұлы деп танылған үлкен мухаддистің (хадис ғалымы) толық аты-жөні Әбу Абдуллаһ Мухаммад ибн Язид Рәбәъи 824 жылы Парсы шығанағының солтүстігінде орналасқан Қазуин қаласында дүниеге келген. Қазуин қаласының ең атақты мухаддисы болған ибн Мәжа раһимаһулла хадис іліміне қанша жастан бастағаны нақты белгісіз, алайда Али ибн Мухаммад Танафуси алғашқы хадис ұстазы болғанына қарағанда Оның хадис іліміне 848 жылдан бұрын бастағаны, яғни сол заманының әдеті бойынша шамамен 15 жасында ілімге кіріскені байқалады.

Ілімін тамамдау, әсіресе хадис ілімімен терең айналысу үшін сол кездегі Қазуин, Бағдад, Шам (Дамаск), Рай, Куфа, Мекке, Мәдина, Мысыр және Уасыт сияқты атақты білім орталықтарына ғылыми саяхаттар жасаған. Сапарларын шамамен 846 жылында бастаған болу керек. Ибн Мәжа бұл ілім сапарларында көптеген мухаддистерден сабақ алып, хадистер тыңдаған.


Саяси және мәдени ортасы 

Имам ибн Мәжа Аббасилер халифатының толқымалы саяси, әлеуметтік және мәдени ортада ер жетіп, сол кезеңнің шарттарына күәгер болған. Жас кезінде халифа Мамуннан (834 ж.) басталып халифа Мүтәуәккилге (862 ж.) дейін жалғасқан “Михна” оқиғаларының етек алған және Ахмад ибн Ханбал, Нуаим ибн Хаммад сияқты көптеген танымал мухаддистердің азапталған кезеңдерің басынан өткізді. Мағтазила басшыларының арандатушылығымен басталып фитнаға айналған “Құран жаратылыс па емес пе?” деген дауларға халифа Мүтәуәккил тиым салғаннан кейін аталмыш кезең аяқталды.

 

Имам ибн Мәжаның өсіп ер жеткен Қазуин қаласы Хазірет Омардың (радияллаху анһ) уақытында басталып Хазірет Османның (радияллаху анһ) уақытына дейін жасалған жеңістер нәтижесінде Ислам териториясына кірген қала. Қазуин қаласы ибн Мажаның өмір сүрген кезеңінде Исфахан және Рай қалаларымен бірге сол маңайдың өте маңызды білім орталықтары болатын. Бұл аймақтарда ер жетіп хадис іліміне қатысты еңбектер жазған Али ибн Саид Аскари (913 ж. қайтыс болды),  Мухаммад ибн Саид  Қазуни (929 ж. қайтыс болды)  және Амр ибн Рафиъ Бежели (852 ж. қайтыс болды) деген ғалымдар сол дәуірдегі мәдени өмірдің қалыптасуына үлес қосқан тұлғалар болатын.

 

Ұстаздары және шәкірттері 

Ибн Мәжаның ұстаздарының тізімінен мына есімдерді көруге болады: Али ибн Мухаммад Танафуси (алғашқы ұстазы), Жүбәра ибн Мұғаллис, Мусаъб ибн Абдуллах Зұбайри, Суайд ибн Саид, Әбу Жағфар Абдуллах ибн Муса Жұмахи, Мұхаммед ибн Румх Мысри, Ибраһим ибн Мунзир Хизами, Мұхаммед ибн Абдуллах Хамадани, Әбу Бакір ибн Әбу Шайба (Сунан кітабын жазарда көп тәлім алған ұстазы), Хишам ибн Аммар Сулами, Язид ибн Абдуллах ибн Маймун Ямами және Әбу Мусаъб Зухри.  Имам ибн Мәжаның “Сунән” кітабында аты айтылған бұдан басқа ұстаздарыда бар[1].

