Akikat.kz - рухани танымдық, ғылыми портал

http://akikat.kz

Басты бет > Мақалалар > Көркем мінез > «Ашуланба!» хадисінен алынатын сабақтар

«Ашуланба!» хадисінен алынатын сабақтар

2015-08-07 2974

«Хадис» сөзі терминологиялық тұрғыдан хазірет Пайғамбардың (с.а.у.) сөзі, іс-әрекеті, мақұлдаулары, дене бітімі мен аһлақи сипаттары және өзіне тән хабарларын білдіреді. Бұл хабарлар оның пайғамбарлық келмей тұрып айтқан барлық сөздерін, іс-әрекеттері мен мақұлдауларын да қамтиды. Басқаша айтқанда, Пайғамбарымыздың (с.а.у.) жаратылысы, аһлақы мен өмір сүру салтына байланысты барлық іс-әрекет пен сипаттарды сүннет деп атайды. Хадисшілердің көзқарасы бойынша хадис пен сүннет бір-біріне қатар және мағыналас болып табылады. «Пайғамбарымыздың (с.а.у.) хадистері» деп аталатын мүбәрак сөздердің басым бөлігі заңдылықтар (шариғи) тұрғысынан әрі  әдеби тұрғыдан дамұғжиза болып есептеледі. Ол арабтардың ішінде ең шешен. Оның әдеби жағынан иъжазы* риуаят етілген хадистерде өзін байқатады. 

 

Пайғамбарымыз (с.а.у.) тез сөйлемейтін, айтатын сөзін жұрт сол жайлы ойлансын әрі жақсылап түсініп алсын деп үш рет қайталайтын[1]. Өнер үшін сөйлемейтін және мағынасын ешкім білмейтін түсініксіз дүдәмал сөздерді қолданбайтын. Бұған қоса, әдеби күші өте мықты еді. Сөйлеуге мәжбүр болмайынша сөйлемейтін, сөзінің басын «Бисмилламен» бастап, соңын «Әлһамдулиламен» аяқтайтын.

 

Әбу Яғланың тізбегімен бізге жеткен бір хадисте Пайғамбарымыз (саллаллаһу алайһи уә сәлләм) өзінің сөйлеу әдебі жайында:  جَوَامِعَ الْكَلِمِ وَاخْتُصِرَ لِيَ الْكَلَامُ  «Маған Жәуамиул кәлім* берілді және сөздерім нұсқа әрі мағыналы етілді» дейді. Оның маңызды 6 қасиетінің біреуі болып есептелетін «жәуамиул кәлім» қасиеті қысқа әрі нұсқа сөзбен көп нәрсе түсіндіру деген мағына береді. Жәуамиул кәлім айтылып жатқан мәселеге байланысты айтуға болатын ауқымды, көлемді сөз деген мағынаны білдіреді. Бұл ерекшелік Пайғамбарымыз (с.а.у.) айтқан сөздердің көбіне тән.

 

Төменде Сөз Сұлтаны Пайғамбарымыздың (с.а.у.) сөз қорынан бізге жеткен, сөз байлығы әрі мазмұны бойынша жәуамиул кәлім қасиетіне сай бір хадисті мысал ретінде қарап көрелік, сондай-ақ, оның бізге айтып тұрған сырларына көңіл тоқтатайық:

نْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ :أَنَّ رَجُلا قَالَ لِلنَّبِيِّ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ أَوْصِنِي قَالَ :
لا تَغْضَبْ فَرَدَّدَ مِرَارًا قَالَ لاَ تَغْضَبْ

 

Әбу Хұрайрадан (р.а) риуаят етілген хадисте бір кісі Расулаллаға (с.а.у.)  келіп, «Маған насихат айтсаңыз?» деп өтініш білдірді. Пайғамбарымыз (с.а.у.)  оған: «Ашуланба!» деді. Бағанағы кісі қайтпай бірнеше рет насихат сұрады, ал Пайғамбарымыз (с.а.у.) сол «Ашуланба!» деген ақылын ғана айтты.[2]

 

 

Ашулану:  қызбалыққа салыну, ашуға берілу дегенді білдіреді.

