Akikat.kz - рухани танымдық, ғылыми портал

http://akikat.kz

Басты бет > Мақалалар > Көркем мінез > Ысырап - ғасырымыздың үлкен апаты

Ысырап - ғасырымыздың үлкен апаты

2015-08-24 4019

Адамзат тарихтың еш бір дәуірінде бүгінгі жеткен материалдық мүмкіндікке бұрын ешқашан жеткен емес және мұндай сән-салтанат пен шексіз тұтыну түсінігі шарықтап аспандаған емес десек, асырып айтқан бола қоймаспыз. Заманауи өмір әкеп тіреген тығырықтың бірі шексіз тұтыну мен тұтынушылыққа ес кете ұмтылу, ысыраптың шарықтау шегіне барып, орташа тұрмыс, қоңыр тірлік жайлы түсініктің толық жойылуына себеп болып отыр. Босқа өткен сағаттардан, керексіз жанған жарыққа, бекерге қосылған аспаптардан, қоқысқа тасталған нанға, артық алынған заттардан бос шимаймен тасталған қағаздарға дейін санасаң бітпейтін жүздеген іс-әрекетіміз ысырап пен тұтынушы кесапатының шектен шыққанының бір көрінісі.


Мақаламызда бүгінгі адамды кері қайтуі әсте оңай болмайтын үлкен дағдарысқа әкеле жатқан ысырап зардабының қандай ауқымды екенін, ысырап көлемінің қандай дәрежеде екенін айқындап, мұның қандай жаһандық апатқа себеп екеніне қатысты мән-жайды ашуды көздедік.

 

Ысырап деген не? 

Араб тілінде «шектен шығу, қате, надандық, ұқыпсыздық, әуестік және құмарпаздық» секілді мағыналар білдіретін «сереф / سرف’ түбірінен туындаған исраф (ысырап) إسراف’ сөзі жалпы алғанда, «сенімде, сөзде және амалда дін мен әдет-ғұрыптың белгілеген шегінен шығу, шектен шығу», жекеше мағынасында «қолдағы затын немесе мүмкіндігін дұрыс емес, заңсыз мақсаттар жолында жұмсау, шамадан шығу, шамаға қарамау, төгіп-шашу» деген сөз. Солай болғандықтан, ысырап «шамаға қарау, мөлшерден аспау» мағынасындағы үнемдеуге қарама-қарсы. Анықтаңқырап айтқанда, «орынсыз, пайдасыз бекерге жұмсалған барлық нәрсені» ысырап ретінде бағалауға болады.


Имам Ғаззалидің сөзімен айтқанда, «діннің, ғұрыптың және адамдықтың жолында қажетті жерде, керекті мөлшерде жұмсау жомарттық, бұл өлшемнен төмен түсу – сараңдық, бұлардан асып кету болса – ысырап.[1]»


Құран Кәрімде ысырап сөзі әр түрлі мағына білдіретін ауқымды семантикалық құрылымда жұмсалғанын байқауға болады[2]. Мұны негізге алған жағдайда, ысырап сөзі қолданылған орнына қарай, адам табиғатына жат іс қылу, құлдық (адами, пенделік) тепе-теңдікті жоғалту, сезімге беріліп іс қылып, жөнсіздікке ұрыну секілді мағыналар білдіреді[3]. Мұның жанында, Ұлы Құранда ысырап пен рәсуаға жол ашар мінез-құлықтың шайтани сипат екені айтылады: «Жақын туысқа, пақыр-міскінге һәм  жолда қалған жолаушыға тиісті жақсылығыңды жаса! Мал-дүниеңді орынсыз шашып-төгіп, ысырап қылма. Шүбәсіз, ысырапқорлар шайтандарға бауыр. Ал шайтан болса, Раббысына рақметі жоқ, малғұн!»[4] Негізінде төгіп-шашудың аз не көп жұмсауға емес, қандай жерге жұмсалып жатқандығына байланысы бар, бұл тұрғыдан, төгіп-шашу деген «жөнсіз, ретсіз жұмсау» мағынасын білдіреді. Сондықтан, адам баласы бүкіл дүние-мүлкін Алла жолында жұмсап бітірсе де, төгіп-шашқан саналмайды, алайда, қажетсіз, орынсыз бір іске бар болғаны бірнеше тиын жұмсаса да, төгіп-шашқан, рәсуа еткен болады[5].


