Akikat.kz - рухани танымдық, ғылыми портал

http://akikat.kz

Басты бет > Мақалалар > Ақида және ғибадат > Намаздағы тадили-аркан

Намаздағы тадили-аркан

2015-06-18 4531

Әбу Хұрайра (р.а.) Пайғамбар дәуіріндегі бір оқиғаны былай баяндайды: «Расулалла (с.а.у.) мешітке кірген еді. Осы кезде қырдан келген бір кісі намаз оқыды. Артынша келіп сәлем берді. Расулалла (с.а.у.) оған «Бар да намазыңды қайта оқы, өйткені оқыған намазың толық болмады» деді. Ол барып әуелгі оқығаны секілді намаз оқыды. Расулалла (с.а.у.) тағы да «Бар да, намазыңды қайта оқы» деді. Расулалла намазын қайта оқуды үшінші рет айтқанда, әлгі кісі: «Сені ақиқат дінмен жолдаған Аллаға ант етейін, осы оқығанымнан басқа ешқандай оқуды білмеймін. Уа, расулалла, болмаса дұрысын өзің үйретші?» – деді. Сонда Расулалла (с.а.у.) былай деді: «Намазға тұрған кезде әуелі тәкбір ал. Құраннан өзің жақсы білетініңді (сүре немесе аят) оқы. Рукуға еңкейгенде дене мүшелерің толық орныққанша күт. Рукудан басыңды көтергенде, денең толық түзелгенше тұр. Кейін сәждеге бас қой және дене мүшелерің орныққанша асықпа. Сәждеден басыңды көтерген кезде мүшелерің толық орныққанға дейін отыр. Кейін қайта сәждеге бас қой және денең толық орныққанша асықпай, сонсоң түрегел. Намаздың бүкіл рәкаттарын осылай жалғастыр» (Бұхари, Азан 95; Мүслим, Салат 45).

Осы риуаяттан байқалғандай, Расулалла (с.а.у.) намазын асығып оқыған кісіге ескерту жасап, оған намазды мұқият қайта оқуын бұйырған. Мұқият оқымайтынын көріп, намазды тепе-теңдігін сақтап қалай оқу керектігін үйреткен. Неге десеңіз, намаз қабыл болуы үшін керекті шарттардың бірі «тадили аркан» болып табылады. Мақалада осы «тадили аркан» ұғымының мәні, үкімі мен басқа да ерекшеліктері түсіндіріледі.


 

Тадили аркан деген не?

«Тадил» тұрғызу, түзету, дұрыстау деген мағынаны білдіреді. «Аркан» сөзі  рүкіннің көпше түрі ретінде қиям, руку және сәжде секілді намаздың негіздерін білдіреді. «Тадилул аркан» болса намаздың ішіндегі қиям, руку, сәжде секілді рүкіндердің орын-орнымен, тиісінше әрі тыныштықта орындалуы. Басқаша айтқанда, тадили аркан намаздағы рүкүндердің тыныштықта орындалуы әрі дене мүшелерінде жайлылық (итминан) сезілгенге дейін жалғасуы. Тадили аркан жайында итидал (орташа қимыл), итминан (көңілдің жайлануы) және  тұманина (қанағат табу) секілді ұғымдар да қолданылады.


Тадили арканның орындалуында қиям, руку, сәжде және отырыс сияқты әрекеттерде  бір сәт қимылсыз тұру шарт. Қиямнан рукуға еңкейгенде, бір сәт қимылсыз күту керек. Рукудан тұрғанда тік түзелген кейіпте бір сәт тұру қажет. Сәждеде және екі сәжде арасындағы отырыста да тыныштықта бір сәт қимылсыз болу керек.


