Akikat.kz - рухани танымдық, ғылыми портал

http://akikat.kz

Басты бет > Мақалалар > Сүннет жолы > Мүтауатир хадистер

Мүтауатир хадистер

2015-07-16 2631

Хижри жыл санағы бойынша алғашқы үш ғасыр Ислам ілімдерінің қалыптасу кезеңі. Кейінгі ғасырларда қажет болатын материалдар осы кезеңде кей-кейде өңдеуден өтіп, кейде өңделуге дайын күйге келтіріліп жинақталған. Негізгі бағыттары белгіленген көптеген ғылыми сала да, атауы да осы дәуірді еске түсіреді.

Ешқандай ілім адам өмірі сияқты қысқа уақытта толықтай қалыптасып әрі кәмілдікке жете алмайды. Кәмілдік өзіне тән шарттармен қалыптасуы мүмкін. Негіздердің бекем анықталуы – қол жетпеске қол жеткізудің негізгі шарты болса керек. Осы тұрғыдан қарағанда, кейінгі қоғам, мәдениет, ойлау жүйесі әрі терең рухани өмірге ашылуларға бесік болатындай осы алғашқы кезеңдегі талпыныстар қандай да мақтауға тұрарлық белсенділік байқатуда. Сахаба Алла елшісімен, ал табиғин сахабалар және Пайғамбарымыздың көзі тірісіндегі бақытты ғасырмен етене тұр. Сол себептен тәбәи табиғиндер үшінші буын ретінде жарық дүниеге көз ашқанда, белсенді әрі шынайы ғылыми ортаға тап болды. Олар да осы ғылыми ортаға қосымша рең беріп, қосымша үйлесім қосты.

Құран Кәрім мен хадис шәріптер сол күн үшін барлық жағынан мұсылмандардың өмірінтолық қамтып тұрған ең маңызды іс әрі міндет еді. Алланың мұратын түсіну әрі Пайғамбар хикметін ең жоғарғы деңгейде ұғына алу үшін әдістер дамытуда еді. Ислам дінінің екі негізі болған Құран Кәрім мен хадис шәріптердің кейінірек әрқайсысы өз ішінде жеке ғылым саласына айналуға бөлінуі осы ерте кезеңде бастау алған.

Хадис ілімдері көптеген салалар мен сыныптарға бөлінген кең ілім кітапханасының ортақ атауы ретінде қолданылады. Біз бұл мақалада қолға алған мәселеосы бай кітапхана ішінде барынша қарапайым тақырыптық орын алған мүтауатир хадистер төңірегінде өрбімек.

Хадис ілімінің негізгі материалын мәтін, сәнәд (тізбек) және рауиге (хадис жеткізуші)қатысты өлшемдер тұрғысынан қарастыруға тақырып болып отырған «ахад хадис» бөлімі құрайды.

Мүтауатир хадистер өздеріндегі ерекшеліктерге байланысты сәнәд және рауилер сынына ұшырамайды. Осы себепті хадис әдістемесіне (усул) қатысты еңбектерде мүтауатир хадистер жайлы баяндаулар мейлінше қысқа. Тіпті бұлар мәшһүр хадистердің бір бөлігі ретінде қарастырылады. Ибн Хажар мүтауатир хадистермен мәшһүр хадистердің арасында біржақты жалпылық пен жалқылық (умум, хусус) барын айтады: «Әрбір мүтауатир хадис мәшһүр хадистың ерекшеліктерін де қатар қамтиды. Бірақ әр мәшһүр хадис мүтаутир болмайды». Мүтауатир хадистерге байланысты жеке жазылған еңбектерге келсек, бұлардың барынша кешеуілдеген кезеңде қолға алынғаны байқалған.

Тақырыпқа егжей-тегжейлі тоқталмай тұрып жиі қайталанатын кейбір термин сөздерге қысқаша тоқталғанымыз жөн.

Табақат: Сөздікте мүшелері бір-біріне ұқсаған қауым немесе топ деп келеді1. Ал терминдік мағынасы жас тұрғысынан һәм хадис иснады* тұрғысынан бір-біріне жақын болғандар немесе тек иснад тұрғысынан бірдей деңгейде болғандар деген сөз. Бұл бойынша сахабалар бір табақат. Табиғин бір табақат, тәбә и табиғин өз алдына бір табақат болып есептеледі2.

