Akikat.kz - рухани танымдық, ғылыми портал

http://akikat.kz

Басты бет > Иман негіздері > Тағдыр мәселесі > Тағдыр мен адамның өз еркі арасындағы орта жол

Тағдыр мен адамның өз еркі арасындағы орта жол

2015-06-29 3003

Тағдыр мәселесінде ойымызды көп мазалайтын тақырыптардың бірі – тағдыр мен адам еркінің үйлесіп-үйлеспейтіндігі. Адам баласы кейде тағдырға тіл тигізіп жатады әрі «адам тағдырдың мәжбүрлеуімен жүріп-тұрады, пенденің өз еркі жоқ» деп ойлайды. Ал кейде тағдырды да, жаратуды да толығымен адамға телиді. Бұл екі түсінік те (Жәбрия және Мүтәзила ағымдары) тағдыр мен еріктің дәл мағынасымен көп сәйкеспейді. Алайда, тағдыр туралы нағыз ақиқат осы екеуінің дәл ортасында, яғни жоғарыда тоқталып өткеніміздей, бүкіл жаратылыста. Адам өмірінде тағдырдың орны ерекше, әрі адамда пейіл, ниет, ой, салыстыру, таңдау және шешім қабылдау сияқты әрекеттерді көрсететін шек-теулі де болса ерік бар екені шындық. Олай болса, бұл мәселені таразының екі басы сияқты тең қарастырып, орта жолды анықтаған жөн.


Құран қатар келген екі аятта осы екі ұғымның басын біріктіріп, күрделі көрінген мәселенің соңғы нүктесін қояды. «Тәкуир» сүресінің 27-28-аяттарында: «Ол (Құран) әлемдерге насихат қана. Сендерден тура жолда болуды қалағандар үшін», – делінген болса, одан кейін тұрған 29-аятта: «Әлемдердің Жаратушысы Аллаһ қаламайынша, сендер қалай алмайсыңдар», – дей келіп, барлық нәрсені қалаушы Аллаһ тағаланың өзі екендігі, алайда нені қалаймын десе де пендеге таңдау еркі берілгендігі айтылуда. Басқа бір аятта: «Аллаһ сендерді және бүкіл істегендеріңді де жаратушы»[1] деу арқылы жарату мен жоқтан бар етудің толығымен Аллаһ тағалаға тән екені баяндалуда. Тағы басқа аяттарда болса: «Адамға істеген істерінің қайырымы ғана беріледі! Аллаһ жолында күресіңдер! Жұмаққа асығыңдар! Аллаһтан жәрдем сұраңдар! Оқыңдар, жазыңдар, ойланыңдар!»[2] секілді сөздермен адамның тағдырға басыбайлы бағынышты тұтқын емес екенін, керекті шарт ретінде ғана өз еркін қолдану қажеттігін білдіруде. Кейбір аяттарда бұл өте ашық түрде берілген:

«Маған берген уәделеріңде тұрыңдар. Мен де сендерге берген уәдемде тұрайын»[3].

«Сендер Аллаһқа (дініне) көмектессеңдер, Аллаһ та сендерге көмектеседі...»[4].

«Расында қандай да бір халық өздерін өзгертпейінше, Аллаһ олардың жағдайларын өзгертпейді»[5].


Олай болса, «абсолютті мәжбүрлік» жансыз заттарда, тастарда, өсімдіктерде және жануарларда, қысқаша айтқанда, өз еркі жоқ болмыстарда болады, ал адамдар мен жындар үшін «шартты мәжбүрлік» бар. Алайда ерік пен оның нәтижелерін жаратуды Аллаһ тағала алдын-ала жазып-сызып және «Тағдыр кітабын» дәлме-дәл белгілеп қойған.


а) Өз еркімізбен қалай әрекет ететінімізді білгендіктен, Аллаһ тағала тағдырымызды солай жазған.

Жоғарыда айтылғандай, тағдыр адамды нақты бір істі істеуге мәжбүрлемейді, керісінше, адамның нені қалай істейтіндігін Аллаһ тағала алдын ала бүкпесіз білгендіктен, тағдыры да солай жазылады. Яғни тағдыр ілім түріне жатады, ерікпен күш түріне жатпайды. Ілім белгілі нәрселерге тәуелді. Алайда Аллаһ тағаланың ілімі үшін «тәуелді» деу дұрыс болмайтын шығар.


