Akikat.kz - рухани танымдық, ғылыми портал

http://akikat.kz

Басты бет > Мақалалар > Өмірбаян > Әбу Хұрайра және хадис

Әбу Хұрайра және хадис

2015-07-24 3539

Хадис ілімінен азды-көпті хабары барлардың бәрі сахабалардың арасында хадис риуаяты мәселесінде хазірет Әбу Хұрайраның (радиалаһу анһу) орны ерекше екенін біледі. Шын аты Абдурахман ибн Сахр болғанымен, мысықтарды қатты жақсы көргендіктен, Пайғамбарымыз (саллалаһу алайһи уасаллам) оған Әбу Хұрайра (марғаудың әкесі) деп лақап ат берген әрі осы атпен әйгілі болған[1]. Йемендегі Дәус тайпасынан шыққан Әбу Хұрайра (р.а.) һижри 7-жылы Мәдинаға һижрет жасайды, сол уақыттарда Хайбар соғысында болған Пайғамбарымыздың (с.а.у.) қасына келіп, сахаба болу мәртебесін иеленеді. Осы жалпы көзқараспен қатар, Туфайл ибн Амр Дәусидың себепкерлігімен Йеменде, Һижреттен бұрын Ислам дінін қабылдағаны да айтылады[2].

 

Әбу Хұрайра (р.а.) Расулалланың (с.а.у.) қасынан еш айрылмай, бүкіл өмірін сол кісінің қызметіне арнаған. Ілімді де сол кісінің өзінен алып, барлық жерде дерлік жанына жолдас болып, Нәбәуи мешітінің бір бұрышындағы «Суффа» орнын өзіне мекен етіп, сөйтіп баға жетпес ілім қазынасын Пайғамбарымыздың тіке өзінен алу мәртебесіне қол жеткізген. Хазірет пайғамбармен (с.а.у.) сұхбаты тура төрт жылдай жалғасып, осы уақыт ішінде көптеген хадистер естіп, сүннетті егжей-тегжейіне дейін меңгерген.

 

Әбу Хұрайраның (р.а.) сапа һәм сан жағынан хадистерді осыншалықты меңгеруі кешеден бүгінге дейін Мұғтазила, Шиа, Рафидиямен Харижиттер сияқты түрлі ағымдардың назарын аудартып,көбіне сахабаларға дұрыс қарамайтын бұл ағымдар Әбу Хұрайраға (р.а.) анағұрлым аяусыз шабуыл жасаған[3]. Бұл шабуылдар қазіргі таңда өзгеше сипат алып, Батыста Ислам ілімдерге қызығушылық танытқан Шығыстанушылар ХVIII ғасырдан бастап Ислам әлемінде, әсіресе хадис, сүннет және сахабалар жайлы күмән тудыру мақсатында түрлі жұмыстар жасаған. Шығыстанушылар Ислам дінінің іргесін шайқауды көздеген осындай қитұрқы жобаларымен, әйгілі сахабаларға адам ойына кіріп шықпайтын түрлі жалалар ойлап тауып,  әсіресе, ең көп хадис риуаят еткен сахаба болғаны үшін Әбу Хұрайра жайлы ғылыми шындыққа сай келмейтін беделін түсіру мен қаралау науқанын бастатқан[4].

 

Шығыстанушылардың бұл әрекеті, өкінішке қарай, сандары азболса да кейбір мұсылман қаламгерлерге кері әсер етіп, осы негізбен егілген күдік дәндерін  мұсылмандардың қолымен көктетуге тырысқан.

Осындай бос әурешіліктің бәрін былай қойғанда, Расулаллаға (с.а.у.) өмір бойы дос әрі сырлас болған ардақты сахабалар хадис пен сүннеттің қасиетін жоғары бағалап, оны бекем ұстанған әрі сүннетке қайшы іс-әрекет жасаудан аулақ болған. Бұған қоса, хадистерге өтірік пен бүлдіргі сөз араласуы әрі бұл мәселеде қателікке ұрынудан қорқу оларды хадис риуаятында мұқият бола түсуге итермеледі. Осы себепті, сахабалар Құраннан кейінгі исламның ең маңызды қайнаркөзі ретінде қараған сүннетті сақтау үшін әр түрлі жолды тәжірибеден өткізіп, хадис риуаят еткенде қалыптан таймаған. Олар хадис риуаятынауыр жауапкершілік деп қабылдағандықтан, өте аз хадис риуаят ету жолын таңдаған. Мәселен,Әнас ибн Мәлік «Егер қателесемін деп қорықпағанымда, сіздерге Расулалладан (с.а.у.) естіген көптеген нәрсені айтар едім»[5] деген сөзімен сахабаның осы мәселедегі мұқияттылығын білдірген. Міне, осы себепті, көптеген сахабалар хадис риуаятына жылы шырай танытпай, тек қажеттілік туғанда  немесе мәжбүр болған жағдайда ғана хадис риуаят еткен[6].

