Akikat.kz - рухани танымдық, ғылыми портал

http://akikat.kz

Басты бет > Иман негіздері > Аллаға иман > Табиғат, табиғат заңдылықтары мен себептер неліктен жаратылған?

Табиғат, табиғат заңдылықтары мен себептер неліктен жаратылған?

2015-06-19 3258

1. Заңдылықтар мен себептер – арадағы дәнекер: олар иләһи бұйрықтар мен нәтиже арасында күзетшідей ғана қызмет атқарады.

Аллаһ тағала материялық әлемді жаратқан кезде, бұл әлемнің ажырамас бөлігі болып саналатын – табиғат заңдылықтары мен себептерін де қоса жаратқан. Алғашқы жаратылысқа бұйырылған «Бол! (кун)»[1] әмірімен жоқтан бар болғандар да жоғарыдағы қағидаға бағынады. «Және оған барлық нәрседен бір себеп бердік»[2] аяты да осы шындықты дәлелдейді.


Алайда осы заңдылықтар мен себептердің барлығы Аллаһ тағаланың ұлылығын жасырып тұрған шы-мылдық қана, ал, негізінде, олардың арғы жағында бүкіл құбылысты басқарушы әрі барша болмыс атау-лыны себептерімен қоса жаратушы біреу бар: ол – Аллаһ тағала. Заңдылықтар мен себептер Оның шексіз ұлылығының шынайы әсері мен ықпалын паш ету қызметін атқарады. Ол Жаратушы Иенің ұлылығына пенденің сырттай баға беруінен қорғайтын шілтерлі перде іспеттес.


Тіпті адамдар арасында да басшылардың өздеріне тән абырой-беделі, лауазымы бар. Сондықтан олар жұмыстарын тікелей өзі емес, көбіне біреулер арқылы басқарып отырады. Әр бөлімдегі жұмысқа тікелей араласа бермейді, көп көрінбейді де. Лауазымына қарай жұмыстарды басқаларға орындатады. Мәселен, бір елдің мемлекет басшысы қалалық әкімшілік қызметкері сияқты қолына қағаз алып, көше-көшені араламайды, өйткені бұған оның лауазымы жол бермейді. Кез келген генерал бөлменің тазалығы, қару-жарақтың күтімі сияқты істерді қол астындағы әскерлерге жасатады, лауазымы жоғары болғандықтан оны өзі істемейді.


Салыстыруда қателік кетпесін, дегенмен барша болмыс атаулының Иесі – Аллаһ тағала да бүкіл әлемде болып жатқан барлық істерді заңдылықтар мен себептерді араға қоя отырып басқаруда. Өйткені Оның ұлылығы осыны қажет етеді. Бір ерекшелік: Аллаһ тағаланың өзінің ұлылығына перде еткен нәрселері болмыстың жаратылуына ықпалын тигізе алмайды.


Демек, заңдылықтар мен себептер үкіметтегі заң орындаушы мекемелердің жоғарыдан келген бұйрықтарды жүзеге асырғаны секілді қызмет атқарады. Ал түптеп келгенде, бүкіл істерді орындайтын әрі орындататын бір ғана күш ол – Аллаһ тағала.

  

2. Табиғат заңдылықтары мен себептер орынсыз арыз-шағымдарға әуелгі тосқауыл болу үшін жаратылған

Заттар мен құбылыстардың екі жағы бар: мүлк және мәләкүт[3]. Басқалай айтқанда, физикалық әрі метафизикалық, яғни дәл айна секілді. Оның бір беті мөлдір, жылтыр, таза, әдемі әрі ақаусыз; екінші беті қап-қара, кір, ұсқынсыз әрі ақауы бар. Дәл сол сияқты заттар мен құбылыстардың «мәләкүт» жағын білдіретін ішкі бетінде заңдылықтар мен себептер болмағандықтан, ол бетте кір, ақау не ұсқынсыздық жоқ. Мұнда әр нәрсе мөп-мөлдір, жып-жылтыр әрі тап-таза. Оған бір-екі мысал келтірер болсақ, тіршілік, нұр және мейірім-шапағат – үшеуін алуға болады. Ал «мүлк» жағы деген сыртқы бетінде Аллаһ тағаланың ұлылығына, кемелдігіне және сұлулығына керағар, көзге, құлаққа, мұрынға тіпті сана-сезімге ұнамайтын біршама жайттар. Міне, заңдылықтар мен себептер осындай жағдайларда перде, кейде тосқауыл болсын деп жаратылған. Аллаһ тағала жаратылысты осылай басқарады.


