Akikat.kz - рухани танымдық, ғылыми портал

http://akikat.kz

Басты бет > Иман негіздері > Тағдыр мәселесі > Аллаһ тағала неге о баста өзімнен сұрамастан, мендегі ерікпен санаспастан мені жаратып, тағдырдың тәлкегіне ұшыратты?

Аллаһ тағала неге о баста өзімнен сұрамастан, мендегі ерікпен санаспастан мені жаратып, тағдырдың тәлкегіне ұшыратты?

2015-06-29 2116

Сұрақ: Аллаһ тағала неге о баста өзімнен сұрамастан, мендегі ерікпен санаспастан мені жаратып, тағдырдың тәлкегіне ұшыратты? Сосын неге менің пешенеме молшылықта тыныш өмір сүру емес, жоқшылықпен, қиындықтармен арпалысып ғұмыр кешу жазылған? 


Жауап: Тағдыр пендеге қысым жасайтын зорлықшыл, жексұрын емес. Осы жерге дейінгі түсіндіргендерімізден белгілі болғандай, адамның өз ықтияры есепке алынбай жазылған ешқандай тағдыр жоқ. Оның үстіне, Аллаһ тағала пайғамбарлар жіберіп, кітаптар түсіріп, адамзатты әрдайым ескертіп отырғандығын да естен шығармайық.


Ешқандай күнә не басқа да жиіркенішті іс адамның еркінен тыс орындалмайды. Адам нәпсіге беріліп, жаман нәрсені қалап, күнә істейді де соның кесірін өзі тартады. Мәселен, Күнді алалық, ол – жылу мен жарықтың бастауы әрі құлпырған гүлдердегі алуан түрлі түстер мен әсемдіктердің де қайнар көзі тіршілік негізі. Алайда, адам Күннің астында көп сағат отырса, сақтанбаса, басынан күн өтеді, тіпті өліп кетуі де мүмкін. Енді осыған Күн кінәлі ме? Әлгі адам өзінің ақымақтығымен басына тілеп алған ауруы немесе өлімі үшін «Күн керек емес, ол неге жаратылған?» – дей ала ма? «Басымнан күн өтіп кетті. Азық-түлік күн астында қалып, бұзылып кетті» деген секілді түгелдей өз қателіктерімізден туындаған жайттарға бола Күннің жаратылуын қажетсіз дейміз бе?


Адам күнә, қылмыс секілді басқа да түрлі жамандықтарды тағдырға артқысы келеді, негізінде, олардың бәрі адамның өз еркін дұрыс қолданбауынан туындайды. Адамның өз еркін есепке алмастан, барша жамандықты тағдырға жабумен қоса әрі тағдырды қарғап-сілеушілік. Мысалы, адамға ұрпағын жалғастырсын деп құмарлық сезімі берілген. Алайда адам өз қалауымен харамды таңдап зинақорлықпен осы құмарын қандыруға тырысса, онда кінә тағдырда ма, әлде сол адамның өзінде ме? Бұл жерде адам жақсылықтарға себеп болсын деп берілген игі сезімді жамандыққа бұрып күнәға батуда және нәтижесінде өз-өзіне кесірін тартқызуда. Қылмыстық істі не соған ұқсас мәселелерді де осы мысалмен салыстыруға болады. Тек адамның өз еркінен тыс душар болатын біршама кесел-кесапаттары бар. Олардың хикметін реті келгенде түсіндіруге тырыстық, алдағы уақыттарда да түсіндіруге тырысамыз. Тағдыр нәтиже мен себептерге бірдей қарайды. Ал адам болса, тағдырды толық түсінбегендіктен, тек сыртқы және көзге көрінерлік нәтижелер мен себептерге назар салып, қате пайымдап, өзіне тон пішеді. Мысалы, бір қарияның шырылдатып кішкентай баланың құлағын тартып жатқанын көргеніңізде, байбына бармастан балаға жаныңыз ашып, дереу үлкен кісіні айыптай жөнелесіз. Ал, шындығында құлағын тартқан кісі баланың әкесі шығар, баласын тәрбиелеу үшін сондай қадамға барған болар. Болашақта өкінбес үшін, яғни баланың тәрбиесі бұзылмасын, ақыретте опық жеп қалмасын деген ниетпен баласының әдепсіз қылығын тыйып жатқан шығар. Бірақ сіз сырттай тон пішіп,  әлгі кісіні жерден алып, жерге салдыңыз. Осылайша оған емес, өзіңізге кесір жасадыңыз. Негізінде, тағдыр бүкіл себептерге бірдей қарайды, тіпті мүлдем көрінбейтін себептер де оған аян. Сондықтан ол әділ үкім береді.


Аңға шыққан бір адамның арыстанды атып өлтіргенін көрсеңіз, арыстанға жаныңыз ашуы мүмкін. Дегенмен сіз ол арыстанның бір киіктің лақтарын енесіз қалдырғанын білмейсіз. Тағдыр арыстанды сол үшін жазалауда. Енді бір күні аңшының аяғы сынады. Ал бұл – оған арыстанды өлтіргені үшін берілген жаза.


