Akikat.kz - рухани танымдық, ғылыми портал

http://akikat.kz

Басты бет > Мақалалар > Сүннет жолы > Хадистердің жинақталуы

Хадистердің жинақталуы

2015-06-29 4090

Мұсылмандар үшін Ислам дінінің екі негізгі қайнар көзінің бірі болған хадистердің жинақталу тарихы өте маңызды. Хадистер тек қана ауызша жалғасты, алғашқы ғасырда еш жазылмады дегендей пікірлерді, әсіресе, шығыстанушылар бұрыннан бері айтып келген. Ал анығында жасалған зерттеулер мен жарық көрген жазба парақтар хадистердің Пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уә сәллам) көзі тірісінде жазыла бастағанын анықтауда. Жазба (китаба) деп аталған бұл жүйелі емес әрі көбіне жеке талпыныстармен атқарылған жұмыстардан кейін шашыраңқы болған хадистерді жинау, бір жерге жинақтау қажеттілігі туған. Хадис тарихында бұны «Тәдуин» деп атайды.

 

 

«Тәдуиннің» не екені, жазу мен арасындағы айырмашылық, қашан және қалай басталғаны т.б. жағдайларға қатысты мәліметтер беруге тырысқан бұл мақаламыз екі бөлімнен тұрады. Бірінші бөлімде тәдуинді бастау әрекеттері, екінші бөлімде осы әрекеттерді алғаш бастатқан хадис ғалымдары жайлы әнгіме қозғалады.

 

Тәдуин жайлы мәліметтер

1. Тәдуин деген не?

Сөздікте бір жүйеге келтіру, кітап жазу, сақтау, дәптерлерді бір жерге жинау, жиыстыру 1, жазылған парақтардан тұратын мәтіндерді біріктіріп, жинаққа айналдыру 2 және осы парақтарды екі мұқаба арасына жинап, кітап ету 3 деген сияқты мағыналарды білдіреді.

 

 

Хадис саласының термині ретінде, сахаба мейлі табиғин болсын түрліше адамдар тарапынан риуаят етілген хадистерді жазып, бір кітапқа жинау 4. Немесе ауызда жүрген және түрлі жазылатын заттарда шашыраңқы түрде табылған хадис мәтіндерін қандай да бір топтарға бөлместен бір жерге жинақтау 5.

 

Тәдуин екі бөлек істі білдіреді: әлі жазылмаған риуаяттарды қағаз бетіне түсіру және бұрын жазылған немесе жаңа жазылған хадис мәтіндерін бөліп-жармай бір жерге жинау 6.

 

2. Тәдуин мен жазудың айырмашылығы

Хадистер шығыстанушылардың айтқанындай 7, Пайғамбарымыздан (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) жүз жыл кейін Омар ибн Абдулазиздың бұйрығымен жазылмаған, керісінше Пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм)  заманында жазылды, жатталды және бұл мәтіндер кейінірек мейлі жазба түрде, мейлі ауызша кейінгі буын ұрпақтарға жетті. Хаммам ибн Мүнаббиһтың (р.а.) «әс-Сахифатус-сахиха» атты еңбегі сол дәуірден жеткен аса маңызды хадис дереккөздерінің бірі ерекшелігіне ие. Хаммам Әбу Хұрайрадан еш айрылмай, осы айтулы сахабаның жеткізген барлық хадисін жазатын. Керек десеңіз, бір жолы тіке ұстазынан естіген бір хадисты өзіне оқыған кезде, Әбу Хұрайра (р.а.) «Мен бұны нақты есіме түсіре алмадым» дегенде, хадис жазған дәптердің өзін әкеліп көрсетіп, ұстазын көндірген. Бұл парақтарды қазіргі таңда Мұхаммед Хамидуллаһ жариялаған. Жүргізілген арнайы ғылыми сараптамада бұл парақтардың он үш ғасыр бұрынғы заманға тән екені анықталған. Бұдан бөлек, бұл хадистер дәл Ахмед ибн Ханбәлдің «Мүснадында» да қамтылған, тағы бір маңызды бөлігі Бұхари, Мүслим секілді сахих дереккөздерінде де кездеседі. Бұл да хадистердің сонау Пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) заманында жазылғанын білдіруімен қатар, одан кейін де кемшіліксіз, қатесіз әрі толық күйінде сахаба, табиғин және тәбәи табиғиндер жолымен хадис жинақтарына енгенін анық білдіруде 8.

