Akikat.kz - рухани танымдық, ғылыми портал

http://akikat.kz

Басты бет > Иман негіздері > Періштелер > Періштелер мен жындардың белгілі бір бейнеге еніп адамдарға көрінуі

Періштелер мен жындардың белгілі бір бейнеге еніп адамдарға көрінуі

2015-06-29 2309

Бұған дейін де айтып өткеніміздей, судың булануы, қатты заттардың газға, сұйыққа, буға айналуы, атомның ыдырап, энергияға ауысуы сияқты өмірде я жаратылыста көрінетін әлемнен көрінбейтін әлемдерге қарай ұмтылыс бар. Сол секілді осы иләһи құбылысты керісінше алып қарасақ, көрінбейтіннен көрінетінге, белгісізден белгіліге қарай ауысып жатқан құбылыстарды көруге болады. Газдар сұйық болса, енді бірде қатты денеге айналады. Буға айналған су атомдары көзге көрінбейтіндей болғанымен, сәл салқындаса, төбемізге тамшы болып тамады, я болмаса қар болып, жер бетін ақ көрпемен жабады, тіпті буланған су қатты суығанда мұз болып, көзге көрінетін жағдайға жетеді. Тіпті темір ыдыста тұрса да, оны шытынатып, сыртқа жарып шығады.


Іске асырғанда ғана мидағы ойларымыздың не екені көзге көрінеді. Әйтпесе ойды да көзге көрсетіп, қолға ұстату мүмкін емес.   


Демек, періште мен жындар қабілеттерімен біздің әлемдегі шарттарға бейімдеп бейнеге еніп көріне алады. Періштелер мен жындардың осылайша көрінуін «тәмәссүл» деп атайды. Құранда бұл жайында «(Періште Мәриямға) толық адам бейнесінде көрінді»[1] деген аят бар. Пайғамбарымызға (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) уахи жеткізуші Жәбірейіл періште кейде өзіне тән бейнеде келсе, кейде жауынгер бейнесінде, кейде басқа бейнелерде келетін. Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) Бәни Құрайзаға жорыққа шыққалы тұрғанда Жәбірейіл періште үсті-басын шаң басқан жауынгер бейнесінде келіп: «Уа, Аллаһтың Елшісі, сендер сауыттарыңды шештіңдер, бірақ біз, періштелер, шешкен жоқпыз»[2], – деген еді. Кейбір уақыттарда Дихия (р.а.) деген сахабаның бейнесінде келетін[3]. Тағы бірде жолаушы екені я еместігі белгісіз қонақ бейнесінде келіп: «Иман деген не? Ислам деген не? Ихсан деген не?» – деп сұраған әрі алған жауаптарын «Дұрыс», – деп растап, шығып кеткен-ді[4].


Періштелер секілді жын-шайтандар да түрлі бейнеге ене алады. Хусейн Жисридің пікіріне сүйенсек, олар Аллаһ тағаланың өздеріне берген табиғатымен ауадан, эфирден және осыған ұқсас кез-келген заттан белгілі бір пішінге енеді. Сол бейнеге еніп, адамдарға көріне алады. Имам Шибли Әбу Яғланың сөзіне сүйене отырып, жындар мен шайтандардың өз бетінше кескін-келбеттерін ауыстыра алмайтынын әрі бұған шамалары жетпейтінін, дегенмен Аллаһ тағаланың үйреткен арнайы сөздері мен иләһи атауларды қолданып, құпия сөзді айтқан кездерінде Аллаһ тағала оларды бір бейнеден басқа бір бейнеге, бір жағдайдан екінші бір жағдайға ауыстыратынын айтады. Бұл бір әлемнен екінші бір әлемге сол әлемдегі қолданылатын құралмен өту үшін құдды шегарада айтылатын сөз, көрсетілетін виза немесе әскердің өтуі үшін одан сұралатын құпия сөз (пароль) іспеттес. Жын-шайтандар өз қалауымен тұрпатын ауыстыра алмайды. Егер ауыстыруға талпынса, денелерінің быт-шыты шығып, тіршілігін тоқтатады.


