Akikat.kz - рухани танымдық, ғылыми портал

http://akikat.kz

Басты бет > Иман негіздері > Пайғамбарлық міндет > Өткен дәуірлерге қатысты айтқан хабарлары да оның пайғамбарлығын дәлелдейді

Өткен дәуірлерге қатысты айтқан хабарлары да оның пайғамбарлығын дәлелдейді

2015-06-19 1796

1.   Тарих – ғылымның бір саласы. Бір қарағанда, бас қатыратын түгі жоқ, өте қарапайым болып көрінеді. Бірақ оған тереңірек үңілсек, оның өте күрделі ғылым саласы екенін байқаймыз. Өйткені, тарихқа лабораториялық тәжірибе жасай алмаймыз әрі тәжірибеге сүйенетін ғылым сияқты бірден нәтижесі белгілі бола бермейді. Өткен елеулі тарихи оқиғаларды және сол оқиғалардың қаһармандарын қайтадан сахнаға шығарып, кино-дағыдай тамашалай алмаймыз. Сондықтан тарих жайлы бар білгеніміз тарихи құжаттар мен кітаптарда берілген мәліметтер ғана. Сонымен бірге, тарихи тұлғаларды танып-білу тек оқиғалар мен куәгерлердің сөздеріне тәуелді болғандықтан, түпкі мақсаттары мен шынайы ниеттері құпия болып қалуда.


Кез келген бір театр сахнасын елестетелік. Сахнада әртістер, оған кіре берісте қоюшы режиссер, сценарист және олардың қарсы алдында көрермендер. Және осы қойылымның нағыз кейіпкерлері... Енді осы бірнеше перделі сахналық қойылымды тек қана көрермендердің өз аузынан тыңдасаңыз, өз көзіңізбен көргендей әсерге бөленіп, терең түсіне аласыз ба? Сонымен бірге, әр көрерменнің талғамы, айтып жеткізу, талқылау қабілеті әр түрлі ғой. Содан соң әртістердің ниет-пиғылын, қойылымды сахнаға қойғандардың мақсат-мұратын көрермен қаншалықты түсініп біле алады?


Қарапайым сахналық қойылымда жағдай осы болса, онда өте шым-шытырық байланыстар, ойға кіріп-шықпайтын тұзақтар, түймедейді түйедей етіп көрсететіндер бар жерде сахнадағы оқиғалардың шынайы бет-пердесін ашып көрсете алмаймыз. Көз алдымызда болып жатқан оқиғаларды түсінбей жатқанда, тарих қойнауында жатқан оқиғаларды қалайша болған күйінде жарыққа шығара аламыз?!


2.   Қолда бар тарихи құжаттардың сенімділігі дұрыс шешім шығаруға тікелей ықпал етеді. Алайда, көне тарих жайлы мандытып ештеңе айта алмаймыз. Себебі, тарих әбден бұрмаланған. Ұзаққа бармай-ақ, Тәурат пен Інжілдің бүгінгі жағдайына бір қарап көріңізші! Пәктігі мен ар-намысына періштелердің өзі қайран қалған абзал адамдар жайлы айтуға ауыз бармайтын масқаралықтарға толы. Иләһи үкімдер жазылған киелі кітаптар мұндай жағдайда болғанда, адамның қаламынан туған кітаптар сонда қандай күйде болады екен? Біз бұл кітаптардан өзімізге қажетті сенімді мәліметтерді қалай таба аламыз? Іздеп тапқанның өзінде оның дұрыс екенін қайдан білеміз?


Міне, осы және осы сияқты мәселелерге қарап, ескі-жаңа тарихи оқиғалар жайында нақты шешім қабылдау, дұрыс үкім беру өте қиын іс екеніне көзіміз жетеді.


Нақты үкім беретіндей қолымызда Бұхари, Мүслім және басқа хадис кітаптары сияқты сенімді мағлұмат көздеріне сүйенген тарихи еңбектер жоқ қой. Демек, қолда бар мағлұмат көздерін пайдаланып, тарихи шындықтарға көз жеткізудің мүмкін еместігі мәлім болып отыр.


