Akikat.kz - рухани танымдық, ғылыми портал

http://akikat.kz

Басты бет > Мақалалар > Құран ілімі > Құран Кәрімнің жинақталуы

Құран Кәрімнің жинақталуы

2015-06-25 4942

Қазіргі қалыпқа келгенге дейін Құран кәрімнің бірнеше кезеңнен өткенін айтуға болады. 

1-Пайғамбар кезеңі: уахи мен оны сақтау (забт) кезеңі.

2-Хазірет Әбу Бәкір кезеңі: парақтар ретінде жиналу кезеңі.

3-Хазірет Осман кезеңі: мұсхафтар ретінде көбейту (көшірме) кезеңі[1]

4-Кейінгі кезеңдердегі зерттеулер: нүктелеу, қарекет қою, алтындау т.б.

Енді осыларды қысқаша түсіндіріп өтейік.

 

Пайғамбар кезеңі

Құран Кәрім Тәурат секілді бір уақытта жинақталып, тақтайларда[2] түспеген. Пайғамбарымызға 23 жыл ішінде болған оқиғаларға, сұралған сұрақтарға, қажеттілікке сәйкес бөлек-бөлек уахи ретінде келген.

 

Уахи сөзі «сыбырлау», «құпия түрде айту» деген секілді мағыналарды білдіреді. Құран Кәрім Алла тағаланың пендеге қандай жағдайлармен үн қататынын мына аятпен түсіндіріп, уахидың түрлерін көрсетеді: Алла тағала адам баласымен тек жүрегіне аян беру арқылы яки перде сыртынан оған дауысын естірту арқылы сөйлеседі я болмаса өз рұқсатымен уахи ететін періште жіберу арқылы ғана тілдеседі[3].

 

Расулалла (алайхиссалату уә сәлләм) өзіне уахидың түрлі жолмен келгенін, тіпті кейбірінің екіншісіне қарағанда өте ауыр болғанын айтады: Уахи маған кейде сылдырмақтың дауысы секілді (шыңылдап) келеді. Бұл ең ауыр түрі еді. Бұндай жағдайдан арылғаннан кейін (Алланың) сөздері жадымда сақталатын. Кейде адам кейпіне енген періште келіп маған тіл қататын, мен оның айтқандарын жадымда сақтайтынмын.

 

Хазірет Айша (радиаллаһу анһа) осы риуаяттың жалғасында уахи түскен кездегі пайғамбарымыздың жай-күйін былай суреттейді: «Мен уахи түсіп, ол жағдай аяқталғанда, күннің суықтығына қарамастан пайғамбарымыздың маңдайынан тер сорғалағанын көрдім»[4].

 

Уахи алғаш түскен уақыттарда Пайғамбарымыз уахи жайлы білмейтін. Өзіне уахи етілген аяттарды ұмытармын деген алаңдаушылықпен аяттар түскен сайын, уахи бітпей жатып келген бөлімдерді іштей қайталауға тырысатын[5]. Осы кезде аятпен мынандай ескерту жасалды: «(Әй, сүйіктім! Жәбірейіл саған Құран) оқып жатқанда, асығыстық жасап тіліңді қозғама. Өйткені, оны (жүрегіңе толық) жинап оқыту Бізге тән. (Жәбірейілге оқытқанымызда), сен оның оқылуын қадағала. Артынан оны түсіндіру де Бізге тән» [6].

 

Бұл оқиға бізге уахи кезінде үстіне жамылғы жапқызып, өзгеше күй кешкен пайғамбарымыздың толық саналы болғандығын көрсетуде. Бұл жағдай пайғамбарымыздың уахи келген кездегі халін ұстамалы ауруға ұқсатқандарға да жауап болып табылады. Ұстамамен ауыратындардың қаншасы есін жиғанда өзі тап болған жағдайды есіне түсіріп әрі адамзатқа ғасырлар бойы жол көрсетуге жарарлық керемет дүниелер айта алыпты?!

