Akikat.kz - рухани танымдық, ғылыми портал

http://akikat.kz

Басты бет > Мақалалар > Ақида және ғибадат > Имам Матуриди көзқарасында ризық мәселесі

Имам Матуриди көзқарасында ризық мәселесі

2015-07-23 2846

Алла тағаланың көркем есімдерінің бірі – әр-Раззақ. Араб тіліндегі «әр-Раззақ» сөзі ризықтандырушы, ризық беруші деген мағынаны білдіреді. Басқаша айтқанда, Алла ризықты жаратушы әрі Өзі жаратқан жаратылыстың бәріне тиісті ризығын толықтай реттеп, үлестіріп беруші. Алла тағала Құранда: «Шын мәнінде, Алла – Ризықтандырушы, күш-қуат иесі, өте мықты» (Зәрият сүресі, 58-аят) деп, Өзін «әр-Раззақ» есімімен атайды.


Қазақта: «Егіз қозы туса, шөптің басы айыр өседі» деген мәтел бар. Сондай-ақ, әркім ризығының қайдан, қалай келіп жатқанына ой жүгіртер болса, өзін де, ризығын да жаратушы бір Алла екенін ұғары хақ. Бұл шындық қасиетті Құранда: «Алла сендерді жаратып, ризықтандырды. Сосын сендердің жандарыңды алады да, кейін қайта тірілтеді» (Рум сүресі, 40-аят) деп, ашық баяндалады.


Адам жаратылысы кемелденіп, жетілген сайын Алла тағаланың берер ризығы да молая түседі. Мысалы: бала құрсақтағы кезінде ризығы кіндік қанымен болса, дүниеге келісімен дәмді әрі құнарлы анасының омырауы арқылы ризықтанады. Ал омыраудан шыға сала жануар, өсімдік және су мен сүт сияқты сан-алуан рызық есіктері ашыла түседі. Міне, бұл адам баласын қай кезде ризықтың қандай түрімен ризықтандыруды жақсы білетін әр-Раззақ Алла тағала екеніне айғақ емес пе?!


Ризық сөзін имам Ғаззали төрт түрге бөліп түсіндіреді. Олар:

Бірінші: Алла тағала Өзі кепілдік берген ризық. Ол – жан иесінің тіршілігі болған азығы.

Екінші: Алла тағала Лаухул махфузда әркім өмірінде не ішіп-жейтінін, не киетінін уақытымен нақты белгілеп қойған ризық. Бұл белгілі ризық өз уақытынан ерте немесе кеш келмейді. Көбейіп немесе азаймайды.


Үшіншісі: Әркім тіршілігінде иелік еткен нәрселер. Алла тағала: «Біз берген ризықтан (Алла жолына) жұмсаңдар» (Мұнафиқун сүресі, 10-аят) деген.

Төртінші: Алла тақуа құлдар үшін адал ризық тауып жеу жеңіл болатынын уәде еткен. Қасиетті Құранда: «Кім Алладан қорықса, оған қиындықтан шығар жол және ойламаған жерден ризық береді» (Талақ сүресі, 2-3 аят) деген [1].            


Әрбір адам баласы және өзге де тіршілік иелерінің ризығы ежелден тағдырында жазылған. «Лаухул махфузда» нақты белгіленген бұл ризық кейіннен көбейіп немесе азайып өзгермейді. Әркім өз ризығын жеп бітірместен өлмейді. Оның Алла тағала берген ризығын басқа біреу кеміте де алмайды. Алла тағала: «Жандылардың көбі риздығын өзі таба алмайды. Сендердің де, олардың да ризығын Алла береді» (Анкабут сүресі, 60-аят) десе, Абдуллаһ ибн Мәсғұдтан (р.а.) жеткен риуаятта Алла елшісі (с.а.у): «Анығында әрбірің ана құрсағында қырық күн жиналасыңдар. Тағы бір қырық күнде ол ұйыған қанға айналады. Сосын тағы бір қырық күнде кесек етке айналады. Содан кейін Алла тағала ол кісінің ризығын, ажалын, бақытты және бақытсыздығын періштеге жаздырады. Сосын ол періштені төрт істің тағдырымен жібереді...» [2, 486 б.] деген. 


Матуриди мәзһабында адам баласының қорегі халалдан болсын, харамнан болсын тағдырында белгіленген ризығы. Біреудің ризығына ешкім қиянат жасай алмайды. Ал Мұғтазила ағымының көзқарасында ризық иелік ету мағынасында. Сол себепті, олар біреудің ризығына басқа біреу ортақтасып, қиянат жасай алады деп түсінеді.


Имам әл-Бабурти: «Біздің түсінігімізде ризық, ол – азықтық қорегі бар нәрсе. Алла тағала: «Жер-жаһанда ризығы Алладан келмейтін бірде-бір қыбырлаған тіршілік иесі жоқ» (Һуд сүресі, 6-аят) деген. Аятта әрбір тіршілік иесінің өміріне арқау болған ризық жайлы жалпылама айтылады. Халал ризық, харам ризық деп бөліп-жармайды. Әрі ризық тек Алла тағаладан ғана келетінін, ешкім өзінен басқаның ризығына қиянат жасай алмайтынын айтады. Ал Мұғтазила ағымы: ризық, ол – иелік ету мағынасында. Алла тағала: «Біз өздеріне ризық етіп берген (мал-мүлік, білім, т.б.) нығметтерді жұмсайды» (Бақара сүресі, 3-аят) деген. Демек, адам харам затқа иелік ете аламайды. Харамды жеу, өзінің иелігінде болмағанды жегендік болады деп түсінеді» [3, 110-111 бб.] деп, Әһлу сүннет уәл жәмағаттың көзқарасын дәлелдеумен қатар Мұғтазила ағымының жалаң көзқарасын да айта кетеді.