 

Тадили арканның үкімі

Құран кәрімде елуден астам аятта, намаз (салаәт) «иқама» етістігінің түрленген формаларымен бірге айтылған. Бұған қоса, көптеген аятта «Намазды иқама етіңдер!» деп бұйырылған. «Иқама ету» болса намазды өте бір дұрыстап орындау,  мұқият түрде кәміл атқару деген сөз. Намазды дұрыстап оқу (иқама) мәселесінде Құранның әмірлері мен баса назар аудартуларынан бөлек, жоғарыда өткен хадис шәріп секілді көптеген риуаяттардан үкім шығарған ғалымдар тадили арканды уәжіпке не парызға жатқызған. Өйткені Пайғамбарымыз (с.а.у.) намазды әдісі мен әдебіне сай оқымаған кісіге қайтадан оқу керектігін ескерткен.


Ханафи мәзһабы бойынша тадили аркан – уәжіп. ­Өйткені Имам Әбу Ханифа мен имам Мұхаммед уәжіп екендігіне үкім берген. Ал имам Әбу Юсуф болса «тадили арканның» уәжіптен гөрі парыз екендігін алға тартқан. Шафиғи, Малики және Ханбали мәзһабында тадили аркан – парыз. Олар тадили арканды намаздың бір рүкіні немесе рүкіннің бір шарты деп есептейді. Ханафиларда тадили аркан ұмытумен не қателесіп (сәхуән) ескерілмеген болса, намаздың соңында сәһу сәждесін жасау қажет. Егер сәһу сәждесі жасалмаса, намазды қайта оқу керек. Ал тадили арканға әдейі көңіл бөлмеген болса, намазды қайта оқу керектігі туындайды. Шафиғи, Малики және Ханбали мәзһабы бойынша, тадили арканға көңіл бөлінбесе, намаз жарамсыз саналып, тадили арканмен қайта оқылады.


 

Тадили арканның өлшемі

Намаздың рүкіндерінде және рүкіндер арасында, жоқ дегенде, «субханалла» дейтіндей мөлшерде  тұру – уәжіп.  Осы себепті тадили арканның ең төменгі өлшемі субханалла дейтіндей мөлшерде дене мүшелерінің қимылсыз тұруы. Бұл мөлшер уақыт жағынан бірнеше секунд деген сөз. Намазда әсіресе рукудан тұрған кезде және екі сәжде арасында бір сәт қимылсыз тұруға аса мұқият болу керек. Бұның мөлшері ең аз дегенде бір рет субханалла дейтіндей уақыт. Өйткені осы екі рүкін көбіне тез орындалып, тадилге көңіл бөлінбестен жылдам өте шығуда. Осы себепті намаз кемшілікті не бұрыс орындалуда. Әсіресе қазіргі уақытта тадили арканды сақтамау көп кездесетіндіктен, оған аса көңіл бөлу қажет. Неге десеңіз, кейбіреулердің намазға тұра сала рукуға еңкеюі, рукуды толық атқармастан сәждеге бас қоюы, екі сәжде арасында толық отырмай екінші сәждеге баруы тым шапшаң болуда. Анығында қиям, қирағат, руку, сәжде, отырыс және осылардың арасындағы рүкіндерде тадили арканды сақтау шарт. Кері жағдайда намаз өзінің әдісі мен әдебіне сай болмайды. Өйткені Пайғамбарымыз (саллаллаһу алайһи уә сәлләм) тауықтың тез-тез шоқып жем жегені секілді намаз оқуға тыйым салған (Мүснад, 2/265). Бұған қоса, мынандай ескерту де жасаған: «Руку мен сәжделерді толықтырыңдар!» (Бұхари, Әйман, 3), «Руку мен сәжделеріңді әдемілеп жасаңдар!» (Мүснад, 2/234), «Сендерден біріңнің руку, сәжделерден тұрғанда, белін толық түзелтпейінше намазы жеткіліксіз болады» (Әбу Дәуіт, Салат 143). Осы себепті оқылған намаздар босқа кетпеуі үшін рүкіндердің тадил (орташа, баяу) және тыныштықта (сукунет) орындалуы қажет.


