Akikat.kz - рухани танымдық, ғылыми портал

http://akikat.kz

Басты бет > Мақалалар > Ақида және ғибадат > Имам Матуриди көзқарасында мүтәшабиһ аяттар

Имам Матуриди көзқарасында мүтәшабиһ аяттар

2015-06-29 2568

Қасиетті Құран – тілдік және мазмұндық сәйкестігі ғажап, адам баласына өмірдің мәні мен жаратылу мақсатын баяндайтын сырлы кітап. Бұл кітаптың мазмұны мен тілдік мағынасы жағынан аяттары мүхкам (мағынасы да, үкімі де анық) және мүтәшабиһ (кейбір аяттарда Алла тағалаға қатысты айтылған тура мағынасы белгілі бір ағзаны немесе жаратылғандарға тән іс-әрекеттерді білдіретін сөздері бар) болып бөлінеді.

Имам Әбу Исхақ әш-Шатиби: «Мүтәшабиһ аяттар хақиқи мүтәшабиһ (мәнісін түсіну қиын) және мүтәшабиһ идафи (қосымша мүтәшабиһ) болып екі түрден тұрады. Хақиқи мүтәшабиһ аяттарға (хұруфул мұқаттаға, «آلم, ق ,ن » сияқты сүренің басында келетін жеке әріптер жатады) жорамал жасамаған дұрыс. Мүтәшабиһтың бұл түрі ашық аят, сахих хадис немесе ижмәғ (ғалымдардың бірауыздан келісуі) жолымен түсіндірме жасалған болса, онда ол мүтәшабиһ идафи болғаны» [1, 328 б.] деп, қандай да бір мағынасы бұлыңғыр аятқа басқа аят, хадистерге сүйене отырып, жорамал жасаудың дұрыстығын айтады.


Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Ақиқатында Құранда бір аят екінші аятты жоққа шығармады. Қайта бірін-бірі қуаттап келді. Құраннан білгендеріңе амал етіңдер. Білмегендеріңді оны (Құранды) түсінген ғалымдардан сұраңдар» деп, мүтәшабиһ аяттың мәнісін егжей-тегжейлі баяндауды Ислам ғұламаларының еншісіне қалдырған [2, 2053 х.].   


Мүтәшабиһ аяттарда Алла тағаланы пәктей отырып, ұлықтығына сай тура мағынасын ашып түсіндіру үлкен жауапкершілік. Һижри III ғасыр Ислам жағрафиясы кеңейіп, көне діндер мен мәдениеттер едәуір ықпал ете бастаған болатын. Міне, осы кезде Ислам ғалымдары мұсылмандарды Құран, хадистың тұнық бұлағынан сусындату мақсатында мүтәшабиһ аят, хадистерге кеңінен жорамал жасай бастады. Құран және хадис мәтіндеріне терең үңіле отырып, ол екеуінің мәнін мұсылман үмбетіне дұрыс жеткізу, бір ізділікке түсіру болды. Бұған мәжбүрлеген түрлі ағымдардың шығуы еді. Солардың арасында Жәһим муъаттила (Алланы пәктейміз деп онда айтылған сипатты толықтай жоққа шығарушылар) мен Мұқатил мүшаббиһа (сөздің тура мағынасын негізге алып, Алланы басқа жаратылғандарға ұқсататындар) ағымдарының қатері ерекше болды. Бұл қате пікірлерге қарсы Әһлү сүннет уәл жәмағат ғалымдары: «Мұхалафатул лил-хауадис» (Алла жаратылысқа ұқсамайды) деген ақидалық қағида  бекітті.


Имам Матуриди: «Алла тағаланың бірлігі мен улуһиятын (Алла ғана құлшылық етуге лайықтығын) бір ауыздан келісу Оның ұқсасы, теңдесі жоқ екендігін білдіреді. Ал Алланың теңдесі бар деу, теңдессіз ұлылығын мойындамау болса, ұқсасы бар деу де жалғыздығын жоққа шығару. Сондай-ақ, жаратылыс – ұқсастық, сәйкестіктен және бір-бірінің орнын басудан тұрады. Жалғыздық – бұған кереағар ұғым. Құдай бір, мәңгі тірі. Оның ұқсасы жоқ. Бұл «Оған (Аллаға) еш нәрсе ұқсамайды» аятының тәуилі» деп түсіндіреді [3, 89 б.].       


