Akikat.kz - рухани танымдық, ғылыми портал

http://akikat.kz

Басты бет > Иман негіздері > Пайғамбарлық міндет > Хадис риуаят етудегі асқан жауапкершілік (Жалғасы)

Хадис риуаят етудегі асқан жауапкершілік (Жалғасы)

2015-06-23 2208

4. Ойдан шығарылған хадистерді іріктеу және оны таратушыларды қудалау

Шындығында, сол дәуірде өтірікпен күрес пәрменді түрде жүргізілді. Ибн Шихаб әз-Зұхри, Ибн Сирин, Суфиян әс-Сәури, Амир ибн Шарахил әш-Шағби, Ибраһим ибн Язид ән-Нәхаи, Шуғба, Әбу Хилал, Қатада ибн Диама, Хишам әд-Дәстауаи, Мисар ибн Қудам – бәрі-бәрі өтірікке бір кісідей қарсы тұрып, өтірікті шындай қылып жүргендердің соңына түсетін.

Әбу Хилал, Шуғба, Саид ибн Әбу Садақа, Қатада ибн Диамадан риуаят етілген бір хадисте:


Қандай да бір хадистің нақтылығына қатысты «нақты былай деп пе еді, жоқ олай емес пе еді» деп күмән туған жағдайда Хишам әд-Дәстауаиге жүгінетін. Ал Шуғба мен Сәури кез келген мәселеде күмәнданса, Мисар ибн Қудамға жүгінетін-ді[1]. Олардың қай-қайсысы да әсіре мәзһаб ұстанушы саналған адамдардың әрбір қадамын аңдып, соңынан бір елі қалмайтын. Қай жерде болса да, өз жанынан қосып сөйлейді-ау дегендерді өкшелеп, қандай да бір хадисті айта қалса, «Мұны кімнен естідің?» деп сол жерде тергеуге алып, ақиқатына жеткенше көңілдері көншімейтін.


а. Жаттау (есте сақтау) міндетін атқарушылар

Хадистер зерделеніп, зерттелу барысында хафыздар барлық ықыластарын хадис жаттауға арнаған. Ислам тарихы теңдессіз есте сақтау қабілетімен танылған хафыздардан кенде емес. Мысалы, Ахмед ибн Ханбал түрлі жолмен жеткен, түрлі риуаяттарға сүйеніп, алуан түрлі мәтіндерді, яғни мағынасы бір болғанымен, сахихы, хасаны, әлсізімен қоса алғанда, барлығы бір миллионға жуық хадисті жатқа білген. Ол ұзын саны қырық мың хадистен тұратын «Мүснәд» атты хадистер жинағын өзі жатқа білген үш жүз мың хадистің арасынан таңдап, талғап алып құрастырған. Қырық мың хадис арасында қайталанып келетіндері де бар, әрине. Сондай-ақ бұл кітапқа оның ұлы Абдуллаһтың «Зауаид» деп аталатын еңбегі де кіргізілген.


Саналы ғұмырын хадисті жадында тоқып, оның терең сырын зерттеуге арнаған Яхия ибн Маин «мәуду» (ойдан шығарылған) хадистерді де жаттайтын. Ахмед ибн Ханбал одан мұның себебін сұрағанда, ол «Хадис туралы мағлұмат сұрап келгендерге мәудулардың қайсысы екенін ажыратып көрсету үшін»[2] деп жауап қайтарған.


Жалпы Ислам тарихында мыңдаған хадисті және оның дұрыс-бұрысын ажырата алатын майталмандар, әрбірін жатқа білген хафыздар көптеп саналады. Солардың қатарында Имам Зұхри, Яхия ибн Саид әл-Қаттан, Бұхари, Мүслим, Дарақутни, Хакимнің есімдері аталады.


ә. Әділдік түсінігі

Әділдік – «өтірікке жол бермеу, өтірікшіні қудалау, ақиқатты жақтау» деген мағыналарды білдіреді. Енді осы айтылғандарға мысал келтіре кетейік.


Бір күні хазірет Омар (р.а.) хұтба оқып жатып: «Әйелдерге мәхірді[3] қырық оққадан (төрт жүз дирхам) артық бермеңдер», – деуі сол екен, әйелдер арасынан біреуі перденің арғы жағынан дауыстап: «Уа, мүмин-дердің әміршісі, ол не дегенің? Аллаһ Құранда «Оларға қаншалықты көп мал берсеңдер де, ажырасқан кезде ешбірін қайтып алушы болмаңдар»[4] деген, ал, сіз небары төрт жүз дирхем дейсіз, бұл қалай?!» – дейді.