М. Фетхуллаһ Гүлен өзінің уағыздары мен сұқбаттарында намаз туралы жиі ой қозғап, намазды әдісі мен рүкіндеріне сай дұрыс орындау (иқама) қажеттігіне мұқият тоқталады. Бір сұқбатында төрт рәкаттық намазды ең аз дегенде төрт минутта оқу керектігін, егер бұдан да тез оқылса, тадили арканға нұқсан келуі мүмкін деген алаңдаушылық білдіреді. Енді бір жағынан асығыс оқылған намазбен ұзаққа бару мүмкін еместігін, хушу*  және худу* намаздың «ішкі тадили арканы» екендігін ескертіп былай дейді: «Адамның Жаратушымен байланысындағы негізгі нәрсе: мағына, өзек, рух. Бірақ олар сөздер, пішіндер, формалар арқылы жетеді. Осы себепті міндетті түрде сол сөздер мен формаларға мән беру керек... Біз әлдекімнің тек намазына қарап, оның намазда хушуға  көңіл бөліп-бөлмейтінін анықтай алмаймыз. Бұл өзі адамның ар-ожданы мен Алла арасындағы жағдай. Сондықтан біз өзімізді тек жақсы ойлауға (хусну зан) күштейміз. Бірақ кейбіреулер намазы мен оразасына тым салғырт қарап, көшеде ар-ұятына мән бермейтіні соншалық, адам қанша жерден ол туралы жақсы ойлағысы келсе де өзі көрген қылықтарды мұсылмандыққа сыйғыза алмай әлек болады. Мысалы, біреу тәкбір алып сен Фатиханың жартысына келместен рукуға еңкейді. Бұл жерде өзіңді қанша қинасаң да оның намаз оқығанын айту қиын. Мысалы, рукуда барыңды салып, сөздерін де мейліншге дұрыстап айтып, кейбір фиһқ ғалымдарының көзқарасы бойынша бір рет «Субхана раббиал азим» деп айту шарт. Бірақ тез айтылса оның мағынасы жоғалады. Кейбір фиһқ ғалымдарының көзқарасы бойынша үш рет айту керек. Сол үшін рукуда және сәждеде ең аз дегенде үш рет асықпай-аптықпай, сөздерін дұрыс шығарып осы тәсбіхті айту керек. Егер аз айтатын болсақ, өзгелерді өзіміз туралы жақсы ойлауға күштеген боламыз. Онда кейбір формалар біз сол арқылы білдірмек болған мән-мағына мен мазмұнды жеткізбейді. Ондай жағдайда біз жайлы жақсы ойлағандар бекер әуреленген болып шығады. Көп адамдардың асығыс, шала-пұла оқыған Фатихасы Құранға жатпайды. Өйткені Құран олай түспеген. Бұндай асығыс оқылған Фатихамен атқарылған намаз намазға жатпайды. Ішке дем тартып, сол дем бітпестен сүрені де бітіруге тырысумен, тынысы тарылғанда жанұшырып демігумен оқылған құранда қырағаттың парызы орындалмайды. Сөздер мағынаның формасы, бірақ форма мағынаға сәйкес болуы керек» (Fethullah Gülen, Kırık Testi, s. 57-58)

 

