Akikat.kz - рухани танымдық, ғылыми портал

http://akikat.kz

Басты бет > Иман негіздері > Пайғамбарлық міндет > Хадистер санының көптігіне ықпал еткен факторлар

Хадистер санының көптігіне ықпал еткен факторлар

2015-06-23 2502

Хадис туралы оңды-солды тұжырымдама жасаған кейбір шаласауатты ориенталистер мен олардың мұсылман әлеміндегі ізбасарлары хадистердің санының тым көп екендігін, әсіресе, кейбір сахабалардың хадисті тым көп риуаят еткендігін алға тарта отырып, сахих хадистер мен сүннетке топырақ шашып, осыншалықты хадистің Пайғамбардың өз аузымен айтылуы мүмкін еместігін айтып бағуда.


1. Хадистің маңызы

Теріс мақсатты көздеген қатардағы ойлар секілді бұл пікірдің де шикілігі белгілі. Ислам дінінде мұсылмандардың тұрмыс-тіршілігінде хадистің алатын орны мен маңызын сахабалар әсте естерінен шығармаған. Пайғамбардың сөздері мен насихатын дұрыс түсініп, жасауға және жасамауға бұйырған амалдарды іс жүзінде жүзеге асырғанда ғана екі дүниенің рахаты мен бақытына кенелетіндіктеріне шәксіз сенген саңлақ сахабалар, хазірет Мұхаммедтің (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) аузынан інжу-маржандай боп төгілген әр сөзді қалт жібермей көкейге түйіп отырған. Пайғамбардың әрбір сөзін, іс-әрекеттерін барынша ықыласпен жадыларына және көңілдеріне тоқып, күнделікті тұрмыста оны дағдыға айналдыруға тырысқан. Иә, олар жиырма үш жыл өздерімен бірге болған Хабибуллаһтың (саллаллаһу аләйһи уә сәллам) әрбір қимылын жақыннан бағып, күнбе-күн оның жасағандарын айнытпай қайталауға тырысатын. Пайғамбар да өз кезегінде бұл дүниедегі тіршілік пен ақыреттегі мәңгілік өмірге қажеттінің бәрін сахабаларына, сонымен қатар қиямет-қайымға дейін келетін мүминдердің баршасына тиісінше ұғындырып, адастырмас тура жол қалдырып кетті.


Әбу Зәйд Амр ибн Ахтабтың айтуынша: «Пайғамбар кей күндері бамдат намазын оқытқан соң, мінберге шығып түске дейін насихат айтатын. Бесіннің азаны оқылғанда, мінберден түсіп, намазды оқытып, содан соң қайтадан мінберге көтеріліп, намаздыгерге дейін тағы да насихатын жалғастыратын. Намаздыгер болғанда, төменге түсіп намазды оқытып, қайтадан намазшамға дейін сұхбатын тоқтатпайтын. Ол осы сұхбаттарында болмыстың жаратылған сәтінен бастап қиямет-қайымға дейін, одан махшарға дейінгі, одан жаннат пен жаһаннам есіктерінің ашылатын сағатына дейінгі аралықта жүзеге асқан әрі жүзеге асатын барлық оқиғалар туралы егжей-тегжейлі баяндайтын»[1].


Жиырма үш жыл бойы одан бір елі ажырамаған сахабалар осы айтылғандардың бәрін жадыға түйіп, айтылған насихаттарына, өз сөздерімен айтқанда, «тістей қатып қалатын». Аллаһ елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәллам) сахабалардың алдына шығып имам болатын, намаз оқып болғасын артына бұрылып «Мен қалай оқысам, сендер де солай оқыңдар»[2] деп өсиет ететін. Қажылыққа барғанда, «Қажылық қағидаларын менен үйреніңдер»[3] дейтін. Ендеше сахабалар оның әр қадамын, әр сөзін қалт жібермей, көңілдеріне құйып, жадыларына сақтап, тіршіліктеріне тірек етіп, келешек ұрпаққа жеткізу жолында алтын көпір болғаны сөзсіз..