Хазірет Омар өзінің қателігін сол жерде мойындап: «Уа, Хаттабұлы! Сенен қателік кетті, бұл кісі дұрысын айтты, қарапайым бір әйел құрлы да дініңді біл-мейсің»[5], – деп өзін-өзі қатты жазғырады.


Мұндай жағдайларда табиғин имамдары да дәл осылай өз қателіктерін мойындаудан бас тартпаған. Мысалы, Зәйд ибн Әбу Унайса, бауырының кей іске ат-үсті қарайтынын білгендіктен бе, әлде уайымшыл-дығынан ба, бір көзқарасқа деген әсіре жақтаушы-лығынан ба, жоқ әлде мүлде басқа себептен бе, неге екені белгісіз, «Менің бауырымнан хадис алушы болмаңдар»[6] деп кесіп айтқан.


Сол сияқты сахабалардың арасынан тұңғыш рет кітап жинағын бастырған Бұхари, Мүслимдермен дәрежелес хадисшілердің имамы саналатын Али ибнул-Мәдиниден: «Әкең қалай?» – деп сұрағанда, «Оны менен емес, басқа біреуден сұрап біліңдер», – деп қашқақтаған. Әкесінің хадиске қатысы туралы қоярда- қоймай сұралғанда, «Хадис – «дін» деген сөз, ал әкем бұл мәселеде осалдау»[7], – деп жауап берген.


Әбу Ханифа мектебінде тәлім алып, Имам Шафиғиға ұстаздық еткен әрі «Бір естігенімді өмір-бақи ұмытпаймын, бір естігенімді екінші рет қайталаған да емеспін» дей тұра, өзінің жаттау қабілетінің нашар екендігін айтып кеңес сұрағанда, Имам Шафиғиға «Күнә атаулыдан аулақ бол, себебі ілім – нұр, Аллаһтың бұл нұры, асылық жасаған кісіге берілмейді» деп жа-уап берген Уақи ибн Жаррах өз әкесінен хадис риуаят еткенде, оны басқа да риуаяттармен қуаттап барып қана алатын. Мұның мәнісін сұрағандарға: «Әкем – қазына қызметкерлерінің бірі, сондықтан мемлекетті ойлап, кейбір сөздерді жұмсартып айтуы мүмкін»[8], – деп жауап қатқан.


б. Иләл кітаптары

Бұл ғұламалар хадисті зерттеу нәтижесінде ондаған иләл[9] кітаптарын жазған. Яғни хадистердің келу тізбегі, мәтіндегі жаңсақ пікірлер мен кемшіліктерді тамыршыдай тап басып, елеп-екшеп, сүбелі еңбектер жазды. Әлсіз хадистерді, тәрк етілген хадистерді, хадисшілерді, яки әлсіз – хадис алуға болмайтын рауилерді жеке-жеке анықтап берді. Бұл іспен айналысушылардың мұқияттылығы адам айтса нанғысыз еді. Бірі «Әкем қазынаның қызметкері..» деп хадис риуаят еткенде, оның жеткізген хадисін басқа да риуаяттар арқылы қуаттап барып алуды өзіне міндет санаса, енді біреуі әкесі жайлы сұрағандарға хадис жеткізу мәселесінде әкесінің осалдау екенін айтып, одан хадис алуға тыйым салатын[10].


Хадис майталмандарының бірі Абдуррахман ибн Мәхди, хадисті кемшіліктерден арылтумен айналысқан Шуғба, Сәури, Ибн Мүбәрак және Имам Мәліктен: «Біз хадистің түп төркінін зерттей келе, «пәленше түгенше жалған хадис ойлап шығарған» деп, кітаптарда олардың атын атап, түсін түстеп жазып жүрміз. Бұларды осылайша жария ету қаншалықты дұрыс?» – деп сұрағанда, аты аталған хадис ілімінің ғұламалары бір ауыздан: «Хадис дегеніміз – дін, сондықтан ол сен айтып отырған мәселеден әлдеқайда маңызды, өйткені Ахмедтік ақиқаттың жасырын кілті сонда», – деп жауап берген[11].