 

Ибн Мәжа (радияллаху анһ)  өз отаны Қазуинде, ілім үшін сапарға шыққан елдерде көптеген шәкірттер тәрбиелеген. Бұлардан бірнешеуін айтар болсақ: Мұхаммед ибн Иса Саффар әл-Әбхари, Ахмад ибн Рух Бағдади Шағрани, Ахмад ибн Мұхаммед әл-Мәдини, Али ибн Ибраһим ибн Бахр әл-Қаттан, Сүлейман ибн Язид Қазуини, Али ибн Саид ибн Абдуллах әл-Ғуддани, Ибраһим ибн Динар әл-Хәмәдани, Ахмад ибн Ибраһим Қазуини, Жағфар ибн Идрис, Хусейн ибн Али ибн Буранъяд және т.б. көптеген шәкірттер.

 

Ілім құзыреті

Хадис саласында танымал ғалымдардан саналған Ибн Мажаның қалдырған еңбектеріне қарасақ тәпсірші әрі тарихшы да болған. Бұған қоса, Ибн Мәжа хадиске байланысты бүкіл ілім саласын толық меңгерген деп айтылады. Ибн Мәжа жөнінде танымал мухаддис ғалым Әбу Яъла әл-Халили былай дейді: «Ол хадисте сенімді үлкен ғалым, хужжат* екенін бүкіл ғалымдар мойындаған, мағрифатқа* ие тұлға»[2]. Имам Зәһәби де Оның хафыз*, мүнаққид*, шыншыл, хадис ілімінде терең білімді адам екенін айтуда[3].  Ибн Касир ол жайлы мынаны айтуда: «Қалдырған «Сунән» атты еңбегі оның  амалына, терең іліміне және құзыретіне ишарат етеді әрі әдіс пен тәптіштеуде Сүннетке соншалықты берік екенің көрсетеді»[4]

 

Еңбектері

Имам ибн Мәжа мухаддис болумен шектелмей тарих және тәпсір ілімдеріне қатысты еңбектер жазған жан-жақты ғалым. Оның танымал болған еңбегі “Сунән”. Бұған қоса “Тафсирул Құран” мен “Тариху Қазуин” атты еңбектері де маңызды еңбектерден саналады.

   

Ибн Мәжаның «Тафсирул Құран» атты еңбегі бүгінгі күнге дейін жетпеген. Бірақ “Тахзибу камал” еңбегінің авторы әл-Миззи «Тафсирул Құран» туралы баяндай келіп, оны көлемді еңбек деп айтқан және «Оның екі тараудан тұратын бөлімін көрдім», - деген. Бұл кітаптың аты қаншалықты айтылсада, еңбектің өзі біздің заманымызға дейін жетпегендіктен бұл кітап жайлы мағлұмат өте аз.

 

«Тариху Қазуини» атты еңбектің «Тарихул Хуләфа» (Риуаяту Әбу Бакір әс-Садуси) атты тарауы ғана өзге ғалымдардың еңбегімен бірге бізге дейін жеткен. Ол Ислам тарихы туралы алғаш жазылған еңбектердін бірі болып саналады. Онда Рашид халифалар Әбу Бәкірден (радияллаху анһ) бастап Аббаси халифасы Мустакфи Биллаһқа дейінгі халифалардың өмір баяны жазылған. Кітап ретінде баспадан жарық көрген.

 

Имам ибн Мәжаның (радияллаху анһ) біздің ғасырымызға дейін толық жеткен «Сунән» атты еңбегін егжей-тегжейлі және негізгі ерекшеліктерімен қоса айтуды жөн көріп отырмыз.

