Akikat.kz - рухани танымдық, ғылыми портал

http://akikat.kz

Басты бет > Мақалалар > Ақида және ғибадат > Имам Матуриди көзқарасында ажал мәселесі

Имам Матуриди көзқарасында ажал мәселесі

2015-07-13 1954

«Ажал» сөзінің тілдік мағынасы – уа­қыт, ме­зет де­генді біл­ді­ре­ді. Шари­ғат­ тер­мин­інде – тіршілік иесі үшін бел­гі­лен­ген өмір­дің бі­туі немесе өлім уақы­ты­на ай­ты­ла­ды. Ажал ертелі-кеш әркімнің басына бір келер шындық. Одан ешкім қашып құтылмақ емес. Қасиетті Құранда: «Әркімнің белгілі бір мерзімі бар. Олар сол мерзімі келгенде бір сәт кешіктірілмейді және алға жылжытылмайды» (Ағраф сүресі, 34-аят) дейді.

Дегенмен ажал келіп, бұл өмірдің аяқталуы мәңгі жоқ болып кетуді білдірмейді. Керісінше, ақырет өміріне аттану, мәңгілік өмірдің жалғасын табуы. Алла тағала: «Біз сенен бұрын ешбір тіршілік иесіне бітпейтін өмір бермедік. Енді сен өлсең, олар мәңгі қалады ма? Міндетті түрде барлығына өлім келеді. Біз сендерді жақсылықпен де, жамандықпен де сынаймыз. Түбі бізге қайтып келесіңдер» (Әнбия сүресі, 34-35 аят) деп, өмірдің сынақтан тұратынын, әрбір тіршілік иесі соңында Өз құзырына қайтарылатынын білдіреді.  


Абдуллаһ ибн Масғұдтан (р.а.) жеткен риуаятта Алла елшісі (с.а.у.): «Анығында ана құрсағына түскен адам ұрығы қырық күн жиналады. Тағы бір қырық күнде ұйыған қан болады. Сосын тағы бір қырық күнде кесек етке айналады. Содан кейін Алла тағала періштеге ол кісінің рыздығын, ажалын, бақытты және бақытсыздығын жаздырады. Сосын ол періштені төрт істің тағдырымен жібереді...» [1, 11/486 б.] деп, адам баласының ажалы тағдырында жазылып қойылғанын, кесімді уақытынан өзгермейтінін айтады.


Матуриди мәзһабында әрбір жаратылыс, алып галактикалардан ең кішкентай атом жасушаларына дейін қалай жаратылуы, жүзеге асырылуы және уақыты келгенде жоқ болуының бәрі Алла тағаланың шексіз білімімен «Лаухул махфузда» жазылуына «қаза» делінсе, осы жаратылыстар Алла тағаланың құдіретімен жаратылып, іске асырылуына «тағдыр» делінеді. Бұған Алла тағаланың «Не нәрсенің де қазыналары Біздің құзырымызда. Біз оны белгілі мөлшерде ғана түсіреміз» (Хижр сүресі, 21-аят) деген аяты дәлел. Сондай-ақ, бір адамның қашан туылып, қашан қайтыс болатыны әуелден қаза болып жазылса, оның өз уақыты келгенде туылып, уақыты келгенде қайтыс болуы тағдырға жатады.


Кейде бір адам басқа бір адамды өлтірсе, «Әттең, сол өлтірмегенде әлі де арамызда жүрер еді» деген сияқты сөздер айтылып жатады. Негізінде, тағдырда сол оқиға да, оқиғаға түрткі болған себептер де және сол адамның өз қалау еркі де жазылып қойған. 


Имам Матуриди қатарлы әһлу сүнна уәл жамағат ғалымдары: «Өлтірілген кісі өз ажалымен өлді. Өлтіру – ауру тәрізді өлімнің бір себебі. Ал Мұғтазила ағымының: «Өлтірілген адам өз ажалымен өлмеді. Ол ажалынан бұрын өлді» деген көзқарасы дұрыс емес. Өйткені, бұл түсінік Алла тағаланың: «Әркімнің ажал уақыты келгенде бір сәт кешіктірілмейді және ілгері жылжымайды» (Әғраф сүресі, 34-аят) деген сөзіне кереғар» [2, 171 б.] деп, жазмыш уақыт келмейінше, біреу басқа біреуді өлтіріп, өміріне қиянат жасай алмайды дейді.  


