Akikat.kz - рухани танымдық, ғылыми портал

http://akikat.kz

Басты бет > Мақалалар > Құран ілімі > Құран Кәрім және грамматика - 1

Құран Кәрім және грамматика - 1

2015-08-10 3095

Меккелік мүшріктер және қазіргі таңдағы шығыстанушылар (ориенталистер) Құран Кәрімді Алла Тағаланың сөзі емес, Мұхаммедтің сөзі дегені белгілі. Сондықтан да Құранға жабылған әртүрлі жалалар бұрыннан бар әрі бола да бермек. Сондай жалалардың бірі «Құранда грамматикалық қателіктердің болуы» мәселесі. Бұл жала жаңа пайда болған жала емес. Бұрынғылардың «мушкиләту нәхуиә» деп атаған арап тілінің синтаксис және морфологияның Құрандағы қолданыста қағида ерекшеліктері туралы кейбір Ислам ғалымдары, Құранға жала жабу ниетімен емес, керісінше ол ғапылдыққа түсіп, сөз еткен. Әсіресе түрлі қырағаттардың* грамматика ережелеріне сай келмеуі кейбір тәпсіршілер мен тіл ғалымдары тарапынан айтылған.

 

Шығыстанушылардың ішінде шын мәнінде арапшаны жақсы білетіндер болуы мүмкін және арап тілі грамматикасына қайшы келеді деп ойлаған жерлерін айтып отырған. Алайда грамматикалық қателік бар деген жаламен айыптаған аяттарды; көптеген ислами қайнаркөздерден кездестірдік дегенді, алға тартқан, осылайша Құраннан және Ислам дінінен қате тапқандықтарын жариялау мәселесі. Олардың әрбір айтқан сөзін дәлел ретінде қабылдаған кейбір адамдар да бұл жалған ақпараттарды алып, оған біржақты қараулары себепті немесе бізге белгісіз басқа да себептерге байланысты аталмыш мәселелер күн тәртібіне қойылуда. Әсіресе біздің қозғап отырған грамматикалық қателер мәселесінде тәпсір кітаптарына қарағанымызда, шығыстанушылардың қате деген аяттарының көбі бұрынғы кезден бері тартысты мәселелер болғандығы белгілі болып отыр.

 

Біз бұл қысқа зерттеуімізде әрі пасық пиғылды шығыстанушыларға, әрі қателікке ұрынған кейбір Ислам ғалымдарына жауап беруге тырысамыз. Осы арада айта кетер бір жәйт, өкінішке орай қазіргі таңда шығыстанушылардың жалаларына жауап береді деп күтілген кейбір мамандар керісінше өз іс-әрекеттерімен шығыстанушылардың ісін қайталап, оларға дем беруде. Ендеше, осы қателіктерге жауап беріп көрелік.

 

Бұл шағын жұмысымызда алдымен қырағаттар жайлы қысқа бір ақпарат беруді жөн көріп отырмыз. Одан кейін арап тілінің ерекшеліктері, қырағаттардың арап грамматикасымен байланысын сөз етеміз. Содан соң грамматикалық қатесі бар деп жала жабылған аяттарды зерттеп қарастырамыз. Бұл аяттар Лондон университетінде шығыс тілдері мектебінің Таяу Шығыс және Ислам бөлімінің директоры профессор Алфред Гуиллаумның Стамбұл университеті әдебиет факультетінде 1953 жылы 11-17 мамырында «Батыстағы Ислам зерттеулері» тақырыбында өткен конференцияларында қозғалған күмәндар мен Джон Буртонның «Linguistic Errors in The Qur’an» (Құрандағы грамматикалық қателер) атты «Journal of Semitic Studies» журналының 1988 жылғы күзгі санында жарық көрген мақаласындағы аяттар.

 

Соңында грамматикалық қателермен байланысты түзетуді қажет ететін негізсіз риуаяттар туралы Ислам ғалымдарының пікірлерін келтіру арқылы дұрыс пайымды ұсынамыз.

 

А. Қырағат, қырағат ілімінің пайда болуы және дұрыс қырағаттарға қойылған шарттар.

1. Қырағат. Қырағат арап тіліндегі «әл-Қираъә» сөзінің көпше түрі. Әл-Қираъә ‒ оқу мағынасын береді. Әл-Қираъә сөзінің көпше түрі болған қырағат сөзі терминге айналып қырағат имамдарының риуаяттары мен олардың тәсілдеріне атау болған.

 

Ибну әл-Жәзәридің айтуынша: «Қырағат ‒ Құран сөздерінің оқылу тәсілін және сөздердегі әрқилылықты түсіндіретін ілім» Бұл ілім мәд (дыбысты созу), қаср (қысқарту), нақл (жеткізу) секілді негіздерде Құран сөздерін өзіне тақырып етіп алады.