Иә, сахабалар хадистерді жаттап, санаға сіңіріп, болашаққа жеткізуге тиіс те еді, себебі олар Аллаһ расулын (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) жан-тәнімен қатты жақсы көретін. Оның әрбір сөзі мен әрбір қимылына ғашық болып, Пайғамбарды шын көңілмен сүйіп, хадистерін былай қойғанда, шашының, сақалының мүбәрак бір қылын да жерге түсірмей, қағып әкететін. Оны көздің қарашығындай сақтау үшін өз араларында жарысатын. Пайғамбарға тән әрбір затты қастерлі мұра тұтып, алабөтен сый ретінде қабылдайтын.


2. Естен кетпес оқиғалар

Өмірде қатардағы жай мүминдердің өзі (Аллаһ расулының тырнағына да татымайтын) өздері құрмет тұтатын жай кісілерден мақтау естісе, өмір бақи ұмытпайтыны, қолынан кәделі сый алған болса, оны қасиетті аманаттай көріп сақтап өтері белгілі. Олай болса, адамзатты тағылықтан мәдениетке бастап, қараңғылықтан жарық нұрға шығарып, күллі адамзатқа кіршіксіз тәлімгерлік жасаған Аллаһ расулының (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) әрбір жауһардай жақұт сөздерін сахабалар сияқты табиғатынан мәрт мінезді, көңілі кіршіксіз жандардың ұмытуы мүмкін бе? Әрине, мүмкін емес. Мысалы, Ыстамбулда жыл сайын рамазан айында көрмеге қойылатын ардақты Пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) мүбәрак шапанын көріп, зиярат етушілер елдің түкпір-түкпірінен ағылып келіп жатады. Ал оны шын мәнінде жақыннан танығандар арттағы мұраларына,  естеліктеріне құрметсіздік танытуы мүмкін бе? Сахаба Әнәс (р.а.) Пайғамбарымыздан (саллаллаһу аләйһи уә сәллам) қалған мәсілерді көкірегіне қысып алып, алда-жалда біреу қолынан жұлып алатындай зәре-құты қалмайтын. Шам қаласын басқарған мүминдердің әміршісі Мұғауия, біреуде Пайғамбардың шапаны бар дегенді естігенде, сол адамның салмағындай алтын берсе де шапанды алғысы келуі терең құрмет емей немене?! Көзі тірісінде Пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уә сәллам) ұстаған кейбір заттары, су құятын ыдысы, садағы мен жебе салынған қорамсасы әлі күнге дейін Ыстамбулдағы Топкапы сарайының сәнін арттырып тұрғаны шындық. Явуз Сұлтан алғаш рет Пайғамбардың күнделікті қолданған заттарын алып келіп Топкапыға қойған күннен бері, күндіз-түні сол жерде Құран оқытуды әдетке айналдырды. Үш құрлықта үкім жүргізген Османлы мемлекетінің патшасы Сұлтан Ахмет Пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уә сәллам) ізі түскен балшық қалыптың бейнесімен тәжін безендіруді ойлап, «Қасиетті ізіңді тәж секілді төбеме көтеріп жүрер ме ем?!» деп бұл ойын жүрекжарды жырына қосқан.


Арада қаншама ғасыр өткеннің өзінде мұсылман үмбетінің Адамзаттың ардақ тұтар тұлғасына (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) деген махаббаты осындай биік дәрежеде болса, бір дәуірдің үніне үн қосып, өмірдің ащысы мен тұщысын бірге бөліскен сахабалардың оған деген құрметінде мін болар ма?! Әрине, жоқ! Мүминнің өмірінде көнеден қалған жәдігерлердің ешбірі де сүннеттің бір пұшпағына тең келмейтіні ақиқат. Пайғамбардан қалған бұйымдардың өзі осыншалықты көздің қарашығындай сақталса, сүннет пен хадистердің мұнан да асқан ықтияттылықпен сақталғандығы дау тудырмайды.


