Akikat.kz - рухани танымдық, ғылыми портал

http://akikat.kz

Басты бет > Мақалалар > Сүннет жолы > Хадис әдіснамасында қалтқысыз болу

Хадис әдіснамасында қалтқысыз болу

2015-08-21 2116

Хадис ілімі және иснәд[1] 

Хадис, мәтін және сәнәд* болып екі бөлімнен тұрады. Мәтін,  мағына жағынан тура болсада, оның хадис деп есептелуі сәнәдқа, яғни сенімді рауилер (хадисті жеткізуші адам) тізбегіне байланысты. Имам Бұхаридың ұстаздарынан бірі Абдулла ибн Мубарак (қайтқан жылы 798) былай дейді: “Иснад (сәнәдті анықтау) діннің бір бөлігі. Иснад болмағанда қалаған адам айтқанын Расуаллаға саллалаһу алаиһи уасаллам телитін еді” дейді[2].

 

Християн дінінде хадис иснадсыз тек мәтін ғана. Иса Пайғамбардан хабар жеткізу мәселесінде беделділер ретінде алғашқы  ұрпақта хауарилер, кейін  шіркеу басшылары саналатын. Исламдағы хадис іліміндегі сияқты иснад болмағандықтан, әсіресе алғашқы ғасырларда жазба нұсқаларының өте аз болғаны үшін, хауарилерді және алғашқы дәуір шіркеу қызметкерлерін дұрыс деп қабылдасақта, кейінгі ұрпақтарда бұл хабарларға әр түрлі нәрселер қосылмады деп айту өте қиын. Бұған қарамастан шығыстанушылар, хадис іліміне, басқа салаларда теңдесі болмаған иснад негізіне тіл тигізуде, Інжіл жайлы айтуда ауыздарына құм құйылсада, хадистерді қаралауға барынша тырысуда. Бұл іс жаман пиғылмен жасалуда екенін аңғару қиынға соқпаса керек.

Тәуратта көп мөлшерде, ал Інжілде мүлде иснад жоқ. Бұл ақиқатты жасыру мақсатында миссионер  Джоан Кац бұл негіз мұсылмандар тарапынан  жабылған жала деуде. Иснад немесе хадистердің сәнәді дегеніміз сенімді рауилердің тізбегіне негізделуді Кац: «Бұл мұсылмандардың ойдан шығарған нәрсесі» - деуде. Иә, Кац осылай айтуда өйткені Таурат пен Інжілдің ақиқаттығын анықтау үшін  бұлай тест жасау негізі мүлде жоқ.  Егер болса және мұсылмандар хадистер үшін иснад (тізбек) ілімін дамытпаған болса, онда еш күмәнсіз, Шығыстанушылармен Миссионерлер хадистерді жаппай қабылдамайтын еді. Қайта, Ислам дінінің қас жауы саналатын Бернард Льюис хадис іліміндегі иснад негізін Християн білімімен салыстырып мынадай қорытынды шығаруда:

 

«Мұсылман ғалымдары алғашқы ғасырларда жалған куәлік беру және соның нәтижесінде Ақиданың бұрмалау қауіпін байқап, Пайғамбардан жеткен риуаяттар мәселесінде өзгеше сынға алу ілімін дамытты. Хадис немесе риуаят ілімі деп аталатын бұл ілім қазіргі тарихтың  дереккөз сынынан ерекше қазіргі ғылыми негіздермен, алғашқы ғасырларға негізделген риуаяттардың туралығы жөнінде дәстүрге бекем ғалымдардың тұжырымдауына тұп-тура сәйкес келмейді. Бұған қоса Мұсылман хадис ғалымдары риуаят тізбектері мәселесінде көрсеткен ұқыптылық және кейбір сөздер және рауилер араларындағы болған айырмашылықты да жазудағы көрсеткен ұқыптылық, орта ғасыр мұсылман Араб  тарихшыларына кәсібилік және озық ерекшелік берген. Бұған ұқсас жүйені бұдан бұрын көрмегеніміздей, орта ғасыр батыс әлеміненде кездестіру мүмкін емес.  Латын Християн әлемі бұл тақырыпта Ислами тарих жазу жүйесімен салыстыруға келмейтіндей өте қарапайым. Бұл мәселеде Латын Християн әлемінен озық болған Грек Християн әлемі де, Ислами тарих ілімінен, еңбектердің саны жағынан, алуан түрлілігі жағынан және талдау тереңдігі жағынан артта қалады»[3]

 

Осы тақырыпта  Монтгомери Уот болса мына тұжырымдаманы айтуда:

 

«Көптеген сөздер ойдан құрастырылып хазіреті Мұхаммедке теліне берілуі мүмкін еді. Араптарда хабар жеткізу жүйесі тек ауызша болғандықтан, хазреті Мұхаммедке телінген сөздердің  тура екенін білудің жалғыз жолы, хабар жеткізушіні зерттеу еді. Осылай жасалды және өте қысқа мезгіл ішінде хадис ілімі пайда болды және Хазреті Мұхаммедке телінген жалған сөздердің жүргені белгілі болды. Бірден рауилер  сүзгіден өткізілді: бір-бірінен риуаят еткендердің бір-бірін көруі мүмкін бе емес пе мәселесі зерттелді, рауилерге қаншалықты сенім артуға болатыны қарастырылды және қате ақидада болып-болмағандары анықталды.  Нәтижесінде кең көлемде өмірбаяндар жиналды (Рижал және Табақат кітаптары) және рауилерді, ұстаздарды, шәкірттерді, олардың өлген жылдарын және олар жөнінде  ғалымдардың пікірлеріне қарай жиналды. Өмірбаянға негізделген риуаят сыны, қай сөздердің хадис қай сөздердің хадис емес екендігі туралы қоғамдық пікір қалыптасты»[4].