 

Бұған қатысты аяттар Құран Кәріммен байланысты болып әуел  баста-ақ Расулаллаға мына үш мәселеде кепілдік берген: 1-Керегінше жүрегінде жинау; 2-Ең лайықты түрде оқылуы; 3-Дұрыс баяндалуы және түсіндірілуі[7].

 

Құранның сақталуындағы үштік әдіс

Құран Кәрім басынан бері үштік әдіспен сақталған: жазу, жаттау және бақылау.

 

1-Жазу: Расулалла (алайхиссалату уә сәлләм) жоғарыда айтылған ескертулер мен тәжірибеден кейін уахи туралы жеткілікті мәліметке қаныққан. Уахи келетін уақытты алдын ала сезетін әрі оны қағазға түсіру үшін жазатын адам шақыртатын. Мекке дәуірінде жазу ісіне көбіне Абдулла ибн Сағд ибн Әбу Сарх (радиаллаһу анһу) қолғабыс ететін[8]. Мәдина кезеңінде бұл қызметті Убәй ибн Қағыб бастап, Зәйд ибн Сәбит (радиаллаһу анһума) жалғастырды. Зәйд «әл-катиб» (уахи жазушы) деген құрметті атты алуға лайық дәрежеде көп қызмет көрсетсе де, ол болмаған кездерде ұзын саны 40 шақты өзге де сахабалар уахи жазумен айналысқан[9]

 

Мынаны айта кеткен жөн: уахидың келуінде арнайы жүйелі кезең не бұрыннан белгілі күнтізбе я бағдарлама жоқ еді. Осы себепті пайғамбарымыз үнемі дайындық жасап, сақ жүретін. Пайғамбарлық өмірінің ең қиын-қыстау кезеңі болып табылатын хижрет кезінің өзінде жазатындай біреуді (хазірет Әбу Бәкір) жанына ертіп, жазу саймандарын ала жүруді[10] ұмытпаған. Әскери жорықтарда, тіпті әскерлерге бел суытуға уақыт берген кездерде де жазатын көмекшісімен бірге болатын[11].

 

Зәйд ибн Сәбиттің (радиаллаһу анһу) мына бір түсіндірмесі уахиды жаздыру оқиғасының қалай орындалғанын көрсетеді: «Мен Расулаллаға (алайһиссалату уә сәлләм) түскен уахиды жазатынмын. Ол кісі өзіне уахи түскен уақытта қатты терлейтін. Уахи жағдайы тоқтағанда маған дауыстап айтатын, мен өзіммен бірге алып келген сүйекке немесе басқа заттарға жазатын едім. Уахиды жазып бітірген соң (уахи  кезінде денемді басқан) Құранның ауырлығынан екі аяғымды ала алмай, енді жүре алмас па екенмін деп ойлайтынмын. Жазып болған соң маған «Оқы!» дейтін. Мен оқитынмын. Қате болса, түзететін. Сосын мен ол аяттарды халыққа жеткізетінмін[12].

 

Бұл риуаяттан мынаны түсінеміз: жазылған алғашқы нұсқа пайғамбарымыздың жеке мұрағатында сақталмай, бұдан басқа да жазба нұсқаларын көбейту әрі жаттау үшін оны Зәйд ибн Сәбит өзімен бірге алып кететін.

 

Бұл жерде мынадай күдік туындауы мүмкін. Расулалла жоқ жерде көбейтілу кезінде кейбір қателіктер орын алмай ма? Бірақ оны жаттау және қадағалау жүйесінің жоққа шығаратынын көреміз. Сондай-ақ, Зәйд ибн Сәбит (радиаллаһу анһу) уахи мәселесінде өте мұқият болатын. Әбу Бәкірдің сөзімен айтқанда өте сенімді кісі еді.  

 

2-Құранның жатталуы: Уахи хатшылары жазған Құранның осы алғашқы нұсқалары көбейтіліп, жатталғандығы белгілі. Құран сүрелерін сахабалар уақыт өткізбей жаттайтын. Себебі уахилар күніне ең азы бес реттік намаз уақыттарында оқылатын. Алайда барлығы әр келген уахиды жаттайтын деп айта алмаймыз. Бұған қоса, көп сахабаның әр түскен уахиды жаттағандығына түрлі жолмен келген риуаяттар дәлел. Төменде алғашқы Құран хафыздарының есімдері мен санына қатысты кейбір мәліметтер бермекпіз. 