Ахмед ибн Ханбалдың баяндауынша, бір күні Омар (р.а.) хазірет Аббастың (р.а.) үйінің жанынан өтіп бара жатқанда, қол жетім жерде тұрған шатырдың суағарынан үстіне бір-екі тамшы қан тамады. Хазірет Омар «Шатырда мал сойған кім екен? Қаны үстіме тамшылап, киімімді былғады» деп ашуланып, әлгі шатыр шетіндегі суағарды жұлып алып тастайды. Үйіне қайта барып шапанын ауыстырып жұма намазға келеді... Хұтбасының соңында жамағатқа қарап: «Уа, жамағат! Кейбір жөнсіз істеріңізге айтарым бар. Бүгін мешітке келе жатып, пәленшенің үйінің жанынан өттім, дәл сол жерден өте бергенде шатырдан үстіме қан тамды. Сол себепті әлгі шатырдағы суағарды жұлып алып тастадым» деуі мұң екен, Аббас (р.а.) орнынан атып тұрып: «Уа, Омар, бұл не қылғаның? Ол жерге суағарды Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәллам) өз қолымен орнатқан еді», – дейді. Мұны естігенде Омар (р.а.) не істедім дегендей буын буыны босап, жерге сылқ етіп отыра кетті. Сәлден соң Аббастың алдында (р.а.) барып: «Уаллаһи, биллаһи, жаңағы жерге қайта барайық. Сен менің мына басымды аяғыңмен басып тұрып, сол құбырды орнына қайтадан қоймайынша, басымды көтермеймін», – деп серт береді.


Жұмадан соң екеуі әлгі жерге барды. Айтқандай Омар (р.а.) күллі жаһанға тәж боларлық қадірлі басын жерге қойды. Расулаллаһтың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) өз қолымен қойған құбыры мен мүминдердің халифасы атанған алып тұлға Омар (р.а.) арасында таңдау жасау қажет болғанда, хазірет Аббас іркілместен халифаның басын басты да, әлгі құбырды орнына қайта орнатты[4].


Иә, Пайғамбардан қалған кішігірім жәдігердің өзіне осыншалықты қырағылық танытқан жамағаттың хадис пен сүннетке еренсіздік танытуы мүмкін емес. Өйткені хадис – дін, яғни өмір дегенді білдіреді. Аллаһ расулының (саллаллаһу аләйһи уә сәллам) ақиқаты, сопылардың тілімен айтқанда, «Ахмадия ақиқаты» – біз үшін дүние мен ақыреттегі бақытқа апарар алтын көпір.


3. Пайғамбарымыздың ілімді насихаттап, білімге құштарлық оятуы

Бұған дейін де баяндап өткеніміздей, Пайғам-барымыз ілім-ғылымға айрықша мән берген. Ол «ілім үйренушілердің жолына періштелердің қанат жая-тынын»[5] хадисінде айтып, ізінен ергендерді нұрлы болашаққа бастаған. Қазіргі күні ілім үйрену көп жағдайда атақ, абырой алуды көздеп, күнкөріс қамын күйттеуден аспай жатқаны өкінішті-ақ. Ал ол ғасыр-ларда ілім тек қана Аллаһтың разылығын ниет етіп зерделенетіндіктен, ілімге деген ізденіс, зерделеу, үйрену өте қызу қарқынмен жүріп жатты. Қарқын-дылығы сонша, мысалы, Суфиян ибн Үйәйна сынды он жасар баланың өзі ижтиһад жасайтындай дәрежеге жеткен[6]. Бұған дейін де айтып өткеніміздей, ғылыми мәселелерді, әсіресе, хадистерді өзара талқылау, ұғынып, терең түйсінуге деген құмарлық аса жоғары болатын.


Даримидің айтуынша, Әбу Саид әл-Худри мен Ибн Аббас шәкірттеріне: «Мына хадистерді жаттаңдар, оны терең игеріңдер, өз араларыңда талқылаңдар. Бұлардың бірі басқасын еске түсіріп, қозғап отырады»[7], – дейтін.


Сахабалар заманындағы ілім-білімге деген құш-тарлық олардан кейінгі дәуірлерде, табиғин және тәбәи-табиғин кезінде де жалғасын тапқан. Мұның мысалы ретінде осыдан бес-алты ғасыр бұрын өмір сүрген хадис хафыздарының соңғыларының бірі Ибнул- Хажар әл-Асқалани «Мүслим шәрипті бірнеше рет отырып оқып бітірдім» деген. Яғни ол Мүслимнің сахих хадистер жинағын қысқа ғана уақытта оқып тастайтын. Ол кезеңдерде Құран мен сүннет іліміне деген қызығу-шылық жоғары еді. Ол дәуірдегі ілім үйренушілер әрбір істі ғибадат жасап жатқандай ерекше құлшыныспен қолға алатын. Бұл түсінік кейінгі төрт-бес ғасыр бойы дәл солай жалғасып жатты.