Сонымен қатар, жөн-жосықсыз әрі орынсыз арыз-шағымдардың тікелей Аллаһ тағалаға қарсы бағытталмауын қамтамасыз етудің сыры да заңдылықтар мен себептердің жаратылуын қажет етеді. Өйткені, ақыл-ойы таяз надан адамдар көбіне заттар мен құбылыстардағы нәзік те шексіз хикметтерді[4], нәтижеде туындайтын қаншама әсемдіктерді көре алмағандықтан, тікелей Аллаһ тағалаға шағымданып, ауыр сөздер айтады. Әйтсе де мұндай шағымдар – шағымға себеп болған мәселеден де қатерлі. Өкінішке қарай, көбіне мұндай наразылықтар одан да бетер бақытсыздыққа ұрындырады. Міне, Рахман әрі Рахим[5] Аллаһ тағала шексіз мейірімділіктің белгісі ретінде істерін себептер мен перделер арқылы көзден тасалап, пенделердің ең сорақы бақытсыздыққа ұрынбауын қалап әрі оларға орынды себеп-сылтаулар тарту еткен.


Сондықтан болар, бауырына басқан перзентінен айырылып, жер құшып қалған ананың ызасы мен наразылығы ауру не қайғылы қазамен бүркемеленіп, нәрестесінің өлімінен де бетер қасіреттен, яғни Жарат-қан Иеге тіл тигізуден аман қалады. Құлдарын шексіз мейірім-шапағатымен аялаған Аллаһ тағала қандай ұлық десеңші! Тіпті осы «Ұлы, ұлық» сөздерінің өзі Оның шын мәніндегі ұлылығын әсте ашып бере алмайды.


3. Табиғат заңдылықтары мен себептер Жаратқанның шексіз құдіретін көрсету үшін жаратылған

Шебердің ұсталығы жасаған туындысының құндылығына қарай өлшенеді. Ал Аллаһтың ұлылығын байқау үшін айналаға бір сәт көз жіберу жеткілікті. Сан түрлі дауысқа салып құстардың сайрауы, алуан түсті гүлдер, сан мыңдаған жәндік түрлері, көздің жауын алар ғажайып өнер туындылары... айта берсек таусылмайды. Міне, Аллаһ тағала табиғаттың тілімен олардың бәріне өзінің ұлық есімдері мен сипаттарын әуенге салдыруда әрі осы ұлық есімдері мен сипаттарының көріністерін себептер «көрмесіне» жайып салып, саналы тіршілік иелеріне тамашалатуда. Өзі де олардың таңданысын тамашалауда.


Басқалардан артық қасиеті бар кез келген жан онысын өзі де көргісі келеді, өзгеге де көрсеткісі келіп тұрады. Бұл өнер адамдарында да кездеседі. Олар өз өнер туындыларын көрмелер мен галереяларға қойып, көпшіліктің тамашалағанын, бағалағанын қалайды  (пенденікі қайдан мінсіз болсын). Мұндай көрмелердің көптігі сонша, күн сайын біреуі ашылып, біреуі жабылып жатады. Негізі адамдағы кемелдік пен әсемдік, шынайы Сұлулық пен Кемелдік егесі – Аллаһ тағаланы тануда өлшем бірлігі ретінде пендеге өте аз мөлшерде берілген. Бұған қоса, осындай өлшеу құралымен болса да, хас Сұлулық пен нағыз Кемелдік иесі – Аллаһ тағаланың өзінің сұлулығы мен кемелдігін көргісі әрі көрсеткісі келгендігін, сол үшін табиғатты тамсана тамашалайтын ғажап көрмеге айналдырғанын пайымдап түсінуге қашан да жол ашық. Әрине, егер адам баласы терең ойлана білсе, онда Оны шын мәнінде ұлықтап, пәктер еді. Аллаһ тағаланы ұлықтап, еске алу шынайы құлшылықтың не екенін ұғудан барып туады. Мұндай ғибадат – адамның, тіпті бүкіл болмыс атаулының жаратылыс мақсаты екені шындық. Міне, себептер баспалдағы бізді осы мақсатқа бастап, жаратылыс мәнін ұқтыру тұрғысынан аса маңызды дер едік.