Яқин: Ислам ілімдері терминологиясында кең қолданыстағы бұл сөз бұл жерде мүтауатир хабардың адамдатуындататын ілім тұрғысынан қарастырылған. Болған оқиғаға сәйкес әр түрлі күмәннан таза әрі нақтылықты білдіретін сенім деген мағынаға саяды, осындай сипаттағы хабар мутауатир хабар болып есептеледі3.

 Дарури ілім: Қандай да бір дәлелге, ғылыми зерттеулерді қажетсінбестен қол жеткізілген мағлұмат. Дарури ілімге жеткізу мүтауатир хадистың айрықша сипаты. Мәшһүр және аһад хадистерді өзге бірнеше дәлелдер қуаттасада дарури ілімді білдірмейді, тек назари ілімді білдіреді4.

Назари ілім: Белгілі  дәлелдер мен зерттеулер нәтижесінде пайда болған  ілім (яғни теориялық білім). Бұл мәліметтің бір нәрсе білдіруі үшін тыңдаушылар мәселені дәлелдеу үшін алға тартылған айғақтарды түсіне алатындай жағдайда болуы керек. Назари ілімді білдіру Ахад хадистердің бір  ерекшелігі.

 

Мүтауатир сөзіне түсінік

«Мүтауатир» сөз тұрғысынан алғанда «тафаъул» бабынан шыққан есімдік. Бір-бірінің ізін ала жарық көру немесе бірінен кейін бірі пайда болған нәрселер арасында сәл кідіріп, жай-жай көрініс беруді білдіреді5.

Құран Кәрімде «мүтауатир» сөзімен бір түбірден шыққан «татра» сөзін тәпсір ғалымдары «араға уақыт салып бірінен кейін бірінің жалғасуы» деп жорамалдаған. «Мүминун» сүресінің  44-аятында өтетін «татра» сөзіне Имам Суюти: «(араларында ұзақ уақыт болуымен) бірінен кейін бірін жібердік»6 деп, Табари ибн Аббастан (р.а.) риуаят еткен бір сөзінде: «кейбірін кейбірінің соңын ала немесе ізімен жібердік»7 деп түсіндіреді. М.Хамд Язар тәпсірінде жоғарыда айтылған аятқа: «содан соң елшілерімізді бірінен кейін бірін жібердік»8 деп мағына берген.

Терминдік тұрғыдан «мүтауатир»көбіне бір мағынаны білдіретін кейде қысқа, кейде шарттарында өзінде қамтитындай кең түрде түсіндірілген. Хатиб әл-Бағдади түйінді сипаттама беріп: «Әдетте жалған айтуға өзара келісіп алуы мүмкін емес бір топтың риуаят еткен хабары*. Хабар осыжолмен тауатүрге жеткенде дарури ілімді білдіреді»9 дейді.

Шарттарын да қамтыған кең анықтама мынандай: «Өзара жалған айтуға келісіп алуы мүмкінемес топтың, сан тұрғысынан өздері секілді адамдардан жеткізген хабарлары, дәл осы жағдай Пайғамбарымызға (с.а.у.) дейін солай жалғасады. Бұндай байланыс құра білу үшін көпшілік топтар арасында қандайда бір үзік болмауы қажет, ал осы шарттар жүзеге асқанда,айтылған хабар Пайғамбарымыздан (с.а.у.) естілген деген жағдайға жетеді10.

 

Мүтауатир хадистердің шарттары

Жоғарыдағы анықтаманың мазмұнынан байқалғандай, хабардың мүтауатир болуы үшін мына үш шарттың болуы міндетті:

1.       Хабарды жалған айтуға өзара келісіп алуы мүмкін емес бір топтың риуаят еткен болуы керек. Хабарды риуаят еткен топтың саны жайында әр түрлі дәлелдер мен түрлі сандар келтірілсе де (4, 5, 10, 12...) келтірілген дәлелдердің әрбірі сол тақырыпқа қатысты болғаны үшін, бұл дәлелдер мақұлданбаған11. Өйткені бұл жерде маңызды болған нәрсе: сан жайында нақтылаудан гөрі жалған айтуға өзара сөз байласуы мүмкін емес топ  риуаятының жүзеге асуы. Бұл тұрғыда Ибн Хажар мәселе белгілі бір санда емес, хабарды әр табақада бір жамағаттың риуаят етуі керектігін айтады12.

