Akikat.kz - рухани танымдық, ғылыми портал

http://akikat.kz

Басты бет > Мақалалар > Құран ілімі > Құран Кәрімнің мазмұны

Құран Кәрімнің мазмұны

2015-07-27 3097

Құран Кәрімнің мазмұны баға жетпес бай екендігін ғалымдардың барлығы дерлік айтқан болатын[1]. Суюти (қайтқан жылы 911/1505) «Құраннан туындаған ілімдер» бөлімінің басында осылай ойлайтын ғалымдардың пікірлерін келтіреді[2]. Олар «Әр нәрсені ашып түсіндіруің үшін саған бұл құт-берекеге толы Кітапты түсірдік»[3] аяты және «Құранда сендерден бұрын өмір сүргендердің жағдайлары, сендерден кейін келетіндердің хабарлары және араларыңдағы мәселелелердің үкімдері бар. Оның тылсым мағыналары түгесілмейді»[4] хадисі секілді дәлелдерді келтіреді. Рағиб әл-Исфаһани (қайтқан жылы 502/1108) «Бұл Кітаптың мұғжизалы жағының бірі көлемінің кіші болғанына қарамастан адам ақылы санына жете алмайтын көптеген мағыналарды қамтығандығында»[5] деу арқылы бұл пікірді ең бір кемелді тұжырымдап алға тартады. Алғашқы ғасырлардан бері Али ибн Иса, Табари, Рағиб әл-Исфаһани, Ғазали және Фаһруддин Рази секілді ғалымдарымыз Құран қамтыған ілімдерді негізгі тараулар ретінде классификациялаған. Осы классификациялардың көпшілігін жеткізгеннен кейін Суюти одан да көлемді етіп жүйелеп жіктеп жазады[6]. Қазіргі заманда да Мұхаммед Худари[7], М.Фуад Абдулбақи[8], Мұхаммад Әбу Зәһра[9] секілді мұсылмандармен қатар Хиршчфелд (Hirschfeld), Жюль ля Бөм[10] (Jules La Beaume) секілді ориенталистер де түрлі деңгейде сыныптамалар ұсынады. Осы кезеңде жасалған әр алуан тақырыптар мазмұны да біз сөз етіп отырған мәселемен байланысты деп қарастырылуы керек. Бұл ретте тұрақты (статикалық) мазмұндарға қоса серпінді әрі тақырыптары өзара қамти алатын біртума мазмұнды еске алуымыз керек[11]. Ең таяу уақытта Құрандағы тақырыптардан сусындауды жеңілдететін Мүршид секілді компьютер бағдарламалары біз қуана жеткізетін еңбектер қатарында.



Бұл еңбектер арасында Құранның мазмұны жайлы анағұрлым толық мәлімет беру тұрғысынан біздіңше ең көкейге қонымдысы Шах Уәлиуллаһ Дихләуидің (қайтқан жылы 1176/1764) мына жіктеуіне көңіл бөлетін болсақ: Оның айтуынша Құранда қамтылған ілімдердің саны бестен аспайды:

 

1. Үкімдер. 2. Сөз таластыру. 3. Алла Тағаланың нығметтерін таныту . 4. Әйиәмуллаһ, яғни қиссалар (Алла назарында маңызды тарихи оқиғалар). 5. Өлім және өлімнен кейінгі ақыреттегі хал-ахуалдарын білдіретін ілім[12]. Қайткен күнде де мынаны ұмытпаған жөн, Құранның барлық тақырыптарының түйілісетін жері өз ерік-қалауымен жаратылмаған адам баласының, өз қалауымен саналы түрде Алла Тағалаға құлдық ұру мәселесі[13].

 

Алдымыздағы бөлімде осы жіктеуді негізге ала отырып, Құран Кәрімнің мазмұны жайлы біршама жан-жақты ақпарат ұсынуға тырысамыз.

 

І. Үкімдерді әртүрлі бөлімдерге бөлуге болады:

1. Ақидаға қатысты негіздер. (Жаратушының бар әрі бір екендігі, есімдері және сипаттары, Оның әртүрлі міндеттер жүктеген періштелері, бұйрықтарын жеткізетін пайғамбарлар, уахи еткен кітаптар, пайғамбарлық, барлық жаратылыста Оның үкімінің және жазған тағдырының болатындығын білдіретін қаза мен қадарға иман, бұл дүниедегі өміріне сай белгіленетін мәнгілік ақыретке деген сенім жайлы аяттар).

