Akikat.kz - рухани танымдық, ғылыми портал

http://akikat.kz

Басты бет > Иман негіздері > Аллаға иман > Себептер, табиғат және «өздігінен бар болу»

Себептер, табиғат және «өздігінен бар болу»

2015-06-17 2710

Себептер мен «кездейсоқтық» ғаламды жарата алмайды

«Кездейсоқтық» – заңдылыққа қайшылықты білдіреді. Заң айқындық пен үнемі жалғасатын қатынасты білдіреді. Заңда – жоспар, бағдарлама, тәртіп пен сабақтастық бар. Ал, «кездейсоқтық» – мәнсіздікті, жүйесіздікті білдіреді. Ғылым түрлері заңдылықтармен айналысады, кездейсоқтықпен үш қайнаса сорпасы қосылмайды. Сондықтан ғылым мен заңдылықтарды кездейсоқтықпен қатар талқылау – үлкен қателік.

Енді тақырыбымызды пысықтау үшін төмендегідей мысал келтіріп, сөзімізді тәмәмдайық.

Бір адамда жүз триллион жасуша (клетка) және әр жасушада бір миллионға жуық протеин бар. Бір протеиннің кездейсоқ пайда болуы үшін 10-ның 160 дәрежесіндей ықтималдылық қажет. Ал ол ықтималдардың бірінің кездейсоқ пайда болуы – тіпті ықтимал дәрежесінде де мүмкін емес.

Әлем өздігінен пайда бола алмайды

Егер бір нәрсенің бар болуы қажеттілік болса, онда оның жоқ болуы мүмкін емес. Оның үстіне бар болуы зәру нәрседен өзгенің болуы тек ықтималға жатады. Ал ықтималдық түсінігі «болуы да, болмауы да тең дәрежеде мүмкін» деген мағынаға келеді. Бар болуы қажетті нәрсе мәңгі-бақи бар болуды қажет етеді. Сөйте тұра, жаратылыстағы көзге көрінетін барлық болмыс сәт сайын көзден ғайып болуға бет алуда. Ендеше, жаратылыста кейіннен пайда болған болмыстардың ешбірінің болуы міндетті емес. Оның бар болуының міндетті еместігі ықтималдықпен пара-пар. Онда әрбір ықтимал нәрсе бір жаратушы күшке тәуелді. Ал сол Жаратушы мен оған мұқтаж болғандарды бірдей қарастыру – бос сандырақ. Демек, бір жаратушыға мұқтаж болмыстарды жаратушының (яғни, күллі болмысты жаратқан) материя болуы мүмкін емес. Оны бар болуы қажеттілік болып табылатын бір жаратушы ғана жарата алады: ол – Аллаһ тағала.


Мәселені басқа бір қырынан алып қарасақ. Әсілі (бұл мүмкін емес жайт болса да) материяны өз-өзін жаратқан бір күш бар делік. Онда ол болмыстардың жарату күші мен қасиеті қазір қайда кеткен? Оның үстіне әйтеуір бір таусылатын күш-қуаттың мәңгілік бола алмайтыны тағы бар. Ендеше, бүкіл болмыс атаулыға ғайыптан үкімін жүргізетін бір жаратушы бар: ол – Аллаһ тағала.


Табиғат және табиғат заңдылықтары жаратушы бола алмайды

Заң мен ол заңды шығарушы бір бола алмайды. Табиғат заңдылықтарын да сол табиғаттың өзі орната алмайды. Бір жағынан, «табиғат өзінде жоқ қасиеттерді басқаларға береді» деу де қисынсыз. Бұған қоса адам бойындағы көптеген сезімдер табиғатта жоқ. Сонда табиғат өзінде жоқ қасиеттерді адам баласына қалай берген? Мұндай бос сөздер ақылға сыя ма? Тас, топырақ, ауа, жылу мен жарықтан тұратын табиғат өзінен асып түсетін болмысты жарата алмайды, ендеше ол қалайша адамды жарата алсын?


Сенімде жеңілдік бар

Әр нәрсені жекелеген нәрселерге бағындыруға қарағанда, барлығын жиып бір нәрсеге бағындыру – әлдеқайда жеңіл.

Бір бөлшектің пайда болуы үшін бүкіл жаратылыс қажет. Демек, бүкіл әлемді жарата алмаған, бір бөлшекті де жарата алмайды. Өйткені жаратылыстың барлық бөлшектері мен элементтерінің арасында тығыз байланыс бар, оларды бір-бірінен ажыратып қарастыруға болмайды.


Басқару тұрғысынан алғанда, бір армияны бір қолбасшыға бағындыру – ең оңай жол. Керісінше, бір жауынгерді армиядағы бүкіл әскерлердің санына тең көп қолбасшыға бағындыру – жұмысты қиындату деген сөз.


«Бүкіл әлемді Аллаһ тағала жаратты» деу мен «бір атомды да жаратқан Сол» деудің арасында ешқандай айырмашылық жоқ. Екі сөйлемнің орнын ауыстырсақ та, тұжырым өзгермейді, яғни бір атомды жаратқан Аллаһ тағала бүкіл әлемді де жоқтан бар еткен. Демек, жаратылысы тұрғысынан атом мен ғаламшардың, тамшы мен теңіздің, бөлшек пен бүтіннің арасында ешбір айырмашылық жоқ. Ғаламшарды жарата алмаған – атомға, теңізді жарата алмаған – тамшыға, бүтінді жарата алмаған – бөлшекке билік жүргізе алмайды.

Иман аясында кітабынан



Оқи отырыңыз