«Хижр» сүресіндегі «Расында Құранды Біз түсірдік. Оны қорғаушы да өзіміз» деген 9-аятты имам әл-Матуриди: «Біз Құранды көкейіне даналық берген құлымызбен сақтаймыз» деп айшықтайды. Сол көңіліне даналық берілген құлдың бірі имам Матуриди еді. Ол «Ниса» сүресіндегі «Құран Алладан басқаға тиесілі болса, онда көп қарама-қайшылық болатын еді» деген 82-аятқа амал ете отырып, Құран кәрімнің мүтәшабиһ аяттарын мүмкіндігінше мұхкам аяттар негізінде тәуил (жорамал) жасады. Сонымен қатар, мүтәшабиһ аяттарда кездескен сөздің араб тілінде қолданылатын бірнеше мағынасына да мән беріп, төмендегі шарттарға сәйкес болғанын ғана таңдады. Олар:


1.     Алланың ұлықтығын және бүкіл кемшіліктен пәктігін білдіруі;

2.     Алла тағаланы жаратылысқа ұқсатпау;

3.     Ақыл тұрғысынан да құпталуы.


Мүтәшабиһ аяттың астарлы мәнін іздеп, жорамал жасауға болады дегендер «Әли Имран» сүресінің мына 7-аятын да дәлел ретінде келтіреді: «Ол (Алла) саған Құранды түсірді. Онда мағынасы айқын мұхкам аяттар бар. Олар – Құранның негізі һәм тірегі. Ал басқа аяттары болса, мағынасы нақты ұғынықты емес мүтәшабиһ аяттар. Жүректерінде қыңырлық бар жандар «қалай бүлік шығарып (жұртты адастырамыз), жорамал жасаймыз» деп мүтәшабиһ аяттардың соңына түседі.  Шын мәнінде, оның нақты жорамалын тек Алла және ғылымда тереңдегендер біледі де, «Біз бұл кітапқа (мұхкамы мен мүтәшабиһына) толықтай иман келтірдік. Барлығы Алланың құзырынан» дейді».


Бұл мәселе төңірегінде Жаһмия* ағымы Алла барлық жерде десе, Уахабия* ағымы Алла аспанда деп түсінеді. Бұл пікірлер Әһлү сүннет уәл жамағаттың сенімдік көзқарасына қайшы. Әһлү сүннет уәл жәмағаттың ақидалық сенімі бойынша, Алла тағаланы мекенге, бағытқа немесе бір жерде яки бүкіл жерде деп түсіну дұрыс емес.


Имам Матуриди «Алла бүкіл жерде немесе бір жерде деп айтудың айырмашылығы жоқ» дейді [3, 173 б.]. «Бақара» сүресіндегі: «Күллі аспан әлемі мен жердегі бар билік бір Аллаға тиесілі» деген 107-аят пен әлемдердің Раббысы сынды жалпы мағынада келген сөздер Алла тағаланың ұлықтығын, үстемдігін білдіреді. Ал «Ақиқатында Алла тақуа жандармен бірге» (Нәхл сүресі, 128-аят), «Расында мешіттер Аллаға тән» (Жын сүресі, 18-аят) және Алланың түйесі, Алланың үйі сынды жекеше мағынада келген сөздер Алла тағаланың кеңшілігін көрсетеді» деп түсіндіреді [3, 131-132 бб.].


Алла есімінің бір жаратылыспен қатар айтылуы Жаратушы иенің мекенге мұқтаждығын білдірмейді. Керісінше, сол жаратылысты бір үйлесімділікпен басқарып тұраған ұлы құдіретін білдіреді дейді.


«Таһа» сүресінің «Рахман аршыға истиуа (билік) етті» деген 5-аятындағы «истиуа» сөзіне қатысты Алла аршты тақ етті, жайғасты деп түсіну түрлі күмәнға жол ашатынын айтқан Матуриди: «Оның (Алланың) заты Аршыда немесе бүкіл жерде орналасты деу Алланың затын сол жаратылысқа сыйғызуды білдіреді...» деп, Алла тағала аршыға жайғасып отыру үшін аршы Алладан үлкен немесе екеуі тең болу керек. Немесе Алланың затын шектеулі бір өлшем мағынасында түсіну болмақ. Ал Алланың затын аршыдан үлкен деп қарасақ, бір бөлігі аршыда, тағы бір бөлігі басқа жақта болғаны. Міне, бұл да үлкен қателік. Әрі бір-бірімен байланысы бар жаратылыс тәрізді Алланың затын да жаратылыс болған аршыға байланыстырып, тәуелді ету Алла тағаланы жаратылысқа ұқсату, мұқтаж қылып қою екенін айтады [3, 133 б.].


