Akikat.kz - рухани танымдық, ғылыми портал

http://akikat.kz

Басты бет > Иман негіздері > Періштелер > Рух – ми мен тәннің әміршісі

Рух – ми мен тәннің әміршісі

2015-06-29 2271

Егер адам тек тәннен тұрса, онда оған жыл сайын басқа ата-ана керек болар еді

Егер адамды үздіксіз өзгеріп тұратын клеткалардан тұрады деп есептесек, онда бір жылдан кейін ата-анамыз да өзгеріп, мүлдем басқа адамдар болып шыға келер еді. Анамыз бізді босанған соң алты ай өтісімен, біздің анамыз болудан қалмай ма? Алайда біздің бір ғана анамыз бар. Дене клеткалары алты ай сайын ауысса да, ол өзгермейтін мәңгілік рухымен әрдайым біз «жұмақ – аналардың аяғының астында»[1] деп қадірлейтін қайталанбас сүйікті анамыз болып қала береді.

Сол себепті туыстық қатынастар өткінші дене немесе жасуша арқылы емес, өзгермейтін рух арқылы жүзеге асады.


Адамды тек тәннен тұратын болмыс деп есептесек, онда оның мінез-құлқы мен қабілеттері сол өзгермелі клеткаларымен бірге өзгеретін еді

Біздің ағзамыздағы клеткалар сәт сайын өзгеріп жатыр, бірақ мінез-құлық, қабілетіміз, ұстаным, ой-пікір, сана-сезім, сондай-ақ абырой-беделіміз өзгеріссіз қалуда. Егер бұлардың барлығы тәнге тәуелді болғанда, онда тән өзгеріске ұшыраған кезде, олар да үздіксіз өзгеріп жатқан клеткаларымызбен бірге өзгеруі керек емес пе?


Кейде көп жылдан кейін жолыққан жолдасымызға: «Мүлдем өзгермепсің», – деп жатамыз. Алайда, оның тәні алты ай сайын толығымен жаңалануда. Сонда оның қай жері өзгермеген? Бәлкім, мінез-құлқы өзгермеген болар. Өзгерсе де, бірте-бірте не жақсы жағына, не жаман жағына қарай бейімделген болар. Жалпы алғанда, әбден қалыптасқан жайлы-жайсыз мінез-құлықтың өзгеруі өте қиын. Ауру қалса да, әдет қалмайды емес пе? Егер адам тәннен ғана тұрғанда, онда жыл сайын бір мәрте мінез-құлқы ауысар еді. Солай емес пе? Жылдар бойы жалғасып келе жатқан әдет-дағдыларымыз бен бойымызға сіңірген қабілеттеріміз клеткаларымызбен бірге неге ауыспайды? Қабілетімізді жетілдіру үшін неліктен көп жыл тер төгеміз? Көп еңбектің нәтижесінде қол жеткізілген ұсталық, тігіншілік пен суретшілік т.б. өнерлер неліктен ұмытылмайды?..


Адамның жеке басына қатысты ой-пікірлері жасушаларының өзгерісіне тәуелді болмастан, уақыт өте келе, өзгеруі немесе жетілуі мүмкін. Алайда, уахи мен сүннетке негізделген ой-пікірлер ешқашан өзгермейді. Осы секілді әр адамның табиғатына сіңіп кеткен ұстанымдары да оңайлықпен өзгермейді. Сонда ұстанымдарды анықтап, ойды реттеп тұрған қандай күш?


Оқу-біліммен жинақталған мәліметтер уақыт өте келе ұмытылса да, жыл сайын маусымға қарай өзгермейді. Елге танымал дәрігер немесе профессор болған адамға: «Клеткаларың өзгеріп кетті. Баяғы ілімің мен атағыңнан жұрдай болдың. Енді орныңды босат», – деп айта аласыз ба?


Әлде, үйренгенімізді, қалыптасқан мінезімізді жаңа жасушаларымызға ескілері үйретуде ме? Ескірген жасушалар өлетін кезде «Менің өсиеттерім», – деп химиялық формулаларды, ғарыштың тылсым күштерін, медицинаның ақылға сыймас ғажайыптарын, фықыһтың мыңдаған үкімдерін жаңадан дүниеге келген жасушаларға үйретіп кетіп жатыр ғой дейсіз бе?