2.       Хабар махсусатқа (факт), яғни көрілген, естілген бір оқиғаға қатысты болуы керек. Айғақтармен дәлелденуі немесе теріске шығару мүмкін оқиғалар үшін куәгерлердің санының көптігі немесе аздығы болған оқиғаны өзгертпейтіндіктен еш мәні жоқ. Мысалы, екі көбейтілген екінің төртті білдіретінін дәлелдеу үшін әлдекімдерді куәгер ету қажет емес, өйткені бұның нәтижеге ешқандай әсері жоқ, өйткені ол мәселе ақылға негізделген мәселе13.

3.       Хабар әр табақада тауатүр (арасында жалған сөйлеу ықтималдығы жоқ әрі бір көпшілікке сүйенетін қуатты хабар, жеке емес, көпшілікке тән мығым хабар) сипатында болуы керек. Хадис үшін, сахаба және табиғиндердің ғасырында тауатүрді орындай алатын қарақорым топқа жету қажет. Рауилардың саны бұл табақалардың қандайда бірінде тауатүрге жетпесе, бұл жағдайда хабар мутауатир болмайды. Айтқандай, кейінгі кезеңдерде көптеген ахад хабар саны көп топ тарапынан риуаят етілетін болған. Осы себепті хабар алғашқы табақада тауатүрге жеткенде, орта және соңғы табақалардан бірінде тауатүр дәрежесіне жетпесе, мүтауатир болу қасиетін жоғалтады14.

Осы шарттарға қоса басқа да шарттардан сөз етілген. Бірақ бұл шарттар жайында толық бір пікір тоғысы болмаған. Кейбір хадисшілер мүтауатир шартының жүзеге асуын рауилердің мұсылман болуымен шектеген. Алайда рауилердің сипаты, мұсылман болуы немесе басқа діндерге өкіл болуы мүтауатир хабардың ерекшелігін өзгертпейтіндіктен, бұл шарт хадис әдістемешілерінің ерекше бір шарты ретінде ойластырылған15.

 

Мүтауатир хабардың бөлімдері

Жоғарыдағы шарттарға сәйкес мүтауатир хадистер бұдан бөлек риуаят етілу тұрғысынан екіге бөлінеді:

1. Лафзи мүтауатир:Рауилардың риуаят еткен хадисінің сөзінөзара құптаған хадистері. Толық мағынада мүтауатир делінгенде, мүтауатир лафзи түсініледі. Лафзи мүтауатирге мысал ретінде бүкіл үмбеттің келісімімен Құран Кәрімнің Пайғамбарымыздан (с.а.у.) тауатүрдің бүкіл шарттарын қамтып, негізгі ерекшелігін сақтап, ғасырлардан өтіп бізге жетуін көрсетуге болады. Бұл ақиқат үмбет арасында ортақ мойындауға ие. Енді ешкім «Құран Кәрімнің рауилерікім? Рауилар риуаяттың (хадис жеткізу)талаптарына сай ма?»деген сұрақтарды сұрауды қажетсінбейді. Өйткені бұл сондай ашық ақиқат болғандықтан, бүкіл адамдарды осы шындықты мойындауға мәжбүр етеді.

Мұхаддистер (хадис зерттеушілер) лафзи мутауатир хадистерге «Кімде-кім менің атымнан әдейі жалған сөйлесе, тозақтағы орнына дайындалсын!»16 деген хадисті мысал ретінде келтіреді. Ибн Жаузи «Маудуат» атты еңбегінде осы хадисті 61 сахабаның риуаят еткенін айтып, хадисты рауиларымен бірге жеткізген17. Имам Суюти болса, бұл хадистың 100-ден астам рауиы бар екенін айтады18. Мүнауи, «Жамиус-сағир» түсіндірмесінде осы хадисті тура сол мағынада не ұқсас сөздермен екі жүз сахабаның риуаят еткенін айтады19. Ибн Хажар ашара-и мүбашараның (жәннатпен сүйіншіленген он сахаба) осы хадиске бірауыздылық танытқанындай, өзге хадиске ауызбіршілік танытпағанын айтады20.

