Akikat.kz - рухани танымдық, ғылыми портал

http://akikat.kz

Басты бет > Мақалалар > Көркем мінез > Отбасы діни тәрбиесінің өзегі

Отбасы діни тәрбиесінің өзегі

2015-08-10 3672

Отбасының діни білімі деген кезде ойымызға баланың отбасындағы діни және аһлақи құндылықтары бағытында алған тәрбиесі ойымызға оралуы керек. Аталмыш тіркес дәл осы мағынада қолданылғанда ғана баланың діни білімі деген ұғымға оған діни мәліметтер үйретілуімен қатар оның діни мінез-құлқы, жүріс-тұрысы, іс-әрекеттері және тұлғалық қасиеттерді дағдыландыруды өз ішіне алады. Балаға діни құлық пен іс-әрекеттерді дағдыландырудың төте жолы - әке-шешесі мен өзге де отбасы мүшелерінің мінез-құлқы мен іс-әрекеттері арқылы оған үлгі бола алуы және ықпал етуі. Әке-шешенің отбасындағы барлық іс-әрекеттері діни және аһлақи құндылықтар тұрғысынан дұрыс, табанды және ұдайы тұрақты болған кезде ғана балалар бұл бағытта дұрыс тәрбие алып, өзінің жеке тұлғалық қасиеттерін дамыту мүмкіндігіне ие болады.

Балалар – өте байқағыш және еліктегіш болып келеді, сондықтан олар үлкендердің істерін мұқият бақылап отырады, олардың мінез-құлқы мен іс-әрекеттерін сол қалпында қабылдайды. Мұндай жағдайда отбасындағы үлкендердің іс-әрекеттерін қадағалау және әрбір іс-әрекеттің діни және аһлақи құндылықтармен сәйкес келуіне мән беру – бала тәрбиесі тұрғысынан өте маңызды.

 

Отбасы тәрбиесінің негізі

Жаратылысынан ерекше қабілет және керемет рухани болмыспен өмірге келген адам баласының физикалық және ақыл-ой тұрғысынан кемелденуі ұзақ мерзімді қажет етеді. Бала осы мерзім ішінде өз-өзіне жеткілікті бола алмайды, қайта үлкендердің көмегіне зәру болады, олардың қолында өскендіктен, қандай адам болатындығы, қандай құндылықтармен қаруланатындығын өзі емес үлкендер шешеді. Бала кез келген әсерді қабылдауға дайын туады, Ғазалидың тілімен айтар болсақ, жақсылық пен жамандықты теңдей қабылдай алатын болмыста жаратылғандықтан, әке-шешесі оны қалай бағыттаса[1], қай жаққа жол сілтесе, бала сол бағытпен кетеді. Сондықтан, өмір ең алдымен отбасында қалыптасады, болашағын анықтайтын тұлғалық және мінез-құлық ерекшелігінің қазығы отбасы, ошақ қасында қағылады. Бұл жағдай өсіп келе жатқан әр жеке тұлғаның отбасында сөз болған діни білімнің мәні, бағыты мен формасы туралы негіз қалыптастыруда.  

 

Алла Тағала Құран Кәрімде адам баласына еш нәрсе үйретпей дүниеге әкелгендігін айта келе [2], өздері үйреніп, жеке тұлғасын қалыптастыруда оны қамтамасыз етуші ағзаларға: көз, құлақ және жүрек жауапкершілігіне назар аудартады [3]. Баланың табиғатындағы саф әрі баяу адами қасиеттермен жеке басын қалыптастыруы осы ағзалардың көмегімен үйрену арқылы жүзеге асады. Бала өз өмірінің алғашқы жылдарында бір нәрсені көрсе, бір нәрсені естісе, бір нәрсені сезіп, оны ойласа солардың барлығын үйренеді және соған сай өзін қалыптастыра бастайды. Отбасында балаға алғашқы және негізгі үйрену мүмкіндігін ұсынатын, әрине,  әке-шеше. Әке-шешесі оларға көруі керек нәрсені көрсетеді, естуі қажет нәрсені естіртеді, сезуі керек нәрсені сездіртеді. Әке-шеше – баланы өсіруде және тәрбиелеудегі алғашқы және негізгі ұстаз болып табылады.  


Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) бала тәрбиесі мәселесінде әке-шешенің жауапкершілігі туралы бір хадисінде: "Әр дүниеге келген бала өз мінезімен туады, кейін әке-шешесі оны яһуди, христиан немесе отқа табынушы етіп тәрбиелейді", - деп айтқан болатын[4]. Бұл жерде яһуди, христиан, отқа табынушы деуінің мәні әке-шешесі өз баласын қалағанынша түрлі қалыптарға сала алатындығын көрсетеді. Алланың керемет ерекшелікпен жаратып [5], оған еш нәрсе үйретпей дүниеге әкелген адамзат баласының бағыт-бағдарын белгілеудегі әке-шешенің рөлі мен жауапкершілігі шын мәнісінде ауыр. Қазіргі педагогика ғылымында осы бір жауапкершілікке зор мән берілуде [6].

Отбасы тәрбиесі тақырыбында не істеуге болады, балаларды діни және аһлақи тұрғыдан қажетті һәм ең жақсы қасиеттермен тәрбиелеу үшін оларға отбасында қандай бағыт-бағдар жасалуы тиіс, олармен қалай тіл табысып, қалай байланыс құруға болады?- деген мәселелер тәжірибеге арқа сүйейтін ғылыми зерттеулерді талап етеді. Соңғы кездері бұл бағытта маңызды еңбектер атқарылуда, сынақ пен тәжірибеге иек артқан бірқатар ұстанымдар мен әдістемелер дайындалды. Ғылыми еңбектер негізінде айқындалған ережелер мен ұстанымдар бала тәрбиелеуде жоққа шығаруға болмайтын мүмкіндіктер екендігі шүбәсіз. Алайда, осылардан бұрын көзден таса қалмауы керек бір жәйт бар, ол әр баланың қалай болғанда да белгілі бір құндылықтар аясында тууы және сонымен бірге өсуі.

Әр бала – өз отбасының құндылықтар жүйесі немесе шиеленісі арқылы әр отбасы мүшесінің білім жиынтығы, ой-пікірі мен көзқарастары тұрғысынан жеке тұлға болып қалыптасады және оны дамытады. Сондықтан, отбасындағы діни білім мәселесінде ең алдымен отбасының құндылықтар жүйесіне үңілу, оны жүйелеудің мүмкіндіктері мен жолдарын қарастыру қажет. Осы тұрғыдан алғанда отбасындағы баланың діни тәрбиесі кең ауқымды тақырып ретінде әрі әке-шеше, әрі жалпы отбасы тәрбиесі ретінде қарастырылуы тиіс. Отбасы бала тәрбиесі тек баламен басталып баламен аяқталатын жағдай емес, балаға ықпал еткен барлық отбасы мүшелері бұл тәрбиенің бір бөлшегі, үлескері десек болғандай. Кейде ата-ананың үлгі боларлық еңбектерін өзге отбасы мүшелері не білмей, не қажет етпей жоққа шығарады, олардың қасықтап жинағанын шөміштеп төгеді. Еркелету мақсатында баланы ата-анасынан қорғап қалу, ескерту мен сөгіс алғанда баланы қолдау, ата-анасы белгілеген ережелер мен ұстанымдарды бұзуға жол ашу, бұл жағдайда оны қолдап, күш беру секілді әрекеттер ата-ананың үлгілі тәрбие берудегі тырысушылығын аяқасты етуде. Мұндай іс-әрекеттер балаға жақсылық әпермейді, керісінше үлкен жамандық болып есептеледі. Егер отбасының үлкендері ата-анасының іс әрекеттерін қате деп тапса, оны балаға білдірмей жеткізуі қажет. Әсіресе, қателікті балаға көмектесемін деп дәл сол жерде ауызға алудың керегі жоқ. Зерттеу жұмыстары балаға ата-анадан өзге ата-анасымен тегі бір туыстардың да үлкен әсер ететіндігін көрсетіп отыр [7].