 

Әбу Хұрайраға (р.а.)деген қарсылықтар

Хадис риуаят етуді ауыр жауапкершілік деп біліп, ықтияттылықты уыстан шығармай хадистерді сақтықпен аз риуаят еткен кейбір сахабалар Әбу Хұрайраның (р.а.) көп хадис риуаят еткеніне қарсылық білдірген. Дереккөздерінде Айша анамызбен хазірет Омардың оның көп хадис риуаят еткеніне қарсы болғаны айтылады[7]. Әбу Хұрайра (р.а.) бұл қарсылықтарға өзіне сенімді, ақылға қонымды жауаптар беріп, көп хадис риуаят етуінің себебін еш күмән қалмайтындай етіп түсіндірген.

 

Риуаяттар бойынша бір күні Айша анамыз оған: «Әбу Хұрайра, сенің Пайғамбарымыздан риуаят еткен мына хадистерің қайдан шықты? Біздің естігендерімізді сенде естімедіңбе? Біздің көргенімізді сенде көрмедіңбе?»– деп қарсылық білдірді. Әбу Хұрайра; «Иә, анашым, бірақ сенің әйел заты ретінде айна алдында  жіберген уақыттарың араңды Пайғамбарымыздан (с.а.у.) сәл жырақтатқан болуы мүмкін, ал мен Пайғамбарымыздан еш жырақтамадым»,– деп жауап берген. Әбу Хұрайраның бұл жауабына Айша анамыз «Айтқаның рас та шығар», – деп үндемей, құптағандай сыңай танытқан[8].

 

Хазірет Әбу Хұрайраның айтқаны рас еді, өйткені Айша анамыз Пайғамбарымызбен көп жағдайда үй ішінде ғана бірге болатын, ал Әбу Хұрайра Пайғамбарымызбен көшеде, базарда және сапарда да бірге жүретін. Бірде Айша анамыз Абдулла ибн Омарға келіп «Әбу Хұрайраның риуаят еткен хадистерінің арасында құптамағаның барма?» – деп сұрады. Сонда  Абдулла ибн Омар: «Жоқ, қайта ол батылдық танытты, ал біз тартыншақтап, қорқақтық таныттық», – деді. Сонда сол жерде болған Әбу Хұрайра сөзге араласып:«Иә, мен жаттадым, олар ұмытты. Бұл жерде менім не кінәм бар?» – деп, өзінікі дұрыстығын айтты[9].

 

Бұған қоса, Айша анамыз Әбу Хұрайраның (р.а.) риуаят еткен хадистеріне куәгерлік те танытатын. Айталық, Әбу Хұрайраның (р.а.):«Жаназа намазына барып, (жамағатпен) оқыған адамға бір қырат сауап бар...» деген хадиске қарсылық білдірген Ибн Омарды Айша анамызға ертіп апарып,«Әй мұсылмандардың анасы, Құдай үшін жауап берші! Сен Пайғамбарымыздың былай деп айтқанын естідің бе?»– деді. Сонда Айша анамыз«Иә, уаллаһи, естідім», – деп куәлік етті. Сонда Әбу Хұрайра:«(Қараңыздар!) Бау бақшада ағаш егу мен базарда сауда-саттықпен айналысу (сіздер үшін әрдайым Пайғамбарымызбен бірге болуға кедергі келтірсе де) бұлар менің Пайғамбарымызбен (с.а.у.) әрдайым бірге болуыма кедергі келтірмеді. Мен әрдайым қарнымның тойғанына разы болып, Пайғамбарымыздың маған үйрететін бірнеше сөзін естуге мүмкіндік іздеумен болдым», – деп, хадистерді үйренуге қаншалықты ықылас танытқанын білдірген. Сол кезде Айша анамыздың қасында болған Ибн Омар«Әй, Әбу Хирр  (айтқандарың рас) сен Пайғамбарымыздың қасында бізден гөрі бірге көп болдың. Сондықтан оның хадистерін де бізден жақсы білесің», – деп, оған сенімділігін ашық білдірген[10].

 

Екінші ислам халифасы хазірет Омар (р.а.) да бір уақыттарда көп хадис риуаят етуді өзгелерге тыйым салғанындай Әбу Хұрайраға да тыйым салған. Өйткені ол кезеңде хазірет Омар мен өзге де сахабалардың ижтиһады, риуаяттарды азайту бағытында болған. Себебі, риуаяттардың адамды қателікке итермелейтіні әрі адамдардың Құраннан көп хадистермен айналысуына деген сақтығы еді. Бұған қоса, хазірет Омар бұл мәселеде Әбу Хұрайраның (р.а.) мұқияттылығы мен сақтығын білгеннен кейін, хадис риуаят етуіне рұқсат берген. Әбу Хұрайра бұл мәселені былай жеткізеді:«Омарға менің көп хадис риуаят ететінім жайлы хабар жеткенде, мені шақыртып, «Пәленшенің үйінде Расулалламен (с.а.с.) бірге болғанымызда сенде бізбен бірге болмап па едің?!»– деп сұрады. Мен«Иә (мен ол жерде болдым) және бұл сұрақты неге сұрағаныңды да білемін»,– дедім. Омар: Иә, неге сұрадым?» –деді. Мен «Расулалла ол күні «Кімде-кім менің атымнан әдейі жалған  сөйлесе, тозақтағы орнына дайындала берсін», – дегенін айттым. Бұны естігенде хазірет Омар: «(Егер бұл хадис есіңде болса) онда хадис риуаят ете бер»[11],– деді.

