Akikat.kz - рухани танымдық, ғылыми портал

http://akikat.kz

Басты бет > Иман негіздері > Пайғамбарлық міндет > «Мұғжизалары» оның пайғамбар әрі елші екеніне дәлел

«Мұғжизалары» оның пайғамбар әрі елші екеніне дәлел

2015-06-22 2178

1. Мұғжиза, керемет деген не?

Мұғжиза – пайғамбарлықты дәлелдеу, кәпірлердің қыңырлығын жұмсарту не мүміндердің иманын күшейту үшін Аллаһ жаратқан таңғажайып құбылыстар. Мұғжиза тек пайғамбарларда ғана болады. Ол елге үйреншікті болып кеткен ғаламдағы себептер мен заңдылықтардың Аллаһтың қалауымен ғажап күйде өзгеруі, бір сәтке қызметінің тоқтауы. Мұндай құбылысқа адамның еркі жүрмейді. Мұғжизаны лабораториялық тәжірибелермен не микроскоп, телескоп сияқты құралдармен зерттей алмаймыз әрі физика, химия, биология, астрономия сияқты ғылымдармен түсіндіре алмаймыз.


Мұғжизалар қарапайым құбылыстарға жатпайды, яғни бүкіл болмысты ғылымға негіздеген жаратылыстағы иләһи заңдылықтар түріне жатпайды. Күнделікті тіршіліктегі ішіп-жеу, жату-ұйықтау, бау-бақшада жұмыс істеу, минералдардан пайдаланып, жеміс-жидек өсіру сияқты себептер мен заңдылықтарға негізделген істер мұғжизаға жатпайды.


Біз бір тостақ тамаққа тоямыз, бір кесе су шөлімізді қандырады, жаурағанда отқа жылынамыз, ауырғанда дәрігерге барамыз немесе дәрі ішіп жазыламыз. Үй жануарларын шаруаға жегеміз, бірақ олармен сөйлеспейміз. Ағаштардың бір жерде тапжылмай өсіп тұрғанын көреміз, өлген адаммен сөйлеспейміз немесе тікелей байланысқа түспейміз. Тау-таспен сәлемдеспейміз немесе оларды көтеріп алып лақтыруға шамамыз жетпейді. Тартылыс заңын өзгерте алмаймыз, оны өзімізге бағындырып яки оған бағынбай қоя алмаймыз.


Міне, күнделікті өмірдегі осы сияқты заңдылықтар шеңберінде болып жатқан құбылыстарды «қарапайым құбылыстар» дейміз. Ал мұғжиза – қарапайым құбылыс емес, ол – адам күші мен табиғат заңдылықтарына бағынбайтын, үйреншікті нәрселерге мүлдем ұқсамайтын, адамның еркінен тыс болатын таңғажайып құбылыс.


Мұғжизадан басқа әулие кісілерде кездесетін Аллаһ тағала жаратқан таңғажайып құбылыстар да бар, олар «керемет» деп аталады. Негізінде, кереметтер мұғжизаларды растайды. Әулиелердің қас-қағым сәтте ұзақ қашықтықты жүріп өтуі (тайй-мекен), өте аз уақыттың ішінде көп уақытты қажет ететін істерді тындыруы (баст заман), адамның іштегі ойын оқи білуі, қабірдегі мәйіттерді көріп-білуі, әсіресе болашақ туралы пайғамбардікіне ұқсас хабар беруі – олардың әрбіреуі өз алдына кереметке жатады. Бұлардың бәрі – пайғамбарға, дінге және соның жолына жан-тәнімен берілудің жемісі, һәм нағыз пайғамбарлықты һәм Пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) пайғамбарлығы мен әкелген діннің ақиқатын, һәм көрсеткен мұғжизаларын айғақтайтын өз алдына бір төбе дәлелдер.


