Akikat.kz - рухани танымдық, ғылыми портал

http://akikat.kz

Басты бет > Мақалалар > Құран ілімі > Құран Кәрім және грамматика-2

Құран Кәрім және грамматика-2

2015-08-18 2532

5.     Құран және араб тілі

Араб тілі Құранның түсуімен фәсахәт* тарихында ең жоғарғы деңгейге жетті. Құран ‒ ғалымдардың, небір шешендер мен ділмәрлардың сарқа пайдаланған көркем сөздің ең кемел үлгісі болды. Уағызшылар уағыздарын Құранмен әрледі, ішінде Құран аяты болмаған уағыздар жағымсыз, хайырсыз деп бағаланды. Құран Кәрім араб тіліндегі ілімдерде, дәрістер мен зерттеулерде әр нәрсенің дұрыс-бұрысын анықтайтын өлшем болды. Тіл ғалымдарының айтуынша бір нәрсенің дұрыс не бұрыстығына дәлел ретінде ең маңызды һәм бірінші қайнаркөз Құран болды. Қандай да бір тіркестің дұрыс-бұрыстығы Құран арқылы анықталды. Өйткені Құран ең дұрыс һәм тураның турасы еді. Содан соң хадис шәріп, ал одан кейінгі кезекте барып араб поэзиясы мен прозасы тұрады. Себебі жоғарыда аталмыш қайнаркөздер араб тілінің мамандары болмай тұрып та бар еді.

 

Тіл ғалымдарының бірінші кезекте жүгінетін қайнары шүбәдан пәк Құран болуы қажет. Өйткені ол «анық арапша» болуымен қатар жер мен көктің және барлық тілдердің Жаратушысының кәләмі. Сондықтан да ғалымдар өздерінің саласына қарай зерттеу жұмыстарында қандай да бір түйткілді мәселелерде Құранға жүгінген әрі оны соңғы тоқтам ретінде бағалаған. Үкімдерді Құранға негіздеп шығарған. Осылайша лұғат, наху, сарф, бәләға секілді араб тілінің ілімдері Құраннан шыққан әрі Құранды түсінуде көмекші құрал ретінде қолданылған. Өйткені Құран түспестен бұрын сарф пен наху ілімдерінің жазбаша қағидалары болмаған еді. Ғалымдар бұл ілімдерді Құран арқылы дамытты. Әсіресе арабтың сөйлеу тәсілінен көбірек пайдаланды. Құран мен арабтың сөйлеу тәсілін өздері қойған қағидаларда, дұрыс пен бұрыс, қабыл ету мен кері қайтару мәселесінде өлшем ретінде алды.

 

Сондықтан да араб тілі грамматикасының (сарф пен наху) қайнар бастауы болған Құранда грамматикалық қате бар деудің қаншалықты қисынсыз әрі анық жала екендігі өздігінен белгілі болады. Құран араб грамматикасының негізі, ол болмаса араб грамматикасы да болмайтындықтан мұндай жала ақылға қонымсыз.

 

Жоғарыда айтқанымыздай Құран түспестен бұрын араб тілінің грамматикасы бір жүйеге келтіріліп жазылмаған болатын. Араб тілі грамматикасының жазылуын түрлі себептермен байланыстыруға болады. Олардың біршамасы діни себептер болса, біршамасы діннен тыс себептер. Діни себептердің бірі Құран Кәрімді дұрыс әрі тура оқи білу болды.

 

Мұсылмандықтың араб емес халықтарға да жайыла бастауы араб тілінің бірте-бірте бұзыла бастауын келтіріп шығарды. Мұсылмандардың өмірінде ең маңызды рөл атқаратын Құранның дұрыс оқылуына мән беру керектігін ғалымдар түсінді. Сол себепті тілге қатысты ереже-қағидаларды нақтылау ісіне білек сыбана кірісті. Наху ілімі жайлы алғаш еңбек жазған адам және оның тарихы жайлы түрлі пікірлер айтылды. Алайда сол пікірлерді негізге алумен қатар, риуаяттар бойынша бұл салада алғаш қалам тербеген ғалым Әбу әл-Әсуәд әд-Дуәли болып есептелінеді. Әбу әл-Әсуәдті осы іске итермелеген әрі оның бұл салаға қосқан үлесіне қатысты риуаяттар да бар.

