Akikat.kz - рухани танымдық, ғылыми портал

http://akikat.kz

Басты бет > Мақалалар > Көркем мінез > Көзді харамнан сақтау

Көзді харамнан сақтау

2015-07-16 3408

Көзің харамға түсіп кетсе, бір минут та өткізбестен жасап қойған күнәң үшін Алладан кешірім тілеп, жайнамаз тауып, сәждеге бас қойып, тәубе еткенің жөн. Күнәнің бойыңа жұғуына мүмкіндік бермеуің керек.

 

«Назар» сөзі араб тілінде ойлану және ой жүгірту (тафаккур) деген мағынамен қатар бір нәрсені көзбен қайта-қайта тінту деген мәнді білдіреді (1). «Харам» болса, Ұлы Раббымыз тыйым салған нәрсе. Харамға қарау дегендегі мақсат: Алла Тағаланың қарауымызды, көз жүгіртуімізді тыйым салған адамға немесе соның қарауға болмайтын әурет жерлеріне қарау. Осы себепті Алла тағала қарауға тыйым салған нәрселерге қарау бір жағы нығмет ретінде берілген көзді дұрыс емес жолға қолдану болып табылады. Алайда Алланың рұқсаты шеңберінен асырмасақ, мәселе, көз нығметі мына үлкен ғалам кітабының бір тамашалаушысы әрі мына әлемдегі Раббани өнер мұғжизаларына көз алмай қараушы әрі жер бетіндегі бақшаның рақым гүлдерінен шырын соратын мүбәрак ара дәрежесіне көтеріледі (2).

Құран Кәрім мен сүннет харамға назар тақырыбына «Усул фиқһ» терминімен айтқанда, жаманшылықтармен күнәлардың жолын бекіту мағынасын білдіретін «Садду зараиғ» тұрғысынан баса назар аудартып, түрлі оқиғаларға қатысты мына мәселеге назарымызды аударуда: Яғни харамға қарау күнәға апаратын себеп болғандықтан, ол да күнә әрі тыйым салынған. Осы себепті Құран кәрім зинаға тыйым салғанда: «Зинаға жақындамаңдар!» (3) деп үн қатып, нәтижеде күнәға апаратын орта мен себептерден де алыс тұруды бұйыруда.

 

Харамға қарау тұрғысында Құран кәрім не дейді?

«Нұр» сүресінің 30-аятында: «(Әй, Мұхаммед!) Мүмін ер кісілерге айт (бөгде әйелдерге қарамай) назарын төмен салсын, әуретін ашпасын, зинадан сақтасын. Бұл олар үшін ең лайықты іс-әрекет. Анығында Алла олардың не істегенінен толық хабардар» делінген.  Аяттағы «қысу» мағынасындағы «ғадд» сөзі  «мин» жалғауымен қолданылғанда «толық емес бір бөлігін» жабу керектігін білдіреді. Яғни, «қарауларыңның кейбірін шектеңдер» деген. Бұнда мүминнің көзі харамға түспеуі, мүбаһ нәрселермен шектелуі білдірілген (4).

Осы бұйрық жалғасқан келесі аятта әйелдер жайында да келген: «Мүмін әйелдерге де айт (бөгде еркектерге қарамай) назарын төмен салсын, әурет мүшелерін күнәдан сақтасын». Бұл аятта болса әйелдерге кейбір қарастарын шектеу бұйырылған. Аятта қарасты шектеу ұятты жерлерді сақтаудан бұрын айтылған. Бұның себебі, қарау зинаға шақырып, ұятсыздыққа апаруынан туындауда (5).

Тасаууф ғалымдарының бірі Шиблиден аяттағы «қарауларыңды шектеңдер» дегеннің мағынасын сұрағанда былай деген: «Маңдайдағы көздеріңді мухараматтан (харамдардан), ал жүректегі көздеріңді масиуауллаһтан (Алладан өзге ұнамды нәрселерден) сақтаңдар» (6). Бәдиуззаман болса «...ақыры солай болса, абайла, аяғыңды аңдап бас! Батып кетпейін деп қорық. Бір жұтым харам немесе бір сөз немесе бір ретпен, бір ишарамен және бір рет сүюмен күнәға батпа. Әлемді жұтатын орасан нәзік сезімдеріңді сонымен құртып алма» (7) – деу арқылы тақырыпты әрі жамандықтарға жол бермеу (садди зара и), әрі «Әрбір күнәлі істе күпірге жетелейтін жол бар» деген сақтықпен қолға алуда (8).

