Akikat.kz - рухани танымдық, ғылыми портал

http://akikat.kz

Басты бет > Мақалалар > Ақида және ғибадат > Имам Матуриди көзқарасында бақыт және бақытсыздық

Имам Матуриди көзқарасында бақыт және бақытсыздық

2015-08-21 2132

Бұл өмірде біреудің маңдайы жарқырап бақытқа белшесінен батса, енді біреу соры ашылмай өмірден өтіп жатады. Иә, адам баласының бақытты немесе бақытсыз болуы тағ­дыр мә­се­ле­сі. Тағдыр мәселесі за­дын­да, күр­де­лі бол­ған­дық­тан бәзібіреулер бақытты яки бақытсыз болуын «Менде ерік жоқ» деп тағдырды кінәласа, енді біреулер бақытты яки баытсыз болу «Өз қолымда» деп тағдырға сене бермейді. Бұл екі пікірдің бірі өзіне берліген еркіндігін жоққа шығарса, екіншісі астамшылдыққа барып қателеседі. Орта жол болған Әһлу сүнна уәл жәмағат сенімі бойынша, адам баласы өзге жаратылыстардан ақыл-ойымен, ерік-қалауымен ерекшеленеді. Сол себепті, адамға қатысты тағдырдың екі жағы бар. Яғни, тағдырдың адам баласының еркінен тыс жағымен қатар ерік берілген жағы да бар.


Пайғамбарымыз (с.а.у): «Бақытты адам анасының құрсағында бақытты, бақытсыз адам да анасының құрсағында бақытсыз» [1, 493 б.] деп, әр­бір адам­ның ба­қыт­ты немесе бақытсыз болуы анасының құрсағында белгілі болатынын айтады. Міне, бұл тағдырдың адам еркінен тыс жағы. Алайда бұл жа­зы­лу – олар­дың бұл дү­ниеде­гі қа­лау еріктерін жоққа шығармайды. Алла та­ға­ла әза­ли ілі­мі­мен дүниеде құлының таңдау еркінің қай бағытта болатынын алдын-ала нақты білгендіктен сол негізде жазды. Ол адам тағдыры алдын-ала жазылып қойғандықтан бақытты немесе бақытсыз болып қалған жоқ. Бәлки, ерік-қалауына қарай бақытты немесе бақытсыз болды. Сондықтан, өз тағдырынан бейхабар адам баласы мына дүниеде ақылын сарапшы ете отырып, ерік-қалауын тиімді, дұрыс бағытта қолдануы керек. Сүйтіп, өз тағдырын бақытты жазмыштың қатары етуге бір кісілік үлесін қосу «тағдырға иман» еткен құлдың міндеті саналмақ.  


Бақыт дегеніміз атақ-мәнсап, дүние-мүліктің көптігінде болмағаны сияқты кедейлікте, қара тобыр халықтың бірі болуда бақытсыздық емес. Бақыт – Жаратушыны тану, Оған шынайы құл бола білу. Бақытсыздық – Жаратушыға сенбеу, мен-мендіктен тазарып, шынайы құл бола алмау. Сенімге зорлық жүрмейді. Жалғыз Жаратушы Алла тағалаға сену, сенбеу әркімнің өз еркінде. Осы негізде әркім бақыттылар мекені мәңгілік жәннат жолын немесе бақытсыздар мекені мәңгілік тозақ жолын таңдайды. Қасиетті Құранда: «Кім жақ­сы­лық іс­те­се пай­да­сы өзі­не, ал, кім жа­ман­шы­лық іс­те­се оның зияны да өзі­не. Раб­бың құл­да­ры­на еш­қа­шан зұ­лым­дық жа­са­май­ды» (Фус­си­лат сү­ре­сі, 46-аят.) деген.


Матуриди мәзһабы бойынша, бақыт, ол – иман. Бақытсыздық, ол – имансыздық. Иман бар жерде, бақыттылық бар. Иман болмаған жерде, бақыттылық болмайды. Әрі бұл екеуі бір адамның бойында алма-кезек болып ауысып та тұрады. Бүгінгі иманды, бақытты жан ертең өлім сәтінде имансыз, бақытсыз болуы немесе бүгінгі имансыз, бақытсыз жан ертең  өлім сәтінде иманға келіп, бақытқа қауышуы мүмкін. Ал Әшғари мәзһабы бойынша, бақыт пен бақытсыздық өмірдің соңғы сәтінде ғана болады. Адам тіршілігінде иманды немесе имансыз болып өмір сүруіне байланысты болмайды. Егер адам иманымен жан тапсырса, ол бақытты. Имансыз жан тапсырса, ол бақытсыз. Сол себепті, олардың көзқарасында бақыт пен бақытсыздық алма-кезек ауыспайды, бір қалыптан өзгермейді.