Хадистердегі мағыналарына үңілсек, ысырап нығмет ретінде танылған кез келген мүмкіндік түрі сарп етілетін жалпылама сипатқа ие. Ең әуелі Ұлы Жаратушының адамға тарту еткен сан түрлі нығметінің есебі сұралатындығы айтылады (Мүслім, Әшрибә, 140), мұнымен қоса, Алланың берген нығметтерін құлының пайдаланып жатқанын көргісі келетіндігі ескертілген (Ибн Ханбал, Мүснәд, II/182), дүние-мүліктің орынсыз жерде бекер жұмсалмауы (Бұхари, И’тисам, 3), үйде керегінен артық дүниенің болмауы (Әду Дәуіт, Либас, 42), ішіп-жемде, киімде өр кеуделік пен ысырапқа жол бермеу керектігі (Бұхари, Либас, 1) айтылады. Сондай-ақ, Расулалла (с.а.у.) адамдардың қадірін бағалау мәселесінде ең көп алданып, ысырапқа ұшырайтын екі маңызды нығметті былайша ескерткен: «Екі нығмет бар, адамдардың көбі осы мәселеде алданады. Бұлар – денсаулық пен уақыт.» (Бұхари, Риқақ, 1) Мұның жанында Алла Расулы (с.а.у.) құлшылық үшін болса да, дәрет және ғұсыл алғанда суды ысырап қылмаудан, орынсыз жерде су төгуден сақтандырған және бұған теріс әрекет еткендерді ескерткен. Расында сахаба Саад бин Әби Уаққасқа «(Әй, Саад! Өзен жағасында дәрет алып жатсаң да, ысырап етпе!» деп ескерткен (Ибн Ханбал, Мүснәд, II/221; Ибн Мәжа, Тахарат, 48). 

         Ысыраптың түрі, көлемі

Ысырап ұғымын тек ішіп-жеу, дүние-мүлік және материалдық мүмкіндіктермен ғана шектеулі ойлау бұл сөздің мағыналық өрісін тарылту деген сөз. Ысыраптың шеңберін бұдан гөрі кеңірек алып, материалдық-рухани кез келген нығметтің жаратылыс мақсатына қайшы қолданылуы, керексіз жерге жұмсалуы, төгіп-шашу деп түсінген жөн болады. Сол себепті де, тұлға ретінде киім-кешекте, тұратын үйде, үйдің жабдықталуында көрінеді, уақыт пен денсаулық тәрізді нығметтердің қадірін білмеуде де ысырап болып есептеледі. Керексіз жерде шүмектен аққан су, орынсыз жағылған электр қуаты қандай ысырап болса, уақытты босқа өткізіп, денсаулыққа зиян іс-әрекет ету де сондай бір ысырап түрі. Адам жарты литр сумен дәрет алуға мүмкін болып тұрғанда, қол жуғышта суды сарылдатып ағызып екі литр су жұмсау қандай ысырап болса, алты сағаттық ұйқымен тынығуға бола тұра, сегіз сағат ұйықтау да тап сондай ысырап[6].


Ислам түсінігі бойынша, ысыраптың шеңберін анықтау үшін бір нәрсені жұмсау, шығын шығару мәселесінде көрсетілген өлшемді назарға алған дұрыс. Осы тұрғыдан, шығын үш түрге бөлінеді.  Бұлар мұқтаждықтан, қажеттіліктен және эстетикалық, сұлулық жағы негізге алынып шыққан шығын. Аштан өлмеу үшін ас ішу секілді мұқтаж шығын шықпаса, өмір сүру мүмкін емес. Қарын тоярдай тамақ ішу тәрізді қажеттілікке сай шығын шықпаса, күш түсуі мүмкін. Дастарқан олты-салты болып, көркемдік танымға әсер етердей көлемде қаржы жұмсалмаса, көңіл жарым болады. Жеке тұлғалар мен қоғамдық ұйымдар қандай себеппен болса да пайдасыз, зиянды, заңсыз, орынсыз жерге, бір нәрсеге қаржы шығын қылса, бұл кім үшін болмасын ысырап[7]. Сондықтан да, қағидадан асып кеуде кермеу керек. Қажеттілік үшін болсын, әдемілік үшін болсын жасалған әрбір қадамда айналадағы жұрттың жай-күйі назарда ұсталып әрекет еткен жөн. Мұнымен қатар, жалпы қоғамға қайырлы, көптің пайдасы үшін жұмсалған қаражат пен Алла жолына шыққан шығынға ысырап жайын ойлап уайымдаудың реті жоқ[8]. Үлкен бір ғалым да Экономика журналында[9] Имам Ағзам Әбу Ханифаның айтқанына сілтеме жасай отырып, «лайықты қақысы бар, дұрыс адамдарға арналған қайыр мен шығынның ысырап саналмайтындығы, ал ысыраптың ешқандай қайырлы нәтиже бермейтіндігі»[10] (لا إسراف فى الخير كما لا خير فى الإسرف) баяндалады.


