Akikat.kz - рухани танымдық, ғылыми портал

http://akikat.kz

Басты бет > Иман негіздері > Періштелер > Болашақта жындардың күшін пайдалану мүмкін бе?

Болашақта жындардың күшін пайдалану мүмкін бе?

2015-06-29 1724

Құранда Сүлеймен пайғамбардың құстар мен жындардан құралған әскері болғаны, жындарға қорған салдыртқаны, қауыздар мен тайқазандар жасатқаны, олардың ішінде құрылысшылар мен теңіз түбіне сүңги алатындардың болғаны, сондай-ақ бірнеше мың шақырым қашықтықтан Бәлқыстың тағын қас-қағым сәтте алдыртқаны баяндалады[1].


Құран аяттары бізге метафизикалық әлемдерді аралатып, рухани тіршілік иелерімен жүрек пен сезім тілінде сөйлесе алатын әлемдерге жетелейді. Алайда, адамдар бұл мәселеге енді ғана бет бұрып келеді, олар туралы енді-енді ғана үйреніп жатыр. Телепатия, әруақпен тілдесу, жын-шайтандармен байланыс құру, оларды бағындырып, жұмыс істету – бәрі де енді ғана қолға алынуда. Әлі алдағы уақыттарда кәдімгі зертханаларда шешілмейтін мәселелер туындап, көрінбейтін әлемдерден, басқа тіршілік иелерінен көмек сұрайтын кез келеді. Басқа әлемдерден келген құпия сөздердің анық-қанығына жету үшін періште не жындарға күніміз түсетін болады. Байланыс артқан сайын оларды қолдануға деген қызығушылық та арта түседі.


Әрбір пайғамбар Аллаһ тағаланың ұлық есімдерінің біріне бейім келеді, әрбір пайғамбар өзінің есіміне лайықты іс жасаған. Аяттарда жындардың Сүлеймен пайғамбарға (а.с.) қызмет еткені айтылады. «Сүлеймен» есімінің мағынасы – «шәһәдат және ғайып (көрінетін және көрінбейтін) әлемдерге үкім жүргізу» дегенге саяды. Атына заты сай бұл пайғамбар осы екі әлемге қатысты істерді атқарған. Бұл жағдай өзге пайғамбарларда мұғжиза түрінде оқта-текте ұшырасқан. Ал Сүлеймен пайғамбарда (а.с.) болса бұл қасиет ең кемелінде еді.


Жындарды қолданудың ең жоғарғы мүмкіндігін паш ете отырып, Сүлеймен пайғамбар (а.с.) ешбір құрал-саймансыз һәм себептерсіз-ақ жындарға әмірін жүргізіп, шалғай жерлерден олар арқылы хабар да алып тұрған. Аятта Сүлейменге (а.с.) қарасты жындардың оның айтқандарын екі етпей орындағаны туралы баяндалған. Олар өте керемет өнер туындыларын жасап, өнердің дамуы мен қайта жетілуі үшін адамдарға көп көмектескен. 


Алдағы уақытта да жындардың мүмкіндіктері әр түрлі салада қолданылатын болады.


Жоғарыда айтып кеткеніміздей, Құранда Сүлеймен пайғамбардың (а.с.) жындарды теңіз түбіндегі түрлі істерде пайдаланғандығы жайында айтылған[2]. Телепатияның бұл іске қатысының бар-жоғын білмеймін, дегенмен қандай жағдай болса да, бір күні адамдар азық-түлігін алып, жын тобырларымен бірге теңіз түбінде төрт-бес айын өткізетін уақыт келеді. Өйткені, бір пайғамбардың бізге берген дәрісі соны меңзейді.


Жындар арқылы ақпарат алмасудың қалыптасуы ұлттық қауіпсіздік комитетінің де әжетіне жарап жатса таңғалмаңыз. Өйткені болған немесе жоспарда тұрған кез-келген қылмыс дер кезінде орталыққа хабарланып, бақылауға алынып, тез арада қажетті шаралар қолдануға мүмкіндік туады. Бәлкім, ол кезде жындардың арасынан да полиция қызметкерлері мен қауіпсіздік комитетінің мамандары шығатын шығар.


...Түбінде, барлық елдің құпиясы ашылып тынады. Жын-шайтандар барлық астыртын ұйымдасқан әрекеттерді, мемлекеттік сырларды, құпия жоспарларды анықтап, барлығының қыр-сырын жарыққа шығарады.


Өкінішке қарай, мұның пайдасымен қатар зияны да тиеді. Адамзат жын-шайтандарға табынып, Аллаһ тағала мен Құранға қарсы шығатын болады... Тіпті адамдар өздерінің арам пиғылын жүзеге асыру үшін  оларды әдейілеп қолданады.


«Әнбия» сүресінің 82-аятында жындарға жүктелген көптеген істер туралы айтылып, олардың күші келешекте біздің қазір қаперімізге де кіріп шықпайтын істерде қолданылатынына ишарат жасалған. Бұған мысал ретінде мың жылдық оқиғаларды жинақтау, жер астындағы пайдалы кен қазбаларын, теңіз түбіндегі ғасырлар бойы табылмаған суға батқан кемелерді іздеп табу, қазына-байлықтың жаңа көздерін анықтау немесе жындардың ғарыш кемесі, спутниктер ретінде қолданылып, сол арқылы түрлі-түрлі мәліметтер жинау тәрізді мәселелерді жатқызуға болатын шығар. Бізге бұл жағы әзірге беймәлім. Барлық нәрсенің шынайы ақиқаты бір Аллаһқа аян!

"Иман аясында" кітабынан алынды



[1]     Әнбия сүресі, 21/82; Нәмл сүресі, 27/17, 39; Сәбъә сүресі, 34/12; Сағд сүресі, 38/37.

[2]     Әнбия сүресі, 21/82.

 



Оқи отырыңыз