Akikat.kz - рухани танымдық, ғылыми портал

http://akikat.kz

Басты бет > Иман негіздері > Тағдыр мәселесі > Жазмыш жайлы («қадар»)

Жазмыш жайлы («қадар»)

2015-06-29 2285

«Қадар» – араб тілінде «өлшеу, пішінге келтіру, қалыпқа салу» дегенді білдіреді. Оның етістік тұлғасындағы мағыналары мынадай: бірінші баптағы «қа-да-ра» етістігі – «біреуге бір нәрсе бөлу, белгілі бір бөлшектерді үлестіру, әркімге белгілі бір үлес беру», ал екінші баптағы «қаддара» етістігі – «қорытынды шешім қабылдау, жарлық беру, үкім шығару» дегенге саяды. Демек, «қадар» (тағдыр) сөзі арабша айтқанда, «мә иуқаддируллаһу минәл-қада уә иәхкуму биһ», яғни «шешім қабылдап, Аллаһтың үкім шығарғаны» деген мағынаны білдіреді.


Тағдыр туралы тереңірек талқыламас бұрын ол жайлы біршама Құран аяттарының мағынасына тоқталып өткенді жөн көріп отырмыз:


«Ғайыптың кілттері Оның (Аллаһтың) жанында. Оларды тек Сол ғана біледі. (Ол) теңізде және құрлықтағы барлық нәрсені біледі. Оның пәрменінсіз ешбір жапырақ түспейді. Жердің қараңғылықтарындағы тұқым және құрғақ, ылғал – барлық нәрсе ап-анық Кітапта (жазылған)»[1].

«Жер мен көкте құпия ештеңе жоқ: барлығы ап-анық Кітапта (жазылған)»[2].


«Шындығында, Біз өлілерді тірілтеміз және олардың алдын-ала жібергендері мен артына қалдырғандарын жазамыз. Біз барлық нәрсені ашық баяндайтын кітапқа жазып қойғанбыз»[3].

«Әрине ол – Ләухы Махфұзда болған теңдессіз  ұлы Құран»[4].


«Егер шыншыл болсаңдар, айтыңдаршы, бұл азап жайлы уәделерің қашан (орындалады)? – дейді. (Оларға) айт: Оны Аллаһ қана біледі. Мен тек анық ескертушімін»[5].


Негізінде, «қадар» (тағдыр) мен қазаның» мағынасы бірдей, тек екеуінің арасында аз ғана айырмашылық бар: «қадар» (тағдыр) – Аллаһтың жоспарлағандары, ал «қаза» – осы жоспардың жүзеге асуы, жазмыштың орындалуы.


«Тағдыр» – ілімі шексіз, әрі барлық нәрсенің басы мен соңын түгелдей білетін, «кеше, бүгін, ертең» деген секілді уақыт ұғымынан тыс Аллаһ тағаланың микроәлемнен макроәлемге дейін, атомдардан алып жүйелерге дейін, болашақтағы өмірі тұтастай қамтылған «нормо әлемінен» адамға дейін, ең кішкенесінен ең алыбына дейінгі бүкіл жаратылысты ғылыми жобада, негізде жоспарлап, сол бойынша мұқият өлшеуі арқылы оларды бір пішінге келтіруі, жүйелеуі, реттеуі және солардың бәрін ғылыми жобадан алып, өзінің құдіретімен жүзеге асыруы, бұларға  белгілі бір пішін беріп, жаратылыс әлемінде көрсету үшін барлық нәрсені әлі болмай тұрып, «Анық баяндаушы Кітапқа» (китабун мубин) тіркеп жазуы. Жоғарыдағы аяттарда өткен «ап-анық Кітап» – әне-міне жүзеге асқалы тұрған нәрселерді періштелердің Лаухы Маху уә Исбатқа[6], Лаухы Махфузға[7] жазуы. 


Сонымен бірге, «тағдыр» – адамның бір істі жүзеге асыруы мен Аллаһ тағаланың ол істі жаратуының қатар келуі. Яғни, адам баласы бір іске ниеттеніп, өз еркімен сол істі істеуге кіріскенде, Аллаһ тағала қаласа, ол істі жаратады. Өйткені Аллаһ тағала өзінің шексіз ілімімен осы екі өзекті мәселені олар жүзеге аспай тұрып әу бастан біледі әрі оны алдын-ала белгілеп қойған. Демек, «қадар» (тағдыр) адамның еркі мен ісіне негізделеді: еркі болмаса, тағдыр да болмайды.


Жаратылыста жоспар, өлшем және тепе-теңдік маңызды рөл ойнайды. Бұл туралы Құран аяттарында айтылған:

«Аллаһ әрбір ұрғашының неге жүкті болғанын және жатырлардың нені кемітіп-арттырғанын біледі. Оның жанында барлық нәрсенің өлшемі бар»[8].

«Жерді де жайғастырдық. Ол жерге берік таулар орналастырдық. Ол жердегі барлық  нәрсені белгілі бір өлшеммен өсіріп-шығардық»[9].