 

Әбу Хұрайраның (р.а.) өзіне қарсылық танытқандарға берген жауаптары

Әбу Хұрайраның (р.а.) өзінің көп хадис риуаят еткендігін сынға алғандарға көбіне мына жауапты беретін: «Кейбіреулер Әбу Хұрайра көп хадис риуаят етеді деп шағымдануда. Расында Ансар бауырларым диқаншылықта, ал Мұхажир бауырларым сауда-саттықпен жүргенде, (бұл бауырларыңыз) қарны тойғанына разы болып Пайғамбарымызға (с.а.у.) қызмет етіп, олардың көрмегендерін көріп, естімегендерін естіді»[12]. «Аллаға ант етейін, Құран кәрімдегі мына екі аят болмаса, мен сіздерге ешнәрсе риуаят етпес едім»[13] – деп мына аяттарды оқыды: «Біз түсірген ап-айқын дәлелдер мен тура жолдың қайнар көзі болған аяттарды Біз адамдар үшін Кітапта баяндағаннан кейін оларды әдейі жасыратындарды Алла сөзсіз, лағынеттейді (рақымынан аластайды), сондай-ақ, лағынет айтушылар да (яғни, періштелер мен салиқалы мүміндер де) оларға лағынет жаудырады.  Алайда тәубеге келіп, түзеліп (Біз түсірген) ақиқаттарды жасырмай ашып айтқандардың жөні бөлек. Мен олардың тәубелерін қабыл алып, күнәларын кешіремін. Мен тәубелерді қабыл етуші һәм ерекше мейірімдімін»[14].

 

Ардақты сахабалардың Талха да (р.а.) Әбу Хұрайраға өз жолын берген. Талхадан (р.а.) «Сіз неге ол сияқты көп хадис риуаят етпейсіз?» – деп сұрағанда, былай деп жауап берген: «Аллаға ант етейін, ол (Әбу Хұрайра) біздің Пайғамбарымыздан (с.а.у.) естімегендерімізді естігеніне еш күмәнданбаймын. Ақиқат мынау, біз бақуатты адамдар едік, үй-жайымыз бар болатын. Пайғамбарымыздың (с.а.у.) қасына тек азанда немесе кешқұрым ғана бара алатынбыз. Алайда Әбу Хұрайра (р.а.) еш дүние-мүлкі жоқ пақыр болатын. Өзі Пайғамбарымыздың (с.а.у) қонағы ретінде «Суффада» тұратын, сөйтіп қасынан еш айрылмайтын»[15].

 

Байқағанымыздай, Әбу Хұрайра (р.а.) өзінің көп хадис риуаят еткеніне қарсылық танытқандарға нық сеніммен жауап берген әрі олар жауаптарға қайта қарсылық білдірмей, Әбу Хұрайраның бұл мәселедегі артықшылығы мен дұрыстығын мойындаған. Бәрінен бұрын, сахабалардың арасында болған бұндай оқиғаларбізге Расулалланың сахабаларына аманат еткен осы қасиетті мұраны қара қылды қақ жарғандай қырағылықпен әрі лайықты жандардың себепкерлігімен көздің қарашығындай сақталғанын,  кейінгі ұрпақтарға қалай жеткенін көрсетуде. Олар бұл қасиетті мұраға сәл де болса дақ тигенін қаламады. Олар әр түрлі жанқиялыққа бара алатын, ұнатқан бүкіл нәрселерінен бас тарта білетін, бірақ бұл міндетті өзіне лайықты түрде орындаудан еш тартынуды білмейтін. Негізі олардың арасында болған деп меңзелген қарсылықтар мен дұрыстау талпыныстары олардың жауапкершілікті жақсы сезінгендіктерін көрсетуде.

 

Әбу Хұрайраның (р.а.) көп хадис риуаят етуіне қай жағдайлар ерекше ықпал етті?