4. Табиғат заңдылықтары мен себептердің кезеңділігі

Табиғат заңдылықтары мен себептерде біртіндеп даму ерекшелігі қалыптасқан. Бұл – иләһи шеберліктің ұлылығын дәлелдейтін ең сырлы дәлелдердің бірі. Өйткені әрбір дәрежеде, әрбір сатыда ұлық есімдерді бір-бірлеп алдымызға жайып салуы, тұтастықтағы теңдессіз шеберліктің оның әрбір бөлшегінде де сақталуы тек қана Аллаһ тағаланың шеберлігіне тән нәрсе, ол осындай Ұлы Шеберге ғана жарасатын ерекшелік. Дәл осындай ерекшелікті басқа ешбір өнер туындысынан көру не көрсету мүмкін емес.


5. Табиғат заңдылықтары мен себептер – біздің мына тылсым әлемде ғұмыр кешуіміздің қажеттілігі мен мақсаты

Ақырет – құдірет әлемі (дарул-құдірет), ал бұ дүние – хикмет әлемі. Яғни, о дүниеде құдірет-күш басым болса, бұ дүниеде тылсым сырлардың салмағы ауыр. Сондықтан о дүниеде заңдылықтар мен себептер өз үкімін жүргізе алмайды. Алайда бұ дүниеде тылсым сырлардың қажеттілігіне қарай заңдылықтар мен себептер іске қосылуда.


Аллаһ тағаланың Халиқ (жаратушы), Рәззақ (рызық беруші), Шәфи (шипа беруші), Муқаддир (барлық нәрсені белгілеуші), Мусаууир (бейнелеуші, түрге салушы)... секілді ұлық есімдерінің қатарынан Хаким[6] есімі де орын алады. Аллаһ осы қасиетті есімі арқылы хикметпен[7] жаратады; хикметпен заңдылықтар мен себептерді өзінің істеріне дәнекер етеді; хикмет пен себеп-нәтижені байланыстыра отырып, болмысты жоқтан бар етеді.


О дүниеде хикмет емес құдіреттілік үкім жүргізетіндіктен, Аллаһ тағала ол жақта шексіз құдіретін көрсетеді. Мына өткінші пәни дүниені барша заңдылық, себептерімен қоса тып-типыл етіп, жаңадан мүлдем өзгеше өлшемдер билік ететін әлем жасайды. Ол әлемде бұ дүниеге тән қаншама құндылық өлшемі бар болса, бәрі өшіріледі, болмыс басқаша пішінге еніп, құдірет шеберханасына жіберіледі.


Құдірет үкім жүргізетін ол мәңгілік өмірде жәннат жемісін жеу үшін жер жыртып, тұқым себудің қажеті жоқ. Жәннат киімі ешқандай ине-қайшы тимей-ақ тігілген күйде адамға кигізіледі. Ол жерде ескіру, әжім басу, қартаю және өлу деген ұғым болмайтындықтан, сол жағдайларға түрткі себептер де атымен болмайды. Бұ дүние – қызмет ететін орын, ал о дүние – жасалған қызметтің ақысы берілетін жер. Сондықтан ол жерде сауапты істердің рахатын көру үшін бұ дүниеде аянбай тер төгіп, еңбек ету керек әрі себептерді есепке ала отырып әрекет еткен жөн.  Алайда о дүниеде бұл себеп те басқа себептердің кебін киіп, көзден таса болады. Онда еңбек етуге деген қажеттілік те болмайды.


