Akikat.kz - рухани танымдық, ғылыми портал

http://akikat.kz

Басты бет > Иман негіздері > Пайғамбарлық міндет > Болашаққа қатысты айтқан хабарлары оның пайғамбарлығын дәлелдейді

Болашаққа қатысты айтқан хабарлары оның пайғамбарлығын дәлелдейді

2015-06-22 2245

1.   Болашақты болжамақ түгілі, өзі өмір сүрген кездегі оқиғаларды бүге-шігесіне дейін зерттеп білудің өзі адамға оңай шаруа емес. Ең мықты саясаттанушылар, әлеуметтанушылар мен данышпандардың ішінен қайсысы жарты ғасыр не бір ғасырдан кейінгі болатын оқиғалар жайлы нақты мәліметтер келтіре алады? Бар болғаны, себептері мен салдарын саралап, тарихи заңдылықтар мен тәжірибелерге сүйене отырып, біршама жорамал жасауы мүмкін.


2.   Құранда айтылғандай, ғайыпты Аллаһ тағаладан басқа ешкім білмейді. Аллаһ тағаланың білдіруімен тек пайғамбарлар мен ерекше қасиетке ие кей адамдар ғана біле алады[1]. Болашақта болатын оқиғалар жайлы тек Аллаһ тағала ғана нақты айтады.


Құран мен хадисте осы мәселеге қатысты көптеген мысалдар бар. Біз олардың бірнешеуіне тоқталып, қалғанын оқырмандарымыздың ізденуіне қалдырамыз:


А)  «Рұм» сүресінің алғашқы бес аятында Рұмдықтардың (Византиялықтардың) соғыста жеңілгені, бірақ тоғыз жыл ішінде қайтадан жеңіске жететіні және мүміндердің қуанатыны жайлы айтылған. Бұл жерде мына бірнеше мәселені ерекше айтып өткеніміз жөн:


1)   «Жеңіске жету» хабары өте қиын кезде, яғни өте ауыр жеңілістен кейін беріліп отыр.


2)   Бұлайша алдын-ала хабар беру аса қауіпті. Неге десеңіз, егер оқиға мүлдем басқа бағытта өрбісе, онда айтылған хабар адамдарға сенімсіздік ұялатады.


3)   Өзіміз өмір сүрген қазіргі уақытта берген уәдесін орындамаған адамның қандай жағдайға душар болатынын білеміз. Ал, пайғамбарлық пен Құранның ақиқатын дәлелдеуге кіріскен уақытта келешекте болатын қандай да бір оқиғаның дәл уақытын көрсете отырып хабар берудің маңыздылығы айтпасақ та түсінікті.


4)   Негізінде, «мүміндердің қуанатыны» жайлы хабар Бәдір соғысындағы жеңіске ишарат жасайды. Бәдір соғысы Хижреттен екі жыл кейін болды. Осынау сүйінші хабар берілген кезде, яғни хижреттен жеті жыл бұрын мүміндердің жақын арада жеңіске жететіндей жағдайы жоқ болатын. Әрине, бәйшешек шыққанда көктемнің келетінін айту оңай. Алайда, қар-мұз қатқан қақаған қыста көктемнің шығатынын айту – аса сақтықты қажет ететін мәселе.


Ә)  Бүкіл жағдаяттар мұсылмандарға шатқаяқтап тұрғандай көрінген кезеңде шарттары қарсы жақтың пайдасына шешілгендей әсер беріп сахабалардың сәл ренішін туғызған «Худәйбия» келісімнің соңын ала «Фәтх» сүресі түсіп, Мекке жеңісін сүйіншілеуі де оның (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) Аллаһ тағаланың қамқорында болғандығын көрсетеді. Мүмкіндік қалмаған кезде, осы сүреде мұсылмандардың сенімді түрде Мәсжид Харамға кіретіні әрі Исламның бүкіл діндерден үстем болатыны айтылған. 