 

 

Басқа сахабаларға қарағанда Әбу Хұрайраның (р.а.) Пайғамбарымыздан (с.а.у.) көп хадис риуаят етуінде маңызды рөл ойнаған факторлар бары күмәнсіз. Бұл факторлар бізге оның материалдық әрі рухани ауыр жауапкершілікті мойнына жүктеуге дайын болғанын және Расулалланың хадистерін болашақ ұрпаққа жеткізуде қаншалықты табанды болғанын көрсетуде. Бұларды былай түсіндіруге болады:

 

1. Пайғамбарымызбен (с.а.у.) әрдайым бірге болуы

Әбу Хұрайра (р.а.) Мәдинаға хижрет еткеннен бастап Пайғамбарымыздың қасынан айрылмаған, үлкен құмарлықпен иләһи нұрынан сусындап, хадистерді жаттауда  ерекше жігер танытқан. Басқа сахабалар күнделікті тіршіліктерімен шұғылданып жүргенде, Әбу Хұрайра Пайғамбарымыздың артынан қалмай, олардың қатыспаған мәжілістеріне қатысқан, олардың естімеген хадистерін естіп, білгенін жасырмай дінді жеткізу міндетін лайықты түрде атқарған[16].  Расулаллаға (с.а.у.) ең жақын екі сахабадан хазірет Әбу Бәкірдің Сунх деген жерде тұрғаны әрі сол жерден Пайғамбар мешітіне қатынап келіп-кеткені[17], хазірет Омардың да мешітке араға күн салып келетінін[18] негізге алсақ, Расулалладан(с.а.у.) айрылмай отыру Әбу Хұрайраға (р.а.) қаншалықты үлкен мүмкіндік сыйлағанын түсінуге болады.Келген риуаяттарда Омар (р.а.)риуаяттарды дұрыстағанда, «Сауда-саттықпен айналысқаны кейбір хадистерді естімей қалуына себеп болғанын» өз аузымен айтқаны да бар[19]. Абдулла ибн Омар, Талха, ӘбуӘюб Ансари (р.анһум)секілді сахабалар да Әбу Хұрайраның (р.а.) өздерінен де көп хадис риуаят етуі жөнінде, оның пайғамбармен (с.а.у.) әрдайым бірге болғандығының маңызды рөл ойнағанын айтады[20].

 

2.  Пайғамбарымыздың (с.а.у.)арнайы дұғасын алғандығы

Ардақты расулдың (с.а.у.) жеке дұғасын алуы – Әбу Хұрайраның ілімге деген ынтасының арқасында қол жеткізген рухани артықшылық. Риуаяттар бойынша Әбу Хұрайра мен Зәйд ибн Сабит  (р.а.) сияқты сахабалардың Нәбәуи мешітінде дұға және зікірмен шұғылданып отырған уақыттарында Пайғамбарымыз келіп қастарына отырып, әрбірінің дұға жасауын қалады. Сөйтіп Зәйд пен  қасындағы сахабаның жасаған дұғаларына «Әмин» деді, сонан соң Пайғамбарымыз (с.а.у.) Әбу Хұрайраның «Уа, Аллам, сенен мына екі бауырымның сұрағанын және соған қосып ұмытылмайтын ілім беруіңді қалаймын» деген дұғасына «Әмин» деді. Сонда Әбу Хұрайраның қасындағы сахабалар «Уа, Алланың елшісі, біз де ұмытылмайтын ілім қалаймыз» дегенде, Пайғамбарымыз Әбу Хұрайраны меңзеп, «Мына Дәус тайпасының жігіті сендерден озды»[21]деп, Әбу Хұрайраның ілімге деген ынта-жігеріне ишарат етті.

 

3. Хадистерді жаттауға деген қатты құштарлығы

Әбу Хұрайра (р.а.) ардақты Расулдың (с.а.у.) «Иман Йемендік, фиқһ Йемендік, хикмет Йемендік»[22] деген сөздерімен ілім мен мәдениет байлығын меңзеген Йемен қаласының мәдениетімен өскен,  ілім мен үйренуге ғашық жан болатын. Ілім алуға лайықты көңіл бөліп, оны лайықты бағалай алғаны  үшін тек бір-екі сөз үйрену мақсатында күндерін Пайғамбар қызметіне арнап, дүние нығметтеріне еш қызығушылық танытпаған.

 

Бір күні Әбу Хұрайра (р.а.) «Уа, Алланың елшісі! Қиямет күні сенің шапағатыңа ең лайық болатын кімдер?» – деп сұрағанында, Пайғамбарымыз (с.а.у.) оған «Уа, Әбу Хұрайра! Сенің хадис үйренуге деген ықыласыңды білгенім үшін бұл сұрақты сенен бұрын ешкім сұрамас деген едім. Қиямет күні менің шапағатыма ие болатын бақытты жан ол шын көңілімен лә иләһа иллаллаһ деген адам»[23], – деп, оның хадиске деген құмарлығын мақтап айтқан.

