Akikat.kz - рухани танымдық, ғылыми портал

http://akikat.kz

Басты бет > Иман негіздері > Періштелер > Рух, жын шақыру сеанстары. Материядан тыс тылсым күштермен байланыс орнатуға тырысу әрекеттері

Рух, жын шақыру сеанстары. Материядан тыс тылсым күштермен байланыс орнатуға тырысу әрекеттері

2015-06-29 2061

Қазіргі уақытта рух шақыру сеанстары кең етек алып барады. Мұның кең таралғаны соншалық – көшедегі қарапайым адамдар да жын шақырумен айналысуға әуес. Ал стол үстіндегі стакандарды сол жындардың көмегімен жылжытып ойнау ауыл жастарының қызықты ермегіне айналғалы қашан. Осының нәтижесінде бірте-бірте материалистік түсінік те жойыла бастады. Материалистік бағытты қатаң ұстанған адамдар физикалық әлемнен тыс, физикалық заңдылықтарға бағынбайтын басқа да заңдылықтардың бар екеніне сене бастады.


Рухани мешеу болса да өздерін интеллигент санайтын жоғарғы мәдениетті адамдар арасында уақыт өткізу үшін ұйымдастырылатын покер ойындарын бүгінде әруақ шақыру сеанстары алмастырған. Осы күндері Ресей, Еуропа, тіпті Америкада да осы мәселе төңірегінде айтарлықтай өзгерістер болып жатқанын айтуға болады. Сонда бұл адамдар немен айналысуда, қалағаны не? Материя ма? Жоқ, қателесесіз! Олар материядан тыс көрінбейтін белгісіз күштермен байланыс орнатуға тырысуда. Сөйтіп осы тәсіл арқылы қазірге дейін мәнісін ұға алмаған көптеген құбылыстардың шешімін таппақ. Материя мен физикалық әлемнің шешуге шамасы жетпеген тосын құбылыстардың анық-қанығына жету үшін, «дін – апиын» деген жалған сенімді бір жаққа ысырып қойып, сауық-сайранға да қарамай жын шақыру сеанстарын үй ғана емес зертхана, университет секілді түрлі орындарда ұйымдастыруларының мәнісі осы. Телепатияға қатысты Ресейдегі зерттеу жұмыстарымен қатар, асқазан-ішек жараларына Англияда да дәрігерлер дәрі емес, гипнотерапияны қолдана бастағанын осы саладағы айтарлықтай жетістіктердің қатарына жатқызуға болады.


Бір иманды кісінің былай деп әңгімелегені бар:

«Анкарада бір прокурор досыммен бірге Мәуләнаның әруағын шақырдық. Бір уақытта жасыл шапан киген, басында мәуләуи қалпағы бар біреудің сұлбасы көлбеңдеді. Бірақ, ол теріс қарағыштап бет-жүзін көрсетпеуге тырысты. Біз оның шайтан екенін дереу аңғардық».


Бір психиатр да басынан өткен осыған ұқсас оқиғаны айтқан еді: «Самсунда бір үйдегі әруақ шақыру (жын нее шайтан шақыру) отырысына бардым. Бұны сол үйдің кішкентай қызы жасады. Ол бір столдың үстіне стакандар мен әріптерді тізіп қойды. Қоярда-қоймай шақыра берген соң, «біреудің» келгенін сездік. Ол стаканды қозғап, өзінің атын жазды: «Белма». Кішкентай қыздың қолы стаканмен бірге қимылдады. Біз әлгі келгеннен:

−   Мұсылмансың ба? – деп сұрадық.

−   Жоқ, – деді.

−   Қайдан боласың? – деген сұрағымызға,

−   Мерсинненмін, – деп жауап берді. Оған:

−   Араларыңда бір мұсылман болса, келмес пе екен? Онымен де сөйлессек, – дедік.

Кетті де, біреуді шақырып келді. Енді столдың үстінде басқа есім жазылды: «Айша».

−   Жасың нешеде? – деп сұрадық.

−   Жеті-сегіздерде, – деді.

−   Қай жердікісің?- деп сұрап едік, оңтүстіктегі бір елді мекеннің атын жазды.