«Тағдыр ілім түріне жатады» дегеніміз – барлық нәрсенің Аллаһ тағаланың ілімінде реттелуі, белгіленуі, соңында жоспар түріне келтірілуі. Білу басқа, білгенді жүзеге асыру, яғни көзге көрінерлік бейнеге келтіру басқа. Миымызда қаншама жоспар құрсақ та, бұлар ешқашан, мысалы, фабрика немесе үй болып шықпайды. Ал ілімнің нақты нәрселерге тәуелді болуы дегеніміз : жобаның қашан, қалай жүзеге асатындығына бағыныштылығындай. Салыстырмалы түрде айтар болсақ, Аллаһ тағаланың ілімінің бір атауы болып саналатын тағдыр да осындай жоспар секілді. Осы жоспар адамның өз еркімен іс жүзінде іс-әрекеттерімен белгілі бір пішінге ие болады. Бұл қағаз бетінде көрінбеген жазулардың сол қағазға құдірет пен ерік сиясының жағылуымен олардың белгілі бір пішінге ие болуы секілді. Адам өзінің жеке ықтиярымен талпынған соң, Аллаһ тағала да қағаздағы көрінбейтін жазуларға Өзінің құдіреті мен қалауы арқылы жан бітіреді де, осылайша қағаздағы жазулар сыртқы пішінге ие болады. Тек Аллаһ тағала адамның өз еркімен не істейтінін білгендіктен, барлығын алдын-ала тәптіштеп пешенесіне жазып қойған.


Мәселен, Измир-Анкара арасында қатынайтын пойыз бар делік. Бұл пойыздың қай сағаттарда, қай станцияларда болатындығы минут-минутына дейін белгіленіп, уақыт кестесі алдын-ала ілінеді. Пойыз осы уақыт кестесінде жазылған уақыттарға сай станцияларына тоқтайды. Негізінде, пойыздың жылдамдығы, рельстің ерекшеліктері, пойызға қанша жолаушы немесе жүк кететіндігі, яғни сиымдылығы, жолдағы станциялар, тіпті жыл мезгілдері мен ауа-райы сияқты пойыздың жүріс-тұрысына ықпал ететін себептердің бәрі де уақыт кестесін дайындаған қатысты бөлімге белгілі. Енді пойыз уақыт кестесін дайындаған бөлім жазғандықтан белгілі бір уақыттарда, белгілі бір станцияларға бара ма, әлде әлгі бөлімнен тәуелсіз аталмыш себептер бойынша пойыздың бағыты кестеге жазылған ба? Міне еріктің жағдайы да осындай және ол тағдырға абсолютті түрде тәуелді емес.


«Күн тұтылуы» сияқты астрономиялық құбылыстар алдын-ала анықталып күнтізбелерге және ғылыми хаттамаларға минут-секундына дейін тіркеледі. Енді Күннің немесе Айдың тұтылуы күнтізбеде жазылғандықтан немесе ғалымдар тарапынан анықталғандықтан, дәл сол минутта жүзеге аса ма, әлде сол минутта болатындығы күнтізбеге және ғалымдардың хаттамаларына жазыла ма?


Күн мен Ай күнтізбеде жазылғандықтан тұтылмайды, керісінше, тұтылатын болғандықтан күнтізбеге жазылады. Осы сияқты адам істейтіндерін Аллаһ тағала тағдырға жазды деп істемейді, керісінше, адам істейтіндіктен, Аллаһ тағала оны тағдырға жазады. Адамның өз қалаумен істейтін барлық ісінің тағдырға жазылуы оның өз еркін қолдануына қалайша кедергі келтірмесе, сол секілді адамда еріктің болуы да істейтін істерінің алдын-ала тағдырға жазылуына кедергі емес.


ә) Адамның еркі ескерілмей, бір жақты қарастырылатын тағдырдың болуы мүмкін емес.