 

Әбу Хұрайра (р.а.) өзін ілімге арнағаны сонша, өмірдегібір ғана мақсаты  ол – ілім ізденіп, дінді терең меңгеру (тафаккуһ) еді. Бір күні Алла елшісі (с.а.у.) олжа таратып жатып, Әбу Хұрайраның тізімге ілінбей қалғанын байқайды. Сөйтіп «Сенде бауырларыңнын менен олжа сұрағанындай олжа сұрамайсыңба?» – деді. Әбу Хұрайра өзін ілімге арнаған жан ретінде былай деп жауап берді: «(Уа, Алланың елшісі) Менің сізден қалайтын жалғыз нәрсем бар, ол – Алланың сізге үйреткен ілімінен мағанда үйретуіңіз»[24].

 

Әбу Хұрайра (р.а.) ілімге және оны үйренуге барынша әуес әрі батыл кісі еді. Керек десеңіз, басқалардың Пайғамбарымыздан (с.а.у.) сұрауға батылы жетебермейтін нәрселерді еш тартынбай сұрап, алған жауаптарын өзгелерге жеткізу үшін жаттайтын. Уахи жазушыларының бірі Убай ибн Қағыб (р.а.) бұл туралы былай деген: «Әбу Хұрайра Пайғамбардың (с.а.у.) алдында барынша жүректі болатын. Біздің сұрай алмағандарымызды еш тартынбай сұрайтын»[25]. Өзінен бұрын иман еткен сахабалардан да сұрақтар сұрап, олардың іліміненде сусындаған. Ол шексіз ілім мен ирфан қазынасы болатын. Кейде шәкірттеріне былай дейтін: «Әбу Хұрайраның білімге толы небір кеселері бар, бірақ оларды әлі ашпады». Әбу Саид әл-Хұдри (р.а.) да ол жайлы:«Әбу Хұрайра ілімге толған қап іспетті болатын» деген[26].

 

Әбу Хұрайра(р.а.):«Алла елшісінен екі қап тола ілім алдым. Бұл екеуінің бірін ғана сіздерге жеткіздім. Ал екіншісін араларыңызда жаятын болсам, мына бас кетер еді», –деп жасырын ілімдерді де білгенін ұқтырған. Әбу Хұрайраның жұртқа таратпай жасырған ілімі дін үкімдеріне немесе әдеп мәселелеріне қатысты болуы мүмін емес. Өйткені бұндай мәселелердің айтылмауы пайғамбардың дінді жеткізу міндетіне қайшы. Басым көзқарас бойынша, олар: Қияметтің белгілері, үмбеттің басына төнетін кейбір бүліктер, сондай-ақ үметті басқаратын залым патшалар жайлы болса керек. Әбу Хұрайраның (р.а.) кейде астарлы мағынамен жеткізген хабарлары да осы ойды қуаттай түседі. Мәселен,«Төніп келе жатқан жаманшылық себепті Арабтардың жағдайы аянышты»[27] сөзімен «60 жылдың басы менбилік жастардың қолына өткен күндерден, Аллам, өзің сақтай гөр!»[28]– деген сөздері осыған ишарат етуде. Сондықтан Әбу Хұрайра ұғымға күрделі мәселелер себепті Алла мен елшісін жұрт өтірік айтты деп жүрмесін деп, жұрт түсіне алатын, ақылы жетететін әрі пайда алатындай мағлұматтарды жеткізуге тырысқан. Осы себепті білгендерінің барлығын айтудан тартынған[29].

 

4.  Мықты сақтау қабілетіне ие болуы

Арабтар жазу әлі дамымаған кезде бір мағлұматты сақтау үшін жаттауға көп арқа сүйейтін. Осы себепті тарихта жаттау қабілеті ең күшті ұлттардың бірі Арабтар болып есептелген. Мәселен, бір бәдәуидің «Жүрегіндегі бір әріп жазылған он әріптен абзалырақ» деген сөзі олардың осы ерекшеліктерін меңзеуде[30].

 

Хазірет Әбу Хұрайра да өте күшті жаттау қабілетіне ие болған. Бірақ хадистерді жаттау үшін бұданда күшті жаттау қабілетке ие болу керектігін біліп, бір күні хазірет Пайғамбарға (с.а.у.) жаттау қабілетін айтып шағымданады. Пайғамбар (с.а.у.) оған шапанын жерге жаюын және сөйлеп біткенге дейін солай қойып қоюын, сосын барып шапанын жинап,қайта киюін өсиет еткен. Әбу Хұрайра (р.а.) хазірет Пайғамбардың (с.а.у.) осы өсиетін  орындаған және сол күннен кейін естігендерін қайта ұмытпағанын айтқан[31].Бірақ Әбу Хұрайра (р.а.) барлық естігенін ұмытпаған ба, әлде тек сол мәжілісте естігендерін ұмытпаған ба, деген мәселеде талас бар. Бұхариға түсіндірме жазған Ибн Хажар Әбу Хұрайраның әлгі айтылған мәжілістен кейін естігендерінің ешқайсысын ұмытпағанын айтып, бұған дәлел ретінде Зуһри риуаят еткен мына хадисті келтірген:[32]

 

وَالَّذِى بَعَثَهُ بِالْحَقِّ مَا نَسِيتُ شَيْئًا سَمِعْتُهُ مِنْهُ

 

«Оны ақиқатпен жібергенге ант етемін, одан кейін пайғамбарымыздан естігендерімді еш ұмытпадым»[33].