Имам Нәуауидің ілімге қатты ден қойғаны сон-шалық – «бала-шаға бақсам, іліммен шұғылдана алмай қалармын» деп үйленбеген күйі өмірден өткен жан. Үлкен ғұлама Сарахси отыз томдық «Мәбсут» атты еңбегін құдықтың түбінде отырып, жадынан айту арқылы шәкірттеріне жаздырған. Ол туралы жұртшылық арасында айтылатын мынадай әңгіме де бар: «Шәкірт-тері бір күні Имам Сарахсиге: «Имам Шафиғи үш жүз қаттама құжаттық хадисті жатқа біледі екен» депті. Сонда Сарахси: «Менің білетіндерімнің зекетіндейін-ақ меңгеріпті»[8], – деген екен. Осынау ғұламалардың жазған еңбектерін жеке-жеке тек парақтап шықпақ болсаңыз, (мысалы Ибн Хажардың, Ибн Жарирдің, Суютидің, Фахруддин Разидің т.с.с.) бір аптада бітіре алмас едіңіз.


Жоғарыда аты аталған ғұламалардың көбісі бергі кезеңдерде өмір сүрген. Ал сахабалар мен олардан кейін ғұмыр кешкендерге келсек, қысқаша мынаны айтуға болады.


4. Ілімге деген шексіз құштарлық

Мұхаммед ибн Сирин мен бауыры Әнәс Ибн Сирин екеуі де өз заманының үлкен ғұламалары еді. Мұхаммед ибн Сиринді Пайғамбарымызға (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) он жыл бойы қызмет еткен Әнәс ибн Мәлік (р.а.) құлдықтан азат еткен.


Әнәс ибн Сирин өзі өмір сүрген кезеңде ілімге деген құштарлық қандай болғандығын «Куфаға бар-ғанымда, Куфа мешіттерінде төрт мың адамның хадис-тен дәріс алғандығына куә болдым»[9] деп білдірген. Демек, бір ғана шаһардың мешіттерінде төрт мың адам хадис ілімін үйренген. Шам қаласында Әбуд-Дәрданың дәріс алқасына қатысқан шәкірттерінің саны  мың бес жүзді құраған. Әнәс ибн Сириннің баяндауы бойынша, төрт мың шәкірттің төрт жүзі фақиһ дәрежесінде болатын[10].


Анығында фақиһ деген кім? Бүгінде ұзын саны бір миллиардтан асып жығылатын Ислам әлемінен төрт жүз фақиһ таба алмайсыз. Құранды, сүннетті, ижманы қатар пайдалана отырып, діндегі бұйрықтарды тұ-жырымдап, пәтуа беретін ғұламаны «фақиһ» деп атайды. Мысалы, Әбу Ханифа, Имам Әбу Юсуф, Имам Мұхаммед, Имам Шафиғи, Имам Мәлік – фақиһ болғандар, ал бір миллион хадисті жатқа білетін Ахмед ибн Ханбалдың өзін оңайлықпен фақиһ қатарына жатқызбаған. Әбу Жағфар Табари «Ахмед ибн Ханбал фақиһ емес» дегенде, шамданған ханбалидтер оның үйіне тас боратқан. Ахмед ибн Ханбалдың фақиһ болғандығы я болмағандығы өз алдына, бұл тұста Табаридің сөздерінің астарында фақиһ болудың оңай еместігін ұқтыратын ой жатыр. Табиғин дәуірінде Куфа мешіттерінде хадистен сабақ алушы төрт мың шәкірттің төрт жүзінің фақиһ болғандығына, міне, осы тұрғыдан қараған дұрыс.