 

Міне,  жазба (китаба) мәселесі хазірет Пайғамбар (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм)  мен сахабалардың заманында хадистердің жазылуына қатысты 9. Жазба кез келген бір сахабаның тікелей хазірет Пайғамбардан  (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм)  естіген хадистерін өзі үшін жазып, бәрін біріктіріп жинағаны. Бұлар тура бір еске түсіру мақсатында түртіп алынған арнайы жазулар тәрізді 10.  Яғни, жазба мәселесінде жүйелі әрі жинақы жұмыстан гөрі шынайы жеке адамдардың талпыныстарына сүйенетін, тек анағұрлым тар аядағы жұмыстар. Али  Ярдым сахабалардың ғасыры (һижри 40-қа дейін) деген «Әділетті халифалар» кезеңінде жасалған хадис жазу ісі үшін де «тәдуин» деген сөзді қолданғанмен, бұның жүйелі түрде қолға алынбағаны әрі бұл жұмыстардың мемлекет қорғауына алынғаннан гөрі өзіндік әрі жеке талпыныстардың нәтижесі болғанына назар аудартқан 11.

 

Тәдуин мәселесінде жағдай бұдан басқаша. Өйткені хазірет Пайғамбар  (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм)  дүниеден өткеннен кейін әрбірі бір үйретуші ретінде мойындалған сахабалар әлемнің түкпір-түкпіріне тарап кеткен еді. Табиғин буын да хадис үйренуге және тек бір сахаба емес, қайта көптеген сахабаның аузынан хадис жинақтауды қалаған 12. Осының нәтижесінде де тәдуин істері жүйелі әрі кең тұрғыда қалыптасты. Бұдан бөлек, мемлекеттің де ынталандыруы әрі қолдауымен бұл істің күшейтілгенін ұмытпаған жөн.

 

3. Тадуиннің басталуындағы себептер

Тәдуиннің басталуында бірнеше себептер бар. Бұлардың ішіндегі ең маңыздысы, жоғарыда да қысқаша айтып өткеніміздай, Пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм)  қасынан айрылмай, тәрбиесімен өскен сахабалардың әлемнің түкпір-түкпіріне тарап кеткендігі. Өйткені бұл жағдайда бір-екі сахабаның емес көптеген сахаба білген хадистерді жинау қажет еді. Бұдан бөлек, хазірет Османның (р.а.) шейіт етілуінен кейін мұсылмандар саяси әрі сенім тұрғысынан көзқарастары әрқалай бірқатар топтарға бөлінді. Міне, осы топтардың бірқатары өз көзқарастарының дұрыстығын дәлелдеу мақсатында кейбір сөздерді хадиске жатқызып, хазірет Пайғамбарға (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) тели бастады. Осы негізде «мәуду» хадистер пайда болып, көбейе бастады. Сахих хадистерді бұндай ойдан шығарылған сөздерден қорғау қажеттігі туды. Міне, осы себепті байыппен жинақтап әрі жазылуы бұл қауіптің алдын алуға деген маңызды сақтықтың бірі еді 13.

 

4. Тәдуиннің басталуы

Хазірет Пайғамбар (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) мен сахабалардың заманында кейбір сахабалардың хадистерді жазып, бірқатар парақтар қалыптастырғанын білеміз. Мәселен, Әбу Бәкірдің 500-ге жуық хадисты бір кітап етіп жинағанын, тек жаттауынан жаңылып хазірет Пайғамбарға  (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) қате бір нәрсе теліп қоям ба деген алаңдаушылықпен бұл хадистерді жойғаны риуаят етілуде 14. Осы іспетті хазірет Әлидің де бірқатар қолжазбалары болғаны әрі оларды қылышының қынында сақтағаны да анықталған 15. Бұлармен қатар, Жабир, Әбу Мұса әл-Әшғари, Самура ибн Жундаб, Абдулла ибн Амр әл-Ас және т.б. көптеген сахабаның қолжазба ұстағаны да белгілі болуда 16. Алайда ресми әрі жүйелі жинақтау жұмыстары сахаба заманынан гөрі кейінгі, яғни бірінші ғасырдың соңы мен екінші ғасырдың басында басталған. Бұл мәселеде санмен анықталған нақты бір уақытты көрсету өте қиын 17.