Бір адам басқа біреуді пышақтап жаралайды. Бірақ оның бұл қылмысы ешкімнің көзіне түспегендіктен немесе басқадай себептермен ұмытылып кетеді. Алайда бір күні бұл кісі «ұрлық жасады» деген жаламен ұсталады. Бұл істе ол күнәсіз болса да, сот төрағасы сыртқы себептерге қарап оны соттайды. Енді сіз «Сот төрағасы қиянат жасады», – дейтін боларсыз, әйткенмен тағдыр нағыз себепке сүйене отырып, сол адам туралы әділ үкім шығарды. Сөйтіп, ол адам ұмытылып кеткен қылмысының жазасын тартады. Міне, бұл – тағдырдың әдемілігі және біздің пайымдарымыздың нашарлығы. Иә, тағдырдың әрбір үкімі не тікелей өзі әдемі немесе нәтижесі тұрғысынан әдемі.


Реті келгенде Мұса пайғамбар туралы айтылған мына бір оқиғаны тілге тиек ете кетейін:

Мұса (а.с.): «Иә, Жаратқан Ием, маған әділдігіңді көрсет», – деп дұға етеді. Аллаһ тағала оған: «Пәлен бұлақтың жанына бар да болатын істі бақыла», – деп аян береді. Сөйтіп, бұлақ басын бақылап отырғанында, сол жерге бір аттылы адам келеді. Атын суарады да, кетерде бір қапшық алтынын түсіріп алады. Артынша бір бала келіп, әлгі алтынды алып кетеді. Сосын бұлаққа бір соқыр адам келеді. Сол сәтте алтынын түсіріп алғанын аңғарған аттылы адам бұлақ басына қайтып келеді. Алтынын соқырдан талап етеді. Соқыр алмағанын айтып қанша зар илесе де, аттылы кісі оны тыңдамайды. Сөйтіп, соңында аттылы кісі соқырды өлтіреді.


Мұса (а.с.) Хақ тағаладан сырттай әділетсіз көрінген істің мәнін сұрайды. Сонда мынандай жауап естиді: «Аттылы бұрынырақ кішкентай баланың әкесінің бір қалта алтынын ұрлаған. Осылайша сол алтынды иесіне қайтардық. Ал соқыр болса, кезінде аттылы кісінің әкесін өлтірген еді. Оны да аттылыға өлтіртіп, қысасты[1] орындадық».


Иә, негізгі себептерді аңғармай сырттай қарағанда, қиянат сияқты көрінген оқиғалар тізбегі нағыз себептерімен бастан-аяқ әділ болып шығады. Міне, тағдырдың жазуы да осылай. Онда зорлық пен жамандық атаулы мүлдем жоқ. Оның әр жазуы – нағыз әділдік пен нағыз әсемдіктің үлгісі.


Адам кейбір нәрселерге сырттай тон пішіп ұнатпайды, бірақ Аллаһ тағала сол арқылы оған басқа жақсылықтар нәсіп етуі мүмкін. Ал, адамның өзіне пайдалы деп ойлағаны, керісінше оған зиян болып шығуы мүмкін[2].


Мысалы, қақаған қыста адамға дәрет алу ауыр тиеді. Алайда соған қарамастан дәрет алу адамның иманын еселей түседі. Жиһад, аятта айтылғандай[3], қиын және ұнамсыз болуы мүмкін, әйткенмен нәтижесі жағынан көптеген сый-сияпаттар алып келеді. Кейде Аллаһ тағала бір сүйген құлын қолындағы дүниесінен жұрдай етеді. Әрине, ол құлы қайғырады. Алайда бұл байлықтың өзін тура жолдан тайдыратынын білмейді. Немесе құл дұға етеді, бірақ тілегені орындала қоймай үмітін үзеді. Негізінде, оның сұрағаны не өзі үшін зиян болуы мүмкін, не кейінірек тіпті ақыретте одан да жақсы түрде берілуі мүмкін.


Демек, Жаратушының үкімдерінде біз біле бермейтін көптеген сырлы даналықтар жасырулы. Аллаһ тағала құлының пайдасын негізге ала отырып, оған хикметімен қатынас жасауға мәжбүр емес. Бірақ Ол – Халиқ және Алим (Барлық нәрсені жаратушы және барлық нәрсені білуші), әрі Ол – Хаким (асқан даналық иесі), яғни ешқашан керексіз іс жасамайды. Өкінішке қарай, біз көбіне Аллаһтың істерінің астарындағы даналықтарын түсіне бермейміз. Мәселенің шынтуайтына келгенде біз «мейірімің де, қаһарың да ұнамды» деп, Жасағанның әміріне мойынсұнып, тағдырға толықтай разылық танытуымыз керек.

"Иман аясында" кітабынан алынды



[1]     Бір қылмысты істегеннің дәл сол секілді жазалануы - (ауд.).

[2]     Қараңыз: Бақара сүресі, 2/216. 

[3]     Бақара сүресі, 2/216.

 



Оқи отырыңыз