Харамға қараудың рухани жағынан алғанда жаттау қабілетін төмендететіні, ұмытшақтық кеселіне әсері сөзсіз. Айтқандай, Бәдиуззаман хазірет: «Ақырзаманда Құран Кәрім адамдардың көкірегінен алынады» (9) деген мағынадағы хадисін қазіргі ғасырдағы харамға қарау кеселінің кең тарауымен байланыстырған: «Иә, бұл ғасырда ашық-шашық жүргендер себепті, әсіресе осы ыстық аймақта соларға сұқтана қараудан нашар істер мен жалпылама ұмыту кеселі нәтиже бере бастады. Әркім азды-көпті соны айтып шағымдануда. Міне, осы жалпылама кеселдің артуымен хадис шәріп беріп отырған сұмдық хабардың түсіндірмесі өзі-ақ белгілі болуда. Былай деген: «Қиямет жақындағанда, хафыздардың көкірегінде Құран кәрім тоқтамайды, ұмытылады». Демек, бұл кесел ұлғаяды, кей адамдар харамға қараудың кесірінен Құран жаттай алмайтын болады әрі бұл әлгі хадистің түпкі мағынасын байқататын болады» (10).

 

Харамға қарау хадистерде қалай қолға алынады?

1. Абдулла ибн Аббастан (радиаллаһу анһу) жеткен хадисте: «Пайғамбарымыз (саллаһу алайһи уасаллам) қажылық кезінде Фадл ибн Аббасты көлігіне (түйесіне) мінгестірді. Ол кезде Фадл жайнап тұрған жас еді. Нәбилер нәбиі бір мезет жұрттың сұрақтарына жауап беру үшін кідірді. Хасам тайпасынан сұлу бір әйел шығып, Расуллаға сұрақ қойып, жауап алмақ болған сәтінде Фадыл әлгі әйелге қарап, сұлулығынан көз ала алмай қалды. Пайғамбарымыз Фадылға бұрылғанда, оның әйелге қарап тұрғанын аңғарды. Дереу қолымен Фадлдың иегінен ұстап басын кері жаққа қарай бұрды... Әлгі әйел Расулалладан мына сұрақты сұрады: «Уа, Расулалла, қажылық әкеме қатты қартайған шағында парыз болды. Қарттығы сонша, аттың үстінде денесін тіктеп отыруға шамасы келмейді. Әкемнің орнына қажылық парызын мен атқарсам бола ма?» Расулалла «Иә» деп жауап берді (11).

Хадисте аты аталған сахаба Фадлдың ол уақыттарда жасөспірімдік шақта болғаны деректерден аңғарылады (12). Фадл ибн Аббасты Әмуаста тараған Оба кезінде жиырма бір жасында қайтыс болған13 деп қабылдасақ, жоғарыдағы оқиғаны шамамен он жастарында ұғынғаны анықталады. Бұдан бөлек, Араб түбегінде ұлдардың он жастан бастап балиғатқа толатынын назарда ұстасақ, Расулалланың оны неге әйелге қаратпау себебін де ашық көреміз. Қай жаста болмасын, бізге маңыздысы Фадлдың әлгі әйелге қарауына Расулалланың жол бермеуі. Тағы бір мәселе мынау, Расулалланың көлігіне мінгескен Фадлды харамға қаратпауы бала тәрбиесі тұрғысынан назар аударарлық. Балиғат жасына енді толған не толайын деген жастың я ұлдың әйел жынысына қарауы мәселесінде еркін қолға алып тәрбиелеуі педагогикалық тұрғыдан назар аударарлық жағдай.

2. Имам Бұхаридың Сахих жинағындағы Әбу Хұрайрадан (р.а.) жеткен мына риуаятта да қарауға қатысты өзгеше көзқарас пен пайғамбарлық ескертуді көреміз:

 «... көздің зинасы (харамға) қарау, тілдің зинасы (харам жайтты) әңгімелеу. Нәпсі қалайды, құмарланады, ал екі бұттың арасы осы қалауларды не орындайды, не орындамайды» (14).