 
Отбасы мүшелерінің тек баламен арадағы қарым-қатынасындағы жағдай мен іс-әрекеттер ғана емес, отбасындағы ішкі іс-әрекеттер де балаға ықпал етеді. Олардың әрбір іс-әрекетін бала үнемі бақылап, еліктеп отырады. Осы тұрғыдан келгенде, отбасындағы барлық мүшелерді қамтитын қарым-қатынас тәртібі әркімнің өз орнына қарай өзара сүйіспеншілік, құрмет және түсіністікпен діни және аһлақи ережелер аумағында ең жоғарғы деңгейде құрылуы тиіс. Міне, осындай әулеттік қарым-қатынастар тәртібі балалардың діни тәрбие алуы тұрғысынан алғанда үлкен талғампаздықты қажет ететін фактор болып саналады.

 

Отбасы қарым-қатынастар тәртібі

Отбасы қарым-қатынастары мен ықпалдастықтары қайшылықты жағдай туғызуымен қатар бірлесе өмір сүру тәртібі негізінде бұлардың белгілі бір тәртіпке бағынуы оңай соқпаса да мүмкін нәрсе. Қарым-қатынастардың тәртіпке келтірілуі - балалардың білімі мен жақсы тәлім-тәрбиесі тұрғысынан маңызды болуымен қатар, бір бүтін нәрсе ретінде, отбасының өмір сүру сапасы тарапынан да соншалықты мәні зор. Өмір сүру сапасы жоғары отбасыларда - келіспеушілік, қақтығыс, шиеленісушілік, тәртіпсіздік және жеккөрінішті мінез-құлықтар байқалмайды. Жарасымды, тәртіпті және сапалы өмір сүру дағдысына ие отбасыларда тәрбиеленген балаларға көп күш жұмсалмаса да, қатарластарына қарағанда жеке тұлғалық қасиеті өте берік және кемелденген адам болуы табиғи нәрсе. Бала тәрбиесінде өзіндік құндылықтары, ережелері һәм әдеттері бар және осылардың негізінде дамыған өмір сүру тәртібі мен салт-дәстүріне ие отбасы болу өте маңызды. 

 

Отбасы өмірінде осы бағытта маңызды кемшіліктер мен ақаулар байқалса, ең алдымен бұларды жою керек, отбасында діни және аһлаки құндылықтарға сай келетін тіршілік дағдысын қалыптастыру қажет. Отбасыда діни және аһлаки ережелерге сәйкес келмейтін қателіктер, кемшіліктер (мысалы отбасындағы сүйіспеншілік, құрмет, турашылдық, әділдік, сенімділік, әдептілік, арлылық, сыпайылық, өзара көмек, бөлісу, еңбекқорлық, парасаттылық, жауапкершілік және басқа бағыттарда босаңсу, көңіл бөлмеу және сезімсіздік...) көрініс тапса, бұларды жоймай тұрып діни тәрбие беру бағытында атқарылатын істер мен қабылданатын шаралар нәтижесіз қалары сөзсіз. Алла Тағала Құран Кәрімде адамды жәһаннамға жетелейтін іс-әрекеттерден алшақ болуды ескерте келе: «Өздеріңді және отбасыларыңды отыны адам мен тас болып келетін тамұқтың отынан сақтаңдар» [8] деп бұйырған.  Назар аударар болсақ, аятта алдымен өзіміздің, содан кейін отбасымыздың іс-әрекеттері мен өмір сүру дағдысын тәртіпке келтіруімізге әмір етілген.  

 