2. Мағыналы мүтауатир:Мутауатүр талаптарына ие рауилердің ортақ мәселе төңірегіндегі риуаяттары. Бұл бөлімде ортақ бір сөзде пікір біріктіру талабы жоқ. Бұл тұста маңыздысы (қадру муштарак) ортақ тақырып төңірегінде бірауыздылыққа бару. Лафзи мүтауатирге қарағанда шарттары өзгеше, басқа жағынан бағаланған мағыналымүтауатир хадистер әр түрлі сөздермен риуаят етілседе,ортақ бір мағынаны қуаттау тұрғысынан тақырыптың нақтылығын білдіреді. Дұғада қолдарды көтеру21, ақырзаманда туындайтын бүліктер, хауд, Айдың екіге бөлінуі,шапағат пенұқсас тақырыптардағы сияқты хадистер осы қалыпта риуаят етілген. Мағыналымүтауатир хадистер сан жағынан Лафзилардан мейлінше көп. Бұдан бөлек, мағыналы мүтауатир болған хадистердің әрбірі сахих,хасан түрлеріне бөлініп, хадис ілімі аясында зерттеледі.

Мағыналы мүтауатир ретінде қарастыруға болатын тағы бір ұғым – «Амали мүтауатир»22. Намаздардың уақыттары, намаздың рәкат сандары, айт намаздары, жаназа намазы сияқты амалдар да осы түрге жатады. Бұдан бөлек, бұлар мұсылман жамағаттың бір мәселеде «ижмаъ» (бірауыздылық) жасауына да ұқсайды. Сондықтан тауатүрге жеткен мәселелер адасушылықта бас біріктірмеу кепілдігі бар бұл үмбеттің ижмалық қуаттауын да білдіреді23.

Мүтауатир хадистерге қойылған талаптарды жүзеге асырудың ауырлығына байланысты кейбір ғалымдар Құран Кәрімнен басқа «Лафзи мутауатирдың» жоқтығын айтса да24, алға тартылған дәлелдер басқаша жорамалданған. Ибн Салахтың бұл мәселедегі пікірлеріне Зайнуддин Ал-Ираки25 мен Ибн Хажар жауап берген. Мүтауатир хадистердің хадис жинақтары ішіндегі маңызына назар аудартқан26.

 

Мүтауатир хадистердің үкімі 

Иманды адамдардың  өмірін бір қалыпқа келтіру тұрғысынанхадис шәріптердің маңызды рөл атқаратындығыталассыз. Бұл әсер алғашқыда көбіне мүтауатир, мәшһүр, ахад деп бөлуге қажеттілік болмай-ақ практикалық өмірде үкімін жүргізген. Бұның бұлай болғандығы мәселесінде бұған келіспейтін кейбір көзқарастарды негізге алмағанда, жалпы мұсылмандар арасында аталмыш мәселеде бірауыздылық бар.  

Мүтауатир хадистер фиқһи мәселелерге негіз болуы тұрғысынан өзгеше маңызға ие. Ислам үмбетінің бірауыздан қабылдаған хабары мұсылмандар арасында ижмаъ саналып, ешкімнің қарсы келе алмайтынын білдіреді. Бұл мәселені Имам Сарахси «Усул» кітабында кеңірек қолға алған. Оның айтуынша, мүтауатир хадистер Алла Тағаланың хикметінің бір көрінісі. Бұл негіз иләһи үкімдердің, елшілердің өлімімен тоқтап қалмай жалғасуы, әсіресе Пайғамбарымыздың (с.а.у.)қияметке дейін жалғасатын хақ дінініңжалғасуы тұрғысынан өзгеше құрметке ие. Бұндай  байланыс болса, нақты мәлімет арқылы ғана шынайы мағынада жүзеге асады»27.

Хазірет пайғамбардың көзі тірі бақытты ғасырдан кейінгі уақытта өмір сүрген мұсылмандар діндеріне байланысты кейбір мәселелерге Алла елшісінің (с.а.у.)мүбәрак аузынан естігендей қол жеткізгенде ғана армандалған әлгі күшті байланыс толыққанды жүзеге асады.

Имам Сарахси тағы бір сөзінде мүтауатир хадистің үкіміне қатысты: «Біздің мәзһаб ғалымдарының пікірінше, тауатүрмен нақтыланған хабар дарури ілімді білдіреді» - деуде28.