 

Сол риуаяттардың ішінде біздің тақырыбымызға қатыстысы әрі Құранды қателіктен қорғаштау мәселесін сөз ететіні аса маңызды. Аталмыш риуаят былай:

 

«Бір күні Әбу әл-Әсуәд бір кісінің Құран оқып отырғанын әрі оның «Расында Алла һәм елшісі (бұдан былай уәдесінде тұрмайтын) мүшріктермен ат кекілін кесіседі» аятындағы[1] «Расулуһу» сөзін кәсра харекетімен оқып мағына тұрғысынан үлкен қателікке жол бергенін көреді және «Адамдардың осындай қателікке түсу ықтималы бары уайымдатады» деп дереу Басраның әкімі Зияд ибн Әбиһқа барады. Одан адамдардың біркелкі бағынатын қағидаларды орнатуға рұқсат сұрайды. Осылайша Құран үшін атқарылған осы еңбектер нәтижесінде наху ілімінің алғышарты жасалды деуге болады.

 

Құран мен наху ілімі арасындағы байланыс былайша өрбіді: Құран наху ілімінің қағидаларын қуаттайтын қайнаркөз болумен қатар сол қағидалардың іс жүзінде қолданылуына себеп болды. Бірақ Құранды түсінуде қолданылған бұл қағидалар Құрандағы грамматикалық құрылыммен қайшы келген кезде тіл ғалымдары түрлі жорамалдарға бара бастаған. Дегенмен бұл жағдай шешендік пен ділмарлықтың шыңы болған Құран аяттарын тәуилге кірместен тура түсінуді жақтайтындар тарапынан сынға алынған. Сонымен қатар Құранның қырағаттары, бірнеше мағынаны беретін тұстары түрлі көзқарастардың туындауына себеп болған.

 

Тіл ғалымдарының кейбірі бір қырағатты араб тіліне сәйкес десе, кейбіреулері оған сай емес деп қарсы шыққан. Алғашқы тіл ғалымдары қырағаттарды сынға алуда қаттырақ болды, ал кейінгі ғалымдар біршама жұмсақтық танытып наху ілімінің ауқымын кеңейтті және сынға алынған қырағаттардың араб тіліне сәйкес екендігін айтады.

 

Кейбір тіл ғалымдары мутәуәтир қырағаттардың бір бөлігін өздерінің қойған қағидаларына сай келмеуі себепті қабылдамауларына, әсіресе Асым, Хамза және Ибн Амрдың қырағаттарының араб тілінен ұзақ әрі қателікке толы деп сын тағуларына былай деп жауап береміз: «Бұл адамдар қателік жасауда. Өйткені қателікке толы деп сын таққан қырағаттары мутәуәтир һәм сахих қырағаттар. Мутәуәтир болуының өзі оның араб тілімен сай екендігінің дәлелі болмақ. Сол себепті оны қате деу орынсыз. Тіл ғалымдары араб тілін барлық тұсынан қарастырдық деп ойлауда. Алайда бұл мүмкін емес. Өйткені Әбу Хаййанның айтқаны секілді бұл қағидалардың барлығын білу және оларды қамту өте қиын шаруа. «Біз Басралықтардың айтқандарын немесе оларға қарсы шыққандардың айтқан сөздерін сүзгіден өткізіп, тек дұрыс болса ғана қабылдаймыз. Өйткені Куфалықтардың араптардан жеткізген грамматикалық қағидалары бар, ал Басралықтардың бұдан еш хабары жоқ. Дәл солай Басралықтардың жеткізген нәрселерінен де Куфалықтардың хабары жоқ. Бұл мәселелерді ілімде терең болғандар жақсы біледі». Сондықтан да араб тілі грамматикасын толық меңгермеген адамдардың қырағаттарға сын тағып «Бұл қырағат грамматика қағидаларына сай емес, қате» деп айтуы ақылға қонымсыз һәм қисынсыз».