Мектеп алды кездегі балалардың үлкендерді бақылап, оларға еліктеу арқылы үйренуі басымырақ болып келеді. Балалар осы жаста үлкендер секілді болуға еліктейді, олардың іс-әрекеттерін дұрыс немесе қате деп ойланып жатпастан сол қалпында қабылдайды. Қазіргі педагогика ғылымы балалардың қоршаған ортасына үйренісу үдерісінде алдымен символдардан бастау алатындығы, соларға қызығушылық танытып, солармен бірге мейілінше жетілуі арқасында қуанышқа бөленетіндігі, ақырында оларды түйсініп, оларға белгілі бір мағына беруді үйренетіндерін анықтаған [9]. Балалар қоршаған ортасындағы адамдардың мінез-құлық символдарын үлгі етіп алып, соларға еліктеген сайын, сайып келгенде, өз мінез-құлықтарын дамыта түседі. Осы тұрғыдан келгенде отбасындағы діни құндылықтарды және осы құндылықтар арқылы дұрыс мінез-құлық дарытудағы негізгі жолдардың бірі - балаларға көрнекілігі, өнегесі мол бай үлгілер ұсыну. Мысалы, отбасыдағы бір үлкен кісінің намаз және дұға оқығандығы балалардың көзқарасы бойынша барынша керемет әрі ықпалды үлгі.  Адалдық, еңбекқорлық, жомарттық, мейірімділік, құрмет, көмек көрсету секілді іс-әрекеттер отбасында кеңінен қолданылғаны жөн. Үйреткіміз келген нәрсені іспен, өмірмен араластыра көрсетуіміз керек. Бала - діни және аһлақи құндылықтарға сай келетін іс-әрекеттердің не екендігін өз отбасындағы үлкендерден көруі тиіс.  Кейбір ата-аналар балаларының жақсы мінез-құлық қалыптастыруын қалап, оларға жақсы нәрселер айтады, адамдармен қалай қарым-қатынас жасауы керектігін үйретеді. Алайда, балаға айтқанымен өзінің істегендері бір-бірімен сәйкеспей жатса, ата-анасының бұл қайшылығын бала бірден байқап қояды және олардың айтқан сөздеріне ендігәрі сенімсіздік таныта бастайды.

 

Баланың өмір сүруі, өмірде өзін бармын деп тырысуы - ол үлкендердің сөзбен ақыл айтуынан гөрі өзінің өмір сүруі жолымен жеткен жетістігі деп есептеген жөн. Дерексіз іс атқару тәртібі және ортақ құрылым жүйелері орныққанға дейін баланың өмірге тән іс-әрекеттер үлгісі тәжірибелер арқылы қалыптасады. Бала өз қолымен жасаудан, сынап көруден және сезіп-түйсінуден рахат алады, жасап көргенінше үйрене түседі, өмірде үйренгендерімен тұтасып, сол бағытта өзінің жеке тұлғалық қасиетін қалыптастырады. Осы тұрғыдан баланың қажетті діни әрі аһлақи құндылықтарға сай мінез-құлық қалыптастыруы үшін, оған барынша бұл құндылықтарды қамтитын ынталандырушы өмір жолын дайындау, онымен бөлісетін лайықты ортақ өмір сүру траекториясын қалыптастыру керек. Сөйтіп, балалар осы қоршаған ортада өздері дамытқан қарым-қатынас арқылы қажетті құндылықтарды қалыптастыру мүмкіндігіне ие болады. Анығырақ айтқанда, дұрыс пен бұрыстың шеқарасын ажырата білетін талғамы орнығады.

 

Ата-аналары баласына көп көңіл бөлуі қажет, оған әңгіме, ертегі, естеліктер айтып бергені жөн. Баланы қыдыртып, ойнату, онымен қалжыңдасу, әңгімелесу, кейбір жайттарды және нәрселерді онымен бірге қарастырып, бағалауы қажет. Әсіресе, ас ішер кезде дастарқан басына бірге отыру, бірге дұға оқу, баланың құлшылық және сұхбат ортасына, пайдалы әлеуметтік және мәдени іс-шараларға қатысуын қамтамасыз ету өте жақсы нәтижелер береді. Баланың үлкен қуанышпен қатысқан діни шаралары (діни мерекелер, қасиетті түн бағдарламалары, мәуліт т.б.) құлшылықтар, дұғалар, илаһилер, діни сұхбаттар - оның өмірінде мәңгі бақи өшпес із қалдыратындығы шүбәсіз.