 

Хадистер алғашқы ғасырда жазылғандықтан, кейін екінші Омар деп аталған Омар ибн Абдулазиз заманында ресми түрде тәдуин етілді. Әр түрлі жерлерде, әр түрлі адамдардың қолында парақтар болатын. Көп жағдайда бұл хадистер ауыздан-ауызға жалғасып отыратын. Тіпті осы себепті хазірет Омар, Ибн Аббас, Әбу Мұса әл-Әшғари, Әбу Сайд әл-Худри мен Зәйд ибн Сәбит секілді сахабалар хадистерді жадыға түсіріп, жаттау қажеттігіне тоқталған. Шағби, Нәхаи секілді табиғин ғалымдары да алғашқыда жазуды құптамаған. Бұнымен қатар, әрі жазылған, әрі ауызша жеткен хадистер Омар ибн Абдулазиз кезеңінде ресми тәдуин етіле бастады. Қалай Ямамада көп мөлшерде Құран хафыздарының шейіт болуы, Құранды ресми түрде жинақтау мәселесінде хазірет Омарды (р.а.) әрекетке итермелесе, дәл сол сияқты  хадистердің тәдуин ісі де Омар ибн Абдулазиздің Сүннетке деген талпынысын еселеген. Омар ибн Абдулазиз тәпсірде,  рижалға* сын айтуда шешен кісі. Бұл айтулы тұлға атқарған сонша үлкен қызметтеріне, хадистердің ресми тәдуині секілді бүкіл қызметтеріне тәж болатын үлкен бір қызметті қосты.  

 

Кезінде Расулалланың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм)  құн (дия) мен қысас секілді мәселеде қолына қағаз жазып ұстатқан Амр ибн Хазымның немересі, Мәдина әкімі Әбу Бәкір ибн Мұхаммед ибн Амр ибн Хазмге осы мәселеде бұйрық жолдады: «хазірет Пайғамбардың  (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм)  хадистерін, сүннеттерін және Амра бинт Абдурахман риуаят еткен хадистерді іздестір әрі жаз. Себебі мен ілімнің жоғалуынан және ғалымдардың өліп кетуінен қорқамын» 18. Әкім бұл істі табиғин жастарының бірі Мұхаммед ибн Шиһаб аз-Зүһриге тапсырды. Зүһри «ресми тәдуин» деп атауымызға болатын осы маңызды іске бірден  кірісіп кетті. Сөйтті де Ислам хадис тарихында алғашқы ресми «мудаууин» (хадистерді жинаушы) болу бақытына ие болды.

 

Имам Мәлік бір сөзінде «Әууәлу мән дәууәнәл хадиса Ибн Шихаб» (Хадистерді алғаш тәдуин еткен кісі Ибн Шиһаб) деп осы мәселені құптаған 19. Әкім Әбу Бәкір ибн Хазм осы іспен өзі де шұғылданғанына қарамастан, жинағандарын әлі жібере алмастан Омар ибн Абдулазиз дүниеден озған. Омар ибн Абдулазиз бастаған осы тәдуин жұмысы Мәдинада Имам Зүһримен ғана шектеліп қалмады, Меккеде Абдулмалик ибн Абдулазиз ибн Журайж, Иракта Сайд ибн Әбу Аруба, Шамда Әузағи, тағы да Мәдинада Мұхаммед ибн Абдурахман, Куфада Зәйд ибн Қудама және Суфян әс-Сәури, Басрада Хаммад ибн Салама, Хорасанда Абдулла ибн Мүбарак осы істі жалғастырып, өздерінен кейін келетін ұрпаққа мол дүние қалдырды 20.

 

5. Хадистердің тәдуин жасалуына қарсы шыққандар

Табиғиндар заманынан бұрынғы жазылған хадистер, көп жағдайда жеке сипаттамада әрі жүйеліліктен алшақ болғаны үшін оларды тәдуин аясына алмау әлдеқайда дұрыс көрінуде. Тәдуин дегенде толықтай меңзегеніміз, техникалық мәндегі табиғиндер заманындағы жұмыстар.  