 

Набия Абот та Хадис және иснад ілімі жөнінде мына көзқарастарды айтуда:

«Хазрет Мухаммедтің сахабалары және олардан кейінгілер жеткізген хадистер, бір ереже ретінде, жеткізу жолдарының әр сатысында өте мұқияттылықпен  тексерілген. Хижри 2ші және 3ші ғасырларда, хадис ілімі бойынша, хадисті жеткізу жолдары әрі сахабалардың сөздері хадистің мәтіні немесе мағынасы ретінде емес, хадистің тізбегі деп саналған»[5].

 

Кейбіреулер хадистердің санының көптігі сылтауымен, хадистердің сенімділігіне күмән келтіруге тырысқан. Алайда өте қарапайым  геометриялық шындық бар. Мысалы: Бір хадисты Хазрет Пайғамбардан саллалаһу алайһи уасаллам екі сахаба естіді. Бұл екі сахаба естігенін екі шәкіртіне айтты. Осы төрт шәкірттің де әр қайсысы өздерінің екі шәкіртіне жеткізді. Осылайша геометриялық еселікпен үшінші ғасырдағы имам Бухариге жеткенде бір хадис  8 тізбек және 14 адамнан келген болады.  Бұл жәйт хадистердің қайталануын көбейтеді әрі өте мұқият сынды қажет етеді. Хадис ғалымдарының осы тәсілі арқасында хадистер сенімді тізбектермен жеткізілген әрі тарихта ұқсасы көрілмеген өте салмақты иснад ілімі дамытылған. Абот бұған қоса мынаны да айтуда:

«... Осылайша геометриялық еселену арқылы 1.000-2.000 сахаба  және алда тұрған табиғиндердің риуаят еткен бірнеше жүз хадистері Ибн Ханбалға, Бұхариге, Мұслімге жеткенше табиғи түрде үлкен санға жетеді. Осы себептен, Ибн Ханбалдың Мүснәдында және соған ұқсас еңбектердегі хадистердің сандарын көп деп білмеуіміз қажет»[6]

   

Хадис әдіснамасына кіріспе

Хадис, Пайғамбарымыз Хазрет Мұхаммедтен (сәллаллаху әләйхи уа салләм). риуаят етілген сөз және іс әрекет. Хадистер арқылы Пайғамбарымыздың (сәллаллаху әләйхи уа салләм) өмірін, міндетін және оны қалай атқарғанын, яғни Оның сүннетін терең үйрену мүмкіндігін табамыз. Мұсылманның ең негізгі діни міндеттерін орындау мәселесінде хадистерді білудің маңызды ролі бар.

 

Пайғамбарымыз (сәллаллаху әләйхи уа салләм) сахабаларына дінді үйрету барысында қайталау, сұрау, жаздыру және орындау арқылы көрсету сияқты бірнеше әдісті қолданған. Өзі үйреткеннен кейін сахабаларын (білімдерін тексеру мақсатымен) тыңдайтын.  Сахабалармен қатар, сырттан келген топтарға да  Құран және сүннет үйретілетін еді. Нені және қаншалықты үйренгендерін білу үшін Хазрет Пайғамбар (сәллаллаху әләйхи уа салләм) олардан сұрақтар сұрайтын[7]. Сонымен қатар, Расулулланың (сәллаллаху әләйхи уа салләм) әр түрлі жерге жіберген хаттар маңызды мәселелерді қамтитын. Кейбіреуі өте ұзын болатын бұл хаттар да сүннетті үйрену әдістерінің бірі. Пайғамбарымыз (сәллаллаху әләйхи уа салләм) кезінде жазудың маңызды орны болатын және Оның кемінде 45 жазушысы болатын[8]. Мысалы жазушылардың бірі Хазрет Әли (р.а.) Пайғамбарымыздың (сәллаллаху әләйхи уа салләм) кейбір уағыздарын көбейтіп, бірнеше адамға жіберген. Ең бастысы, үлгі ретінде Алла Елшісінің (сәллаллаху әләйхи уа салләм) өмірі және жеке практикасы әр кімге тәлім болатын. Өйткені Ол (сәллаллаху әләйхи уа салләм): “Менің қалай намаз оқығанымды көрсендер солай намаз оқыңдар!”[9] және «Қажылықтың тәсілін менен алыңыздар (үйреніңіздер)!»[10] - деп айтқан.  Сауалмен келген кісі сұрақтың жауабын өзі көріп үйренсін деп, кейде оны қасында қалдыратын[11].