 

3-Тексеру (немесе арза): Хазірет Пайғамбар (с.а.у.) жазу мен жаттау кезінде еріксіз кейбір қателіктердің кетіп қалуын білген. Расында кез келген адам жазу-сызу барысында еркінен тыс кей нәрселерді қосып я аттап кету секілді қателер жібергеніндей, жақсы жаттаған нәрселерінің өзін ұмытып қалуы немесе еріксіз кейбір сөздерді қосып-алып, тіпті сөздерде өзгерістер жасауы мүмкін екені де елемеуге келмейтін адамдағы осалдықты көрсетсе керек. Ендеше, уахидың негізін сақтауда ең тиімді жол жаттауға да, жазуға да аса сенім артпай, жазылғанды жаттау, жаттағанды жазу арқылы тексеру. Міне, Расулалланың осы тәсілге сүйенгенін көреміз. Құран тарихындағы арза деген оқиғаның мақсаты осы: әрбір Рамазан айында келесі Рамазанға дейін бүкіл Құран уахиларын Расулалла әуелі хазірет Жәбірейілмен мұқабала* жасағаннан кейін, Нәбәуи мешітінде де халықтың алдында оқып, әрбір адамның қолындағы жазылған нұсқаларын, жаттаған аяттарын тексерістен әрі түзетуден өткізуіне мүмкіндік берген. Бұл тексеріс (арза) оқиғасы Пайғамбарымыздың өмірінің соңғы жылында екі рет жасалған. Ол «арза-и аһира» (соңғы арза) деп аталады. 

 

Ақырғы арза – Құран Кәрімнің түпнегізіне сай кітапқа айналуы әрі біртұтастығының сақталуында мейлінше маңызды оқиға. Өйткені бірқатар риуаяттар хазірет Әбу Бәкірдің халифалығы тұсында Құранның жинақталу кезінде ақырғы арзада тексерістен өткен екі жазба нұсқаның (куәландырылып) негізге алынғанын көрсетеді. Бұл мәселеге кейін қайта ораламыз.   

 

Арза хадисі

Арзаға қатысты көптеген риуаяттар бар. Имам Бұхари «Фазаилул Құран» еңбегінің жетінші бабын осыған арнаған. Онда хазірет Фатима, Айша, Ибн Аббас, Әбу Хұрайра (радиаллаһу анһум әжмаин) секілді ұлық сахабалардың риуаят еткен хадистері сақталған. Хазірет Әбу Хұрайраның риуаяты былай: (хазірет Жәбірейіл) жылына (Рамазан айында) бір рет Құранды Расулаллаға (с.а.у.) қайталататын (арз). Қайтыс болар жылы екі рет қайталатты (арз). Хазірет Айшаның риуаятында арзаның екі рет орын алғаны, Расулалланың сол жылы қайтыс боларына жорамал жасалғанын да көреміз.   

 

Арза тек Жәбірейілдің пайғамбарымызға (с.а.у.) оқуы ғана емес, түрлі риуаяттарда, әсіресе Бұхаридың «Бәдул-һалқ» бөлімінің алтыншы бабындағы риуаятта[13] өткен «юдарисуһул Қуран» сөзінде өтетін айшықтауға қарап, хазірет Жәбірейіл мен хазірет Расулалланың (алайһиссалам) бір-біріне Құранды оқығандығы көрсетілген. Тек хазірет Жәбірейіл ғана оқып, Расулалла тыңдағанда, әлгі етістік «юдаррисуһул Қуран» болуы керек еді.