Тағдыр мәселесінің ең маңызды жері мынау: Аллаһ тағала өзінің шексіз ілімімен болатындарды алдын ала біліп, тағдыр кітабын жазған кезде, адамның әрекетін немесе сол әрекетті тудыратын қалауын осы жазудан тысқары қалдырмаған. Адамның істеген ісіндегі үлесі – түймені басу, ал Аллаһ тағалаға қатысты жағы болса, жарату, дүниеге келтіру. Міне, осы екеуінің бірге белгіленіп жазылуын «тағдыр» дейміз.


Бізге көрінбесе де, көрші бөлмеде тық-тық етіп істеп тұрған бір сағат бар делік. Сізден: «Осы сағат жүріп тұр ма?» – деп сұраса, «Иә, жүріп тұр», – деп жауап бересіз. Сізден «Барып қарап көрші, ішіндегі тілдері айналып жатыр ма?» – деп қайта сұрамайды. Сағаттағы тілдердің айналып тұруы сағаттың жұмыс істеп тұрғандығын көрсетеді. Дәл осы секілді тағдыр бар болса, ерік те бар. Немесе ерікті қарастырғымыз келсе, тек тағдырмен бірге қарастыра аламыз.


Осы жағынан алып қарасақ, адам тағдырдың басқаруындағы робот емес. Яғни адам қолы кісенделіп, дар ағашының жібі мойнына ілінген, ауыз-мұрны бітеліп немесе теңізге лақтырылып: «Абайла, үстің су болмасын», – деп мазақ етілген бейшара тұтқын емес. Әлбетте, тағдыр түсінігі бұдан бөлек. Әрі адам да сол тағдыр соққан желімен ұшып кете баратын жапырақ емес. Ислам дінінің қай мәселесінде де орта және тура жол бар. Мысалы, болмашы нәрсеге ашулану – бір кемістік болса, кез келген сөз бен әрекетке ашуланбай, үндемей тұру – өз алдына бір кемістік. Үйленуді ұмытып, әйел атаулыны жоққа шығару – бір кемістік болса, алдына келген әр әйелді пайдаланып қалуды ойлау – өз алдына бір кемістік. Міне, тағдыр мәселесінде барлық нәрсені адамның еншісіне беру және «адам өз әрекетін өзі жаратады» (Мүтәзила ағымы) деп айту бір кемістік болса, оған қарама-қайшы түсінік, яғни «адамның өз әрекетіне қатысы жоқ» деп, тағдыр алдында адамның қол-аяғын байлап қою (Жәбрия ағымы) – тағы бір кемістік. Тағдыр мәселесіне қатысты осы кітаптағы тақырыптарды түсіндіргенде, біз Пайғамбарымыздың салған жолынан ауытқымаған жандардың (әхлі-сүнна уәл жамағат) пікірлеріне сүйендік және бұл жолда:  «Ерік – адамнан, ал жарату – Аллаһтан», – деп орта жолды таңдаған жөн.


Тура жолды (һидаят) да, қисық жолды да (далалат), сауапты да, күнәні де жарататын – Аллаһ.[6] Тура жол мен қисық жолға, сауап пен күнәға салуды әрі бұларды жаратуды он тонналық жүк деп алатын болсақ, онда бұлардың жаратылуы толығымен Аллаһқа қатысты болады, ал адамның еншісіне түскені – граммен ғана айтуға боларлық бірақ нәтижесі өте үлкен мөлшер.


Адам мешітке немесе Аллаһ үйлерінің біріне баруға ниет етсе және сол ниеті бойынша әрекет етсе, Аллаһ тағала оны сол ниеттенген жеріне алып келеді. Адамның уағыз-насихат тыңдауы немесе бір жақсы жолдасынан  Аллаһ туралы естіп-білуі оның тура жолға түсуіне бір себеп бола алады, өйткені ол түймеге басты. Мәселені басқа жағынан алып қарасақ, сыраханаға баруға ниеттеніп, сол ниеті бойынша әрекет еткен адамды Аллаһ қисық жолға салады және сол жолда өлтіре алады. Бірақ қаласа, өлтірмеуі де мүмкін. Аллаһ тағала мен оның Елшісі жайында айтылған жаман сөз Аллаһ тағаланың Мудилл (бұрыс жолға салушы) деген ұлық есімінің есігін қаққанмен бірдей болуы мүмкін және оған ниетіне қарай жауап берілетін болса, әділетсіздік жасалған болып саналмайды. Қысқаша айтқанда, дұрыс жол мен бұрыс жолдың бірін таңдаған адам өзі таңдап қадам басқан жолының соңы қандай екенін көреді. Көргізетін – Аллаһ тағала, ал сол жолды таңдайтын әрі өз еркімен сол жолда жүретін – адам. Сөйтіп, адам пиғылына, қылығына қарай ақыретте марапатталады немесе жауапқа тартылады.