 

Сүннетін үйрету мақсатында Алла Расулі (сәллаллаху әләйхи уа салләм)  қолданған тәсілдердің бірі, қазіргі таңда мектеп деп аталатын білім беру мекемелерін ашу еді. Ең танымалы Суффа оқу орындары еді. Пайғамбарымыз (сәллаллаху әләйхи уа салләм) Мәдинеге келер-келместен Суффа мектептері өз жұмысын атқара бастады деуге болады.  Осы мекемелерде өсіп жетілген ұстаздарды Пайғамбарымыз (сәллаллаху әләйхи уа салләм) басқа жақтарға жіберіп тұратын. Өзінен үйренген ақиқатты жаю мәселесінде сахабаларын ынталандырып, «Бір аят болса да менен үйренгеніңізді өзгелерге жайыңыз!” [12]-, деп бұйырған[13]. Атақты Қоштасу Хұтпасында, «Бұл жерде болғандар менен естігенін бұл жерде болмағандарға жеткізсін» -, деп айтқан[14]. Осының табиғи нәтижесі ретінде сахабалар Расулалланың (сәллаллаху әләйхи уа салләм) сөздерін және іс әрекеттерін басқаларға  түсіндірген. Осы мақсатпен Алла Расулі (сәллаллаху әләйхи уа салләм) кейде жан-жаққа делегациялар жіберіп тұрған. Білім беру және үйренуге әрқашан мән беретін .

 

Ал сахабалар болса, Пайғамбарымызды (сәллаллаху әләйхи уа салләм)  бүкіл жан-тәнімен сүю, оған ілесу, үңіліп қарау   және оның істегендерін өзгелерге түсіндіру мәселесінде қаншалықты ынталы және мұқият болғандарын айтып та керек жоқ шығар. Сахабалардың Расулаллаға (сәллаллаху әләйхи уа салләм) сүйіспеншіліктері соншалықты, керек болса Пайғамбарымыз (сәллаллаху әләйхи уа салләм)  үшін қуана-қуана жанын қиятын. Осы себептен әрі Пайғамбармен болған естеліктерге байланысты әрі Расулалланың сүннетті үйрету тәсілдерін өздері көргені үшін, сахабалар сүннетті тек үйренумен шектелмей, сонымен қатар жаттау және жазу арқылы оны сақтаған. Кейде бір жерге жиналып, Пайғамбардан (сәллаллаху әләйхи уа салләм)  естігендерін өзара талқылайтын. Мұраттары Расулаллаға ұқсау еді. Ол дүние салғаннан кейін де бұл мұраттан қайтпаған. Әли ибн Әбу Тәліб, Ибн Масғуд, Әбу Сағид ал-Худри сияқты сахабалар табиғиндерге хадистерді жаттауын кеңес берген[15]

 

Расулалла (сәллаллаху әләйхи уа салләм) дүниеден өткеннен кейін Ислам діні Араб елінің шеқарасын асып басқа елдерге жайылды. Бұл оқиға сахабалар кезінде болғаны үшін, сахабалар жаңа жерлерге тарап, хадистерді алып барды. Әлбетте сахабалардың сүннет білімдері бірдей болмайтын, кейбіреулер Расулалламен көбірек бірге болған, кейбіреулер зерек әрі ұғымтал болған. Сондықтан кейбір тақырыптарды көбірек білетіндер болған, бірі естімегенін басқасы естіген болатын. Олар, барған жерлерінде, жаңадан Ислам дінін қабылдағандарға сүннетті түсіндірді. Жаңа мұсылмандардың Пайғамбарымызды (сәллаллаху әләйхи уа салләм) тану қызығушылықтары әрі білімге құштарлықтары, кез келген сахабадан  Расулалланың хадисін сұраулары сол кезеннің ең айқын ерекшеліктері еді. Алайда сүннет мұсылман елдеріне бір деңгейде бармады және бірдей жайылмады. Әсіресе  сүннетті жаңадан үйреніп, оны басқаларға насихаттағандар қателіктер жібере бастады. Ал Хазрет Осман халифаығының екінші жартысында басталған фитнәлар нәтижесінде пайда болған жаңа ағымдар жалған хадистерге себеп болды. Бұл оқиғалар хадис сыны техникасына жол ашты әрі хадистерді үйрену және үйрету үшін жаңа әдістердің дамыуына үлес қосты.

 

Хадистерді сақтауда бүкіл әдістер маңызды болғанымен, бұлардың ең көп тараған түрі - хадистерді білетін біреудің басқаларға түсіндіруі еді. Әсіресе хадис ілімінде алдынғы қатардағылардың айналасында шәкірттер көбейіп, естіген хадистерін жазатын. Кейде хадис ғалымдарын сынау үшін, шәкірттер жазған хадистерге қосымшалар жасап, хадис ғалымдарға ұсынылатын. Қоспаны тани алмаған ғалымдар сенімсіз деп саналатын[16].

 

Сонымен қатар хижри 2-ші ғасырдың басында шәкірттер, үйренген хадистерін ұстаздарына оқитын[17]. Хадистер басқа шәкірттердің алдында да оқылып, шәкірттер оқылған хадистерді қолдарындағы нұсқалардан қарап отыратын. Әр хадис оқылған сайын, ол хадисты қоршауға алып, қайтадан оқылғанда оқылғанын білдіретін ишарат қойып, бір хадис бірнеше рет тексерілетін. Сонымен бірге, алғашқы ғасырлардан бастап, шәкірттердің хадис нұсқалары бір бірімен салыстырылатын. Осылайша жазу барысындағы қателіктер жойылатын.