Намазда шынайылық және Пайғамбарымыздың намазы

Намаз уақыттарын қадағалау, хушумен оқу, кәміл мағынада дұрыстап өтеу жөнінде көптеген аяттар бар. Бұл аяттарда мейлі пайғамбарымызға, мейлі бұрынғы пайғамбарлар мен мүміндерге қарата намазды тиісінше атқару, хушумен орындау бұйырылған. Осы тақырып бойынша бірнеше аятты келтіре кетейік: «Күндіздің екі (бесін және екінті) уақытында, сондай-ақ, түннің күндізге таяу (таңсәрі, ақшам және құптан) уақыттарында намаз оқы. Шынында, жақсылықтар жамандықтарды (яғни, кішігірім күнәларды) жояды. Бұл ойланып, ғибрат алатындар үшін айтылған бір насихат» (Худ сүресі, 114), «Намазды кемеліне жеткізіп, үзбей әрі уақытылы оқыңдар және зекетті толық беріңдер. (Алланың разылығына бөлену мақсатында) дүниеде өздерің үшін қандай да бір жақсылық жасап, (ақиретке) жолдасаңдар, сол Алланың алдына барғанда міндетті түрде алдарыңнан шығады. Шүбәсіз, Алла сендердің не істеп, не қойып жүргендеріңнің бәрін көруде» (Бахара сүресі, 110),  «Мүміндер сөзсіз (азап атаулыдан құтылып) мақсат-мұратына, нағыз жетістікке жетті. Олар – намазда (құдіреті күшті Аллаға) шын бейілімен мойынсұнып, барынша кішіпейілділік танытатындар» (Мүминун сүресі, 1-2), «Расында, Алланың кітабын лайықты түрде оқитын, намазды да кемеліне жеткізіп, үзбей әрі уақытында оқитын сондай-ақ, өздеріне ризық-несібе ретінде берген нығметтеріміздің бір парасын ізгілік жолында жасырын әрі жария түрде жұмсайтындар, әсте, зиянға ұшырамайтын берекелі саудаға үміт арта алады» (Фатр сүресі,  29).


Алланың бүкіл бұйрықтары мен тыйымдарына жоғары дәрежеде көңіл бөлген пайғамбарымыз (с.а.у.) намазды мұқият орындауға да жіті мән беретін. Қиямынан қырағатына, рукуынан сәждесіне, екі сәжде арасындағы отырыстан тәшаһудке дейін бүкіл рүкіндерде намазды астамдық пен нұқсандыққа берілмей тыныштықта орындайтын. Сонымен қатар пайғамбарымыз «Менің қалай намаз оқығаныма қарап, сендер де солай оқыңдар» (Бұхари, Азан 18) деу арқылы сахабаларға және үмбетіне намазды қалай оқу керектігін өзі үйреткен ұстаз жолбасшы еді.


Сахабалар пайғамбарымыздың намазын былай баяндайды: «Расулалла (с.а.у.) қиямда салмағын екі аяғына беріп тіп-тік тұратын. Рукуда басын жоғары да емес, төмен де емес, екеуінің ортасында ұстайтын. Рукудан тұрғанда толық түзелмейінше сәждеге бармайтын. Басын сәждеден көтерген кезде толық дұрыстап отырмайынша, екінші сәждеге бармайтын» (Бұхари, Азан 122) «Алла елшісі (с.а.у.) намаз оқығанда руку мен сәжделерінде үш реттен «субханаллаһи уа би хамдихи» дейтіндей тұратын (Әбу Дәуіт, Салат 154). «Расулалла (с.а.у.) намазда «самиаллаһу лиман хамидаһ» деп басын рукудан көтергеннен кейін, сәждені ұмытып кетті дейтіндей дәрежеде көп тұратын. Содан кейін сәждеге баратын. Басын сәждеден көтерген кезде, екінші сәждені ұмытты дейтіндей дәрежеде екі сәжде ортасында көп отыратын  (Бұхари, Азан 127; Мүслим, Салат 196).