Хазірет Пайғамбар (с.а.у.): «Тәкаппарланбай және ысырап қылмай жеңдер, ішіңдер, киініңдер және садақа беріңдер.» (Бұхари, Либас, 1) деп бұйырғанда, ішіп-жеумен қатар садақа беруге шақыра отырып, мәселенің қауіпті жағын сөз етеді, сонымен бірге материалдық, әрі рухани қауіпті, яғни ысырап пен тәкаппарлануды, менменсуді тыйған. Осымен мағыналас Ибн Аббастың (р.а.): «Екі нәрсе, яғни ысырап пен менмендік күнәсі бой көрсетпесе адалдан қалағаныңды же, қалағаныңды ки.» (Бұхари, Либас, 1) дегені айтылады. Сондықтан да, дүние нығметтерін пайдаланғанда шектен шықпау керек. Адал болғанмен де бұл мәкрүк, менменсуге себеп болуы мүмкін екендігі ескертілген[11].

 

Қаншалықты ысырап қыламыз? 

Ысырап бүгінгі күні жер бетіндегі халықтарды үлкен қиыншылыққа ұрындырар апатты жағдайға айналды. Ең әуелі білу керек нәрсе – ысыраптың болмысын тек қана материалдық тұрғыда қарастыру мәселенің тереңдігіне мән бермеу. Бұл мәселенің артында не ысырапты заңды санайтын мәдениет өкілдері немесе ойлау жүйесі соған сай қалыптасқан, ысырапқа масайған өмір сүру үлгісі тұр. Сондықтан, уақыт ысырабынан еңбек ысырабына, нан мен су ысырабынан энергия ысырабына, физикалық ысыраптан рухани ысырапқа, қысқасы, Ұлы Жаратушының адам құзырына әзір қылған бүкіл нығметі мен игілігін орынсыз, ретсіз және есепсіз жұмсалуының астарында қате көзқарас мен тәрбие проблемасының тұрғандығы анық[12].


Люкске жататын көптеген зат, бұйымдар қазір маңызды қажеттілік нәрсе ретінде қабылданады. Тіпті, қазіргі өмір сүру үлгісі тірлігімізді қат-қабат қиындатып, адамды қара күш, маңдай терімен нан тауып адалдық шеңберінде өмір сүру мүмкін еместей күйге түсірген. Бүгін ысыраптың көлем-аумағы қандай дәрежеде екенін жүргізілген стастикалық жұмыстардан оңай аңғаруға болады. Бұл жерде күнделікті өмірдің кей салаларында, әсіресе су, азық-түлік, энергия және қағаз секілді тұтынушылық мәселесінде қандай апаттың алдында тұрғанымызға қатысты кейбір көрсеткіштермен бөліскенді жөн көріп отырмыз.

 

А) Су ысырабы

Су тіршілік иесі үшін өмірлік мәні күшті табиғи байлық. Қасиетті Кітабымыз судың аспан мен жерден де бұрын жаратылғандығы, сумен өлі жерге тіршілік берілгендігі және бүкіл тіршілік иесінің судан жаралғаны жайында, судың адам баласына берілген өте үлкен нығмет екендігі баяндалады[13]. Пайғамбарымыз (с.а.у.) да «Ұмытпаңдар! Су ішер сусын ретінде мына дүние мен ақыретте (адамзатқа берілген) ең әзиз нығмет.» деген[14]. Жүргізілген зерттеулердің көрсетуінше, бүгін дүниеде жалпы су қоры 1,4 миллиард куб метр. Бұл судың тек 0,3 пайыздайы ғана тұщы су көзі ретінде өзен-көлдерде.