2.  Құлшылық үкімі. (Адамдардың Алла Тағаланы ұлықтауы мен шүкірін білдіретін, адам рухын тазартатын, адамның қоғам алдындағы міндеттерін реттейтін, қоғамдағы өмірін түзейтін ғибадаттар). Айталық, намаз (хикметі мен мақсаты, уақыттары, түрлері мен рукундері), зекет пен садақалар, ораза, қажылық, Қағба, құрбандық, дұға, мінәжат, зікір, тақуалық, тәуекел т.б.).

3. Адам өмірін берік қағидаттарға негіздейтін және адамдардың барлық іс-әрекеттеріне жан бітіретін ахлақтық түзетулер. Көркем ахлақ негіздерін танытып, жаман мінез-құлықтан сақтандыру. Іс-әрекеттерінде астамдық пен нұқсандыққа бармайтын ұстамдылық, туралық және әділеттілік қалыпқа бағыттау. Сыдық (шыншылдық), кешірімділік, опалылық, тәубе, намыс, ізгілік, жұмсақтық, кеңпейілдік, мейірімділік, аяушылық білдіру, аманатқа беріктік, кішіпейілділік, бауырмалдық, сабырлылық, кісілік, қонақжайлық, жомарттық, шүкіршілік, тазалық, батылдық, зуһд (дүниеге қызықпаушылық), жәрдемдесу, ақылдасу, сүйеу болу, айғақтық, исар (өзгенің қалауын өз қалауынан жоғары қою), әділдік, туралық, өлшеуде дәл болу секілді біршама көркем мінез нормаларын әмір ету әрі атқаруға ынталандыру. Ғайбат, адамдар арасында сөз тасу, өзгелерді келемеждеу, бүлік, ашу шақыру, алауыздық, жалған айту, жала жабу, іріткі салу, қызғаныш, тәкаппарлық, әлімжеттік жасау, ұятсыздық, кекшілдік, менмендік, көзге түсуге құмарлық, зұлымдық, сараңдық, алаяқтық, қорқақтық, ысырапкершілік, алдап-арбау, ужуб (өзін жақсы көрушілік), жаман ойда болу секілді біршама жағымсыз мінез-құлықтардың зиянын білдіріп, тиым салу.

4. Қоғамды түзеуге бағытталған үкімдер. Адамдардың өзара тең екендігін білдіріп, нәсіл үстемдігіне тыйым салатын, қоғам өмірін түзетіп, адам өлтіру, зина, гомосексуализм, пара алу, маскүнемдік, құмар ойнау, ұрлық, сыңарезулік, бүлік, қиянат, өсім жеу секілді қоғамға және жеке тұлғаларға зиян беретін жамандықтарға тыйым салып, әлеуметтік құрылымды күшейтетін үкімдер. Кейбір саяси, құқықтық және әкімшілік істерді түзетуге бағытталған, үкімдер мен қарым-қатынаста әділдік және ізгілік негіздерін, келісім шартқа беріктік, алдап-арбаудан, қиянаттан, зұлымдықтан және бөлінушіліктен сақтандыруға бағытталған үкімдер.

5. Экономикалық және қаржылық түзетулер. Ысыраптың алдын алу, дүние-мүлікті орынсыз шашудан сақтандыру, үнемшіл болуға насихаттау, адамның жеке және қоғамдық құқықтарын орындайтындай түрде ақша жұмсауға бағытталған нұсқаулар. Мұра, сауда, серіктестік, қор жию, келісімшарттар, кепіл ақша, күәландыру, қарыз, өсиетке байланысты үкімдер.

6. Отбасын қорғау, ер мен әйел қарым-қатынасы, некелесуге рұқсат етілген адамдар мен рұқсат етілмеген адамдар, көп әйелмен некелесу, құда түсу, мәһір, ажырасу, мухалаа секілді үйлену мен ажырасу мәселелері, бала құқықтары, бала емізу, балаға пана болу (хидана), жетімнің құқығы секілді мәселелерге қатысты үкімдер.