Имам Матуриди: «Аршыға истиуа (меңгеру) етті» сөзінің: «Екі түрлі мағынасы бар. Біріншісі: Толық билік жүргізу күшіне ие, теңдесі жоқ бір патшаны білдіреді. Екіншісі: Аршы – бүкіл жаратылыстың ұлысы, ең үлкені. Бұндай алып жаратылысты жаратып, оның үстінен үкім жүргізу Алла тағаланың құдіретін, ұлылығын паш етеді. Күш, қуат тек Аллаға тән» деп, Алла тағаланың затын бүкіл кемшіліктерден пәктей отырып, дінді даналық тұрғысынан түсіну керек деп қарайды [4, 9/180 б; 79-80 бб.].


Мүтәшабиһ аяттарда кездесетін «қол, жүз және аршқа истиуа етті» сияқты ұғымдарды тікелей түсіну мүшәббиһа немесе мүжәссима сынды адасқан ағымдардың пікірі. Ал тәуил – бір нәрсені өз негізіне қайтару. Немесе аяттың тілдік мағыналары арасында мұрат болған сөзді жорамал негізінде таңдау деп түсіндіреді [4,1/37 б.].


Әбу Ханифа өсиет еңбегінде: «Біз Алла тағала аршыға истиуа етті деп сенеміз. Бірақ истиуа етуі бір қажеттілік, мекен қылып орнығу емес. Ол (Алла) аршының қорғаушысы, аршыға мұқтаждығы жоқ, бөлек. Ол (Алла) бір көмекке мұқтаж болғанда, басқа жаратылыс сияқты әлемді де жоқтан бар етіп, меңгере алмас еді. Және де Ол аршыға отыруға, орнығуға мұқтаж болғанда, аршыны жаратпай тұрып Алла қайда болды? Алла тағала мінсіз, бүкіл кемшілік атаулыдан пәк» деп, Алла тағалаға мекен телуге болмайтынын дәлелдейді [5, 87 б.]. 

       

Имам Матуриди: «Олар...Алланың келуін күте ме?...» (Бақара сүресі, 210-аят), «Раббың және періштелер сап болып келді» (Фажыр сүресі, 22-аят) және «Рахман аршқа истиуа етті» сынды аяттардан Алла тағала өзгереді, бір мекеннен басқа бір мекенге орын ауыстырады және аршыға жайғасады деп түсіну дұрыс емес. Келу cөзі – орын ауысуды ғана білдірмейді, бұл білімнің келуі» десе, Құран Ибраһим (а.с.) тілімен: «Жұлдыз батқан кезде: Батып, өзгеретінді жақсы көрмеймін» деген (Әнғам сүресі, 76-аят). Яғни, тұрағы жоқ, орын ауыстырып тұратын нәрсе ғибадат етуге лайық Раббы бола алмайтынын, Жаратушы Алла тағала кемелдік иесі, кемшіліктен ада екенін айтады [4, 2/266 б.].


Имам Матуриди Құран кәрімге толығымен түсіндірме жасаған «Тәуилатул Құран» (Құранның астарлы мәні, жорамалы) атты еңбегінде ақидалық негізге көбірек назар аударған. Қолда бар бұл көлемді еңбектің аты айтып тұрғандай, Жаратушы Алла тағаланың ұлылығы мен даралығын дұрыс түсінуде Құран аяттарының сырына үңілудің маңыздылығын ашып көрсетеді. Немесе мүтәшабиһ аяттың дұрыс мағынасын мүхкам аяттар аясында түсіну керек екендігін дәлелдейді. Оның ақида мәселесін түсіндірудегі бұл ұстанымы сол һижри III ғасырдан бері Әһлу сүннет уәл жамағат ғалымдары тарапынан құпталып, ақида мәселесінің негізі саналды.