Тауыстың Ибн Аббастан ести тұра Әбу Хұрайраға сүйеп жеткізген осы «мақуф» хадисте зинаға апаратындығы үшін сөйлеу мен көруге зина деп ат берген (15).

3. Имам Мүслимниң Сахих жинағында өтетін мына хадис те мүминдердің бір-біріне қарауы мәселесіндегі шегін білдіруде.

Әбу Сағид әл-Хұдри (р.а.) Расулалланың былай дегенін жеткізеді: «Ер кісі ер кісінің әурет жерлеріне қарай алмайды, әйел кісі де өзге әйелдің әурет жерлеріне қарай алмайды. Ер кісі мен ер кісі, әйел мен әйел бір көрпенің ішінде жата алмайды» (16).

4. Имам Табаранидың «Мұғжамул кәбир» атты хадис жинағынан мына хадисті көреміз: «Харамға қарау – Ібілістің оқтарынан улы бір оқ, кімде-кім Алладан қорыққандықтан харамға қараудан бас тартса, онда оған Алла тағала сондай иман нәсіп етеді, дәмін бар ұжаданымен сезінеді» (18).

5. Ахмад ибн Ханбалдың «Мүснадында» хадистер де ретімен харамға қарауға қатысты. Хазірет Әли былай дейді: «Расулалла (саллаһу алайһи уасаллам) маған былай деді: «Қайта-қайта қарама. Алғашқы қарағаның ештеңе етпесе де, екінші қарағаның күнә болып жазылады» (19). Бұл хадисте Пайғамбарымыз бір рет қараудың күнә емес, екінші рет қараудың күнә екенін түсіндірген. Расулалла әдейі болмағандықтан, алғашқы қараудың жауапкершілік жүктемейтіндігін, алайда екінші рет бұрылып қарау ерікті түрде болатындықтан, оның күнә болып жазылатындығын қадап айтып, харамға апаратын жолды о бастан бітеп, күнәға өткел бермеу керектігіне назар аударған.

Көзге түскен ұнамсыз көріністерден басты бұрып әкету адам белін қайыстыратындай ауыр жүк емес. Тек қарау оғы келіп алғаш тиген сәтте көзді жұмуға ерік күші жетеді. Оның үстіне адам әрбір харамға қараудан бас тартқанында уәжіп ғибадат істегендей сауап жазылатынын ойласа, сол алғашқы сәтте-ақ күнәдан арыла алады. Алайда назарын дереу харамнан тайдырып әкетпей, сол іске беріліп кетсе, тағы бір рет, тағы бір рет қарайтын болса, оның кері қайту ықтималдығы азаяды. Оның үстіне көру арқылы көңіліне ұялаған көріністерді қиялымен байытып, ұлғайтса, жағалаудан мүлдем алыстап кеткен болып саналады. Бұдан кейін артқа қайту барынша көп күш-жігерді талап етеді ( 20).

 

Харамға қараудың фиқһи жағы

Ханбали мәзһабында: Махрам (некелесуге болмайтын) әйелдердің (ер кісінің әпке, қарындасы, тәтесі секілді) көп жағдайда ашық жүретін қол, бет, аяқ, мойын сияқты мүшелерден басқа жерлеріне қарау тыйым салынады. Көбіне жабық тұратын арты мен омырау жағына қарауға рұқсат жоқ.

Ханафи мәзһабы болса, Ханбали мәзһабына жақын болумен қатар былай: Махрам әйелдердің  бетіне, басына, омырауына дейін, тізесіне дейін аяқтарына және иығына дейін қолдарына қарауларына рұқсат. Ал ішімен арқасы мен қарын жағына қарауға болмайды.

Малики мәзһабында Махрам әйел немесе бөгде әйел деп бөлмей, әйелдің қолдары мен жүзінен тыс мүшелеріне қарауға рұқсат еместігін білдірген.

Шафиғи мәзһабында: Балиғат жасындағы ер кісі өзіне махрам әйелдің кіндігі мен тізесіне дейінгі аралығына қарай алмайды.

Ал егер әйел кісі махрам емес кісі болса, Ханафи мәзһабы бойынша: Тек қана беті мен қолына қарауға ғана рұқсат етіледі. Ал егер құмарлықпен болса бұл жерлерге де қарауға болмайды (21).