 

«Сунәннің» ерекшеліктері 

Хадис әдебиеті саласында түрлі тәсілдермен жазылған кітаптардың ең танымалы, қоғамның фиқһқа қатысты қажеттіліктеріне жауап беретін, «Сунән» атты еңбектер. Фиқһтің бабтары бойынша жіктелген үкім хадистер әрі барлығы Пайғамбарымыздың (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) сөзі, ісі және құптауларынан тұратын марфуъ (тізбек Пайғамбарымызға дейін жеткен хадис) хадистерді қамтитын жинақ «Сунән» деп аталады. Мухаддистер (хадис ғалымдары) алғашқы ғасырлардан бастап үкімдер және ақидаға байланысты хадистерге ерекше көңіл бөлген. Сондықтан 9-ші ғасырдың екінші жартысынан бастап хадис ғалымдарының көбі Сунән әдісі бойынша еңбектер жазған. Әбу Дауіттің (889 ж. қайтыс болған), Тирмизидің (893 ж. қайтыс болған), Нәсаидің (916 ж. қайтыс болған)және ибн Мәжаның Сунән кітаптары  хадис әдебиетінің ең маңызды еңбектерінің қатарында.

 

Үкім беретін хадистерін қамтитын Сунән кітаптары тәрізді, Ибн Мәжаның Сунәны да фиқһ тақырыптары бойынша жіктелген еңбек. Хадистер көп қайталанбағандықтан және фиқһ тақырыптары бойынша жіктелгені үшін, хадис ғалымдары Сунәнді ең жүйелі кітаптар қатарында қабылдаған. Бірақ бұл еңбекке ғалымдар көп көңіл аудармаған. Өйткені еңбекке шархтар (түсіндірмелер) аз жазылған.  Сунән жайлы жазылған түсіндірмедердің ең көрнектісі, Мұғлатаидың (1361ж. қайтыс болған) «әл-Иъләм би Сунәниһи алайһи сәләм» атты еңбегі болған, бірақ ол арнайы кітап етіп басып шығармаған[5].

 

Ибн Мәжа хадистерді таңдауда негізге алған өлшемдерін және бұл еңбегін жинақтаудағы мақсатын ашып айтпаған. «Күтүби Ситтә»* қатарына кірген Ибн Мәжаның бұл еңбегі М. Фуад Абдулбақи тарапынан Мысырда 1952-53 жылы екі том болып баспадан шығарылды. Кітап кіріспені қоспағанда 37 бөлім, 1513 бабтан құралған 4341 хадисті қамтиды. Абдулбақи еңбектің кіріспесінде, кітаптағы әр хадистің нөмірленгенін,  зәуаид* хадистерге соңында ишарат жасалғанын және хадистерді «сахих», «әлсіз», «хасан» немесе «мункар» екеніне байланысты ескертулер айтқанын жазады.

 

Сунәндағы 4341 хадистен 3002 хадис «Күтүби Ситтә» - ға еңгізілген. Ибн Мәжа кітабындағы әр хадисты «Күтүби Ситтә» жазушылары риуаят еткен тізбегімен емес өзінің ұстаздарының тізбегімен риуаят еткен, осылайша хадистерді күшейткен. Ал қалған 1339 хадисті Ибн Мажа тек өзі ғана риуаят еткен және М.Ф. Абдулбақидың айтуынша бұлардың 428-і сахих, 199-і хасан, 613-і әлсіз және 99-і өте әлсіз, мүнкәр немесе маудуъ (ойдан шығарылған) хадистер[6].

 

Сунәннің «Күтүби Ситтәдағы» алар орны

Хадис ғылымының ең маңызды еңбектері - хадис тарихының алтын ғасыры деп аталатын 9-ші ғасырда жазылған «Сахих хадистің алты кітабі», яғни танымал аты - «Күтүби Ситтә». Бірақ қай уақыттан бері «Күтүби Ситтә» деп аталып кеткені белгісіз. Тіпті Күтүби Ситтәны құраған кітаптарға сунәннің қашан еңгізілгені әрі негізгі дереккөз ретінде қашан қабылданғаны да нақты белгісіз. Алайда біз білетін жәйт, 9-10 ғ.ғ. көптеген кітап жинақталып, солардың кейбіреуі танымал болып қалған. Осыған орай, әр хадис жайлы онай үкім бере білу үшін, ғалымдар хадис рауилерінің өмір баянына байланысты кітаптар жаза бастады (Рижәл уа Табақат). Осы еңбектердің арқасында кейбір хадис жинақтары мухаддистер тарапынан үлкен құрметке ие болды. Осыған қарасақ аталмыш еңбектердің нәтижесінде “Күтүби Ситтә” есімі 12-ші ғасырдың соңына таман қолданысқа енген болуы керек.