 

Хазірет Осман Құранды кітап етіп жинақтап, оған қайшы келген басқа да жекелеген сәйкес келмейтін Құран нұсқаларын тәрк етуды әмір еткенде, кейбір адамдар қолдарындағы үйлеспейтін нұсқаларды жойып, Османның жинатқан нұсқасына қайшы келмейтін әрі хазірет Пайғамбардан мүтәуәтир жолымен жеткен басқа жерлерін оқуды жалғастырған болатын. Жеті диалектке сәйкес болған және кейбір сөздерде сәйкес келген бұл ерекшеліктер қырағат делінеді.

 

2. Қырағат ілімінің пайда болуы. Хазірет Осман (р.а.) Құран нұсқаларын көбейткеннен соң олардың әрбірін бір елге жолдап, сол нұсқаларда қамтылған қырағаттарды үйрететін бір адамды жіберген. Құран Кәрімннің нұсқасы жіберілген өлке тұрғындары Құранның қырағаттарын Алла елшісінің (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) өзінен үйренген сахабалардан алды және қалай үйренген болса солай оқыды.

 

Бұл Құран нұсқалары нүктесіз һәм харекетсіз* болғандықтан және сөздерінің жазылу тәсілінің де әртүрлі қырағат түрлерін негізге алынып жазылғандығы, қырағат және Құран риуаяты мен оны қабыл ету мәселесіне, Құран нұсқаларының жазылу тәсілі айтарлықтай әсер етті. Көбінесе хазірет Османның Құран нұсқаларымен бірге жіберген адамының өздері алып барған Құран нұсқаларына сай келетін қырағаттарды сол барған жеріне тарата бастайды.

 

Сахабалардың (р.анһум) Алла елшісінен (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) қырағатты алу әр түрлі болатын. Олар пайғамбардан бір қырағат үйренгені секілді екі және одан да көп қырағаттарды алғандары да болды. Сол себептен табиғиндер мен әтбәъут-тәбиғиндердің де қырағаттарындағы әртүрлілк жалғасты. Уақыт өте келе қырағаттар арасында алауыздық артып, нақтылық азайды. Сахих қырағат пен шәз* және басқа да қырағаттар өзара араласып кете жаздады. Бұл Ислам үмбетінің ішінен небір ғалымдар мен белгілі есімдерді тудырды. Олар қолдарынан келгенше әрекет етіп, дұрыс пен бұрыстың арасын ажыратты, харфтер мен қырағаттарды топтастырды, түрлері мен риуаяттарын салыстырды, мәшһур мен шәз, сахих пен шәз қырағаттардың арасын өздері қойған тәсіл мен тәржих ету негіздеріне байланысты ажыратты. Нәтижесінде қырағаттар оны жеткізген соңғы имамның атына телінді. Олар сол қырағатты нақтылады, сол қырағатты халық арасында таратты.

 

Ибну әл-Жәзәридің (833-1429) айтқаны секілді қырағаттардың бұл имамдарға телінудың себебі; олардың сол қырағатты ең көп оқыған және үйреткен, соған ең көп жүгінгендігінен. Ол имам сол қырағатты абзал көріп, қолданған, нәтижеде сонысымен танылған және бұл қырағатты халық сол имамнан үйренген. Сондықтан да ол қырағат сол имамның есімі мен елге тараған. Алайда бұл телінудің себебі оның сол қырағатты абзал тұтып қолданғандығында. Әйтпесе оның өз ойынан шығарған оқу тәсілі немесе жеке ижтиһады деген сөз емес.

 

Қырағаттар тақырыбында өз заманының белгілі ғалымдарының бірі болған Әбу Бәкір ибн Мужаһид (324/935) һижри 300 жылы «Китәбу әс-Сәбъә» атты еңбегінде қырағаттарды жетіге бөліп қарастырған және оның бұл жіктеуі қабыл етіліп, Қыраъәту Сәбъә (Жеті қырағат) бекітілді. Содан кейін бұл жеті қырағатқа қосымша үш қырағаттың да жеті қырағат секілді мәшһур (белгілі) һәм мутәуәтир (бұлтартпас дәлелмен жеткен) екендігі ибну әл-Жәзәри тарапынан мақулданған. Негізі одан бұрын Бәғауи (510/1116), ибну әс-Субки (756/1355) де бұл аталған үш қырағаттың сахих (сенімді) екендігін қуаттаған. Осылайша бұл үш қырағатты қоса есептегенде төменде келтіретін он қырағат (Қираъәту ъәшәра) барша мұсылмандар тарапынан қабылданып танымал болған. Бұл он қырағат имамдарының есімдері мыналар: 1. Нәфиъ ибн Абдиррахман (169/785). 2. Абдуллаһ ибн Кәсир (120/738). 3. Әбу Амр ибн әл-Алә әл-Басри (Зәббан ибн Аммар) (154/736). 5. Әбу Бәкір Асым ибн Бәһдәлә (127/744). 6. Хамзәту ибн Хабиб (156/773). 7. Али ибн Хамза әл-Қисаи (189/805). 8. Әбу Жаъфар Иәзид ибн әл-Қаъқаъ (132/749). 9. Иәъқуб ибн Исхақ әл-Хадрами (205/820). 10. Халәфу әл-Ашир (Халәф ибн Һишам) (229/834).