Ол кезеңде ілімге деген құштарлық пен талап осындай биік дәрежеде көрініс тапқан. Мұсылмандар арасында өте-мөте хадис үйренуге деген құлшыныс басым еді. Бір хадисті үйрену немесе сол хадисті нақтылау үшін ұзақ сапарға шыққандар да аз емес. Хадис имам-дарының бір хадисті үйрену үшін жол машақатын көтеріп, сапарға шыққанынан-ақ хадиске деген іңкәр махаббат пен ықылас сүйіспеншіліктің зор болғанын пайымдаймыз. Бұл салада олардың кәсіби маманданғаны соншалық – хадистерді тәпсірлеу мен жай сөзден ажыратуға келгенде, алтынды бір көргеннен ажырата білетін зергер тәрізді алдына жан салмаған. Хадистің құр мәтінін жатқа біліп қана қоймай, риуаят еткендерді, кімнен жалғасын тауып жеткенін тізбелеп (сәнәд), саралап дөп басып айта алатын дәрежеде болған.


Реті келгенде Бұхариден мысал бере кетейін. Бұхари бір күні жолы түсіп Бағдатқа келеді. Бағдатта оның ғылыми дәрежесін, еске сақтау қабілетін, хадис турасындағы білгірлігін қалың қауымның алдында он ғалым сынап көрмек болады. Әлгі он ғалым әрқайсысы он хадистен, деректік тізбегін әдейі бұрмалап, риуаят еткендердің аты-жөнін шатастырып оқып шығады. Мәселен, ниетке қатысты хадис Яхия ибн Саид әл-Ансари Мұхаммед ибн Ибраһим әт-Тәймиден, ол Алқама ибн Уаққасил-Ләйсиден, ол хазірет Омардан (р.а.) келіп жеткен. Алайда Бұхариге қойылған сауалда бұл хадистегі Яхия ибн Саидтің орнына басқа біреу, Алқаманың орнына басқа біреу, Тәймидің есімі басқа бір атпен шатастырылып беріледі. Дәл осылайша жүз хадис алынған қайнар көздердің бәрі араластырылып Бұхариге оқылады. Бәрін тыңдап болған соң Имам Бұхари: «Бірінші хадисте пәленшенің орнына түгеншені қойыпсыз, оның шын мәніндегі деректік негізі мынадай...» – деп, біріншіден бастап, жүз хадистің бәрін жеке-жеке дұрыстап шығады. Бәрін тура айтып шыққан соң, сол жердегі емтихан алушы ғұламалар бәрі бірауыздан Бұхаридің жаттау қабілетінің жоғарылығын, бұл салада өте лайық ғұлама екендігін мойындайды[11].


Ибн Хузайма да Имам Бұхариді «Ана аспан мен мына жер, бұл саланы дәл сендей меңгерген жанды бұрын-соңды көрмеген болар, сірә»[12] деп мадақтаған.


Бұхари – ілімнің қадір-қасиетін жете ұғынған, оны дүние табудың көзіне айналдырмаған аса құрметті ғұламаларымыздың бірі. Сол тұстағы Бұхара билеушісі: «Келіп, менің балаларыма хадис үйрет», – дегенде, Бұхари: «Ілім – билеушінің табалдырығына барып қадірін түсірмейді. Егер ілімге деген құмарлығы болса, ілімді билеушінің өзі іздеп келуі тиіс. Балалары да өзі келіп сабақ алғаны жөн» деп жауап қайырған деседі. Патша «Онда менің балаларыма бөлек бір күн арнаңыз» деген тілек білдіреді. Сонда Имам Бұхари: «Мен дәріс бергенде, мұсылман үмбетін алаламаймын, сондықтан балаларыңа арнайы уақыт бөліп отыратын жағдайым жоқ», – дейді. Бірақ осы сөзі үшін қорлық көріп, өмірінің соңы абақтыда өтеді. Ақыры соңында оңаша жатқан күйі көз жұмады[13].


Бірде үлкен хадис имамдарының бірі жырақтағы бір кісіден хадис алмақ болып жолға шығады. Діттеген жерге жеткен кезінде, іздеген адамы атын ұстау үшін қолындағы тақиясын созып, жемге шақырып жүрген үстінен түседі. Әлгі кісі атты ұстаған соң, имам одан: «Атқа созған тақияның ішінде жем бар ма еді?» – деп сұрайды. Ол жемнің жоқтығын айтқанда, ғұлама: «Жануарды алдағанның адамды алдамасына кім кепіл?» – деп, хадис сұрамастан сол күйі кері қайтқан екен.


