Akikat.kz - рухани танымдық, ғылыми портал

http://akikat.kz

Басты бет > Иман негіздері > Періштелер > Сиқыр деген рас па? Сиқыр жасауға (дуалауға) бола ма?

Сиқыр деген рас па? Сиқыр жасауға (дуалауға) бола ма?

2015-06-29 2461

Сиқырға сенбейтіндер – мұны діннің бір бөлшегі деп санайтын дінсіздер немесе рухани сауаты жоқ надан адамдар.


Өз құлағыммен естіген бір оқиғаны айтып берейін. Мешітте жасы елуден асқан бір кісі маған бірде былай деген еді: «Мен былтырға дейін дұғалау деген нәрсеге сенбейтінмін. Бір күні туыстарымның біреуі жынданып кетті. Арқасы ұстаған сәтте бір нүктеден көзін алмай мелшиген күйі тұла бойы сіресіп қатып қалатын. Бармаған жер, баспаған тауымыз қалмады. Ең соңында жындарды оқитын бір тәуіпке бардық. Ол кісі күбірлеп отырып, өзінше ем-домын жасады. Қайтпақ болып көлікке мінгеніміз сол екен, әлгі туысымыз әп-сәтте: «Мен қайдамын? Маған не болды?» – деп есін жиды. Аузым ашылды да қалды. Содан бастап дуалау, сиқырлау деген нәрселерге сенетін болдым».


Біріншіден, Құранда ерлі-зайыптылардың арасын бұзатын сиқыр туралы айтылып, Сүлеймен мен Мұса пайғамбарлар заманындағы сиқыр жайлы оқиғалар жан-жақты баяндалады[1].


Екіншіден, бір яһуди кісі Пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) өзіне сиқыр жасаған. Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) мазасыздана бастағанда, періштенің көмегімен, құдықтағы дуалы зат сыртқа шығарылып, муаууизатайн сүрелері[2] оқылады. Сөйтіп, Аллаһ тағала ол кесапатты Пайғамбарымыздан аластатады[3].


Ал үшіншісі, өмірімізде сиқыр жайлы көптеген оқиғалар мен мысалдар бар. Тек қана өз көзіммен көргендерімді айтар болсам, 20-30 бетке жетеді. Дегенмен жоғарыда айтылған мысалдарды жеткілікті болар деген ниетпен мынаны ғана айтып өткенді жөн көрдім.


Хадисте айтылғандай, көз тиюдің бар екені шындық болса, дұғалау да рас. Дегенмен іске ассын-аспасын әйтеуір біреуді дуалап қою, дуалату, жасаған не жасатқан кісілерге көмектесу, осы жолмен басқа адамның басын айналдыру, ерлі-зайыптылардың арасына от салу, адамдарды бір-біріне айдап салу – харам әрі күнә. Бұлардың харам екенін біле тұра, дуалау не біреуге дуалату – күпірлік. Алайда біреу шынымен де жынданып кетсе, дуаланған болса әрі қатты қиналса, дем салу, оқу арқылы оны осы кеселден құтқару сауап іс болып саналатын шығар.


Ең бастысы, бұл істің дағдыға айналмағаны жөн. Өйткені Құран мен хадисте бұл турасында ештеңе айтылмаған. Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) жындармен сөйлескен, бірақ бұл оқиға пайғамбарлық міндетінен туындаған. Өзі жындарға да пайғамбар болып келгендіктен оларға дінді уағыздаған, серттерін қабылдап, негізгі міндеттерін түсіндірген. Бұдан басқа уақытта жындармен байланыс құру, оларды қолдану, бас дұғалап не қайтару секілді істермен шұғылданбаған. Хадистерде де бұл турасында ештеңе айтылмаған. Ол бізге тек жын-шайтанның нендей зияндары бар екенін ескертіп, одан қалай сақтанудың жолдарын ғана үйреткен. Жалпы алғанда, үмбетінің мұнымен айналысуын құптамаған. Десек те, аузы дуалы әулие кісілердің жындарды жақсы ниетпен ізгілікті істерде қолдануына сірә кедергі бола қоймас деп ойлаймын. Өйткені Құранда бірнеше пайғамбардың жындарды әр түрлі қызметте қолданғандығы жөнінде мәліметтер бар.

"Иман аясында" кітабынан алынды


[1]     Бақара сүресі, 2/102.

[2]     Құрандағы ең соңғы «Фәлақ» және «Нас» сүресі осылай аталады 

[3]     Бұхари, Тыбб 47, 49, 50; Бәдъул-халқ 11; Жизия 14; Әдәб 56; Дағауат 58; Мүслім, Сәлам 43; Ибн Мәжә, Тыбб 45; Ахмад ибн Хәнбал, әл-Мүснәд, 6/57, 63-64, 96, 367.



Оқи отырыңыз