Әл-Бәриқада риуаят етілген басқа бір хадисте Пайғамбарымыз (с.а.у.) «Ашуланған жан қалағанын істеуге күші жете тұра жұмсақ әрекет етсе, Алла тағала оның жүрегін тыныштық, сенім мен иманға толтырады» дейді.

 

Ғалымдар «Ашу адамның ішінен сыртына қарай шығады. Ал қайғы болса, сырттан ішке қарай кіреді. Сондықтан да, ашудан күш пен кек алу сезімі, қайғыдан дерт пен ауру туындайды» деген екен.

 

Ашулану қасиеті адамның жаратылысында бар және орынды қолдануға тиісті сипат. Ашу керек жерде ашулану – адамның жаратылысы талап ететін құбылыс. Бірақ ашулану өз нәпсісі үшін болмауы тиіс. Мысалы, діни құндылықтардың аяқ асты етілуіне деген ашулану діни сезімталдықтың талабы. Дегенмен, бұл ашулану қарсы тарапты ренжітерліктей, тіпті оның құқын аяқ асты ететіндей болмауы керек. Жоғарыдағы хадисте айтылған ашулану дегенді қандай жағдай болса да адамның жүйкеге ие бола алуы деп түсіндірсек болады.

 

 

Хадистің мағына дариясынан алуға болатын сабақтар:

 

1.Ашулануды тастау дегеніміз, ашуландыруы мүмкін себептерден аулақ болу.

2.Хадисте себептерге бағыну керектігі әмір етілуде.

3.Хадистен Жәбрия мен Қадария мәзһабтарының дұрыс емес екендігін көре аламыз. (Өйткені себептерге бағынуды Жәбрия мен Қадария мәзһабтары мойындамайды)

4.Хадистен сәдді зәраи (харамға апаратын, ережені бұзуға жетелейтін жолдардың бітелуі) ережесін көруге болады. Бұдан бөлек, жамандықтан сақтану жамандықтың емінен маңызды әрі қайырлы екенін түсінуге болады.

5.Қоғамға жол көрсетіп, білім үйретуге міндетті адамдардың ілім және ақылмен қарулануын, кез-келген тақырыпты тиісінше қарастыруы, кез-келген сұрақ сұраған адамға пайдалы болатын жауапты бере алуы керектігін нұсқаған.

6.Сұрақ сұрағанда және ілім үйренгенде әдепті болу керек.

7.Үйренгісі келген адамнан ешқандай себепсіз ілімді жасыру дұрыс емес.

8.Ашулану сөйлесу мен амалда тепе-теңдікті бұзады.

9.Ашуланбайтын адам іс-әрекеті мен сөздерінде дұрыстықты және ашу жағдайында тепе-теңдігін сақтайды, объективті әрекет етеді.

10.  Көркем мінезді болуға шақыру бар.

11.  Қаза мен тағдырға разы болу керек.

12.  Ашуланбау ақыл мен байсалдылықтың толысқанына дәлел екенін білдіреді.

13.  Хадисте «Алайда олардың пайдасынан зияны әлдеқайда көп» (Бақара сүресі, 2/219) деген аяттың мағынасы айтылуда, бұдан бөлек, пайда мен зиян арасындағы салыстыру қағидасы сөз болуда.

14.  Хадис діннің кереметтілігі мен толықтығына назар аударуда.

15.  Сахабаның дінді терең түсінуге тырысуы мен қызығушылығын байқауға болады.

16.  Хадисте Пайғамбарымыздың (с.а.у.) «Өзіңіздің күшіңіз жететін нәрселерді ұсыныңыз» хадисінің мағынасы орын алған.

17.  Жамандықтардың бастауы – ашулану.

18.  Ашуланудың рұқсат етілген және тиым салынған түрлері бар.

19.  Сахабалардың (р.а) фиқһты өте жақсы білгендігі, өйткені көпшілік бұл хадисті түсінбеген. Пайғамбарымыздың (с.а.у.) оларға үйреткені бойынша мақтауға сай ашулану түрімен ашуланып, тиым салынған түрінен бас тартқан.

20.  Ашулану жоққа шығаруға жетелейтін себептердің бірі.

21.  Мұсылмандарға көп насихат ету – уәжіп.

22.  Насихаттың пайдасы және қоғамдағы әсері.