Хадис мәселесінде аса қатаңдығымен белгілі болған, жақын достары «Біз бұны кішкентай кезінен бері жақсы білеміз, күнә атаулы оның өңі түгіл түсіне де кіріп шықпаған» деп мақтан еткен Яхия ибн Саид әл-Қаттаннан айналасындағылар: «Сен жұрттың намысына тиер іспен шұғылданып жүрсің, «пәленше хадис ойлап шығарады, түгеншенің айтқандары әлсіз, негізсіз» дейсің. Бір күні Аллаһ осының бәрін сенен сұрайды деп ойланбайсың ба?» – деп сұрағанда, ол: «Аллаһ құзырында олардың маған дұшпан болғаны, Расулаллаһпен дұшпан болғаннан әлдеқайда жақсы»[12], – деп қасқая жауап берген.


Сүннет осындай асқан ықтияттылықпен нақ-тыланды. Осыншалықты мұқияттылыққа қарамастан, бірқатар хадистерді ойлап шығарғандар да кездесіп жатты. Дегенмен олар сахаба мен табиғинның сарапшылық таразысында екшелді. Әлдеқалай өтіп кеткендер болса да, сахих хадис жинақтарына келгенде бөгесінге ұшырап, тағы да сырттап қалды. Хадистердің дұрыс-бұрысын ажыратуда мынадай әдістер де қолданылған:

 

5. Мәуду – ойдан шығарылған хадистердің сахих хадистерден екшелуі

а. Мойындау 

Көбінесе жоқ жерден хадис ойлап шығарғандар қартайған шақтарында, өлім аузында жатқанда немесе бұрыс жолдағы мәзһабтан шығып, әһлі-сүннет уәл- жамағатқа қосылғаннан кейін, кезінде білместікпен ойдан шығарған хадистерін өздері мойындаған.


ә. Жалған сөйлейтіндерге жол берілмейтін

Жоғарыда баяндалған тәсілдер арқылы жалған айтушылар бірден анықталып, олардың әрбір сөзі қатаң қадағаланатын. Өмірінде бір рет өтірік айтқан адамнан өмір бақи хадис алынбайтын. Тіпті біреу есте сақтау қабілеті мықты, сенімді бола тұра, уақыт өте келе оның уайымға жиі берілетіндігі байқалса, ондай адамдардан да хадис алынбаған. Мысалы, Әбу Дәуіттің «Сүнән» атты хадистер жинағында аты жиі аталатын Ибн Әбу Ләхия есімді бір рауи бар. Діндарлықта, тақуалықта алдына жан салмайтын бұл рауи жатқа емес, жазып қойған кітабына қарап риуаят ететін болған. Күндердің күнінде ол хадистерді жинақтаған кітаптарын жоғалтып алады да, мұнан былай, хадис риуаяты мәселесінде аты аталмайтын жағдайға жетеді. Сол күннен бастап одан хадис алу керек болса да, алынған хадистер асқан ыждағаттылықпен тексерілетін болған. Мәселен, Имам Бұхари аты аталған рауиден тек қана басқа хадистермен нақтыланған хадистерді ғана алған.


б. Қолданылған тіл «мен мұндалайтын»

Көркем әдебиетте «жазушының тілі» деген мәселе бар. Мысалы, Мольерді отыз рет оқыған, Шекспирді, Толстойды, Дантені, Нежип Фазылды, Нұреддин Топчыны, Сезаи Каракочты бірнеше рет оқыған адам кез келген мәтін арасынан олардың сөздерін ажырата алады, яғни бір жазушының тіліне қаныққан соң, оны басқалардан ажыратпау мүмкін емес. Бір жазушының тіліне қанық болу үшін көп жағдайда оны үздіксіз қайталап оқи берудің де қажеті жоқ. Мәселеге осы тұрғыдан келетін болсақ, жоғарыда аты аталған хадис имамдары бүкіл саналы ғұмырын хадис іліміне арнағандықтан, Аллаһ елшісінің (саллаллаһу аләйһи уә сәллам) сөздеріне әбден қанық, тілдік шұрайын еркін игерген әрі еске сақтаудың майталман хафыздары еді. Олар күні-түні Пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уә сәллам) маржан сөздерін бойға сіңіргендіктен, хадистерді өзге сөздерден дереу ажырататын. Естігендерін бір-екі рет қайталаған соң «бұл хадис немесе хадис емес» деп дөп басып айта алатын.