 

Бұхаридың басқа бір бабында өтетін екі хадисте ғалымдардың жорамалдауына қажеттілік тудырмайтындай дәрежеде хазірет Жәбірейілдің Расулаллаға, Расулалланың Жәбірейілге Рамазан айының әр түнінде Құранды оқығандығы айтылады. Ибн Аббас (радиаллаһу анһума) әңгімелеуде: Расулалла жақсылық жасауда адамдардың ең жомарты еді. Ең бір жомарт болатын уақыттары Рамазан айлары еді. Өйткені хазірет Жәбірейіл Рамазан айында әр түні пайғамбарымызға келетін. Расулалла оған Құранды оқитын (арз). Осы бабтың Әбу Хұрайрадан жеткен жалғасты риуаятында: (Жәбірейілдің Рамазанда) жыл сайын Расулаллаға бір рет оқығандығы (арз), қайтыс болатын жылы екі рет оқығандығы (арз) айтылады[14].

 

Арза кезінде орын алған екінші бір мәселе ислам ғалымдары бірауыздан құптаған нәсіхтің[15] бір түрі болған тилауаттан алып тасталған мәтіннің шығарылуы. Яғни, нәсіхке қатысты аяттың[16] және кейбір риуаяттардың[17] айтып кеткеніндей, Құраннан кейбір уахилар Расулалланың көзі тірісінде мәтін ретінде Құран мазмұнынан шығарылған. Міне, арзаларда осындай түрдегі мансух мәтіндер халыққа жарияланып, Құран иеленген соңғы пішін көрсетілетін. Соңғы арзаның екі рет орын алуы осы тұрғыдан маңызды. Уахилар келген сайын кішкентай бөлшектерге жазылуы, бұндай реттеулерге жеңілдік жасайтын.

 

Кейбір ислам ғалымдары хадистегі абсолютті мағынаға қарап, бұл арза оқиғасы уахидың Меккеде басталуынан кейінгі екінші жылдан бастап, үздіксіз әр жылы қайталанып тұрды деген қорытындыға барған.  

 

Арзаның хикметі

Арзаға байланысты түсіндірмелер бұның әуелі уахидың түпнегізін сақтауға бағытталған пайғамбарлық сақтық екендігіне көбірек ойысуда. Осы тұрғыда кейбір ғалымдардың назар аударғанындай мынадай қарсы пікір ойға оралуы мүмкін. Түрлі аяттарда дұрыс оқылуы және мазмұнын жан-жақты сақтау тұрғысында иләһи уәде мен кепілдік айтыла тұра[18], оған қоса арзаға қандай қажеттілік бар?      

 

Бұл көзқарас дұрыс болумен қатар, кейіннен келетін ұрпақтардың иман әлсіздігіне байланысты Құранның түпнұсқаға сай болуы мәселесінде күмәнға түсетіндерді де көндіру әрі шайтанның азғыруына ешқандай мүмкіндік бермеу мақсатында екендігін айтуға болады. Сондықтан арза оқиғасы Құранның Расулалла заманында және одан кейінгі кітап жағдайына келтіру кезеңінде түпнұсқаға сәйкестендірілген, сенетін, сенбейтін бүкіл адамдарға бағытталған объективті бір дәлел болуда.      

 

Құранның жинақталуы

Пайғамбарымыз (алайхиссалату уәсәлләм) қайтыс болған кезде, Құран толық жазылып болғанына қарамастан, бәрін екі мұқаба арасына жинақтап, баршаны қамтитын әрі көпшілік ресми түрде мойындаған жалпылама нұсқа жоқ еді[19].

 

Бұл жағдай шамамен пайғамбарымыздың уахидың қашан аяқталатынын білмеуінен туған[20]. Бұған қоса, Суюти, Қасталлани секілді бірқатар ғалымдар бұл мәселені Расулалланың кейбір аяттардың үкімі мен оқылуларында нәсіх күтуімен түсіндіреді[21]. Осы мәселеге қатысты ұқсас көзқарастарды келтірген Айни пайғамбарымыздың дәуірінде Құранның біз айтқандай кітапқа түсірілмеуінің бір пайдасына назар аударады. Құранның түсуі әлі аяқталмаған және нәсіх ықтималының болуы жағдайында қолда бар уахилердің екі мұқаба арасына жиналуы және бұны жолаушылардың шалғай елдерге апаруы әрі артта нәсіхтің орын алуы айтарлықтай қайшылықтарға себеп болатын еді[22]. Айни тағы да Расулалланың қайтыс болуымен нәсіх аяқталғандықтан және уәдесін орындау үшін Алланың әділетті халифаларға жинақтау ісін аян еткенін айтады[23].     