«Хужжиятус-сунна» атты еңбектің авторы хадистің шариғи дәлел болу ерекшелігін тілге тиек етіп «Мүтауатир хабарды мойындамаған, Пайғамбарымыздан (с.а.у.) жеткен нәрсені мойындамағандықтан, яғни дін алға тартқан нәрсені мойындамағандықтан, күпірлік жасайды. Әйтпесе, Бағдаттың бар екенін мойындамаған адам несіне күпірлік жасасын?!»29.

Фахрул Ислам Баздауи мүтауатир хадис ретінде анықталған бір хабарды мойындамағанның әрі бұл хабарға қайшы әрекет еткен адамның  күпірлік жасайтынын айтады30. Бұған қоса,әл-Қасими да мүтауатир хабарлармен амал етудің міндетті екенін, өйткені бұл хабарлардың дарури ілімді білдіретіндігін айтады31.

Нәтижеде мынаны айтуға болады: Мүтауатир хадистер – діни үкімдердің нақты тірегі. Шарттары толық жүзеге асуы жағдайында мүтауатир хадисті мойындамау адамды имани тұрғыдан қауіпке итермелейді.

 

Мүтауатир хадистер жайлы еңбектер

Хадис іліміне қатысты еңбектер алғашқы ғасырдан бастап жазыла бастаған. Хадис әдебиеті әр ғасыр өткен сайын түпнұсқа еңбектермен ұдайы молайып, өте бай хадис жинағына айналды.Мүтауатир хадистер сахих хадис кітаптарында тақырыптарға қатысты жерлерде рауилерімен бірге өтеді. Сахауи мүтауатир хадистер жайлы Имам Заркашидың бір еңбегінен сөз етеді. Алайда бұл еңбек жайлы қандайда бір мәлімет бермейді32.

Біздер көптеген тақырыпта өзімізді оған борыштар сезінетін Имам Суюти бұл тұста алғашқы қадам жасап, қажетті мәлімет жинақтаған: «(Мүтауатир хадистер) тақырыбында қазірге дейін ешкім жазуды ойға алмаған бір кітапты жазуға ниет еттім.  «әл-Азһару мутанасира фил-ахбариәл-мутауатира» деп атағанбұл кітабыма мүтауатир хадистерді баб ретіне қарай тәртіппен жаздым. Кейінірек бұл еңбегімді«Қатфу әл-Азһарил мутанасира фил-ахбариләл-мутауатира»деп атапықшамдадым. Қысқартып жазған бұл еңбегімде хадисті риуаят еткен он сахабамен бірге осы риуаятты алған әйгіліхадис кітаптарын атадым33. Суюти осылай деп айтып танытқан бұл еңбегінде 113 мүтауатир хадисті келтірген. Еңбек 312 бет болып 1985 жылы Бейрутта басылған.

Екінші бір еңбек Ибн Талунның (қ.ж.953) «әл-Лайялил мутанасира фил ахадисиләл-мүтауатира» атты еңбегі.Ибн Талунның  бұл еңбегін  Забиди есімімен танымал Абул Файз Мухаммад Мұртаза Хусейниәз-Забиди (қ.ж.1205) ықшамдаған және оны «Лақтул-ләалил-мутанасира фил ахадисил-әл-мүтауатира» деп атаған.

Имам Забиди бұл еңбегінде 60-қа жуық хадисті рауилерін дереккөздерімен  бірге жеке-жеке атаған. Ең алғаш 1985 жылы өңделіп басылған еңбектің тағы бір ерекшелігі, кітапта өткен мүтауатир хадистердің мүтауатирге тән жазылған еңбектердегі орындарын да көрсетуі.

Имам Забиди «мән казаба аләйя...» хадисының 99 рауиын34, «Хауз» хадисын 50 кісі риуаят еткенін35, «Исраға»қатысты хадистың 27 рауиін36 атаған. «Шапағат» хадисы үшін де 12 рауидың атын берген. әл-Қаттани есімімен белгілі Сайд Шариф Мұхаммад ибн Жағфар (қ.ж.1345) өзі анықтаған мүтауатир хадистерге Имам Суютидың «әл-Әзһарындағы» хадистерді де қосып әрі жеке баптарға бөліп «Назмул мутанасира минәл-ахадис мутауатира» атты еңбекті жарыққа шығарған. әл-Қаттани бұл еңбегінде 320-ға жуық мүтауатир хадисты сахаба мен табиғин рауилерін аттарымен атап, кейінірек аз ғана айтып өткен әр хадис жайында ғалымдардың пікірлерін келтірген.