Қарапайым есеппен минутына 10 тамшы су ағатын үйдегі шүмек айына 170 л судың ысырап болуына себеп. Бүгін әлемде шамамен 7 миллиардтай адам бар. Әр қайсысы қол жуғанда, тыс тазалағанда, дәрет алғанда немесе моншаға түскенде артығымен бір күнде 1 литр су кетірсе, бұл көрсеткіш бір күнде 7 миллиард литр немесе 7 миллион тонна су ысырап деген сөз. БҰҰ мәліметтеріне қарағанда, бүгін әлемде 1,4 миллиард адам таза, ішуге болатын су таппай зар илеуде. Сондай-ақ, әлем халқының 40 пайызы (2,6 миллиард адам) денсаулыққа зияны болуы мүмкін су ішуге мәжбүр. Денсаулыққа залалды су ішудің салдары холера, іш өту және сүзек секілді ауру түрлерін қоздырып отыр тек 1 минутта 15 адам мерт болады. Басқаша айтқанда, бір жылда шамамен 8 миллион адам судан тараған ауру түрлерінің кесірінен көз жұмады. Күн сайын лас су себеп болған ауру түрлерінен 30 000 адам дүниеден озады. Бұл көрсеткіштің басым бөлігін балалар мен қарттар құрайды. Тұщы су көздерінің шектеулі екендігі ескерілсе, бұл көрсеткіштер судың қандай ұқыптылықпен жұмсалуы және ысырап етілмеуі керектігін айқын көрсетеді.

 

Б) Азық-түлік пен нан ысырабы

Ата-бабаларымыз қасиетті ас атаған нан азық, қоректің басты белгісі. Құран Кәрімде жеп-ішуге қатысты шектен шығып рәсуа етуге тыйым салынған. Алланың бұлай істейтіндерді жақсы көрмейтіндігі айқын көрсетілген[15]. Қасиетті пайғамбарымыз (с.а.у.) да бір жапырақ нанның қандай құрметке лайық екенін былай айтып ескертеді: «Уа, Айша! (Нан) құрметті, оған құрмет көрсет. Өйткені, нан қай қоғамнан жиренсе, үзілді-кесілді енді қайтып оларға оралмайды» (Ибн Маджа, Әтимә, 52). Мұнымен қатар, зерттеулер нанға (азыққа) қатысты қандай ысырапқа ұрынып жатқанымызды көрсетеді.


Дүниежүзі азық-түлік ұйымының мәліметі бойынша, бір жылда 870 миллион адамның (әлем халқының 12,5 %) жеткілікті дәрежеде ас ішпейтіндігі, шамамен 10 миллион адам болса, аштық пен ашқұрсақтық салдарынан көз жұматын мына жер бетінде бір жылда 1,3 миллиард тонна азық-түліктің ысырап болатыны айтылуда. Бұл ысыраптың экономикалық құны болса, 1 триллион АҚШ долларына тең келеді екен, бұл дегеніңіз көп елдің ұлттық кірісінің өзінен асып түседі. Ысырап етілген немесе рәсуа болған мөлшер әлемдік азық-түлік өндірісінің үштен бірін құрайды. Әлемдегі азық-түлік ысырабының төртте бірінің алдын алу арқылы ғана ашқұрсақ жүрген 870 миллион адамның қорегін қамтамасыз етуге болады екен. Сондықтан да, жер бетінде жүз миллиондаған адамның аштық пен ажал алдында екендігі ескерілетін болса, бір жапырақ нан мен азық-түлік ысырабының қандай келеңсіз нәтижеге апаратыны және нендей дағдарыс түрлеріне себеп болатыны түсінікті болмақ.