 

Хадис үйрену және үйрету, риуаят және оны өңдеу әдістері көп болғанымен, барлығы жайлы сөз қозғау бұл мақаланың тақырыбы емес.  Тақырыбымызға байланысты мынаны да айтып кетейік: хадис риуаяттарында қолданылған «хаддасана» (бізге айтты), «ахбарана» (бізге хабар берді), “аън” (-дан, -ден) сияқты сөздер, қазіргі таңда өкінішке орай риуаяттар тек ауызша болған деген жаңсақ түсінікке жол ашуда. Алайда риуаяттар әрі ауызша әрі жазбаша түрде де болған.

 

 

Иснәд, мәтін және хадистері классификациялау  

 

Хадисті риуаят еткен адамдардан иснәдды құралады. Хадистің тізбегін білдіретін иснәд - хадистың бір бөлігі. Абдулла ибн Мубарактың иснәдқа байланысты сөзі жоғарыда айтылған еді. 

Фитналар пайда болмай жатып, сахабалар арасында иснәд әдісіне байланысты ишараттар болса да (сахабалар бір бірінен естігендерін әрі хадистің қалай түсіндірілгенін анықтайтын), иснад ілімінің дамуы хижри 1-ші ғасырдан кейін болған.  Хадистың Пайғамбарымыздың (сәллаллаху әләйхи уа салләм) сөзінен тұратын бөлігі мәтін деп аталады.

 

Белгілі өлшемдер аясында хадистерді 7 категорияда қарастыруға болады:

 

1.     Хадистердің алғашқы беделділерге сүйенуі;

2.     Иснәд байланыстары немесе тізбегтің топтары (табақат*);

3.     Иснәд тізбегінің әр табақатындағы рауилер;

4.     Риуаят түрлері;

5.     Иснәд және мәтіннің дәрежесі;

6.     Иснәд немесе мәтіндегі кемшіліктер;

7.     Рауидің есте сақтау қабілеті және сенімділігі[18].

 

1.     Хадистердің алғашқы беделділерге сүйенуі.

Бұл категориядағы хадистер, Пайғамбарымызға, сахабаға немесе табиғинге сүйенуі тұрғысынан Марфуъ, Мауқуф және Мақтуъ деп үшке бөлінеді. Рауи тізбегінде, үзіктің бар не жоқ екендігіне қарамастан, бірінші қайнар ретінде Пайғамбарымызға (сәллаллаху әләйхи уа салләм) сүйенген хадистер Марфуъ деп аталады. Тізбекте сахабаға дейін барып,  хадисты жеткізген сахаба оны Пайғамбарымыздан (сәллаллаху әләйхи уа салләм) естігенін ашық айтпаған хадис Мауқуф, ал тізбекте табиғинге тіреліп, хадисты риуаят еткен табиғин

оны сахабадан, ал сахаба Расулалладан естігенін ашық білдірмеген хадис Мақтуъ деп аталады. Бұл категориядағы ең күшті хадис әлбетте Марфуъ хадис[19].

 

2.     Иснәд байланыстары немесе тізбегтің топтары (табақат)

Тізбектің соңы міндетті түрде Пайғамбарымызға (сәллаллаху әләйхи уа салләм) жеткен иснәдтағы байланыстар немесе иснәд тізбегінің топтары тұрғысынан жіктелген хадистердің ең қуаттысы Мүснәд хадис деп аталады[20]. Мүснәд хадистің рауи тізбегінде ешбір үзік болмай, хадис тізбегі Расулаллаға дейін жетеді. Бұл категорияға жататын хадисты риуаят еткен табиғин сахабаға сілтеме жасамай, хадисты тікелей Расулаллаға иснәд еткен болса, оны Мүрсәл хадис деп атаймыз. Тізбекте соңғы рауиге ең жақын табақаты үзілген  хадис Мунқатиъ деп аталады. Бұл жердегі үзілген табақат екі бөлек  ұрпақтан болуы шарт емес. Бір рауи басқа рауиді көрмей, одан хадис риуаят етсе немесе рауи хадис алған адамның атын айтпай, оны “пәленше” деп айтса бұл хадисте Мунқатиъ болып есептеледі[21]. Егер иснәдта бірнеше үзік табақат болса, ол хадис Муъдал, ал тізбекте ешқандай табақат болмай, хадистың рауиі тікелей Расулаллаға сүйенсе, ондай хадис Муъаллақ деп аталады[22].

 

3. Иснәд тізбегінің әр табақатындағы рауилер

Иснаттың әр бір табақатында қанша рауидың болғанын, басқаша айтқанда; әр риуаят сатысында хадистың қанша  рауи тарапынан риуаят етілгеніне байланысты жасалған классификацияда екі түрлі хадис болады. Тізбектің әр табақатындағы рауилердің жалғанға ортақ болулары мүмкін емес бір топ рауилерден риуаят етілген хадистер Мутәуәтір деп аталады.  Бұл рауилердің саны кемінде 4 болу керек[23].