Мұғтазила ағымы Пайғамбарымыздың (с.а.у) «Кімде-кімді рыздығының мол, өмірінің ұзын болуы қуантса, туысқандармен жақсы қарым-қатынаста болсын» [1, 4/353 б.] деген хадисін дәлел қылады. Олар бір адамның өлетін уақыты белгілі. Бірақ, ол туыстарымен жақсы қарым-қатынаста болғаны үшін өмірі ұзартылады. Демек, біреудің қолынан өлген адам да белгілі уақыты келмей өлді. Қылмыскердің салдарынан өмірі қысқарды. Болмаса, қылмыскерді жазалаудың мәні жоқ қой? – дейді. 


Имам Матуриди: «Алла тағала әзали шексіз ілімімен құлының туыстарымен жақсы қарым-қатынас жасайтынын да, жасамайтынын да біледі. Алдын ала толық білгендіктен, құлының тағдырына ұзақ ғұмыр кешуді жазады. Оның өмірі туыстарымен жақсы қарым-қатынаста болғаны үшін кейіннен ұзармайды. Яғни, құлдың туыстарымен жақсы қарым-қатынаста болуы тағдырдағы жазмышты өзгертті, тағы да өмірін ұзартты деу дұрыс емес. Сол сияқты Алла тағала бір адам екінші біреуді өлтіретінін біледі. Білгендіктен, тағдырын «Лаухул махфузда» солай жазады. Бұл жазмыштан асып, Алланың қалауынсыз бір адам екінші бір адамның жанын қалай алмақ? Егер бұлай айтар болсақ, Алла тағала бір істің соңғы нәтижесінен хабарсыз әрі уәделі* ісін толық орындай алмады деген боламыз. Бұл Алла тағаланың өлтіріп, тірілтуге үкім жүргізуді құлға бергені, онда Аллаға кемшілік таңған боламыз. Ал адам өлтіру Алла тағала тыйым салған күнәлі іс. Қылмыскер сол қылмысы үшін жазаланады. Оның бұл қылмысы біреуді ажалынан бұрын өлтіру емес, тек ажалына себеп болу ғана» [3, 371; 89 бб.] деп, Мұғтазила ағымының қате түсінігіне жауап береді.


Өмірдің ұзаруы – берекелі болуы деп те түсінген жөн. Алла тағала құлының жақын туыстарымен қарым-қатынасы жақсы болғаны үшін оның тағдырында белгілі уақытын өзгертпестен, берекелі етеді. Мысалы: Алла тағала 50 немесе 60 жыл өмірі бар құлының өмірін  80 немесе 90 жыл өмір сүретін бір құлының өмірімен тең немесе одан да берекелі етіп, сауабы мол істерге лайық қылады. Міне, бұл да ұзақ ғұмыр кешудің тағы бір қыры деуге тұрарлық.


Бір адамды басқа бір адам өлтіруі себепті өмірі қысқарады немесе туыстарымен арасы жақсы болғаны үшін ұзарады десек, онда адам баласының ажалы ісімен байланысты болды дегендік. Немесе оның ажалы Алла тағаланың өлтіріп, жанын алуға үкім беруімен қатысы жоқ деген түсінік шығады. Бұл Алла тағаланың: «Еш күмәнсіз, Біз барлық нәрсені арнайы есеппен, өлшеммен  жараттық» (Қамар сүресі, 49-аят) деген сөзін жоққа шығару болып табылады. Демек, адам баласының қашан өлетіні Алла тағаланың шексіз білімімен «Лаухуль махфузда» жазылып, Жаратушының құдіретімен іске асады. Адам өз ажалымен өледі. Оны біреудің өлтіруі – ауру сияқты өлімнің бір себебі ғана.

 

 Абдусамад Оқан



ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР:

 

1.     Ахмад ибн Әли ибн Хажар әл-Асқалани, Фатхул бари фи шархи сахих әл-Бұхари, «Мактабатул малик» баспасы, Рияд. – 2001. 11-том, 631 бет. 6364-хадис; Cонда: китабул бүюғ, әл-Баст фи ризқ бабы, 4-том, 582 бет. 2015-хадис.

2.     Мұхаммад әл-Баздауи, Ұсулуддин, «Мәктабатул азһария лит-тұрас» баспасы, Қаһира. – 2003. 271 бет.

3.     Әбу Мансур әл-Матуриди, Китәбут таухид, «Дәру садыр» баспасы, Байрут. – 2007. 538 бет; Бәкір Топалұғлы, Тәуилатул Құран ли Әби Мансур әл-Матуриди, «Дәрул мизан» баспасы, Станбул. – 2007, 13- том, 468 бет.

 



* Аятта: «Ол сондай Алла, тірілтеді әрі өлтіреді» (Ғафир сүресі, 68-аят).



Оқи отырыңыз