6. Табиғат заңдылықтары мен себептер сынақ үшін жаратылған

Заңдылықтар мен себептер шымылдық рөлін атқарады. Ғайыпқа[8] сенетіндер мен сенбейтіндерді бір-бірінен ажырату үшін көзіміз бен ғайып арасына түрілген перделер иманды жандардың имансыздардан ажыратылуын жеңілдетеді. Ғайыпқа сену – мүмін адамның ең айрықша белгісі. Бұл жерде мына мәселеге көңіл бөлген жөн:


Аллаһ тағала қаласа, заңдылықтар мен себептерді жаратпас еді. Тіпті Аллаһ қаласа, көзге көрінетін бір періштеге міндеттеп, бізге жердің тартылыс заңдылығы туралы сөз қозғатпас еді. Я болмаса нәрестенің дүниеге келуі үшін бізге бір қасиетті дұғаны үйретсе, біз сол дұғаны оқып-ақ нәрестені есіктің алдынан тауып алар едік. Егер Аллаһ тағала қаласа, аспандағы жұлдыздарды әріптің орнына пайдаланып, барша адамзат оқи алатындай етіп өз атын жазып, Өзін бізге танытар еді. Не болмаса Аллаһ тағала әр адаммен бетпе-бет сөйлесіп, әу бастан-ақ адамды осындай қабілеттермен жаратар еді. Осы айтылғандар мен әлі де айтылмай қалғандардың бәрінің де болуы мүмкін еді. Алайда мұндай жағдайда бұ дүниедегі негізгі мақсаттың ешбір қадір-қасиеті қалмас еді. Өйткені адамның жаратылудағы мақсаты – сынақ. Егер де жоғарыдағы айтқандарымыз болғанда, онда ақылдың да, құлшылықтың да ешқандай мәні болмас еді. Бұл дегеніңіз адамның өз еркіне жол бермей, қаласа да, қаламаса да, иман келтіруге мәжбүрлеу болып шығар еді. Егер шын мәнінде солай болғанда, онда алмастай жарқылдаған Әбу Бәкірлердің[9] қара ниетті Әбу Жәһилдерден[10] ешбір айырмашылығы болмас еді. Сынақтан мән қашқандықтан, құлшылығымен періштелерді де басып оза алатын адам баласының дәрежесі тұрақтылықпен шектеліп, оның жаратылыс мақсатының да мәні жойылар еді. Өйткені адам жаратылмай тұрып-ақ дәрежесі тұрақты періштелер бар болатын.


7. Табиғат заңдылықтары мен себептер сана-сезімнің жетілуі, ғылым мен мәдениет ошақтарының құрылуы үшін жаратылған

Адам баласы жаратылған күннен бері қоршаған ортаны зерттеп-зерделеп, жаратылысы беймәлім заттар мен құбылыстардың ақиқатына көз жеткізді... мәдениет пен технология да адамның осындай тынымсыз еңбегінің нәтижесінде қазіргі деңгейіне жетті. Алайда о бастан-ақ бүкіл болмыстың қыр-сыры белгілі болғанда,  адамның білуге деген құштарлығы мен әуесқойлығы жоғалып, оның бойында зерттеуге, ойлап табуға деген құлшыныс, талпыныс, ізденіс секілді жасампаздыққа бастайтын күш  болмас еді. Сөйтіп, адамдар дүниеге келген кездегі қалпымен ештеңеге қызықпай, мына пәни дүниеден кетуге асығар еді. Дүниеге көзін ашқан күннен бастап өлетін күнін күтуден басқа ісі жоқ бейшара адамның осындай аянышты жағдайы бәріміздің басымызға туар еді. Бәлкім, оның аты қазіргіден басқаша болар ма еді? Дегенмен ондай ұғым болмағандықтан, болмаған нәрсеге атау да бере алмаймыз...