Мағына немесе сөз тұрғысынан хадис Мутәуәтір бола алады. Мәтінінде аз ғана өзгешеліктер болғанымен, мағынасы өзгермеген бірнеше Мүтәуәтір хадис мағына тұрғысынан Мутәуәтір болады. Мутәуәтір хадистердің көбісі осы тармаққа жатады. Риуаят тізбегінде әр табақатта рауилердің саны хадисты Мутауатир дәрежесіне апармайтындай аз болса, онда оған Ахад хадисы деп айтылады. Егер әр табақатта  жалғыз рауи бар болса бұл түрдегі ахад хадис Ғариб деп, ал егер әр табақатта екі рауи бар болса Азиз, ал егер үш рауи бар болса онда Машһур хадис деп айтылады. Жалғыз немесе екі сахабаға сүйенген, яғни басталғанда тізбегі Ғариб немесе Азиз болып, кейінгі табақаттарда рауилер саны артқан хадистер Машһур деп саналған[24].

 

4.     Риуаят түрлері

Бұл категорияда хадистің қалай жеткізілгеніне қаралады. Хадистің қалай алынғанын білдіретін «хаддасана - бізге хадис айтты», «ахбарана – хабарлады», «самиъту – естідім», «әън - дан, - ден», «қалә – айтты» сияқты сөздер, хадистың сенімділігін анықтау үшін маңызды болған.  Бұлардан алғашқы үшеуі (хаддасана, ахбарана, самиъту) хадисты жеткізген адамның оны рауиден, көбінесе тікелей ұстазынан естігенін көрсетеді. «әън» және “қалә” нақтылық бермей, хадисті ұстазынан тікелей немесе басқа біреуден естіген, бірақ айтқан хадисты ұстазына телуде.  Бұл екі сөздің қолданылуы хадиске әлсіздік жолын ашқандықтан оны Тадлис деп атаймыз әрі ондай хадис Мүдәлләс деп аталады. Сонымен Мүдәлләс хадистің бір түрі - сенімді рауидің тікелей ұстазынан естімесе де, соған сілтеген немесе замандасына сүйендірген хадисы. Мүдәлләс хадистің екінші түрі - сенімді рауидің әлсіз рауиден, ал оның сенімді бір рауиден алған хадисы. Хадисты жеткізген соңғы әрі сенімді рауи, хадисты ұстазынан естіп, ал ұстазы ол хадисты әсліз рауиден алған жағдайда, әлсіз рауи аталады және «- дан, - ден» қойылып, ұстазы алдынғы сатыдағы сенімді рауиге байланыстырылады[25].  Егер тізбектің бүкіл өн бойында риуаят түрі бірдей болса, хадистің тәдлис ықтималдығы жойылады немесе төмен дәрежеге түсіріліп, хадис Мүсәлсәл хадис деп аталады.

 

5. Иснәд және мәтіннің дәрежесі

Мәтін немесе иснәдтің дәрежесі бойынша хадистер жіктеледі. Имам Шафиғидің көзқарасында сенімді рауидің хадисы өзінен сенімдірек басқа рауидың хадисымен қайшы келген жағдайда ол хадиске Шаз делінеді.  Ибн Хажар ал-Асқаланидың көз қарасында; әлсіз рауидың риуаяты сенімді рауидың риуаятына қайшы келсе, бұл хадис Мункар хадис болады. Кейбір ғалымдар, әлсіз рауилердің риуаяттарының барлығына Мункар үкімімен қарайды.  Риуаят тізбегі тұрғысынан тура болып, бірақ мәтіні және мазмұны тұрғысынан Расулаллаға телу мүмкін болмаса, яғни бұл мәтін сүннеттің белгілі негіздеріне қайшы болса, бұл хадист Мункар болады. Егер хадисте, сенімді рауидың қосқаны, бірақ басқа сенімді рауилердің риуаят еткен хадисында болмаған  қосымша сөз болса және бұл қосымша сөз мағына және мазмұны тұрғысынан қосылу қабылдайтын сөз болса, бұл «Зиядату сиқа» сенімді рауидің қосқаны деп танылады.

Бұған қоса ішінде рауидың қосқан сөзі бар хадисты Мудраж хадис деп атаймыз.  Бұл көп жағдайда хадистың шархы жасалуы қажет болғанда енгізіледі. Сирек кездессе де иснатта да Мудраж кездеседі.  Яғни, рауи  иснаттың бір бөлігін алып оны басқа иснадқа қосса. Бірақ осылай жасау, иснад немесе мәтінге қосу дарж[26] әдеті болған рауи сенімсіз және өтірікші рауи болып табылады. Сондықтан бұл хадиске қосылған сөздерді шарх жасау мақсатында жасаған рауилерге ғалымдар құрметпен қараған[27].

 

6. Иснәд немесе мәтіндегі кемшіліктер 

Иснад немесе мәтінде кемшілік “иълла” табылған хадистер категориясы, бұларға Маълул немесе Муаъллал хадис дейді. Бұл кемшілік кейде Мурсал хадисты оған Муснад хадис деп, немесе белгілі сахабадан жеткен хадисты басқа сахабаға телігенде болады. Бұл кемшіліктерді нақтылау үшін бір хадистың бүкіл иснадын тауып, зерттеу керек. Мәселен; кейбір ғалымдар қандай табиғиндер қандай сахабалардан хадис алғанына байланысты еңбектер жазған. Бұл еңбектерге қарасақ Хасан Басри хазреті Әлиді көрмеген. Көрген жағдайдың өзінде, ықтимал тек бала кезінде Мәдинада көрген болуы мүмкін. Бұның анықталуы әсіресе кейбір Сопылардың  Хасан Басри каналымен  хазреті Әлиге теліген кейбір риуаяттарды білу үшін маңызды[28].