Ханафи ғалымдарынан Әбу Жағфар Таһауи болса, Ағраждан келген мына хадисты алға тартып,

فَوَالَّذِى بَعَثَ مُحَمَّدًا (ص) بِالْحَقِّ مَا نَسِيتُ مِنْ مَقَالَتِهِ تِلْكَ كَلِمَةً إِلَي يَوْمِي هَذَا

«Хазірет Мұхаммедті (с.а.у.) ақиқатпен жібергенге ант етемін, қазірге дейін оның айтқан әлгі сөздерінен бірдебіреуін ұмытпадым» дегенсөзін шындыққа жанасатыны осы деп,  басқа да Әбу Хұрайраның кей нәрселерді ұмытқанына байланысты ишарат етілген риуаяттарды көрсеткен[34].

 

Әбу Хұрайра (р.а.) Алла елшісімен бірге болған жылдары жаттау қабілетінің керемет болғанын және сол үшін масаттанғанын былай айтады: «Сол жылдарыРасулалланың маған айтқандарын жадымда ұстаудан басқа ұнамды іс жоқ болатын»[35].

 

Шәкірті Әбу Салих ол жайлы былай дейді: «Пайғамбарымыздың сахабаларының арасында жаттау қабілеті ең күштісі Әбу Хұрайра болатын»[36]. Имам Шафиғидың пікірінше, «Әбу Хұрайра (р.а.) өз ғасырында өмір сүріп, хадис риуаят еткендердің ішіндегі жаттау қабілеті ең күштісіеді»[37].

 

Мәдинада кейде араларында көзқарас әркелкілігі болған Маруан ибн Хакам оның жаттау қабілетін сынап көріп, соңында таңғалғанын айтқан. Маруанның хатшысы Әбу Зуайзияның айтқанына қарасақ, бір күні Маруанның айтуымен Әбу Хұрайраны шақырып, келгеннен кейін дереу риуаят еткен хадистерін сұрай бастаған. Сөйтіп айтқан хадистерді перде артында отырған хатшысына жаздыртып алған. Бір жыл өткеннен кейін Маруан Әбу Хұрайраны қайта шақыртып, алдында жаздырған хадистерді қайта сұраған. Нәтижеде Маруанның хатшысы Әбу Хұрайраның өзі риуаят еткен хадистерді бір әрібін де өзгертпегенін айтқан[38].

 

Әбу Хұрайра (р.а.) хадистерді жазбағаны үшін оларды жиі-жиі қайталайтын. Ол іліммен айналысқандарға уақытты қалай дұрыс пайдалану керектігі жөнінде маңызды өсиет айтып былай деген: «Мен түнімді үшке бөлетінмін. Алғашқы бөлігінде намаз оқитынмын, екінші бөлігінде ұйықтайтынмын, ал үшінші бөлігінде Алла елшісінің хадистерін зерделейтінмін»[39]. Бұл жағдай табиғи түрде оның хадистерді жақсы жадында сақтауына үлкен үлес қосқан.

 

Бүкіл өмірін хадис іліміне арнауы

Әбу Хұрайра (р.а.) өзі сүрген ұзақ ғұмырды хадис алып жүру мен риуаятына арнап, күндізін де, түнін де тек хадистерді үйреніп әрі үйретуге арнаған. Сахабалар бас қосатын Жұма күндері Пайғамбар мешітінің бір бұрышына отырып хадис риуаят ететін, көптеген адамдар оны жан-тәнімен тыңдайтын. Бұл  бір жағы оның хадис ілімінде үлкен беделі бар екенін де білдіруде. Әбу Хұрайра (р.а.) хадистерді кең көлемде көпшілікке риуаят еткендіктен, одан сахаба және табиғиндерді қосқанда 800 шамасында кісі хадис риуаят еткен[40].

 

Әбу Хұрайра (р.а.) бүкіл уақытын ілімге арнағандықтан, хазірет Пайғамбарға (с.а.у.) өте жақын әрі басқаларға қарағанда көбірек сұхбаттасқан хазірет Әбу Бәкір, Омар, Осман, Әли (р.анһум) сияқты таңдаулы сахабалар, мемлекет құрылымының қалыптасуы және футуһат[41]істерімен шұғылданғандықтан, хадис риуаят етуге уақыт таба алмаған. Осыған қарап, сахабалар өз арасында белгілі бір істерді бөліскенін айта аламыз. Мәселен, Әбу Хұрайра, Абдулла ибн Омар, Әбу Сағид әл-Худри, Абдулла ибн Масғуд (р.анһум) сияқты сахабалардың есімдері көбінесе ілім саласында алға шықса, риуаяттары аз болған Әбу Убайда ибн Жаррах, Халид ибн Уалид (р.анһум) сияқты сахабалар әскери міндеттер алған, сөйтіп осы салада құрметке ие болған[42]. Істі бөлісіп жасағаны себепті Муаз ибн Жабал (р.а.) ілім үйренгісі келгендерге Әбу Дарда, Сәлман Фариси, Ибн Масғуд пен Абдулла ибн Сәлам (р.анһум) сияқты сахабаларды өсиет еткен[43].