3.   Ең сенімді тарихи мәлімет – ең турашыл адамның айтқан сөздері. Бұрынғы өткен барша адамдар, тіпті дұшпандарының өзі мойындаған ең турашыл жан – хазірет Мұхаммед (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм). Олай болса, ең сенімді ақпарат – соның айтқандары. Біздің бұл пікірімізді ешкім жоққа шығара алмайды. Тек мынаған назар аудару керек: Ол (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) ешбір тарихи еңбек немесе кітап оқымаған. Өйткені, оның хат танымағанын барлығы біледі. Сонымен бірге, сол дәуірде жүздеген христиан және яһуди ғалымдары оған Тәурат пен Інжілде айтылған мәселелер туралы сұрақтар қойып, әрқайсысына дұрыс әрі көңілге қонымды жауаптар алған. Тіпті, араларында тартыс тудырған мәселелерді тарқатып, оларға ең дұрыс мәліметтер берген.


Сондай-ақ ол ұлы Тұлға (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) өзіне қойылған сұрақтарға жауап беру үшін алдын-ала дайындық жасамаған. Осылай бола тұра, өзіне де-йінгі пайғамбарлардың өмірі мен үмбеттеріне қатысты қиссаларды олардың сөйлеу мәнеріне, жан дүниесіндегі сезімдеріне және психологиялық жағдайына дейін бүге-шігесіне тоқталып айтқан еді. Әсіресе, айтқандарын тарихи хикая, оқиға түрінде емес, Адам атадағы (аләй-һис-сәлам) негізгі адамгершілік түсінік ақырзаманға дейін өзгермейтіндіктен, пайғамбарлар мен олардың үмбеттері жайлы айтқандарын әлеуметтік, адамгершілік және тарихи қағида, заңдылық және ақырзаманға дейін өміршеңдігін сақтайтын ұлағатты сөздер ретінде ұсынған еді. Сонымен бірге, Оның сөздерінде терең мағына, теңдессіз шешендік, бұрын-соңды кездеспеген баяндау шеберлігі және өшпес сұлулық бар.


Он төрт ғасырдан бері жасалған ғылыми зерттеулер мен археологиялық қазбалар оның өткен үмбеттері жайлы айтқан тарихи сөздерін өтірікке шығарған емес. Тіпті, керісінше, күн өткен сайын жаңадан ашылған ғылыми жаңалықтар мен жетістіктер оны растауда.


Демек, өзінен ғасырлар бұрынғы оқиғаларды өзінен кейінгілерге өте турашыл және ғажайып тәсілмен жеткізген осы үмми тұлғаның (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) алдында тағы бір мәрте «Әннәкә Расулуллаһ» (Сен Аллаһтың елшісісің) деп тағзым етеміз.


4.   Жүздеген жылдар бойы әлем халықтары мойындап келген бір немесе бірнеше кітапқа «толықтырылған, өзгертілген, қателіктен аяқ алып жүргісіз» деп сын айту үшін нақты дәлелдер келтіру керек. Әйтпесе сыналғаның емес, сынағанның абыройы айрандай төгіледі. Сол үшін қалай болса, солай сын айтуға болмайды.


Сауаты болмаған Аллаһ Елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) өз заманындағы әрі болашақтағы ғалымдар мен ғылыми кеңестер алдында Тәурат пен Інжіл сияқты иләһи негіздерге сүйенген киелі кітаптарды сынап, дұрысын растап, бұрмаланған тұстарын түзеткен. Бұл оның пайғамбар екендігінің нақты дәлелі бола алады.


5.   Тарихшылар осы ғасырдың орта шеніне дейін Пайғамбарымызға (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) түскен Құран Кәрімдегі Ад, Сәмуд Ирам сияқты қауымдарды «мұндай қауымдар болмаған» деп жоққа шығарып келген-ді. Дегенмен Птолемей тарихы табылғанда, өздерінше Құранды өтірікке шығармақшы болған әлгі тарихшылардың аузына құм құйылды. Тәкаппарлыққа салынғандықтан олардың жүрегінен өшпес ақиқаттың орын таба алмағаны өкінішті-ақ!


"Иман аясында" кітабынан алынды



Оқи отырыңыз