Б)  Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) дұшпан қаптап, өзіне жау әскері қауіп төндірген мезетте, ажалмен бетпе-бет қала тұра: «Уаллаһу иағсимукә минән-нас» (Аллаһ сені адамдардан қорғайды)[2], – деп, өзін Аллаһ тағаланың қорғайтынын айтқан. Мүшріктер оны өлтірмекке жанталасып, ізімен бой тасалап, ол отырған үңгірдің аузына жеткенде қасындағы досына (хазірет Әбу Бәкірге): «Қайғырма, Аллаһ бізбен бірге»[3] деген. Көздері қанталаған дұшпандары өлтіргісі келіп қастандықтарын үдеткен сәттерде, қызын: «Қызым, мұңайма, Аллаһ әкеңді жалғыз тастамайды»[4], – деп жұбатқан. Сонда бұл сөздерді пайғамбардан басқа кім айтуы мүмкін?


В)  Өзінен шамамен 2500 жыл бұрын өмір сүрген Перғауынның денесі «кейінгілерге ғибрат болсын деп, теңізден шығарылып сақталатынын»[5] тек пайғамбар болған адам ғана айта алады. Тәуратта кездеспейтін бұл дерек 1881 жылы Корольдер мазары табылғанда, тура аятта айтылғандай болып шықты. Сөйтіп, теңіздің түбінен табылған Перғауынның шірімеген денесі сан ғасыр өткеннен кейін ғибрат үшін Англиядағы бір мұражайда көрмеге қойылды.


Г)  Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) өзінен кейін болатын көптеген оқиғаны бейне бір теледидар экранынан көріп тұрғандай, уақ-түйек белгілеріне дейін хабар берген әрі барлық айтқан хабары тура шыққан. Әрине, әзірге уақыты келе қоймағандары да бар. Біз тағы да бірнеше мысалмен ғана шектелеміз:


1)   Бұхаридің риуаятында Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) әлі Меккедегі кезінде Хаббаб ибн Әрәтке: «Аллаһ бұл дінді тәмамдайды. Дұшпандары жеңіліске ұшырап, дін ислам жеңіске жетеді. Тіпті бір әйел түйесіне мініп, Аллаһтан басқа ешкімнен қорықпастан Санадан Хадрамутқа дейінгі төрт күндік шөлді жүріп өтеді»[6], – деген. Бұл сүйінші хабар Рашид халифалар[7] кезінде-ақ жүзеге асты.

2)   «Менен кейін Әбу Бәкір мен Омар жүрген жолдан айырылмаңдар»[8], – деп, осы екі сахабадан бұрын көз жұматындығын білдірген әрі олардың халифа болатынына ишарат еткен.

3)   «Менен кейін 30 жыл халифат болады. Ал содан кейін патшалық жалғасады»[9], – деген әрі айтқаны дәлме-дәл шыққан.

4)   Тирмизидің риуаятында «Осман Құран оқып отырғанда өлтіріледі»[10], – деген әрі айтқаны рас шыққан. 

5)   «Хайбар[11] қорғанын Әли жеңіп алады»[12], – деген әрі айтқаны айна қатесіз келген.

6)   Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) қатты ауырып жатқан Сағд ибн Әбу Уаққастың көңілін сұрап барғанда, оған: «Әлі ұзақ өмір сүресің, көп адамға пайдаң тиеді, көп адамға зияның да тиеді»[13], – деген. Сағд (р.а.) Ирандықтарды жермен-жексен етіп, осы сөздің дұрыстығын растаған.

7)   Әбу Зәррдің (р.а.) жалғыз өмір сүріп, жалғыз өлетінін білдірген[14]

8)   Аммар ибн Ясирді бір залым жамағат өлтіретінін, оның ең соңғы татар дәмі сүт болатынын[15] алдын ала білдірген. 

9)   Сасанидтердің патшасы Кисраның білезігін Сурақаның қолға тағатынын айтқан[16].

10) Әһлул-бәйттен өзінен кейін бірінші болып Фатима (р.а.) қайтыс болатынын айтқан[17].