Баланың екі елеулі даму сатысы

Баланың туылғанынан бастап физикалық, ақыл-ой және жыныстық қабілетінің дамуы ұзақ уақыт алады және белгілі сатылардан өтеді. Даму сатысын зерттейтін психологтар баланың ақыл-ойының дамуын белгілі бір кезеңдердегі қабілеттерінің өзіне тән ерекшеліктеріне қарай бірнеше сатыға бөледі. Олардың екеуі баланың толығымен отбасы бақылауындағы мектеп алды кезеңге тән. Тақырыбымызға тікелей қатысты болғандықтан қысқаша қарастыратын бұл сатылар - сезім-әрекет кезеңі және іс-әрекет кезеңі деп аталады [10].


Сезім-әрекет кезеңі - туылғанынан бастап алғашқы екі жылды қамтиды. Бұл кезеңде сәби айналасындағы заттарды танып білмесе де, оған қызығушылық танытады. Бала бұл кезеңде айналасымен тек сезімдік ықпалдастықта болады: анасының ыстық құшағын, мейір-махаббатын сезеді, оның көңіл аударғандығы яки аудармағандығынан әсерленеді, айналасындағы дыбыстарды, көріністерді, сүйіспеншілік пен ұрыс-керіс әрекеттерін түйсініп, түпкі жадысына түртіп отырады. Бұл кезеңде баланың діни және аһлақи құндылықтар үйренуін қамтамасыз ететін өнеге көрсетерлік әке-шеше рөлі - оның әркез діни және моральдық құндылықтар бағытында жақсы іс-әрекеттер мен мінез-құлықтар көріп өсуіне, ащы және теріс дауыстардың орнына сүйкімді, жағымды, мейірімді дауыстар естуіне мүмкіндік жасау сияқты формада болып келеді. Үлкендердің балаға адал, жылы және мейіріммен қарауы, оның өзге ортада басқаларға деген сүйіспеншілігі, келісімі және көмектесу әрекеттері балаға оңды ықпал етеді.

 

Бала сүйіспеншілік-жек көрушілік, жомарттық-сараңдық, үйлесім-үйлеспеу, адалдық-айлакерлік секілді т.б. барлық сезімдерді сезім-әрекет кезеңінде ата-анасы және өзге де отбасы мүшелерімен болған қарым-қатынас кезінде үйрене бастайды. Жеке тұлғаның әлеуметтік дамуы мәселесін қарастырған Эриксонның [11] пікірінше, әлеуметтік дамудың алғашқы сатысы деп есептелетін 0-18 айлық кезеңде бала анасымен өте тығыз сезімдік байланыста болады. Осы кезде анасының баласымен арадағы қатынасының оңды болуы балаға нағыз сенімділік сезімін сыйласа, оның кері ықпалы сенімсіздік сезімінің дамуына жол ашады. Сәбидің тамақтануы, тазалығы, бағып-қағу, тыныштандыру қажеттіліктерін қанағаттандыруда анасының уақтысын орынды қолдануы, жүйелі және үйлесімді әрекеттерге көшуі баланың негізгі сенім арту сезімінің дамуына әсер етсе, керісінше, жүйесіздік пен үйлесімсіздік әрекеттері баланың бойында сенімсіздік сезімінің қалыптасуына себеп болады. Бұл кезеңде баланың естіген әр сөзін, көрген әр іс-қимылын елемеуге болмайды. Болашақта діни және аһлақи тұрғыдан маңызды болатын іс-әрекеттердің негізін қалыптастыратын түсініктер санасыз түрде болса да осы кезеңде жүзеге асады.  


Іс-әрекет алды кезеңі деп аталатын ақыл-ой дамуының екінші сатысы 2 жас пен 6 жас арасындағы уақытты қамтиды. Бұл кезде бала заттардың мағынасын түсініп, олардың бір-біріне қатыстылығын ажырата бастайды, заттарға бағытталған іс-әрекеттерін белгілі үстірт ойларға негіздесе де қисынды іс-әрекет көрсете алмайды: жаманды, қатені, пайдалы-пайдасыз нәрсені өзінше бір қатынас деңгейінде түйсінеді және тек сол деңгейде ғана іс-әрекет жасай алады. Бұл кезеңде бала бір нәрсенің жақсы я жаман екенін оған үйретпейінше немесе сынап көрсетпейінше біле алмайды, әр көрген нәрсесін сол қалпында қайталайды және үлкендердің әр іс-қимылын жақсы және дұрыс деп қабылдайды.