7. Соғысу ережелерін реттейтін негіздер. Жиһад, бейбітшілікті жөн көру, соғыс болған жағдайда оны адамдардың игілігіне қарай ретке келтіру, бітімді қадағалау және мейірімділікті ту ете отырып түзету.

8. Құл құқықтары, құлдықпен күресу, құлдарды (азат еткенге үлкен сый барын айтып сол іске құлшындыру, мукатаба* мекемесінің жұмысын жолға қою, бұдан бөлек, кісі өлтіру, ораза,  ант ету, зиһар кәффәраттарда құл азат етуді талап ету секілді) түрлі жолдармен құлиеленушілікті жоюға бағытталған түзетулер.

9. Ақыл мен ой-пікірге бостандық әперу, зорлық-зомбылыққа, азаптауға және зәбір көрсетуге тыйым салу.

 

ІІ.  Сөз таластыру.

Алла Тағала жайлы түрлі теріс сенімдерімен белгілі болған діни топтар яғни, мүшріктер, яһудилер, христиандар және мұнафықтармен болған сөз таластарды қамтиды. Құран Кәрім кейде негізсіз сенімдерге тоқталып,  бұрыстығын білдірумен шектеледі. Кейде кәпірлердің және мүшріктердің, кері ағымдардағылардың көкейлеріндегі күмәндарын айтып, соларға жауап айтып, ақ-қарасын ажыратып түсіндіреді һәм дәлел келтіру арқылы шүбәларын сейілтеді. Тәухид, ширк, дінді бұрмалау мәселелерін талқылап, пайғамбарлықты және қайта тірілуді жоққа шығарғандарға тиісінше жауап береді. Яһудилердің Тәуратты бұрмалағандарын, кейбір аяттарын жасырғанын, онда жоқ нәрселерді қосқандарын, діни үкімдерді іске асырудағы кемшіліктерін, хазірет Мұсадан (алейһис сәләм) бастап жалпы пайғамбарларға қарсы келу әрекеттерін, әсіре ұлтшылдыққа салынғандарын, хазірет Мұхаммедтің (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) пайғамбарлылығын мойындамауы мен Алла Тағаланың өзіне берген шексіз жақсылықтарын білмеушіліктерін, сараңдық, тоғышарлық, мақтаншақтық секілді біршама жағымсыз мінез-құлықтарын білдіріп, оларды өздерін түзеуге шақырады.

 

Христиандардың хазірет Исаның (алейһис сәләм) болмысы жайлы қайшылықтары, бұл мәселеде шатасулары, Құдай, әке, бала, Алланың адам келбетпен көрінуі, Алланың балалары секілді кейбір ұғымдарды дұрыс қолданбаулары, монахтықты қасиетті санауы, Інжілді қате жорамалдаулары, хазірет Мұхаммедтің (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) келетіндігін сүйіншілейтін хабарларды мойындамау секілді тақырыптарды көтереді.

 

Мұнафықтардың сенім мен амалдағы әрқилылығына ишарат етіп, олардың сипаттарын білдіретін аяттарды мұсылмандардың әрдайым назарда ұстауы керек екендігін, мұнафықтардың иман мен күпір арасында сергелдең күй кешу арқылы өз өздерін алдаулары, риякерлік жасап сырт көзге әдемі сөйлеулері, жүктелген міндеттен қашулары, рия, көзбояушылық жасау және өздерін жақсы көрулері, өз пайдаларын ойлау өзбасын күйттеу, қорқақтық пен тұрақсыздықтары, уәделерінде тұрмауы, мүміндер арасына іріткі салу арқылы бүлік пен жікшілдік тудыруға тырысуы, ақыретте оларды үлкен азап күтіп тұрғанын білдіреді.

 

ІІІ. Алла Тағаланы және нығметтерін танытатын бөлім.