11) Үммү Харамның Кипр соғысына қатысатынын алдын ала айтқан. Айтқаны айнымай шыққан[18].


12) «Сендер Араб емес Хуз және Кирман өлкелерінің халқымен соғыспайынша, қиямет-қайым болмайды. Ол халықтың беті қызыл, танауы таңқы, көзі қысық, мұрны жалпайған қалқан сияқты, аяқ киімдері қылдан тоқылған»[19], – деп, моңғол шапқыншылығы жайлы айтып кеткен.


Иә, болашақта болатын оқиға мен сол оқиғадағы адамдардың бет-әлпетіне дейін тәптіштеп айтып беру тек пайғамбардың ғана қолынан келеді.


13) Бәдір соғысының алдында Құрайыштық мүшріктердің өлетін жерлерін мүбәрак қолымен бір-бірлеп нұсқап көрсеткен әрі көрсеткендері айнымай жүзеге асқан.[20]


14) Сақыф тайпасынан бір өтірікші мен қаныпезер залым адам шығады деген. Кейінірек Сақыф тайпасынан шыққан Мұхтарұс-Сақафи мен Хажжаж Залым осы хабарды айнытпай растаған[21].


15) Сондай-ақ Ыстамбұл, Мысыр, Иран, Үндістан, Йерусалим, Кипр сияқты жерлердің мұсылмандардың қол астына өтетінін де айтып кеткен.[22]


Болашақта болатын осы оқиғалар жайлы алдын-ала айтқан әрі барлық сөзі айнымай жүзеге асқан ұлы тұлғаның (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) Аллаһ тағала жіберген пайғамбар екеніне осылардан кейін де күдіктенуге бола ма? Және мыңдаған мысалмен болашақ туралы айтқан барлық сөзінің біртіндеп жүзеге асқаны болашақтағы мәңгілік ақыреттік өмірдің міндетті түрде болатынын анық дәлелдеп тұрған жоқ па?


3.   Адам баласы жаратылысынан кез келген істің нәтижесін көргенше асық болатындықтан өзіне берілген уәдеге көңілі толып тұрса да, ол егер алдағы ұзақ мерзімге айтылса, оған аса құлшына қоймайды. Ертеңгі жұмақтың мәңгілік рақатын көп елемей, дәл қазіргі қолындағы болмашы, өткінші нәрселерден ажырамай алданып қалып жатады. Міне, адамның осы табиғатына қарамастан, Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) жақын арада болатын нәрселерді емес, ақыретте болатын жұмақтағы мәңгілік өмірді уәде ете отырып, адамдардың жүрегінен жол таба білген. Тіпті оларды болашақтағы мәңгілік өмірге ынталандырғаны сонша – олар тұтастай ғұмырын сол ұлы мақсатқа арнаған. Бұ дүниелік қолма-қол олжаға жаны құмар адамды осындай болашақ өмір жайлы уәделермен әрі сүйіншілермен өмірге құлшындыру – тағы да пайғамбарға ғана тән қасиет болса керек.


Оның (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) болашақ жайлы уәделері мен сүйіншілеріне шын көңілімен сеніп, сол сеніммен өмір сүрген, мына пәни өмірдің қызығына алданбаған асқақ рухты азаматтар тек сахабамен ғана шектелмеген. Оның (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) ізімен жүріп, таратқан дініне жан-тәнімен берілген алғашқы мұсылмандар сияқты олардың соңынан ерген ізбасарлары да он төрт ғасыр бойы мәңгілік өмір үшін пәни дүниені тәрк ету арқылы оның шынайылығын мойындаған әрі болашақтағы ақыреттік өмірдің міндетті түрде болатынын, Пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) болашақ туралы айтқан әрбір сөзінің айнымай жүзеге асатынын өз істерімен дәлелдеген.


