Akikat.kz - рухани танымдық, ғылыми портал

http://akikat.kz

Басты бет > Иман негіздері > Ақырет ақиқаты > Қайта тірілу ...

Қайта тірілу ...

2015-06-17 2349

Махшәр – адам баласының әрі рухымен, әрі тәнімен тірілетін жері. Құран Кәрім осы тақырыпты баяндаған кезде жеке-жеке көріністермен бізге осылай суреттейді. Рухтың маңызы артқан жерде рух, тәннің маңызы артқан жерде тән айтылады:

«Ей, жаны жай тапқан нәпсі! Сен Аллаһқа разы болып, Аллаһ та саған разы болған күйде Раббыңа қайт! (Салиқалы) құлдарымның қатарына қосыл! Жәннатыма кір!»[1] – деген кезде тек қана рухтың Аллаһ Тағалаға қайта оралатынын айтады. Бірақ, жалпы қиямет көріністері суреттелгенде, көктем, ағаштар, жанды-жансыз барлық нәрселерге мысал берілгенде болмыстар мен тәндердің қайта тірілетінін хабарлайды.


Біз бұл жерде осы мәселелер жайында талас айтып, екі түрлі көзқарасқа ие болғандардың дәлелдерін баяндағалы отырған жоқпыз. Мұсылман ғұламаларының арасында бір-екі адам «Хашір тек қана рухтарға тән» десе де, ғұламалардың көпшілігі рух пен тәннің бірге хашір етілетініне сенімді. Сонымен қатар, денедегі атомдардың бәрі қайта тіріле ме, әлде, адам баласының тұқымы іспетті негізгі атомдар қайта тіріле ме деген мәселелерді де егжей-тегжейлі қарастырғалы отырғанымыз жоқ. Бұл тақырыпта Имам Ғазали мен Имам Фахрәддин әр-Рази екеуі екі түрлі көзқарас білдірген. Біз хашірдің ақиқатына Құран мен хадистердің баяндауы бойынша сеніп, мәселенің бізге қатысты емес жағын Аллаһ Тағаланың іліміне ұсынамыз.


Жәннат пен тозақ – екі маңызды нәтиже. Хақ Тағаланың есімдері мен сипаттары екеуінің де болғанын керек етеді. Мұсылмандар үшін жәннат пен тозақтың екеуі де Аллаһтың рақымдылығы болып саналады. Рахман сүресіндегі:


«Сендерді (қиямет күні) қызу оттың жалыны мен түтіні орап алады. Сендер одан өздеріңді қорғай алмайсыңдар. Енді Раббыларыңның қай нығметін өтірік дей аласыңдар?»[2] – деген аяттар бізге осыны білдіреді. Олардың үстіне атом бомбасының жарылысынан пайда болған немесе күннің ортасындағы ыстық температурадан кем түспейтін қорқынышты оттар тасталады. Міне, Құран осындай оттардың тасталғанынан кейін артынан адам мен жындардан «Раббыңыздың қай нығметтерін өтірікке шығарасыңдар?» – деп сұрайды. Бұл жерде меңзелетін нығмет – қай нығмет? Тозақ бүкіл қорқынышты көрінісімен адамның көңіліне бір үрей туғызып, мұсылманның өмірін реттеу үшін ойға қалдыратын болса, міне, бұл – ол үшін нығмет.


Жәннат терең ойлы адамдарды биік шыңдарға жетелеу-ге себеп болғаны секілді, тозақ та кәмілдікке жете алмаған адамдардың тозақтан қорқу арқылы өмірлерін қайта реттеу-леріне бірден-бір себеп. Иә, тозақ – қаупі мен қатері көп жолдағы жалындаған от сияқты. Ол осы жолды жағалайтын адамдарды алдын-ала сақтандырады. Жәннат – түп-түзу жолға жайылған дастарқан секілді. Адамдарды сол жолға шақырады. Осылайша екеуі де нәтиженің соңы қалай болатынын байыптай алатын адамға жеке-жеке нығмет болып саналады.


Жәннат пен тозақ ақиқатын Құран Кәрім шамамен бір жүз жиырма жерінде қарастырады. Кей жерлерінде жалпылама, я болмаса егжей-тегжейлі баяндайды. Осы баяндамаларында жәннатты да, тозақты да суреттегенде рух пен дененің бірлігін де меңзейді. Жәннатқа кірген адамның жүзіне қуаныш ұялайды, бұл – адамның рухының қуанышқа кенелгенінің белгісі. Бір жағынан, ол жерде жаны қалаған әр түрлі тағамдар мен сусындар дайын тұрады. Осы өмірдегі жұбайларымен бірге сансыз хор қыздары айналасын қоршап жүреді. Бұл – денеге арналған нығметтердің тізбегі.


Тозақ тұрғындарының өкініштері, ар-ождандарын қан жылатып, жан күйзелткен қиналыстары адамның рухани жағына қатысты болса, олардың алаулаған оттың ішіне кіруі, күйген терілерінің орнына азаптарының жаңалануы үшін дереу қайтадан тері пайда болуы және дене мүшелерінің оларға қарсы куәгерлік етуі сияқты мәселелер толығымен денеге қатысты азап түрлері болып табылады.


Біздің осы тақырып төңірегінде жәннат пен тозақ жайлы айтқандарымыздың бәрі тек қана рух пен дененің бірлігі жайында Құран Кәрімнің меңзегендеріне назар аударту үшін ғана. Әйтпесе, бұл тақырыптың ауқымы өте кең, жеке басына зерттелетін дүние.

Ақырет ақиқатына сенім кітабынан


[1]   Фәжр сүресі, 89/27-30.

[2]    Рахман сүресі, 55/35-36.



Оқи отырыңыз