Akikat.kz - рухани танымдық, ғылыми портал

http://akikat.kz

Басты бет > Иман негіздері > Тағдыр мәселесі > «Иләһи қалау» жағынан алып қарағанда тағдыр мен қаза

«Иләһи қалау» жағынан алып қарағанда тағдыр мен қаза

2015-06-29 1922


Аллаһ тағаланың «қалауы» – Оның бір нәрсені қалауы және қалағанының сол мезетте орындалуы. Жоғарыда қарастырған екі мәселе: Аллаһ тағаланың барлық нәрсені ілім түрінде «жоспарлауы» және түрлі пішінде «жазуы» – Оның «қалауымен» жүзеге асқаны секілді бұдан кейінгі «жарату» ісі де Оның «қалауы» арқылы орындалады.


Аллаһ тағаланың «қалауын» Құран мен жаратылыс бейнесінде ап-анық түрде көреміз және сеземіз. Құранда жиі кездесетін сөздердің бірі – «шәә»[1] (56 рет) және бұл етістіктің осы шақтағы тұлғасы «иәшәу» (116 рет). Осы сөздермен айтылған нәрсе «тікелей қалау» болады, әрі жаратылыстың бүкіл кезеңі де Оның «қалауымен» болғаны ап-анық баяндалады. Болашақтағы іске айтылатын «Иншаллаһ»[2] сөзі «Аллаһ қаласа» деген мағынаны білдіреді.


Жоғарыда айтып өткеніміздей, Құранда Аллаһ тағаланың «қалауы» жайында өте көп аят бар. Мысалы:

«(Ол) қалағанын істейді»[3]

«Көктер мен жердің және олардың арасындағы-лардың иелігі Аллаһқа тән. Ол қалағанын жаратады...»[4]

«Уа, мүліктің иесі Аллаһым, Сен қалағаныңа мүлік бересің, қалағаныңнан мүлікті аласың, қалағаныңның мәртебесін көтересің, қалағаныңның беделін түсіресің,» – деп айт»[5] 

«(Аллаһ) Қалағанына азап береді, қалағанына мейірімділік көрсетеді...»[6]

«Ол қалағанын тура жолдан адастырады, қалағанын тура жолға салады...»[7]

«Аллаһ қаламайынша, сендер қалай алмайсыңдар»[8].


Бұдан ұғатынымыз, адам өмірінің әрбір сәті толықтай Аллаһ тағаланың «қалауымен біте қайнасып кеткен». Адамның өміріне әбден сіңісіп кеткені соншалық, өмірдің әр сатысында өзін сездіруде. Сондай-ақ, Құран Кәрім мен барлық пайғамбарлардың сөздері осы ақиқаттарды баяндайды. Адамның ішкі және сыртқы әлемінде көрген ақиқаттары мен бүкіл жаратылыстағы дәлелдер де осы ақиқаттарды растайды. Біз қалайша күннің шығуы мен батуына араласа алмасақ, дәл сол секілді жүрегіміздің соғысы мен көзіміздің ашып-жұмылуына да ешқандай ықпал ете алмаймыз. Бірінші тарауда айтылған дәлелдер: «ықтималдық, тазалық, тепе-теңдік, хикмет, мақсат пен өнер» – бәрі бірауыздан бізге Аллаһ тағаланың «қалауын» көрсетуде. Аллаһ тағаланың «қалауы» бар нәрседе де бар, жоқ нәрседе де бар, яғни Аллаһ тағала бір нәрсенің бар болуын қаласа, ол бар болады, ал жоқ болуын қаласа, ол жоқ болады.[9] «Ықтималдық» дәлелінде айтылғандай, әлем мен қарапайым бір заттың бар болуы және жоқ болу мүмкіндігі бірдей дәрежеде. Бар нәрселердің болуын, жоқ нәрселердің болмауын қалаған – Аллаһ тағаланың «қалауы» мен құдіреті.


"Иман аясында" кітабынан алынды



[1]     Араб тілінен аударғанда «қалау» деген мағынаны білдіретін етістік (ауд.).

[2]     Қараңыз: Кәһф сүресі, 18/24.

[3]     Буруж сүресі, 85/16.

[4]     Маида сүресі, 5/17.

[5]     Әли Имран сүресі, 3/26.

[6]     Әнкәбут сүресі, 29/21.

[7]     Нахл сүресі, 16/93.

[8]     Инсан сүресі, 76/30; Тәкуир сүресі, 81/29.

[9]     Иәсин сүресі, 36/82; Әбу Даууд, Әдәб 110.



Оқи отырыңыз