4. Тарихты жақсы түсінетін, тарихи оқиғалар мен тәжірибелерден сабақ ала білетін, өткенді таразылай алатын парасатты кісілердің арасында болашақты біршама болжай алатын қабілетке ие адамдар да бар. Алайда, бұл жорамалдар көбіне алғашқы белгілері айқын көріне бастағанда айтылып жатады. Мәселен, «ғайыптан» «шәһәдат әлеміне» енгендегі, айталық, ауа райы болжамы, жатырдағы баланың жынысын айту сияқты жорамалдар. Алайда Пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) алдын-ала айтып кеткендері – әлі ешбір белгісі көріне қоймаған, көрінбек түгілі, сол кездегі жағдайға салса, жүзеге асуы тіптен мүмкін емес істер деп айтуға болады. Осындай беймәлім болашақ жайлы алдын-ала еш бұлталақсыз нақты хабар беруін Құдайдың көмегімен болды деп қана түсіндіре аламыз.


5. Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) болашақ жайлы хабар бергенде, ешқашан «сірә, меніңше, осылай шығар деп ойлаймын, байқауымша, болжағаным, кім білсін, мүмкін, шамасы» деген сияқты күдік пен дүдәмалдыққа тартатын сөздерді қолданбаған. Керісінше, әрдайым «болады, көресіңдер, істейсіңдер» деп толық сеніммен айтқан.


6. Кез-келген адам өзінің саласына жатпайтын, іс барысында мүлдем кездестірмеген, тәжірибеден өткізбеген, бұрын-соңды көрмеген тақырыптар мен мәселелер бойынша болашақ жайлы алдын-ала тұжырымды мәлімдеме жасай алмайды. Пайғамбарымызға (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) келсек, пайғамбарлық міндет берілгенге дейін жауынгер немесе қолбасшылық атқармаған, соғысып көрмеген, соғысып жеңіске жетпеген, ешқандай ұйым, мемлекет құрмаған. Соған қарамастан ол (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) пайғамбар болғанда, барлық саланың нағыз майталман ұстазына айналды әрі әр саланың болашағына қатысты нақты мәлімдемелер жасап кеткен. Бұны тек пайғамбарлықпен ғана түсіндіруге болады.


7. Болашақ жайлы тек қана болжам жасалады, ал өткен уақыттағы оқиғалар ақыл-оймен емес, нақты деректер арқылы білінеді. Егер мұрағаттарда сақталған, қазба жұмыстарынан табылған тарихи құжаттар мен кітаптар болмаса немесе археологиялық зерттеу жұмыстары жүргізілмесе, онда ежелгі дәуірлердегі тарихи оқиғаларға қатысты нақты ештеңе айта алмаймыз.


Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм), біріншіден, мұндай құжаттарды пайдаланбаған, өйткені пайдаланатындай оның сауаты жоқ еді. Екіншіден, ол дәуірде ғылым мен технология бүгінгідей жетілмеген әрі қолында сенімді құжаттар да болмаған. Археологиялық қазба жұмыс деген ұғым тіпті атымен жоқ болатын. Бұл жағдайда оның (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) көне дәуірлер жайлы айтқан нақты мәліметтерін пайғамбарлықтан басқа немен түсіндіруге болады?


Қорыта айтқанда, үмми тұлғаның (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) көне дәуірлер мен болашақ туралы айтқан барлық сөзінің нағыз ақиқат екенін білгеннен кейін, оны пайғамбар ретінде мойындамаған не сүймеген адам мына екі пікірдің біреуін таңдауы керек:


а) Ол – бұрын-соңды адамзатта кездеспеген ойы терең, көзі қырағы, ақылы жан-жақты толысқан данышпан кісі. Оның данышпандығы өткен шақты да, болашақты да сыйдырған. Қасиеті соншалық, барлық кезеңдердің ерекшеліктерін бүге-шігесіне дейін жаңылмай, тамырын дөп басып айтып кетті. Шығысы бар, батысы бар, құрлығы бар, теңізі бар – оның назарынан ешқайсысы қалыс қалмады. Барлық болып өткен және алда болатын оқиғаларды ұсақ-түйегіне дейін көріп, оларды бір-бірімен шатастырмай жадына түйіп баяндап кетті. Бұл – адамның сипаттары емес, иләһи сипаттар. Олар тек Аллаһ тағалада ғана болады.