в. Салыстыру тәсілі, Құран және мутауатир (дұрыс екендігі күмәнсіз) хадистер

Хадистер мухаддистер тарапынан «мутауатир» және «ахад» деп екіге бөлінеді. Бір хадисті жалған айтуы мүмкін емес бір жамағат бір ауыздан риуаят еткен болса, бұл хадис «мутауатир хадис» деп аталады. Әһлі-сүннет мутауатир хадистерді ақиқатқа көз жеткізудің үш жолының бірі деп санайды. Мұнан басқа, яғни тек бір ғана жолмен риуаят етілген хадистер «ахад хадис-тер» деп аталады. Кейбір хадистер сахабалар арасында ахад хадис ретінде белгілі болғанмен, кейінірек тәбәи табиғин дәуірінде кеңінен таралғандықтан, «мәшһүр хадистер» деп аталған. Дей тұрғанмен жалпы хадистер мутауатир және ахад деп екіге бөлінген. Ахад хадистер көбінесе Құран мен сүннеттегі үкімдермен салыстырылып, осы қайнар көздерге қайшы келмеген жағдайда, бірауыздан қабылданған. Ал кері жағдайда, ол мәселені ғалымдардың талқылауына рұқсат етілген.


г. Уақыт пен мекеннен тыс жүзеге асатын дәлелдер

Усул-хадисте (хадис әдіснамасында) айтылмаса да, Аллаһқа кіршіксіз көңілмен иланған раббани жандар арасында уақыт пен мекенді асып, тікелей Адамзаттың ардақтысы – Пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уә сәллам) өз аузынан хадис алғандар да болған. Мысалы, Мұхиддин ибн Араби сахих хадис кітаптарына енбеген «Мен жасырын қазына едім, танылғым келіп, болмысты жараттым»[13] деген сөзді «Мен Расулаллаһтың тікелей өз аузынан естідім» деген. Сол секілді үлкен имамдардың бірі саналатын Жалалуддин ас-Суютидің Пайғамбарымызбен ояу, сергек күйінде кездескені туралы мәліметтер де бар[14].


Имам Бұхари хадис жинағын жасау барысында жаңа бір хадис естіген сайын дәрет алып, екі рәкат намаз оқып, намаздан соң арнайы дұға жасап, мәселені Пайғамбарымызға (саллаллаһу аләйһи уә сәллам) білдіріп: «Маған осылай жетті, естігенім дұрыс па, уа, Расулаллаһ?» – деп сұрап, өзіне түсінікті белгіні, ишараны сезінгеннен кейін ғана, әр хадисті жинағына енгізіп отырған[15].