Алланың есім-сипаттарын, істерін, Оның бар екенін, бір екенін, құдіретін, ілімін, еркін (қалауын), тағдырын, билігін адамзаттың жалпы деңгейіне қарай жеңіл түсіндіруі, көктер мен жердің жаратылысында Алла Тағаланың ілімі, құдіреті және мейіріміне байланысты дәлелдер, соларда қамтылған мұғжизалы тұстар, Алланың әмірлерін орындайтын періштелер, иләһи қалауға қарсы келген және адамды жолдан тайдыруды мақсат тұтқан Ібіліс және оның ізінен еретін жындар, Алланың адамзатқа уахи еткендерін қамтитын Құран Кәрім мен одан бұрын уахи етілген иләһи кітаптар, Құранның сипаттарын, атқарылуын, иләһи уахи түскен және Алланың дінін адамдарға жеткізген пайғамбарлардың жіберілгеніне қатысты аяттар.

 

ІV. Тарихи оқиғалар

Құран түскен кезеңдегі араптардың толыққанды болмаса да азды-көпті хабардар мәселелері Һуд, Салих, Шуғайб, Ибраһим, Исмаил (алейһимус сәләм) секілді пайғамбарлармен бірге тек есімдерін ғана естіген Адам, Нұһ, Ыдырыс, Лұт, Исхақ, Яқуб, Әюб, Юнус, Лұқман, Зұлқарнайн, Мұса, Һарун, Дәуіт, Илияс, Әлиясағ, Зулкифл, Сүлеймен, Зәкәрия, Яхьия, Мәриям, Иса (алейһимус сәләм). Алла Тағаланың мүміндерге берген нығметтері мен жәрдемдеріне қарсы келгендерге берген жазасы, перғауын, исрайыл ұлдарының діни және ахлақи іс-әрекеттері, асхабул Кәһф, асхабул Ухдуд, Әли Имран, Яжуж бен Мәжуж, асхабул Фил, Румдықтар т.б. хазірет Мұхаммедтің (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) пайғамбарлығының мәнін, Алла Тағаланың оның пайғамбарлығын қуаттауы, оның жеке тұлғасы, кейбір артықшылықтары, Меккеде дінді жеткізуге талпынысы, Исра мен Миғражды, һижретті, Мәдина кезеңіндегі тәблиғ пен жиһад әрекеттері (Бәдір, Ухуд, Ахзап, Хунейн, Тәбук шайқастары), Меккені азат етуі және діннің кемелденуі. 

 

V. Өлім және одан кейінгі жағдайлар

Өлім ақиқаты, өлімнің ауыртпалықтары, қабір азабы, қияметтің сұмдықтары, өлімнен кейінгі қайта тірілу, махшарда үкім берілерде жиналу, есеп берудегі қиындықтан, ақыреттегі өкініштер немесе мүміндердің қол жеткізетін жетістіктері, жәһаннамның қорқынышты сипаттары, жәннаттың әсемдіктері мен нығметтері, жаза мен сауап мекендерінің мәңгілігін баяндайтын аяттар. Қысқасы Құран Кәрім – адамдарды түзету үшін Алла Тағаланың жіберген ереже-заңдар жиынтығы[14]. Әлем келбеті мен тарих көшін өзгерткен[15]. Мақсаты, тәсілі және мағынасы мұғжиза болғанындай мазмұнының шексіз бай екендігі де мұғжиза. Құран діни, тарихи, әлеуметтік, психологиялық, мәдени, ахлақи, философиялық көптеген тақырыптарды қамтиды. Алайда басқа кітаптардан айырмашылығы қозғаған тақырыптарды тізіммен бермейді, мазмұнына қарай бөлімдерге бөлмейді. Ол кейбір оқырмандар болжағандай жәй діни кітап емес. Оқырман дереу үкім шығарудан және асығыстықтан аулақ болып, Құранның иләһи кітап екендігін білуі керек, ой-санасын қалыптасқан ұғымдардан арылтып, Құранның басқа барлық кітаптардан өзгеше, теңдессіз екендігін есте ұстап оны ұғынуға талпынуы тиіс[16]. Құранды оқыған адам мына үш нәрсені; яғни оның негізгі мәнін, басты идеясын және түпкі мақсатын  бір сәт болсын естен шығармағаны абзал.