 

Г) Энергия ысырабы

Күнделікті өмірімізде қолданатын көптеген құрал-сайманның жұмыс істеуі үшін энергия күшін қажет ететіні белгілі. Үй ішіндегі жылыту, жарық беру, тазалық, тынығу және басқа істерді атқару мақсатында отбасында энергия көздері пайдаланылады. Отбасында бұл аспаптарды сатып алғанда және қолданғанда үнемшіл болып, ысырап етпеуге мән беруге тиіспіз. Цифрмен есептейтін болсақ, 120 шаршы метрлік үйде тұратын төрт кісілік отбасы жылыту, салқындату, ас даярлау және сақтау, кір жуу, ыдыс-аяқ жуу, телевизор тәрізді аспаптардың қолданысы мен жарық үшін жұмсалатын электр энергиясы бір жылда 2 мың кв шамасында. Ал қарапайым шаралар арқылы үйде ең аз дегенде 30 % энергия үнемін қамтамасыз етіп, сол арқылы осы көлемдегі ысыраптан сақтануға болады екен.

Энергия ысырабын болдырмау, қоршаған ортаны қорғау, байлығымызды еселеп, сыртқы елге тәуелді болудан құтылу Алланың нығметтері алдында құрмет көрсету екенін білдіреді.

 

Д) Қағаз ысырабы

Күнделікті өмірімізді қамтамасыз ету үшін үйде, оқуда, жұмыс орнында және тағы басқа көптеген жерде ең көп қолданатын нәрсеміздің бірі – қағаз. Әлемде жыл сайын қағаз өндіруде пайдалану үшін кесілетін орман аумағы 40 миллион гектар. Қағаз өндірісіне кететін бұл ормандардың көлемі болса, 1,3%. Бір тонна қағаз – 17 ағаш, бұл дегеніңіз, 70 шаршы метр орман. Мұның жанында, қайта тапсырылған 700 тонна ескі қағаздың қайта өңделуі арқылы 10 мың ағашты сақтап қалуға болады. Бір тонна ескі қағаз қайта өңделгенде 16 түп қарағайды кесудің алдын алуға болады екен. Бір кеңсе қызметкері бір жылда орташа 81 кг қағазды қоқысқа тастайды. Демек, орынсыз жерге қағаз қолданып, ысырап қылу әрі ормандардың жойылуымен, әрі ұлттық байлығымыздың қоқысқа тасталуымен бірдей. Ал Пайғамбарымыз (с.а.у.) көптеген хадисінде ағаш отырғызуға үндеп, соғыс жағдайында болса да, ағаш пен орманды сындырып бүлдірмеу керектігін анық бұйырған (Тирмизи, Сира, 4). Бір ағаштың 20-30 жылда өсетіні ескерілсе, ысырап қылған қағаз арқылы нендей нәрселерге себеп болып, қандай нығметтерге мән бермейтіндігіміз мәлім болады.

 
Психологиялық тұрғыдан ысыраптың зияны 

Ысыраптың зияны өте айқын түрде аяттар мен хадистерде баяндалады. Ысырапшылдық мәдениеті індеттен бетер адамдарды айналдырып, нәпсінің жетегіне әбден көніп, тек жоғары деңгейде тұтыну арқылы өмір сүруге үйренген адамдар саны барған сайын артып келеді. Ысырап пен шектен тыс тұтыну тек қана істеушіге емес, сонымен қатар, қоғамға да ауыр соққы болып тиюде, экономикалық өмірде күн өткен сайын айықпас дертке айналуда. Жүз миллиондаған адам аштық пен жоқшылық зардабын тартып жатқан мына дүниеде ысырап болған әр нәрсеге жауапты екендігіміз анық. Мұсылман баласы ретінде, «Көршісі аш кезде тоқ жатқан бізден емес.»[16] деген Пайғамбар қағидасын біле тұра, түк білмейтін жандай ысырап қылып, тұтынушылыққа ес кете берілу өте-мөте қауіпті, қиын жағдай.