 

Кейбір ғалымдар Ибн Мәжаның «Сунәны» фиқһ үшін өте маңызды және Имам Мәліктің “Муаттасымен” салыстырғанда «усүлү хәмседе» (бес негізгі еңбек) орын алмаған хадистерді қамтығаны үшін «Сунәнды» соларға қосып, «Күтүби Ситтә» тәмәмдалған[7]. Ибн Мәжаның «Сунәнын» бес негізгі кітапқа қосып «Күтүби Ситтәға», яғни алты кітапқа толықтырған алғашқы ғалым Әбу Фадл Мақдиси (1114 ж. қайтыс болған) болған. «Әтрәфу күтүби ситтә уа шурутул әиммәти ситтә” атты еңбегімен танылған. Кейін  «Әтрәф» және «Рижал» кітаптарының авторлары да осыны ұстанған. Ибн Хәжәр бұл жөнінде былай дейді: «Ибн Таһир Мақдиси және соған ергендердің «Муаттаның» орнына Ибн Мәжаның “Сунәнін» Күтүби Ситтәға қосуларының себебі – «Сунәнда» марфуъ хадистердің саны «Муаттамен» салыстырғанда көп болуы[8]».

 

“Сунәндағы” хадистердің сахих болуы мәселесі 

Ибн Мәжаның Сүнәнындағы хадистерді екіге бөлуге болады:

1 - М.Фуад Абдулбақидың айтуынша Күтүби Ситтәдағы басқа рауилердің кітаптарында да орын алған «Сунәнның» 3002 хадисі.

2 - Ибн Мәжаның өзі ғана риуаят еткен, Күтүби Ситтәда кездеспейтін, “Зәуәид” деп аталатын хадистер.

 

Екінші бөлімдегі кей хадистерді хадис ғалымдары әр жағынан сынға алған. Әсіресе Ибн Хәжәрдің мына анықтамасы назар аудартады: «Ибн Мәжаның келтірген хадистерінің ішінде сахих болғанымен, өзі ғана риуаят еткен хадистері аз емес. Ал әлсіз хадистерді (мәтін тұрғысынан емес) рауи тұрғысынан әлсіз деп санау жөн болады»[9]. Бұл сөзді былай түсінуге болады: «Хадистың сәнәді немесе рауилерінің әлсіз болуы хадистің мәтіні әлсіз деген мағынаны білдірмейді.

Тіпті кейде бір хадис басқа сахих тізбекпен келуі де бек мүмкін. Сондықтан осынадай жағдайда мухаддистер пәлен хадистің белгілі бір тізбекте ғана әлсіз екенін айтқан[10].  Ибн Мәжаның «Зәуәид» хадистерінің зерттеушісі Ахмад ибн Әбу Бәкір Бусири (1437 ж. қайтыс болған) «Мисбаху зужажа фи зәуәид  Ибн Мәжа» атты еңбегінде «Зәуәидтегі» әр хадис және әр рауидің сахих, хасан немесе әлсіз болуымен болмауын тұжырымдаған. Бусиридың еңбегі Ибн Хәжәрдің жоғарыда келтірілген сөзін қуаттайды.

