Akikat.kz - рухани танымдық, ғылыми портал

http://akikat.kz

Басты бет > Иман негіздері > Періштелер > Көріпкелдер мен йогалар – метафизикалық тәжірибелерді сынақтан өткізетін адамдар

Көріпкелдер мен йогалар – метафизикалық тәжірибелерді сынақтан өткізетін адамдар

2015-06-29 1784

Әсіресе, атеистік түсінік үстемдік құрған ортада кездесетін метафизикалық тәжірибелер көбіне медиумизм (көріпкелдік, болашақты болжағыштық), йога және әруақ шақыру түрінде жүзеге асады. Гипноздың әсерінен естен айырылып, өздерін билей алмаған кездердегі басқа рухани болмыстармен байланыс құру, болашақтан хабар беру, физикалық денелер және құбылыстар арқылы көзді сиқырлау, өз айтуларынша, әруақ шақыру, оттың үстінде жүру, денеге темір сұғу, тілді кесіп, қайтадан орнына жабыстыру, алты ай бойы нәр тартпай өмір сүру секілді тәжірибелерді жиі естіп жүрміз.


Рух дене мен физикалық әлемнен қатынасын үзген сайын күшейе түседі. Осы саладағы тәжірибелерді тек көріпкелдер мен йогалар ғана емес, ежелден бері христиандар да, яһудилер де, тіпті Буддизм, Брахманизм және Конфуцийшілдікті ұстанатындар мен әлемнің әр түкпірінде діни рәсімдерін жалғастырып келе жатқан түрлі діни ағымдар мен тариқаттардың өкілдерінде де кездестіруге болады. Барлығымыз осы мәселелер жайында газет-журналдардан оқыған шығармыз. Мұндай оқиғалардың исламдағы сопыларда да болғаны рас. Мәселен, Руфаия тариқатында йогалардағыдай азап шегу, денеге темір сұққанда қан ақпауы, ешбір жараның ізі қалмауы, алақандағы, тіпті ауыздағы шоқтың күйдірмеуі секілді тәжірибелердің болғаны мәлім. Әрине, от күйдіретін, темір ауыртатын және қан ағатын жағдайлар да болуы мүмкін.


Бұлардың барлығы адам баласының белгілі бір әлемдермен тығыз қарым-қатынаста болуына, сол салада өзін жетілдіруіне тікелей байланысты. Адам өзінің жан дүниесіне терең бойлаған сайын немесе басқаша айтқанда, киелі санайтын күштермен байланыс құрған сайын, денесінің ауыр езгісінен құтылып, руханиятқа сүңги түседі. Ол әлемдерде материя рухтың дегенінен аспайтын болады. Ендігі жерде рух отқа жанбайтын, темір сұғылса қан ақпайтын, ауырмайтын, алты ай бойы нәр татпаса да аштықты сезбейтін болады. Өйткені оған мекен де, уақыт та өз әсерін тигізе алмайды.


Транс жағдайында рух үш өлшемді мекенге[1] тәуелділіктен арқылы, төртінші, бесінші қабаттарды да асып өте алады. Бұл жағдайда уақыт пен мекен оған көп ықпал ете алмайды. Осы ғасырда өмір сүрген бір физик бұл мәселені түсіндіре келе: «Мен өзімді сенің үш өлшемді мекеніңнің сыртында да сезіне аламын», – деген екен.


Материядан асып биіктерге самғаған рухтар өз әлеміне жеткенде, кәдімгі құбылыстар ерекше жақтарымен байқалады.

Қазіргі кезде кең жайылған мысалдардан бірнешеуін айтып кетелік.


Бедри Рухселман өзінің «Рух және жаратылыс» атты кітабында бір дәрігердің басынан өткен мына бір жайтты жазған: «Әйелім сырқат еді. Қатты қиналған кезінде бұлт тәрізді үш нәрсенің үйге кіріп, бас жағына үйіріліп тұрғанын байқадым. Осы сәт әйелімнен өзгеше бір дене бөлініп шықты. Бұл дене әйелімнің шүйдесіне оратылғандай, босанып шығуға жанталасып жатты. Бұл көрініске тура бес сағат бойы көз алмай қарап отырдым. Соңында жіп үзіліп кеткендей болды. Аздап шайқатылған рух сәлден кейін жоғарыға қарай қалықтап көтеріле берді. Сол мезетте әйелім жан тәсілім етті».