 

Осы себепті өзіне Алланың жаттатуына сүйене отырып, қалаған адамдардың көшіріп көбейте алу үшін алғаш жазылған уахи нұсқаларын Расулалланың қасында жеке архивте сақтауды қажетті санамаған, сол үшін уахи хатшыларына бергенін жоғарыда айтып өттік. Солай болумен қатар, түскен әрбір Құран уахиы жазылып отырған, бірнеше нұсқаларға жазылып көбейтілген. Кейбіреулер басынан соңына дейін толықтай, енді біреулер Құранның бір бөлігін жаттап сахабаларға жеткен әрі араларында сақталған. 

 

Құранның жинақталуы Расулалланың өмірден озғанына көп уақыт өтпей алғашқы халифа хазірет Әбу Бәкірдің (радиаллаһу анһу) халифалығы кезінде жүзеге асқан. Алайда хазірет Әбу Бәкірдің (р.а.) істеген бұл (пайғамбарымыздан кейін Құранмен байланысты ең тамаша, ең ұлық әрі ең жоғары қызметтің)[24] бастаушысы хазірет Омар (р.а.) болған. Дереккөздерінде кездесетін бір риуаят бойынша, хазірет Омар (р.а.) Құранның бір аятын сұрайды. Оған ол аят пәленшеде, алайда ол Ямама соғысында шейіт болды деп жауап береді. Хазірет Омар: «иннә лилләһ...» дейді де Құранның жинақталу жұмысын күнтәртібіне қояды[25]

 

Осылай басталған игі жұмыстың жалғасын тауып, кейінгі қарқын алуын Зәйд ибн Сәбит былай жеткізеді. Өз сөзімен айтқанда:

 

Хазірет Әбу Бәкір (радиаллаһу анһу) діннен шыққандармен болған Ямама соғысы кезінде мені шақырды. Бардым. Қасында хазірет Омар (радиаллаһу анһу) отыр екен. Әбу Бәкір маған: Бері қара! Омар маған келіп: «Құрра* да қатысқан Ямама соғыстары өршіді. Мен бұл соғыс әр жерде құрралардың бәрін жалмап, олармен бірге Құран да айтарлықтай құри ма деп қорқамын. Осы себепті Құранның жинақталуын әмір етуіңді дұрыс көремін» деді. Мен оған: «Расулалланың жасамағанын мен қалайша жасаймын?» деп жауап бердім. Алайда Омар: «Бұл істе қайыр бар» деп тұрып алды. Мен бұл істен басымды қанша алып қашсам да, Омар талабы мен өтініштерін айтып тұрып алды. Соңында Ұлы Жаратушы Омардың құп көргеніне мені де құп көргізді. Мен де мәселенің қажеттілігіне тура Омар секілді илана бастадым - деді.

 

Әрі қарай Зәйд былай дейді:

Әбу Бәкір (радиаллаһу анһу) маған қарап былай деді: «Сен жас әрі ақылды адамсың, саған ешбір мәселеде сенімсіздік танытқан емеспіз. Оның үстіне сен Расулалланың уахи хатшысы болдың. Түскен уахиларды жаздың. Енді Құранның соңына түсіп, оны жинақта! Зәйд (радиаллаһу анһ) былай дейді: «Аллаға ант етейін, Әбу Бәкір маған таулардың бірін тасы деген міндет жүктесе, бұл істен гөрі сол әлдеқайда жеңіл тиер еді». Оған келіспей: «Сіз Расулалланың (алайһиссалату уә сәлләм) жасамаған ісін қалай жасамақсыз?» дедім. Әбу Бәкір (радиаллаһу анһу) мені көндіру үшін: «Уаллаһи, бұл қайырлы іс!» деді. Сөйтті де талап-өтініштерін тоқтатпады. Соңында Алла тағала Әбу Бәкірдің құп көргенін маған да құп көргізді.  Енді Құранның соңына түстім. Оны мата бөліктері, құрма жапырақтары, тегіс тас бөлшектері мен жаттаған кісілерден жинай бастадым. «Тәубе» сүресінің соңғы бөлімін (жазба түрде) Хузайма немесе Әбу Хузайма әл-Ансаридың қолынан таптым. Бұл бөлімді басқа ешкімнен таппап едім. (Мен жинақтаған) парақшалар Әбу Бәкірде (радиаллаһу анһу) еді. Ол өмірден өткенше сонда болды. Кейіннен хазірет Омарға (р.а.) өтті. Дәм-тұзы таусылғанша сонда болды. Кейіннен пайғамбарымыздың пәк жары Хафса бинти Омар ибнул Хаттабқа (радиаллаһу анһума) өтіп, сол сақтады[26].

 

Зәйд ибн Сәбит қорытындылаған осы жинақтау оқиғасында бірінші кезекте Зәйд ибн Сәбитке жауапкершілік жүктелген. Осы тұрғыда Хишам ибн Уруаның әкесінен жеткізген түсіндірме бойынша, хазірет Әбу Бәкір халифа ретінде хазірет Омар мен Зәйдке (радиаллаһу анһум әжмаин): (жасалатын істі халыққа естіртіңдер, содан кейін) Мешіттің есігінің алдына барып отырыңдар. «Алланың кітабынан» деп әкелгендерге екі куәгер қоса сұраңдар. Сөйтіп куәландырылғандарды жазыңдар» деп бұйырады[27]. Хазірет Омар «Кімнің қолында хазірет пайғамбардан (алайһиссалату уә сәлләм) бұл Құраннан деп алғаны болса, әкелсін!» деп жар салды... Екі куәгерсіз әкелгендерден еш нәрсе қабылдамады»[28].  

 

Мынаны да айта кетейік: Риуаятта тек мазмұны жеткен бұл оқиғаға қарап, «Хазірет Әбу Бәкір анағұрлым кең ортада неге ақылдаспастан асығыс бұндай шешімге барған?» деген сұрақ ойға оралуы мүмкін. Бұндай миды шатастыратын сұраққа жауап төмендегідей: 

 

1-Расулалла бір хадисінде «Омар мен Әбу Бәкір бір мәселеге келіскен болса, оған қарсы шықпаймын»[29] деген. Бұдан бөлек, «Сендерге өзімнен кейін әділетті халифалардың сүннетін өсиет етемін; содан тістей қатып ұстаныңдар» деген[30]. Кейіннен хазірет Әбу Бәкір халифа болып үмбеттің бірлігін ұстады. Оның әсіресе үмбет тарапынан да қарсылыққа ұшырамаған шешімі жалпы қабыл етілуге лайық шешім деген сөз. Хазірет Омардың оған жүгініп, «әмір етіңіз» деген сөзді айтуы да мәселені айшықтау тұрғысынан маңызды. Керек десеңіз, бұл жерде Зәйд ибн Сәбит те бар. Үш адам жамағатты құрайды. Олар уәкілеттік жағынан да жоғары тұр. Бұдан бөлек, алдағы уақытта келіп қосылатын Убәй ибн Қағыбтың да осы жұмыстың ішінде аты аталады.   

 

2-Бұл көпшілікке ортақ мәселе. Бұдан бөлек, халыққа хабарлау әрі мешітте көпшіліктің көз алдында жинау бұйырылған. Осы негізбен қарасақ, бұл мәселенің бұдан да таза, мөлдір, бұдан да артық жария болуы мүмкін емес.