 

Ысырап пен шектен тыс тұтыну – бізге пайда, қуаныш беретіндей көрінетін алдамшы «зиянды әдет». Төгіп-шашып қолындағы мүмкіндік пен нығметті өз орнында пайдаланбаған адамдар орынсыз әрекет жетегіне ереді. «Экономика журналында» ысыраптың қандай ауыр нәтижелер тууына себеп болатынын түсіндіргенде, ысырапқа берілген кісінің әуестік секілді мінезге бой алдыратыны, әуестіктің күйзеліске (түңілу, рухани құлазу) әкелетіні, мұның қанағатсыздыққа ұрындырып, ықыластың әлсіреуіне және ақырет амалдарының азайуына жол ашатыны айтылады, ал қанағатшыл болудың үнемді және қарапайым тірлік нәтижесіне жеткізетіні баяндалады. Сондықтан, ысырап етуші адам құмарлыққа бой алдыратындықтан материалдық және рухани үлкен шығынға ұшырайды[17]. Тұтынушы болу арқылы бақытты сезіну әдеті кей кісілердің өзін өзі құрдымға сүйреу үдерісі. Ешқандай тұтыну бұйымының адамды ұзақ уақыт бақытты ете алмайтыны аян. Өйткені, тұтынушылық артық қаржы жұмсауды, артық шығын болса, люкс пен ысырапты ала келеді. Адамдар тұтыну арқылы бақытты болу жолына түскенде, тығырыққа барып тіреледі және уақыт өте келе өзіне, айналасына зиянын тигізе бастайды. Тұтынушы ретінде шектен шығу адамды алда бақытсыздыққа, жоқшылыққа ұрындырады.


Адамның ешқашан таусылмайтын тұтынушылық және қаржылық қажеттілігін пендеге бұйырған еш бір байлық өтей алмайтындығы анық. Сондықтан, әр ата-ана өз қоғамындағы осы келеңсіздікті біліп, бала-шағсына жақсы үлгі болуға тиіс. Балаларға үнемі қалаған нәрсесін алу олардың тұтынуды ғана білетін машинаға айналуына себеп болуда. Қалауын тізгіндей білу, сабыр мен өзін ұстау сезімі үнемдеу әдетін күшейтеді. Ата-ана баласына үнемдеу әдетін үйрету арқылы оған өмір бойы қажет ең маңызды нәрсенің бірін тарту еткен болады. Балалар отбасында үнемдеуді, орны-орнымен жұмсауды үйренеді. Бұл мәселеде, Хазірет Омар ұлы Абдулланы бір күні ет жеп жатқанда көріп, «Не болды, ет жеп отырмысың?» деп сұрайды. Ұлы «Иә, жегім келіп кетті…» дегенде, Хазірет Омар оған ренжіп,: «Сен солай жаның қалағанын алып жейсің, солай ғой? Білмеуші ме едің, Пайғамбарымыз «Адамның жаны қалағанды алып жеуі де ысырап.» екендігін айтқан, дейді (Ибн Мәжа, Ә’тимә, 51). Бұл мысалға қарап мәселенің қаншалықты терең, әрі асқан сезімталдылықты қажет ететін жақтарының барлығын көреміз[18].


Ысыраппен өмір сүретін адамдар белгілі бір уақыттан соң өмірлеріндегі берекет, ризықтан айырылып, бара-бара жоқшылық ноқтасына көндігуге мәжбүр болады. Ал люкс пен жан рақатына малынып, мұның осылай мәңгі тұратынын ойлайтын Батыс әлемі бүгін экономикалық дағдарыспен күресуде. Бітпейтіндей, таусылмайтындай көрінген материалдық құндылықтардың бәрі сарқылып, қуатты елдердің өзі қарызға батып пұшайман күй кешуде. Ол мемлекеттердің тығырыққа тірелуінде жіберілген адами қателер, шексіз тұтынушылық және орны толмас ысыраптың айтарлықтай маңызды екені анық. Өйткені, осылайша қажеттілік-талап пен кірістің тепе-теңдігі бұзылып, әуелі қоғамды құраушы жеке тұлғалар тапшылық пен жоқшылыққа ұрынуда, артынша сол жеке тұлғалардан құралған ұлттар мен мемлекеттер тақырға отыруда.