 

Ал табиғиндер заманына келсек, олардың кейбірінің хадистердің жазылуына қарсылық танытқаны жайлы бірқатар риуаяттар кездестіреміз. Өйткені Әділетті халифалар заманындағы хадистердің жазылуына қатысты белгілі талаптарға сүйенетін мұқият әрекет толықтай болмаса да жалғасқан. Неге десеңіз, төрт халифа заманында діннің екінші қайнар көзі болған хадистердің сақталуы секілді маңызды бір істің ауыр жауапкершілігін сезінуі және осы мәселеде сәл-пәл қателік пен ағаттықтың өзін көтере алмайтындай дәрежеде мұқияттылық таныту секілді т.б. кейбір хикметтерге сүйеніп осы істен тартынған. Бірақ кейіннен оларды бұндай сақ қарауға итермелейтін себептердің жойылуымен және осы жұмыс ресми сипат алғаннан кейін барлығы бір нәрсені айтып, бір пікірге тоғысып, хадистердің жазылуына  рұқсат екенін білдірумен шектелмей, тіпті бұған ынталандырған да 21.

 

Алайда мынаны  да айта кеткен жөн, һижри 1-ғасырдың аяғына дейін жалғасқан үлкен табиғиндер заманында көптеген адам хадистердің жазылуына қарсылық танытты. Өйткені олар өздеріне өмір бойы тағылатын қателік пен күнәдан басын алып қашты. Бұдан бөлек, хадистер жазылғанда жеке пікірлердің де хадистердің бір шетіне жазылып, тарап кетуінен қаймықты. Бұл жағдайды ең жақсы баяндайтын мына мысалды келтірейік:  Жабир ибн Зәйдке (һ.93) «Сенің пікірлеріңді жұрт жазып жүр» дегенде, оны ұнатпағанын мына сөзімен білдірген: «Жазып жүр-ау, бірақ ертең менің ол пікірлерден бас тартпасыма кім кепіл?!» 22.

 

Хадистердің тәдуинін ұнатпағандардың фақиһтар болғаны, олардың мұхаддис еместігі, фақиһтардың да хадистер мен иждиһат арасын біріктіру жағдайында болғандықтары әрі өз көзқарастарын хадиспен қуаттағылары келмегендіктен бұл іске оң қарағамандығын айтушылар да бар 23.

 

Хадистердің жазылуына қарсылық танытқан кісілер қатарында мына есімдерді атауға болады: Абида ибн Амр әс-Салмани әл-Муради (һ.92), Ибраһим ибн Язид әт-Тайми (х.92), Жабир ибн Зәйд (һ.93), Ибраһим ибн Язид ән-Нахаи (һ.96). 24.

 

Хадис шәріптерді жазуға салынған тыйым мен жеке көзқарастарды жазуға салынған тыйымдардың арасындағы айырмашылық түсінікті бола бастағанда, һ. 2 ғасырдың басында орта жастағы табиғиндердің бірқатары хадистерді жазудың ешқандай сөкеттігі жоқтығын алға тартумен қатар шәкірттеріне де бұл мәселеде рұқсат берді. Сайд ибн Мүсайяб (һ.105) жаттау қабілетінің төмендегенін айтқан Абдурахман ибн Хармалаға хадистерді жазуға рұқсат бермеген. Шағби да (һ.104) үнемі «Жазу ілімді байлаумен тең» деген сөзін қайталап, былай дейтін «Менен бір нәрсе естіген жағдайда, оны қабырғаға болса да жазыңдар». Бұл сөзіне қарап Шағбидың да хадистерді жазғанын аңғарамыз. Осы себепті Имам Шағби дүние салғаннан кейін парыздар мен жарақаттар тақырыбында бір кітабы табылған 25. Бұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады.    