Шафиғи мен Ханбали мәзһабында: Бөгде әйелге қарау толық мағынада харам, себебі олардың пікірінше, әйел кісілердің бүкіл денесі әурет болып есептеледі. Ал Ханафи мәзһабында әйел кісінің беті мен қолдары әурет болып есептелмейді. Яғни беті мен қолдарын жауып жүруге міндеттелмейді (22).

Бұл тұста мына ойымызды да айта кетейік: Өлең мен әдебиетте ең көп әйелдердің жүзі, қасы, кірпігі суреттелетіні назарға алынса, жағдайға қарай Шафиғи мен Ханбали ғұламаларының назар түйістірген жері әйелдің бүкіл денесінің әурет екендігі бойынша амал етілуі тиіс. Қысқаша айтқанда, Ханбали мен Шафиғи мәзһабы тақуа, өзге екі мәзһаб, яғни Ханафи мен Малики болса пәтуа мен амалды ишарат етуде.

Зәрулік себепті қарауға тек құмарланып қарамау шартымен рұқсат етілген. Күтпеген жерден көзге түскен харам көрініс болса, көзді дереу тайдырып әкету қажеттігі де айтылған (23).

Әйелдің ер кісіге қарауы болса, фиқһ мәзһабтары бойынша былай: Ханафилар бойынша, егер әйел кісі бөгде еркектің махрамы болмаса, яғни бөтен болса, құмарланбау шартымен тізесі мен кіндік арасынан басқа жеріне қарауына болады.

Малики және Ханбали мәзһабы бойынша екі көзқарас бар:

1. Ханафи мәзһабының көзқарасымен бірдей.

2.  Шафиғи мәзһабында да ең дұрыс көзқарас болып есептелген; Ер кісі бөгде әйелге қарауда қандай болса әйел кісі де бөгде еркекке қарауда сондай. Өйткені аятта ер кісілердің харамға қарамауы әмір етілгені сияқты әйел кісілерге де әмір етілген. Оған қоса, Әбу Дәуіттің хадис жинағында келген мына хадисте көзі көр Үмму Мактум (р.а.) өзін іздеп шаңырағына келгенде, Пайғамбарымыз (с.а.у.) Үмму Сәлама мен Хафса (р.а.) аналарымызға «Сендер де соқырсыңдар ма? Оны көрмейсіңдер ме?» деп перденің артына өту керектігін бұйырған (24).

 

Харамға қарауға жататын: тәжәссус

Тәжәссус: адамдардың бөгде адамдардан жасырған, көрулерін қаламаған жағдайларын құпия әрі әдейі аңду. Бұндай жағымсыз іс-әрекетке Алла Тағала «Хужурат» сүресінің 12 аятында «Тіміскілеп, аңдымаңдар!» деп мүминдерге тыйым салған. Бұған байланысты хадис кітаптарында көптеген оқиғалар айтылады. Солардың бірі төмендегідей: «Бірде бір кісі Расулалланың есігіндегі тесіктен Пайғамбарымыздың тарақпен шашын тарағанын көріп қалады. Пайғамбарымыз (с.а.у.) әлгі кісіні көргенде:  «Егер мені аңдығаныңды білгенімде, көзіңе тарағымды сұғып алар едім» деді. Артынша «(Кірерде) Рұқсат сұраудың себебі көзге әлдене (жағымсыз нәрсе) түспеуі үшін» деді (25).

Жоғарыдағы мәселеге қосымша мынаны да айта кеткенді жөн көрудеміз. Негізінде Ислам діні жас балалардың балиғатқа толмай тұрған уақытынан бастап аңдымауға (тәжәссус) үйретуді көздеген. Бұл мәселе Нұр сүресінің 58-59 аяттарында былай айтылады; Уа, иман еткендер! Қоластыларыңдағы құлдарың мен қызметшілерің һәм араларыңдағы балиғатқа толмаған жас балалар мына үш мезгілде жеке бөлмелеріңе кіру үшін рұқсат сұрасын: Таң намазының алдында, түскі уақытта тынығып алу үшін киімдеріңді шешкендеріңде және құптан намазынан кейін. Міне, осы үш мезгіл сендердің ұятты (яғни, абиырларыңның ашылып қалуы әбден мүмкін болған) шақтарың. Ал бұдан өзге уақыттарда сендер үшін де, олар үшін де бір-біріңе рұсатсыз кіріп-шығудың айыбы жоқ. Өйткені, (бір шаңырақ астында немесе бір аулада болғандықтан) біріңе-бірің кіріп-шықпауларың мүмкін емес. Міне, Алла тағала сендерге аяттары мен нұсқауларын осылайша баяндайды. Алла бәрін білуші шексіз ілім иесі, әр ісі мен үкімінде көптеген хикметтер болған асқан даналық иесі. Балаларың балиғатқа толғанда, өздерінен үлкендердің рұқсат сұрағанындай, олар да жеке бөлмелеріңе кіру үшін рұқсат сұрасын. Алла сендерге Өзінің аяттарын, хикметті нұсқауларын, міне, осылай баяндайды. Алла бәрін білуші шексіз ілім иесі, әр ісі мен үкімінде көптеген хикметтер болған асқан даналық иесі