 

Араб тілі әлгі қойылған қағидалардан әлдеқайда кең. Араб тілі грамматикасын құрастырғандар біршама қағиданы қойғанмен біршамасын қоя алмағаны анық. Өйткені жаһилия кезеңіндегі поэзияның біршамасы жоғалып кетті. Біз мұны екінші халифа хазірет Омардың (р.а.) мына сөзінен білеміз: «(Араб поэзиясының) аз бөлігі жатталды, көп бөлігі болса бізге жетпеді, жоғалып кетті». Мұны білген адам «кейбір қырағаттар грамматикаға сай емес, сондықтан да жалған» деуі дұрыс емес. Өйткені Алла Тағала Құранды анық араб тілінде түсірді. Алайда араб тілінің грамматикасын толық білмеген кейбір адамдар қырағаттарды қате деп білуде. Ал негізінде парасатты адам былай деуі қажет: «Бізге жеткен қолымыздағы қырағаттар наху ғалымдарының жазған грамматикаға сай келмесе де дұрыс болып есептеледі. Демек наху ғалымдарының білмейтін басқа да диалект немесе қағидасы бар, қырағат соған негізделген деген сөз. Сондықтан да сахих қырағаттардан қате табудың орнына қырағаттарды негізге ала отырып наху ережелерін жаңадан қарап шықса дұрысырақ болады. Өйктені сахих қырағаттардың барлығы араб грамматикасның тура бір ережесіне сай келеді. Ибн Тәймия және әл-Мәһдидің айтқандары секілді «Құранда араб грамматикасына сай келмейтін ешбір қырағат жоқ». Осылайша наху ғалымдарының бірі Ибн Мәлік секілді ақиқатқа ақиқат көзімен қарайтындар да болған. Яғни өздері қойған қағиданы қырағатқа сай қайта түзеткен ғалымдар. Қырағаттарды өздері қойған қағидамен өлшегендер емес».

 

Кейбір қырағаттарды қате деп сынаған наху ғалымдарының қателікке ұрыну себептерінің бірі грамматикалық ережелерді құру барысында зерттеуге тым қатты берілгенінен. Содан кейін бұл мәселеде өзінің қағидасына қайшы келген өлеңді, тіпті Құран аятын қатеге балап, оның араб тілі грамматикасына сай келмегендігін айтады. Ал бұл болса ғылыми тәсілге жатпайды.

 

Сахих қырағаттарда грамматика тұрғысынан қате бар деген мәселені алғаш көтергендер мыналар: Халид ибн Ахмад, Сибәуәйһ және Әбу Зәкәриа әл-Фәрра. Қырағаттарда қате бар, ондай қырағатта оқу дұрыс емес  дегендерге қарсы әл-Қушайри былай деп жауап береді: «...Бұлардың сөздері қабыл етілмейді. Өйткені сахих қырағаттар хазірет Пайғамбардан (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) мутәуәтир жолымен жеткен. Олардың мұны жоққа шығарулары хазірет Пайғамбардың Құран оқу тәсілін жоққа шығару, құптамау болып саналады. Бұл дінімізде қауіпті әрекет екені белгілі».

 

Наху ережелерін жасаған әрі кейбір қырағаттарда қате бар дегендерге қарсы әл-Фаһрур Рази былай дейді: «Мен кейбір Құран қырағаттарынан қате таптым деп әрі оған дәлел ретінде өздері қойған ережелерді келтіретін тіл мамандарына таң қаламын. Өйткені олар көп жағдайда белгісіз бір араб өлеңдерін дәлелге келтіру арқылы кейбір қырағаттарды жоққа шығарады. Негізі ондай жағдайда сахих қырағаттарды дәлел ретінде негізге алулары дұрысырақ болар еді».