«Расулалланың (с.а.у.) қиямы, рукуы, рукудан кейін түрегеп тұрған қалпы күтуі, сәждесі, екі сәжде ортасындағы отырысы және әттахияттағы отырысы – бәрі бір-біріне тең дейтіндей дәрежеде ұзақ еді» (Мүслим, Салат 193).  «Расулалла (с.а.у.) таң намазында алпыстан жүз аятқа дейін оқитын» (Мүслим, Салат 172). «Расулалла (с.а.у.) бесін намазының алғашқы рәкатында отыз аят, екінші рәкатта он бес аят мөлшерінде қырағат оқитын» (Мүслим, Салат, 157). Екінді намазының алғашқы рәкатында он бес аят, екінші рәкатында соның жартысын оқитын» (Мүслим, Салат 157). «Бесін намазын бастаған уақытта бізден біреу Бақи алаңына (бұл жер қазіргі уақытта мешіттің жанындағы мазараттар орны) баратын әрі сол жерде дәретін жаңартып мешітке оралғанда, намаздың алғашқы рәкатының ұзақтығы себепті Расулалланың (с.а.у.) бірінші рәкатына үлгеретін» (Мүслим, Салат 161).


 

Тадили арканға нұқсан келтіріп асығып намаз оқудың зияны

Намазды асығыс оқу: қиям, қырағат, руку, сәжде және отырыс сияқты рүкіндердің кем орындалуына, басқаша айтқанда, тадили арканның нұқсандығына себеп болуда. Бұндай намаз, әдісіне сай атқарылмағандығы үшін тадили арканмен қайта оқылуы керек.


Алланың бұйрығын орындау әрі разылығына қол жеткізу мақсатында оқылған намаз, тәртібіне және рүкіндеріне сай орындалмаған кезде нәтижесіз әрі бос әурешілікке айналады. Оның үстіне иесіне қарыз болып жазылады. Бір хадисте бұл туралы былай делінген: «Хушумен оқылмаған, руку, сәждесі толық орындалмаған намаз (ақыретте) қап-қара түнек күйінде көрініс беріп, иесіне «Мені құртқаныңдай сені де Алла құртсын!» дейді. Алланың қалаған уақыты келген кезде осылай оқылған намаздар ескірген киімдей бүктетіліп иесінің бетіне лақтырылады» (Табарани, әл-Мұғжамул-аусат, VII, 183). Асығыстықпен тез оқылған намаз тек шайтанды ғана қуантады. «Таанни (мұқият әрі тыныштықта әрекет ету) Рахманнан, асығыстық шайтаннан» (Тирмизи, Бирр 66) деген хадис осы шындықты қуаттауда. Неге десеңіз, шайтан өзі сәжде етуден бас тартқанындай адамдардың да сәждеге бармағанын, намаз оқымағанын қалайды. Бар күшімен намаз оқитын адамдармен арпалысып, ғибадаттарына кедергі келтіруге тырысады. Егер оған күші жетпесе, онда намаздағы хушу, жан тыныштығы, тәртібі мен рүкіндеріне кесір тигізуге әрекеттенеді. Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) бір хадисінде осы мәселеге байланысты былай дейді: «Азан мен қамат айтылған кезде шайтан оны естімейтіндей ұзақ жерге желпілдеп қашады. Кейін қайтып келіп намаз оқыған адам мен жүрегінің арасына кіреді. Оған «Мынаны есіңе түсір, ананы ойла» деп, бұрын ойына келмеген нәрселермен азғырады. Осыған алданған адам тіпті қанша рәкат оқығанын (және не оқығанын) білмейтін жағдайға келеді» (Бұхари, Сәһу 6; Мүслим, Салат 19). Асығыс оқылған намаздың рүкіндерінде кемшілік кетеді. Бұдан да сорақысы, намаздан ұрлау, яғни намаз ұрысы болудың орын алуы. Өйткені Расулалла (с.а.у.) «Ұрлықтың ең ауыры – намазды ұрлау» деген. Сахабалар «Уа, расулалла, адам намазды қалай ұрлайды?» деп сұраған кезде, «Рукуы мен сәждесін толық орындамаумен» деген жауап естіген (Муатта, Касрус салат 72). Басқа бір хадисінде былай дейді: «Адамдар бар, намазын оқып бітірген кезде намаз сауабының тек онда бірі жазылады. Кейбіреулеріне тоғызда бірі, сегізде бірі, жетіде бірі, алтыда бірі, бесте бірі, төртте бірі, үште бірі не болмаса жартысы жазылады» (Әбу Дәуіт, Салат 124). Негізінде тадили арканға көңіл бөліп оқылған намаз бен көңіл бөлмей оқылған намаз  арасында көп емес бірнеше минуттық қана айырмашылық бар. Ендеше, атқарылған ғибадаттардың қабыл болуы үшін әрбір намазға тағы да бірнеше минут уақыт қосу керек. Рүкіндерін тиісінше мұқият атқару қажет.