 

Бір хадистың иснады немесе мәтінінде толық түсінудің болмауы және бұлардың шешімі табылмауы да, ол хадис үшін кемшілік болып есептеледі, бұл хадисге Мудтариб хадис делінеді. Егер иснатта бір есім теріс жазылса, мәселен; Къаб ибн Мурра есімі, Мурра ибн Къаб түрінде жазылса немесе мәтінде осыған ұқсас нәрсе болса, бұндай хадистерге Мақлуб хадистер делінеді[29]. Мәтіннің өзіне тән болуына қарағанда басқа бір иснадқа  немесе иснаттың  басқа  мәтінге тән болған жағдайда, бұл хадис үшін бір кемшілік болып, бұлда Мақлуб хадистер қатарына жатады[30].

 

7. Рауидің есте сақтау қабілеті және сенімділігі

Бұл соңғы категорияда хадиске соңғы үкімді беруде маңызды болған рауилердің жағдайына байланысты болмақ. “Әділ, Хафиз, Сабит, Сиқа” сөздері рауилер үшін риуаят етілген хадистер Сахих деген ұғым береді. “Әділ” – діндар, шыншыл, бүкіл сөз және қарым-қатынасында сенімді Мұсылман деген ұғым беруде. Сенімді және жаттау қабілеті күшті болған адам үшін “Хафиз”, ауызша риуаятына көпшіліктің сенімді деп пікір білдірген рауиы “Сабит”, ал ең сенімді рауилер үшін де “Сиқа” сөздері қолданылады. Бір немесе бірнеше себептрге байланысты осы дәрежеге жетпегендер, бірақ сынғада алынбаған рауилердің риуаяттарына “Хасан”, жаттау қабілеті төмен немесе ұқыпсыздықтық себебімен қателіктер жіберетін рауилердің риуаятына “Әлсіз” делінеді[31].

 

Қандайда бір хадиске соңғы шешімді/үкімді айтуда басқада өлшемдер бар. Ибн Салаһ; “ Сахих хадис дегеніміз - сенімді және үзіксіз  иснадқа ие, жаттау қабілеті жақсы сенімді рауилердің риуаят еткен және мәтінінде кемшілік табылмаған хадис” – деп айтады. Имам Тирмизидің көзқарасында Хасан хадис - шаз емес, иснады тұрғысында сын сөз айтылмаған рауи және  бірнеше риуаят жолы болған хадис[32]. Хасан дәрежесіне жетпеген хадистер әлсіз хадистер категориясына кіріп және бұл көп жағдайда иснаттағы үзіктен болады. Иснаттағы рауилердің бірінде кемшілік бар болса, бұлда хадиске әлсіздік әкеледі.  Егер бір хадисте көп және күрделі қателік бар болса, бұл жағдайда  ол хадис үшін Маудуъ тоқыма құрастырылға., жасалған деген үкімде беріліп жатады. Имам Заһабидың көзқарасы бойынша Маудуъ хадис - мәтіні сүннетке қайшы немесе иснадында өтірікші рауилердің болуы. Қайжерде және қай уақытта болғаны нақты белгілі болған бір оқиғаға түбегейлі қайшы келген хадистерде маудуъ хадистер деп қабылданған[33].

 

Түйіндеп айтсақ, бұл жерде үстірт түрде хадис ілімі жөнінде сөз қозғадық. Хадис ілімі  өте терең және күрделі ілім болып, хадис ғалымдары Пайғамбарымызға иснад етілген риуаяттарға қатысты мәселелерде өте маңызды, көпжақты өлшемдер жазып және бұл риуаяттарға ұқыптылықпен қараған.

 

Хадис әдіснамасымен  қазіргі тарих әдіснамасының салыстырылуы 

Көптеген ғасырлардың өтіп кеткеніне қарамастан, хадис ғалымдарының хадистердің дұрысын анықтау тақырыбында дамытқан әдіснамасымен қәзіргі тарих әдіснамасы арасында көп жағынан  ұқсастықтар бар. Тарихшы; сыртқы және ішкі сын жолымен мағлұмат немесе қандайда бір оқиғаға берілген куәліктің бізге жету жолында өзгеріске ұшырасын немесе ұшырамасын, белгілі бір мағлұмат немесе куәгерліктің басталу орны, куәгерліктің негізгі мағынасы және куәгердің әділ болып болмағанын зерттейді.

Хадис ғалымдары да дәл осылай хадистың негізгі бастауын табуға тырысады, бұл хадис расында Алла Расулінікіме с.а.у.  немесе сахаба сөзі, әлде табиғин сөзі болуын анықтайды. Хадис ғалымдары үшін бұл зерттеуде иснад қатты маңызды. Хадис дін үкімдерін тасығандықтан, бастауын анықтау қатты маңызды. Бұл мәселеде тарихшылар бастауы білінбеген  хабарларға да маңыз береді. Ал бұл хадис үшін қабылданбайтын дүние. Тағыда айта кететін жәйт, тарихшылар сияқты хадис ғалымдары да иснаттың сенімділігі анықтауда, белгілі риуаят мәселесіде жер және уақытқа маңыз береді.