 

Екі куәгер мәселесі

Құранның осы алғашқы жинақталуындағы екі куәгер болуы мәселесі істің қаншалықты байыппен қолға алынғанын, қаншалықты объективті өлшемдермен іс жасағанын анықтауда үлкен маңызға ие. Өйткені Зәйд ибн Сәбиттің өзі хафыз еді. Халифа Зәйдке Құранды жаттаған жадысынан жазуын бұйырып, тексеруді өзге хафыздарға жасатуына болар еді. Бірақ олай жасамай, жинақтау ісін баршаның білуімен, қадағалауымен, асқан таза, мөлдірлікпен жүргізуді қамтамасыз ететіндей бұйрық берген:

 

1-Бұл іс баршаның соғатын жері Мешіт Нәбәуиде іске аспақ болды.

2-Екі жазба куәгер талап етілмек.

3-Бұл іс қай жағынан да халықтың сеніміне ие, хазірет Расул алайһиссалату уәссәлләмға уахи хатшы болған, жас, ақылды, сенімді, бұған қоса, Құранды жатқа білген Зәйд басқарған ұжыммен жүргізілмек. Бір риуаятта Зәйд жинақтау ісін жазылған құжаттарды ғана негізге алып жүргізбегенін, адамдардың жаттауларына да (судурур-рижал) жүгінгенін айтқан[31].

 

Бір оқиға

«Сонда Құранның жинақталу барысында ешбір жағымсыз оқиға кездеспеген бе?» деп ойға оралуы мүмкін сұраққа жауап ретінде бір оқиғаны келтіруге болады. Алайда бұл оқиғаның мазмұны белгілі болған кезде, бұның да хазірет Әбу Бәкір дәуірінде жинақталып, бізге дейін ешбір әрібі өзгермей жеткен Құранның түпнұсқасына сәйкестігіне әлдеқандай күмән ұялататындай оқиға еместігі аңғарылады. Ол былай:

 

Жоғарыда айтып кеткен риуаятта өткендей Зәйд ибн Сәбит «Тәубе» сүресінің соңындағы «лақад жаакум Расулун...» деп басталған соңғы екі аятты екі куәгер шартын сақтамастан алған. Яғни, бұл бөлімді Хузайматул Әнсаридың қолынан жазылған күйінде табады, бірақ екінші жазылған куә таба алмайды. Оқиғаны баяндаған хадистің Бұхаридың «Китабул-ахкам 37» -де өтетін бетінде: Ол аяттарды сүресіндегі орнына қойдым (фә әлһактухә фи суратиһа) деген сөзі нақты түрде хазірет Зәйдтің бұл бөлімді әрі жатқа, әрі орналасқан орнын да білгенін көрсетеді. Айтқандай, Бұхариға кең түсіндірме жасаған Айни мынандай сұрақ қояды: «Құранға кірудің шарты тауатир болса, онда бұл бөлім Құранға қалай енеді?» Әрі жауап береді: Бұл бөлім оларға бөтен емес. Расулалланың аузынан естіген. Бұдан бөлек, қай сүреге тән екендігі, сүре ішіндегі орнын білетін, тек жазба нұсқасын жоғалтып алған[32]. Біз бұл түсіндірмеге қолында жазылған мәтіні бар кейбіреудің ридда соғыстарында шейіт болған болуы мүмкін деген ықтималдықты да қосқымыз келеді.  

 

Қасталланидың Ибн Әбу Дәуіттен жеткізгенін жазып алған Яхия ибн Абдиррахманның риуаяты бойынша, Хузайма ибн Сәбит келіп:

– Мен сіздің екі аятты жазбағаныңызды байқадым, – дейді.

 

– Қай аяттарды? – деп сұрағанда:

– Мен тікелей Расулалладан алдым (мағынасы): Әй, иман еткендер! Сендерге өз араларыңнан сондай пайғамбар келді. Қиындыққа тап болғандарың оған өте ауыр тиеді. Ол сендерге тым ынтық, мүміндерге сондай жанашыр, өте мейірімді. Уа, пайғамбар! Егер адамдар сенен сырт айналатын болса, сен: «Маған Алла жеткілікті. Одан басқа тәңір жоқ. Мен Соған тәуекел еттім. Ол – ұлы Арыштың раббысы» – деп айт[33].