Клетка мен ми қызметтері бір-біріне ұқсас бола тұра адамдардың ақыл-ой, сана-сезім, ниет, көзқарас жағынан әр түрлі болып келуі бұлардың клеткаларға бай-ланысты емес екеніне бірден-бір дәлел

Барлық адамның жасуша және ми қызметі бір-біріне ұқсас. Алайда, әр адамның ақыл, ниет, сезім сияқты қасиеттері әр түрлі. Сонда адамдар арасындағы ой-пікірдің ала-құлалығын, білімі мен біліктілігіндегі үлкен айырмашылықтарды мидағы молекулалар мен үздіксіз өзгеріс үстіндегі клеткалардан көруге бола ма?


Жұмыс істеу дағдысы бірдей, аппараттары бір, шикізаты ортақ зауыттан бірдей заттар өндіріледі. Мата шығаратын фабрика цемент өндірмейді; химия зертханасында нан пісірілмейді. Ендеше, ми зауытынан да әр түрлі нәтижелер шықпауы керек. Дегенмен, адамдар мен олардың арасындағы айырмашылықтар бәрімізге белгілі. Демек, әр адамды ерекшелендіріп тұрған олардың рухы екеніне көзіміз жетеді. Ми мен оның қызметі бір, оларды басқарушылар ғана әр түрлі. Жалпыға тән заңдылық бойынша, барлық адамның клеткалары өзгеріп яки жаңаланып отыратындығына қарамастан, әркімнің көзқарасы мен қабілеті түрліше болып келуі жасушаға емес, тек рухқа ғана негізделгендіктен, әр адамның басқалардан ерекше болатын себебі де сол.


Адамның сана-сезімімен ақиқатты іздеуі, субъективті және объективті пайымдарымен кемелденуі, Аллаһ тағаланың ұлық есімдерін ұғынуға талпынуы, таным-түйсігімен иманын жетілдіруі – бұлардың барлығы молекула не материямен түсіндіруге келмейтін күрделі ұғымдар

Әр заттың астарына үңіліп, құбылыстардағы таңғажайып кереметтерді адамның айтқызбай-ақ сезіп-білуі; сол арқылы жаңаша ой қорытуы; кейде бір-ақ ауыз сөзден ерекше шабыттанып ақиқатқа көз жеткізуі; объективті көзқараспен жаңа талдаулар жасап субъективті тұрғыдан өзінің ішкі жан дүниесіне терең бойлап, қабілеттерін ұштай түсуі; тек жазып-оқығанның ғана емес, сонымен бірге көрген, сезе білген адамның Аллаһ тағаланың ұлық есімдері мен сипаттарын ұлықтауы; бір әлемнен сытылып шығып, мыңдаған әлемде серуендеуі және сол саяхатының нәтижесінде қол жеткізген таным-түйсігімен иманын жандандыруы, міне, осылардың бәрін молекуламен түсіндіру мүмкін бе?


Күн сайын алуан түрлі дыбыс естиміз, дәм татамыз, түрлі кереметтерді көреміз. Әрі ащы-тұщы, жақсы-жаман күйге бөленеміз. Сондай-ақ, сүю, ұнату, жақсы көру, тіксіну, қорқу, үрейлену, шабыттану, өкіну, қобалжу, толқу сияқты ішкі сезімдерімізді, қалайша әлгі жаны жоқ молекулалардың еншісіне тели саламыз?


Кейде адамның жаны тар қапасқа қамалғандай өз-өзінен қысылады. Тынысы тарылып, жер-көкке сыймай, өмірден безіп кеткісі келеді. Ештеңені жақтырмайды, ешкімнің сөзін көтермейді.


Ал кейде, керісінше, ерекше жан тебірентерлік сезімге кенеледі. Төрт қабырғаның ішінде бола тұра, өзін жұмақтың төрінде жүргендей сезінеді. Тіпті бала-шағасын, туған-туыстарын – барлығын тарс ұмытады. Мына пәни әлемге қолды бір-ақ сілтеп, жұлдыздар мен галактикаларды баспалдақ жасап, лезде көкті шарлап кететін уақыттары болады. Енді бірде әлдекімнің бір ауыз сөзіне көңілі қалып немесе әлдекімнің қылығына күйіп піседі. Адам өте құбылмалы. Ол қуанады, күледі, жылайды, мұңаяды, қайғырады, кейде қуаныштан, жер-көкке сыймайды. Жалғыз қалып, көңілсіз күй кешеді. Достарының ақыл-кеңестеріне құлақ қойып, көпшілікпен араласып, қайғы-мұңнан арылады, жаны жадырап қоя біреуі де тез. Бұларды немен түсіндіруге болады? Молекуламен бе?

"Иман аясында" кітабынан алынды



[1]     Әл-Ажлуни, Кәшфул-һафа, 1/335; қараңыз: Нәсәи, жиһад, 6; Ибн Мәжә, Жиһад, 12.

 



Оқи отырыңыз