 

Кейбір деректер бойынша, Ибн Мәжа «Сунән» еңбегін сол кезде алдынғы қатардағы хадис сыншысы Әбу Зүра Разиге (878 ж. қайтыс болған) ұсынған. Рази кітаптың жіктелу жүйесін және мазмұндық жоспарын ұнатып, халыққа өте құнды еңбектердің қатарында болады деп бағалаған. Әрі кітаптағы әлсіз хадистердің жалпы саны 30-дан аспайтынын (ал басқа деректе 10-ға жуық екенін) айтқан[11]. Алайда ибн Рушайд (1322ж. қайтыс болған), Зәһәби (1348 ж. қайтыс болған) және Суюти (1506 ж. қайтыс болған) сияқты ғалымдар кей хадистердің рауилары сынға алынатынын айтқан[12].

 

«Сунәннің» тізбегі

Ибн Мажаның Сунәні үзілмеген тізбекпен бізге дейін жеткен. Бұл еңбекті ибн Мәжаның бауыры Абу Мұхаммед Хасан ибн Язид ибн Мәжа Қазуини 894-ші жылы, Исмайл ибн Тауба Қазуинидың мәжілісінен шыққаннан кейін риуаят еткен.

 

Имам Зәһәби бұл мәселеде былай дейді: «Мен ибн Мәжаның «Сунәнін» Балбак қаласында болғанымда Тәжуддин Абдулхалық ибн Абдусаламнан тыңдадым[13]. Бұл еңбектің шамамен үштен бірін өз қолыммен қағазға түсірдім. Ал Абдулхалық еңбектің басынан аяғына дейін Шейхулиман Абдулла ибн Қадумадан 1215 жылы тыңдаған. Мен бұл еңбектің басынан аяғына дейін Алеппо қаласында Абу Саид Сунғур Зәйни, Шейх Муаффақуддин Абдуллатиф ибн Юсуф, Әбу Зура Мақдиси, Мұхаммед ибн Хусейн Мұқауми, Қасым ибн Әбу Мұнзир әл-Хатып, Әбу Хасан әл-Қаттан және соңғысы Ибн Мәжа тізбегімен тыңдадым»[14].

 

“Сунәнның” атақты рауилері: Әбу Хасан әл-Қаттан, Сулейман ибн Язид, Әбу Жағфар Мұхаммед ибн Иса, Әбу Бәкір Хамид әл-Абхари.

 

Ибн Мәжаның «Сунән» еңбегі көбінесе Қазуин, Табаристан, Кухистан, Жабал және Рай қалаларында өмір сүрген мұсылмандар арасында кең тараған[15].

 

Сүнәнмен байланысты еңбектер

Ибн Мәжаның «Сунән» еңбегі алғаш рет 1818 ж., сосын 1857 ж., 1889 және 1905 жылдары Дели қаласында бірнеше дүркін басылып шықты. Одан кейін 1894 ж. Лахорда, 1896 ж. Мысырда және ең соңғы рет Мухаммад Фуад Абдулбақи тарапынан жасалған өңдеулерден кейін 1952-53 жылдары қайтадан Мысырда жарық көрді. 1952-53 жылдары жарық көрген «Сунән» жан-жақтылы өзіне назар аудартады. М.Фуад Абдулбақи ұстанған әдісі туралы былай дейді:

«Сунәннің бұрын жарық көрген екі нұсқасынан басқа баспаларға мән бермедім. Бұл екі нұсқаның бірі Мысырда «Матбааи Илмия» баспасында 1896 ж. жарық көрген. Бұл нұсқада Синди деген атымен танымал Әбу Хасан Мұхаммед ибн Абдулхади әл-Ханафидың (1725 ж.) түсініктемесі де бар. Сондай ақ, бұл нұсқада Синди, Ахмад ибн Әбу Бәкір Бусиридың «Зәуәид ибн Мәжа» атты еңбегінен қажетті мағлұматтарды алған. Бірақ бұл басылымда хадистерде де, хадис мәтіннің сенімділігін зерттеуде де, тізбектегі рауилерді аңықтауда аса ұқыптылық танытпаған. Сол себептен ол кітаптан тек қана Синдидің түсініктемесінен және «ғарибул хадис» (жалғыз рауиы бар хадис) жазушылардың түсініктемесінен пайдаландым. Кітап пен бабтардың нөмірленуден басқа нақты сенім артатын ерекшеліктері болмады».