 

Алғашқы мүдаууиндер

Халифаның ресми бұйрығынан көп бұрын басталған бұл жұмыстар осы бұйрықпен ұйымдастырылып, жеделдетілген. Табиғиндерден хадис жазған жүздеген тұлғалардың алдыңғы қатарлы бірнешеуін атап өтейік:

 

1. Ибн Шиһаб әз-Зуһри (һ.124) 

Һ. 50-51 жылдары Мәдинада дүниеге келіп, һ.124-те өмірден озған. Ол жазған хадистердің молдығы жайында Мағмар ибн Рашиттың (һ.152) мына сөзі жеткілікті дәрежеде мәлімет беруде: «Біз өзімізді Зүһриден әлдеқайда көп хадис риуаят еттік деп ойлайтынбыз. Бірақ халифа Уалид өлтіріліп, қазыналарынан Зүһриге тән жүктерге тиелген кітаптар шығарылған кезінде қателескенімізді түсіндік» 26. Зүһридың жазған хадистерінің мазмұны жайлы Әбу Зинад (һ.130) былай дейді: «Біз тек харам мен халалға байланысты хадистерді жазатынбыз. Зүһри болса, естігендерінің барлығын жазатын. Оған мұқтаж болған кезімде түсіндім, ол адамдардың ең білімдісі еді» 27.  Тағы да оның өз қатарлары арасында қалай ерекшеленгенін байқау үшін мына мысалға қарайық. Салиһ ибн Қайсан айтуда: «Зүһри екеуміз хадис ілімі үшін бас қосып, сүнәнді жазайық дедік. Хазірет Пайғамбардан (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) жеткендерді жаздық. Сосын Зүһри: «Сахабалардан жеткендерді де жазайық, олар да сүннеттен болып есептеледі» деді. Мен «Жоқ, сүннетке жатпайды» дедім. Сөйтіп ол жазды, мен жазбадым. Ол табысқа жетті, мен ұтылдым» 28.

 

2.Саид ибн әл-Мүсайяб (һ.93)

Халифаның ресми бұйрығынан бұрын хадистерді жаза бастаған әрі осы ілімге көп еңбегі сіңген табиғиндердің бірі. Бір жағы өзі фақиһ болатын. Әйгілі фукаһа-и сәбадан (Мәдинадағы әйгілі жеті фақиһ). Көптеген әйгілі сахабамен жүздесіп, олардан хадис үйренген. Хадис пен фиқһты, зүһд* пен пен ғибадат сүйгіштікті бойға жинаған, берген пәтуаларының дұрыстығымен лайықты танымалдыққа жеткен. Хадис саласындағы атағы бәрінен де асып түседі. Риуаятқа мұқияттылығымен бүкіл мұхаддистердің назарын өзіне аударған. Әбу Хұрайраның қызымен үйленгені үшін оның хадистерін ең жақсы білетіндердің қатарына кірген. Көптеген сахабадан хадис жазып алу мүмкіндігін иеленген әрі хадис үйрену жолында ұзақ сапарларға шыққан. Болашақ ұрпаққа үлкен қазына қалдырған. «Бір хадис есту үшін бірнеше күндік сапарға шығатынмын» 29 деген сөз соған тән.

 

3.Саид ибн Жүбәйр (һ.95)

Ол тәпсір және фиқһ саласындағыдай хадис жазу саласында да аты шыққан табиғин. Әсіресе, Ибн Аббастан хадис жазып алғанда, парағы толып, бітпей қалған хадистерді киімінің етегіне, алақанына және түрлі жерлерге жазып,  үйіне қайтқаннан кейін барлығын жаңа параққа көшіретін 31. Хазірет Алиге серт (биат)  берді деген желеумен һ.95 жылы үлкен қорлық пен азаптаулар көріп, елу жастарында Хажжаждың қолынан өлген 32.

 

4. және басқалар

Табиғиндердің арасында тәдуин ісімен көптеген кісілер айналысқан. Бұлардың арасындағы ең танымал үш табиғинге қысқаша тоқталдық. Олардың тысында мына есімдерді де атауға болады: Икрима (һ.104), Алқама (һ.62), Урба ибн Зүбәйр (һ.94), Шағби (һ.104), Таус ибн Қайсам (һ.106), Хасан әл-Басри (һ.110), Мұхаммед ибн Сирин (һ.110), Қатада (һ.117), Ата ибн Әби Рабах (һ.115),  Уаһб ибн Мүнаббиһ (һ.112), Нафиғ (һ.117), Халид әл-Хулағи (һ.104), Мүжаһид (һ.103), Әюуб әс-Саһтиани (һ.131) және тағы басқалар 33.