Мүтауатир хадистердің рауиларының саны мен сапасын бірізділеу (тахдит) сөз етілмесе де, рауилардың аттарын атау оқыған адамдар үшін түсінік қалыптастыру тұрғысынан маңызды. Және осы еңбекте әл-Қаттани еңбегінің бас жағында мүтауатирге қатысты құнды мәліметтер келтіріп кең тоқталған. Бірақ бұл еңбекті көңкөлемді пайдалану жағдайына келтіру үшін жоқ дегенде әз-Забидидың кітабындағыдай техникалық өңделуден өтуі қажеттігі сезілуде. Иснад осы үмбет үшін өзінің маңыздылығы әрі қамтыған кең мағына  тұрғысынан Алла Тағаланың бір игілігі әрі осы діннің бір ерекшелігі37.

Әсіресе толығымен риуаятқа негізделіп жеткен тарихи мағлұматтарды алып қарасақ, ислами дереккөздердің қаншалықты артықшылыққа ие екендігін ұғынамыз. Бұндай қорғайтын ерекшеліктен мақұрым тарихи оқиғаларға негізсіз ақпараттардың араласып кету ықтималы айтарлықтай мол. Бұл тақырыпта Ахмет Найм мырза «Тажрид сарих» атты еңбектің бірінші томында «Әдістеме туралы бірер сөз»38 және «Бір салыстыру»39 атты мақалаларында тақырыпты кең әрі шебер түрде қолға алған.

Жоғарыда әлсін-әлсін түсіндіруге тырысқанымыздай, бүгінгі күні Америка құрлығының бар екенін мойындамаған адам тек өзінің ақымақтығын байқатады. Алайда тақырып Алланың елшісіне тән мәселе болғандықтан, діннің өлшемдері араға кіреді. Осы себепті бір мүтауатир хадисті мойындамаған адам діннің негізгі дереккөздерінің бірі болған хадис шәріптердің бірін мойындамаған адам жағдайына түседі. 

Ислам ілімдерінің алтын ғасыры болған алғашқы үш ғасыр Алланың игілігіне лайықты болуға деген талпыныстың ең шарықтау биігіне жеткен кез. Бекітілген үкімдік ұстанымдар да сол кезеңдегі адамның асқан талпынысының жемісі. Қазіргі «Ислам ілімдеріне» құштар жандардың алдында осы тұнық бастаудан сусындаудың жолдарын іздеу міндеті тұр. «Алтын ұрпақ» деп атаған сол ұрпақты әрі солардың арқалаған міндетін М.Фетхуллаһ Гүленнің қаламынан туған ойларын жеткізумен мақаламызды аяқтамақпыз:

«Олар тыңдады, белгіледі, зерттеді, өмірде ұстанды әрі жеткізді... Осылайша Сүннет те Кітап (Құран Кәрім) секілді әлгі таза жолдармен басталып, қайта таза жолдардан жүре келе, бүгінгі күнге жетті… Орталықтан тебетін күш пен Қияметке дейін де жалғаса бермек…»40.

 


Пайдаланылған әдебиеттер

1.    Ибн Манзур, «Лисанул Араб» «тбқ» бабы.

2.    Зафар Ахмад Таханауи, «Қауағид фи улумул хадис» 47,48-бет; «Мужтеба уғур Хадис терминдері сөздігі» 380-бет.

3.    Ибн Хажар, «Шарху нухба нузһату назар фи таудих нухбату фикр» 40-бет.

4.    Имам Науауи, «Сахиху муслим би шарху Науауи» 1-том, 20-бет.

5.    Асым Ефенді, «Қамус тержумесі» 1 том. 735 бет.

6.    Имам Суюти, «Тафсиру жалалайн» 2 том. 47 бет.

7.    Табарани, «Жамиғул баян» 18 том. 24 бет.

8.    Елмалы Мухаммад Хамди Иазар, «Қақ діні Құран ділі» 5 том. 3455 бет.