 

Риуаяттарда сенімділік, хадис ғалымдары үшін де тарихшылар үшін де қатты маңызды. Бірақ хабар жеткізуші немесе куәгер өз міндетін атқару барысында яғни болған бір оқиғаны жеткізіп немесе қағазға түсірер кезде ертең бұны зерттейтін тарихшыны ойына да алмайды, тіпті көп жағдайда  әлгі жазғандары тарихқа қажетті мағлұмат болатынын да ойламайды. Сол сабептен ұқыпсыздық жасауы әбден мүмкін. Осы себепке байланысты; “Америка тарихымен байланысты жазуларда ең көп қате, әдейі өзгерістерден қарағанда қағазға түсіргендердің сауатсыздығынан болған” деуде[34]. Ал хадисте мәселе бұлай емес.  Ұқыпсыздықпен қағаз бетіне түсіру және оны көбейту, әр уақыт үшінде бір нәрсені өзгертудің ең маңызды себептерінен,  осыны есепке ала отырып, «хадис дін болғандықтан»  хадис рауилеріде хадис риуаят еткенде хадис ғалымдары сияқты  тіпті олардан бетер ұқыптылық танытқан. Мәселен: кейбір сахабалар хадистерді жаттағанындай оларды жазып қоятын, көп жағдайда басқалардың Пайғамбарымыздан риуаят еткен сөздерді, Пайғамбарымыздан сұрап нақтылап алатын.  Пайғамбарымыз да с.а.у. жиі-жиі сұрау арқылы айтқандарының дұрыс түсінілгенін тексеретін.  Кейіннен хадистерді жазғандар, жазған хадистерін басқада шәкірттердің алдында ұстаздарына оқитын. Осы негізде жазылған қандайда бір кітап жарық көргенде немесе шәкірт кітап жазғанында ұстазы оған қол қоятын яғни, ижаза беретін, тек осылай ижаза берілген кітапта жазылған хадистер өзгелерге үйретілетін[35].

Бұған  қоса, арабшаның жазылуына қарағанда ауызша сұрау көбірек қабылданғандықтан, шәкірттің хадис риуаят етуі үшін  ол хадисты жатқа білуі шарт болатын[36].  Бұдан бұрын айтылып кеткендей, хадистың туралығын анықтауда  иснаттың ерекше орны бар және иснаттың үзіксіз болуына қатты мән берілетін.

 

Хадис ғалымдары әрі  қазіргі заман тарихшылары қандайда бір куәгерліктің дұрыс түсінілуінде өте мұқият әрекет етеді. Осы себептен хадис ғалымдары да тарихшыларда мағлұмат қажет ететін тілді, ол тілдің егжей-тегжейіне дейін білетін маман болулары міндет.  Хадис ғалымы көбірек, тілде кездесетін жабық мағыналарды, көп мағыналы сөздерді, яғни қиын сөздерді де білуі міндет. Хадис ғалымы Ислам дінін және сүннетті өте жақсы меңгеруі де міндетті.  Өйткені хадис дінде және мұсылманның күнделікті өмірін реттеуде үлкен орынға ие.  Осы себептен хадис ғалымдары, Исламның негізгі ережелеріне, сүннетке сәйкес келмейтін мәтіндерді қатты сынға алған.

 

Хабар  жеткізген адамның жағдайы хадис ғалымы әрі тарихшы үшінде бір маңызға ие. Қазіргі заман тарихшысы хабаршының турашыл және жалған сөз сөйлемейтінін шарт қойуымен қатар куәгердің де мінез құлығына мән береді.   Бұның қасында хадис ғалымдардың бұл мәселеде арға тартқан өлшемдері ерекше және өте мұқият. Өйткені жоғарыда айтылғандай хадис Пайғамбар сөзі және оның дінде және Мұсылманның өмірінде  Құраннан кейін бірінші орында маңызы бар. Осы себептен Мұсылман хадис ғалымдары, “Рижал ілімі”[37] деген ілімді дамытып осы тақырыпта том-том кітаптар жазған. Олар қанша хадис риуаят еткен, бұл риуаяттардың нешеуі қабылданып нешеуі қабылданбайтынына дейін бүкіл рауилерді танитын[38]. Хадис ғалымы қандайда бір хадис ұстазының шәкірттері риуаят еткен хадистерді салыстырып, әлгі ұстаздың әр түрлі уақытта айтқан сөздерін, сонымен қоса жазбалы және ауызша  және хадистермен байланысты Құран аяттарын салыстыратын[39]. Хадис сыншысы осылайша хадис ұстазы мен шәкірттердің  қателерін ғана тауып қоймай, олардың білімдерінде таразылай алатын. Бұл салыстыру негізі ойдан шығарылған «тоқыма» хадистерді де анықтауда үлкен пайда береді.

 

Ойдан тоқылған мағлұматтарды анықтауда хадис ғалымдарымен қазіргі тарихшыларының қолданатын басқада құралдары бар. Тарихшылар қолдарына түскен мағлұмат парақтарын нақтылауда және ол парақта қолданылған сияны немесе бояуды зерттеу үшін химиялық тесттер жасайды[40]. Соған ұқсас түрде хадис ғалымдары да, хадис сахих болсада үзіксіз жолмен жетіп жетпегенін анықтау үшін жазылған парақақтың жаңа ма әлде ескі ме екенін анықтау мақсатымен және сиясын зерттегендері белгілі[41]. Қәзіргі тарихшылардың тәсілдерімен хадис ғалымдарының тәсілдерінің арасындағы тағы бір ұқсастық, сенімділігі тұрғысынан танымал бір кісінің куәгерлігін қабылдаулары. Бұл жердегі өзгешелік хадис ғалымдары жалғыз адамның куәгерлігін Құқық саласында қабылдағанымен Ақида (Сенім) саласында қабылдамайды. Бұған қоса тарихшылар һәм хадис ғалымдары да көптеген адамдардың куәгерліген құп көреді, хадис ғалымдары бұл хабарға Мутауатир - деп есім берген.