Мүтәшабиһ аят, хадистерге жорамал жасау (тәуил) алдыңғы буын, Матуридидің ұстазы Әбу Ханифа көзқарасына да кереағар емес. Қайта солардың көзқарасын дамытудан тұрады. Ханафи мәзһабының көрнекті ғалымы Әли ибн Сұлтан Мұхаммед Молла әл-Қари: «Сәлаф та (алғашқы үш ғасырда өмір сүрген ғалымдар), халаф та (кейінгі ғасырдың ғалымдары) тәуил жасаған. Себебі, олардың бәрі сөздің тура мағынасы мұрат емес деген. Бірақ сәлафтардыкі қысқа тәуилге, ал халафтардыкі кең тәуилге жатады. Себебі, халафтардың заманында бидғатшылардың көбеюі – оларды осыған итермелеген» деген [6, 260 б.].


Демек, Құрандағы мүтәшабиһ аяттардың саналы адам баласы үшін екі дүние бақытына қауыштыратын хикметтері де бар деуге болады. Өйткені, Құран – білім иелері де, көпшілік халық та түсіне алатын қасиетті кітап. Құранда: «Алланың (құдірет) қолы олардың қолының үстінде» (Фатых сүресі, 10-аят) сынды мүтәшабиһ аяттарда да Раббысын белгілі бір болмысқа ұқсату арқылы ғана бағамдай алатын, қарапайым халықтың түсінік деңгейі де қарастырылған. Бірақ, бұл Алла тағала дене-мүшеге мұқтаж немесе біз білетін жаратылыс формасына ұқсайды дегендік емес. Сонымен қатар, Алла тағаланың адам баласына берген теңдессіз нығметі болған ақылды тиімді пайдалануға да тигізер пайдасы мол. Себебі, Құран оқыған адам мағынасы анық мүхкам аяттарды оқумен қатар, мағынасы бұлыңғыр мүтәшабиһ аяттарға кезіккеде, «Бұл аят не демекші, мәнісі қандай?» деп ой жүгірте бастайды. Аяттың бәрі мүхкам болғанда ақылға да бір қажеттілік қалмас еді. Терең ойлану жаратылыс сырын ұғуға жол ашады. Жаратылыс – Жаратушы Хақты танытар бірден-бір айғақ!


 Абдусамад Оқан

 


ПАЙДАЛАНҒАН ӘДЕБИЕТТЕР:

1.     Әбу Исхақ Мұхаммед әш-Шатиби, әл-Муафақат, «Дәру ибн Аффан» баспасы. – 2004.

2.     Мүснәду Ахмад, 6663-хадис.

3.     Әбу Мансур әл-Матуриди, Китәбут таухид, «Дәру садыр» баспасы, Байрут. – 2007. 538 бет.

4.     Бәкір Топалұғлы, Тәуилатул Құран ли Әби Мансур әл-Матуриди, «Дәрул мизан» баспасы, Станбул. – 2007, 9- том, 475 бет; Мұхаммед Халил ән-Науайһи, Әл-Усит фи ақайди имам әл-Матуриди, «Дәрун нұр» баспасы, Йордания. – 2013. 336 бет.

5.     Мұхаммад әл-Бабурти, Шарху уасияти Әби Ханифа, «Дәрул фатх» баспасы. – 2009. 155 бет.

6.     Сайф ибн Али әл-Каусари, әл-Қаулут-Тәмаму би исбатит-тафуид мәзһабан лис-сәлафил-кирам, «Дәрул-фақиһ» баспасы, Әбу Заби, 2009 ж. (Мирқатул-мафатих шарху мишкатул-масабих, 1-том, 260-бет.); Қараңыз: Қ. Жолдыбайұлы, Дін мен діл, 1-том, 150-151 бет. 

      

 


* Құрушысы Жәһм ибн Сафуан. Һижри ІІІ ғасырда пайда болған. Олар Алланың сипаттарын жоққа шығару және Құран жаратылған деген сынды пікірлерімен Әһлу сүннет уәл жәмағатқа қарсы болған топ.

* Мұхаммед ибн Абдулуаһһабтың (1703-1792) көзқарасында қалыптасқан діни, саяси ағым. Бұлар Құран мен сүннеттегі мәліметтерді тіке мағынасында қабылдайды. Сол себепті көп мәселелерде Әһлу сүннет уәл жәмағаттың көзқарасына қайшы.   



Оқи отырыңыз