 

Құранның негізгі тақырыбы - адам және оның тағдыры. Адамзатқа тура жол көрсететін жолбасшы болуымен қатар, о баста улуһиятты танытқаннан кейін адамға қатысты барлық нәрсе жайлы сөз қозғайды. Оқырман жоғарыда аталған үш нәрсені есінде ұстаса, тақырыптардың ретін тосырқамайды. Мәселен, көктегі жұлдыздар алғашында кездейсоқ шашылған секілді көрінгенмен, анығында ол миллиондаған жұлдыздардың әрбірі өзінің орнында тұрғандығын астрономия саласының мамандары жақсы біледі[17].

 

Құран – әлемде ең көп оқылатын кітап. Мұсылман адам ондағы кейбір сүрелерді намазда оқумен шектелмейді, оны бастан аяқ хатым етеді және сол туралы терең ойланады. Брахмандардың*, мәжусилердің*, яһуди және христиандардың өздерінің қасиетті кітаптарымен мұндай тығыз байланысы жоқ[18]. Мұсылмандар ондағы бұлжымас негіздерді, құлшылықтар мен дұғаларды, қоғамдық өмірді түзету қағидалары мен заңдарды және басқа да қажеттіліктерін Құраннан табады. Құран Ислам алғашқы кездегі бірнеше қорғансыз әлсіздерден құралған аз ғана жамағат тан тартып Атлант мұхитынан Тынық мұхитына дейінгі аумақты билеп тұрған уақыттағы үмбетті де қанағаттандырған[19]. Құран Кәрім мазмұнының байлығы тұрғысынан қарағанда қасиетті бір карта іспетті. Санап санына жете алмайтын соншама көп тақырыптарды тікелей немесе жанама түрде қамтиды. «Уахи етілген сөйлем бір сигналдар тізбегі секілді. Оқыған адам сөздердің мағына кеңістігіне енген кезде, оларды қамтып ұғынғанда, ол белгілерден ұшқын шашқандай әсер береді. Сөздер үздіксіз, талмай үйрену мәселесіне ишара жасайтын нүктелер болып есептеледі. Жасырын мағыналар көп жайтты аңғартады. Әріптерге қатысты мағыналардың мәнінің бұлыңғыр болуы мазмұнның бай екендігін меңзейді»[20]. Бұған қоса, Құран қажетті мәселелерге тиісінше түсіндірме береді. Ал қажеттілік туындамаған жерлерде немесе ой-саналардың дайын болмаған мәселелерде, уақыттың мүмкіндігі болмаған сәттерде нәтижесін қысқаша тұжырымдайды. Яғни негіздерді белгілеп, бірақ сол негіздерден алынатын үкімдерді немесе сол негіздерге сүйенетін тармақ мәселелерін адамдардың өз ақыл-ойына қалдырған. Расында, мына нәрсені естен шығармау керек, Құранда мәселені егжей-тегжейлі тәптіштеп айту өте сирек, көбіне негізгі принциптерге тоқталады. Себебі ондағы (Құрандағы) ақиқаттарды жан-жақты түсіндіріп беретін әрі іс жүзінде өз өмірімен көрсету арқылы үлгі болатындай пайғамбарды қоса жіберген. Сондықтан да хазірет Пайғамбардың (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) сүннетімен тұтас алып қарағанда барып Құран мінсіз бір өмір сүру жолын көрсетеді. Осындай шариғат қамтыған ілімдердің үштен бірінің өзі ғылым салалары қатты дамыған қазіргі жаңа заманда, ең өркениетті орындарда, ең зерек адамның өзінен табылмайды. Сол себепті ар-ожданы ынсапты адам қай заманда болмасын бұл шариғаттың бұлтартпас ақиқат, (әсіресе көне уақыттарда) адам баласының қолынан келмейтін ақиқат екендігін мойындаудан басқа шарасы жоқ[21].