Бұл бойынша балалар отбасында ненің харамға жататыны (махрамия) турасында жақсы тәрбие алса, анағұрлым мұқият болады әрі бөгде кісілерді аңду сияқты жағымсыз істерге бармас еді. Яғни, үйімізде бір іс жасауға рұқсатпен бастауды үйретсек, бөгде адамдардың әурет жерлеріне орынсыз қараудан да бас тартқан болар еді. Осы себепті Ислам біреуді аңду сияқты жағымсыз қылықтардан арылуды отбасында-ақ шешу жолын таңдаған, мәселені түп негізінен шешкен. Кейде еркімізден тыс бір мұсылманның харам іс жасап жатқанын көруіміз мүмкін. Бұл жағдайда мүмин ретінде ол кісінің артынан түсіп, аңдымастан, кері бұрылып «Ұлы Раббым, күнәкар құлдарыңды тура жолға сала гөр, мені де кешір» деп ол жерден алыстап әрі көргенімізді де ұмытуымыз керек. Тек қоғамға зияны тиетін мәселе болса, өз заңына сәйкес жауапты мекемелерге білдіруде пайда бар. Бұл да бір мағынада мүминдердің бір міндеті болып табылатын «Жаманшылықтан тыю» (нәһи анил мункар) міндеті.

 

Қарауы харамға жатпайтын нәрселер

Расулалла (саллаллаһу алайһи уәсаллам) ер кісіге үйлену мақсатымен махрам емес әйел затына қарауға рұқсат барын білдірген. Әбу Хұрайрадан (радиаллаһу анһу) жеткен хадис мына мағынада: «Мен  Пайғамбарымыздың (с.а.у.) қасында отырғанымда бір кісі келіп Ансарлардан бір қызбен үйленгелі жатқанын айтты. Сонда Пайғамбарымыз одан «Әлгі қызды көрдің бе?» деп сұрады. Сахаба «Жоқ» дегенде: «Онда бар да оны көр. Өйткені Ансарлардың қыздарының көзінде бір нәрсе (жымсықтық) болады» деді (27)

Мұғира ибн Шуғба (р.а.) риуаят еткен Имам Тирмизидің хадис жинағында келген хадисте жоғарыдағы мәселені басқа бір жағынан айшықталған. Мұғира ибн Шуғба бір қызбен үйленгісі келгенде, Алла елшісі оған: «Ол қызды көр. Өйткені оны көруің араларыңдағы сүйіспеншілік пен махаббаттың жалғастық табуы үшін маңызды» деді (28). Бұл жерде қараудан мақсат, бөгде әйелдің дін рұқсат еткен жерлеріне ғана қарау. Әйтпесе, қарау харам болып табылатын дене мүшелеріне қарау емес.

Зәру жағдайлардағы қарау да ережеден тыс қарастырылады. Оған, дәрігерге барған әйел кісі (күйеуі немесе басқа да бір туысының қасында болу шартымен) емделу мақсатында белгілі жерлерін ашуына рұқсат етіледі, сауда-саттық барысында ақша алу не беру үшін, жақтау не даттауда куәгерлік жасау үшін, сотта әйелге қатысты үкім берерде соттың оған қарауы, оқуда әйелдің қасында махрамы болмаған не перде артында тұрып сабақ алу мүмкіндігі жоқ жағдайды да осы аяда атауға болады (29). Алайда осы секілді қарауларда зәрулік шегінен аспауға мән беріп, мақсат етілген зәрулік өлшемінен асып кетіп, әйел кісілердің мазасын алатындай жағдай тудырмауға көңіл бөлу керек. 

