Akikat.kz - рухани танымдық, ғылыми портал

http://akikat.kz

Басты бет > Иман негіздері > Тағдыр мәселесі > Тағдыр, «Қаза» және «Ата» заңдылықтары

Тағдыр, «Қаза» және «Ата» заңдылықтары

2015-06-29 2101

«Қаза»[1] – Ләухы Махфұздағы, яғни «түпнұсқа Кітаптағы» Аллаһ тағала жазып қойған үкімдердің уақыты келгенде оларды адамның өз еркімен, дербес  қалауымен жүзеге асыруы. Демек, «қаза» – тағдырдың орындалуы.

«Ата»[2] – араб тілінде «беру» түбірінен тараған сөз. Ол – Аллаһ тағаланың ерекше сый-тартуы.


Ләухы Махфұздан басқа Аллаһ тағаланың тағы бір «Ләух маху және исбат» деген кітабы бар. Жоғарыда тоқталып өткеніміздей, «Ләухы Махфұз» – «Имам мубин» немесе «Уммул-китаб» (кітаптардың анасы) деп те аталады әрі бұл кітапта өзгерту, өшіру деген болмайды. Ал «Ләух маху және исбат» кітабы болса, «Аллаһ қалағанын өшіреді, жояды және қалағанын өз орнында қалдырады. «Түпнұсқа кітап» Оның жанында»[3] аятында айтылғандай, Аллаһ тағаланың “ата” заңдылығы бұйрықтарының кейбірін өзгертіп, ол үкімді жүзеге асырмаған кітабы.


«Ата» заңдылығы «қазаны» өзгертеді. Мысалы, бір адамға тиесілі орындалғалы тұрған үкім әлі болмай тұрып, әлгі адам ниетін дұрыстап, Аллаһ тағалаға құлшылық етсе немесе дұға, садақа сияқты Хақ тағаланың разылығына лайықты іс істеп, Оған жақындаса, Аллаһ тағала осы жақсылықтарына қарап, оған ерекше сый тарту етеді де, пешенесіндегі болғалы тұрған бір «қазаны» жүзеге асырмай, оның пайдасына қарай өзгертеді.


Мысалы, адам бір күнә істемек болып үйден шығады. Ол осы ниеті арқылы ерік түймесін басқандықтан, Аллаһ тағала да оның пейіліне қарай нәтижесін жаратады да, оны ниеттенген жеріне алып барады. Алайда ол адамның жақсы бір қасиеті, Аллаһ тағалаға ұнайтын бір ерекшелігі, мәселен, түнде тұрып арнайы намаз оқып, күнәларына кешірім тілеп жылаған болса немесе бір-екі досын өзінің көлігімен уағыз-насихатқа алып барған болса, бұлар иләһи мейірімділікке әсер етеді. Онда Аллаһ тағала жолда ол адамның алдынан оны күнәға емес, жақсы жерлерге алып баратын бір досын кездестіреді. Сөйтіп, құлының өз еркімен басына тілеп алған үкімін өзгертеді. Міне, Аллаһ тағаланың құлына қатысты үкімді немесе қазаны (себепті немесе себепсіз) оның пайдасы үшін өзгертуі – Оның «атасы», яғни ерекше сыйы.


Әлгі үкімді осылай өзгерткеніне қарап, Аллаһ тағалаға: «Ол құлың ниет ете тұра, неге оның сыраханаға баруына рұқсат етпедің? Неге оған жазылған «қазаны» «атамен» өзгерттің?» – деп сұрауға біздің құқымыз жоқ. Ол қалаған нәрсесін қалаған адамына қалағанынша береді: қалағанын тура жолға, қалағанын қисық жолға салады. Осыған байланысты біздің бүкіл са-

уаптарымыз – Аллаһ тағаланың бізге берген сыйы, ал бүкіл күнәларымыз – өзіміздің жеке қалауымызбен тапқандарымыз[4]. Алайда көбіне біз күнә, қателік жасағалы жатқанда, Аллаһ тағала өзінің мейірімімен бізді қолымыздан ұстап аман алып қалады. Бұл – Оның ерекше сый-тартуы. Осы сый-тартуы арқылы кесел-кесапаттардың алдын алады әрі күпірге, күнәларға салынуға жол бермейді. Бұлар – құлдары лайық болмаса да, оларға Жаратушының берген ерекше сый-тартуы.


Аллаһ тағала «атасымен» «қазасын» өзгертпей, біздің өз еркімізбен істеуге әрекеттенген ісімізді жаратқанда, бұл нағыз әділдіктің өзі болатын еді және ешкім ештеңе дей алмас еді. Ал жаратпаса  Оның ерекше сый-тартуы деп қабылдағанымыз абзал. Құранда жиі айтылғандай, Аллаһ тағала түрлі қауымдар мен халықтарды жермен-жексен еткенде, оларды күпір, серік қосу, зұлымдық, күнә жасауда астамшылыққа бару және қырсықтықпен иман етпеу сияқты себептерге негіздеген[5]. Алайда Жүніс пайғамбардың (а.с.) қауымын зор апаттан сақтап қалған. Өйткені олар жазаға ұшырайтындықтарын сезгенде жалбарынып, жабыла кешірім тілеп, дұға оқып, тәубеге келген еді. Сол себепті Аллаһ апатты болдыртпаған.[6] Яғни «ата» – Жүніс қауымына қатысты «қазаны» өзгерткен.

"Иман аясында" кітабынан алынды



[1]     Тағдырдың орындалуы 

[2]     Аллаһтың ерекше сыйы

[3]     Рағд сүресі, 13/39.

[4]     Қараңыз: Ниса сүресі, 4/79. 

[5]     Кейбіреуі үшін қараңыз: Ағраф сүресі, 7/165-173; Һуд сүресі, 11/95-102; Рұм сүресі, 30/47; Нәмл сүресі, 27/47-51; Нахл сүресі, 16/113.

[6]     Юнус сүресі, 10/98.

 



Оқи отырыңыз