8. Табиғат заңдылықтары мен себептер белгілі бір дағды қалыптастырып, өмірдің қызығын арттырады

Күнделікті өмірде қайталанып келе беретін дағдылы құбылыстар – біздің уайым-қайғысыз, жайлы өмір сүруіміздің басты дәнекері. Егер де осы көзге үйреншікті құбылыстар өмір бойы ауыса беретін болса, өмірдің қызығы да, тартымдылығы да қалмаған болар еді. Өйткені ертеңгі күніміздің қандай болатынын, қалай өтетінін білмесек, онда мақсатсыз, жоспарсыз ғұмыр кешер едік. Күн сайын таңсық құбылыстармен бетпе-бет қалып, аң-таң болып, не істерімізді білмей, әуре-сарсаңға түсіп, шыдам, сабыр таусылып, өмірден безіп кетер едік. Өмір бақи күйбең тіршіліктің ауыр тауқыметін тартып ғұмыр кешу кімге ұнасын?! Бір елестетіп көрелікші: адамның дүниеге келу сатылары ылғи өзгере берсе не болар еді?.. Бүгінгі күн мен ертеңгі күннің арасында жер мен көктей айырмашылық болса ше?.. Бұған өлімнің қалай болатынын қоссақ, онда бейшара адам ажалынан бес күн бұрын жынданып кететін шығар. Міне, мына пәни дүниеде себептер мен заңдылықтар шеңберінде тіршілік етпегенімізде, тепе-теңдік пен тәртіп секілді өмірімізге сән берген басқа да тұрақты қағидалар да көзден ғайып болып, өмірдің сәні де, мәні де қалмас еді.


Бойкүйездік пен үйреншікті дағдыдағы орта жол – әр нәрсені ақылға салып, ойланып өмір сүру, тым астамдыққа да, нұқсандыққа да ұрынбау. Иманды жан – бұл мәселеде де орта жолды таңдаған адам.


Иман аясынан кітабынан


[1]     Араб тіліндегі «кун» – «бол» деген мағынаны білдіреді. Аллаһ тағала ғаламды жаратарда «Бол!» деген бір-ақ бұйрық берген (ауд.).

 [2]     Кәһф сүресі, 18/84.

 [3]     «Мүлк» – «сырт», «мәләкүт» – «іш» деген мағынаны білдірді (ауд.).

 [4]     «Керемет, ғажайып, сыр»  деген мағына қолданылған (ауд.).

 [5]     Рахман мен Рахим – Аллаһтың екі ұлық есімі, шартты түрде «аса қамқор, ерекше мейірімді» деп аударуға болады (ауд.).

 [6]     «Хаким» есімі «бүкіл болмыс атаулының қыр-сырын білуші, барлық тылсым сырларды білуші» деген мағынаны білдіреді (ауд.).

 [7]     «Хикмет» сөзі бұл жерде «ешкім білмейтін құпия сыр» деген мағынада қолданылған (ауд.).

 [8]     «Ғайып» – көзге көрінбейтін әлем (ауд.).

 [9]     Хазірет Әбу Бәкір (р.а.) – ер адамдар арасында Ислам дініне бірінші болып иман келтірген әрі барлық уақытта: соғыстарда, қиындықта, сапарда, тауқыметте – Пайғамбарымыздың (саллаллаһу әләйһи уә сәлләм) қасынан табылған ұлы сахабаның есімі.

 [10]    Әбу Жәһил («надандықтың әкесі» деген мағынаны білдіреді) – Пайғамбарымыз (саллаллаһу әләйһи уә сәлләм) заманында мұғжизалар мен көптеген дәлелдерді және Пайғамбарымызды (саллаллаһу әләйһи уә сәлләм) көрсе де, иман келтірмеген Ислам дінінің қас дұшпаны, пұтқа табынған дінсіз жан болған. 



Оқи отырыңыз