 

Хузайма осыны еске түсіргенде, сол жерде болған хазірет Осман (радиаллаһу анһу) Хузайманы қолдап, «Бұның Құраннан екеніне мен де куәмін. Тек қай жерге қойылуын дұрыс көресіз?» дейді. Хузайма: «Мен онымен Құраннан ең соңғы түскен сүрені аяқтаудамын» дейді[34].

 

Бұл екі аяттың тек жазба нұсқасының болуы, қай жерге қойылу керектігі жөнінде кей сахабалардың күдіктенгені оның ең соңғы келген аяттар қатарында болуынан туындаған. Осы себепті ең соңғы түскен сүре мен ең соңғы түскен аятқа қатысты риуаяттарда қайшылық кездессе де әрі аталған аяттар, әрі бұлардың ең соңында орын алған Бәраәт (Тәубе) сүресі де осы соңғылар арасында айтылады[35]. Сол себепті Ахмет ибн Ханбалдың «Мүснәдінде» келетін бір риуаят бойынша, Құранның алғашқы жинақталу барысында жазу кезегі «Тәубе» сүресінің (Суммән сарафу... деп басталатын) 127-аятына келгенде, бұл аятты Құраннан түскен ең соңғы аят деп ойлады. Алайда Убәй ибн Қағыб (радиаллаһу анһу) оларға: «Расулалла бұдан кейін маған мына екі аятты оқытты (Лақад жаакума). Бұл екі аят Құранның ең соңғы түскен бөлімдері» деді[36].



[1] Қасталлани. 7: 446

 

[2] Қараңыз: «Ағраф» сүресі 145-154

 

[3] Қараңыз: «Шура» сүресі 51-аят

 

[4] Бұхари. Бәдул-уахи. 2-3

 

[5] Ибн Кәсир. 7:170

 

[6] «Қиямет» сүресі 16-19 аяттар

 

[7] Ибн Кәсир. Тафсир, 7: 169

 

[8] Ибн Хажар. 10: 397

 

[9] Ибн Хажар. 10: 397; Хайсами. 1: 153

 

[10] Ибн Әсир. 2: 232

 

[11] Ибн Ханбал. 5: 33;4, 109; Ибн Хажар. 1: 442; Хайсами, 7: 225

 

[12] Хайсами. 1: 152

* Бірі дауыстап оқып, басқасы соны бірге қадағалап оқу түрі – ауд.

 

[13] 6/4: 37

 

[14] Фазаилул Құран. 7

 

[15] Суюти. 2: 21

 

[16] «Бақара» сүресі, 106-аят

 

[17] Суюти. Хасаис, 3: 133; Сарахси, 2: 71

[18] «Қиямет» сүресі 16-19 аяттар; «Хижр» сүресі. 9-аят



 

 

[19] Қасталлани. 7: 163, 446; Кашмири. 4: 199

 

[20] Хамидуллах. 2:699

 

[21] Суюти. 1:57; Қасталлани. 7: 446

 

[22] Айни. 24:264

 

[23] Айни. 20:16

 

[24] Ибн Кәсир. 7: 438

 

[25] Ибн Әбу Дәуіт. 10; Ибн Хажар. 10: 386

* Құрра – Құранды жатқа білген әрі оны басқаларға үйретумен танылған жандар (ауд.)

 

[26] Бұхари. Фазаилул Құран. 4, Тәубе 20; Ибн Әбу Дәуіт, 6

 

[27] Ибн Әбу Дәуіт. 6

 

[28] Ибн Әбу Дәуіт. 31

 

[29] Хайсами. 9: 53

 

[30] Әбу Дәуіт. Сүннет 5; Тирмизи. Илим. 16

[31] Ибн Әбу Дәуіт. 8

 

[32] Айни. 20: 19

[33] Қараңыз: «Тәубе» сүресі 128-129 аяттар

 

[34] Қасталлани. 7: 163-164; Ибн Хажар. 10: 389-390

[35] Суюти. 27; Қасталлани. 7: 164

[36] Мүснәд. 5: 134; Ибн Әбу Дәуіт. 9; Касталлани. 7: 164



 





 



Оқи отырыңыз