 

Хазірет Әбу Хұрайраның (р.а.) көп хадис риуаят еткеніне қарамастан, хазірет Әбу Бәкір мен Омар (р.а.) сияқты Алла елшісін жақыннан бақылаған кейбір үлкен сахабалар неге өте аз хадис риуаят еткендігі турасындағы сұраққа Бадиуззаман былай жауап беруде: «Дәріні керек еткен адам дәрігерге барады, инженерлікті керек еткен кісі инженерге барады, дін мәселелерінде мүфтиге барады, т.б. Сол сияқты сахабалардың арасында Пайғамбар хадистерін кейінгі ғасырларға сабақ ету үшін ғалым сахабалардан бір бөлігі рухани міндеттелген еді. Барлық күштерін соған жұмсайтын. Иә, хазірет Әбу Хұрайра бүкіл өмірін хадис жаттауға арнаған, ал хазірет Омар саясат саласымен, үлкен халифалық ісімен айналысқан. Сондықтан үмбетке хадис дәрістерін жеткізу үшін Әбу Хұрайра мен Әнас, Жабир сияқты сахабаларға сенім артып, одан гөрі аз риуаят еткен»[44]

 

6.     Өмірінің ұзақ болуы

Әбу Хұрайра (р.а.) хазірет Пайғамбар (с.а.у.) өмірден озғаннан кейін де шамамен жарты ғасыр өмір сүрді. Осы жарты ғасырлықғұмырында ислами азат етулердің (фатһ) ізін ала түрлі мәдениеттер мен өркениеттерге тән элементтер мұсылмандардың арасына сіңіп, ақидалық, философиялық және саяси проблемаларға шешім жолдарын табу қажеттілігі туды. Жұрт осы проблемалардың шешімі үшін Құран мен хадистердің төрелігіне жүгінді. Бірақ бұл мәселеде оларға ең көп сол дәуірде өмір сүрген сахабалар жол көрсетіп, көмек берді.

 

Жас кезінде Пайғамбарымыздың (с.а.у.) артынан қалмай жүрген Әбу Хұрайра, Абдулла ибн Омар, Әбу Сағид Хұдри, Айша анамыз (р.анһум) сияқты ұзақ өмір сүрген ғалым әрі фақиһ сахабалар сол дәуірде маңызды міндеттер атқарған. Алла елшісінің (с.а.у.) қалдырған қасиетті мұрасын болашақ ұрпаққа осы құрметті сахабалар жеткізген. Байқасақ, бұл аталған кісілердің сахабалар арасында көп хадис риуаят етумен танылған тұлғалар екенін көреміз.

 

Қорытынды

Әбу Хұрайра (р.а.) һижри 7 жылы Мәдинеге келіп, хазірет Пайғамбардың (с.а.у.) сұхбатына қатысу бақытына ие болғаннан кейін, Нәбәуи мешітінің бір бұрышында ілім-біліммен шұғылданған Суффа сахабаларына қосылған, сөйтіп Пайғамбарымыздың (с.а.у) қасынан бір елі ажырамаған. Қай жерге бармасын қасынан қалмай, әрдайым әз елшінің қызметіне дайын болған. Тіпті қажет болғанда үйіне де кіріп қызмет еткен. Кейде көлігінің тізгінін ұстап, кейде тас тасып, кейде суын әзірлеп, Пайғамбарымыздың (с.а.у.) сүйіспеншілігіне бөленген. Осы сүйіспеншілік хадиске деген ықыласын арттырып, сөйтіп хадис алу үшін еш аянбаған.

 

Әбу Хұрайра (р.а.) Алла елшісінің (с.а.у.) ишара жасауымен арқалаған бұл міндетін толыққанды орындап, жақсы нәтижеге жеткен. Алла елшісінің (с.а.у.) «Көктегі жұлдыздар»деп сипаттаған әлгі керемет жандардың арасында хадис іліміндегі  үлкен орны себепті Әбу Хұрайра (р.а.) өзінше бір төбе. Расулаллаға (с.а.у.) деген берілгендігі мен қызмет ету ынтасын өмірін хадис іліміне арнауымен көрсеткен.  Ол өмірін салып дәлелдеген осы қызмет түсінігімен ғылыммен айналысатын қазіргі адамдарға да көктегі жұлдыздар секілді жол көрсетуде. Ілім жолына күнін де, түнін де беріп, барлық ауыртпалықтар мен қиыншылықтарға сабырмен төзе білген. Осы шынайы талпынысының арқасында Алла елшісінің (с.а.у.) ерекше ілтипатына және дұғасына ие болған. Осы себепті ұмытылмайтын, дариядай ілімге қол жеткізген.