Рухтың уақыт пен кеңістіктен тыс жағы бар екені мәлім. Уақыт пен кеңістікке қатысты бізге мәлім жайттардың өзі әлі нақты емес. Қазіргі физиканың қол жеткізген заңдылықтарымен нақтыланбаса да, Эйнштейн мекеннің үш қыры, өзге төртінші қырының да болатындығын айтып кеткен. Әулиелер болса, әуелден бері осы мәселеге тоқталып, уақытқа, мекенге бағын-байтын кейбір күйді болмыстың ішкі заңдылықтарының көрінісі деп білген. Осы тұрғыда объективті болмаса да таяу жылдарда орын алған бір оқиғаны баяндап өткенді жөн көрдім. Соңғы жылдары саябырсығаны болмаса, Ыстамбулдың түрлі мешіттерінде хадис, фиқыһ, тәпсір, кәлам сынды діни ілімдер оқытылып келген. Фатих сұлтан Мехмет Хан мешітінде хадис оқытатын бір имам бір күні үйінде отырғанда, әбден мазасын алған мысығына ашуланып, таяқпен ұрып аяғын сындырып қояды. Ертеңіне таң арайлап атып келе жатқан шақта мешітке келеді. Күнде келіп жүрген мешітте әлгі имам күтпеген жерден уақытқа бағын-байтын өзгеше бір мекенге тап болғандай тылсым күйді бастан кешеді. Сөйткенше болмай ол әлдеқандай сот алқасына тап болады. Қазы мен оның хатшысының қасында үйіндегі мысығын да көреді. Қазылар алқасы әлгі имамға: «Мына мысық сенің үстіңнен арыз айта келді. Сен оның аяғын сындырыпсың. Қазір заңға сүйене отырып сенің де аяғыңды сындырамыз», – дейді. Дәл сол сәтте Аллаһтың құдіретіне шек жоқ, имамның есіне бір хадис түсе кетеді де, «Маған қысас заңымен үкім бере алмайсыздар», – дейді. Сот алқасы кесімді пікірге іркіліп қалады да «Оған қандай дәлел айтпақ-сың?» деп сұрайды. Сонда имам тұрып: «Пайғам-барымыз Батнун-Нахл деген жерде жындармен серттескен уақытта, оларға «түрлі мақұлықтың кейпіне еніп, үмбетіме көрінуші болмаңдар» деген екен. Ал мына жын біздің үйде басқа мақұлықтың бейнесіне еніп, көзіме солай көрінді», – деп жауап береді. Имам дәлел ретінде баяндаған хадистің сәнәдін (Хадисті жеткізуші рауилардың тізбегі) яғни қай сахабаның оны риуаят еткендігін де нақтылап айтады. Осылайша терлеп-тепшіп тұрғанда, мешіттің күмбезінің үстінен әлгі хадисті риуаят еткен сахаба көрінеді де, «Мен бұл хадисті Расул-Әкрамнан өз құлағыммен естідім», – деп мақұлдайды. Сот алқасы мына жағдайдан кейін имамды кінәсіз деп табады. Осы оқиғадан соң әлгі имам достарына: «Мен сахабаны өз көзіммен көрдім, сондықтан мен де табиғинмын», – дейді екен.


ғ. Хадисті ұрпақтан ұрпаққа жеткізушілер туралы арнайы еңбектер де жазылған

Рауилерді, сахабаларды, табиғин мен тәбәи-табиғиндерді жақыннан таныту мақсатымен олар жайлы егжей-тегжейлі баяндалған бірқатар толымды еңбектер жазылып жарық көрді. Бұл шығармаларда ұлы тұлғалардың туған жері, һижрет еткен аймағы мен уақыты, мекен-жайы, қайтыс болған немесе жерленген жерлері, кімдерден дәріс тыңдағандықтары, кімдермен сұхбаттас болғандығы т.с.с жан-жақты мәліметтер қамтылған.


Осындай алғашқы еңбектің авторы – Ибн Мәдини. Оның «Китабу мағрифатис-сахаба» атты кітабында қай сахаба Меккеден, Мәдинадан қай жерлерге барғандығы, һижреттен соң Тайфта, Мауараннахрда, Басрада, Куфада, Шамда, яғни қай жерде тұрақтап, кімдермен жора-жолдас болғандығы, кімдерге дәріс үйреткендігі т.б. кеңінен баяндалады. Ибн Абдулбәррдің «әл-Истиаб», Ибн Хажардың «әл-Исаба фи тамийизис-сахаба», Ибн Әсирдің «Усдул-ғаба», «Ибн Сағыдтың «Табақат», Ибн Асакирдің «Тарих», Бұхаридің «Тарих» сынды еңбектері сол кезеңнің тарихы мен сахабалардың өмірінен сыр шертетін өшпес мұралардың бастауы мен қайнар көзі болып табылады. Бұл кітаптардың біреуінде үш мың, енді бірінде бес мың, ал кейбіреулерінде он мыңнан астам сахабаның өмірбаяны топтастырылған. Осы кітаптарға, әсіресе Захабидің «әл-Кашиф» атты еңбегіне үңілсек, әрбір сахаба туралы «Пәлен сахаба мынадан-мынадан хадис риуаят еткен, одан мыналар риуаят еткен» деп тайға таңба басқандай, риуаят жалғастығын нақты таба аламыз. Осылайша кімдер кімдерден хадис алған және кімдер кімдермен хадис алып-беруде дәстүрлі сабақтастықты сақтаған деген сауалға толық мәлімет алып, хадистер жайлы тұшымды тұжырымдама жасай аламыз.


