Akikat.kz - рухани танымдық, ғылыми портал

http://akikat.kz

Басты бет > Иман негіздері > Періштелер > Әл-дәрменіміз құрып, сөйлеуге шамамыз келмегенде, рухымызды көтеретін не?

Әл-дәрменіміз құрып, сөйлеуге шамамыз келмегенде, рухымызды көтеретін не?

2015-06-29 2062

Біз өмір сүріп жатқан әлемде тілдесу мүмкіндігінің мол екендігі баршаға мәлім. Бұл жерде біз – адамның тіліндегі алтын сөздерді емес, сөйлесу арқылы жүзеге асатын ақпарат алмасу, хабарласу тәсілдерін айтып отырмыз. Өйткені әрбір түсіндіру тәсілі сөйлеудің бір түріне жатады.


Айналамызда біз ести алатын қаншама дыбыс түрлері бар. Екі тастың соқтығысуынан шыққан дыбыс пен екі ағаштың немесе екі темірдің шығарған дыбысы – бір-бірінен өзгеше. Жерден атқылап шыққан бұлақтың сылдыры мен тып-тыныш аққан судың сылдыры да бірдей емес. Дауыл мен құйынның ұйытқыған дауысы қорқынышты болса, кешкісін ескен самал желдің үні құлаққа қандай жағымды! Найзағайдың да дауысы бар, естігенде, жүрегің тас төбеңе шығады. Ал жаңбырдың сиқырлы үні адамның жан дүниесін баурап алады.


Ормандағы тіршілік иелерінің де өздеріне тән дыбыстары бар. Біреулерінің үні жағымсыз естілсе, енді біреулерінікі жаныңды сергітеді. Көктегі бозторғайлар да өзгеше әуендетеді. Бұлбұл сайрайды, қарға қарқылдайды, шымшық шиқылдайды дегендей.


Мына материялық әлемнің өзіне тән тілдесу, тіл қату әрі бұлардың алуан түрлі болуы бір-бірінен еш айырмасы жоқ бірыңғай дыбыстан әлдеқайда жақсы. Аллаһ тағала да әр әлеммен олардың өз тілінде тілдеседі. Ол періштемен бір бөлек, пайғамбармен басқаша, әулиемен өзгеше жолмен тілдеседі. Ал жалпы адамзатпен кітабы арқылы сөйлессе, тау-тасқа, көкке басқаша тіл қатады. Бал арасы мен сол тектес тіршілік иелерімен өзгеше бір уахи арқылы тілдеседі.

Бәрзах[1] әлемінің өзіне тән сөйлеу тілі бар. Сол секілді махшарда[2], жұмақ пен тозақта өзгеше сөйлеу мәнері болады.


Енді өз әлемімізге оралайық. Адамдар арасындағы тілдесу тәсілдері де сан алуан. Жер бетінде мыңдаған тіл бар. Тіпті сезімдерімізді дене қимылдарымызбен басқаша жеткізе аламыз. Әр ұлттың немесе сол ұлттың ішіндегі әрбір ру-тайпалардың қуанған кездегі әрекеттері де соншалықты әр түрлі болуын басқа немен түсіндіруге болады? Негізінде, әдет-ғұрыптардың әр түрлілігі де осыны ұқтырмай ма?


Адам компьютер арқылы сөйлескенде де, кәдімгі әңгімелесуден басқаша тілді қолданады. Бәлкім, ол алдағы уақыттарда роботтармен басқа тілде сөйлесетін шығар. Сондай-ақ адамдардың телепатия жолымен тілдесуі де бізге басқа әлемдердегі өзгеше сөйлеу тәсілдерінің болғанын көрсетеді. Және де жындармен сөйлесетіндер мен гипноз жасаушылардың тілдері де өзгеше.


Бұған қоса, тілін қимылдатпастан, адамның өз-өзімен іштей сөйлесуі бар. Бұны «нәпсіге тән сөйлесу» дейді. Асылында, сөйлеу деген кезде, бірінші кезекте ойымызға келетіні – тіл арқылы сөйлесу. Бұл – өз қалауымыз бойынша, мидың қызметі мен сөйлеу мүшелеріміздің көмегі арқылы сыртқа шығарған мағыналы ойлардың жиынтығы, құлаққа жағымды естілетін, тыңдаушылар еститін тілімізден төгілген інжу-маржан сөздер немесе ажал келгенге дейін жалғаса беретін сөйлеу түрі. Дегенмен іштей сөйлескенде, тіл мен ерін қимылдамайды. Тыңдаушы өзіміз де болуымыз мүмкін, басқасы да. Қиялымыздың қанат қағуымен мүлдем басқа әлемдерге сүңгіп, осы күнге дейін өзіміз көріп-білмеген болмыс-тармен шүйіркелесеміз әрі бір-бірімізді түсінеміз де.


Түстің де өзіндік тілі бар. Дене мүшелеріміз бейне бір өлім құшағына енгендей, қалың ұйқыға кіргенде, таңғажайып құбылыстар мен қаншама өткен-кеткен оқиғаларға куә болып, кімдермен, нелермен сөйлеспейміз десеңші! Кейде күлкіміз тау жаңғыртып, өксігіміз жүрек тұншықтырады... Біз осындай сан түрлі жағдайды бастан кешіп  жатқанымызда, қасымыздағы ояу отырғандар олардың ешбірін де сезбейді. Қатты дауыстап күлгенімізге қабақ шытып не өкіріп жылағанымызға аяушылық танытпайды. Міне, дене үнсіз тұңғиыққа шомған сәтте де жан дүниемізбен тілдесетін тылсым күш бар. Оны «рух» деп атаймыз. Кейбіреулер оны мейлі басқаша атасын, бәрібір одан оның мәні өзгермейді.

Сондай-ақ, нәзік сезімдеріміз бен түйсіктеріміздің де өздеріне тән тілдері мен өздеріне тән тілдесу тәсілдері бар.


"Иман аясында" кітабынан алынды


[1]     Адам өлгеннен кейін басталып, қиямет-қайымға дейін жалғасатын әлем (ауд.).

[2]     О дүниеде адамдар есеп беру үшін жиналатын жер (ауд.).



Оқи отырыңыз