 

Бұл кезеңде баланың «мені» жоғары болады, өзінің ынта-ықыласын алдыңғы орынға шығарып, өзгелердің көзқарсы мен өз көзқарасы арасындағы айырмашылықты байқай алмайды. Ата-анасының баласын ерекше қорғаштайтын бұл кезеңде бала өзіне қызықты һәм көңіл аударарлық оқиғалар мен қатынастар ішінде өзінің жеке тұлғасын дамыту, өз-өзімен болу және еркін іс-әрекетке көшуге бейім болып тұрады.  Осындай ынта-ықыласпен әр нәрсеге ұмтылып, барлығын сынап көргісі келеді, үйренуге деген ықыласы жоғары деңгейде болады, әке-шешесін жалықтырардай көп сұрақ қоюға әуес. Осы кезде ата-анасы: «Неғыласың, сен бәрібір түсінбейсің, үлкейгенде үйренесің, әр нәрсені сұрауың, үйренуің шарт па еді?» секілді қарсылықтарға бармай, сабырлы күйде, баланың әр сұрағына ол түсіне алатын деңгейде жауап айтқаны жөн. Ата-анасы баласының үйрену және еркіндікке ұмтылу пейілін ешуақытта басып тастамауы керек, баланы қолдап-қолпаштаудағы ынта-жігері оны қоршаған қапасқа айналмауы қажет. Көптеген ата-аналар қорғаштау рефлексіне түсіп, балаларын жалықтырып жіберетіндей бір шеңбер ішіне алғанын байқамай қалады. Осы кезде әке-шешенің шектеуші іс-әрекеті мен баланың еркін әрекетке көшудегі қарама-қайшы іс-әрекет қатынастарын мұқият түрде келістірмеген жағдайда, болашақта екі тараптың бір-бірінен алшақ кетіп қалу қаупі болуы әбден мүмкін. 

 

Қарама-қайшы іс-әрекеттерді бақылау

Көбіне ата-анасы баласын әркез қорғау және бақылауда ұстаумен болса, баласы еркін әрекет ету және өз-өзін көрсету ықыласымен іске көшеді. Жалғыз өзі көшеге шыға алмайтын жастағы баланы анасы қолынан жетектеп, жол бойын қыдыртып жүрген кезде бала анасының қолынан босап, өздігінен жүруге, жолдың ортасына шығып кетуге талпынады. Анасы сүрініп, құлап қалмасын, басына бір пәле келмесін деп оны қатаң түрде бақылап отырады. Бұл жерде назар аударарлық маңызды жәйт: баланың еркін әрекет етуге талпынысымен ата-ананың шектеу қоюы арқасында пайда болған қайшылық пен келіспеушілік жағдайы. Бастапқыда мейлінше қалыпты болып көрінген осы бір қайшылықты әрекеттерге мән берілмесе, жылдар өте келе өзге салаларда және өзге көріністе екі тарап үшін де ыңғайсыздық жағдайда жалғасын тауып жатады. Осы қайшылықты әрекеттер әу бастан жақсы реттелмегендіктен уақыт өте келе екі жақ үшін де мәселе туындайды және бұл мәселе өзге мәселелерді өршіте түседі. Бұл жерде мәселе туындатпаудың алдын алу үшін жағдайды бақылауда ұстау және қарым-қатынастарды дұрыс басқару жауапкершілігі әке-шешеге тікелей қатысты. Баладан бұл бағытта ештеңе күтуге болмайды. Қарым-қатынастар дұрыс жолға қойылмаса, ата-ананың шектен тыс қорғаушылық және сүйеушілік әрекеті баланың еркін әрекет ету ынтасын әлпештей түскендіктен, бала өз қолы өз аузына жеткен кезде ата-анасынан алшақтай түседі. Ата-ана баланың кейде қате болса да еркінсуіне (мысалы, құлап, жарақат алса) ерік берсе, бала жылап, анасының көмектесуін күтеді және оның қажет екендігін түсінеді.