д. Хадис кітаптары байыпты түрде елеп-екшелген

Осыншалықты зерттеу, нақтылау шараларына қарамастан, сахих хадистер жинағына енгізілетін тұста да «бәлкім арасында мәуду (ойдан шығарылған жалған) хадис кетіп қалған болар» деген оймен, хадистер қайтадан бастан-аяқ тексерілген. Сөйтіп, шын мәніндегі маржан сөздер жасанды хадис-терден ажыратылып бөлек-бөлек хадис кітаптары топтастырылған. Алғашқы болып Мақдиси «Тәзкиратул-кубра» атты кітабында мәуду хадистерді жинаған. Мақдиси сынды өзге де хадис ілімінің ұстаздары барынша мұқияттылықпен шынайы маржан сөздерді анықтауға күллі саналы ғұмырын сарп етті. Мысалы, Ибнул-Жәузи өзі де имам бола тұра, өз мәзһабының имамы болғанына қарамастан Ахмед ибн Ханбалдың қырық мыңнан астам хадистен құралған «Мүснәд» атты жинағындағы бірқатар хадис-терді мәуду, әлсіз немесе мәтрук (тәрк етілген) деп ажыратумен айналысқан. Алайда одан кейін келген Ибн Хажар әл-Асқалани болса, Ибнул-Жәузидің «Мүснәд-тан» әлсіз хадис немесе мәтрук хадис деп шығарып тастаған хадистерін қайтадан тәптіштеп тексеріп, он үш хадистен басқасының сахих негіздерін тауып, дәлелдеген. Ал он үш хадистің негізін сахих бастауға дейін неліктен апара алмағандығына «әл-Қаулул-Мүсәддәд физ-зәбби ан-Мүснәди Ахмәд» деген еңбегінде арнайы тоқталған[16].


Бірқатар хадисшілер бірнеше сахих хадисті мәуду деп санақтан шығармақ болғаны үшін Ибнул-Жәузиге ісіне атүсті қараған деп айып тағып (мутәсәһил деп) сынаған да[17]. Ибнул-Жәузидің мәуду деп таныған хадистерін Расулаллаһпен рухани әлемде жетпіс реттен аса кездескен Жалалуддин әс-Суюти қайтадан бастан-аяқ қарап шығып «Мен бұл хадистердің арасында мәуду хадис көріп тұрған жоқпын, бәлкім әлсіз болар»[18] деген. әс-Суюти сонымен қатар Ибнул-Жәузидің «әл-Мәудуатул-кубра» атты еңбегін де тексеріп, зерделеп шыққан соң, жасанды інжулер деген мағынадағы «әл-Ләалил-маснуа» кітабын жазып шыққан. Бұл еңбегінде ол Ибнул-Жәузидің мәуду деп тапқан хадистерінің шынында да қайсысы мәуду, қайсысы мәтрук, сахих екендігін ажыратып көрсеткен.


Бұлардан басқа мустәдрәк кітаптары бар. Мысалы Бұхари мен Мүслим сынды үлкен хадис ғұламалары сахих хадистерді белгілі бір қағидаларға сәйкес топтамаларына енгізген. Алайда кейбірі сол қағидаларға сәйкес келе тұра, бірқатар хадистер сахих хадистер жинағына енгізілмеген. Міне, осындай хадистерді Хаким сынды бірқатар ғалымдар жинап, топтастырып хадис кітабын шығарған. Бұл хадистер – хадис терминологиясында «мүстәдрәк хадистер» деп аталады. Мүстәдрәк хадис кітаптары арасында ең әйгілісі – Хакимнің «Мүстәдрәк» атты хадистер жинағы. Хаким-нің осы хадистер топтамасын кейіннен хадис саласының білгірі Имам Захаби қайта қарап, елеп-екшеп, терең зерттеп, тексерген. Имам Захабидің жаттау қабілетінің қаншалықты екендігін Ибн Хажардың ол туралы айтқан «Мен өмір бойы Захабиге таңдай қағумен өттім. Аллаһтан маған да Захабидікі сияқты есте сақтау қабілетін беруін жалынып сұрап, жаттауға септігі тиетін дұғаларды қағазға жазып шайнап жұтып қоятынмын»[19] деген сөздерінен байқауға болады.