Имам Матуриди да, имам Әшғари да өмірден озған адам иманымен кетсе, ол бақытты. Егер өмірден имансыз өзса, ол бақытсыз болатынына келіседі. Имам Матуриди: «Алла (жазғаны мен үкімдерінің ішінен) қалағанын өшіреді, қалағанын сол күйі қалдырады» (Рағыд сүресі, 39-аят) аяты туралы: «Өшіру, ол – өмірдің соңы бақыттылық яки бақытсыздықпен аяқтауы. Егер кәпір өмірінің соңында мұсылман болса, кәпір кезінде жасаған амалдары өшіріліп, ізгі амалдарға өзгереді. Ал мұсылман өмірінің соңын күпірлікпен тамамдаса, ізгі амалдары өшіріліп, ол істерінен бір пайда алмайды» [2, 446 б.] деген.


Имам Матуридидің шәкірті имам ән-Нәсафи: «Олар (Әшғарилер) айтқандай, бақыт тек өмірдің қалай бітуімен өлшенсе, онда дүниеде тірі жүрген бәрімізге соңғы деміміз шығатын өлім сәтімен, ақырет ісімен үкім беру болады. Мына дүниеде иманымен бақытты мүміндерді бұлай айту дұрыс емес» [3, 283 б.] деп, Алла тағалаға иман еткен әрбір мүмін бақытты деуге лайық жандар екенін алға тартады.


Солай әрбір иманды жан бақытты. Оның бақыты неде дейсіз-ғой?! Ол кез-келген бір қиындық сәттерде өмірден түңіліп, өзіне де, өзгеге де зиян келтірмейді. Молшылыққа қолы жетсе дандайсып, тәкаппарланбайды. Керісінше, сол нығметтің шүкірін қолы қысқаларға қол үшін беріп өтейді. Яғни, мүмін жаралу мақсатына лайық өмір сүрген жан. Ол сонысымен бақытты. Соңғы демін қалай тауысары бір Алла тағалаға аян. Бірақ, қазақ: «Үмітсіз шайтан ісі» дейді. Тәуекелі рахымы шексіз Алла тағалаға болған құлдың, қолдаушысы да жалғыз Алла тағала болмақ. Ондай құлдың бақытты екеніне күмәнданудың да бір қажеті болмаса керек.             


Имам әл-Бәздауй: «Ақиқатында бақытсыз жанның да бақытқа қауышар күні бар. Бақытты жан да бақытсыз болуы мүмкін. Ибіліс періштелердің басшысы болып тұрған кезде бақытты еді. Сосын (Алланың рахымынан) үмітсіздікке түсіп, бақытсыз болды. Уахши және Әбу Суфиян екеуі мұсылман болмай тұрған кездерінде бақытсыз еді. Ол екеуі мұсылман болысымен бақытты жандарға айналды. Сондай-ақ, әрбір кәпір мұсылман болса, бақытсыздықтан бақытқа қауышады. Сол сияқты әрбір бақытты мұсылман діннен бас тартуымен бақытсыз болады... Әрбір мүмін өзін: «Мен шынайы мүмінмін» деп айтуы дұрыс» [4, 177 б.] деп, адам иманды болғаны үшін өзін бақыттымын деуге лайықты екенін айтады.


Матуриди мәзһабының: «Бақыт пен бақытсыздық бір адамның бойында алма-кезек ауысады» деуі, тағдырдағы жазмыш өзгереді дегендік емес пе? делінсе, оған жауап ретінде: «Бақытты жан бақытсыз болмайды. Керісінше де солай. Ол мұсылман хәлде өлсе, әуелден Алла тағаланың досы, бақытты. Ал кәпір хәлде өлсе, әуелден Алла тағаланың жауы, бақытсыз болғаны» [4, 177 б.] деп, тағдырдағы жазмышы өзгермейтіні айтылады. Ал дүниеде иманды жандарды біз бақытты деп айтуымыз, сол адамның бойында бақыттың белгілері иман, Ислам бар. Сондықтан, оған дүниеде «бақытты жан» деп үкім шығарылады.



Қорыта айтар болсақ, адамның бақытты болуы үшін әуелі ана құрсағында жатқан кездегі ата-анасының тақуалығы, бала кезінде берілген тәрбие, өскен ортасы және қорек еткен адал ризығы сынды маңызды істермен қатар ақыл иесі адам баласы ерік-қалауын дұрыс қолдануы да негізгі фактор саналады. Әрі Матуриди мәзһабы бойынша, «Үкім сыртқы көрініс негізінде шығарылады» қағидасы негізінде Алла тағалаға иман еткен әрбір мүмін-мұсылман бақытты. Ал жалғыз Жаратушыға сенбеген адам сөзсіз бақытсыз саналады.


Абдусамад Оқан


 

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР:


1.     Ахмад ибн Әли ибн Хажар әл-Асқалани, Фатхул бари фи шархи сахих әл-Бұхари, «Мактабатул малик» баспасы, Рияд. – 2001. 11-том, 631 бет.

2.     Бәкір Топалұғлы, Тәуилатул Құран ли Әби Мансур әл-Матуриди, «Дәрул мизан» баспасы, Станбул. – 2006, 7-том, 582 бет.

3.     Мұхаммед Халил ән-Науайһи, Әл-Усит фи ақайди имам әл-Матуриди, «Дәрун нұр» баспасы, Йордания. – 2013. 336 бет.

4.     Мұхаммад әл-Баздауи, Ұсулуддин, «Мәктабатул азһария лит-тұрас» баспасы, Қаһира. – 2003. 271 бет. 



Оқи отырыңыз