Akikat.kz - рухани танымдық, ғылыми портал

http://akikat.kz

Басты бет > Иман негіздері > Періштелер > Періштелер мен жындар адамдарға қарағанда анағұрлым ауқымды, ауыр жұмыстарды атқара алады

Періштелер мен жындар адамдарға қарағанда анағұрлым ауқымды, ауыр жұмыстарды атқара алады

2015-06-29 2005

Біз, ең әуелі Аллаһ тағаланың шексіз құдіреті үшін еш нәрсенің де қиын еместігін есте ұстауымыз керек. Бір алманы да, мың алманы да, бір бақшаны да, бүкіл әлемді де, атомды да, галактикаларды да, балықты да, теңізді де – бәрін де еш қиындықсыз жаратқан Аллаһ тағала адам баласына, періште мен жындарға да қалаған мөлшерінде күш-қуат дарыта алады. Негізі, адамның жасағаны періштелер мен жындардың жасағанынан кем емес. Періштелер Жер шары мен аспан денелерін алақанында ұстаса, адам баласы жер бетіне өз үстемдігін жүргізіп, табиғатты бағындырды, мәдениет ошақтарын құрды, технологияны жетілдірді. Егер адамның қолында бес емес, жалғыз саусақ, қолдарының орнында қанат, аяқтарының орнында пілдің аяғы болғанда осылардың бәрін жасай алар ма еді? Әрі бұларды қол-аяғымыз ғана жасаған жоқ қой. Міне, көзге көрінбейтін періштелер мен жындардың жасаған ғажайып істері мен мидағы көрінбейтін реакциялардың, электр ағымдарының жасағанын салыстырып көріңіз! Қолыңыз, аяғыңыз, бұлшық еттеріңіз ауыр заттарды немен көтереді? Мұның мәнісіне үңіле түсіп, соңында күш-қуаты жоқ сүйек жұлындарына, ми қызметіне барып тірелмейміз бе? Ауа ағысы мен жел көзге көрінбесе де, ағаштарды тамырымен қопарып тастайды емес пе? Өсімдіктердің жібектей нәзік тамырлары тасты қақ жарып өседі емес пе?


Қазіргі таңда ғалымдар зерттеп жатқан көптеген энергия көздері бар. Атом электрстанциялары гидростанцияларды жолда қалдырып, өндіріп шығарған энергиясымен танғажайып істерге септігін тигізуде. Әсіресе, ғылымда анықталған лазер сәулелері мен болашақта ашылатын көптеген ғылыми жаңалықтар өмірдің әр саласында заттың қолданысын арттыруда. Демек, көзге көрінбейтін күштердің затқа орасан ықпал ететінін байқаймыз. 


Энергия көздері мен сәулелер материялық денелерге қалайша өз ықпалын тигізсе, көзге көрінбейтін періштелер мен жындар да Аллаһ тағаланың өздеріне берген басқару құралдарымен материялық әлемді жандандырып, біздің шамамыз жетпейтін орасан зор істерді дәл солай атқара алады. Адам қолынан да аз іс келмейді. Рухты қозғағанда айтып өткеніміздей, адам да көптеген орасан зор жұмыстарды атқара алады. Заттарды биоэнергиясы барлардың қол тигізбей-ақ қозғалта алатынын, отқа күймейтіндігін соған жатқызуға болады. 


"Иман аясында" кітабынан алынды



Оқи отырыңыз