−   Қандай кітап оқып жүрсің? – десек,

−   «Ханымлар рехбери»[1], – деп жауап берді.


Сосын сол жердегілердің біреуі атасының әруағын шақырттырып еді алғашқыда ешкім келмеді. Біз тәжірибені тоқтатпадық. Бір уақытта «Келдім», – деді. Атын сұрап едік, айтпады. Бірақ қайталап сұраған соң, «Шайтан», – деп жауап берді. Бәріміз сескеніп, селтиіп тұрып қалдық. Турасын айтқанда, Адам пайғамбардан (а.с.) бері адамзаттың ең үлкен дұшпаны алдымызға келгенде денеміздің түршіккені рас. Не істерімізді білмей әбігерге түстік. Бір кезде ойыма бір нәрсе сап ете қалды.

−   Сені шақырмадық қой. Неге келдің? – дедім. Стакандармен «әншейін келдім», – деп жазды.

−   Аллаһқа сенесің бе? – деп сұрадым.

−   Жоқ, – деді.

−   Пайғамбарға сенесің бе? – дедім.

−   Сенбеймін, – деп жауап қайырды.

−   Саған «Мейвенің[2] алтыншы мәселесін» оқысам, тыңдайсың ба? – дедім.

−   Иә, – деп жазды. Оқи бастадым.

−   Қалайша бір фабрика былай жұмыс істейді... Лампалары бар... т.с.с. Олай болса, бұлар бір инженердің бар екенін көрсетеді, – дегенімде,

−   Иә, – деп жауап қатты.

−   Дәл сол секілді мына жаратылыстағы өсімдіктер, шөптер, жемістер Аллаһ тағаланың бар екенін көрсетеді, - дегенімде,

−   Жоқ, – деді.


Осылайша ол «иә-жоқ» деп бізді біршама әуре-сарсаңға түсірді. Ең соңында

−   Саған «Жәушан»[3] оқысам, не дейсің? – дедім.

−   Оқы, – деді.


Мен оқуға кіріскенімде, қыздың саусақтарының астындағы стакан тасыр-тұсыр етіп қимылдай бастады. Қолымды үстіне қойсам да, саусағымның астынан қаша берді. Бір кезде былай деп жазды:

−   Мына бәлеңді тасташы.

Мен тоқтаған жоқпын. Сосын шыдай алмаса керек, үн-түнсіз тұрды да кетіп қалды.


Міне, көбіңіздің естіп, теледидардан көріп жүргендеріңіздей, мұндай тылсым құбылыстар өте көп. Негізінде, материалистік көзқарастың жарамсыздығын дәлелдеу үшін бізге осы мысалдардың біреуі ғана жетер еді. Өйткені, жекелеген оқиғалар жалпы мәселеге дәлел бола алады. Осы жерге дейін айтылғандар: рухты жетілдіріп, рухпен байланыс құру, кереметтер, алдын-ала сезу, телепатия, ойдағы нәрселерді оқу, медиумизм, иогизм, әруақ және жын шақыру – бәрі де әр мұсылманның рухының күшімен Аллаһ тағаланың рұқсаты шеңберінде жүзеге аса алады. Бұларға қол жеткізу үшін біреулерге үш айдай уақыт керек шығар. Алайда біздің мақсатымыз оларды жасау, ауада ұшу немесе жындармен ойнау емес. Біз үшін ең маңыздысы, Аллаһ тағаланы және Пайғамбарымызды (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) танып білу әрі сүю. Құран мен ондағы мұғжизалар бізге жеткілікті дәлел. Дінге, имандылыққа қызмет ету, осы жолда ұрпақ тәрбиелеу, рухымызды кемелдендіру біздің ең басты мақсатымыз болу керек. Мұнан басқа мәселелерге уақыт бөлудің қажеті жоқ.

 

"Иман аясында" кітабынан алынды


[1]     «Әйелдерге кеңес» С.Нурси

[2]     Тәпсір ғалымы әрі ислам ойшылы Б.С.Нұрсидың (1877-1960) шығармаларының бірі. (ауд.)

[3]     дұға кітабының атауы (ауд.)

 



Оқи отырыңыз