«Ол аспанды көтерді және тепе-теңдік орнатты»[10]. Жаратылыста барлық нәрсені қамтитын өте кең ауқымды тағдыр бар. Онсыз ештеңені елестету мүмкін емес. Жаратылысты жаратқан Ұлы Жаратушы өзінің терең ілімімен ұрықтың өнуінен көктемнің келуіне, адамның дүниеге келуінен жұлдыздар мен галактикалардың тууына дейінгі барлық құбылыс-тардың керемет жоспарларын, программаларын белгілеп, олардың тағдырын нақтылағаны соншалық – кешелі-бүгінді төрткүл дүниедегі зерттеуші-ғалымдар сан мыңдаған ғылыми еңбектер жазып, осы ғажайып өлшемді, тепе-теңдікті, тағдырды ұғынуға талпынуда.Наным-сеніміне қарамастан адамдардың барлығы әлемде бір тәртіп пен жүйенің бар екенін мойындайды. Тіпті кейбір марксистер оны «детерминизм»[11], - деп те атаған. Әрине, біз үшін марксистік детерминизмнің мән-маңызы жоқ. Біз тек өзгеше мағынада болса да, бұл мәселеге тағдыр тұрғысынан тоқтала кеткенді жөн көрдік. Негізінде, Ибн Халдун секілді бір топ мұсылман ғалымдары да детерминизмді қолдағандай болып көрінеді және соңғы кезеңдерде батыстық ағымдарда, мысалы историзмде болғандай, осы детерминизмді қоғамдық өмірге де қатыстырады. Алайда біздер, мұсылмандар, Пайғамбарымыздың сүннеті бойынша, бұл мәселені белгілі бір шарттарға негіздеп, «мүмкін, бәлкім» деген екіұдай сөздермен жеткізуге тырысамыз.


Міне, біз осы өлшемдерге сүйеніп, барлық нәрседе (оның ішінде адамның өз қалауы да бар) кең ауқымды тағдырдың билік жүргізетініне сенеміз. Мәселен, сағат немесе үй жасайтын кезде әуелі оның жоспары мен жобасын сызып, өлшеп-пішеміз. Сол секілді таңғажайып аспан жүйелері, атомдар және адамзат арасындағы қатынастардың белгілі бір жоспардан тысқары болуы мүмкін бе? Біз білетін кәсіпорындардың жұмыс істеу жүйесін алып компьютерлермен басқару қиынға соғып жатқанда, олардан мыңдаған есе үлкен жаратылыстағы тепе-теңдік жүйесі сағат тілі секілді тоқтамастан, белгілі бір тәртіппен жұмы істеп тұр. Сонда таңғажайып орасан зор жаратылыс әлемінің жоспарсыз, ешбір бағыт-бағдарсыз болуы мүмкін бе?


Дән мен тұқым бейне бір тағдыр сақталған сандықша сияқты. Кішкентай ғана дәнекте алып ағаштың бүкіл өмір шежіресі тіркелген. Құрылысы бірдей болып көрінген дәндер топыраққа көмілгенде олардан алуан түрлі өсімдіктер, гүлдер мен ағаштар өсіп шығады. Әрбір дән өзінің тағдырына жазылған өлшемдер бойынша белгілі бір пішінмен, қабығымен топырақтың бетіне қылтиып шығып өсіп-өнеді, бұл құбылыс кімді де болса таңдандырмай қоймайды. Егер мыңдаған тігінші жұмылып жұмыс істесе, сан мыңдаған гүлдер мен өсімдіктерге қазіргідей сыртқы пішін беру былай тұрсын, бір ағашқа да «киім» пішіп тіге алмайды. Дегенмен жүз мыңдаған ағаш, бәлкім, жүз мыңдаған жылдар бойы мінсіз «тігілген киімдерді» жыл сайын ауыстырып отырады. Сонда мұны жасап жатқан шынымен де өздері ме, әлде оларға сол пішінді, тағдырды берген бір ұлы өлшеп-пішуші ме?


Белгілі бір тағдырға, жоспарға тәуелді болғандықтан, спермалар мүлдем жалған айтпайды: хромосомалардың тілімен, РНК мен ДНК-ның тұрақты қызметі және жасушалардың сөзімен ауыз, тіл, ерін, көз, қас, құлақ, бет, сезім және қабілеттер сияқты көптеген сатылардан өтіп, “Адам болып шығамын”, – дейді де, айтқанындай адам болып шығады.


Астрофизиктердің айтуынша, жаратылыстың әр жерінде қандай қабаттардың бар екендігі және бұл жерлерде қай магниттік әсердің қандай мөлшерде болғандығы аз да болса белгілі. Өйткені, геометриялық аудандар мен қуаттың қысымы бұрыннан қатты. Компьютерлердің пайда болуы мына мәселені тағы да нақтылай түсті: атомдардан галактикаларға дейінгі бүкіл болмыс атаулы жаратылғаннан бастап программалануда. Иә, бүкіл нәрсе әуел баста Ләухы Махфұзда  белгіленіп қойған.

"Иман аясында" кітабынан алынды



[1] Әнғам сүресі, 6/59.

[2] Нәмл сүресі, 27/75.

[3] Иәсин сүресі, 36/12.

[4] Буруж сүресі, 85/21-22.

[5] Мүлк сүресі, 67/25-26. 

[6] сөзбе сөз алғанда «өшіретін және қайта жазатын тақта» дегенді білдіреді, не оны тағдыр істері жазылған жады деуге болады (ауд.)

[7] Күллі тіршілік иелерінің тағдыры жазылған үлкен құдірет кітабы (ауд.) 

[8] Рағд сүресі, 13/8. 

[9] Хижр сүресі, 15/19.

[10] Рахман сүресі, 55/7.

[11] Табиғатта және қоғамда кездесетін құбылыстардың, оның ішінде адамның еркі мен мінезінің өзара байланыстылығының себептерін, себептестігінің заңдылығын зерттейтін ілім. Нұрғалиев Р. Философиялық сөздік. «Қазақ энциклопедиясы». Алматы. (ауд.).

 



Оқи отырыңыз