 

Мақаламызды әл-Хатиб әл-Бағдадидың тәдуинді өте жақсы тұжырымдаған  мына сөзімен аяқтайық: «Хадистердің жазылу ісі біршама уақыт құп көрілмесе де,  кейіннен бұл жұмыс кең көлемде жүзеге асты. Нәтижеде хадистердің кітаптар күйінде тәдуині басталды. Осы негізде риуаяттар шашырап, иснадтар созылып, хадис риуаят етушілердің есімдері, лақап аттары (куния, нисба) көбейіп,  сәнадтарының айтылуы пішіні әртүрлі кейіп алып, қорыта айтқанда, осы санағандарымызды сақтауға адам жадысының шамасы келмеген, сөйтіп жазылған хадис ілімнің тек жадыға сүйенетін бір мәліметтен анағұрлым мықты екендігі шындығы анықталған» 34.

 


Пайдаланылған әдебиеттер

1. İbn Manzur, Lisanu'l-Arab, d.v.n. md., Beyrut-1968; El-Mu'cemu'l-Vasit, İst-1996, Tedvin md.

 

2. Mücteba Uğur, Ansiklopedik Hadîs Terimleri Sözlüğü, Ank-1992, s.398.

3. Talat Koçyiğit, Hadîs Tarihi, Ank-1998, s.199.

4. Talat Koçyiğit, Hadîs Istılahları, By-trz., Tedvin md., s.436.

5. İ. Lütfi Çakan, Hadîs Edebiyatı, İst-1997, s.16.

6. Сонда, сол жер. 

7. Шығыстанушылардың бұл мәселедегі пікірлері мен тәдуин жайлы көзқарастары үшін қараңыз. Fuad Sezgin, Buhari'nin Kaynakları, Ank-2000, s.58-59.

8. Fethullah Gülen, Sonsuz Nur-3, İzmir-1994, s.123-131. 

9. Talat Koçyiğit, Hadîs Istılahları, s.189.

10. İ. L. Çakan, age., s.16.

11. Ali Yardım, Hadîs, İst-1997, II, 30.

12. Talat Koçyiğit, Hadîs Istılahları, s.437.

13. Сонда, сол жер. 

14. Zehebi, Tezkiretu'l-Huffaz, Haydarabad-1958, I, 5.

15. Ali Yardım, Hadîs, II, 31.

16. İbn Sa'd, Tabakat, Beyrut-1960, 5/467; Zehebi, Tezkire, I, 43; Ahmed b. Hanbel, Musned, II, 158, 226.

17. Talat Koçyiğit, Hadîs Tarihi, s.200.

18. İbn Sa'd, Tabakat, II, 2,134.

19. İbn Kesir, el-Bidaye, Beyrut-1969, IX/345; İbn Abdilberr, Camiu beyani'l-İlim, Mısır-Trz., I, 76.

20. İbn Abdilberr, сонда, сол жер; Kettani, er-Risaletu'l-Mustatrefe, İst-1994, Mukaddime; Бұдан бөлек мәлімет үшін қараңыз. Fethullah Gülen, Sonsuz Nur-3, s.123-131. 

21. Subhi Salih, Hadîs İlimleri ve Hadîs Istılahları, s.30.

22. Сонда., б.31.

23. Accac Hatib, Usulu'l-Hadîs, s.167.

24. Accac Hatib, сонда., б.166; Subhi Salih, сонда., б.30.

25. Subhi Salih, сонда., б.32.

26. Zehebi, Tezkire, I, 112.

27. Ali Yardım, Hadîs II, 35.

28. Talat Koçyiğit, Hadîs Istılahları, s.439.

29. Bkz. Zehebi, Tezkire, I, 55.

30. Ali Yardım, Hadîs II, 36.

31. Сонда., б.36; Accac Hatib, сонд., б.169.

32. Ali Yardım, сонда., б.36.

33. Accac Hatib, сонда., б.170-172; Ali Yardım, сонда., б.37.

34. Ali Yardım, сонда., б.37.

 

 

* Рижал ілімі: риуаятшылардың жеке жағдайы мен шыншылдығын қарастыратын сала (ауд.)

* зүһд: дүниелік ләззаттардан бас тартып, құлшылыққа берілу (ауд.)



Оқи отырыңыз