 

Намазды мұқият оқу

Намаздағы қиям және қырағат мүмкіндігінше ұзақ болуы керек. Уақыт және мүмкіндік болса, қырағатты созып, Құран аяттарын көбірек оқыған жөн. Ұзын сүрелерді білмейтіндер қиям мен қырағаты соза түсу үшін  әр рәкатта білетін қысқа сүрелерінің бірнешеуін қосып оқуына болады. Өйткені намазда қаншалықты Құранды көп оқыса, сауабы мен берекеті де соншалықты болмақ. Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) «Қандай намаз анағұрлым артық?» деген сұраққа, «Қиямы ұзақ болған намаз» деп жауап берген (Мүснад, III/312). Қырағат асығыстыққа салынбай баппен оқылуы тиіс. Әріптері мен сөздерін бір-бірімен араластырмай, тура біреуге үйреткендей талдап-талдап оқу керек. Аяттарды оқыған кезде қысқаша мағынасына ой жіберу намаздағы хушуды арттырады. Намазда адам тек алдына, сәжде орнына қарауы керек. Өйткені Пайғамбарымыз (с.а.у.) намазда жан-жаққа көз жүгіртуді шайтанның ол кісінің намазынан әлденені ала қашқанына ұқсатқан (Бұхари, Азан 93). Келесі бір жағынан жамағатқа намаз оқытқан адам тадили арканға анағұрлым көбірек мән беруі қажет. Өйткені имам өз намазымен қатар жамағаттың намазына да жауапты. Сондықтан жауапкершілікті сезіне отырып имамдық қызметін мұқият атқаруы керек.


Әсілі адамның ең маңызды айналысатын ісі намаз болуы керек. Дүниелік істердің көптігі не болмаса қызмет етіп жүгіріп намазды асығыс өтей салу еш дұрыс емес. Қайта бүкіл дүниелік әрі ақыреттік істер намазға қарай жүйеленуі тиіс. Неге десеңіз, «Намаз – діннің тірегі» (Тирмизи, Иман 8); «Исламдағы бес парыздың бірі» (Бұхари, Иман 1); «Күннің белгілі бір уақыттарында мүминдерге парыз етілді» (Ниса сүресі, 103). Қиямет күні пенде ең алғаш осы намаздан сұралады. Бір хадис шәріпте осы мәселе турасында былай делінген: «Қиямет күні адамдардың ең бірінші сұраққа тартылатын амалы – намаз. Алла пендесінің намазы толық я кемдігін байқауды бұйырады. Егер намаздары толық болса, сауабы толық жазылады. Егер (парыз) намаздарында кемдік байқалса, нәпіл намаздарына қарауға бұйырады. Егер нәпіл намаздары болса, солармен парыз намаздарының кемдігі толықтырылады. Осыдан кейін барып құл қалған амалдарынан сұраққа тартылады» (Тирмизи, Салат 306).


Ендеше, адам баласы бар құлшынысын намазға арнауы қажет. Діннің тірегі, ғибадаттардың төресі болған намазды бүкіл рүкіндеріне көңіл бөле отырып, мұқият, шынайы әрі байыппен өз уақытында атқару қажет.

Дереккөз


* Хушу: намазда кішіпейілдікпен көзін жерден алмай тұру, дауысты бәсеңдетіп, дене мүшелерін тыныш ұстау – ауд.

* Худу: ибалылық – ауд.



Оқи отырыңыз