Жындарға жататын шайтан да адам бейнесіне ене алады. Мәселен, бірде ол Бәдір соғысының алдында Нәжидтік қария бейнесінде құрайыштықтарға келіп, мұсылмандарға тұзақ құрудың ешкімнің ойына келмейтіндей тәсілін айтып ақыл-кеңестер береді[5]. Тағы бірде соғыстан түскен олжаларды күзетіп тұрған сахаба заттарға зиян келтірмекші болған шайтанды ұстап алғандығы, оның жалынып-жалпайып құтылып шыққандығы туралы риуаят бар. Бұл жағдай үшінші мәрте қайталанған кезде, әлгі сахаба шайтанды Пайғамбарымызға (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) сүйреп апармақшы болады. Сонда шайтан оған: «Егер саған бізден қорғанудың жолын айтсам, жібересің бе?» – деп жалынады. Сахаба келіседі. Шайтан: «Аятул-курси», – деп жауап береді. Осы оқиға Пайғамбарымызға (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) айтылған кезде: «Әсілі, шайтан барып тұрған өтірікші, бірақ осы жолы рас айтыпты»[6], – дейді.


Құранда жындардың Пайғамбарымыздан (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) Құран тыңдағаны, осы мәселе төңірегінде пікір білдіргендігі жайында айтылады. Жындар: «Ей, әлеумет, шындығында, біз Мұсадан кейін түскен, өзінен бұрынғыны растаған, ақиқатқа және тура жолға жеткізетін бір кітап тыңдадық»[7], – дейді.


Хадис кітаптарында да Пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) оларға Құран оқығаны, дінді тәлім еткені әр түрлі риуаяттармен берілген. Осы оқиғалардың бірінде Ибн Мәсуд (р.а.)[8], ал және бірінде Зүбәйір (р.а.) Пайғамбарымызға (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) еріп, осы оқиғаларға куә болған. 


Жындар бізге адам бейнесінде ғана емес, жануарлардың бейнесіне еніп те көріне алады. Олардың жылан, шаян, сиыр, есек, құс бейнесіне енгендігі жайлы деректер бар.


Бірде Нахлә даласында Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) олардан биат (серт) алатын кезде олардың шаян, ит секілді кез келген хайуан бейнелерінде көрінбеу керектігі, өз бейнесінде, не болмаса басқа да ұнамды, көзге үйреншікті бейнелерде көріну керектігі жөнінде ұсыныс жасаған. Бұл тұрғысында үмбетіне: «Сендер үйлеріңде осындай жәндіктерді көрген кездеріңде, оған үш мәрте: «Аллаһ разылығы үшін кет», – деңдер. Бәлкім, олар сендердің мұсылман жын бауырларың да болуы мүмкін. Егер кетпесе, онда ол жын емес. Зиян тигізетін болса, өлтірулеріңе рұқсат»[9], – деген. Бұл бір жағынан алып қарағанда, екі түрлі тайпаның арасында өткен келісім-шарт секілді. Пайғамбарымыздың бұл ұсынысына жындар: «Егер үмбетің әр нәрсені «бисмиллаһпен» бастап, барлық нәрсенің бетін жауып сақтайтын болса, біз олардың азықтарына тиіспейміз», – деп уәде береді. Әрине, жындардың азықтарымызды қалай пайдаланатыны, иісін ғана қорек ете ме, бұзылған жерін жей ме ол жағы бізге белгісіз. Себебі бір хадис шәріпте: «Тезек пен сүйектерге дәрет сындырмаңдар. Өйткені олар – жын бауырларыңыздың азығы»[10], – делінген.


"Иман аясында" кітабынан алынды



[1]     Мәриям сүресі, 19/17.

[2]     Бұхари, Мағази 30.

[3]     Бұхари, Иман 37; Мүслім, Иман 271: Мәнәқиб 27.

[4]     Мүслім, Иман 1; Нәсаи, Иман 6; Әбу Даууд, Суннә 17; Тирмизи, Иман 4.

[5]     Ибн Сағд, әт-Табақатул-кубра, 1/227; Абдурраззақ, әл-Мусәннәф, 5/390.

[6]     Бұхари, Уәкәлат 10; Тирмизи, Сәуабул-Құран, 3; Ахмад ибн Хәнбал, әл-Мүснәд, 5/423; 6/52.

[7]     Ахкәф сүресі, 46/29.

[8]     Ибн Кәсир, Тәфсирул-Құран, 7/274-285.

[9]     Әбу Даууд, Әдәб 162; Ахмад ибн Хәнбал, әл-Мүснәд, 3/27.

[10]    Бұхари, Мәнәқибул-ансар 32.

 



Оқи отырыңыз