Міне, сүннет осындай терең ізденіс пен ерекше ыждағаттылықтың арқасында анықталған. Хадистердің сан жағынан көп екендігін, арасында ойдан шығарылған өтірігі де аз еместігін алға тартып, сахих хадистердің қайнар көздеріне сенімсіздік танытушылар манадан бері баяндағанымыздай, оның бастауындағы ілімге деген құштарлықты, сүннеттің маңызын, сүннеттің қандай жолдармен, кімдер тарапынан қаншалықты мұқияттылықпен зерттелгенін елеместен таяз тұжырым жасаса, онда өздері жаңылысып қоймай, өзгелерді де қателікке ұрындырары анық.


5. Орта оңтайлы болатын

Тағы бір себеп – табиғин мен тәбәи-табиғин заманында хадис жаттау үшін орта да оңтайлы болатын. Ол кездің адамдары шетінен тілге шешен еді. Расул-аллаһқа түсірілген Құран кәрім тілдің ең озық үлгісін паш еткен. Сол дәуірде арабтар арасында кең тараған өнер – әдебиет, яғни сөз өнері болатын. Муаллақа шайырларынан[14] да белгілі болғандай, шын мәнінде өлеңнің майын тамызатын жыр алыптары мен сөз зергерлері сол заманда аз болмаған сыңайлы. Құран мен Пайғамбар сөзін естігенде, таңданысын жасыра алмай, бас иіп мойындаған сол заманның атышулы сөз шеберлері, керек десеңіз сәждеге жығылған. Мысалы, Ханса сол дәуірдің алдыңғы қатарлы атақты шайыры болатын. Жаһилия кезеңінде өлген бауырына арнап жазған мәрсия – жоқтау жыры бүгін де оқығанның көзіне жас алдыратындай әсерлі. Ханса шайыр иманның ләззатын татқан соң, Аллаһ расулының (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) жолына берілгені соншалық Қадисияда төрт ұлы бірдей шейіт болғанда, көзімен көрмесе де мұны аналық жүрегімен сезініп, жүрегі қан жылап тұрса да, «Аллаһым, сен маған төрт ұл бердің, төртеуін де сенің хабибің – хазірет Мұхаммедтің жолына құрбан еттім. Саған мың да бір шүкір»[15], – деп иман, Құран, Ислам жолында жүргеніне шүкіршілігін білдірген. Ханса (р.а.) өзінің сөзге шебер екендігін, кәпірлерді келемеждеп, Исламға мадақ жаудырған өлеңдері үшін Расулаллаһтан (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) «Аллаһым, оны Рухул-Құдыспен демей гөр»[16] деген батасын алған Хассан ибн Сабиттің төрт жол өлеңінен сегіз қате тауып дәлелдеген. Міне, осындай зерек Ханса Құран мен Аллаһ расулының сырлы сөздерін естісімен өлең жазуын біржолата доғарады. Жалғыз Ханса ғана емес, сол дәуірдегі сөз майталмандарының басым көпшілігі осы жағдайды бастан кешті. Құран мен хадистегі шынайылық пен шұрайлылыққа көз жеткізген соң, бұған дейін айналысып келген істерінен бас тартып, қалған өмірін Құран мен хадисті зерделеуге арнаған. Олардың көзін көріп, тәлімін алған кейінгілер де сөз зергерлері секілді Расулаллаһтың сөзін басқа сөзден ажыратуда еш қиналмайтын.


6. Олардың есте сақтау қабілетінің мықтылығы

Тағы бір себеп: Ислам діні құлашын кең жайған құтты заманның адамдары жаттау қабілетінің күш-тілігімен ерекшеленді. Бүгінде Құранды төрт айда жаттап хафыз болғандарға ерекше ілтипатпен қараймыз, Елмалылы Хамди Языр сияқты ғұламалардың француз тілін алты айда үйренгенін ауыз толтырып, таңданып айтамыз. Ал Алаһтың елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәллам) өмір сүрген бақытты ғасырдың адамдары есте сақтау жағынан, хадисті жатқа айтуда алдына жан салмайтын, сен тұр, мен атайындардың нақ өзі еді.