Имам Матуриди: «Ризық мәселесінде Алла тағала: «Жер-жаһанда ризығы Алладан келмейтін бірде-бір қыбырлаған тіршілік иесі жоқ» (Һуд сүресі, 6-аят) деп, Өзі кепілдігіне алды. Бұл аят ризық беру тек Алланың иелігіндегі іс екеніне айғақ. Әйтпегенде, бір құдірет күш Алла тағаланы кепілдік берген ісін орындаудан қайтарып, дәрменсіз күйге кіріптар еткен болады. Әрі Ол уәдесін орындауда басқаның көмегіне зәру, біреудің басқаруында дегендік. Бұл өте қатерлі ағаттық» [4, 373 б.] деп, Мұғтазила ағымының қате пікіріне тойтарыс жасайды.


Имам Матуриди Мұғтазила ағымының харам етілген нәрсе ризық емес деген көзқарасы аталмыш: «Жер-жаһанда ризығы Алладан келмейтін бірде-бір қыбырлаған тіршілік иесі жоқ» (Һуд сүресі, 6-аят) деген аяттың мәніне кереғар. Себебі, аятта Алла тағала құлдарының ризығын Өзі беретінін ашық айтуда. Ал өмір бойы біреу (харамды) ризық етсе, бұл Алладан емес деу, Алла уәдесін орындамады деп кемшілік сипатын беру болып табылады. Алла тағала кемшілік атаулыдан пәк» [5, 179 б.] деп, халал ризықтан жемей, харам ризықты қорек ету ерік берілген пенденің кінәсі, оны Алла тағала мәжбүрлеуші емес екенін айтады. Демек, адам баласы ризығын адал жолдан іздеуі сауапты іс болса, ал ризық-несібесін харам жолмен тауып жеуі де күнәлі іс. Пайғамбарымыз (с.а.у): «Ақиқатында Құдус (Жәбірейіл) көңіліме ешкім тағдырда белгіленген ризығын тауыспайынша өлмейтінін білдірді. Алладан қорқыңдар, мақсаттарыңа жету үшін жақсы жолды таңдаңдар» [5, 177 б.] деген.


Шариғатта «Зәрулік көлемінде тыйым салынған нәрселерге рұқсат» деген қағида бар. Бұл қағида негізінде өміріне қатер төнген кісінің Алла тағала харам еткен өлексе сияқты нәрселерді ризық етіп, қатерден өмірін құтқарып қалуына рұқсат беруі харам нәрселердің де ризық екеніне дәлел. Зәрулік бола тұра шариғаттың кеңшілігі болған харам ризықты жемей, өміріне зиян келтіріп, өлім құшса, күнәкар болады. Алла тағала: «Шынайы түрде сендерге өлексе, қан, доңыз еті және Алладан басқаның атымен бауыздалған (мал) харам етілді. Сондай-ақ, кім мәжбүр болса, қарсылық қылмаса, шектен шықпаса, оған кінә жоқ» (Бақара сүресі, 173-аят) деп, зәрулік мөлшерінде шектен шықпай өлексе, доңыз секілдінің етін жеуге рұқсат береді. Ибн Аббас аяттағы: «Кім зәру болса..» деген сөздің мағынасын: «Кім бұл тиым салынған нәрселерді зәрулікпен жесе, оқасы жоқ. Ал кім зәру болмай тұрып жесе, ол қарсылық қылды және шектен шықты» [6, 1/407 б.] деген.


Қорыта айтар болсақ, ризық-несібе – Жаратушымыздан. Ал пенде болса, еңбек арқылы Алланың белгілеп қойған несібесіне жетуге өз әрекетін жасайды. Сондай-ақ, ризық – Алла тағаланың сансыз нығметтерінің бірі. Бұл нығметтің шүкірі адал жолмен Алла тағаланың ризығын теріп-жеуде себептен тұратын жаратылыс заңдылығына да бағыну. Әрі ризық іздеуде бойкүйездікке салынып жалқаулық таныту, өзгенің байлығына көз сүзе қарау сынды жаман қасиеттерден тазару да иманды құлдың міндеті саналмақ.

Абдусамад Оқан

 

 


ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР:

 

1.     Dr. Muhsin Toprak, Rizik nedir? Yeni Ümit Dini ilimler ve Kültür Dergisi, Sayi: 4, 2006.

2.     Ахмад ибн Әли ибн Хажар әл-Асқалани, Фатхул бари фи шархи сахих әл-Бұхари, «Мактабатул малик» баспасы, Рияд. – 2001. 11-том, 631 бет. 6364-хадис.

3.     Мұхаммад әл-Бабурти, Шарху уасияти Әби Ханифа, «Дәрул фатх» баспасы. – 2009. 155 бет.

4.     Әбу Мансур әл-Матуриди, Китәбут таухид, «Дәру садыр» баспасы, Бейрут. – 2007. 538 бет.

5.     Мұхаммед Халил ән-Науайһи, Әл-Усит фи ақайди имам әл-Матуриди, «Дәрун нұр» баспасы, Йордания. – 2013. 336 бет.

6.     Әд-Дүррул мәьсур лил-Жәлалуддин әс-Сүюти. Дәрүл фикр. Бейрут 1993.



Оқи отырыңыз