 

3. Сахих қырағаттарға қойылған шарттар. Кейбір бидғатшылар Құранды өз білгендері бойынша оқи бастады. Соған байланысты қай тұрғыдан болмасын сенуге әбден лайық болған дініміздің ғұламалары сахих әрі дұрыс қырағаттарды қате қырағаттардан ажыратып беру үшін белгілі өлшемдер қойған. «Сахих қырағаттардың шарттары деп аталатын бұл негіздер арқылы сахих қырағат, шәз және мәрдуд (қайтарылған) қырағаттардың айырмашылықтары нақты көрсетіледі».

 

Барлық қайнаркөздердің бірауыздан қуаттауына сай бұл шарттардың саны үшеу:

 

1. Қырағат бір қырынан болса да, араб тілінің қағидаларына сай болуы керек.

2. Қырағат сахих әрі тізбегі еш үзілместен хазірет Пайғамбарға (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) жетуі тиіс.

3. Қырағат хазірет Османның  (р.а.) Құран нұсқаларының бірінің жазылу стиліне сай келуі керек.

 

Бұл үш шартқа сай келген қырағаттардың жоққа шығарылуы әсте мүмкін емес. Сонымен қатар бұл қырағаттарда грамматикалық қате бар деп айту да негізсіз болмақ. Өйткені бұл қырағаттар хазірет Пайғамбарға түскен әрі оның өзі оқып һәм сахабаларына үйреткен оқу тәсілі. Сондықтан да оны жоққа шығару немесе оған қателік айыбын тағу дұрыс болмайды. Осылайша мүміндер бұл қырғаттарды сол қалпында қабылдаулары қажет.

Біз бұл жерде сахих қырағат шарттарының әрбірін жеке-жеке қарастырмаймыз. Тек тақырыбымызға қатыстысты болғандықтан бірінші шартын қысқаша талқылаймыз.

 

4.                Қырағат және араб тілінің қағидалары

Бірінші шарты былай: «Қырағат бір қырынан болса да араб тілінің қағидаларына сәйкес болуы керек». Мұндағы «бір қырынан болса да» дегені грамматиканың қандай да бір жүйесіне сай келуін білдіреді. Оның өте анық әрі тура болуы, мазмұны біркелкі немесе ихтиләфта* болуы қырағатқа зиянын тигізбейді. Оның қолданыста кең тараған немесе имамдар тарапынан сахих тізбек арқылы жетуі жеткілікті. Ибну әл-Жәзәри мен тахқиқ* мамандарының айтуынша шарттардың ішінде ең маңызды негіз, ең қуатты ереже ‒ қырағаттың араб тілінің қағидаларына сәйкес болуы. Солай бола тұра сахих қырағаттарды кейбір араб тілі мамандарының жоққа шығаруының да ешбір қисыны жоқ.

 

Кейбір қырағат имамдары Құран қырағаттарының қайсыбірінде тілдің қолданыста кең тараған жағын және араб тіліндегі қиясқа* сай екендігіне сенімді болмаған. Керісінше қырағат жайлы жеткен хадистің нақтылығына, риуаят жолының дұрыстығына маңыз берген. Олардың өлшемінде риуаят дұрыс болса, араб тілінің қиясы мен тілдің кең тарау арқылы қалыптасқан формасы оны әлсірете алмайды. Себебі қырағат бізге уахи арқылы келген нәрсе болғандықтан оған тек еру керек. Бұл талқыға салынатын мәселе емес.

 

Әбу Амр әд-Дани «Жәмиъу әл-Бәйән» атты еңбегінде былай дейді: «Қырағат имамдары Құранның қырағатымен байланыты мәселелерде тілдің халық арасында қалыптасқан формасы мен араб тілінің қиясына сай амал етпеген. Керісінше хадистің нақтылығы, оның жету жолының дұрыстығы назарға алынған.  Осы шарттар дұрыс болса болды. Ал қияс пен кең тараған тіл формасына сай болмауы қырағатқа зиянын тигізе алмайды. Өйткені қырағат талқыға салынбауы керек. Оны ұстану қажет».