Мәдина майданында шайқасқан Ордулық Фенни мырза былай дейді: «Мәдинада қоршауда едік. Бешикташтағы үйімнен хабар ала алмай, қатты уайымдадым. Бір күні түнде түсімде үйімізден шыққан өрт пен түтінді көрдім. Оянған соң, көріпкелдікпен айналысуға әуес бір әскерім бар еді, соны қасыма шақырдым. «Трансқа еніп Бешикташтағы пәлен үйге барып, ондағы болып жатқан нәрселерді айтып бер», – дедім. Айтқандарымды бұлжытпай орындады. Көздерін жұмып: «Қазір мына жерге келдім. Қазір пәлен жерге келдім. Үйдің есігін қақтым. Іштен орта жастан асқан, басында орамалы бар әйел қолына баласын ұстап далаға шықты», – деп айта бастады. Ол әйелдің шешем екенін білдім. Әскерге: «Ол әйелден үйде не болып жатқанын сұра», – дедім. Жауап ретінде «Кеше әйелімнің қайтыс болғанын» айтты.

Аяулы анашым бірде мынадай жайды айтқан еді.


«Діндарлығы соншалық, Аллаһ тағаланың атын естігенде, жүрегі қатты толқып алдындағы асын іше алмай қалатын, «Мұхаммед» (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) деген сөзге көзіне жас үйірілетін ғажап бір әйел бар еді. Сол әйел өмірінің соңына таман қатты ауырды. Бір жылдай қасында болдым. Өлер алдында жылы су дайындауымызды өтінді. Әкелген сумен беті-қолын шайып дәрет алды. Таңғалғанымыз, күйеуі үйде, денсаулығы да тың болатын. Неге екенін, бір уақытта әлгі әйел жас кезіндегідей сықылықтап тұрып күлді де «Пәни дүниедегі дәм-тұзымыз таусылыпты ғой. Бүгінгі бейсенбінің кешінде екеуіміз де көз жұмамыз», – деді. Сөйтті де, денесі сылқ етіп, жастыққа жантая беріп жүріп кетті. Біз оны дұрыстап жатқызып жатқанымызда, көрші бөлмеден шу естілді. Сөйтсек күйеуі де қайтыс болған екен».


Йогалар туралы білмейтіндер кемде-кем. Осы жерде реті келгенде, Германиядағы ZDF деген арнада көрсетілген, кейінірек кітап болып басылған «Terra X» атты деректі фильмнен мынандай мысал келтіргім келеді. Жүргізуші «жан төзгісіз азап» деп таныстырған көрініс әлі көз алдымда. Тілді шығарып, төмен қарата сым темір сұғылды. Өткір қылышпен тіл түбінен кесіліп, әлгі сымға тағылды. Бірақ таңғаларлығы, тілден де, ауыздан да бір түйір қан шықпады. Сәлден соң, темір суырылып, тіл қайта жалғанды. Осы кезде жүргізуші есі шыға: «Мұның сырын ғылым әзірге анықтай алған жоқ», – деп микрофонмен айқай салды.


Біз, мұсылмандар, он төрт ғасырдан бері осыған ұқсас небір оқиғаларға куә болып келеміз. Айталық, Бәдір соғысында хазірет Муаууиздің (р.а.) қырқылып түскен қолын Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) қасиетті алақанымен орнына еппен қайта жабыстырғанда, ізі де білінбей кетіп еді[2].


Ухуд соғысында Қатада ибн Нұғманның (р.а.) көзі ағып түскенде де Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) шипалы қолымен көзінің қарашығын орнына салып берген еді[3].

Әрине, бұлар ғажап мұғжизалар болғаны анық...


"Иман аясында" кітабынан алынды


[1] Ұзындық, ендік, биіктік (ауд.).

[2] Кады Ияз, Әш-шифа, 1/324; Алииулқари, Шәрхуш-шифа, 1/656.

[3] Әл-һайсәми, Мәжмәуз-зәуәнд, 6/113; әл-Хаким, әл-Мустәдрәк, 3/295; Ибн Хишам, әс-Сиратун-нәбәуийа, 3/87; әл-Бәйһақи, Дәләилун-нәбәууийә, 3/251; Қади Ияз, әш-Шифа, 1/ 321, 322.

 



Оқи отырыңыз