Жоғарыда тоқталып өткеніміздей, Мухиддин ибн Араби «Шәжәрәтун-Нұғмания» атты кітабында Османдықтардың тарих белесіне көтерілетінін, Сирия мен Мысырды бағындыратынын, Явуз Селим Сирияға кіргенде өз қабірінің белгілі болатынын, ІV Мұрадтың Бағдатты 41 күн ішінде басып алатынын, Сұлтан Абдулазиздің білек тамырлары қайшымен қырқылып, шейіт болатынын – бәрін Осман мемлекеті құрылмай тұрып бір ғасыр бұрын жазып кеткен. Битлистік Мүштак Деде Хижри жыл санауы бойынша 1341 жылы соғыстың күшімен Анкараның астана болатынын 71 жыл бұрын астарлы мағынамен аңғартып кеткен. Міне, осы айтылғандардың бәрі әулиелердің кереметіне бір-бір мысал бола алады.


Кез келген мүмін кісінің түсінде болашақты көруі не болатын оқиғаны алдын-ала сезуі сияқты оқиғалар да Аллаһ тағаланың адамдарға берген ерекше сыйы.


Пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) ең бірінші әрі ең үлкен мұғжизасы – Құран Кәрім.


Осы жерге дейін айтылған ақиқаттардың оның пайғамбарлығы мен адалдығын ап-анық етіп дәлелдегені секілді, Құран Кәрім де ең үлкен мұғжиза ретінде һәм оның пайғамбарлығын, һәм Аллаһ тағаланың кәламы екендігін анық дәлелдейді әрі өте сенімді түрде растайды. Бұл тақырып төменде тереңірек қарастырылады.


Пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) пайғамбарлығы бүкіл кезеңдерді, мекендерді, барша адамзатты, тіпті жындар сияқты басқа болмыстарды да қамтығандықтан, мұғжизалары да сан алуан түрде болған. Әрбір пайғамбар өз заманындағы көпшілікке танылған, кеңінен тараған мәселелерге қатысты мұғжизалар көрсеткен. Мысалы, Мұса (а.с.) заманында Мысырда сиқыр кең жайылған еді. Сондықтан ол сиқыршылар көрсеткен «өнердің» тамырына балта шапқан әрі барша сиқыршыларды тізе бүктірген «аса таяқ» мұғжизасын көрсеткен. Иса (а.с.) өмір сүрген заманда медицина жетік дамығандықтан, өлілерді қайта тірілту, адамдарды асқынған ауруларынан құлан – таза айықтыруы секілді мұғжизалар көрсеткен. Ал, Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) өмір сүрген уақытта, ақындық пен шешендік ең кемеліне келген кез болатын. (Бұл – ақыр заманның ең әсерлі де күшті қаруы «сөз сөйлеу өнері» болатынына ишара), сондықтан ол өзінің ең үлкен мұғжизасы – Құранмен келіп, бүкіл ақындар мен шешендердің аузына құм құйған. Сондай-ақ барша әлемдерге мейірім ретінде жіберілгендіктен[1], әр түрлі болмысқа қатысты мұғжизалар көрсеткен.


Мәселен, бір ұлы патша өзінің уәзірін немесе елшісін түрлі халықтар мен тайпалардан тұратын бір қалаға жіберсе, сол жерде болған әр халық, әр тайпа өз тобы атынан оны қол соғып қарсы алады, «Қош келдің!» – деп қошемет көрсетіп, алғыстарын білдіреді. Дәл сол секілді ғаламзаттың Ұлы Иесі әрі Жаратушысы Аллаһ тағала өзінің ең үлкен елшісі болған Пайғамбарымызды (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) бүкіл әлемге жіберген кезде оны адамзатқа басшы әрі қайта тірілтуші ретінде жібергені секілді, барша болмыс атаулыға мейірім етіп жіберген. Оның келуімен тау-тастар, ағаштар, жан-жануарлар, күн, ай, жұлдыздар және т.б. бүкіл құбылыстар – барлығы да мәнсіз жаратылған болмыс болудан құтылып, өздеріне тән қадір-қасиетке ие болды. Сондықтан да періштелер, жындар, адамдар, күн, ай, жұлдыздар, су, көкөністер, ағаштар, тау-тастар, жан-жануарлар – бәрі-бәрі өз тайпалары, түрлері атынан оған алғыстарын білдірген. Соның қолымен көрсетілетін мұғжизаларға бір-бір себеп болған. Осылайша Ғаламзат Мырзасының (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) адалдығы мен пайғамбарлығына оның маңызын ешкім жоққа шығармауы үшін бүкіл жаратылыс болып куәлік келтірді, оның пайғамбарлығын айтып барша ғаламға жар салды. Міне, осындай ғаламзат деңгейінде мұғжизалар көрсету ғаламзаттың Мырзасы – Пайғамбарлар Сұлтанына (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) ғана тән.


Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) саны мыңға жететін мұғжизалар көрсеткен, бірақ оның әр сөзі, әр жағдайы, әр қимылы таңғажайып мұғжизаға жатпайды. Аллаһ оны адам етіп жаратқан: өзіне, жанұясына және қоғамға қатысты бүкіл мәселелерде өз дәуірі мен өзінен кейінгі дәуірлердегі адамдарға имам етіп және олардың һәм бұ дүниеде, һәм о дүниеде бақытты ғұмыр сүруіне жол көрсететін ұстаз етіп жіберген. Егер оның әр ісі мұғжиза болғанда, онда имам, ұстаз әрі муршид бола алмас еді. Себебі, барлық адам бірдей деңгейде емес, адамдардың көпшілігі қарапайым кісілер.


Сондықтан Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) әрдайым себептер мен заңдылықтарды ескере отырып ғұмыр кешкен, ел скелді ішкен-жеген, үйленіп балалы-шағалы болған, жараланған, қайғы-қасірет тартқан, барлық жағынан тұрмыстың талаптарын, қыр-сырын көрсеткен және Аллаһ тағаланың бүкіл өнер туындысын, ұлық іс-әрекеттері мен ұлық есімдерінің шырайын дәріптеген. 


Пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) төмендегі мысалдарда берілген мұғжизаларының барлығы кез келген жерде, кез келген адам көре алатындай түрде іске аспаған әрі жалпыға ортақ емес. Егер солай болғанда, онда ақылдың мән-маңызы қалмас еді. Адамның еркі қолынан зорлықпен алынып, иман етуге мәжбүрленер еді. Соның нәтижесінде құлшылық міндеті мен сынақ сыры өз күшін жойған болар еді. Соның салдарынан жан дүниесі алмастай жарқыраған Әбу Бәкір (р.а.) мен пиғылы көмірдей қара Әбу Жаһил арасында айырмашылық қалмай бүкіл адамдар иман етер еді. Сондықтан да, мәселен, «Айдың екіге бөлінуі» секілді үлкен мұғжиза түннің бір уағында, аз уақыт ішінде, шағын топтың көз алдында болған. Осылайша тұтас адамдардың өз еркімен таңдау жасауына зияны тимеген әрі ақылмен ойлану үшін мүмкіндік берілген.


Мұғжизалардың көпшілігін жалған айтуды білмейтін өте сенімді жамағат жеткізген. Ал, кейбір мұғжизалар осындай көпшілік жамағат тарапынан жеткізілмесе де, басқа сахабалардың бұған қарсы шықпауы оларға да дәл сондай сенімділік ұялатады. Бір жерде көрсетілген қандай да бір мұғжизаның басқа жерлерде дәл өзі немесе ұқсасы көрсетілгендіктен, ешқандай мұғжизаны жоққа шығаруға болмайды.


Төменде берілген мұғжизалар – Ақиық Елшінің (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) адалдығы мен пайғамбарлығын айғақтайды. Негізінде, ешбір мұғжизасы болмаса да оның адалдығының өзі пайғамбарлығына ең үлкен дәлел болатын еді.


"Иман аясында" кітабынан алынды


[1]     Қараңыз: Әнбия сүресі, 21/107.

 



Оқи отырыңыз