 

Әз-Зәркани де осы мағынадағы пікірді алға тартады: «Кейбір тіл мамандарының мутәуәтир қырағаттардың бір бөлігін өздері қойған қағидаларға сай келмегендігі себепті жоққа шығарудағы батырлықтары қисынсыз. Наху (морфология) ғалымдарының қағидаларында Алла Тағаланың кітабынан, Расулының сөздерінен және арабтың сөйлеу тәсілінен пайдаланады. Құранның бізге жету жолы нақты болғандықтан, тіл ғалымдарына және олардың қойған қағидалары өлшем емес. Негізгі өлшем Құран болуы ләзім. Тіл ғалымдары Құранға сүйенуге тиісті. Әйтпесе біз олардың өзара біріне-бірі қайшы келетін қағидаларына жүгінбесіміз белгілі. Ал егер де Құранды былай қойып пенденің қойған қағидаларына иек артар болсақ мұнымыз қателік болады».

 

Субхи әс-Салих болса былай дейді: «...қырағат мәселесінде араб тілінің қағидаларына емес, Құран мен сүннетке сүйенеміз. Өйткені біз бұл қағидаларды Құраннан үстем деп емес, Құран бұл қағидалардан үстем деп білеміз. Негізінде тіл мамандары өздерінің қағидаларына қайнаркөз ретінде алдымен Құран мен сүннетті одан кейін арабтардың сөйлеу тәсілін қояды».

«Қырағат бір қырынан болса да араб тілінің қағидаларына сәйкес болуы керек» шарты жөнінде Абдурахман Четин де былай дейді: «...біздің пікірімізше мұндай шарт қажет емес, керісінше қауіпті. Себебі мұндай шарттың себебінен кейбір тіл мамандары мутәуәтир қырағаттардың кейбірін тіл заңдылықтарына сай келмейді деп сын тағу арқылы жоққа шығаруда. Міне осы ұстаным біраз тартыстарға себеп болды. Алайда қалған екі шартқа сәйкес қырағатта негізге алынатыны ережелер емес, қырағаттың өзі. Өйткені тіл мамандарын және тіл ережелерін емес Құран бізге өлшем болуы тиіс. Яғни ереже-қағидалар Құранға қарап бекітіледі.

 

Бұл мәселеде ескеретін бір жәйт; араб тілінің қағидалары мен грамматикасы жазылған кітаптардағы ережелердің біркелкі еместігі. Өйткені араб тілі өте кең әрі сан қырлы бай тіл. Ал грамматика кітаптарында оның тек кейбір қырлары ғана ашылған, сыры толық ашылып қалыптасқан деп айта алмаймыз. Құран Кәрім сол өте бай әрі санқырлы жақтары бар араб тіліне сай түсірілген. Сондықтан да Құранның пенделер белгілеген ережелерге сай келмеуі онда грамматикалық қателер бар деген сөз емес. Керісінше тіл мамандары қалыптастырған қағидалар араб тілі грамматикасын толық қамтымағандығын, тек кейбір тұстарын ғана ашқандығын білдірсе керек.

 

Жалғасыбар...

 


 

* Қырағат ‒ Құран Кәрім сөздерінің әртүрлі тәсілде оқылуын және ондағы ихтиләфты (әрқилылық) жеткізген рауилерімен қоса үйрететін ілім.

 

* Харекет ‒ Араб әріптеріне үн беретін әрі әріптерді біріктіретін дамма, фәтха, кәсра секілді арнайы белгілер.    

 

* Шәз қырағаты ‒ мутәуәтир қырағаттың негізгі үш шарты кездеспеген немесе дұрыс тізбекпен жетпеген қырағат. Мутәуәтир қырағаттың үш шарты мыналар: 1. Жалғандықта өзара келісіп алулары мүмкін болмаған бір топтың сол секілді бір топқа жеткізуі. 2. Хазірет Османның (р.а.)  көбейтіп бастырған Құранынан сәйкес болуы. 3. Араб тілінің қағидаларын сай келуі.

 

* Ихтиләф ‒ қайшылық, әрқилылық.

* Тахқиқ ‒ Құрандағы әрбір әріптің хақысын беріп, әріп махраждарын өз орнынан дұрыс шығару. Мәдтерді (созу белгілерін) қажетінше созу, харекеттерді, изһар мен ғұннаны барынша дұрыс шығару.

 

* Араб тіліндегі қияс ‒ ұқсас мәселелердің арасында салыстыру жасап үкім шығару.  



Оқи отырыңыз