Ислам дініне сына қағуды көздеп, сол үшін ориенталистер жабыла қатты шүйліккен Әбу Һұрайра (р.а.) бір естігенін екінші рет қайталамай-ақ, сол күйінде есінде сақтайтын ерекше қабілетті сахаба болған. Зәйд ибн Сәбит те (р.а.) ерекше есте сақтау қабілетімен танылған тұлға. Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) оған «Сен біраз ибрани (көне еврей) тілін үйрен»[17] деп нұсқау бергенде, 15-20 күн ішінде ибрани тілінде хат жазып, хаттарды аударатындай дәрежеге жеткен дара тұлғалардың бірі.


Сахабалар арасында хадис жаттауда алдына жан салмағандардың бірі Ибн Аббас та (р.а.) көзі тірісінде «хибрул-умма», яғни, үмбеттің ғұламасы деген атқа ие болған даналардың бірі. Айша анамыз да (р.а.) естігенін есте сақтауда өзгелерден оқ бойы озық тұрған. Бұл аты аталғандардың қай-қайсысы да бір рет естігенін сол сәтте жаттап, ешқашан ұмытпаған болмысы ерекше жандар екендігінде дау жоқ. Сахабалар арасында осындай қабілетті жандар жүздеп саналатын.


Еске сақтау тұрғысынан сахабалардан кем түспейтіндердің енді бір тобы – табиғиндер десек, олар да аз емес еді. Мысалы, Омар ибн Абдулазиз заманында өмір сүрген және сол кезеңде алғаш рет хадистерді жинастырумен айналысқан (ориенталистерге жақпаса да) Ибн Шихаб әз-Зұхриді атап айтуға болады. Әбу Ханифамен кездескенде, оған «Мен бір естігенімді өмір бойы ұмытпаймын» деген соқыр Қатада ибн Диама, Шағби, Ибраһим ибн Язид ән-Нәхаи және «Бір рет естігеннен кейін есімнен шыққан еш нәрсе болған емес» деген Имам Шафиғи – қай-қайсысы да есте сақтаудың саңлақтары еді.

"Сүннет жолы - үмбет жолы" кітабынан алынды




[1]     Мүслим, Фитән, 25; Ахмед ибн Ханбәл, әл-Мүснәд, 5/341; Табарани, әл-Мұғжамул-кәбир, 17/28.

[2]     Бұхари, азан, 18; Ахмед ибн Ханбәл, әл-Мүснед, 5/53.

[3]     Нәсаи, мәнәсик 220; Ахмед ибн Ханбәл, әл-Мүснед, 3/318.

[4]     Ахмед ибн Ханбәл, әл-Мүснәд, 1/210; Ибнул-Жәузи, Сыфатус-сафуа, 1/285.

[5]     Тирмизи, Илм, 19; Әбу Дәуіт, Илм, 1.

[6]     Шағрани, әт-Табақатул-кубра, 1/209; Зәһәби, Сияру аламин-нубәлә, 8/459.

[7]     Дарими, Мұқаддима, 51; Ибн Әбу Шәйбә, әл-Мусаннаф, 5/285.

[8]     Қасым ибн Құтлубоға, Тажут-таражим, 183-б.

[9]     Рамәхурмузи, әл-Мухаддисул-фасыл, 560-б.

[10]    Рамәхурмузи, әл-Мухаддисул-фасыл, 560-б.

[11]    Хатиб әл-Бағдади, Тариху Бағдат, 2/20-21; Ибн Хажар, Хәдиус-сари, 487-б.

[12]    Заһаби, Тәзкирәтул-хуффаз, 2/556; Ибн Хажар, Тәхзибут-тәхзиб, 9/45.

[13]    Заһаби, Сияру аламин-нубәлә, 12/464-465.

[14]    Ислам діні келгенге дейін өлеңдері алтынмен әшекейленіп, Қағбаға ілінетін арабтың атақты шайырлары

[15]    Ибн Әсир, Усдул-ғаба, 7/90; Ибн Хажар, әл-Исабә, 7/616; Омер Рыза Кеххале, Аламун-ниса, 1/370;

[16]    Бұхари, Саләт, 68; Мүслим, Фадаилус-сахаба, 151-152.

[17]    Тирмизи, Истизан 22; Әбу Дәуіт, Илм 2; Ахмед ибн Ханбәл, әл-Мүснәд, 5/186.



Оқи отырыңыз