 

Әбу Хұрайраның (р.а.) Алла елшісінің (с.а.у.) хадистеріне танытқан осы қызығушылығы мен ынтасы кейбір сахабалардың таңданысын тудырып, бұл жағдай кейде түсіндіруді қажет ететін қарсылықтарға себеп болған. Ол өзіне білдірілген бұндай қарсылықтарға өзіне деген толық сеніммен «Сіздер егіс алқабында диханшылықпен, базарда сауда-саттықпен айналысқан кездеріңізде, мен қарнымның тойғанын ғана місе тұтып, Пайғамбарымыздың қасынан еш айрылмадым. Расулалланың әр басқан қадамын қадағалауды өзіме қасиетті міндет деп білдім» деп жауап берген. Бұл сөздер Әбу Хұрайраның (р.а.) мойнына алған арнайы міндетке деген адалдығын көрсету тұрғысынан мейлінше мағыналы. Пейіште нұры шалқысын! Алла біздерге шапағатын нәсіп етсін!

 

 


 

[1]Ибн Хажар, Ал-Исаба, 7/202.

[2]Ибн Хажар, Ал-Исаба,  3/287.

[3]Бағдади, Ал-Фарқ байна Фирақ,147 бет.

[4]Осман Гүнер, Абу Хурайрауа иөнелік елештірілер, 21-23 бет.

[5]Дарими, Муқаддима, 25.

[6]Ибн Қутайба, Тауил мухталафу хадис, 48 бет. Сайд ибн Зейд Алла елшісінен 48 хадис риуаят еткен.

[7]Ибн Қутайба, Тауил, 48 бет.

[8]Ибн Хажар, Ал-Исаба, 7/205; Заһаби, Сияр Ағлам Нубала, 2/604.

 

[9]Хаким, Мустадрак, 3/510; Заһаби, Сияр, 2/608.

 

[10]Ахамад ибн Ханбал, Муснад, 2/2-3; Хаким, Мустадрак,  3/511.

 

[11]Ибн Касир, Ал-Бидая, 7/107; Заһаби, Сияр, 2/603.

 

[12]Бухари, Иғтисам, 22; Муслим, Фадаил Сахаба, 159-60.

 

[13]Бухари, Ілім 43; Харс, 21; Ибн Ханбал, 2/240.

 

[14]Бақара сүресі,  2/159-160.

[15]Бухари, Тариху Кабир, 6/133; Тирмизи, Манақиб, 47.

 

[16]Бақара сүресі, 2/159; Бухари, Хаж, 131; Тирмизи, ілім, 3.

 

[17]Бухари, Жанаиз, 3; Мағази, 84.

 

[18]Бухари,Ілім, 25; ИбнХанбал, 1/33.

 

[19]Бухари, Сиқыр, 9.

 

[20]Тирмизи, Манақиб, 46. 

 

[21]Ибн Хажар, А-Исаба, 7/204.

 

[22]Бухари, Манақиб, 1; Мағази, 74; Муслим, Иман, 82,88-90.

 

[23]Бухари, Ілім, 33;Риқақ, 51.

[24]Ибн Хажар, А-Исаба, 7/203.

 

[25]Ибн Хажар, А-Исаба, 7/202.

 

[26]Заһаби, Сияр,  2/596.

 

[27]Бухари, Фитан, 4.

 

[28]Ибн Хажар, Фатһу Бари, 1/261. 

[29]М.Ажжаж ал-Хатиб, Абу Хурайра Рауияту ислам, 266 бет.

 

[30]Ибн Абдулбарр, Жамиғу Баяну Илм, 87 бет.

 

[31]Бухари, Ілім, 43; Тирмизи, Манақиб, 47.

 

[32]Бухари, Тариху Кабир, 1/136-7.

[33]Ибн Хажар, Фатху бари, 1/260.

 

[34]Тахауи, Машки асар,  2/182-3.

 

[35]Ибн Сағд, Табақатул кубра, 4/b.2, 54.

 

[36]Бухари, Тариху Кабир,  6/133.

[37]Ибн Хажар, Исаба,7/ 202. 

 

[38]Хаким, Мустадрак, 3/510.

 

[39]Дарими, Муқадим, 27.

 

[40]Бн Хажар, Исаба, 7/202.

 

[41]Ислам дінінің кең тарауы (ауд.)

 

[42]М.Ажжаж ал-Хатиб, Абу Хурайра Рауияту ислам, 263бет.

 

[43]Хаким, Мустадрак, I/98.

[44]Сайд Нурси, Мактубат, 132 бет. 



Оқи отырыңыз