Akikat.kz - рухани танымдық, ғылыми портал

http://akikat.kz

Басты бет > Иман негіздері > Тағдыр мәселесі > Иләһи ілім және оның тағдырмен байланысы

Иләһи ілім және оның тағдырмен байланысы

2015-06-29 1828

Аллаһ тағаланың ілімі уақыт категорияларынан тыс болғандықтан Оған кеше, бүгін деген ұғымдардың еш айырмашылығы жоқ.  


Мұның тағдырмен және адам қалауымен байланысын анығырақ ұғыну үшін Аллаһ тағаланың шексіз ілімін түсіндіретін кейбір аяттардың мағынасына үңіліп көрелік:

«Аллаһ олар жасаған барлық нәрсені біледі»[1].


«Кейде сендер бір нәрсені ұнатпайсыңдар, дегенмен ол – сендер үшін жақсы болуы мүмкін. Кейде бір нәрсені ұнатасыңдар, дегенмен ол – сендер үшін жаман болуы мүмкін. Аллаһ біледі, ал сендер білмейсіңдер»[2].

«(Аллаһ) Жерде және көктердегі барлық нәрсені толық  біледі»[3].


«Жер бетіндегі әр жәндіктің ризығы Аллаһқа тән. (Аллаһ) Олардың (ана құрсағынан бастап жалғасатын өмір сапарының әр сатысын) барар жерін, ол жерде тұрақтайтын мерзімін және одан кейінгі аттанар жерін де толық біледі. Бұлардың бәрі анық баяндаушы Кітапта жазылған»[4].


«Аллаһ олардың бастан өткергендерін де, болашақтарын да біледі. Ал олар болса, Оны танып-біле алмайды»[5].

«Аллаһ адамға білмегендерін үйретті»[6].


«Ғайыптың кілттері Оның жанында. Оларды тек Өзі біледі. Ол құрлықта және теңізде болған барлық нәрсені біледі»[7].


«Жаратушымның сөздерін жазу үшін теңіздерді сия болса, оған тағы сондай мөлшерде қоссақ та, Жаратушымның сөздері таусылмай тұрып, теңіздер таусылар еді»[8].


Бұлар – жаратылыс «кітабының» жар салған ақиқаттары. Жаратылыстағы ең үлкен ғаламнан бастап ең кішкене әлем – атомдарға дейінгі барлық нәрседе өте нәзік математикалық теңдік пен өлшемнің болуы бір шексіз ілімді көрсетеді, әрі ғылымның әр саласында жазылған мыңдаған кітап та дәл сол ақиқаттың хабаршысы. Бұл уақытқа дейін медицина саласында ағзаның бүкіл анатомиясы үшін бір ғана кітап жазылған еді, ал бүгінде көз, бауыр, жүрек, қысқаша айтқанда, бүкіл мүшелер, тіпті жасушалар туралы өз алдына арнайы кітаптар жазылып, университеттерде оларға қатысты бөлімдер ашылуда. Әлі мыңдаған жыл теңіздер сия, ағаштар қалам болса, Құран мен жаратылыс туралы көптеген еңбектер жазылса, онда қалам да, сия да таусылады, бірақ айтылғандар теңізден тамшыдай ғана болады, иә, одан әрі аса алммайды.


Айнаға қарағанда, бет-әлпетіңіздің басқа адамдардың бет-әлпетіне ұқсамайтынын ойланып көрдіңіз бе? Сонымен бірге саусақ ізі мен көз құрылысыңыз ше? Бәлкім, болашақта белгілі болатын басқа да ерекшеліктеріміздің өзге адамдардікіне ұқсамайтынын көріп, таң қалатын шығарсыз. Иә, мұқият үңіліп қарасаңыз, ағаштар мен жапырақтарда да өте үлкен айырмашылықтарды көре аласыз. Жер бетіне түсетін қар түйіршіктерін арнайы құралдармен үлкейтіп зерттеген ғалымдар әрбір қар түйіршігінің су молекуласы және пішіні жағынан екіншісіне ұқсамайтынын анықтады.


Бұлардың бәрі нені көрсетеді? Кез келген адамның бет-әлпеті мен саусақ ізін соған дейінгі, сол кездегі және болашақтағы барша адамзаттың бет-әлпетінен өзгеше етіп жарату үшін барлық адамды бет-әлпеті мен саусақ ізінен танитын, оларды бір-бірімен шатастырмайтын және ұмытпайтын шексіз ілімі бар біреу болу керек. Біз жақындарымыздың бет-әлпетін бейне бір Ләухы Махфұздың кіп-кішкене үлгісіндей миымызға сақтаймыз да, оларды көргенде шырамытып, ажырата аламыз. Аллаһ тағала дүниеге келетін барша адамзаттың бет-әлпетін және саусақ құрылысын шексіз ілімімен біліп, әу баста-ақ «Тағдыр кітабына» жазған. Пешенемізге жазылған ғұмыр жазмыштың жүзеге асуын білдірсе, уақыт өткен сайын дүниеге келген бет-әлпеттер мен саусақ іздері де сол сияқты жазылған жазудың кейіннен жаратылуын ұқтырады.  


Жоғарыда айтып өткеніміздей, Аллаһ тағала өзінің шексіз ілімімен барша өткен-кеткенді және болашақты тарының қауызына сыйдыра білген. Салыстырмалы түрде айтар болсақ, барлық нәрсені биік жерден, биік шыңның төбесінен қарап барлық бедерімен көру тәрізді бәрін толық біледі. Мәселен, сіз таудағы бір ағаштың саясында кітап оқып отырсыз делік. Сол сәтте сіз уақыт пен кеңістікке бірдей тәуелдісіз. Бірақ кенеттен, «рух» тақырыбында тоқталып өткеніміздей, бірден мына материялық әлемнің шегінен шығып, жоғары ұша бастайсыз. Сөйтіп, таудың ең биік шыңына жетесіз. Міне, дәл осы жерде асқар таудың айналасы сіздің алақаныңызда тұрғандай айқын көрінеді. Осы секілді Жаратушымыз да (барлық материялық өлшемдер мен түсініктерден тысқары) өткен мен келешекті біздің істеген және істейтін амалдарымызды (оның ішінде өз еркімізде бар) бүкіл себеп пен нәтижелерімен қоса өзінің шексіз ілімімен алдын-ала көріп білгендіктен, «Тағдыр кітабына» белгілеп жазып қойған. Біз де уақыты келгенде, өз қалауымызбен соларды істейміз.


Бізге мәлім, әр жыл сайын бір жылдағы бес уақыт намаздың уақыттары жазылған күнтізбелер басылады. Күнтізбедегі уақыт кестесіне қарай мезгілі келгенде азан оқылады, біз де өз еркімізбен Жаратқан Иеміздің алдында намазымызды оқимыз. Бұл да болашақта жасайтын ғибадаттарымыздың уақытының әр минутына дейін алдын-ала анықталып, белгіленіп қойғандығын көрсетіп тұрған жоқ па?

 "Иман аясында" кітабынан алынды



1]     Нұр сүресі, 24/41.

[2]     Бақара сүресі, 2/216. 

[3]     Әли Имран сүресі, 3/29.

[4]     Һуд сүресі, 11/6. 

[5]     Таһа сүресі, 20/110.

[6]     Алақ сүресі, 96/5. 

[7]     Әнғам сүресі, 6/59.

[8]     Кәһф сүресі, 18/110.

 



Оқи отырыңыз