 

Осы сияқты заманауи тарихшыларда хадис ғалымдары да көркем ақылағы және туралығы білінген кісілердің куәгерліктерін, мінездері белгілі болмаса да сынға алып жатпайды. Тарихшылар бұл мәселеде атақты тарихшыларды да мәселен; Жорж Фашингтонды да сол категорияда қарастырады[42]. Ал хадис ғалымдары бұл мәселеде көбірек дін негіздеріне қарайды. Мәселен, олар сенімді табиғинның хадисты алған (естіген) сахабаны айтпай риуаят еткен хадисын [мурсал хадис] сахих хадис ретінде қабылдайды. Өйткені Мұсылман ұмметі де хадис ғалымдары да сахабалардың барлығын әділ деп қабылдайды, олардың әділдігі Құран және хадистермен бекітілген[43].

 

Қорытынды

Бұл мақалада Ислам хадис ілімінің мамандары болған хадис ғалымдарымен қазіргі тарихшылардың арасындағы, мағлұматтарды сынға алуын және анализ тәсілдерін салыстыруға және араларындағы өте жақын ұқсастықтарды көрсетуге тырыстық. Күмәнсіз бұл  тақырып және басқада қарастырылған тақырыптар, мәселен, хадис тақырыбы өте терең және қиын тақырып. Біз текқана бұл тақырыптың негізгілерін ғана айтып өттік. Көріптұрғанымыздай Ислам хадис ілімі жаңа әдіснамаларменде сынға алынбайды, өзіне қарсы келе алмайтын күште тіпті қазіргі заман тарих әдіснамасынан алға озып тұр.  Осыған ұқсас Құранмен қоса хадиске де сүйенетін фиқһ ілімі және фақиһтерді танып-білу қазіргі заманның құқық әдіснамасының қолынан келетін іс емес екенін айта кеткен жөн.  Ақиқат осы бола тұра хадистерді және хадис әдіснамасын кейбір шығыстанушылардың әсерімен сынға алған базбір мұсылмандар үшін айтылатын бір ауыз сөз; өздерін ұятқа қалдырғандары қандай өкінішті.


 


 

[1] Тізбек немесе риуаятта біреуге сүйену, хадисты кімнен естігенін яғни хадистың шынайылығын анықтау.

 

* Сәнәд – хадистің бізге жету тізбегі

 

[2] Хасан,11.

 

[3] Левис Бернард, 104-105.  [Lewis, Bernard, Islam In History, 1993, Open Court yayıncılık, s. 104-105.]

 

[4] Уат Мантгамери, 124-125. [Watt, Montgomery, What Is Islam?, Longman, Green and Co. Ltd., 1968.] 

 

[5] Набия Абот, II:2. [Nabia Abbott, Studies In Arabic Literary Papyri, c: II (Qur'nic Commentary & Tradition), The University Of Chicago Press, 1967.]

 

[6] Абот, 72.

 

[7] Аъзами Мухаммад, 9. [A'zami, Muhammad. Studies in Hadith Methodology and Literature. Indiana: American Trust, 1977.]

 

[8] Аъзами, 10.

 

[9] Бухари, Азан, 18.

 

[10] Насаи, Манасик, 220.

 

[11] Аъзами, 10.

 

[12] Бухари, Анбия 50.

 

[13] Аъзами, 10.

 

[14] Бухари, Ілім 9, 10.

 

[15] Аъзами, 15. 

 

[16] Аъзами, 17.

 

[17] Аъзами, 19.

 

*  Табақат – бір ғасырда жасымен иснады жақын боып өмір сүргендер.

 

[18] Хасан Сухайб, 14-16. [Hasan, Suheyb. An Introduction to the Science of Hadith. Riyad: Darusselm, 1996.]

 

[19] Буртон Жон,112. [Burton, John. An Introduction to the Hadith. Edinburgh: Edinburgh UP, 1994.]

 

[20] Буртон,111. 

 

[21] Хасан, 22.

[22] Хасан, 22.

 

[23] Аъзами, 43.

 

[24] Хасан, 32.

 

[25] Хасан, 34.

 

[26] Сөз қату.

 

[27] Хасан, 37-39.

 

[28] Хасан, 42-43.

 

[29] Аъзами, 66.

[30] Хасан, 41-42.

 

[31] Буртон, 110-111.

 

[32] Хасан, 44-46.  

 

[33] Хасан,  49.

 

[34] Лусей, 63.

[35] Аъзами, 70.

[36] Буртон, 110.

 

[37] Рижал ілімі: риуаятшылардың жеке жағдайы мен шыншылдығын қарастыратын сала (ауд.)

[38] Аъзами, 72. 

 

[39] Аъзами, 52.

 

[40] Лусей, 58.

 

[41] Аъзами, 72.

 

[42] Лусей, 78.

[43] Хасан, 24



Оқи отырыңыз