 

Енді тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін айтар болсақ «Қырағат бір қырынан болса да араб тілінің ережелеріне сай келуі керек» деген қағиданы қабыл етпейтіндерге қарсы келтірген шығыстанушылардың Құранда грамматикалық қате бар деген секілді жалаларына жауап берудің еш қажеттілігі жоқ. Өйткені Құран негізгі өлшем, ал грамматикалық қағидалар болса оған негізделуі керек. Сондықтан да аталмыш сын тиянақсыз.

 

Алайда бұл қағиданы қабыл ететіндердің ойынша шығыстанушылардың жалаларына жауап беру қажет. Біз де жауап беруге тырысамыз.

Тақырыбымыз жан-жақты ашылуы үшін алдымен араб тілінің иърабы* мен ерекшелігімен қатысты кейбір қағидаларға қысқаша тоқтала кетейік.

 

6.     Араб тілінің иърабы мен ерекшелігі

Араб тіліндегі сөздердің соңына сөйлемдегі орнына байланысты қойылған харекеттерді иъраб дейміз. Иъраб рафъ*, насб*, жәрр* және жәзм* хәліндегі сөздерді дамма, фәтха және кәсра харекеттерімен, кейде әріптермен көрсетеді. Ал «ғайру мунсариф»* сөздердің иърабы басқаша болады. Сонымен қатар лафзый*, тақдири* және махалли* иърабтар да бар.

 

Тіл мамандары бұл қағидаларды түсіндіруде пікір қайшылығына түскен. Тілдің асыл қағидаларын негізге ала отырып, түрлі диалекттерге байланысты әрқилы ережелер қалыптастырған. Араб тілінің мамандары Куфалықтар және Басралықтар болып екі мектепке бөлінеді. Бірінде грамматикалық қате саналған бір мәселе екіншісінде қағидаға сәйкес болып есептеледі.

 

Араб тілі секілді қағидалары көп, грамматикасы күрделі тіл жоқ деуге болады. Қаптаған қағидалар, қағидадан тыс жағдайлар және кейбір ерекшеліктері бар. Кейде сөздердің кейбір әріпі түсіп қалады, сосын қайта келеді. Иъләл*, идғам* бөлімдері түрлі қағидалардың құрылғанына қарамастан өзгеріске енбейді. Араб тілінде қағидадан тыс жағдайлар өте көп. Кейде қағидадан тыс жағдайдың ішінде де басқа мәселелер кездеседі.

 

Бұл тіл шөл далада еркін өскен, белгілі бір қағидаға бағынуы қиын бір қауымның тілі. Әдебиет саласы адам өміріне ықпалы зор фактор болғандықтан бұл халықтың тіліне міндетті түрде өз әсерін тигізбей қоймады. Әртүрлі қағидаларға диалекттер әсер береді, қағидалар соған байланысты қалыптасты.

 

Әрдайым назарда ұстауымыз керек бір мәселе бар. Тіл қағидалардан емес, қағида тілден шығады. Ешбір қағида жоқ кездің өзінде тіл бар болғаны еш күмәнсіз. Қағидалар тілдің қолданысына қарап құрылады. Түрлі тартыстарға себеп болған осы мәселе түсінікті болғанда барып неліктен әр тілде қағидадан тыс нәрселер кездесетіні түсінікті бола бастайды.

 

Құранда грамматикалық қате бар деу ең алдымен Құранның мағына жағынан Аллаға, ал сөз жағынан Алла елшісіне қатысты болғанын меңзейді. Сөйтіп Алла елшісінің хадистері мен араб ақындарының өлеңдері арасында салыстыру жасалады.