 

Отбасында әке-шеше мен бала арасындағы қайшылықты үрдістердің қажетсіз бағытта өрбуінің негізгі себебі: ата-ананың сәби кезінен бастап балаға қарсы әдетке айналдырып алған шектеу қою ұстанымын рационалды һәм саналы түрде дамыта алмағандығы. Көп жағдайда ата-аналар бала өскен сайын онымен арадағы іс-әрекеттерін дамытудың орнына баланың тәртіпті, сөз тыңдайтын, өзіне толық бағынатын бала болса деп күтеді. Ал анығында, ол күн өткен сайын өсіп жетілуде, өз-өзін қалыптастыруда және өз бетінше болуға қарай алып кетеді. Әке-шешесі оның өмір баспалдағынан өрмелеп жоғарлағандығын, айналасына деген көзқарасының кеңейгендігін, шешім қабылдаудағы тиянақтылығын көре білуі қажет, оның өмірге деген ынта-ықыласын шектеген қорғаушылық түйінін мұқият түрде жұмсарта білуі керек.

 

Қатаң қорғау ұстанымының ең айқын қателіктерінің бірі - баланың әр қатесін немесе істеуге болмайтын әрбір әрекетін жазғырып, оған әркез ақыл айтып ұрсып отыру. Ақыл-кеңес - балаға кінәлі болғандығы, жеткіліксіз болғандығы, мойындамау сезімін берумен қатар әркез айтылған сайын оның психологиялық тұрғыдан  күйзелуіне әкеп соғуы мүмкін. Ақыл айтудың уақтысы, әдіс-тәсілі өте маңызды. Екінші жағынан, діни және аһлақи құндылықтар тұрғысынан қате әрекеті байқалып қалған баланы "сен былай істедің", "тағы да былай істедің", "сен ылғи осылай жасайсың", "сен дұрыс нәрсе жасай алмайсың ба?", "бізге айтқызбай-ақ осылай жасасаң болмас па" т.б. деген сөздермен жазғыру ешқандай пайда әкелмейді. Керісінше, мұндай жазғыру сөздер 6-12 жас аралығындағы балаларды қалыптастыру және категориялауға жуықтату себепті қате нәтижелер беруі мүмкін.  


Үлкендердің әрдайым жазғыру сөздермен дегеніне көндіруі бұл жастағы балалардың сезімталдығын өшіретіні секілді өзге бағыттағы батылдықтарын да басып тастауы мүмкін. Баланың алғашқы жаңсақ тәжірибелерінің ықпалды және парасатты іс-әрекеттермен бастырмалануы оның әркез қате жасап қоямын-ау деген қорқыныштан өзіне деген сенімділікті жоғалтып алуына және тұлғалық дамуының кері бағытқа бет алуына себеп болуы мүкін.  Осы себепті ата-анасы баласының қателігін түзеткісі келсе, оның мұны не үшін істегенін тергеп жатпай, оған кінә артпастан іс-әрекетінің қате екендігін ескертіп дұрысын айтуы қажет.

 

 


 

Сілтемелер

1. Ғазали, Ихяу Улуми’д-Дин, I-V, Каир, 1306

2. Нахл сүресі (16):78

3. Исра сүресі (17): 36

4. Бухари, Жәнаиз 80, 93; Мүслим, Тағдыр 22, 25.

5. Тін сүресі (95): 4

6. Селахаддин Ертүрк, Білім беру саласында бағдарламаларды дамыту, Анкара, 1998.

7. Thomas Gordon, Ықпалды ата-ана тәрбиесі, ауд. E. Аксай, Систем баспасы, Стамбұл, 1996. 

8. Тахри сүресі (66): 6

9. Халук Явузер, Бала психологиясы, Ремзи баспасы, Стамбұл, 1992.

10. Зия Селжұқ, Тәрбие психологиясы, Атлас баспасы, Кония, 1992.

11. Эриксон, 1902 жылы еврей отбасында дүниеге келген Фреидтің даму теориясын негізге ала отырып, өзі дамытқан психоәлеуметтік даму теориясымен белгілі Даниялық ғалым.

 



Оқи отырыңыз