9.    Хатиб Бағдади, «Ал-Кифая фи илми риуая» 61 бет. Ибн Абдулбарр, «Жамиғу баяну илм уа фадлиһи» 2 том. 34 бет.

10.    Имам Сарахси, «Усулу сарахси» 1 том. 282-283 бет. Абдулазиз ал-Бұхари, «Кашфул асрар ан Усулу фахрил Ислам ал-Баздауи» 2 том. 671 бет.

11.    Ибн Хажар, «Шарху нухба нузһату назарфи таудих нухбату фикр» 38 бет. Абдуллхай Лакнауи, «Зафару амани мухтасару Журжани» 40 бет. Мухаммад ибн Абдулхамид Ал-Асманди, 383 бет.

12.    Ибн Хажар, «Шарху нухба» 38 бет. «Фатху бари» 1 том. 246 бет.

13.    Ибн Хажар, «Шарху нухба» 39 бет.

14.    Ахмад Найым, «Тажрид сарих тержумасы» 1 том, 102 бет.

15.    Лакнауи, «Зафару амани» 43-44 бет. Али Осман Кошқұзы, «Риуят ілімдерінде хабері уахидлерін итикад ве ташри иөнлерінден дегері» 61 бет.

16.    Бухари, «Ілім» 38. Муслим, «Иман» 113. Абу Дауід, «Ілім» 4. Тирмизи, «Фитан» 80. Ибн Мәжа, «Муқаддима» 4. Дарими, «Муқаддима» 25. Ахмад ибн Ханбал, «Муснад» 1 том,65-78 бет.

17.    Ибнул Жаузи, «Маудуғат» 1 том. 6 бет.

18.    Имам Суюти, «Тадриб рауи» 177 бет.

19.    Мунуи, «Файзул қадир шарху жамиғу сағир» 6 том. 216 бет.

20.    Ибн Хажар, «Фатху бари» 1 том. 246 бет. Лакнауи, «Зафару амани» 40 бет.

21.    Имам Суюти, «Тадриб рауи» 375 бет.

22.    Ибрахим ибн Али Кулайб, «Муһимату улумил-хадис» 91 бет.

23.    Ибн Абдулбарр, «Жамиғу баяну илм уа фадлиһи» 2 том. 34 бет. Мухаммад ибн Абдулхамид Ал-Асманди, 383 бет.

24.    Ибн Салаһ, «Улуму хадис» 267 бет.

25.    Зайнуддин әл-Ираки, «Тақид уал идаһ» 265 бет.

26.    Ибн Хажар, «Шарху нухба» 42 бет.

27.    Имам Сарахси, «Усулу сарахси» 1 том. 284 бет.

28.    Имам Сарахси, «Усулу сарахси» 1 том. 291 бет. Абдулазиз ал-Бұхари, «Кашфул асрар ан Усулу фахрил Ислам ал-Баздауи» 2 том. 659 бет.

29.    Абдул Халиқ, «Хужжияту сунна» 253 бет.

30.    Абдулазиз ал-Бұхари, «Кашфул асрар» 2 том. 671 бет.

31.    М. Жамалуддин Қасими, «Қауанину тахдис мин фунуни мусталаху хадис» 42 бет.

32.    Саһауи, «Фатһу муғис» 3 том. 44 бет.

33.    Имам Суюти, «Тадриб рауи» 374 бет.

34.    Абул Файз Мухаммад Мұртаза Хусейни әз-Забиди, “Лақтул-ләалил-мутанасира фил ахадисил-әл-мүтауатира” 263 бет.

35.    әз-Забиди, 229 бет.

36.    әз-Забиди, 78 бет.

37.    Имам Науауи, «Сахиху муслим би шарху Науауи» 1 том. 84 бет.

38.    Ахмад Найым, 1 том. 82 бет.

39.    Ахмад Найым, 1 том. 91 бет.

40.    М. Фатхулла Гүлен, «Сонсыз Нұр» 3 том. 50 бет.

 

* Телу. Тізбек немесе риуаятта біреуге сүйену, хадисты кімнен естігенін яғни хадистың шынайылығын анықтау (ауд.)

*хабар – кейбір ғалымдар хадис мағынасымен бірдей десе, кейбірі пайғамбардан өзгелердің сөзін хабар деп атаған (ауд.).

 

 



Оқи отырыңыз