 

Ал екінші нұсқа 1848 жылы басылған. Бұл нұсқаның жартысы М. Маулауи Мухаммад Таһирдың өңдеуімен Делиде «Фариқи» баспасында басылған, ал екінші жартысы Мухаммад Абдулһадидың өңдеуімен қайта Дели қаласында «Мустабаъи» басбасынан жарық көрген.  Бұл нұсқада екі хашия* орын алуда. Бұлардың біріншісі Имам Жалалуддин Суютидің «Мисбаху Зүжәжәсі», ал екіншісі М. Абдулғанидің. Тізбектегі рауилердің есімдерін нақтылауда «Рижал» кітаптарын қолдандым»[16].

 

Дүниеден өтуі 

Ибн Мәжаның дүние салуы жайлы Мақдиси былай дейді: «Қазуинде оның сахаба дәуірінен бастап өзінің өмір сүрген уақытына дейінгі адамдар жайлы және қалалар жайлы жазған Тарих кітабын көрдім.  Кітаптың соңында шәкірті Жағфар ибн Идрис мына сөздерді жазған екен; Әбу Абдуллах Мухаммад ибн Язид ибн Мәжа, 887 жылы 22 Рамазан Жексенбі күні дүниеден өтіп Сейсенбі күні жерленді. 825 ж. дүниеге келген ибн Мәжа 64 жасында қайтыс болды. Жаназа намазын өз бауыры Әбу Бәкір оқыды, ал жаназа рәсімдерін бауырлары Әбу Бәкір және Әбу Абдуллах пен ұлы Абдуллах атқарды[17].

 

«Сунәнмен» байланысты жазылған басқа еңбектер: 

1. «Иълам би сүнәнихи алайһи салам» Аләуиддин Моғолтай ибн Қылыш (1361 ж. дүние салған) баспадан жарық көрмеген екі нұсқа, қолжазбалар жиынтығы.

 

2. «Мисбаху Зүжәжә әлә сүнән ибн Мәжа» Жалалуддин Суюти. Алғаш рет Делиде 1866 жылы баспадан жарық көрді. Бұл еңбек Димнати  889 ж. тарапынан ықшамдалып «Нуру мисбах» есімімен 1882 ж. Каирда жарық көрді.

 

3. «Кифаяту хажә фи шархи ибн Мәжа» Әбу Хасан ибн Абдулһади Синди. «Хашияту Синди» деген атпен танылған бұл кітап Каирде 1896 ж. жарық көрген.

 

4. «Мисбаху зужажа фи зауаид ибн Мажа» Ахмад ибн Әбу Бәкір ибн Исмайл Кинани Бусири.

 

5. «Зәуәид ибн Мәжа алә кутубу хамса» Нуруддин ибн Хәжәр Хусами (1405 ж. қайтыс болды). Бұл еңбектің түрлі нұсқалары бар.

 

6. «Дибажа» К.Мухаммад ибн Муса Димяри (1406 ж. қайтыс болды). Бұл еңбек шамамен 5 том[18].

 

Қорытынды

Хадис ілімінің алтын ғасыры деп саналатын 9-ші ғасыр көптеген мықты ғалымдардың шығуына және көптеген құнды еңбектердің жазылуына бесік болған. Имам Бұхари мен Имам Мүслім бастама көтеруімен оған ілесе, Ибн Мәжа сияқты беделді ғалымдар хадис ғылымының дамуына әрі бұл салада керемет еңбектердің жазылуына себебші болған. Осылайша Имам Ибн Мәжа хадис, тәпсір және тарих саласында еңбектер жазған, соның ішінде хадис саласындағы жазған «Сунән» атты еңбегі ғалымдар соқпай өтпейтін Күтүби Ситтә арасына кіруге лайықты сенімді еңбек ретінде бағаланған.