ә) Не болмаса оны (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) Аллаһ тағала жіберген. Жаратушының көмегімен мұғжизалар көрсеткен ол – бүкіл әлемдерге мейіріммен жіберілген Елші[23].


Ақиқаты осы бола тұра, оның (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) кіршіксіз пәк пайғамбарлығына жараспайтын «ақылы асқан данышпан ғой, шөлдегілердің  көзін ашқан біртуар кемеңгер ғой» деушілердікі оның пайғамбарлығын мойындағысы келмей, бір тұқыртып қалудан өзге ештеңе емес. Бұндайлар – жастардың санасын осындай таяз пікірлермен улап, жолдан адастырмақ болған бейшара ақымақтар. 


"Иман аясында" кітабынан алынды

[1]     Қараңыз: Жын сүресі, 72/26-27.

[2]     Мәида сүресі, 5/67.

[3]     Тәубә сүресі, 9/40.

[4]     Тәбари, әт-Тарих, 1/553-554.

[5]     Қараңыз: Юнус сүресі, 10/92.

[6]     Бұхари, Мәнәқиб 25; Икраһ 1.

[7]     Исламның Пайғамбарымыздан кейінгі мүбәрак төрт халифасы: Әбу Бәкір, Омар, Осман мен Әли (р.а.м).

[8]     Тирмизи, Мәнәқиб 16; Ибн Мәжә, Мұқаддима 11.

[9]     Тирмизи, Фитән 48; Ахмад ибн Ханбал, әл-Мүснәд, 5/220-221.

[10]    Тирмизи, Мәнәқиб 18. Сондай-ақ қараңыз: Ибн Мәжә, Мұқаддима 11; Ахмад ибн Ханбал, әл-Мүснәд, 6/75, 86, 114, 149; Хаким, Мүстәдрак, 3/110.

[11]    Хайбар – Мәдина қаласынан (Сирия тарапында) 150 км қашықтықта орналасқан. Онда үш түрлі тайпа тұрды: ән-Натах, әш-Шиққ, әл-Катиба (ауд.).

[12]    Бұхари, Фәдәилул-асхаб 9; Мүслім, Фәдәилус-сахаба 34.

[13]    Ахмад ибн Ханбал, әл-Мүснәд, 1/176.

[14]    Хаким, Мүстәдрак, 3/52; ибн Хишам, әс-Сиратун-нәуәуия, 5/204.

[15]    Бұхари, Жиһад 17; Мүслім, Фитән 70-73; Тирмизи, Мәнәқиб 34; Ахмад ибн Ханбал, әл-Мүснәд, 3/5; 6/315.

[16]    Ибн Хәжар, әл-Исәба, 3/41; Бәйхақи, әс-Сүнәнүл-күбра, 6/257

[17]    Мүслім, Фәдәилус-сахаба 98, 99; Бұхари, Мәнәқиб 25.

[18]    Бұхари, Жиһад 3, 8; Мүслім, Имәра 160-162.

[19]    Бұхари, Мәнәқиб 25.

[20]    Мүслім, Жәннат 76; Нәсаи, Жәнәиз 117.

[21]    Мүслім, Фәдәилус-сахаба 229; Тирмизи, Фитән 44; Мәнәқиб 73; Ахмад ибн Ханбал, әл-Мүснәд, 2/26.

[22]    Бұхари, Жиһад 3, 8; Мүслім, Имәра 160-162; Фитән 19, 38; Ахмад ибн Ханбал, әл-Мүснәд, 4/303, 335; Тәбәрани, әл-Мәжмаъүл-кәбир, 2/38; Хаким, Мүстәдрак, 4/468; Дәйлами, әл-Фирдаус бимәъсирүл-хитаб, 3/48; Нұғайм ибн Хаммад, әл-Фитән, 1/409.

[23]    Қараңыз: Әнбия сүресі, 21/107.



Оқи отырыңыз