 

Қорытынды

Бізге өз рухынан үрлегенін айтқан Раббымыздың бұйрықтары мен тыйымдарына мұқияттылық таныту құлдық түсінікке ие кез келген мүмин үшін міндетті іс. Осы сөйлем аясында қарасақ, рухымыздың әлемге ашылған терезесі іспетті көзімізді харамнан қорғап, рухымызға күнә ластықтары жұғуына жол бермеу керек. Әсіресе, заманымызда технологияның шамадан тыс көбейгенін ойласақ, оңаша болған кезімізде немесе қиналып жалғыздық сезінген сәттерде «Уа, Хайи әрі Қайюм Аллам! Сенен рақымыңды тілеймін. Бүкіл істерімді дұрыстай гөр! Мені көзді ашып-жұмғандай сәтке де нәпсіге еріп кетуден сақтай гөр!» (30)  деген дұғамен жалбарына бастауымыз керек.

Қандай да бір жұмыспен немесе иман қызметіне қатысты міндет болмаса, күнәға тола сауда-саттық орындарынан бойды аулақ ұстау қажет. Міндетті түрде сыртқа шығу керек болса, жолда барынша абайлап, Шайтанның оқтарына аса сергектік танытқан жөн. Бұны еңсере алу үшін екі шарт бар: әуелгісі, сауда-саттық орындарына шықпай тұрып, руханиятымызды күшейтетін кейбір нәрселер оқу немесе тыңдау; екіншісі, бір жерге бара жатқанда қолдан келгенінше жалғыз бармауға тырысу, бір-екі ізгі кісіні жанымызға ерту.  Бүкіл осы талпыныстарға қарамастан, еркімізден тыс жүрегіміз бен рухымызды кірлететін ластықтар болуы мүмкін. Бұндай жағдайларда алғашқы мүмкіндікте намаз, садақа, ораза және дұға секілді ғибадаттармен еркімізден тыс келіп рухымызға жұққан күнәларға каффарат іздеуіміз керек 31.

 


Пайдаланылған әдебиеттер:

1.                           Ибн Манзур, Лисану Араб, н-з-р бабы. Рази, Мухтару Сихах, н-з-р бабы.

2.                           Саид нурси, Сөздер, Шахдамар баспасы 49.б.

3.                           Исра сүресі 32-аят.

4.                           Насафи, Мадарик, 2/411.

5.                           Насафи, 2/411.

6.                           Елмалы, 5/3502.

7.                           Саид Нурси, “Лемалар” 169-170 бет.

8.                           Саид Нурси, “Лемалар” 9 бет.

9.                           Абдураззақ, Ал-Мусанниф, 5/80.

10.                       Саид Нурси, “Кастамонлы лаһикасы” 105 бет.

11.                       Сахих Бухари, 19/238.

12.                       Абдураззақ, Ал-Мусанниф,5/80.

13.                       Ибн Аби Асым, Ал-Ахад уал-масани, 1/378.

14.                       Сахих Бухари, 19/262.

15.                       Ибн Хажар, Фатху бари, 17/469.

16.                       Сахих Муслим, 2/237.

17.                       Хаки, Мустадрак, I-IV, БАЙРУТ, 1990,VI/349.

18.                       Ибн Касир, VI/45.

19.                       Ахмад ибн Ханбал, Мүснад, III/304.

20.                       Ф.Гүлен, Өлімсізлік иксирі, Стамбул, 2009, 103-104 бет.

21.                       Уаһб Зухайли, Фиқһул Ислам уа адиллатуһ, Дамаск 1989, III/560.

22.                       Зухайли III/562.

23.                       Зухайли III/561.

24.                       Зухайли III/564.

25.                       Сахих Муслим, XI/250.

26.                       Тахауи, Шарху мағани асар, I-IV, БАЙРУТ 1399, III/14.

27.                       Сахих Мүслим, vii/250/

28.                       Тирмизи, Сунан, IV/264.

29.                       Зухайли III/564.

30.                       Баззар, Муснад, II/282.

31.                       Ф.Гүлен, Өлімсізлік иксирі, 128 бет.

 



Оқи отырыңыз