 

Сунән кітабының жазылу көркемдігі және тәртібі, хадистердің аз қайталануы сияқты ерекшеліктерімен хадис ғалымдары тарыпынан үлкен құрметке ие. Ибн Мәжаның бұл еңбегіне сын білдіргендер де осы саланың мықты білгірлері ғана айта алатын кейбір сынни көзқарастарын ортаға салған. Хадис әдіснамасы бойынша жасалған тұжырымдар бұл еңбектерден барынша пайдалану үшін; еңбектің ерекшеліктерін жақсы білу, бұл еңбектерді түсіндіретін деректерді оқу және соған қарай бағалау қажет екенің меңзейді. Сол себепті Имам Ибн Мәжаның (радияллаху анһ) бұл еңбегінің жоғары бағалануы, Имам Бусиридың түсіндірмелер жазуы, бұл саланың лайықты мамандарды тарапынан әділ бағаланып айқындалған болса, бұл әйгілі «Сунән» кітабының ғылымға сай келетінін көрсетеді.



[1] Имам Заһаби, Тазкирату хуффаз, II/636.

*хужжат – керемет жаттау қабілетіне ие, адамдардың арасында риуаттарына сенім атқаратын. Кемінде 300 мын хадисті мәтін және сәнәді мен бірге жатқа білетін хадис ғалымы.

*мағрифат – ілімнің адам табиғатына сінуі, айналада Алланың сипат және есімдерінің шағылыстарын тамашалау, Алланың құзырын сезіну

[2] Имам Зәһәби, Сиар аълам нубала, XIII/279.

* хафыз – кемінде 100 мын хадисты мәтін және сәнәдімен жатқа білетін хадис ғалымы

* мүнаққид – хадис ілімінде сын айта алатын

[3] Имам Зәһәби, Сиар аълам нубала, XIII,278.

[4] Ибн Кәсир, әл-Бидая уал-ниһая, XI/52.

[5] Мустафа әл-Азами, Хадис сабақтары, 107 бет.

* Күтүби Ситтә – «алты кітап». Алты ғалым: Бұхари, Мүслім, Тирмизи, Әбу Дәуіт, Нәсәи және Ибн Мәжаның сахих хадистерін ғана қамтитін хадистер жинағы (ауд).

* зәуаид – түсініктемелі хадис

[6] Ибн Мәжа, Сунан, I/7-8 (М. Ф. Абдулбақидың кіріспесінен).

[7] Қаттани, Рисалату мустатрафа, 12 бет.

[8] Ибн Хәжәр, Нуқат ала ибни Салах, 280 бет.

[9] Ибн Хәжәр, Таһзибу таһзиб, IX/532.

[10] М. Әбу Сахба, Аламу мухаддисин, 281 бет.

[11] Имам Зәһәби, Тазкирату хуффаз, II/636.

[12] Имам Зәһәби, Сиар, XIII/278-9; Лакнауи, Ажуибату фадила, 70 бет.

[13] Бұл жерде “Тыңдадым” сөзі; хадисты бір ұстаздың дәріс алқасында отырып үйрендім, жаттадым яғни ұстаздың аузынан естіп қағазға түсірдім мағынасында.

[14] Имам Заһаби, Сиар, XIII/280.

[15] Мухаммад ибн Али Дауди, Табақату муфассирин, II/273.

* хашия - түсініктеме

[16] Ибн Мажа, Сунан, I/15 (М. Ф. Абдулбақидың кіріспесінен).

[17] Мақдиси, Шуруту айматту ситта, 24-25 беттер.

[18] Хажы Халифа, Кашу зунун, II/1004.



Оқи отырыңыз