б) Тағдыр себеп пен себепкерге бірдей қарайды: ерік пен себептер де «Тағдыр кітабында» жазылған.

Өлім-жітім сияқты қайғылы хабарды естіген кезде көбіне «Әттең, сол жерге бармағанда..., әттең, мылтықты қолына алмағанда..., әттең, қатты жүрмегенде...» деген сөздер ауыздан шығып кетіп жатады. Негізінде, тағдырда сол оқиға да, оқиғаға түрткі болатын себептер де, адамның өз қалауымен болған себептер де, олардан тәуелсіз болған себептер – бәрі де жазылған, яғни барлық оқиға, өмірдің әрбір сәті – бәрі бүге-шігесіне дейін жазылған.


Мысалы, бір адам өз еркімен қолына мылтық алып біреуді өлтірсе, Аллаһ тағала шексіз ілімімен бұл оқиғаны әлі болмай тұрып көріп білген және екеуін бірге жазған. Яғни «Мылтықты ұстаған адам бұл істі өз еркімен істейді. Шүріппесін саусағымен басып, көздегенін атып жығады», – деп алдын-ала жазып қойған. Ал егер өлтірген кезде қолданылған не өлімге себеп болған әлгі мылтықты және саусақты қимылдатқан себепті алып тастайтын болса, онда өлген адамның өліміне қатысты тағдыр қандай болмақ? Және оған басқа не себеп болуы мүмкін? Егер «жол апатында өлуі мүмкін еді» десек, онда оның жол апатынан өлетіні жазылып қойылған дейміз. Басқа бір себеп көрсетілсе, мәселен, ауру делінсе, онда оның өлімінің аурудан болатыны жазылғаны турасында айтар едік.


в) Қорыта айтқанда, адамның еркі тағдырға бөгет болмайды, екеуі бір-біріне сүйенеді.

Адамның өз қалауы тағдырды, ал тағдыр адамның дербес қалауын жоққа шығармайды.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін айтар болсақ:

1.   Жаратылыста иләһи тағдыр мен бағдарлама бар болса, адамда ерік пен пейіл бар.

2.   Аллаһ тағаланың ілімі шексіз, ол уақыт пен кеңістікке тәуелді болмағандықтан өткенді, қазіргіні және болашақта болатын нәрселерді толық біледі.

3.   Аллаһ тағала болашақта болатын бүкіл оқиғаларды әр түрлі кітаптар түрінде тіркеп жазады.

4.   Біз істегендерімізді Аллаһ тағала солай жазды деп істемейміз, керісінше, Аллаһ тағала біздің өз қалауымызбен не істейтінімізді білгендіктен солай жазады.

5.   Аллаһ тағала тағдырымызды жазатын кезде, біздің дербес қалауымызды ескереді әрі оны қалай қолданатынымызды да есепке ала отырып жазады.

6.   Егер біз қалауымызды ізгі жолда қолданатын болсақ, онда Аллаһ тағала өзінің мол мейірімімен бізге мына өмірде нығметтер бергенімен қоймай ақыретте де жәннатты беруді уәде етуде.


"Иман аясында" кітабынан алынды


[1]     Саффат сүресі, 37/96.

[2]     Қараңыз: Нәжм сүресі, 53/39; Маида сүресі, 5/35; Тәубә сүресі, 9/41,86; Әли Имран сүресі, 3/133; Хажж сүресі, 22/78; Алақ сүресі, 96/1.

[3]     Бақара сүресі, 2/40.

[4]     Мухаммәд сүресі, 47/7.

[5]     Рағд сүресі, 13/11.

[6]     Қараңыз: Ибраһим сүресі, 14/4.

 



Оқи отырыңыз