 

Құран Кәрім бұл тақырыптарды арап тілі мен мәдениеті арқылы әңгімелейді. Бірақ дәл осы үшін оның әмбебап үндеуінің тарихи дүние екендігі алға тартылмайды. Әлемде арнайы жағдайларға және арнайы үлгілерге жүгінбестен, барлық нәрсені жалаң түрде қарастыратын дін, философия немесе бір жүйе болмайды. Тіпті ондай түсіндіру болғанның өзінде бұндай жүйе тек қағаз жүзінде қалып қоюы ықтимал[22]. Басқа бір қырынан қарағанда, барша адамзатқа арналған әмбебап діннің халықаралық деңгейден бастап іске кірісуі талап етілмейді әрі қажетті де емес. Қайта тәблиғ туған жерінен іске аса бастап, қажетті үлгіні сол жерден жүзеге асырғаннан кейін солар арқылы басқа ұлттарға және өзге өңірлерге жетуі тиіс. Тарихилықты әмбебаптықтан ажыратқан мына өлшем болатын: жергілікті жүйе басқа халықтардан өзін жоғары санап әрі кейбір ерекшеліктер себепті сол халықтарға әрі дәуірге бейімделе алмаса, міне сол кезде ғана жергілікті болады. Бұлай болмаса, яғни жалпыға үйлесімді болып заманмен үндессе, онда оның әмбебап екендігін қабылдау керек.

 

 


[1] Суюти, әл-Итқан, 2/126; М. Әбу Зәһра, әл-Муъжизәту әл-Кубра, 155-параграф

 

[2] Суюти, әл-Итқан, 2/126

 

[3] Нахл, 16/89

 

[4] Имам Ахмад, Муснәд, 1/91; Дарими, Сүнән, Фәдаилу әл-Қуран, 1

 

[5] Суюти, әл-Итқан, 2/128

 

[6] Суюти, әл-Итқан,  2/129

 

[7] Муххаммед әл-Худари, Тариху тәшриъ әл-Исләм, Дәру әл-фикр, 1387/1967, 29-30 беттер; О.Кескиоғлу, Кураны Керим билгилери, 248-бет.

 

[8] М.Фуад Абдулбақи, Тафсыйлу әйәти әл-Қуран, әл-Хаким

 

[9] М.Әбу Зәһра, әл-Муғжизәту әл-Кубра: әл-Куран, 155-233 параграф

 

[10] Ле Коран аналис (Le Koran Analyse, Paris 1878

 

[11] Ли аналис конкептуэль де коран, (Һ.Лаостеның кеңесінде М.Алларде және үш әріптес достары тарапынан компьютер технологиясының жаңа шыға бастаған кезеңінде Құраннан тауып анықтаған 550 тақырып аясында дайындалған карта негізінде шығарылған), Париж 1964. 

 

[12] Әд-Дихләуи, әл-Фәузу әл-Кәбир фи усули әт-тәфсир, (ауд. Сәлман ән-Нәдәуи) Каир 1984, Дәру әс-сахуа 29-30 беттер.

 

[13] М.Саид Рамазан әл-Бути, мин рауәиъи әл-Қуран, Димашқ 1970, Мәктәбәту әл-Фараби, 156-бет.

 

* Мукатаба: тіке алғанда «жазысу» деген мағынаны білдіреді, ал ислам тарихында құлдың қожайынмен арада жазбаша келісе отырып, белгілі бір уақытқа дейін еңбек ету арқылы басына бостандық алуы (ауд.)

 

[14] О.Кескиоғлу, Кураны Керим билгилери, Анкара 1987, 249-бет

 

[15] Филип ди Трази, әл-Куран, Мәжмәъу әл-ъилми әл-араби (ROAD), 19 (1944), 417-бет

 

[16] Мевдуди, Тефһиму әл-Куран, Истанбул, Инсан иай, Истанбул 1996, 1/16

 

[17] С.Нұрси, Сөзлер, Стамбул, Синан Мат, 1958, 144-бет

 

* Брахман ‒ үнді кастасындағы алғашқы дәреже

 

* Мәжуси ‒ отқа табынушы

 

[18] М.Хамидуллаһ, Куран-ы Керим тарихи (ауд. Салих Туғ), Истанбул, 23-бет.

 

[19] сонда 26-бет.

 

[20] сонда 76-бет.

 

[21] С.Нұрси, Ишарату әл-Иъжәз, Анкара, 1978, 126-бет.

 

[22] Мевдуди, Тефһиму әл-Қуран, 1/32.






Оқи отырыңыз