Табиғи тепе-теңдік тұрғысынан ысыраптың зияны 

Ысырап байлық көздерінің жойылуы және дүниедегі ғажап илаһи тепе-теңдіктің бұзылуына себеп болуы секілді нәтижелер тудыруда. Бекер тасталған әр өнімнің қандай еңбек пен байлықтың зая кетуіне жол ашатыны сол өнімнің қолымызға тигенше өткен кезеңдерін ойлағанда, тіпті айқындала түседі. Олай болатыны, бір үзім нан қоқысқа тасталғанда сол нанмен бірге оны өндіру үшін егілген тұқымдық бидайдың, егінші еңбегі мен жұмыс үдерісінің, бидайды ұнға айналдырған зауыттағы энергияның, терлеген жұмысшы еңбегінің, ұнды наубайханаға жеткізу үшін атқарылған шаруалардың, пеште жанған отынның және оны алу үшін жұмсалған ақшаның да зая кеткенін қапысыз білуге тиіспіз. Осы өнім дайын болғанша жұмсалған су, ауа секілді нәрселерді де ескерген жағдайда, дүниедегі тіршілік етуші бүкіл жанды заттың бұған қатысы барын ойлауға итермелейді. Қазір шектен тыс тұтыну мен ысыраптың нәтижесінде «қолданып тастау» сәнге айналған. Бұған қосымша, етікшіден тігіншіге дейін кәсібі арқылы адамдарды ылғи үнемшілдікке шақыратын мамандар да бірте-бірте жойылып барады[19].

  

Қорытынды

Ысырап пен үнемшілдіктің жоқтығы қанағатсыздыққа, тұрмыс тауқыметіне, құмарлыққа, екіжүзділікке және ықылассыздыққа себеп болуда. Сонымен қатар, ысырап, бір жағынан адамның адамгершілік сезімін жойып, екінші жағынан басқаға жалтақтап, тіленуге және жоқшылықта өмір сүруге мәжбүр етуде. Бүгінгі адамдар есепсіз, ретсіз шығын шығарып, өзіне берілген нығметтерді ойсыздықпен сарп етіп, өмірінің есебін бермейтіндей бекерге өткізгенше, үнемшілдік пен қанағатшылдықты өмірлерінің негізі етіп, ішіп-жем, киім-кешек, үй-жай, көлік пен түтыну бұйым секілді барлық қажеттіліктерін мұқтаждық шеңберіне сай қолға алып, әр мәселеде кішіпейілділік ұстанымына сай әрекет етуге тырысуға көңіл бөлуде. Мұндай өмірлік көзқарас бүгінгі әлемде моральдық, әлеуметтік және экономикалық салада бастан өтіп жатқан қиыншылықтардың шешімін табуға жағдай жасаған болар еді.



[1] Ғазали, Ихъя, III/259-60.


[2] Духан, 44/30-31; Мәида, 5/77; Исра, 17/33; Ниса, 4/6; А’раф, 7/35; Зүмәр, 39/53.


[3] Вели Кайхан, “«Курана гөре исраф ве иктисат»”, Дінтану Академикалық Журналы, VI (2006), №:2, бет 190.


[4] Исра, 17/26-27.


[5] Гюлен, «Өлімсіздіктің сиқырлы сусыны» - Сынық Құмыра сериясы – 7, бет 194.


[6] Гюлен, «Өлімсіздіктің сиқырлы сусыны» - Сынық Құмыра сериясы – 7, бет 195-196


[7] Элмалылы, «Хақ діннің Құран тілі», V/3613.


[8] Қайхан, «Құран бойынша ысырап және үнемділік», 174.


[9] Бәдиузаман, Лемалар, s.181 (19. Лема).


[10] Ғазали, Ихъя, I/262.


[11] Фахруддин Рази, «Мефатихуль Ғайб» XXIV/ 109.


[12] Гюлен, «Өлімсіздіктің сиқырлы сусыны» - Сынық Құмыра сериясы – 7, бет 195-196


[13] Худ сүресі, 11/7; Ясин сүресі, 36/33; Анбия сүресі, 21/30.


[14] Хәкім, әл Мустәдрәк, IV/138.


[15] Әнғам сүресі, 6/141; А’раф сүресі, 7/31.


[16] Ибн Әбу Шәйба, Мүсәннәф, Иман және түс, 6.


[17] Лемалар, 19-ші Лема


[18] Айдынлы, «Ысырап және тұтыну психологиясы»,  Номер: 382.


[19] Айдынлы, «Ысырап және тұтыну психологиясы»,  Номер: 382.





Оқи отырыңыз