Уақыт өте келе, халық арасында хадис деген атпен таралған сөздердің де топтамасы кітап болып жинақ-талған. Сахауи «Мақасыдул-Хасана», Ажлуни «Кашфул-Хафа» атты кітаптарында халық арасында кеңінен тараған сөздердің қайсысы хадис, қайсысы хадис еместігін ашып көрсеткен. Мысалы, ілім-білім үйренуге шақырған ондаған хадистермен қатар, ел аузынан түспейтін «Тал бесіктен көр бесікке дейін ілім із-деңіздер», «Ілім Қытайда болса да үйреніңіздер», «Ең жақсы адам – басқаларға пайдасы тиетін адам, ең нашар адам – басқаларға зияны тиетін адам» деген сияқты тағылымды сөздерді хадис таразысына тартып, салмақ-тай қарап, бұл сөздердің хадис деп қабылданатындай салмаққа ие емес екендігі ескертілген[20].


Олай болса, осыншалықты жіті қадағалау, терең сұрыптау және риуаят етуге көрсетілген зор жауапкер-шілікті көре тұра, Исламның екінші маңызды тірегі болып келген сахих хадис топтамалары мен сахих хадис жинақтарына шүбә келтіріп, тұнығын лайлауға жан-таласқандардың бұл әрекетін қалай түсінген жөн?

 

 "Сүннет жолы - үмбет жолы" кітабынан алынды


[1]     Ибн Хажар, Тәхзибут-тәхзиб, 2/395; Рамахурмузи, әл-Мухад-дисул-фасыл, 395-б.

[2]     Хатыб әл-Бағдади, әл-Жами, ли-ахкамир-рауи уә әдабис-самиғ, 2/192; Миззи, Тәхзибул-кәмал, 31/557; Бажи, әт-Тағдил уәл-жарх, 1/290.

[3]     Ислам бойынша некелесу кезінде қалыңдығының қалауы бойынша күйеу жігіттің алып беруі тиіс дүние

[4]     «Ниса» сүресі, 20-21.

[5]     Бәйхақи, әс-Сүнәнүл-кубра, 7/233; Ажлуни, Кәшфул-хафа, 1/317.

[6]     Мүслим, Мұқаддима, 5.

[7]     Ибн Хажар, Тәхзибут-тәхзиб, 5/153; Ибн Хиббан, әл-Мәжрухин, 2/15.

[8]     Сахауи, әл-Иғлан бит-тәубих лимән зәмма әхлат-тарих, 66-б.

[9]     Иләл (Иллә) – «кемшілік, кесел» деген мағынаны білдіреді. Хадис іліміндегі термин ретінде хадистің бойында бар әрі хадистің дұрыстығына кедергі келтіретін кемшілік меңзеледі. Яғни, хадисті жеткізушілер тізбегінде, яки мәтінде сырт көзге байқала қоймайтын, арнайы зерттеумен ғана анықталатын кемшіліктерді зерттейтін еңбектер.

[10]    Сахауи, әл-иғлан бит-тәубих лимән зәмма әхлат-тарих, 66-б.

[11]    Ибн Абдулбәрр, әт-Тәмхид; 1/47.

[12]    Хаким, әл-Мәдхал иләс-Сахих, 111-б; Бажи, әт-Тағдил уәл-Жарх, 1/282; Әбу Нуайм, әл-Мүснәдул-мүстахраж, 1/53.

[13]    Ажлуни, Кәшфул-хафа, 1/173; Алиул-қари, әл-Маснуғ, 1/141.

[14]    Нәбхани, Жәмиу кәрәмәтил-әулиә, 2/158; әл-Фәтхул-кәбир, 1/7.

[15]    Миззи, Тәхзибул-кәмал, 24/443; Хатиб әл-Бағдади, Тариху Бағдат, 2/9; Зәхаби, Сияру аламин-нубәла, 12/402.

[16]    Ибн Хажар, әл-Қаулул-мүсәддәд физ-зәбби ан-Мүснәд-и Ахмед. 1-45-б.

[17]    Суюти, Тәдрибул-рауи, 1/278, 279; Зәһәби, Мизанул-итидәл, 1/131.

[18]    Суюти, әл-Ләалиул-мәснуа, 1/2; Тәдрибур-рауи, 1/278-79.

[19]    Әбул-Махасин әд-Димашқи, Зәйлу Тәзкиратул-хуффаз 1/348; Суюти, Табақатул-Хуффаз, 1/522.

[20]    Ажлуни, Кәшфул-хафа, 1/154, 472.



Оқи отырыңыз