 

Алланың сөзі, яғни Құран Кәрім қалайша тіл мамандарының құрған қағидаларына бағынуға мәжбүр болмақ? Ілімге, тіпті барлық нәрсеге негіз болған Алланың кәләмі адам қойған ережелерден үстем емес пе? Адамдардың сөздерінде кездесетін әркімнің түсіне бермейтін бір мәселеге біржақты қарап белгілі бір қағида жоққа шығарыла ма? Әлде оның әдеби көркем тұстары қарастырыла ма?

 

Араб әдебиетінің ең биік шыңға шыққан тұсында мұғжизаға толылығымен барша ақындар мен шешендерді тізе бүктірген Құран Кәрімнен грамматикалық қателік іздеу орынсыз болады.

 

Кейде тілдің құрылымы, адам баласының құрған қағидаларының тар шеңберінен шығып, еркін самғағысы келетін кездері болады. Бұл тілдің жаңа бір дәуірге аяқ басқанына дәлел болмақ. Тіл табиғи түрде дамиды, қойылған қағидалардың шеңберімен шектелмейді. Әрбір тілдің өзіне тән ерекшелігі болады. Міне грамматикалық қателік секілді көрінген кейбір мәселелер осындай себептерге байланысты болуы ықтимал.

 

Араб тілі өте кең әрі диалектері әрқилы тіл болғандықтан оны терең меңгеру үшін жылдар бойы айналысқандар бар. Имам әш-Шәфиғидан Фирузабадиға дейінгі араб әдебиетінің майталмандары араб тілін өз деңгейінде меңгеру үшін жылдар бойы шөл даланы кезіп бәдәуи тайпаларының арасында өмір сүрген. Сол арқылы күнделікті есту арқылы зерттеулерін жалғастырып отырған.

 

Араб әдеби кітаптары небір көркем сөздер мен мысалдарға толы. Бұл тілдің ерекшелігіне, түрлі диалекті мен әрқилы тәсілдеріне кейде ең ірі әдебиетшілері мен ғалымдарының өзі оңайлықпен қанық бола алмайды. Араб тіліне тереңдемей, үстір үйренгендердің бұл тілде белгілі бір үкім айтуларына болмайды.

 

 

Жалғасы бар...

 


* Фәсахәт ‒ тілдің сөз, мағына және көркемдік жағынан қатесіз дұрыс болуы.

[1] Тәубе, 8/3

* Иъраб ‒ араб тіліндегі сөздердің соңына сөйлемдегі орнына байланысты қойылған харекеттер. Яғни сөйлемге грамматикалық талдау.

 

* Рафъ ‒ араб тілінде сөздің соңын мәрфуъ (дамма харекетімен) етіп оқу.

* Насб ‒ араб тілінде сөздің соңын мансуб (фәтха харекетімен) етіп оқу.

 

* Жәрр ‒ араб тілінде сөздің соңын мәжрур (кәсра харекетімен) етіп оқу.

 

* Жәзм ‒ араб тілінде сөздің соңын мәжзум (харекетсіз) етіп оқу.

 

* Ғайру мунсариф ‒ кәсра мен тәнуинді қабыл етпейтін сөздер. Мұндай сөздер рафъ халінде дамма, насб халінде фәтха болып, ал жәрр халінде кәсра болудың орнына фәтха болады.

 

* Лафзый ‒ сөздің айтылуына және құрылымына байланысты деген мағынада. 

* Тақдири ‒ жазылмаса да сөйлемде орны бар сөз немес мағына.

 

* Махалли ‒ бір жерге, орынға қатысты мағынасында.

 

* Ъиләл ‒ әлсіз әріп кездесуі себепті айтуға оңай болуы үшін басқа әріпке ауыстыру.

 

* Идғам ‒ екі ұқсас әріпті қосып, қосарлап оқу немесе жазу. 



Оқи отырыңыз