23.  Кез-келген адам жалғыз өзі әлсіз, достарымен бірге күшті, өйткені мүмин басқа мүмин бауырының айнасы, көбінесе өз кемшіліктерін өзі көре алмайтындығын түсінуге болады.

24.  Сөздің басты мақсаты пайдалы болуында, көп болуы немесе қайталануы емес.

25.  Ғалымға жақсы мінез бен әдеп қағидасына сай сұрақ сұрауға болатындығы.

26.  Адамның ашуланудан бас тартып, өз-өзіне ие бола алуы кейіннен үйренуге болатын аһлақ екенінің дәлелі.

27.  Жаратылыс заңдылықтарын діни заңдылықтармен қолдап отыру керектігі.

28.  Ашуланудың шайтаннан екендігі.

29.  Ашу үстінде өзіне ие бола алған адамның күшті екендігі.

30.  Сабыр мен жұмсақтықтың пайдалары.

31.  Тиым салуды қысқа әрі мағыналы сөзбен насихаттаудың мүмкіндігі.

32.  Бұл хадис Пайғамбарымыздың (с.а.у.) «Маған жәуамиул кәлім берілді» деген хадисінің де мағынасын қамтиды.

33.  Насихат айтқанда адамдардың деңгейіне сай әрекет етудің қажеттілігін түсінеміз.

34.  Хадистен бір нәрсені тиярда оның қарама-қарсысын әмір етуге де болатындығы немесе адамға жұмсақтық пен сабырлылық таныту керектігін түсінеміз.

35.  Насихат пайдалы болуы үшін ықылас қажет.

36.  Насихаттың ақыл, дін және ой иелерінен талап етілуінің қажеттілігі.

37.  Құран мен Сүннетке байланысты сөздердің басқа адамдардың сөздерінен өзгеше болу керектігі, өйткені адамдардың сөздері шешуші бола алмайтындығына назар аударылуда.

38.  Насихат сұрау құл үшін жоғарғы қасиет болып табылады, оның бойындағы кемшілік емес, жиіркенуді қажет ететін қасиет емес.

39.  Насихатқа құлақ асу – иманның кәмілдігінің белгісі.

40.  Адамдар өз арасында сыртқы көрінісімен емес, мінез құлқымен салыстырылуы керек екендігін түсінеміз.

41.  Насихат пен уағыздар жалықтырмайтын болса, қайталанып тұруына рұқсат бар екендігі.

42.  Хадисте Пайғамбарымыз (с.а.у.) «Амалдардың ең қайырлысы аз болса да үзбей істелінгені» деген сөзінің мағынасы берілген.

43.  Бір нәрсені тыймас бұрын оның себептерін де тыю керектігі.

44.  Кімде-кім бір нәрседен Алла үшін бас тартса, Алла оған одан да қайырлысын нәсіп етеді. Кімде-кім Алла үшін ашуланудан бас тартса, Алла ол адамға жұмсақ мінез нәсіп етеді.

45.  Ашуды жұтудың пайдалары айтылған.

46.  Кешіруге және насихат етуге қызықтыру.

47.  Ғалымның сұрақтарға және сұрақ сұраған адамдарға кеңпейілді болуы керектігі.

48.  Пайғамбарымыздың (с.а.у.) мінезі кішіпейіл, өте жұмсақ және аһлақының өте жақсы болғандығы.

49.  Бір нәрседен бас тарту да амал болып есептеледі.

50.  Иманның анықтамасы амалды да қамтиды.

51.  Кейбір іс-әрекеттен бас тарту да құлды сауапқа кенелтеді.

52.  Айтқан нәрсесін Пайғамбарымыздың (с.а.у.) үштен көп қайталағанын көруге болады.

53.  Адамдар қатты қаласа да, шындық қысым көрсетсе де, ғалым ақиқат жолында сөздері мен ұстанымдарында тұрақты болуы керек.

  


 

* иъжаз – ұқсасын жасай алмау, өзгелердің айтуға шамасы келмейтін шектен тыс мазмұн және керемет баян

 

[1] Тирмизи, әш-Шәмаил, Хымс, 1968, s. 113

* Жәуамиул кәлім – сөзі аз, мағынасы көп әрі терең сөйлем

[2] Бұһари, Әдеп, 76.



Оқи отырыңыз