Akikat.kz - рухани танымдық, ғылыми портал

http://akikat.kz

Басты бет > Мақалалар > Ақида және ғибадат > Имам Матуриди көзқарасында жәннат пен тозақ

Имам Матуриди көзқарасында жәннат пен тозақ

2015-06-19 2918

Имам Матуриди көзқарасы бойынша, жәннат пен тозақтың және ол екеуіне кіргендердің (мұсылман, кәпір) мәңгілік  қалатындығын айтса, Жәһмия ағымы жәннат пен тозақ та және ол екеуіне кіргендер де белгілі бір уақыттан кейін жоғалады деп сенеді [1, 117 б.]


Жәһмия ағымы: «Жәннат пен тозақ мәңгі, соңы жоқ дейтін болсақ, жаратылған жәннат пен тозақты Жаратушы Аллаға ұқсатамыз. Әрі бітетін соңы болмаған жәннат пен тозақты Алла тағаланың ілімі қалай игермек?! Демек, жәннат пен тозақтың аяқталатын соңы бар» дейді.


Имам Матуриди Жәһмия ағымының бұл көзқарасы қасиетті Құранда: «Олар онда мәңгі қалады» (Бақара сүресі, 25-аят) деген  аятқа қайшы екенін айта келіп, ақыл (логика) тұрғысынан Алла тағаланың әуелден бар болуы мен мәңгі тірі қалуы оның Жаратушылық затына тән қасиет. Ал жәннат пен тозақ жаратылған соң мәңгі болуы Алла тағаланың қалауымен болған іс деп тойтарыс береді. Немесе Жаратушының мәңгі тірі болуы мен жәннат пен тозақтың мәңгі жалғасуында ешқандай ұқсастық жоқтығын айтады [2, 63 б.]


Демек, Жәһмия ағымы бір жаратылыстың мәңгі болуын Алла тағала дәрежесіне көтеру, ұқсату деп бір жақты түсінсе, имам Матуриди жәннат пен тозақтың мәңгі бар болуы Құранда білдірілгенін айтумен қатар шексіз құдірет иесі Алла тағала қалағанын мәңгі қалдырады, қалағанын белгілі уақыттан кейін жоқ ететіндігімен түсіндіреді.


Имам Матуриди Жәһмия ағымы алға тартқан «Бітетін соңы жоқ жәннат пен тозақты Алла тағаланың ілімі қалай игермек?! Демек, жәннат пен тозақтың аяқталатын соңы бар» деген пікірге Алла тағаланың ілім сипатын мойындамау деп баға береді. Өйткені, Алла тағаланың ілімі шектеулі немесе шегі болмаған барлық нәрсені білуге жеткілікті. Жәннат пен тозақтың мәңгілік жалғасын табуы Алла тағаланың ілім сипатына көлеңке түсіре алмайды деп түсіндіреді [2, 388 б.]


Имам Матуриди Жәһмия ағымының көзқарасы дұрыс еместігін нақли (Құран, сүннет) және ақыли дәлелдермен жауап берген соң жәннат пен тозақтың мәңгілік екеніне қосымша мынандай дәлелдерді де келтіреді.


·        Жәннатта кемшілік, қайғы-қасірет жоқ. Егер ақыреттің қызығы да белгілі бір кезеңнен кейін таусылып қалса, адам баласы дүние қызығына тоймай қалғаны сияқты жәннат нығметтерінің таусылғанына мұңаяр еді. Міне, бұл кемшілікке жатады. Сол себепті, Алла тағала жәннатты мәңгілік бейбіт өмір деген мағынаны білдіретін «Дәрү-құдус, Дәру-сәлам» деп атаған [2, 64 б.]


·        Тозақ азабы да жан төзгісіз қатты болумен қатар мәңгілік. Одан құтылу мүмкіндігі жоқ. Бұл дүниеде жаза жеңіл немесе жазадан белгілі бір уақыттан кейін босатылу үміті бар. Сол себепті, мәңгілік ақырет өміріне кімнің қандай дайындық жасап, қалай жол сапарына шыққаны маңызды екенін айтады [2, 108 б.]         


Адам баласының тәбиғатына ләззатқа толы мәң­гі­лік­ті аң­сау сезімі берілген. Аса жомарт Жаббар иеміз мәңгілік жәннат пен тозақты жаратпағанда, адам баласына мәңгілікке құштарлық сезімін де бермес еді. Мейірімі шексіз Ұлы Раббымыз мәңгілікке ұмтылған асқақ арманы бойын кернеген құлының тілегін ескерусіз қалдыруы мүмкін бе? Адамзатты бұл дүниеде сансыз нығметтеріне бөлеп, сосын оны мәңгі жоқ етуі де қисынды ма? Әрине, жоқ.


Демек, өтпелі бұл өмірдің өзі мәңгілік өмірдің өткелі ретінде жаратылған. Қасиетті Құранда: «Дүние тіршілігі егістік алаңы ғана. Ақырет тұрағы шынайы тіршілік (тұрағы) болмақ. Әттең! Олар (мұны) білсе ғой!» (Мүмин сүресі, 39-аят) делінген. Имам Матуриди осы аятқа түсініктеме беру барысында бұл өмірдің қысқа екенін әрі аяттағы «мәтағ» сөзіне күнәкар немесе сауап жинаушы адамның ажал келгенге дейінгі пайдаланатын керегі деген мағына береді. Ал ақыретте ізгі жандар жұмақта мәңгі тұрақтаса, иман етпегендер де тамұқта мәңгі қалатыны білдірілгенін айтады [2, 56 б.]   


Абдусамад Оқан

 


Пайдаланылған әдебиеттер:

 

1. Тәфтазани, Шархул ақайдин Нәсафия; Мұхаммед ән-Нәуихи, әл-Уасит фи ақаидил имамил Матуруди, Йордания, Дарун-Нур, 2013. – 336 Б.   

2. Бәкір Топалұғлы, Тәуилатул Құран ли Әбу Мансур әл-Матуриди. І-ХІІІ т.



Оқи отырыңыз